- •6М011400 «Тарих» мамандығы
- •6М011400 «Тарих» мамандығы
- •Алматы, 2017 Мазмұны
- •1. XX ғасырдың 30 жылдарындағы Адай көтерілісінің тарихи алғышарттары....................................................................................................12-29
- •2. Кеңес үкіметінің Маңғыстауда жүргізген отарлау саясаты және оған қарсы халықтың наразылығы........................................................................30-61
- •3. Маңғыстау өңіріндегі Кеңес өкіметінің тоталитарлық саясатына қарсы халықтың қарсылығы.....................................................................................62-79
- •Белгілеулер мен қысқартулар
- •1. XX ғасырдың 30 жылдарындағы Адай көтерілісінің тарихи алғышарттары
- •1.1. Көтеріліс қарсаңындағы Маңғыстау өңірінің қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық жағдайы
- •1.2.Маңғыстау өңіріндегі 1920-1930 жылдардағы жұт және оның салдары.
- •2. Кеңес үкіметінің Маңғыстауда жүргізген отарлау саясаты және оған қарсы халықтың наразылығы
- •2.1. Жергілікті билік органдарының мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы қызметі
- •2.2. Кеңестік отарлауға қарсы халықтың наразылығы
- •3. Маңғыстау өңіріндегі Кеңес өкіметінің тоталитарлық
- •3.1. 1920 Жылдардың аяғындағы Маңғыстаудағы бас көтерулер
- •3.2. 1930 Жылдардағы Адай көтерілісі.
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиет тізімі
1. XX ғасырдың 30 жылдарындағы Адай көтерілісінің тарихи алғышарттары
1.1. Көтеріліс қарсаңындағы Маңғыстау өңірінің қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық жағдайы
Маңғыстау өңірінің жер көлемі үлкен болғанымен, ондағы халық саны басқа өңірлермен салыстырғанда аздау болып келді. Оның бірден бір себебі ауа-райының, табиғи жағдайлардың ықпалы болса керек. Сонымен қатар мезгіл ауысқан сайын көшіп жүретін халықты есепке алу және тіркеу аса қиын болғандықтан, халықтың санынан хабар беретін құжаттар да аз сақталған. Қолда бар деректердің арасында Ә.Н.Бөкейханұлының 1925-1927 жылдары Одақ көлемінде зерттеулер жүргізген төтенше комитеттің жұмысы үшін жазған «Адай уезінің қазақтары» атты аса құнды еңбегі ерекше назарды аудартады. Аталмыш еңбектен келесі үзінді қызығушылық тудырады:«Адай уезі Каспий теңізі мен Арал теңізінің аралығында 42 мен 50 параллелінде орналасқан. Жер көлемі 303325 шаршы километр (1928 жылғы мәлімет бойынша 345200 шаршы километр). 1925 жылдың мәліметі бойынша Адай уезінде 27 болыс, 21611 шаруашылық, 127798 адам (1928 жылғы мәлімет бойынша 170 мыңнан астам) оның 66015-і ер, 61183-і әйел кісілер. Осы 27 болыстың Ойыл және Қазыбек болыстары Таздар мен Ысық рулары. Олар Ойыл маңын қоныстанған. Үш болыс Шөмішті Табын, Адай руларынан құралған. Бұлар уездің шығыс бетінде орналасқан. Қалған 22 болыс Адай рулары» [4, 20-21 бб.].
Мақалада Ә.Бөкейханұлы Адай уезіндегі 27 болыстың орналасуына, рулық құрамына, шаруашылығына қатысты қосымша ақпараттар береді. Олар төмендегідей:
« № 19 Түпқараған болысы (Мұңал руы) Кетік түбегінде (Форт-Александровск),
№ 8, 9, 10 және 11 Жеменей және Жарылар Бозашы түбегінде.
№ 8 болыстың Олжашы руының екі ауылы Қойғалы және Бабахан жерлерін мекендеген (Үстірт – 24 меридиан).
№ 10 болыстың бір ауылы Пұсырман және Ырысалы (Жетімектер) бөлімшелері Жем өзенінің оңтүстік сағасындағы Қарақұм бойын мекендеген, осы жерлерде көшіп қонған.
№ 11 болыстың екі ауылы Кенже руының Қойсары бөлімшесі жазда Кенжалы өзенінің бойын (Ойыл өзенінің бір саласы), Қонай бөлімшесі Сағыз өзенінің бойын жайлаған.
№ 4 болыстың ауылдары Қаратүлей мен Сам бойында көшіп қонған, осы болыстың бір ауылы Темір (Қарақамыс) елді мекенінің солтүстік бетін жайлаған.
№ 5 және № 6 болыстардың Қосай (Түрікмен Адай) қыста Қарабұғаздың терістік батыс бойынан жазда Сағыз өзеніне дейін көшіп қонған.
№ 5 болыстың екі ауылы Нұрбай және Есек (Қосай руының бөлімшесі) Сағыз өзенінің солтүстігін Темір мен Ойылдың (Көкжар) араларын жайлаған.
№ 1, 2 және № 3 болыстардың ауылдары Шерқала мен Мұғалжар (Қарақамыс) маңайын жайлаған.
№ 14 болыстың бір ауылы Кетік маңында көшіп қонған, екі ауылы Өтес пен Қаратүлей аралығында (22-24 ұзындықта, 44-46 ендікте) болған, бір ауылы Тобыш руының Қараш бөлімшесі Қобдаға дейін (параллел Ақтөбе қаласы) көшіп, қыста Қарабұғазға дейін келген.
№13 болыстың Жеменейлері – Бегімбет, Кедей, Ақша Кедей, Қара Кедей, Қарақұм: мекендеген (Жем өзенінің оңтүстік сағасы), бір ауылы Шолақ бөлімшесі жатақтар Бозашы түбегінің оңтүстік батысында егін шаруашылығымен айналысқан.
№ 20 болыстың Қосай руының Тәңірберген бөлімшесінің бір ауылы Кетіктен 140 шақырымдай жерде Торыш төңірегінде Ақтау мен Қаратау арасында егін шаруашылығымен айналысқан, бір ауылы Шалбар бөлімшесі жатақтары Кетікте, үш ауылы Таңғат (Таңат), Құдайберген, Есембай бөлімшелері қыста Үстірт үстін қыстап, жазда Ойылдың солтүстігіндегі Жекеңді өзенінің бойын жайлаған.
Бес ауылдан құралған № 21 болыстың бір ауылы Ысық, Жарболдардан құралған.
№ 14 болыстың екі ауылы (Өтептер) Тұзбайыр, Сеңгірқұм, Аққуыс бойы, Маңғыстау қазандығын (44 параллел) қыстаған (жатақтар), бір ауылы (Есберді бөлімшесі) Ырғызбай құдыққа ( ұзындық 26 және ендік 46) дейін көшіп қонған.
№ 22 болыс Тайсойған, Сағыз бойының жатақтары.
№ 24 болыстың ауылдары Сағыз өзенінің терістік бойының жатақтары.
№ 25 болыс Жылыой – Қосаның жатақтары.
№ 7 болыс алты ауылдан құралған, оның бір ауылы Мамыртай, Жақай (жатақтар) Бөрібас маңында (ұзындық 24 және ендік 44) қоныстанған, үш ауылы, Әли, Жанғозы, Жантақ қыс кезінде Бөрібас, жазда Темір маңые жайлаған, Жапақ бөлімшесі де қыста Бөрібасты мекендеген, жазда Ойылдың шығыс бетін жайлаған.
Адай уезінің Тайсойған-Сағыз, Шилі-Сағыз, Жем-Сағыз, Ойыл және Қазыбек барлығы бес болыс жатақтар» [4,20-21 бб].
Адай округы туралы 1928 жылы наурызда жасалған округ комитетінің баяндамасында Адай округы бұрынғы Маңғышлақ уезінің 12 болысынан, бұрынғы Закаспий облысы, Красноводск уезінің 2 болысынан, Гурьев уезінің 2 болысынан және бұрынғы Орал облысы, Темір уезінің 11 болысынан құралды. Барлығы 27 болыс өте үлкен территорияны алып жатты, ауданы – 300 000 кв. верст. Кейін округ құрамына Темір уезінен Ойыл және Қазбек болыстары қосылған [10].
Гурьев және Темір уездерінен қосылған бірнеше болыстарды есепке алмағанда, Адай округінің тұрғындары түгелдей көшпелі өмір салтын ұстанып, жалғыз мал шаруашылығымен шұғылданумен шектелді. Бұл өңірдегі көшпеліліктің Қазақстанның басқа аймақтарындағы көшпеліліктен өзіндік айырмашылықтары болды. Өзге губерниялар мен уездердегі көшпелі халық тек көктем мен күз мезгілдерінде ғана белгілі уақыт пен жерге көшіп барады, ал қыс пен күзде мал үшін біраз шөп қоры мен жылы қоралар, адам үшін жер үйлер бар қыстауға көшті. Ал Адай округіндегі көшпелілердің өмір сүру тәртібі басқаша жағдайда еді. Олар жыл бойы көшіп жүрді, яғни жаз, көктем мен күзде. Қыста бір орынға тұрақтағанымен нақты бір қыстық және жаздық тұрақтары жоқ болды. Солай әрдайым бүкіл жыл бойында малдарын бағатын табиғи жайылымдарға тәуелділікте болады, өздері жаздың аптабында да, қыстың аязында да киіз үйлерінде өткізді.
Әрине, бұл жағдайлар олардың шаруашылығын климатқа, атмосфералық жауын-шашындарға және түрлі табиғат құбылыстарына тәуелді етті, осыдан олар әр қилы табиғи апаттардың, соның арасында, әсіресе жұттың алдында дәрменсіз болып келді. Жұт орташа есеппен алғанда 12-13 жылда қайталанып тұратын.
Далада емін-еркін өмір сүріп келген адайлар Ресей бодандығы кезеңінде патшалық үкіметтін заң мен тәртібіне бас иіп, аса бағына қоймады. Олардың патшалық билікті мойындауы тек жылына бір рет салық төлеп, міндеткерлікті орындау түрінде ғана жүзеге асты. Басқа жағынан алғанда адайлардың өз билігі өзінде болды.
Әкімшілік бөлініс өзіндік ретімен іске асты. Бұл жерде критерий рулық белгілермен анықталды: үлкен рулар болыстарды, кіші рулар – ауылдарды құрады.Болыстар мен ауылдар жоғарыдан тағайындалған тұлғалармен басқарылды. Ол тұлғалар белгілі бір ру-тайпаның ақсақалдары мен ақсүйектері қатарынан шықты. Олар өз рулары мен тайпаларының алдында ханның дәрежесіндей дәрежеге ие болғандықтан, жалпы халықтың көзінде беделді мен маңызды адамдарға айналды[9,18 б.].
Ел арасындағы дау-дамайлар шариғат бойынша, салт-дәстүрдің шеңберінде қаралып отырған, оларда құнды төлеу мен алу, қызды қалымға беру, барымта, айыпты өтеу және т.б. заңды шаралар болып табылып, кең таралды. Талас-тартыстар би рөлін атқарған ақсақалдармен немесе олар сенім артқан байлармен шешіліп отырған. Осының арқасында ақсақалдар мен байлардың халық ішіндегі абыройы одан да артқан. Олар ауылдың өміріндегі негізгі рөлді атқарды, өйткені саяси-экономикалық билікті қолдарына шоғырландырды. Билікті жүзеге асыруда байларға большевиктік көзқарас бойынша антикеңестік элемент деп есептелген атқамінерлер көмектесті. Олар біріге «ынтымақ» (салт-дәстүрлерді сақтау туралы ауызша келісім) атаулы өзіндік әлеуметтік институтты ұйымдастырды. Қарапайым халық, кедейлер болса бұл тұрғыда көбіне-көп байларға арқа сүйеді және өздерін пассивті және бытыраңқы күйде ұстады. Бұны большевиктер кедейлерде таптық сана-сезімнің әлсіздігімен түсіндірді. Кедейлер өздерін тап ретінде қабылдап, толық таныта алуы үшін таптық күресті жандандыру қажет еді. Сол үшін де бай-феодалдардың бүлдірушілік әрекеттері мен ықпалдары барынша әшкереленді, аямай айыпталды. Бай-әлділер кедей шаруаларды социалистік құрылыс орнату ісінен, таптық күрестен шеттетеді деп саналды және осы мақсатта оларды қорқынышта ұстап, мал, азық, ақша арқылы сатып алып отырды деген түсінік қалыптасты. Кеңес үкіметіне дейін де бұндай негативті қоғамдық құбылыстар болғаны рас, ол көпке мәлім. Алайда бұл мәселеде большевиктер қашандағыдай біржақты позицияны ұстанды. Таяқтың екінші ұшы да бар. Жақсы мен жаман, ақ пен қара бар болғанындай, ауылда қанаушы байлардан бөлек, қамқорлықпен көзге түскен байлар аз болған жоқ. Олар кедей шаруаларды қызметке алды, еңбегі үшін мал, тауар түріндегі өтемін алып отырды, бастарына қиын күн туғанда көмек-қолдау көрсетіп отырды: панасыз қалғандарға пана берді, жұттан малсыз қалғандарға күнкөріске жетер мал берді т.с.с. Мәселен, дін мен дәстүрдің жоғары моральдық үлгілері ретіндегі сауын және жылу дәстүрлері. Сондай-ақ ауылдың туыстық-рулық ұйым болып табылғаны белгілі. Бұл жағдайда туыстық жақын қарым-қатынас жиі әлеуметтік және тұрмыстық айырманың орнын басып отырды. Қорыта айтқанда, кедей шаруалар үшін бай-феодалдар дәл большевиктердің көзіндегідей бітіспес, анық таптық жау болған жоқ. Таптық күрес партияның қазақ шаруаларының санасына сырттан таңылған жат идеология болып табылды[9,25 б.].
1918-1920 жылдары өңірде кеңес билігі орнады. Дегенмен патшалық биліктің өкілдерін тақтан тайдырғаннан басқа революциялық өзгерістердің бұл жерде нышаны қатты білінбеді. Кейін құрылған жергілікті атқару комитеті негізінен байлар мен атқамінерлердің тобынан тұрды, олар болса Ашхабадтағы ақтардың үкіметіне бағынды.
Бұл биліктің ықпалы қаладан әрі аспады, сөйтіп далалық тұрғындар өз бетінше өмір сүрген. Емін-еркін жүріп-тұрған халықтың өзіндік ерекшеліктерінің бір қыры рулар арасындағы қарым-қатынаста болды. Әрқашан олар жақсы сипатта болуы мүмкін болмағандықтан, кейде бір мықты ру басқа әлсіз руға қысым жасағандықтан түрлі кикілжіңдер туып, қатынастар шиленісіп тұрды, қақтығыстар орын алды.
Қақтығыстар мен қайшылықтардың басты көзі жер дауы болды. Шабындық, жайылымдық және егістік жерлерді бөліске салу қиындықтар туғызды. Бұның үстіне жағдай мемлекеттік биліктің араласуымен ушыға түсті. 1926 жылы 20 мамырда Қазақ АССР ОАК мен ХКК егістік және шабындық жерлерді шаруашылық ауылдар мен жеке шаруашылықтар арасында теңгермелі бөлу туралы қаулы қабылдады. Ол шабындық және егістік жерлерді қайта бөлу арқылы байлардың ауылдағы жер иеленудегі үстемдігін жою, сонымен бірге, бай шарушылықтар қорының молаюын шектеуді көздеді[8,45 б.].
Реформаның әлсіз тұсы бұдан кейінгі бірден туындаған жағымсыз өзгерістерден көрінді. Жеке шаруашылықтар иелігіндегі жердің бөлініп беріле бастауына байланысты жайлауға көшу кезіндегі жер мәселесі өте өзектіге айналды. Адай мен көршілес рулар арасында ашық жанжалдар шықты. Адайлардың жыл сайын Гурьев және Ақтөбе округтерінің территориясындағы жазғы қоныстарға көшуі олардың үнемі жергілікті тұрғындармен талас-тартысына әкеліп отырды. Мысалы, қоныс аударушы адай рулары Ақтөбе округінің Ново-Алексеевск, Темір уездерінің тұрғындарымен жиі қақтығысқа түсіп тұрған, дәл соны Гурьев округінің Қызылқоға уезінің тұрғындар мен оның аумағына көшіп келуші адайлар жайлы айтуға болады [15,17].
Шабындық жерлерді бөлу жөніндегі Ақтөбе губерниялық саяси бестіктің 1927 жылдың 22 тамызындағы республиканың Жер-су халық комиссариатына берген есебінде былай деп жазылады: «...жүргізіліп жатқан науқанның бір кемшілігі – жаз жайлауға осында келетін көшпелі адайларға жайылымдық жер бөлу ескерілмеді. Жергілікті тұрғындар үлесін алып болған соң артық жайылымдық жер қалмады. Бұл жерлерге адайлардың келуі жер иелерін тығырыққа тіреді. Сондықтан жергілікті тұрғындар мен Адайлар арасында жанжал шықты...» [17,38].
Сондай-ақ Темір уезі партия комитеті бюросының 1927 жылдың 15 тамызындағы хаттамасында: «Темір мен Ойыл базарында Оңтүстіктің малы төмен бағаланады. Жылқыға мұнда өріс жоқ. Сөйте тұра адайлар Ақтөбе уезі жерін жаз жайлап келеді. Биыл ақтөбеліктер мен адайлар арасында жерге байланысты қақтығыстар болып қалды. Ақтөбе және Темір уездерінің жерінен маңғыстаулықтарға жер бөлініп берілуі керек. Даулы мәселелерді шешу үшін Темірде Адай уезінің жайылым мәселесімен айналысатын өкілі болған дұрыс...» деп келеді.
Айыптыларды іздеу турасында Ф. Голощекинның өз жауаптары болды. Ол шиеленісті жағдайдың қалыптасуында бірінші ретте адайлардың өздері кінәлі деді, бұны адайлардың ертеден келе жатқан «бүлікшілдігімен» түсіндіргісі келді.
Кейін мәселені шешудің тетіктері табылды. Солай Ақтөбе, Темір және Адай аймақтарының өкілдері келісімге келіп, Темір және Ақтөбе аумақтарынан адайлардың малы жайылатын жайылым уақытша үлестірілді. Бұған қоса, Қаз ОАК секретариаты барлық мәселелерді талқылай келе, 1927 жылы 19 желтоқсанда қаулы қабылдап, соған сәйкес Адай округінің тұрғындарына Орал және Ақтөбе аумағына дейін көшіп-қонуға заңды түрде рұқсат берілді [17,39].
Адайлардың қарым-қатынас аясы ел ішіндегі көршілес аймақтармен, округ және уездермен шектелмеді. Өңірге географиялық жақындығына байланысты адайлар көршілес түрікмендермен де қарым-қатынас жасады. Қазақ-түрікмен қарым-қатынастарының 1920 жылдардағы сипатын нақтырақ келесі деректен білуге болады: «Біздің округтің азаматтарының көршілес жатқан Түрікмен республикасының тұрғындарымен қарым-қатынасы революциядан бастап жаулық сипатта болды, бұл салдары адамдардың қазасымен, тұтқынға алумен, малды айдап әкетумен аяқталып отырған тараптардың өзара қақтығысына әкелді. Бұл бей-берекетсіздіктер ескерту шараларының көмегімен кесілсе де, көршілік жақсы қарым-қатынас орнай қоймады. Сондықтан да біздің азаматтар түрікмен шекарасының маңында көшіп-қонуға сескенді, ал түрікмендер біздің шекараға жақындаудан қорықты, сол себепті үлкен республикааралық кеңістік пайдаланылмай жатты. Құрғақшылықтың арқасында біз біздің азаматтарымыз сол жерлерге көшіп баратынын болжадық және ескі жаулықтан қорқып, Красноводскіге түрікмендердің өкілі Момудовпен келіссөздер жүргізу үшін өзіміздің өкілімізді жібердік. Біздің жақсы көршілік қатынас орнатуға қатысты бастамамызға олардың көңілі әбден толды, соның арқасында биылғы қыстағы кезігулер ешқандай келеңсіздіктерді тудырмады. Бұндай қатынастар белгілі түрікмен ханы Жүнейд бастаған ұры-қарылардың тобының кесірінен бұзылуы мүмкін. Ол хан соңғы кездерде белсенділік танытуда, сондықтан да қарасы кілең түрікмендерден тұратын топ тек қазақтарға ғана емес, түрікмендерге де бәле-жала әкелуде. Красноводск уезіне Қарабұғаз бұғазы арқылы келіп жатқан азаматтарға нан үлестірумен, сондай-ақ көшуге төленетін және мал бағу үшін алынатын ақыны төмендету арқылы көмек көрсетілді. Жақсы көршілік қарым-қатынас орнату үшін жазда республикааралық территорияға қатысты қазақ-түрікмен кеңестерін ұйымдастыруды қажет деп есептейміз. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдар жасалып, Түрікмен республикасының Красноводсктегі билігімен жеке келіссөздер жүргізілді» [18, 197 б.].
Қазақстан 1920-1930 жж. большевиктер үкіметі әлеуметтік-экономикалық тәжірибелер өткізетін аренаға айналды. Елді артта қалған көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтан тез арада социалистік даму жолына түсіру мақсатында күн тәртібіне Ресейдегі еуропалық халықтардың экономикалық даму үлгісіне – егіншілік пен индустрияға көшу мәселесі қойылды. Алайда ол мәселенің шешілуінің алдында мардымды кедергілер тұрды, соның ішінде халықтың тарихи-мәдени даму ерекшелігі, өлкедегі экологиялық жағдай. Қателік осы тұстан кетті – аталған объективті мәселелер ескерілмеді. 20-жылдардың бірінші жартысында қазақ өлкесінде азамат соғысынан кейін экономикалық жағдай мүшкіл болды, сондықтан да бірінші кезектегі мәселе «социалистік құрылыс» орнатуды емес, терең әрі ауыр дағдарыстан шаруашылықты шығаруды қамтыды.
Дағдарыс тенденциялары неғұрлым анық және рельефті көрінген саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Мұнда жаппай бүлінушілік көрініс алып, сала барлық басты көрсеткіштер бойынша құлдырауға ұшырады. Мысалы, егістік көлемі 1914 жылғы 3,6 млн. десятинадан 1922 жылы 1,6 млн. десятинаға дейін қысқарды. Егін шығымдылығы (еңбек нәтижесінің көрсеткіші) 1914 жылғы әр десятинадан түсетін 37,8 пұттан 1921 жылы 18,7 пұтқа дейін азайған. Осы кезең аралығында астықтың жалпы өнімі 3 еседен аса кеміп кетті [4,19-20 бб.].
Мал шаруашылығы туралы да тура соны айта аламыз, бұл салада да жағдай қиын еді. 1914 жылдан 1922 жылдың аяғына дейін ірі қара мал саны 2,1 млн-ға, жылқы 2 млн-ға, қой мен ешкі 6,5 млн-дай, түйе 300 мың басқа азайды. Жалпы алғанда бұл кезеңде барша мал түрі 10,8 млн басқа кеміді [4, 20-21 бб.].
Үкімет 1920 ж. тамыз – 1921 ж. маусымда шаруаларға төтенше салық: 110 млн. пұт астық тапсыруды міндеттейді. Бұл міндеттеме өлкеде орын алған ахуалды ескере қарастырмады. Соның салдарынан шаруашылықтар астық салғыртын орындау үшін амалсыз қолындағы малын сатып, астық алуға мәжбүрленді. Бұдан бөлек олар өзге қосымша салықтарды (ет және т.б. «төтенше» салықтар) өтеуге міндеттелген еді. Азық-түліктен артылғаны ғана емес, күнделікті қолданысқа қажетті астық, тұқымдық дән де тәркіленді.
Бұл тонау науқаны шаруалардың еңбекке ынтасын кетірді, сәйкесінше, еңбек өнімділігі күрт төмендеді. 1921-1922 жылдары өлкенің көптеген жерлерінде дағдарыс өзінің шырқау шегіне жетті. Ол дағдарыс елдің көп бөлігін қамтыған аштықтан көрінді. Оған үкіметтің азық-түлік саясаты, құрғақшылық және кейбір дәрежеде жұт себепкер болды. Маңғыстау өңірі кірген Батыс Қазақстанда халықтың 82 пайызы аштыққа ұшырады.
Маңғыстаудағы экономикалық ахуалға келетін болсақ, 1927 жылы Адай округіндегі шаруашылықтың саны 22214-ке тең болды, ал оның 96,4 пайызы қазақтардың үлесіне тиді. Тұрғындардың басым көпшілігі, яки 96,4 пайызы көшпелі мал шаруашылығының дәстүрлеріне сай жыл бойында көшіп-қонып жүрді және көшіп-қону радиусы 1200 верст (1280 км) шамасындағы жерді қамтыды. Осы кездегі округтегі 27 болыстың қазақтары тек қана мал шаруашылығымен айналысқан [4, 25 б.].
Мал басының саны бойынша Адай округі елдегі алдыңғы қатарларда болды. 1927 жылы 1 млн. 731 мың басты құраған. Одан кейінгі жылдарда мал басының санының динамикасы негізінен төмен қарай құлдырап отырды. Тек бір жағдайда, 1928 жылы мал басы саны артып 1млн. 786 мың басты құрады. Ал 1929 жылдан 1933 жылдар арасындағы көрсеткіштер келесідей: 1929 жылы – 318 мың 587 бас, 1930 жылы – 354 мың 243 бас, 1933 жылдың наурызында 19 мың 521 бас болса, сол жылдың шілде айында тек 17 мың 297 бас қана қалды [16, 91 б].
Мал басының күрт азаюы тек табиғат қыспағы қуаңшылық пен қатты қыс қана емес, жаңа шаруашылық құрылымға байланысты мал бағу жүйесінің дәстүрлі формасы мен әдістерінің жойылып, меншік түрінің өзгеруі және шаруашылықтарды ұжымдастыру жұмыстарының бағытындағы асыра сілтеулер мен қателіктердің зардаптары болып табылды.
Ұжымдастыру мен тәркілеу бағытындағы шараларды ҚазАКСР Өлкелік атқару комитеті мен Өлкелік партия комитетінің 1930 жылғы 9 желтоқсандағы ауылдық кеңестерді қайта сайлау, байларға тойтарыс беру, кедей-жалшы топтарын құру, малшыларды түгелдей ұжымшарларға ұйымдастыру және көшпелілерді отырықшыландыру туралы міндеттер мен тапсырмаларды анықтаған 19 нұсқау-хаты жеделдете түсті.
1929-1930 жылдары ТОЗ, ТОЖ (жерді бірігіп өңдеу, шаруаны, өнімді бірлесіп өңдеу, жүргізу) қауымдастықтары құрылды, оларды бригадирлер басқарды. Кейін олар таратылып, орнына серіктестіктер құрыла бастады. Олардың жұмысы алға баса қоймады, себебі әр қадам сайын халықты еңбекпен қамтамасы ету, жұмыс орындарын құрал-жабдықпен қамтамасыз ету мәселесі арта берді[10,35].
Енді егіншілікке қатысты айтсақ, бұл шаруашылық түрімен тұрғындар мүлде айлыспады деу қате емес. Себебі түсінікті. Жауын-шашын сирек түсетін шөлді әрі шөлейтті Маңғыстау сынды аймақта диқаншылықпен айналысу, егін салу, бау-бақша өсірудің мүмкіндігі күмәнді, тіпті мүмкін болған күннің өзінде өнім шығымының нашарлығынан тиімсіз болар еді. Өзендердің жағалары мен ылғалды ойпаттарда орналасқан шаруашылықтардағы 2 мың гектар егіс көлемі айтылған сөздерді қуаттап тұр. Шағын егін шаруашылығы Форт-Александровск пен Қаратаудың маңында жүргізілді, бірақ ол халықтың күнкөрісіне ықпал ететін дәрежеде болмады және бүкіл өңірге қатысты алғанда елеулі маңызы болмады.
Өңірдегі басты кәсіпшіліктер болып бұрынғыдай балық кәсіпшілігі мен тұз өндірісі сақталып келді. Балық аулаумен Каспий теңізінің жағалауы бойымен Кендірлі бұғазынан Заворот мүйісіне дейінгі территорияда қоныстанған тұрғындар айналысты. Балық көп көлемде ауланды, соның ішінде майшабақ пен қызыл балық, негізінен бекіре тұқымдастар болды.
Балықшылар бір-бірінен бөлек-бөлек түрде жұмыс жасаған, сондықтан түрлі кәсіпкерлердің және делдалдардың арбауына жиі әрі оңай түсіп отырды. Осыған байланысты, үкімет 1927 жылдың соңында жекелеген артельдерге бөлінген, 500-ден астам шаруашылықты біріктірген балықшылардың округтік одағын құрды. Одақтың мақсаты балықшылардың еңбегін ұйымдастырылған түрде ұсыну, түрлі балық аулау ұйымдарына несие алу және оларды қанаушылар мен делдалдардың қолынан босату болып табылды. Іс жүзінде одақ көктемгі маусымға деген жұмысын сол жылы-ақ бастап кеткен. Сөйтіп іс ары қарай оңала бастаған. Бұл жұмысты әлі де тереңдету қажет еді, ол үшін одаққа несие беру түріндегі материалдық көмек сұралған. Керісінше жағдайда одақтың жұмысының дамуы мүмкін емес еді.
1920 жылдардың басында құрылған «Баутин балық аулау серіктестігі» он жылдықтың соңына таман таратылып, балықшылардың ұжымшарлары ұйымдастырылды, балық қабылдайтын және өңдейтін зауыттар құрыла бастады. 1932 жылы негізі қаланған Моторлы балық аулау станциясы ұжымшарларды балық аулауға қажетті құралдармен жабдықтауды қолға алды. Балық кәсіпшілігінде маңызды орын алған итбалық аулау саласы 1930 жылы жаңа деңгейге шығарылды, нәтижесінде 1935 жылы орталыққа өңір 33 мың центнер итбалық тапсырды[11,31].
Тұз өнеркәсібі балық аулаумен салыстырғанда даму жағынан артта болды. Тұздың екі түрі өндірілді: Қарабұғазда глаубер тұзы және Қатық Бұлақта ас тұзы. Қатық Бұлақ Форттан 3 верст жерде орналасты. Бұнда тұз өндірумен 1926 жылға дейін Дағыстан одағы шұғылданды. Ол бұл көлден алынған тұзды Каспийдің жағалауы бойындағы өзінің балық кәсіпшіліктері үшін пайдаланды. Жыл сайын Қатық Бұлақтан 700 мың-800 мың пұт көлеміндегі тұз өндіріліп, онда 250 адам жұмыс істеді. 1927 жылы Дағтрест кәсіпшілікті жалға алу бойынша келісімнен бас тартты, содан ол Қарабұғазтұзтресттің қарамағына өтті. Бірақ аталмыш трест қаржының жоқтығынан жұмыс жасамаған. Мемлекеттік өнеркәсіптік қаржылық жоспарға сай кәсіпшілікті аяғына тұрғызу үшін 24 мың сом қажет болды. Қаржы бөлу кешіктірілгендіктен, сол 1927 жылы өндірісті қалпына келтіру мүмкін болмады. Өз кезегінде Қатық Бұлақта тұз өндірудің тиімділігі елеулі еді, өйткені тұзды дағыстандық кәсіпшіліктердің пайдалануына өткізу жоспарланды, ал соңғылары сол кезде бұндағы тұздан нарықта бір пұты 7-8 тиынға қымбат тұратын Басқыншақ көлінің тұзын қолданды. Әрине, сонымен қатар, жергілікті тұз ішкі тұтынысқа және басқа өндірістерге жұмсалды[58,45 б.].
Қарабұғазтұзтрест глаубер тұзы мен сульфат өндірді. Бұл өндіріс жыл сайын артып отырғанын айту керек. Бұған қоса, өте шағын көлемде кесек-қабатты (комовая-пластовая) тұз алынды және ол бұған дейін парсы нарығына өткізілді. Парсы нарығы жабылғаннан соң өндіріс кеміп, 300 мың пұтқа тең болды. Сол 1927-1928 жылдары өндірісте 80-100 жұмысшы істеді. Үкімет тарапынан бұл өндіріс орнын ары қарай кеңейту көзделіп, арнайы мемлекеттік жоспарға енгізілді. Бір сөзбен айтқанда, зор болашағы бар кәсіпорын болды.
Үкімет бұл тұз өндіру кәсіпшіліктеріне жұмыссыз жүрген батырақтарды орналастыруды ойластырды. Ол үшін қажетті шараларды бекітті де. Олар: 1) сульфат өндірісін кеңейтуге қажетті қаражатты бөлуді жеделдету; 2) Қатық Бұлақтағы өндірісті жандандыру үшін Қарабұғазтұзтрестке сұратылған 24 мың сомды жұмсау.
1932 жылы бір Маңғыстау ауданында 14 ауыл шараушылық артель, 6 балықшы ұжымшары болды. Ауыл шаруашылық артельдерінің 10191 мүшесі, 16466 бас малы, 25 шөп шабатын машинасы, 94 соқа, 2 дән себетін техника болған[8,86 б.].
