- •6М011400 «Тарих» мамандығы
- •6М011400 «Тарих» мамандығы
- •Алматы, 2017 Мазмұны
- •1. XX ғасырдың 30 жылдарындағы Адай көтерілісінің тарихи алғышарттары....................................................................................................12-29
- •2. Кеңес үкіметінің Маңғыстауда жүргізген отарлау саясаты және оған қарсы халықтың наразылығы........................................................................30-61
- •3. Маңғыстау өңіріндегі Кеңес өкіметінің тоталитарлық саясатына қарсы халықтың қарсылығы.....................................................................................62-79
- •Белгілеулер мен қысқартулар
- •1. XX ғасырдың 30 жылдарындағы Адай көтерілісінің тарихи алғышарттары
- •1.1. Көтеріліс қарсаңындағы Маңғыстау өңірінің қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық жағдайы
- •1.2.Маңғыстау өңіріндегі 1920-1930 жылдардағы жұт және оның салдары.
- •2. Кеңес үкіметінің Маңғыстауда жүргізген отарлау саясаты және оған қарсы халықтың наразылығы
- •2.1. Жергілікті билік органдарының мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы қызметі
- •2.2. Кеңестік отарлауға қарсы халықтың наразылығы
- •3. Маңғыстау өңіріндегі Кеңес өкіметінің тоталитарлық
- •3.1. 1920 Жылдардың аяғындағы Маңғыстаудағы бас көтерулер
- •3.2. 1930 Жылдардағы Адай көтерілісі.
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиет тізімі
1.2.Маңғыстау өңіріндегі 1920-1930 жылдардағы жұт және оның салдары.
Маңғыстау өңірінің халқы 1920-1930 жылдар аралығында бірнеше рет жұттың ауыр соққыларына ұшырап отырды. Әуелі 1921 жылғы «Мешінде», содан 1924 жылғы «Доңызда» және 1927-1928 жылдары болған «Ақ қоян" жұтында. Осы соңғы жұт кезінде халық малының 80-90 %-нан айырылды.
«Ақ қоян» жұты 1926 және 1927 жылдарда болған құрғақшылықтың тікелей салдары болып табылады. Оның үстіне жаз мезгілінде шөпті зиянкес жәндіктердің отауы, күзде жер-жерде, мысалы Қаратөрткіл мен Бозашыда оба ошақтарының пайда болуы «жығылғанға жұдырық» болды. Обадан барлығы 59 адам мерт болған. Індетке қарсы шаралар аясында Қызылордадан, Саратовтағы обаға қарсы күрес жүргізу орталығынан дәрігер мамандар шақырылды. Уезд аймағында қатаң карантин режимі енгізілді. Бұл уақытта уездік ревкомды басқарған Ә.Нахымжанның басшылығымен комсомол мүшелерінен белсенділер тобы құрылып, милиция қарамағына берілді. Олардың бекітілген ережеге сай ішкі тәртіпті сақтай әрекет етуінің арқасында ғана індеттің таралуына жол берілмеді.
Округтік жер бөлімінің бастығы Ахмедов орталыққа берген «Округтегі ауыл шаруашылығының 1926-1927 жылдардағы жалпы жағдайы туралы» деген жылдық есебіне көңіл аударсақ: «Көктем мен жазғы құрғақшылық, малдың қыс түспей-ақ қырыла бастауы жұт қаупінің төніп келе жатқанын аңғартады. Округтегі 28 мың 622 шаруашылықтың 12 мың 532-сі жұтқа ұшырауы мүмкін. Бұлардағы ірі қара малдың саны – 24 мың 252, уақ мал – 100 мың 778[8,54 б.].
Округтік жер бөлімінің алдағы 1927-1928 жылдың қысына жоспарлаған шаралары өзгеріссіз қалды. Аталған жоспар бойынша 1 010 968 пұт пішен дайындалып, халыққа азық-түлікке 186 мың 925 сом бөлінуі қарастырылған болатын. Қайтарылмайтын несие қажеттілігі де көрсетілді.
Ахмедов республиканың ХКК-не, Жер-су халық комиссариатына да арнайы жеделхат жолдайды. Онда: «Үлкен жұт қаупі бар. Тез арада азық-түлік, жемшөп жеткізіп алуымыз керек. Жергілікті бюджетте, кооперацияда қаржы жоқ. Үкімет көмегі қажет. Қазір аптасына екі рет кеме қатынап тұр, Хасав-Юрттан жемшөп жеткізіп алмаса – мал аштан қырылады...», - деп ескертеді.
Табиғат жағдайлары 1927 жылдың күзінен бастап-ақ қаталдығымен көрінді. Қарашаның аяғында Маңғыстауда алапат борандар басталды. Бұл орайда жергілікті билік пен өкімет жан-жаққа көмек сұраған жеделхаттарды үсті-үстіне жіберіп жатты: Қызылордаға – ОАК-не, Халық комиссарлар кеңесіне, Өлкелік партия комитетіне, Жер-су комиссариатына, шикізат дайындау басқармасына; Орал мен Гурьевке; Ойыл мен Жылыойға; Баку мен Махачкалаға; Красноводск пен Ялтаға; Астрахань мен Мәскеуге. Болатын жерлердің барлығына жіберілді.
Олар мынаны баяндайды: «...22-23 күні қатты боран болды. Мал қырылып жатыр. Сүйекші мен Қаратөбе арасында бұрын-соңды болмаған қар түсті. Көмек бере алмай отырмыз. Метеорологтар ауа-райының одар әрі бұзылатынын айтады...
...Боран күшейе түсуде. Теңізде күшті дауыл. Балықшылар апатқа ұрынып жатыр. Қайықтар қирады, адамдарын құтқара алмадық. Ең жақын деген Гурьев пен Астраханнан Фортқа кемелер жете алмай жатыр...
...Жағдай аса қиын. Қаржы жоқ. Адам өлімі бар. Жан-жақтан көмек сұраймыз. Баку арнайы пароходпен жарты бәсіне жемшөп жеткізсеңіз...
...Петровскіден келген кеме мұз құрсауынан қорқып, жүгін түсірместен қайтып кетті...».
Сыдиық Жұбайұлы Форттағы үкіметтің атынан республика орталығына жеделхат жолдау арқылы 10 мың үйдің 3 айға Түрікменстанға көшуіне рұқсат сұрайды. «Мәселені Красноводск шеше алмайды, Ашхабад пен Қазақ республикасының келісімі керек. Сондағы Красноводск пен Қарабұғаздағы қазақтарға нан бөлінсін.
Түрікменстан тыныш емес. 300 адамы бар Жөнейт хан қолы ел берекесін алып тұр. Екі түрікмен Юсуп Бекжанов (руы жафарбай) пен Дұрды Қылыш Дұрдиевтан (руы бәлке) екі жақты, қазақтар мен түрікмендерді татуластыруын сұрадым. Олар келісімдерін берді. Елден салық жинай алмаймыз. Жағдайсыз. Ащығала, Сиыршы жерлерінде құдық жоқ. Адамдар үсіп өліп жатыр. 1910 жылы осындай жұтта Жармыш, Форт-Александровск, Қаратөбе, Александр-Байда тамақтану пункттері ашылған-ды.
Қолда қазір Шебірге дейінгі дерек бар. Мыңғырған малы бар атақты байлар Насуха мен Сатыбалды да ештеңе қалмаған. Әлмембет байдың ауылында адам өлімі көп, малдың өлексесінен аяқ алып жүргісіз...Мінерге көлік жоқ. Ел жұмыс іздеп, жаяу шұбырып жүр», - деп мүшкіл ахуалды суреттеп береді [19, 1.].
Келесі хат төтенше түрде Форт-Александровскіден Мәскеудегі орталыққа жіберілген: «...Москва. РСФСР сауда халкомына. Бұрын-соңды болмаған қатаң қыс болып тұр. Мал қырылып жатыр. Ешқайда өткізе алмай отырмыз. Іргелес Әзірбайжан, Дағыстан республикалары сатып алудан бас тартты. Халық ашыға бастады. Шұғыл көмек керек!».
1928 жылы 19 наурыздағы Қызылордаға жіберілген жеделхат келесідей:
«Боран әлі тынған жоқ. Сүйектен өткен қатты аяз малдың қалғанын отап жатыр. Енді мал емес адамдарды аштық тырнағынан арашалаудың амалдарын іздестіріп жатырмыз. Тамақтандыру пункттерін шұғыл ашу керек. Форттың маңы мұз құрсауынан босады. Кемелердің келуіне мүмкіндік туды...»
«Наркомторг уәделі 25 вагон астықты жеткізбей отыр...Дағыстаннан астық келмей жатыр».
«...Қалада үн жоқ... Совкрайторг үнсіз жатыр...»
«...Форттың көшесін малдың өлексесі басып кетті. Қар еріген соң қарғын сумен келген өлексе қала көшелеріне тоғытылуда. Күн ысыса қалада жұқпалы дерттің тарау қаупі бар...»
«Қалада аш балалар қаптап кетті...»
Осы тектес хабарлар сол кездегі жергілікті сипаттағы хаттардың негізгі мазмұнын құрады.
Адай округінің өкілдері Қызылорда, Гурьев, Махачкала, Красноводск, Ялта, Мәскеу, Астрахан т.б. қалаларда іссапарлармен болып, қаражат пен азық-түлік көмегін іздестірді.
1928 жылы сәуірдің басында Қызылордада Қазақ Атқару комитетінің ІІІ сессиясы шақырылды. Оған Маңғыстаудан екі өкіл барған. Бұл жайтты анықтай түсетін, қосымша мән беретін мәліметтерге зер салсақ: «Радиохат. Қызыл орда БКП(б), көшірмесі Қазақ Халық Комиссарлар кеңесіне: Бозашы ауданына жұтқа ұшыраған 3000 үйдің адамдары Фортқа беттеп келеді. Жолшыбай 13 адамның аштан өлгенін естідік. Фортта қаржы жоқ. Жоғарыда айтылған қалың нөпір келе қалса, беретін нан жоқ. Біздің өкілдеріміз Қилыбаев пен Игенов арқылы беріп жібергін жұт жөніндегі есебімізді шұғыл түрде қарауыңызды сұраймыз. Аштарға көмек үшін бөлінген 50 мың тез жіберілсе... Сауда халкомының бізге жіберетін нан өнімдерін көбейтуге ықпал етіңіздер... Нәтижесін шұғыл телеграммамен беріңіздер. Округтік партия комитеті – Омаров, Атқару комитеті – Сарқожаев.
17 сәуір. Қызылорда. Қилыбаев пен Игеновке. Фортты аштар қаптады... Осыған дейін 6 жеделхат жібердік, бәрі жауапсыз... Жауапты тездетіңдер! Ең бастысы – ұн!
19 сәуір. Соңғы бес күнде қалаға 614 адам келді...»[12,7].
21 сәуірде бұл хаттарға жауап ретінде қаржы халкомы Носов телеграммамен 50 мың 300 сомның аударылғанын хабарлады.
Күз бен қыс бойында қарлы боран құрсауында жан-жақпен және өзара байланыссыз, хабар-ошарсыз қалған халық тек көктем келісімен ғана ес жиып, бір-бірінен хал-жағдай сұрасуға мүмкіндік алды. Солай 1928 жылдың 10 наурызында Форт-Александровскіде Адай округі бойынша жұтта шығын болған мал мен елдегі жағдайды анықтау үшін халық өкілдерінің жиналысы өтті, онда арнайы құрылған комиссия жекелеген аудандар бойынша жағдайды баяндады. Жиналысқа қатысқан округ басшыларынан О.Дауылов, Қ.Құлшаров, Черненко және болыс ревкомдарының төрағалары Тәжиев (Жеменей болысынан), Қаленов (1-Бозашы), Аралов (1-Маңғышлақ), Жалғасов (2-Маңғышлақ), Шыржанов (6-Адай), Өтебаев (1-Бозашы), Қожақметов (Жеменей), Сатиев (Түпқараған), Айтуаров (7-Адай), Жантуаров (2-Маңғышлақ), Шманов (3-ші ауданның милиция бастығы), Маймақов, Томалақов, Қылышов (7-Адай), Нұрбаев (Келімберді), Нәдірбаев (4-ші ауданның милиция бастығы) қатысты[8,57 б.].
Олардың жасаған баяндамаларына тоқталайық:
Шманов: «Мен соңғы соққан боранның 14 күнін Бозашы түбегінде өткіздім. Қар қалың жауды, осы қардан кейін халықтың аз да болса мал ұстап қаламыз ба деген үміті үзілді. Оған отын тапшылығы ұласты. 3-4 қожалық бір үйді паналап, босаған үйдің ағаштарын жағуға кірісті. Шұбырындыларға қаладан жағдай жасаймыз демей, сол жергілікті жерінде шаралар ұйымдастырған жөн. Бұл өңірге көмекті тек теңіз арқылы Жандауыр, Құлметенге жеткізудің шарасын алу қажет. Менің есебім бойынша бұл аумақтағы мал шығыны 90 пайыздан асады».
Маймақов: «Бозашының ең алыс түкпірінен, Жиделі жерінен отбасымен Самалықов келді. Оның айтуынша, соңғы соққан боранға дейін-ақ түйеден басқа, оның өзі де үй сайын 2-3-тің шамасы қалып, ұсақ мал атаулы бітті. Халық арасында аштық басталды... Ұзақбай, Сатыбалды, Насуха меншігіндегі мыңдаған қой, жүздеген жылқы мен түйеден тек 100 қой қалыпты. Менің есебім бойынша Бозашыда 5 пайыздан аспайтын мал ғана қалды».
Тәжиев: «Мен алғашқы боранмен Сам жерінде қараша айында кезіктім. Алғашқы түскен қардың қалыңдығы соншалық, атпен жүрудің өзі қиын болды, жылқылар боран басталысымен ығып кетті... Фортқа соғып, Жаңаша-Тереңшеге, Тау ауданына келдім. Тау ауданында түйе біткен әлдеқашан таусылған, жылқы да солай, аздаған ұсақ мал қалған. ...Кеше ғана Үстірттің Ақбұлақ жерінен 1-Боққара ауылының ауылдық ревком төрағасы келді. Теңіз жағалай тау бөктерлеп отырған ауылдарда мал қалмаған, суықтан өлген адамдар бар. Бұл өңірдегі мал шығыны 100 пайызды құрайды. 1910-1911 жылмен салыстыруға болмайды, мына жұттың түрі жаман».
Қожақметов: «Үстірттің Ақбұлақ жерінде Жеменей болысынан 39 үй бар. Бір пайыз да мал қалмаған, адам шығындары да аз емес».
Шыржанов: «Мен Сағыздан қараша айындағы қарлы боранда жүрудің мүмкіндігі болмағандықтан Құлбас мешітін 15 күн паналадым. Біраз күннен кейін Шиланды, Ырғызбай арқылы Самға келдім. Адам өлімі бар. Малдың шығыны 80 пайыз шамасында»[13,14].
Қылышов: «Қарлы боранды Есен-Қазақ жерінде кездестіріп, малды ойға айдаудың қиындығы болды. Соған қарамастан атан, нарларға астаулар сүйрету арқылы жол ашып 14-15 күн дегенде Маңғышлаққа да жеттік. Болыс ауылдарынан көпшілігі оңтүстікке қарай Қарабұғаз кетті де, аз малдары барлар Кендірліні бетке алып көшті. Малдың 80 пайызы шығын болды».
Айтуаров: «Маңғыстау ойына 17 күн жүріп, Бөрібас құлауы арқылы зорға жеттік. Жылқы малдан Үстірт үстінде толық айырылдық... барлық малдың 70 пайызы шығын болды. Адамдардың аштықтан, әртүрлі аурулардан өлімдері бар».
Сатиев: «Қарлы боран Манашыға таяу Сартөбе жерінде соқты. Болыстағы ең дәулетті Тілемістің боранның алғашқы күні-ақ жылқылары түгелдей жоқ болды, көп үй аз ғана малынан толық айырылса, ауқаттылары 70 пайыздай айырылды».
Нұрбаев: «Мен 1 наурыз күні Фортқа келдім. Біздің ауыл бірінші боранды Қарақұм жерінде өткіздік. Қар қалың жауды. Малдың жайылу мүмкіндігі аз болды. Жылқылар бірден жоғалып кетті. Ауылдардың көпшілігі бірінші боранға дейін Үстірт арқылы ойға көшіп, кейбіреулері Күйкен, Ақбұлақтан аса алмады. Бұл жерде Жеменей, 1-Бозашы, Түпқараған, Әли-Бәйімбет ауылдарымен бірге қозғалып, бірқатары Темір-Тапқан-Байтақ арқылы, мұз арқылы Бозашыдан шықты. Тек қой малының 10 пайыздайы қалды».
Аралов: «Жазда қоныстың болмауынан мал арық болыпты, түйелердің өздері күзге қарай шөге бастады. Алғашқы қар аралас дүлей соққан бораннан жылқы малдары ығып, үйірлерден адасып көбі өле бастады. Теңіздің терістік жағалауын қоныс еткен Сарбас байдың қаңтар айында 4 мың қойынан 150-і ғана қалды.
Дауылбаев: «Малшы, мен Форттан 35-40 верст жерде тұрамын. 14-15 күн бойы, көз қаратпайтын бораннан түйе, жылқы малдары түгелдей қырылды. Аздаған ғана қой малы қалыпты. Көрші малшы ауылдары малдарынан толықтай қырылған. Отын үшін киіз үйдің ағашын жақтық...».
Нәдірбаев: «Қараша айындағы боран кезінде Оймауыт жерінде болатынмын. Малшылар оңтүстік бетке көше бастады. Арал теңізіне таяу Тоқсанбай жеріне келе бергенде екінші рет қар жауып, атты адамның үзеңгісін қағатын қармен ілгерілей бердік... жылқының 80, қойдың 40, түйенің 50 пайызы шығын болды...»
Үстірт-Қарақұм аудандық атқару комитетінің есебіне сәйкес жұтқа дейін аудандағы бір ауылдың 600 үйіне орта есеппен 3 түйе, 30 қой, 1-2 сиыр мен аттан келсе, жұттан кейін әр үйге 2 қой, 1 түйеден келген. Қыс ішінде ауылда 47 адам үсіп өлген [8, 59 б.].
Маңғыстаудың шежіреші қарттарының бірі, партия-кеңес орындарында қызметкер болған Қани Аманғалиев өз басынан өткен оқиғаларды былай баяндайды: «Әкем Нұрмағамбетов Аманғали 1894 жылы туған, Үстірттің теңіз жағасындағы Қызылтаста Жанғали деген інісімен бірге аңшылық, балықшылықпен кәсіп етіп күн көрген. 1927-1928 жылдың жұтында біраз малымыздан айырылдық. Содан бас ала алмай жатқанда ұжымдастыру науқаны күшпен жүргізіліп, шал ал десе, бас алатын қызыл белсенділер қалған малды алды. Шынын айту керек, малы көп байлар қорасын босатқанмен, бірқатары қоржындарын босатпай, оңтүстік бетке Түрікмен жеріне, арысы Ауған, Иран елдеріне асып кетті. Ал әуелден малға жүдеу топ одан сайын қиындықтың керуеніне ілесті. Сонымен бір түнде біздің ауыл да көшті... Күн демей, түн асып жүріп келеміз. Сонда көргенімді еске алсам, төбе шашым тік тұрады. Көш жолының бойы адам өліктері, тіпті кейде бұта басында жалбыраған киімдер... Сол жүріспен көшіміз Бесқала асатын Қасқажолға да жеттік. Онсыз да сүйектері сіңірлеріне ілініп келе жатқан босқындарды кері қайырудың өзі де нағыз террордың бір түрі емес пе?! Мылтық астымен кері қарай бостық. ...Жол азықтарымыз таусылды, кезіккен шөп-шөңгенің тамырын сорып, арам-адалдығына қарамастан көрінгенді талғау етіп, Ақтөбенің Оймауыт, Ақтан деген жерлеріндегі ұжымдасып жатқан ел шетіне келіп жеттік.
Әкем әуелден шымыр, ескіше сауаты бар, билік те айта қоятын кісі еді. Осы қасиеттерін байқаған ұжымдастар оны ұжымның төраға орынбасары етіп сайлады. Ол ұжымдағы алысқа төзімді деген атан, нарлардан керуен түзеп, 5-6 жігітке бас болып, 15 түйемен елге астық әкеліп таратты. Қыс аяқталмай азғана астық ызғындай елге не болсын, халық аштыққа ұшырай бастады. Атам Нұрмағамбет сол Оймауыт жерінде дүние салып, сонда топырақ бұйырды. Жазғытұрым туған елді аңсаған әкем қолда қалған бір түйе, бір есекке қос-қолаңымызды артып, туған жеріміз Айрақты қайдасың деп бет алдық. Жол бойында баяғыдай ауыл көрінбейді, жалғыз-жарым үйлердің өзі де бос қалған, адамдары босып кеткен. Отырғандары тек шықпа жаным, шықпа дегеннің кейпінде... Отқа тышқан көміп жеп отырғанды көрдік...
Атақоныс Қызылтасымызға әрең жеттік. Әкем баяғыша азынаулақ балығын аулады, есін жиып, аңға да шықты, күнелтіске кезігіп, туған жерімізге оралып мәз болдық... Бұл қуанышымыз ұзаққа бармады...Бір түнде жағадағы қайығымыз қара жерге шығып, теңіз алысқа кетті және сағат сайын алыстай берді...тағы да жұтқа ұшырадық...» [20, 60 б.].
Форт-Александровскіде аштарды есепке алып, азық-түлік үлесін белгілеу үшін ерекше комиссия құрылды. Оның құрамына аудандық атқару комитетінің төрағасы бастаған бес адам – атком өкілі, кооперациядан, «Қосшыдан» және «Жұтпен күрес» бюросының жетекшісі, республика орталығынан келген дәрігер М.Ниязов кірді. Тамақпен қамту кооперацияға тапсырылды. Комиссия күн сайын мәжіліс өкізіп, қолда бар көмекті аштарға тең үлестіріп отырады. Мысалы, комиссияның 20 мамырдағы отырысында азық-түлік үлесін алмаған 108 отбасы, яғни 462 адам қалған, оларға қолда бар астықты қалай бөлу керектігі мәселесі қаралады. Әр адамға 1,5 фунттан бөліп, қорды 10 күнге жеткізуге ұйғарым болды [21, 4].
Ақшалай «Казторг», «Казшерсть» көмектескен. «Казшерсть» қарызға 25 мың, «Казсельхозбанк» желтоқсанда – 50 мың, ақпанда 25 мың сом бөліп, оған жемшөп, азық алынған, 56 мың 184 пұт астық жеткізілген. Іргелес Жылыой ауданы 14 мың пұт шөп, 800 пұт ұн берген [22, 3].
Жергілікті басшылық ашыққандарға көмек ретінде Қазақ ОАК мен ел үкіметінің атынан Красноводскіге, Ашхабадқа Түрікмен ХКК-не хат жолдап, жұтқа байланысты республиканың солтүстігіне адайлардың қыстап шығуына рұқсат беруін сұрады. Малдан ада болған аштарға Түрікменстанның Мерв, Байрамалы, Таджен қалаларында уақытша тұруға және оларға кеңес, кооперация ұйымдарының көмек көрсетуі сұралып, куәліктер беріледі. Бір құжаттың өзінде 139 адамға рұқсат куәлік берілген [23, 129].
Жұтпен күрес жөніндегі жергілікті комиссияның 1928 жылдың 16 маусымында Форт-Александровскіде жиналысқа қатысқан он болыс өкілдерінің өткізген кезекті отырысының хаттамасы біраз мәліметтер береді. Ол бойынша комиссия 1-Бозашы болысынан келген болыстық атком мен хатшысы А.Өтебаев, Ә.Елтілеуов (1320 қожалық), 2-Бозашы болысынан Шманов, Бектұрғанов, 3-Бозашы болысынан болыстық атком төрағасы Досмолдаев, хатшысы Қожықов, «Қосшы» одағының төрағасы Озғамбаев, 1-Түрікмен-Адай болысынан Байтешев (900 қожалық бар), 4-Бозашы болысынан Раев Назарбек (1200 қожалық), 7-Адай болысынан Айтуаров, Амандықов (788 қожалық), Түпқараған болысынан Ұшқамбаев Отаралы, Исаев Нұрберген (1900 қожалық), 2-Маңғышлақ болысынан Арықбаев Тәжі (1915 қожалық), Келімберді болысынан Алданов (600 қожалық), Жеменей болысынан Қырымқұл Түкішев (2000 қожалық), Маңғышлақ болысынан Кенжебаев Әбдір (1775 отбасы) т.б. өкілдерді тыңдап, жағдайды талықылай келе, Бозашыдағы 4678 үй – 95 пайыз, Қарақұмдағы 2740 үй – 90 пайыз, Александр-Байдағы 4145 үй – 80 пайыз жұтағанын растап, қаулы қабылдайды. Жұтаған үш ауданның 8965 үйінің күнкөріс көзі мүлде жоқ. Еңбекке жарамды адамы жоқ отбасының саны округ бойынша 2 мыңдай деп қорытынды шығарады [24, 57.].
Жұттың зардаптарын зерттеуге орталықтан арнайы комиссия да шақырылды. Оның құрамында Қызыл крест ұйымының Өлкелік бөлімінің төрағасы, Өлкелік Халық шаруашылығы комиссариатының өкілі А.Ниязов болды. Ол 25-ші маусымда былай деп хабарлады: «...Аштықтан босып Форт-Александровск қаласына даладан келген отбасылардың саны 700-ге жетті. Оларға күнделікті есеппен беріліп отырған жүгері ұнының да бітуі жақын. Даладан келушілер толассыз. Келушілер арасында ішек-сүзек ауруы шығып жатыр. Қосымша қаражат бөлу шарасын алуды сұраймын».
Сонымен қатар А.Ниязов қалыптасқан жағдай жайында Қазақ ХКК-не есеп жолдаған, одан алынған үзінді бізге келесіні баяндайды: «Қазір Маңғыстауда жұтқа ұшырамаған бірде-бір үй жоқ...
Қазір денсаулық сақтау Халық Комиссариаты табиғат зұлматы мен түрлі індеттің қосарлана жүретінін ескеріп, екі дәрігерлік тексеру отрядын жіберді. Отряд мүшелері Фортқа 28 мамыр күні толық жетті. Жергілікті ократкоммен келісіле отырып, бір отряд қалада қалып, мұнда келген және әлі де келіп жатқан аштарды қарауға алды. Екінші отряд жұтқа қатты ұшыраған Бозашыға аттанды. Жолдың қиындығына байланысты бұл отрядтың жартысын қиырлықпен, қалғанын теңіз арқылы жіберуге тура келді.
Шебірге 7 күн жүріп жеткен отряд онда үш апта болады. Бозашыда ел қалмаған. Отряд сосын Қаратау бойына ауысып, тұрғындарға көмек жасады. Олар далада 3 ай болды. 1008 науқасты қабылдады. 3911 адам дәрігерлік тексеруден өтті[14,5].
Фортта күн жылығасын іш ауруы көбейді. Аш адамдар қолына не түссе соны жеген. Әсіресе балалар үшін қиын болды, олардың арасында өлім бар. Фортта екі аурухана ашылды... Жалпы саны 9582 адам қаралды.
Эпидемологиялық аурудың тарамауына қатаң бақылау қойылды. Дәрігерлер қабылдаудан бос уақытында аштар орналасқан үйлерді аралады. Түсінік жұмыстарын жүргізді...
Округ орталығының Ойылға көшуіне байланысты беріліп келген жарытусыз азық үлесі – 50-10 фунт жүгері ұны да тыйылып қалды. Қатық бұлақ көлінен тұз өндіру тоқтады. Фортта басқа табыс көзі жоқ. Ойылға кеткісі келетіндерге көлік болмады.
Мен Денсаулық Халық Комиссариатына әлденеше рет жеделхат жіберуге мәжбүр болдым. Адамдарды құтқарудың бірден-бір жолы тамақтандыру пункттерін ашу. Форт жағдайында асхана ашу қиын. Жабдық алуға, штат ұстауға шығын кетеді. Сондықтан аштар үлесін қолма-қол өздеріне беруге ұйғардық.
Аштарды есепке алып, үлес белгілеу үшін ерекше комиссия құрылды. Оның құрамына ауатком төрағасы бастаған бес адам – атком өкілі, кооперациядан, «Қосшыдан» және мен.
Тамақпен қамту кооперацияға тапсырылды. Белгіленген үлес: 1 фунт ұн, 1,4 фунттан ет пен жарма, аздаған шай мен шекер. Тамақ үлесін алатындарды комиссия бекітеді. Әр отбасына азық-түлік карточкасы беріледі, отбасы мүшелері жеке-жеке жазылып көрсетіледі, аты, жасы. Ведомосқа кейбіреулердің қол қоя алмайтындығы ескеріліп, ол үшін қол қоюға және тиісті үлесінің дұрыс бөлінуіне бақылау жасау үшін екі комсомол мүшесі кезекпен бақылау жасайды. Қаладағы аштарды анықтауға солар көмектеседі. Аштар тізімін жасауда біраз қиындықтар болды. Тізім әлденеше рет тексерілді.
Үлес беру 12 шілдеде басталды. Еттің бәсі ақшалай берілді. Азық-түлік көмегі берілгелі бес рет үлес таратылды.
Қоғамдық тамақтану үшін Халком Кеңесі - 26 968 сом 09 тиын, ұйымдастыру бюросының қаулысына сәйкес рыбкооп 2 036 сом берді. Бұл қаражаттың 26 494 сомы азық үлесін беруге кетті, қалғаны әкімшілік-ұйымдастыруға, Қызылордаға шақырылып жатқан қызметкерлердің жол шығынына кетті.
Эпидемологияға 3000 сомның 1993 сомы жұмсалды, қалғаны денсаулық бөліміне қалдырылды. Қызыл Крест берген 1000 сом да толық жұмсалды.
...Алдағы қыста аштардың күйі не болмақ? Көбінің баспанасы жоқ, киімі жоқ. Фортта оларды орналастырудың мүмкіндігі жоқ. Отын жоқ. Соңғы үлес бөлуде 485 отбасы болған, қазір даладан тағы келіп жатқандар бар. Өкінішке орай, адай малшыларының жұттан қанша зиян шеккенін есептей алмаймыз. Миллиондап саналатын шығар. Дер кезінде тиісті шаралар алынған болса, бұл миллиондарды құтқаруға болатын еді...» [25, 2].
1928 жылдың 18-ші шілдесінде Округтік комитеттің хатшысы Өтеулиевтің БКП(б) Өлкелік комитеті және ХКК-не жолдаған хаты бізге жұт пен ашаршылықтың көрінісінен мәлімет береді. Онда: «Форт-Александровскіге 29-шы мамыр күні жолдағы жайттарға байланысты аздап кешігіп келдім. Іс жүзінде жұмыста 1 аптадай отырдым, сондықтан қандай да бір жұмыстың нәтижесі туралы айту қиын. Бұл жерде бақылаудан алынған жеке әсерлерім туралы ғана айтуға болады.
Біріншіден, жұт жайында. Жер-жердегі жұт зардаптарының картинасын бақылау үшін мен 10 күн бойында даланың түкпірінде Форттан 200-250 верст қашықтықта жатқан Бозашы мен Қаратау аудандарында болдым. Расында, бұл аудандарда мал шаруашылығы жұтқа қатты ұшыраған. Форттан алыстаған сайын, көрініс нашарлай береді. Бозашыда тұрғындардың көпшілігі, әсіресе кедейлер малсыз қалған десе болады, ал кейбір жерлерде малдың 5, 10-15 пайызы қалған. Қаратауда әр жерде 15-30 пайыз мал қалды, бірақ көпшілік малынан айырылды[15,17].
Халық аш-жалаңаш күйде Аллаға сенім артып, солтүстікке және Фортқа қарай жылжуда. Бозашы түбегіне қарай жолда маған күнге күйген балалар, қатындар, қарттар мен кемпірлер және басқалары жолықты, олар 20-30 адамдық топпен қара жолмен кетіп бара жатты, киімдері ескі-құсқы, 1-3 түйеге жегілген жүктері бар, аяқтарын әрең алып жүріп бара жатты. Бір сөзбен, жағдайлары онша емес еді.
Фортқа келушілердің қарасы қалың. Нан талап етуде. Мекемелердің есігін қағуда. Біздің тарапымыздан оларға көмек беру үшін айтарлықтай әлі ештеңе жасала қоймады. Қоғамдық жұмысқа тұрғызайық десек – оның өзі жоқ. Балық аулау маусымы өтіп кетті, тұз өндірісі әлі ашылмады. Дәл қазір Мемлекеттік тресттің өкілі келді және қабылдау жүргізіп жатыр.
Барлығын орналастыру қиын, жұмысқа қабілеттілерді жұмысқа тұрғызу мүмкін емес. Дегенмен біз бұған назар аудардық және жұмыссыз аштарға біраз көмек-қолдау болады деп үміттенеміз. Құрылыс жұмысын ашуды ойластырдық; қазіргі уақытта шөп мол біткен Бозашы түбегінде шөп шабу жұмыстарын ұйымдастыруды жоспарладық. Өкінішке орай, жер мекемелерінде бұл ретте қаражат жоқ екені мәлім және басшылар бұл іске сенімсіздікпен қарап отыр. Адайлар бұл іспен айналыспаған және шабуды білмейді деген сөздер айтылып жүр. Сөйтсе де өз басым бұған аз сенем және ол істі бастауды талап етем.
Одан бөлек біз ХКК-сі ашыққандарға көмек ретінде бөлген қаражаттың есебінен аса мұқтаждарға тізім бойынша кооперация арқылы біраз көлемде азық-түлік үлестіруге жол бердік, үй-күйі жоқ 50 баланы қамқорлыққа алдық. Бір үлкен казарманы баспанасыздарға жабдықтап бердік, орталық бөлген қаржыны пайдалануға келсек, 64 мың мөлшердегі несиені біз жарата алмадық және жаратуымыз екіталай, өйткені оның мерзімі 1 қарашада аяқталады. ХКК бөлген 20 мың сомдық қаражатты бөліп-бөліп пайдаланып жатырмыз.
Менің ойымша, 64 мың сомдық несиені қалайда ұзақ мерзімдік несиеге айналдыру қажет және кедейлер арасында тарату үшін жұмсалатын жұмыс малын сатып алуға пайдалану керек. Бұл кедейлерге Форттың аумағынан солтүстікке жылжуға және ауыл шаруашылығымен айналысуға, тым болмаса нан өндіретін аудандарда нан жинаумен айналысуға, қысқа нан өнімдерін жинап алуға мүмкіндік береді, әйтпесе Форт аумағында олар қазір жұмыс таба алмайды және қыс кезінде ашаршылыққа ұшыраудың қаупі бар. Әрине, бұл тек менің пікірім. Мәселені қарастырып жатырмыз және Ойылға жете салысымен бірден қарастырылады. Мен сол уақытқа қарай орталықтан біреу келіп, мәселені шешуге қатысуы қажет деп есептер едім...» [26,7-8].
1928 жылдың 20 қарашасында БКП(б) Қазақ Өлкелік партия комитеті мен Өлкелік Атқару комитетінің жанындағы комиссияға Адай округтік комитетінің жұттың қорытындысы туралы берген ақпарында округ бойынша мал шығыны шамамен 83 пайызды құрады, ал аштыққа ұшыраған отбасылардың саны 600-ден асты деп көрсетілді.
