- •Бірінші дүние жүзілік соғыс және халықаралық қатынастар.
- •1.1 Дүние жүзілік соғыс және белді державалардың саясаты.
- •Париж конференциясы: барысы және мемлекеттердің ұстанымдары.
- •Халықаралық қатынастардың Версаль-Вашингтон жүйесінің қалыптасуы.
- •Халықаралық қатынастардың Версаль жүйесінің құрылуы.
- •Вашингтон конференциясы және оның шешімдері.
- •3 Версаль-Вашингтон жүйесінің халықаралық қатынастар жүйесіндегі орны
- •Халықаралық қатынастардың жаңа жүйесінің қарама- қайшылығы
- •Версаль-Вашингтон жүйесінің дағдарысы
- •Қорытынды
- •Пайдаланған әдебиеттер:
Халықаралық қатынастардың Версаль-Вашингтон жүйесінің қалыптасуы.
Халықаралық қатынастардың Версаль жүйесінің құрылуы.
Бірінші дүние жүзілік соғыс аяқталып, соғыстан кейінгі халықаралық жағдайды реттеу мәселесімен әлемнің 27 мемлекетінің өкілдері Париж конференциясына жиналып, жеңілген мемлекеттермен келісім шарттар жасауға кірісті.
Территориялық мәселе бойынша да конференция барысында өткір даулар орын алды. Арнайы комиссия Германиямен Келісім шарттың мәтінін дайындап, ол толық талқылаған соң, 1919 жылы 7-мамырда герман өкілдері шақырылып, оларға келісім шартпен танысуға уақыт берілді. Келісімнің шарттары герман өкілдерінің наразылығын тудырды, осы кезде одақтастар егер Германия келісімге қол қоймаса, оған қарсы соғыс ашамыз деген ниеттерін білдірген соң ғана, ұзақ айтыстан соң Германияның Ұлттық мәжілісі бейбіт келісімге қол қоюға келісу туралы шешімдерін шығарды.
Сөйтіп, 1919 жылы 28-маусымда Версаль сарайының айналы залында конференцияға қатысушылардың алдында Германиямен келісімге қол қойылды. Версаль келісім шартына конференцияға қатысқан барлық мемлекеттер (Қытай ғана қол қойған жоқ, өз территорияссына қатысты шешіммен келіспеді) және Германия жағынан сыртқы істер министрі Г.Мюллер және юстиция министрі И.Белл қол қойды.
Версаль Келісім шарты 15 бөлімнен, 440 баптан тұрды. Онда Германияға қатысты мәселелермен қатар, Ұлттар Лигасының шарттары және отарларға қатысты мәселелер де енгізілді. Сонымен қатар Ұлттар Лигасының Жарғысы енгізілген І-ші бөлімі мен «Еңбек», яғни Ұлттар Лигасы жанынан құрылған Халықаралық еңбек ұйымы туралы ХІІІ бөлімі басқа да мемлекеттермен жасалатын бейбіт келісім шарттарға енгізіледі деп келісілді.
Версаль Келісім шарты Германияға территориялық өзгерістер енгізді. Францияға 1870-1871 жж. франко-прусс соғысында немістер қосып алған Эльзас, Лотарингия жерлері берілді. Саар облысы 15 жылға Ұлттар Лигасының құзыреттілігіне берілді, кейін бұл жерде халық арасында плебисцит өткізіп тағдырын анықтайтын болып келісті. Француздарға Саар облысы бассейніндегі көмір өндірісін бақылауға құқық берілді. Бельгияға Эйпен, Мальмеди және Морен жерлері берілді. Данияға солтүстік Шлезвиг берілсе, Польша Познань, Померания, Батыс және Шығыс Пруссияның едәуір бөлігін өзіне қосты. Шығыс Пруссиядан екі портты қала Данциг (Гданьск) және Мемель (Клайпеда) бөлініп алынып, Ұлттар Лигасының бақылауына берілді. Кейін 1924 ж. Ұлттар Лигасының шешімімен Клайпеда Литваға берілді. Сонымен қатар Германия соғыстан кейін пайда болған жаңа мемлекеттерді мойындауға мәжбүр болды: Австрия, Венгрия, серб, хорват, словен корольдығы (Югославия). Сонымен, Германия соғыстан кейін өз территориясының 13,5 %, халқының 10,5 % айырылды [12].
Келісім бойынша Германияның әскери күші шектелді, ол 100 мың ғана армия ұстауға міндеттелді, оның қару- жарақтары, әсіресе әскери- теңіз қарулары қысқартылды, 6 броненосец, 6 жеңіл крейсер және 12 контрминоносец ұстауға рұқсат етілді, қалғандары жеңген мемлекеттер арасында бөліске түсті. Сонымен бірге Германияға Австриямен қосылуға тиым салынды және ол бүкіл отар жерлерінен айырылды. Оның отарлары Ұлыбритания, Франция, Жапония, Бельгия, Португалия арасында бөліске түсті.
Германия комиссияның шешімімен соғыс шығынын өтеуі қажет болды. Париж конференциясында Германияның репарациясын есептеу үшін арнайы комиссия құрылды, олар есептегенше Германия 1921 жылға дейін Антанта мемлекеттеріне 20 млрд алтын марка төлеуі тиіс болды.
Версаль келісім шарты жеңген мемлекеттердің Германияға экономикалық бақылауын орнату жағын да қарастырды. Германия бұдан бұрын жасаған барлық келісім шарттарды бұзуға міндеттелді. Антанта елдері үшін Германияда сауда қатынастары үшін қолайлы жағдай жасалуы қажет болды. Эльба, Одер, Неман, Дунай өзендері халықаралық кеме қатынастарына ашық деп жарияланды.
Версаль Келісім шарты Германияның мүддесін шектеп, бір жағынан оның тәуелсіздігіне нұсқан келтірді, оны саяси, экономикалық жағынан әлсіретсе де, бір артықшылығы Германия территориясы бөлшектенбей, тұтастығы сақталып қалды.
Германиямен келісімге қол қойған соң, Антанта мемлекеттері оның одақтастарымен келіссөз басталды. Ұзақ келіссөзден кейін 1919 жылы 10- қыркүйекте Париждың маңындағы Сен-Жермен-ан-Ле сарайында Австриямен келісімге қол қойылды.
Конфференция кезінде Австриямен келісімнің мәтіні дайын болған соң оны 2-маусымда Австрия басшылығына жіберіп, келісіммен танысып қол қоюға уақыт беріледі. Келісіммен танысқан соң Австрия үкіметі өзеріне бөлінген территорияда экономикалық мүмкіндіктер шектеулі екендігін және елдің территориясында орналасқан 4 млн. неміс халқы сол бөлінген территориямен басқа шетелдіктердің бақылауына түсетіндігін айтып, сол бөлімдерді қайта қаруға өтініш жасады. Жеңген мемлекеттер олардың өтінішін аса қабылдағысы келмеді, тек экономикалық мәселелерде біраз жеңілдіктер берді. Бұл кезде жеңген мемлекеттердің өздерінің арасында әр түрлі мәселелер бойынша алауыздық орын алған еді. Олардың арасында Италияның Австрия территориясына қатысты, Австрияның реперациялық төлеміне қатысты және т.б. мәселелер бойынша келіспеушілік байқалды.
Соңында келісімінің толық мәтіні австриялықтарға 20-шілдеде тапсырылды.
Сен-Жермен келісім шарты бойынша Габсбургтар империясы өмір сүруін тоқтатты. Австро-Венгрия империясы ыдырап, оның орнында тәуелсіз Австрия және Венгрия империясы қалыптасты. Бұрынғы кең байтақ Австро-Венгрия империясының территориясында жаңа тәуелсіз мемлекеттер – Чехословакия, Венгрия және серб, хорват, словен (Югославия) қалыптасты.
Келісім бойынша Австрия, Венгрия, Чехословакия, Серб, хорват, словен Корольдығының (Югославия) тәуелсіздігін мойындады.
Австрия республикасының құрамына – Жоғарғы және Төменгі Австрия, Зальцбург, Штирия, Каринтияның бір бөлігі, Солтүстік Тироль және Венгрияның Бургенланд жері кірді. Триест портты қаласы Италияға берілді.
Югославия Крайна, Далмация, оңтүстік Штирия, оңтүстік-шығыс Каринтияны алды. Румынияға Буковина берілді. Чехословакияға Богемия, Моравия, Силезияның бір бөлігі берілді.
Келісім Австрияға реперациялық төлем жүктеді және әскери шектеу салды. Ол тек 30 мың ғана армия ұстауға тиіс болды. Әскери және сауда флотын Австрия жеңген мемлекеттерге берді.
Сен-Жермен келісімінің 59-бабы бойынша Австрия Румынияның есебіне бұрынғы Буковина герцогтығынан бас тартты, 88- бап бойынша Австрияның тәуелсіздігі Ұлттар Лигасының Кеңесінің келісімінсіз жойылмақ еместігі айтылды, 120- бабы бойынша Австрия армиясындағы жалпы армия саны 30 000-нан аспауы керек және австрия армиясы тек қана елдің территориясындағы тәртіпті қадағалаумен айналысуы керек деп белгіленді. Сонымен бірге 46- бабы бойынша Австрия Югославияның, 58-бабы бойынша Чехословакияның тәуелсіздіктерін мойындады.
Келісімнің 95-117 баптары бойынша Австрия бұрын өзінің бақылауында болған жерлерден бас тартты, яғни Қытайдағы (Тяньцзиндегі концессиясынан), Марокко, Египет және Сиамдағы өз бақылауындағы болған жерлерден бас тартты [13].
Сонымен қатар Австрия Адриатика мен Дунай өзендеріндегі әскери кемелері, балық аулайтын және сауда флоттарын еркін жүргізу құқынан айырылды. Келісім бойынша Австрия елде химиялық қару, танктер мен әскери самолеттерді жою керек болды.
Келісімнің саяси баптары бойынша Ұлттық ассамблеяның Австрияны Германияға қосу туралы 1918 жылғы 22-қарашадағы қарары 1919 жылғы 20-қазандағы заңы бойынша жоққа шығарылып, елдің қандай жолмен болсын Германияға қосылуына тиым салынды.
Осындай шешімнің қабылдануы соғыстан кейін Австрияның Триоль, Зальцбург сияқты аудандарындағы халқы өздігінен плебицит жүргізіп Германияға қосылу туралы шешімдер қабылдаған соң туындап отыр еді. Жеңген мемлекеттер осы заң арқылы келешекте территориясында неміс халқы басым орналасқан австрияның Германияға қосылуына қарсы екендіктерін білдірді. Себебі екі күшті неміс мемлекеттері біріксе, Еуропада жаңа бір үстемдікке ұмтылатын мемлекет пайда болуы мүмкін деп қорықты.
Сен-Жермен келісімі бойынша Австрия бұрынғы империялық мәртебесін жоғалтып, 84 мың км.2 территориясы бар, 6,7 млн. халқы (оның ішінде көпшілігі этникалық немістер, 200 мыңы словендер) бар қарапайым елге айналды.
Германияның келесі одақтасы Болгариямен де келісімнің мәтіні біраз даулар тудырды. Болгария соғыстан 1918 жылы уақытша келісімге қол қоя отырып шыққан болатын. Елде билік басына реакциялық «халық» партиясының жетекшісі Т.Тодоров бастаған жаңа үкімет келді. Біраз уақыт Болгария АҚШ-тың қолдауына дәмеленді. Алайда АҚШ-тың Болгарияға қолдау көрсетуі жеңген мемлекеттердің қарсылығын тудырды.
Париж конференциясында Болгариямен келісім оның қатысуынысыз жасалды. Сонда да болгар делегациясы Парижге келіп, Ж.Клемансоға өз ұсыныстарын білдірді. Олар Эгей теңізіне шығатын жолда жатқан, экономикалық жағынан маңызды аудан Батыс Фракияны Болгарияның құрамында сақтап қалғысы келетінін білдірді, тіпті оған Шығыс Фракияның біраз жерлерін қосуды жоспарлады. Сонымен қатар болгар делегациясы конференцияға Болгариядан шекаралас жатқан территорияны алуды көздеген Югославияның талабын орындау мүмкін еместігін айтып нота да жолдады. Егер этникалық болгарлар орналасқан бұл территория Югославияға берілсе онда қаншама жерлер Болгариядан бөлінетін еді. Бірақ конференцияға қатысушылар болгарлардың бұл өтініштеріне назар аудармады. Сонда да болгар делегациясы өздерінің өзгертулерін ұсыныды. Олардың талаптары толық қанағттандырылмаса да, 296 баптың 13-не кішігірім өзгерістер жасалды және келісім шарттың мәтіні болгар делегациясына тапсырылып, олардың он күн ішінде жауап беруі ультиматум түрінде талап етілді. Бұған қарсылық ретінде болгар делегациясы Франциядан кетіп қалды, Т.Тодоров үкіметі отставкаға шықты. Жаңадан үкімет басына келген Стамболийскийдің кабинеті осы келісімге қол қоюға келісті [14].
Сөйтіп, 1919 жылы 27- қарашада Неии-Сюр-Сен жерінде Болгариямен келісімге қол қойылды. Келісім бойынша Румынияға оңтүстік Добрудже берілді. Серб, хорват, словян корольдығына Болгарияның батыс шекарасындағы 4 округ берілді. Болгария үшін ең ауыры Батыс Фракияның бір бөлігінің Грецияға берілуі болды, мұның өзі елдің Эгей теңізіне шығатын жолын жапты. Болгария бүкіл флотынан айырылды, 2,5 млрд. алтын франк реперация төлеуі керек болды. Болгарияның қарулы күші 20 мың адам болып белгіленді.
Келісім бойынша Болгария өзінің территориясының 11 278 км.2 айырылды, оның 2566 км.2 Югославияға және 8 712 км.2 Грецияға беруге мәжбүр болды. Добруджа жері Румынияға берілді [15].
Германия жағында соғысқан елдердің ішінде Венгриямен келісім шарт ең соңында жасалды, бұған есбеп осы кездегі елдің ішіндегі күрделі жағдай еді. Осы жағдайға тоқталатын болсақ, 1918 жылы күзде Австро-Венгрия империясы ыдыраған кезде Венгрияда астра-буржуазиялық-демократиялық революциясының нәтижесінде билік басына Михай Каройи бастаған социал-демократтар келіп, елді демократиялық республика ретінде жариялады.Соғыстың соңында 1918 жылы 3-қарашада Австро-Венгрия Италия жеріндегі Падуя қаласының түбінде капитуляция туралы актіге қол қойған кезде, Венгрия империяның құрамынан шығатынын сол кезде мәлімдеген болатын. Сондықтан Венгрияда көпшілігі Антанта елдерімен қайтадан уақытша келісім, енді Венгрияның өзінің атынан жеке жасау керек десті. Осыған байланысты 1918 жылы 13-қарашада Венгрия республикасының Михай Каройи бастаған басшылығы Белградта Антантамен жаңа уақытша келісім жасасты.
Соғысты тоқтатқанмен, Антанта державалары Венгрияға қатысты экономикалық блокадаларын жалғастыра берді. 1919 жылы 20-наурызда Франция Венгрияға ультимативті нота жолдады. Онда Венгрия осы нота жолдаған кездегі шекарасын мойындау керектігі талап етілді. Осы кезде Каройи мұның өзі елдің көп территориясын жоғалтуға әкелетінін түсініп, отставкаға кетті. Оның орнына социал демократтар келді және олар коммунистермен бірігіп Шандор Гарбаидың басқаруымен (шын мәнінде билік коммунист Бела Кунның қолында болды) жаңа үкімет құрды. Сөйтіп, 1919 жылы 21-наурызда Венгрия Кеңестік Республикасы жарияланды.
Венгрияда социалистік республиканың құрылуы Антанта елдерінің бұл елге деген қарсылығын одан сайын күшейтті. Венгрия Кеңестер елінің қолдауына сүйенуге тырысты. Антанта елдері Румыния мен Чехословакияның армиясын пайдалана отырып, Венгрияға қарсы интервенция ұйымдастырды. Венгр Қызыл Армиясы Чехословакия армиясына қарсы күресе отырып, бастапқы кезде жеңістерге жетті. Венгр армиясының осы жеңістерінен соң АҚШ президенті В.Вильсон Венгр делегациясын Париж конференциясына шақырып, оның шекаралық мәселесін қайта қарауды ұсынып, нота жолдауға мәжбүр болды. Осы кезде Венгрия Ж.Клемансодан да ультиматумды нота алды, онда Венгрия армиясын Словакиядан алып кетуі талап етілді, егер венгрия армиясын алып кетсе, онда румын әскерлерінің шабуылын тоқтатуға міндеттенетінін білдірді. Венгр үкіметі осыған келісіп, армиясын Словакиядан шығарып алғанмен, Антанта елдері өз армияларын елден алып кетпей, онда социалистік құрылыс құлағанға дейін соғыс әрекеттерін жүргізді. Венгриядағы социалистік құрылысты жойған соң ғана Антанта елдері бұл елмен келіссөздер жүргізуді бастады [16].
Парижге келіссөз жүргізуге венгр делегациясын граф Альберт Аппоньи басқарып барды. 1920 жылы 15-қаңтарда венгр делегациясына келісімнің мәтіні тапсырылды. Біраз шешімдерге қарсы болғанына қарамастан, Антанта елдері аса маңызды емес кіші гірім жеңілдіктермен келісімнің нақты нұсқасын мамыр айында венгр делегациясына берді. Сол кездегі Францияның премьер министрі, Париж конференциясының жаңа төрағасы А.Мильеран келісімнің мәтініне қоса хат жолдады. Онда территориялық мәселелер әлі қарастырылуы мүмкін деген сөздер айтылды. Мұның өзі венгр дипломаттарына бұл келісім «уақытша» дегендей көзқарас тудырды. Сондықтан жаңа үкімет келісімге қол қоюға келісті.
Сөйтіп, 1920 жылы 4- маусымда Версальдың Трианон залында Венгриямен келісімге қол қойылды. Келісім 14 тараудан, 364 баптан, хаттама және декларациядан құралған. Келісімде жеңген мемлекеттер Венгрияның жағдайын шектейтін мәселелерді қарастырғаны көрініп тұр.
Келісімнің екінші бөлімінде (27-35 баптар) тек территория мәселесі келісілді. Ол бойынша Румынияға Трансильвания, Банаттың шығыс бөлігі берілді. Серб, хорват, словен Корольдығына – Хорватия, Словения, Бачка және Банаттың батыс бөлігі берілді. Армия саны 35 мыңға қысқартылды. Флот жойылуға немесе жеңген мемлекеттерге берілуге тиіс болды. Реперация мәселесі көзделді.
Келісімнің үшінші бөлігінде (36-78 баптар) саяси мәселелер белгіленді. Венгрия бұрынғы монархияның территориясындағы жерлердегі халықтың ұлтына, тілі, дініне қарамастан бәріне еркіндік берілетінін жариялады.
79-101 баптарды құрайтын төртінші бөлімде бұрынғы империяның құрамындағыдай сияқты әр түрлі артықшылықтардан бас тартатыны жазылды.
Келісімнің бесінші бөлімінде (102-143) Венгрия армиясының саны келісілді. Ол бойынша армияның саны 35 мыңға қысқартылды, авиация, танктер және ауыр артиллерия жойылды. Сонымен бірге Венгрия теңізге шығатын жолдан айырылуына байланысты флот жойылады немесе жеңген мемлекеттерге беріледі деп келісілді. Алтыншы бөлімде (144-156) әскери тұтқындар мен қайтыс болған солдаттар мен морчктардың қабірі туралы келісілді. Келісімнің қалған бөлімдерінде соғыс қылмыстыларына қатысты санкциялар, елдің қаржы жағдайы және экономикалық жағдайы Австриямен келісім баптарымен сәйкес келді, порттар мен теміржолдар мәселесі реттелді [17].
1920 жылы 19-26 сәуірде Сан-Ремода конференция болды. Оған Франциядан – Ф.Мильеран, Англиядан – Л. Джордж, Италиядан – Китти, Япониядан – Мацуи қатысты. Конференцияда Түркиямен келісім шарт мәселесі келісілді. Франция мен Ұлыбритания Осман империясы территориясын келісе отырып бөлісті, осыдан соң Түркиямен келісімнің шарттары дайын болды. Ұлыбританияның Палестина мен Иранға, Францияның – Сирия мен Ливанға мандаты бекітілді. «Орыс мәселесі» қаралды. Келісімнің мәтіні дайын болған соң, ол Парижге келген сұлтан үкіметінің делегациясына берілді және баспасөзде жарияланды.
Осы кезде Түркияның өзінде саяси тұрақсыздық орын алып жатқан болатын. 1920 жылы сәуірде Түркияда Анкара қаласында Ұлы ұлттық мәжілісі өзін елдегі бірден бір заңды билік деп жариялап, Кеңестер үкіметіне Антанта елдеріне қарсы күресу үшін көмек сұрады және жеңген мемлекеттер келісім шарты жарияланған кезде оның шарттарын мойындамайтынын білдірді. Сондықтан одақтастар Түркияда сұлтан билігін қайтадан қалпына келтіру үшін әскери күштерді пайдалануға шешім қабылдады. Осы кездің өзінде Антанта әскерлері Осман империясының территориясындағы араб жерлерін басып ала бастаған болатын. Олар тіпті Константинополь мен Измир және Қара теңіз бұғаздары аймағын да басып алған болатын. Антантаның қабылдаған шешімдері бойынша грек армиясы түріктердің ұлт- азаттық күштеріне қарсы күшті соққы бере бастады. Осыдан соң биліктен айырыла бастаған сұлтан үкіметі жеңілгенін мойындап, Севр келісіміне қол қоюға мәжбүр болды.
1920 жылы 10-тамызда Севрде Түркиямен келісім жасалды, оған Антанта елдері мен түрік сұлтаны ҮІ Мехмет қол қойысты. Келісім 13 бөлім, 443 статьядан тұрды. Шарт бойынша Осман империясы бірнешеге бөлінді: Ұлыбританияға Палестина, Трансиордания, Иракты басқаруға, Францияға Сирия, Ливанға мандат берілді. Францияның Морокко, Тунисқа протектораты мойындалды. Грецияға Шығыс Фракия, Дарданнеллдың европалық жағасы, Галлиполь түбегі, Измир берілді. Түркияда «Капитуляция тәртібі» сақталды. Дарданнелл, Мрамор теңізі, Босфор ашық теңіз деп жарияланды.
Севр келісімі Түркияны тәуелсіздігінен айырып жартылай отыр елге айналдырды. Алайда осы кезде елде төңкеріс жасап, билік басына келген Кемаль Ататүрік бастаған өкімет оны мойындаудан бас тартты. Осыған байланысты Севр келісімінің шарттары орындалмады.
Оған себеп елде М.Кемал бастаған түрік ұлтшылдарының Севр келісімін мойндамай, оған қарсы бағытталған ұлт-азаттық күресі болды. Олар грек армиясына қарсы табанды күрес жүргізіп, оларды елден қуып шықты. 1922 жылы 18-қыркүйекте Түркия шетел әскерлерін толығымен өз территориясынан қуып шықты. 1923 жылы 29-қазанда Түркия тәелсіз республика болып жарияланды, ал оның жетекшісі Мұстафа Кемал Ататүрік деп аталып, оның бірінші президенті болды.
Өзімізге белгілі Түркия Севр шарттарын мойындамады, сондықтан жаңа үкіметпен жағдайды реттеп алу үшін Лозанна конференциясы шақырылды.
Түркияға қатысты мәселелерді шешу үшін Швейцарияның Лозанна қаласында 1922 жылы 20–қазанда конференция шақырылды. Оған Ұлыбритания, Франция, Италия, Жапония, Греция, Румыния, СХС корольдығы, Түркия және Кеңестік Ресей (Ресей,Украина, Грузия) және Болгария қатысты. Конференция кезінде Қара теңіз бұғаздарынан өту тәртібі туралы конвенция қабылданды. Ол конвенция бойынша ендігі жерде Қара теңіз бұғаздарынан кез-келген шетел мемлекеттерінің кемелері өз елдерінің туымен соғыс уақытында да, бейбіт кезеңде де өте беруге болатындығы келісілді. Соңында 1923 жылы 24- шілдеде Лозанна келісім шартына қол қойылды. Ол келісім шарт бойынша Осман империясының ыдырағаны заңды түрде бекітілді және Түркияның жаңа шекаралары белгіленді.
Түркияның территориясына қатысты мәселе келісімнің екінші бөлімінде, ал оның саяси жағдайы үшінші бөлімде қарастырылды.
Келісім бойынша Түркия өзінің этникалық территориясын сақтап қалды. Ол бүкіл Анатолия территориясы мен Шығыс Фракияны толық иемденді. Түркияда капитуляция тәртібі де, шетелдіктерге берілген артықшылықтар да жойылды. Сонымен бірге жеңген мемлекеттердің Севр шартында белгіленген ықпал ету аймағы да жойылды. Өз кезегінде Түркия өзінің араб жерлеріне құқынан бас тартты, сонымен қатар Ұлыбританияның Кипр аралын иемденуін және Египетке бақылау орнатуын мойындады. Италия Родос аралын алды және соғыс кезінде өзіне берілген Додеканез аралдарына, сонымен бірге Ливияға құқын бекітті. Түркия сұлтан үкіметінің қарызының бір бөлігін төлеуге келісімін берді. Бірақ оның мөлшері қанша екендігі белгілінген жоқ.
Лозанна конференциясында Қара теңіз бұғаздары Босфор мен Дарданнелден өту тәртібі белгіленді. Конференция шешімімен шетел армиясы бұғаздар аймағынан әкетілді. Бұл жерде тек Түркияға армия ұстауға рұқсат берілді. Қара теңіз бұғаздарынан өту мәселесі негізінен британ үкіметінің ұсынған жобасы негізінде шешілді. Ол бойынша бейбіт кезеңде бұғаздардан шетел мемлекеттерінің сауда және әскери корабльдерінің еркін өтуіне рұқсат берілді. Соғыс кезінде бұғаздардан тек бейтарап елдердің корабльдеріне өтуге рұқсат берілді. Осы бұғаздардан өту тәртібін бақылау Ұлттар Лигасы аясында құрылған халықаралық комиссияға жүктелді.
Түркияға оның алдында Грецияға берілген жерлер қайтарылды және кейіннен Франция Сирияның кішкене территориясын Түркияға қайтарды. Осман империясының қалған территориясы Ұлттар Лигасының шешімімен Ұлыбританияға (Ирак, Трансиордания, Палестина) және Францияға (Сирия, Ливан) берілді [13, с.39].
Париж конференциясында АҚШ өз позициясын күшейте алған жоқ. Бірақ ол бұрынғы қарыз елден, ірі қарыз беруші елге айналды. Европа елдері АҚШ-қа 20 млрд. доллар қарыз болды.
Англия Тынық мұхитында көп жерлерді иеленді: Австралия, Жаңа Зеландия, Малайзия, Гонконг, Сингапур. Әскери және сауда флоты жағынан Ұлыбритания АҚШ-тан әлі де күшті болды. АҚШ та, Англия да Европада Францияның, Қиыр Шығыста Жапонияның күшеюіне қарсы болды.
Киыр Шығыста Жапония Қытайдың саудасының жартысына бақылау жасады. Версаль келісімі бойынша оған герман отары Шаньдунь түбегіндегі иелігі, Циндао порты берілді. АҚШ Қытайда «интернационалдыру», «ашық есік» саясатын жүргізүді талап етті. Англия Қытайды «ықпал ету» аймағына бөлуді ұсынды. Англия мен Жапония арасындағы 1902 жылғы келісім 1911 жылы 10 жылға ұзартылған еді, енді оны жою талап етілді.
Бірінші дүние жүзілік соғыс Азия – Тынық мұхиты аймағындағы күштердің саяси арасалмағын өзертті. Осы кездегі халықаралық қатынастағы негізгі мәселелер Қиыр Шығыс мемлекеттерінің – Қытай, Жапония, Корея Ресей және Монғолияның – қатысуымен шешілді. ХХғ. басында Қытай жартылай отыр елге айналса, Жапония керісінше, белсенді сыртқы саясат жүргізуімен көзге түсті. Бірінші дүние жүзілік соғыс кезінде 1902 жылғы Англиямен жасалған келісім шарт негізінде күшейген Жапония Қиыр Шығыста өзінің үстемдік саясатын бастап, Қытайға «21 талабын» қоя отырып, оны өзіне бағыншты ел ретінде пайдаланғысы келді. Жапонияның бұл әрекеті еуропалықтарға ұнамаса да, соғысып жатқан мемлекеттер Қиыр Шығыстағы халықаралық жағдайға араласуға мүмкіндіктері болған жоқ. 1917 жылы Қытай Антанта жағында соғысқа кіріседі.
Париж конференцияда Қиыр Шығысқа қатысты мәселе герман отарлары болды. Германияның Қытайдағы иелігін (Шаньдун провинциясы) Жапония иеленіп алған еді, енді соны конференцияда бекітуді сұрады. Конференцияда АҚШ осы мәселеде Қытайды қолдаса, Ұлыбритания мен Франция Жапонияны қолдады. Соңында Шаньдун провинциясын Жапонияға беру туралы шешім қабылданғанда, Қытай делегациясы Версаль Келісім шартына қол қоюдан бас тартты. Сөйтіп, Париж конференциясында Жапония біраз жетістіктерге жетті. Ол Тынық мұхитындағы герман отарларын және Шаньдун провинциясын иеленді, сонымен қатар Ұлттар Лигасының кеңесінің тұрақты мүшелігіне өтті.
Париж конференциясының Қиыр Шығыс мәселелелері бойынша шешімдерін АҚШ Парламент өкілдері жақтырмады, конференциядағы В.Вильсонның саясаты айыпталып, Версаль Келісім шарты бекітілмеді.
Соғыстан кейін Европадағы территориялық мәселені шешкенмен, АҚШ Қиыр Шығыс пен Тынық мұхитында өзінің басымдылығын сақтау үшін, Жапонияны басып тастау мақсатында өзінің сыртқы саясаттағы маңызды қадамын жасады.
Өзімізге белгілі Париж конференциясына Кеңестік Ресейдің өкілдері шақырылмады. Дегенмен конференция өткен соң Кеңестік Ресейді қатыстырмай, халықаралық қатынастарда қандай да бір мәселені шешу мүмкін еместігі белгілі болды. Сондықтан Еуропа державалары ол мемлекетпен санаспаса болмайтынын түсінді. Сондықтан оны біртіндеп конференцияларға шақыру басталды. себебі Кеңестер одағы бұрынғы патшалық қарызды жабуы керек болды.
Кеңестік Ресейді Батыс елдерінің жарияламаса да, біртіндеп мойындай бастағанын, онымен есептесу керектігін түсінгенін Генуя конференциясынан көруге болады.
Генуя конференциясы 1922 жылы 10-сәуірден 19-мамырға дейінгі аралықта боды. Оған 29 елден делегация қатысты. Осы конференцияға Кеңестік Ресей арнайы шақырылды. Конференцияға екі жақ та жақсы дайындалды. Ресейде тіпті «Генуядағы совет делегациясының мақсаты» деген ЖКП(б) Орталық Комитетінің арнайы Қаулысы қабылданды. Кеңес делегациясы конференцияда патшалық Ресейдің батыс елдеріне қарызы мәселесі сөз болатынын алдын ала біліп, соған аса ұқыптылықпен дайындалды. Осы мақсатта патшалық Ресей мен Уақытша үкіметтің қарызын, Батыс елдерінің интервенция кезінде Ресейге келтірген шығынын есептеу үшін арнайы комиссия құрылды. Сөйтіп, егер батыс елдері өздеріне кінә қоятын болса, қарсы айтатын деректерді дайындап, оларды басып тастауды көздеді. Комиссияның еспетеуінің нәтижесінде Ресейдің қарызы 18 млрд. алтын сом болса, Антанта елдерінің Ресейге қарызы 39 млрд. болып шықты, яғни екі есе көп.
Кеңес делегациясын сыртқы істер министрі Г.В.Чичерин басқарды. Конференцияның бірінші күнінде-ақ Г.В.Чичерин баяндама жасады. Ол баяндамасында большевиктер ешкімге өз теориялық көзқарастарын уағыздау үшін келген жоқ, совет делегациясының басты мақсаты барлық елдермен тең құқық негізінде, өзара келісе отырып, бірін- бірі мойындай отырып, дипломатиялық қатынас орнату, сауда- экономикалық қатынастарды одан әрі жалғастыруға келісу деп атап көрсетті.
Осыдан соң кеңес делегациясы егер шетел мемлекеттері Кеңес өкіметін мойындаса, онда соғысқа дейінгі қарыздардың біразын мойындап, шетелдіктердің Ресейдегі национализацияланған кәсіпорындары мен бизнес көздеріне компенсация жасайтындығын білдірді. Сонымен қатар совет делегациясы қаруларды қысқарту, халықаралық қауіпсіздікке кепілдеме беру мәселесін көтерді.
Алайда батыс елдерінің жетекшілері совет делегациясының ұсыныстарын қолдамады, осыдан соң конференцияда орыс мәселесін талқылау қиындап кетті. Осы кезде конференцияның жұмысына өзгеріс әкелген оқиға, Кеңестер Одағы мен Германия арасында 1922 жылы 16- сәуірде Рапалло келісіміне қол қойылуы болды. Раппалло келісімінде Кеңестік Ресей мен Германия тез арада дипломатиялық қатынастарды орнату, экономикалық қатынастарды дамыту және соғыс кезіндегі шығындарды екі жақ та бір- біріне кешіретінін білдірді. Сонымен қатар Германия Ресейдегі өздерінің мемлекеттік және жеке меншік мүліктерінен бас тартты, оған жауап ретінде Ресей Германиядан репарациялық төлемді сұрамайтын болды.
Рапалло келісімінің сол кезде маңызы зор болды. Өйткені ол Кеңестік Ресейдің шетел мемлекетімен тең құқықта жасаған бірінші келісімі еді. Сонымен қатар Кеңестік Ресей үшін оқшауланудан шығудың жолы болды. Ал Германия мен Кеңестік Ресейдің жақындасуы Антанта елдерінің үстемдігіне қарсы соққы болып тиді.
Осыдан соң Генуя конференциясы еш нәтижесіз аяқталды. Соған қарамастан Генуя конференциясының маңызы сонда, ол Кеңестік Ресейді шетел мемлекеттері де- юре деп танымаса да, де- факто деп мойындағанын көрсетті.
1922 жылы 15-20-шілде аралығында Гаагада халықаралық экономикалық конференция өткізілді. Онда Генуя конференциясына қатысқан елдер қатысты, тек Германия қатысқан жоқ. Бұл конференция негізінен Ресейдегі инвестициялары национализацияға ұшыраған елдердің эксперттерінің конференциясы еді. Олар национализацияланған меншіктерін қайтаруды, қарыздарын қайтарып алуды көздеп келді. Антанта елдері Ресейден бұрынғы патша үкіметі алған қарыздарды қайтаруды, Ресейдегі шетелдіктердің национализацияланған кәсіпорындарын қайтаруды немесе компенсация төлеуді талап етті. Оған қарсы Ресей олардан интервенция мен блокада кезіндегі шығындарды өтеуді талап етті. Екі жақ та белгілі бір келісімге келе алмағандықтан, Гаага конференциясы да нәтижесіз аяқталды.
Сөйтіп, Генуяда да, Гаагада да екі жақ келісе алмады. Себебі Франция өте қатаң ұстанымдарымен ерекшеленді. Антанта елдері Ресейдің экономикалық жағдайының нашарлығын ескере отырып, большевиктер көп ұзамай келісімге келеді, ұсынған шарттарды қабылдайды деп ойласа, Кеңестік Ресей империалистік елдер арасындағы қарама- қайшылықты пайдалана отырып, социалистік құрылысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік іздеді.
Сонымен бірінші дүние жүзілік соғысты қорытындылаған Париж конференциясы аяқталды. Версаль келісім шарты мен оған қосымша қабылданған келісім шарттарда Еуропадағы территория мәселесі, армия, қару жарақ мәселелері шешілді.
Соғыстан кейін қалыптасқан жаңа тәртіп халықаралық қатынастардың Версаль жүйесі деп атала бастады. Бірінші дүние жүзілік соғысты бастаған Германия күйреп қалды, оның одақтасы болған Австро-Венгрия да өмір сүруін тоқтатып, екі мемлекетке бөлініп кетті. Ресей өзіндегі революциялық қозғалыстар мен азамат соғысымен салдарынан өзінің ішкі жағдайын реттеумен айналысты. Соғыстан кейін Еуропаның саяси картасы өзгерді, жаңа мемлекеттер пайда болды Австрия, Венгрия, Серб, хорват және словен корольдігі (кейін Югославия деп аталды), Польша, Чехословакия, Финляндия, Латвия, Литва және Эстония.
Қорыта келгенде соғыстан кейінгі саясатта жеңімпаз мемлекеттер ретінде Франция мен Англияның күші басым болғанын көреміз. Дегенмен жеңген мемлекеттер Еуропадағы күштердің тепе-теңдігін ұстап тұруға аса тырыспады. АҚШ-тың Версаль келісім шартын бекітпеуі оның Еуропа саясатына араласпау принципін ұстануына әкелді. Еуропадағы негізгі басты күш Франция мен Англия болғанмен, олардың арасындағы бұрыннан келе жатқан қарама-қайшылық бұл елдердің еуропалық саясатты бірігіп жүргізуіне кедергі келтірді. Еуропадағы саясатты жүргізіп бақылауда негізгі күш Францияның үлесінде болды. Сондықтан Франция болашақта Германияға қайтадан күшейіп бас көтерттірмеудің барлық шараларын жасауға тырысты. Осыған байланысты 1920 жылы Франция Бельгиямен, 1921 жылы Польшамен қорғаныс келісімдерін жасасты. Францияның ұсынысымен 1921-1922 жылдары Чехословакия, Румыния және Югославия бірігіп өз араларында келісімге келіп, әскери саяси блок Кіші Антантаны құрды.
Францияның осындай саясатына қарамастан жеңген мемлекеттер Еуропада тұрақты саяси тәртіп орната алған жоқ. Мұның өзі Версаль жүйесінің қарама - қайшылыққа толы екендігін көрсетті.
