- •1. Жеке тұлға азаматтық құқықтың субъектісі
- •1.1. Азаматтардың құқық қабілеттілігі
- •1.2. Азаматтардың әрекет қабілеттілігі
- •2.1. Заңды тұлғалардың түрлері
- •3. Мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөлініс азаматтық құқық субъектілері ретіндегі ерекшеліктері
- •3.1. Мемлекет сыртқы сауда айналымындағы азаматтық құқықтың субъектісі
- •Қорытынды
- •Қолданылған әдебиеттер тізімі
2.1. Заңды тұлғалардың түрлері
Азаматтық кодекс Заңды тұлғаларды төмендегідей түрлерге бөледі: коммерциялық және коммерциялық емес.
Коммерциялық заңды тұлғаны пайда табуды көздейтін ұйым десек қателеспейміз. Кіріс түсіру мақсаты болып табылмайтын және алынған таза кірісті қатысушылар арасында бөлінбейтін заңды тұлға коммерциялық емес ұйым деп танылады ("Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабы).
Осындай саралау заңды тұлғалар түрінің әрқайсысын ерекше құқықтық тәртіпке бағындырады. Азаматтық кодекстің 34-бабының 2-тармағына сәйкес коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттік кәсіпорын, шаруашылық серіктестік, акционерлік қоғам, өндірістік кооператив нысандарында құрыла алады.
Коммерциялық емес ұйым заңды тұлға ретіңде мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативі, қор, діни бірлестік, қауымдастық одақ нысанындағы заңды тұлғалардың бірлестігі және заң актілерінде көрсетілген өзге де нысанда құрылуы мүмкін. Коммерциялық емес ұйымдар туралы заң бойынша: 1) коммерциялық емес ұйымның өзінің жарғылық мақсаттарына сәйкес келетіндей ғана кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады; 2) жекелеген ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдардың кәсіпкерлік қызметіне Қазақстан Республикасының заң актілерінде шектеулер қойылуы мүмкін; 3) коммерциялық; емес ұйым кәсіпкерлік қызметі бойынша кірістер мен шығыстардың есебін жүргізеді; 4) коммерциялық емес ұйымдардың кәсіпкерлік қызметіне салық салу Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады; 5) коммерциялық емес ұйымдардың кәсіпкерлік қызметінен алынатын кірістерді коммерциялық емес ұйымдардың мүшелері (қатысушылары) арасында бөлісуге болмайды. Ол жарғылық мақсаттарға жұмсалады. Қоғамдық және діни бірлестіктердің, қорлардың өз қаражаттарын қайырымдылық мақсаттарға пайдалануына жол беріледі.
Құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздері құрған заңды тұлғалардың мүлкіне құқықтары:
а) құрылтайшыға (қатысушыға) заттық құқығы жататын;
ә) құрылтайшыға (қатысушыға) міндеттемелік құқығы жататын;
б) құрылтайшыға (қатысушыға) мүліктік құқығы жатпайтын заңды тұлғаларға бөлінеді.
Заңды тұлғаның мүлкіне өз құрылтайшылары меншік құқығын немесе өзге заттық құқығын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық жүргізу құқығында немесе оралымды басқару құқығында мүлкі бар ұйымдар жататын болғандықтан мұның өзі құрылтайшының заттық құқықты иеленетінін білдіреді. Мүлкіне өз қатысушылары (құрылтайшылары) міндеттемелік құқықтарын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық серіктестіктер, акционерлік қоғамдар мен өндірістік кооперативтер жатады. Шаруашылық серіктестіктерінің мүлікке меншік құқығы болғандықтан қатысушылар бұл мүлікке міндеттемелік құқыққа (жарғылық капиталындағы үлесіне қарамастан) ие болады.
Мүлкіне өз құрылтайшылары (қатысушылары) мүліктік құқықтарын сақтамайтын заңды тұлғаларға қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық қорлар және діни бірлестіктер жатады (АК-тің 36-бабының 4-тармағы). Жоғарыда айтқанымыздай, Азаматтық кодекс коммерциялық емес ұйым болып табылатын мекеме, қоғамдық бірлестік, тұтынушылар кооперативі, қоғамдық қор, діни бірлестікті де құруға жол ашады. Бірақ бұл тізіммен шектеліп қалуға болмайды, себебі "коммерциялық, емес ұйым" заң құжаттарында көзделген өзге де нысандарда құрылуы мүмкін (АК-тің 34-бабының 3-тармағы).
