Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Адай көтерілісі.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
222.41 Кб
Скачать

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ТАРИХ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ИНСТИТУТЫ

УДК 94 (574.14)

ТӨЛЕУ АЛМАС

«XX ғасырдың 30 жылдарындағы Адай көтерілісі»

Мамандығы: 6М011400 «Тарих»

6М011400 «Тарих» мамандығы

бойынша педагогикалық ғылымдар магистрі академиялық

дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация

Алматы, 2017

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ТАРИХ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ИНСТИТУТЫ

ТӨЛЕУ АЛМАС

«XX ғасырдың 30 жылдарындағы Адай көтерілісі»

Мамандығы: 6М011400 «Тарих»

6М011400 «Тарих» мамандығы

бойынша педагогикалық ғылымдар магистрі академиялық

дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация

Қорғауға жіберілді:

Тарих және құқық

Институтының директоры

________Б.С.Жұмағұлов

«___»___________________20__ г.

Ғылыми жетекшісі,

т.ғ.к., доцент ___________________

Е.Н.Ермұқанов

Кафедра меңгерушісі ___________________

М.Қ.Қойгелдиев

Алматы, 2017 Мазмұны

Кіріспе.....................................................................................................................5-11

1. XX ғасырдың 30 жылдарындағы Адай көтерілісінің тарихи алғышарттары....................................................................................................12-29

1.1. Көтеріліс қарсаңындағы Маңғыстау өңірінің қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық жағдайы.......................................................................................12-20

1.2.Маңғыстау өңіріндегі 1920-1930 жылдардағы жұт және оның салдары..................................................................................................................20-29

2. Кеңес үкіметінің Маңғыстауда жүргізген отарлау саясаты және оған қарсы халықтың наразылығы........................................................................30-61

2.1. Жергілікті билік органдарының мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы қызметі..................................................................................................................30-34

2.2. Кеңестік отарлауға қарсы халықтың наразылығы...................................34-61

3. Маңғыстау өңіріндегі Кеңес өкіметінің тоталитарлық саясатына қарсы халықтың қарсылығы.....................................................................................62-79

3.1. 1920 жылдардың аяғындағы Маңғыстаудағы бас көтерулер...................62-72

3.2. 1930 жылдардағы Адай көтерілісі...............................................................72-79

Қорытынды.........................................................................................................80-83

Пайдаланылған әдебиет тізімі.........................................................................84-86

Белгілеулер мен қысқартулар

ҚР ОММ – Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты.

ҚР ПМ – Қазақстан Республикасының Президенттік мұрағаты

МОММ– Маңғыстау облысының мемлекеттік мұрағаты.

ЖЭС – Жаңа экономикалық саясат.

Қаз ХКК – Қазақ Халық Комиссарлар кеңесі.

БКП (б) – Большевиктердің Бүкілодақтық Коммунисттік партиясы.

Қаз ОАК – Қазақ Орталық Атқару комитеті.

ОГПУ – Объединенное государственное политическое управление (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма).

Қаз АКСР – Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы

Уревком – Уездік революциялық комитет.

ХК – Халық комиссариаты

Кіріспе

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан кейін өз мемлекеттілігін нығайтуға бағыт алғаны белгілі. Бұл жауапты әрі күрделі мәселені шешуде билік пен халық алдында басты міндет тұрды. Ол - қазақ халқының тарихи-мәдени болмысын және санасын қалпына келтіре отырып, оны қайта жаңғырту. Бұл ретте тәуелсіздік жылдарында бірқатар атаулы іс-шаралар жүзеге асқанын айту керек. Олардың қатарында 1995 жылы қабылданған «Тарихи сананы қалыптастыру» тұжырымдамасы, 2000 жылдар басында қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламары бар. Ал ең соңғы жарық көрген ауқымды әрі елеулі бағдарлама отандық тарих ғылымын жаңа деңгейге көтеруге арналған «Тарих толқынындағы халық» бағдармасы болып табылады. Бағдарлама отандық тарих ғылымын тың тарихнамалық деректермен және зерттеудің жаңа методологиялық мазмұнымен толықтыруды көздейді.

Тәуелсіз ел халқының тарихи санасын қайта жаңғыртар тұста тарихымыздың ақиқатын саралап, бүкпесіз жария қылу үшін жаңа кезең сапалық және сандық өзгерістерді жасауға мүмкіндік беруде. Осыған байланысты ақиқатқа жету тұрғысында қолда бар деректерді кеңестік дәуір идеологиясының бұрмалаулары мен шектеулерінен арылтып, жаңадан табылған деректерді ғылыми қағидаларды сақтай отыра интерпретациялау көмегімен, қазіргі уақытта әлі де болса жан-жақты ашылмаған тұстары бар ХХ ғ. 30-шы жж. Адай көтерілісінің тарихын бірқатар толықтырулар мен өзгертулер енгізу арқылы кең әрі тереңірек жазу Қазақстанның тарихи ғылымы үшін өзекті мәселеге айналып отыр.

Қазақстан қазір бұрынғыдан да жауаптырақ кезеңге аяқ басудың алдында тұр. Жаңа кезеңде барлық сынақтардан өтіп, белестерді бағындыру үшін бірден-бір қажетті шарт рухани-мәдени жаңғыру болып табылады. Соған орай мемлекеттік саясаттың басым бағыты бұл процесті сәтті жүзеге асырудан көрінеді. Дәл осы тұста тарихи тәжірибе бізге жол бастаушы болуы тиіс. Ол тарихи тәжірибе бізді, билік пен қоғамды өткеннің қателіктерін қайталамауды ескертеді, міне сол үшін де мемлекеттік саясатты іске асыруда қарапайым халықтың, көпшіліктің менталитетін ескеру, еш жағдайда зорлық-зомбылыққа жол бермеу міндетті.

Билік пен халық арасындағы қарым-қатынас тарих үшін ең өзекті мәселенің бірі болып келді және солай болып қалуда. Әсіресе бұл мәселенің өзектілігі ол қарым-қатынаста өзара қарама-қайшылықтар ушыққан кезеңдерде аса арта түседі. Сондай қилы кезеңдерге халықтық сипаттағы көтерілістер мен қозғалыстар жатады. Әсіресе ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстан аумағында бірқатар көтерілістердің толқыны болып өтті. Жаңадан орнаған кеңес үкіметінің өңірдегі саясатына қарсы елдің жер-жерінде халық бас көтерді, мысалы солтүстіктегі Ырғыз, оңтүстіктегі Созақ көтерілісі, шығыстағы Абыралы, Шұбартау көтерілістері, батыстағы Адай көтерілісі және т.б.

Біз өз зерттеуімізде осы соңғы көтеріліске тоқталып, ерекше мән береміз. Адай көтерілісінің себептері мен алғышарттары, мән-маңызы, хронологиялық шеңберлері жөніндегі мәселелер әлі де пікірталас нысандарына айналып келеді, өйткені бұл тақырып кеңестік заманда жабық және құпия тақырып болып табылды және тәуелсіздік алғаннан кейін ғана зерттеле бастады. Бұған бірден-бір ықпал жасаған жайт сол кезеңге қатысты архив материалдарының соңғы уақытта кең көлемде жариялануы еді. Оларға негізделген бірқатар авторлардың ғылыми еңбектері де жарық көрді. Осы деректерді сыни тұрғыдан талдау, бұл істе тарих ғылымы ұсынатын заманауи және өзекті әдістер мен әдіснаманы пайдалану тек жеке көтерілісті түзетін оқиғалардың ғана емес, тұтас сол заманның картинасын қалыптастыруға, рухын сезінуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ көтерілістің микродеңгейдегі тарихын зерттеуге ұмтылыс, оның кейбір сұрақтарына жауап беру бағытындағы талпыныс, мысалы жеке адамдардың тағдыры арқылы оқиғалар мен жағдайлардың болмысын ашу бұл жұмыстың өзектілігін негіздеуге үлесін қосады деп есептейміз.

Ең соңында билік пен халық арасындағы қарым-қатынастардың тарихи тәжірибесін, оның көтеріліс сынды негативті көріністерін зерттеу қазіргі уақытта қалыпты және үйреншікті құбылысқа айналған, қоғамға зор қауіп-қатер төндіретін қанды және қарулы конфликтілердің барша теріс ықпалы мен мүмкін болар зардаптарын ұғынуға түрткі болар деп айтпақпыз.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Кеңестік кезеңде Қазақстанның 1920-1930 жж. тарихы мәселесі мемлекеттік идеологияның көлеңкесінде қалып келгені жасырын емес. Бұл кезеңде жоғарыдағы мәселе бойынша объективті тұрғыдан жазылған іргелі ғылыми еңбектер мүлде жоқ болды. Жағдай тәуелсіздік алғаннан кейін оң бағытта өзгере бастады. Тарихымыздың көлеңкелі тұстарына жарық түсті. Ұжымдастыру, тәркілеу және соның салдарынан белең алған шаруалар көтерілістері тақырыптары жоғары ғылыми деңгейде зерттелді. Соның арасында Адай жеріндегі көтерілісті зерттеуге де мән берілді. 90-шы жылдардың барысында бірқатар ғалымдар бұл тақырыпты зерттеумен айналысты, соның арқасында мәселенің тарихнамасы назар аударарлық сапалы еңбектермен едәуір толыға түсті.

Қазақстандағы 1920-1930 жылдардағы қазақ шаруаларын меншігінен айыру, күшпен ұжымдастыру, ашаршылық құрбандарының санын анықтау, ақиқатты қалпына келтіру бағытындағы шаралар алғаш академик М.Қ.Қозыбаев басшылығымен қолға алынып, жүзеге асқан болатын. Әсіресе, ашаршылық қасіретінің шындығын ашып көрсетудегі батыл қадамдары осы тақырыптардағы ізденістеріне негіз қалады, кеінгі зерттеушілерге жол ашты[1].

Адай көтерілісінің тарихын зерттеуде профессор Т.Омарбековтың еңбектерін ерекше атап өткен дұрыс. Ғалым өзінің «Зобалаң» [2] және «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» [3] еңбектерінде алғашқылардың бірі болып Адай көтерілісінің тарихын тәуелсіздік жағдайында туындаған жаңа көзқарас пен ұстанымдар тұрғысында қалыптастыруға әрекет жасады. Ғалым өз зертеулерінде 1920-1930 жж. тарихын зерттеудің өзекті методологиялық және тарихнамалық мәселеріне назар аударады.

Көтерілістің түп-тамырлары, барысы мен салдарлары туралы деректермен мәселенің тарихнамасын байыта түскен еңбек М.Омаров мен І.Сариевтің «Ойрандалған Адай даласы» кітабы болып табылады [4]. Оның орыс тіліндегі аналогы да бар. Ол «Расстрелянная степь. История Адаевского восстания 1931 года» атты кітабы. Айырмашылығы біріншісі екіншісіне қарағанда толықтырылып, өзгертілген.Кейінгі кезде жарық көрген І.Сариевтің «Қырдағы қырғын: Адай көтерілісі.1929-1931 жж.» еңбегі де бұрынғы ізденістерді толықтыра түскені байқалады.

Қазақстанда шаруаларды меншігінен айыру және күштеп ұжымдастыруға қарсы шаруалар қарсылығы қозғалысын зерттеуде тарихшы-ғалым Қ.Алдажұмановтың еңбегінің алар орны ерекше. Бұл еңбектің біздің көтерген мәселемізге тікелей қатысы болғандықтан ондағы ой-түйіндеулер мен соны көзқарастарды да басшылыққа алдық[5].

Маңғыстау өңірінде 1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының тізімі, соның ішінде Адай көтерілісі ісіне байланысты айыпталып, жазаға тартылғандардың тізімі «Азалы кітап» атты көп томдықтың бір томында кеңінен жазылған [6].

Адай көтерілісі мәселесі зерттеу нысаны ретінде Б.С.Жұмағұловтың диссертациялық жұмысында алғаш рет қарастырылады. «Кеңес үкіметінің аграрлық саясаты және Адай көтерілісі (1922-1933 жж.)» жұмысында автор мол деректік негізге сүйене отырып,көтерілістің хронологиясына тың түйіндеулер ұсынады. Біз бүгінге күнге дейін көтерілістің аяқталған уақытын 1931 жылмен белгілеп келсек диссертант шағын топтардың қарсылығы 1933 жылдарға дейін жалғасты деген тұжырымымен көтеріліс ауқымының,хронологиясының көкжиегін кеңейте түсті. Сол себепті аталған ғылыми ізденістің көтеріліс тарихнамасын жаңаша пайымдауда үлкен ықпалы болғандығын мойындауымыз қажет [7]. Бұл жұмыс бірқатар тың архивтық материалдарды ғылыми айналымға алғаш рет енгізуімен ерекшеленеді. Әсіресе, аса құпия түрде сақталатын ҚР ҰҚК архив материалдары бұл еңбектің ғылыми құндылығын арттырады.

Құнды архив құжаттарын соңғы жылдары жарық көрген екі томдық «Адай көтерілісі» атты жинақ та ұсынады. Жинақта аталған мәселені зерттеуші ғалымдардың(Ө.Озғанбаев, Ж.Нұрмаханова,Қ.Қаражанов,Б.Нәсенов және т.б) еңбектері мен көтеріліс көсемдері туралы ізденістер, естеліктер (Б.Әріпұлы,Н.Қыдырұлы,Т.Төлегенов, Т.Орақұлы, О.Көшбайұлы, А.Өтегенов,Ж.Сейдалиев және т.б.) Адай көтерілісі жөнінде мол мағлұматтар береді [8].

Маңғыстау өңірінің 1920-1930 жж. әлеуметтік-экономикалық өмірінен және жалпы географиялық табиғи жағдайынан көрініс беретін еңбектің бірі «Маңғыстау» энциклопедиясы болып табылады [9]. Бұл еңбектегі кейбір мәліметтер сирек кездеседі, ал энциклопедияның өзін бірегей деп санауға негіз бар.

Зерттеу жұмысының деректік негізі. Диссертациялық жұмыстың негізіне архивтік деректер алынды. Ол архивтік құжаттар мен материалдар ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында, ҚР Президенттік мұрағатында, Маңғыстау облысының мемлекеттік мұрағатында сақталған. Оларды келесідей жіктеуге болады: 1) заңнамалық құжаттар; 2) бағдарламалық және директивалық құжаттар; 3) статистикалық және анықтамалық мәліметтер. Сонымен қатар деректердің тағы екі тобы зерттеу үшін үлкен мәнге ие болды: 4) баспасөз материалдары; 5) хаттар және естеліктер.

Деректердің бірінші тобына кеңес үкіметінің жарғылары мен декреттері кіреді. Соның ішінде мемлекеттік саясаттың ерекшеліктерін көрсететін атқарушы және заң шығарушы органдардың құжаттары аса маңызды.

Екінші топқа орталық және жергілікті партия және кеңес ұйымдарының социалистік құрылысты орнату барысындағы бағдарламалық және директивалық құжаттары жатады. Олар: конференция мен съездердің материалдары, комитеттердің жарғылары, комиссиялық есептер.

Келесі топ – статистикалық және анықтамалық құжаттар. Олар Адай уезіндегі ауыл шаруашылығының даму динамикасын, уезд халқының санындағы өзгерістерді байқауға мүмкіндік берді.

Адай көтеріліс туралы мәліметтер тәуелсіздік жылдарында шыққан баспасөз материалдары арқылы толыға түседі. Газет, журналдарда көтеріліске қатысты жекелеген мәселелер айшықталады.

Жеке сипаттағы деректер өзінше құнды деректер тобы болып табылады. Оларға өңірдегі жағдай туралы билік өкілдерінің өзара алмасқан хаттары, сол жылдардағы оқиғаларға куәгерлердің естелік мәліметтері жатады.

Жалпы алғанда қолданылған деректердің кешені Адай көтерілісінің тарихын барынша детальды зерттеуге жол ашты.

Зерттеу нысаны - XX ғасырдың 30 жылдарындағы Адай көтерілісінің тарихын зерделеу болып табылады.

Зерттеу пәніне-1930 жылдардағы Адай көтерілісінің теориялық- әдіснамалық және тарихи аспектілері жатқызылады.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. 1930 жылдардағы Адай көтерілісіне қатысты ғылыми мәселенің кейбір аспектілері толық зерттеле қоймағандықтан жұмыстың алдына Адай көтерілісінің алғышарттарының кешенің жүйелі түрде мейлінше тереңірек үңіле және кеңірек ашып қарастыру мақсаты қойылады. Ол мақсатқа жету жолындағы зерттеудің міндеттеріне келесілерді жатқыза аламыз:

  • Бір жақты мәнге ие бола алмай отырған,әлі де сұрақ тудыратын көтерілістің қазіргі кейбір мәселелеріне байланысты деректерді және фактілерді қайта саралау, оларды сыни тұрғыда интерпретациялау;

  • Мәселенің тарихнамасы мен деректік негізін қазіргі кезеңдегі методологиялық зерттеу тұрғысынан зерделеп, назардан тыс қалып келген деректер мен құжаттарды ғылыми айналымға енгізу.

  • 1920-1930 жж. Маңғыстаудағы әлеуметтік-экономикалық, жағдайларды зерттеуде танымдық пәнаралық байланыстың мүмкіндіктерін пайдалану;

  • Көтерілістің алғышарттары мен себептерінің, барысының, салдарлары мен нәтижелерінің кешенін анықтау ;

  • Кеңес үкіметінің Маңғыстауда жүзеге асырған «социалистік құрылыс» орнату жолындағы саясатын және оның аясындағы іс-шаралардың дайындығын, ұйымдастырылуын және нәтижелерінің ерекшеліктерін көрсету;

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негізі.Зерттеу жұмысының теориялық маңыздылығы Адай көтерілісінің тарихи оқиға ретіндегі түп-тамырлары, бастаулары мен алғышарттары, себептері туралы деректерді, олардың негізіндегі тұжырымдарды және көзқарастарды сыни тұрғыдан қайта қарап, сараптауда, мәселеге байланысты қалыптасқан теориялық білімнің субъективтілігін азайтып, объективтілігін арттыру мақсатында ғылыми негізсіз тұжырымдар мен көзқарастардан бас тартып, орнына басқа ғылыми құндылығы бар нәтижелер мен қорытындыларды негіздеу мен орнықтыруда жатыр.

Зерттеу жұмысында объективтілік, тарихилық, жүйелілік қағидаларына негізінен теориялық әдістер басым түрде қолданылды. Оған тарихи фактілер мен жайттарды түсіндіру мен сипаттауда, интерпретациялауда индуктивті-синтездік және дедуктивті-аналитикалық әдістер кірді, кей жерде абстракциялау әдісі орын алды.

Магистрлік диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы.

Жұмыста бұрын Адай көтерілісінің тарихын зерттеуде қолданысқа енбей келген кейбір тың деректер, архив материалдары пайдаланылады.Соның нәтижесінде көтерілістің географиясы мен хронологиясын, тіпті аталуын жаңаша пайымдау ұсынылады. Ал мәселені зерттеуде барлық бұрын жинақталған деректердің жаңа білім беру тұрғысындағы мүмкіндіктерін заманауи тарихи-ғылыми әдістердің көмегімен жаңа қырынан көрсетуді жұмыстың жаңалығы деуге болады. Көтерілістің тарихын макродеңгейден бөлек, микродеңгейде зерттеуге және оны жүйелеуге ұмтылыс бұл жұмысқа жаңашылдық береді. Жұмыста мәселенің мазмұнын толықтыра түсетін әлеуметтік-экономикалық, географиялық-табиғи аспектілерге елеулі дәрежеде алғашқы рет көңіл бөлінеді.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

-Көтеріліске себепші болған алғышарттарына өңір тұрғындарының әуелі әлеуметтік-экономикалық ахуалы және оған қосымша географиялық және демографиялық жағдайлар, ал сыртқы алғышарттарға кеңес үкіметінің өңірде жүргізген және түбегейлі экономикалық-саяси қайта құрулар мен өзгерістерді қамтыған саясатын жатқызамыз;

- «Социалистік құрылыс» орнату саясаты аясындағы іс-шаралардың халықтың жағдайы мен мүддесіне қайшы келіп, кеңес органдары тарапынан ойластырылмаған және асыра сілтеу әрекеттері, күштеп мәжбүрлеуге сүйенетін агрессиялық сипаттағы әкімшіл-әміршіл әдістер көмегімен жүзеге асырылуы халықтың басым бөлігінің қарсылығын тудырғаны дәйектеледі;

- халықтың қарсылық қозғалысы алғашқыда стихиялы формада бой көтеріп, кейін біртіндеп ашық, қарулы көтеріліске ұласқаны ашып көрсетіледі;

-көтерілістің географиясы бір ғана Маңғышлақ жарты аралымен шектелмей Атырау, Ақтөбе өңірлерін де қамтығаны нақты тарихи деректермен қуатталды;

-көтерілістің хронологиясы да соңғы кездері айналымға тартылған деректер мен мәліметтер негізінде қайта қаралып, жаңаша қорытылды, соған байланысты 1931 жылғы көтерілісті Қазақстаннның батыс өңірінде 1928-1933 жылдары орын алған халық қозғалысының шырқау шегі, оның құрамдас бөлігі, ақтық кезеңі деп қарастыруымыз керек сияқты;

-көтерілістің тарихи еңбектер мен оқулықтардағы, академиялық басылымдардағы атауын обьективті зерделеу де өзекті. Өйткені көтеріліске тек жалғыз адайлар ғана қатысып қойған жоқ, оған он екі ата байұлының басқа да рулары, сондай-ақ жетіру тайпасы да белсене атсалысты. Сол себепті оның аталуын бір ғана румен шектемей «Батыс Қазақстандағы халық қарсылығы» деген орынды іспетті.

Жұмыстың теориялық және тәжірибелік маңызы. Зерттеу жұмысының теориялық және қолданбалық маңызы онда шығарылған тұжырымдар мен нәтижелердің бірнеше бағытта пайдалануға болатындығында. Біріншіден, Қазақстандағы 1920-1930 жж. билік пен халықтың мүдделері арасындағы қайшылықтардың нәтижесі болған Адай көтерілісінің тарихын және жалпы сол кезеңнің тарихы туралы ғылыми еңбектер мен оқулықтар дайындауда, екіншіден оқу орындарына арналған отан тарихы курсы бойынша дәрістер мен оқу құралдарын әзірлеуде, үшіншіден, тарихи-танымдық, тәлім-тәрбиелік мән-маңызы бар ғылыми-тәжірибелік конференциялар сынды іс-шараларда қолдануда, төртіншіден, көтеріліс тарихына қызығушылыларға керекті деректерді, мәліметтерді ұсынуында жатыр.

Зерттеудің хронологиялық шеңбері. Жұмыста негізінен 1920-1930 жылдар кезеңінде орын алған тарихи оқиғалар мен құбылыстар баяндалады. Сондай-ақ кейде патшалық билік кезіндегі орын алған тарихи фактілерге шегініс жасалып, оларға сілтеме жасалады.

Зерттеудің территориялық шеңбері. Зерттеу 1920-1930 жж. Маңғыстау өңірінің көтеріліс болған барлық аудандарын қамтиды, соның ішінде негізінен Адай уезінің (округінің) аумағындағы Маңғыстау және Ойыл, Табын аудандары кіреді. Одан бөлек көршілес Ақтөбе губерниясы мен Гурьев уезінің жерлері де аталады.

Диссертациялық жұмыстың құрылымы.Магистрлік диссертация кіріспе, үш тарау, алты бөлім, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Тақырыпқа кіретін зерттеу мәселелері екі мақалада көрініс тапты. Бірінші «Адай көтерілісі» атты мақала «Тәуелсіз Қазақсан: Қазіргі кезеңдегі тарих және қоғамдық пәндерді оқытудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарында жарияланды (Алматы, 2017). Екінші «Кеңес үкіметінің Маңғыстау өңіріндегі 1920-1930 жж. салық саясаты» атты мақала Абай ат. Қаз ҰПУ-нің «Хабаршысы» журналының (тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар сериясы) 2017 жылғы № 3 санында жарияланды