- •Бірінші дүние жүзілік соғыс және халықаралық қатынастар.
- •1.1 Дүние жүзілік соғыс және белді державалардың саясаты.
- •Париж конференциясы: барысы және мемлекеттердің ұстанымдары.
- •Халықаралық қатынастардың Версаль-Вашингтон жүйесінің қалыптасуы.
- •Халықаралық қатынастардың Версаль жүйесінің құрылуы.
- •Вашингтон конференциясы және оның шешімдері.
- •3 Версаль-Вашингтон жүйесінің халықаралық қатынастар жүйесіндегі орны
- •Халықаралық қатынастардың жаңа жүйесінің қарама- қайшылығы
- •Версаль-Вашингтон жүйесінің дағдарысы
- •Қорытынды
- •Пайдаланған әдебиеттер:
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Бірінші дүние жүзілік соғыс адамзат тарихында болмаған ірі қасіретке әкелді. Соғыс жылдары он миллионнан астам адам қаза тауып, жиырма миллионнан астамы жарақаттанды. Соғыс отыз төрт мемлекетті қамтып, оншақты майданда жүрді.
Соғыста жеңген Антанта мемлекеттері соғыс аяқталысымен, халықаралық жағдайды реттеп, соғысқа кінәлілермен келісімдер жасау үшін арнайы конференция шақырды. Конференцияның бір ерекшелігі оған жеңілген мемлекеттер мен коммунистік Ресей шақырылған жоқ. Барлық келісімдер алдын ала дайындалып, содан соң ғана жеңілген мемлекеттер шақырылып қол қойғызылды. Сөйтіп, Париж конференциясында соғыстан кейінгі әлемдегі жағдай қайта қарастырылып, бірнеше шешімдер қабылданды. Конференцияға бірінші рет Америка Құрама Штаттары (АҚШ) қатысты. АҚШ-тың президенті В.Вильсон өзінің «он төрт пункт» бағдарламасы арқылы бірінші рет халықаралық қатынастарды демократиялық негізде реттеуге талпыныс жасады. Париж конференциясы өзінің маңызы жағынан нәтижелі мәжілістердің бірі болды. Жеңген мемлекеттердің өздерінің арасындағы кейбір келіспеушіліктерге қарамастан жалпы алғанда жеңілген мемлекеттердің әрқайсысымен келісім шарт жасауға мүмкіндік болды.
Соның нәтижесінде жеңілген мемлекеттер Германиямен Версаль келісім шартына, Австриямен Сен-Жермен, Венгриямен Трианон, Болагриямен Нейи және Түркиямен алдымен Севр, кейін Лозанна келісіміне қол қойылды. Бұл әрине жеңген мемлекеттердің ірі дипломатиялық табысы еді. Сонымен бірге конференция кезінде Ұлттар Лигасы атты халықаралық ұйымның құрылуы Еуропа халқының бұдан былай бейбіт, қауіпсіз өмір сүруге деген ұмтылысын көрсетті.
АҚШ-тың соғыстан кейінгі саясаттағы белсенділігі Вашингтон конференциясын ұйымдастыруынан көрінді. АҚШ Қиыр Шығыс пен Тынық мұхиты аймағына өзінің бақылауын орнатқысы келетінін көрсетті. Конференция барысында қол қойылған «Төрт державның трактаты», «Бес державаның трактаты» және «Тоғыз державаның трактаты» атты келісім шарттарда Жапония мен Қытайдың жағдайы қарастырылып, теңіздегі қарулану бойынша шешімдер қабыланды. Вашингтон конференциясы Азия тынық мұхиты аймағындағы халықаралық қатынастарды реттеп, теңіз қаруларын шектеуде көрнекті рөл атқарды.
Соғыстан кейінгі болған Париж конференциясы мен Вашингтон конференцияларының тарихи маңызы сонда олар біріншіден, коллективтік дипломатияның көрінісі болды, екіншіден, халықаралық қатынастардың жаңа бір жүйесінің қалыптасуына себеп болды. Париж конференциясы Еуропадаға саяси жағдайды және отар жерлер мәселесін реттесе, Вашингтон конференциясы Қиыр Шығыстағы жағдайды реттеп, теңіздегі қарулану мәселесін шешуде нақты қадам болды.
Конференциялардағы қабылданған шешімдер әлемдегі саяси жағдайды реттеп, күштердің ара салмағын белгілеуде маңызы болды. Сонымен қатар екі конференцияда қабылданған сегіз келісім шарт халықаралық қатынастардың Версаль- Вашингтон жүйесінің негізін қалады.
Жоғарыдағыларды айта келе тақырыптың өзектілігі Версаль- Вашингтон жүйесінің бірінші дүние жүзілік соғыстың дипломатиялық негізде аяқталуының көрінісі болғандығымен және оның тұрақсыздығы мен қарама-қайшылығы екінші дүние жүзілік соғыстың басталуына себеп болғандығымен айқындалады. Сонымен қатар қазіргі кездегі халықаралық қатынастардағы қарама-қайшылықтарды реттеу осы Версаль-Вашингтон жүйесіндегі орын алған дағдарыстың тәжірибесін зерттеуді қажет етеді.
Себебі Версаль-Вашингтон жүйесінің мақсаты халықаралық қатынастарды коллективтік қауіпсіздік және халықтардың өзін өзі басқаруын енгізу негізінде қалыптастыру болды. Сонымен қатар бұл жүйе Ұлттар Лигасының басқаруымен жария дипломатияның негізінде дамуды көздеді.
Зерттеудің нысаны Версаль- Вашингтон жүйесінің қалыптасуы, дамуы, қарама-қайшылығы мен дағдарысы болып табылады.
Зерттеудің пәні жеңген мемлекеттер мен жеңілген мемлекеттер арасында қабылданған келісім шарттар және сол кездегі халықаралық қатынастардағы жағдай.
Зерттеудің мақсаты Версаль-Вашингтон жүйесінің қалыптасуы және ондағы белді державалар арасыныдағы келіспеушіліктер мен әлемдік саясаттағы орын алған негізгі оқиғаларды ашып көрсету, халықаралық қатынастардың жаңа жүйесінің дағдарысының себебін анықтау болып табылады.
Осы мақсатқа жету үшін келесідей міндеттер алға қойылды:
бірінші дүние жүзілік соғыс барысындағы белді державалардың саясатының мәнін ашып көрсету;
Париж конференциясының мақсаты мен одағы жеңген мемлекеттердің ұстанымдарына талдау жасау;
Жеңілген мемлекеттермен жасалған әрбір келісім шарттарға талдау жасау, мазмұнын ашып көрсету;
Вашингтон конференциясының мақсаты мен онда қабылданған шешімдерді сараптау;
Версаль Вашингтон халықаралық жүйесінің ерекшеліктерін, осал тұстары мен қарама қайшылықтарын зерделеу;
Халықаралық қатынастардың жаңа жүйесінің дағдарысының себебңн анықтап, оның халықаралық қатынастарда алатын орнына баға беру.
Зерттеудің деректік негізіне Париж және Вашингтон конференцияларында қабылданған сегіз келісім шарттың мәтіндері жатады. Атап айтқанда 1919 ж. Версаль келісім шарты, 1919 ж. Сен-Жермен келісім шарты, 1919 ж. Нейи келісім шарты, 1920 ж. Трианон келісім шарты және 1920 ж. Севр келісім шарты мен 1923 ж. Лозанна конвенциялары.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Бірінші дүние жүзілік соғыс пен оның нәтижесі және халықаралық қатынастардың Версаль-Вашингтон жүйесінің қалыптасуы ғылымда кеңірек, жан-жақты зерттелген тақырыптардың бірі. Зерттеу тақырыбын ашып көрсетуде отандық және шетелдік, әсіресе ресей ғалымдарының еңбектері кеңінен пайдаланылды. Сонымен бірге кезіндегі американ мемлекеттік хатшысы Г.Кииссинджердің «Дипломатия» атты еңбегінің де осы мәселеге американдық ғылымның көзқарасы мен пайымдауларын анықтауда үлкен көмегі болды. Автор өз еңбегінде бірінші дүние жүзілік соғыс аяқталып, әлемдік саясатта жаңа тәртіптің орнау үрдісін кеңірек зерттеген. Еуропа мемлекеттерінің ұстанымдарын талдай отырып және АҚШтың осы бағыттағы саясатының ерекшеліктерін көрсете отырып, халықаралық қатынастардың жаңа тәртібінің мәнін өзіндік көзқараспен ашып көрсете білген еңбектің құндылығы зерттеудің мәні мен мазмұнын ашып көрсетуде маңызды болды.
Сонымен бірге зерттеуде белгіленген мақсаттарды зерделеуде отандық ғалымдар К.Е.Байзақованың бастауымен орындалған зерттеулердің, М.Ш.Губайдуллиналардың еңбектерінің үлесі зор болды.
Ресейдің Сидоров А.Ю., Келейменова Н.Е., Уткин А.И., А.В.Торкунов, М.М.Наринский, Стыкалин А.С., Кабардин М.С., Наумов А.О. сияқты ғалымдарының еңбектері зерттеу барысында белгіленген міндеттерді ашып көрсетуде маңызы қомақты болды.
Зерттеудің әдістемелік негізіне жүйелік әдіс алынды, себебі Версаль- Вашингтон халықаралық жүйесінің қалыптасуының тарихи жағдайын ашып көрсетуде жүйелік әдіс тиімді болып табылды. Сонымен бірге халықаралық қатынастардың жаңа жүйесінің қалыптасуы, дамуы және дағдарысқа ұшырағанға дейінгі жағдайын анықтап, талдап, зерделеуде тарихилық әдіс пайдаланылды.
Зерттеудің негізгі қорытындысы. Версаль-Вашингтон жүйесі көп өмір сүрмегенмен, оның кейбір баптары «қырғи-қабақ соғыс» аяғына дейін күшін жоймағандығымен және бірінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі шиеленісті бәсеңдетіп, дәл сол кезде халықаралық қатынастарды реттеп, әлемдік саясатта белгілі бір тәртіп орнатудағы маңызымен ерекшеленеді деуге болады. Сонымен бірге халықаралық қатынастрада біраз уақыт болса да бейбітшілік орнап, мемлекеттердің экономикасын қайта өркендетуге жағдай жасалды.
Версаль-Вашингтон жүйесі Еуропада жаңадан бірнеше мемлекеттердің пайда болуына жол ашты және бұдан былайғы кезеңде халықаралық қатынастардағы барлық даулы мәселелерді Ұлттар Лигасы сияқты ұйым құра отырып, коллективтік дипломатияның негізінде шешу қажеттігіне жол салып берді.
Зерттеудің құрылымы. Диплом жұмысының құрылымы кіріспеден, үш тараудан және қорытынды мен пайдаланған әдебиеттерден тұрады.
Бірінші дүние жүзілік соғыс және халықаралық қатынастар.
1.1 Дүние жүзілік соғыс және белді державалардың саясаты.
1914 жылдың жаз айында әлем мемлекеттері бірінші рет жер шарының басым мемлекеттерін қамтыған дүние жүзілік соғысқа килікті. Соғыстың басталуына сол кезде империалистік мемлекеттердің арасында әлемді бөлісу, рынок көздері мен маңызды сауда жолдарына деген үстемдік және экономикалық дағдарыстан шығу мәселелері себеп болды.
ХІХ ғасырдың соңында ғана ұлттық мемлекетке бірігіп, біртұтас империяға айналған Германияның отар жерлерді иеленуге, әлемде үстем мемлекетке айналуға деген ұмтылысы соғысты бастауға түрткі болды. Осы мақсатын жүзеге асыру үшін Германия өзімізге белгілі 1882 жылы Үштік Одақты құрған болатын. Үштік Одақ Германия, Австро-Венгрия және Италия арасындағы бірінші әскери-саяси одақ болды. Оған қарсы Англия, Франция және Ресей 1904 жылы Антанта одағын құрған болатын. Осы екі әскери блоктың құрылуының өзі болашақта бұл елдердің арасында қандай да бір қарама- қайшылықтың басталатындының айғағы еді.
Соғысқа қатысушы әрбір мемлекеттің өзінің көздеген мақсаттары болды. Атап айтқанда соғыс басталғанда Германияның көздегені Еуропада өзінің саяси және экономикалық үстемдігін орнату, отарларды қайта бөлісу арқылы бүкіл әлемді билеу болды. Оның одақтасы Австро-Венгрия болса Балқандағы үстемдікке жеткісі келді. Сонымен бірге өзінің бұрыннан бергі жауы Сербияны жоя отырып, өз территориясындағы славян халқына соққы беруді ойлады. Италия болса Жерорта теңізіндегі үстемдігін күшейтуді көздеді.
Кейіннен қосылған Түркия мен Болгария өз елдерінің территориясын кеңейтіп, аймақта өздерінің ұстанымдарын күшейтіп алғысы келді. Түркия негізінен Оман империясының күшін қалпына келтіріп, оған бүкіл түркі халықтарын қоса отырып, Ұлы Тұран мемлекетін құрғысы келді. Болгария болса екінші Балқан соғысында жеңіліп қалған есесін қайтарып, Балқан түбегіндегі елдерді Ұлы Болғар мемлекетіне қосқысы келді. Былай алып қарағанда әрбір мемлекеттің үстемдікке ұмтылуын көреміз.
Түркияның өзінде бұл кезде армия немістің қаруымен қаруланып, неміс әскери нұсқаушылары жұмыс жасап жатқан болатын.
Өз кезегінде Антантаның үш державасының да көздеген мақсаттары болды. Олар тек Германияның қаупіне қарсы күресіп қоймай, өздерінің халықаралық қатынастардағы позициясын нығайтуды мақсат етті. Соғыс барысында державалар арасында соғыстан кейінгі халықаралық қатынастарды реттеу мәселесі бойынша үздіксіз келіссөздер жүргізілді.
1915 жылы наурыз-сәуір аларында жүргізілген келіссөздер кезінде Антанта елдері соғыста жеңіске жеткен соң Ресейдің Түркияның Қара теңіздегі екі бұғазы - Босфор мен Дарданеллды өзіне қосып алуына қарсы еместіктерін білдірді. Ресей болса Германияның иеліктеріне таласпайтындықтарын білдірді.
1916 жылы Түркия еліне қатысты Сайкс-Пико келісімі қабылданды. Ол келісім бойынша Антанта державалары Түрік империясының жерін бөлісуді көздеді. Англия мен Франция Түркияның Еуропалық және Кіші Азия түбегіндегі жерлерін иеленетіндіктерін білдірді. Ресейге түріктік Армения жерлері қосылатын болды.
Соғыстан кейін Еуропадағы саяси жағдайды реттеу мәселесінде Антанта елдері өзара бір нақты келісімге келе алмады. Әрбір ел өздерінің жоспарларын ұсынды. Мысалы, Ресейдің сол кездегі сыртқы істер министрі С.Д.Сазонов Шығыс Еуропаны ұлттық негізде қайтадан құрудың жоспарын ұсынды. Бұл жоспар Австро Венгрияны бөлуді, одан Венгрия мен Чех республикаларының бөлініп шығуын қарастырды. Австрияның оңтүстік славяндар қоныстанған бөлігі Сербияға қосылуы керек болды, Польша мен Украинаның жерлері Ресейге қосылуы керек болды. «Сазоновтың жоспарын» Антанта елдері жақтырмады. Олардың бір келіскен жерлері Австро-Венгрия, Германия және Ресейдің территориясындағы поляктар қоныстанған жерлерді біріктіріп, Ресейге қосу болды. Соның өзінде Ресей оларға кең көлемдегі автономия беруге тиіс болды.
Франция болса соғыстан кейін Батыс Еуропаны реттеудің жоспарын ұсынды. Ол бойынша Германиядан Эльзас және Лотарингия жерлерін ғана қайтарып алмай, Рейн өзенінің сол жағалауындағы жерлерді де алғысы келді. Одақтастар Францияның Эльзас пен Лотарингияны қосып алғанына қарсы болмаса да, әсіресе Ұлыбритания Рейн өзені жерлерін қосып алуға қарсы болды. Бұл ұсыныс Ресейге еш кедергі келтірмейтін еді, сондықтан оған бәрібір болды.
Антанта елдеріне кейін келіп қосылған Италия, Румыния және Жапониямен де одақ державалары өзара келісімдерге келді.
Сөйтіп соғыс барысында Антаната елдері соғыстан кейін жеңілген елдер территориясы есебінен өздерінің жағдайларын нығайтуды көздегені белгілі болды. Дегенмен олардың бұл жоспарлары толық жүзеге асқан жоқ, себебі бірнеше жылға қатар созылған соғыс олардың бұл жоспарларына өз өзгерісін енгізді.
Соғыстың созылып кетуі, екі жақтың да соғысты тез арада жеңіспен аяқтауға деген стратегиялық жоспарлары орындалмай, біраз қаржылай, материалдық шығындарға ұшырауына алып келді. Сонымен бірге соғыстан шаршаған халық арасында оған қарсы наразылық күннен күнге күшейе берді. Барлық соғысушы елдерде соғысқа қарсы халықты бағыттаушы күштер жұмыс жасады. Сондықтан соғысушы екі жақтың арасында өзара компромисске келу туралы ұсыныстар жасалып жатты. Екі жақ та 1916 жылы Амерканың Құрама Штаттарының (АҚШ) президенті В.Вильсонның соғысушы жақтарға келісімге келу туралы жасаған ұсынысын қабылдамады. Соғысты одан әрі жүргізе беретіндігі белгілі болды.
Осы кезде соғыс барысындағы ең маңызды, әрі әлемді дүр сілкіндірген оқиға Ресейдегі 1917 жылғы ақпан төңкерісі болды. Халықтың еш пайдасы жоқ соғысқа деген наразылығы, елдегі әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың тереңдегенін, елдің әскери, экономикалық потенциалының әлсірегенін көрсетті. Ақпан революциясы елде монархиялық билікті жойып, патшаны тақтан құлатып, елде билік басында Қос өкіметтің - Уақытша үкімет пен Петроград жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңесінің пайда болуына алып келді. Мұның өзі елдің ішкі жағдайын тіпті қиындатып жіберді.
Ресейдегі революция және монархиялық биліктің жойылуы онсыз да әлсірей бастаған Антанта елдерінің жағдайын нашарлатып жіберді. Осы кезде Төрттік одақтың күші жеңіп кете ме деген қауіп туды. Соғыс барысын бақылап отырған АҚШ Германияның жеңіп үстемдікке жеткенін қаламады. Осы кезде, яғни, 1916 жылы екінші мерзімге президент болып сайланған В.Вильсон жағдайдың қиындап кеткенін көріп, соғысқа араласпаса Антанта елдері жеңіліп қалуы мүмкін деген ойға келді. АҚШ конгресі соғыста бейтараптық сақтаймыз деп шешім қабылдағанына қарамастан, 1917 жылы қаңтар айынан бастап күшейе бастаған Германияның Атлантикада су асты сүңгуір қайықтарының соғысын сылтауратып (немістердің су асты сүңгуір қайықтарының соғысынан американ кемелері де зардап шегіп жатқан болатын) 1917 жылы наурыз айында В.Вильсон Антанта жағында соғысқа кіретінін жариялады. Сөйтіп соғысқа АҚШ араласатын болды. Осыған дейін АҚШ соғысқа бақылау жасап, соғысушы жақтарға бір жағынан қаржылай, екінші жағынан қару-жарақ сатып көмектесіп, біртіндеп пайда тауып жатқан болатын.
Ресейдегі ақпан революциясы, одан кейін АҚШ-тың соғысқа кірісуі майдандағы жағдайға біраз өзгеріс әкелді.
Ресейдің өзінде соғысты жалғастыру керек пе, жоқ па деген мәселе дау тұрды. Осы мәселе бойынша Уақытша үкімет пен Петроград жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңесінің арасында дау жүрді. Петроград жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңесі жаңа Ресейдің соғыстағы ендігі мақсаты - «халықтардың өзін-өзі билеуді анықтауда аннекциясыз және контрибуциясыз бейбітшілікке жету», сондықтан соғыстан бейбіт келісіммен шығуды ұсыныды. Петербор Кеңесі депуттаттары аннекциясыз, яғни Ресейге ешқандай жаңа жерлерді қоспай, контрибуциясыз, яғни соғысушы жақтар бір- біріне соғыс шығынын талап етпей соғыстан шығудың өзі Ресей үшін тиімді жағдай деп түсінді [1].
Бұл ұсыныс Уақытша үкімет мүшелері арасында қызу пікірталас тудырып, олардың өзі осы соғысқа қатысу мәселесі бойынша өзара келісімге келе алмай, сол кездегі сыртқы істер министрі П.Н.Милюков және әскери министр А.И.Гучков отставкаға кететіндерін жариялады. Олар Петербор Кеңесінің соғыстан бейбіт жолмен шығу туралы ұсынысына қарсы болды. Ұзақ пікірталастан соң Уақытша үкімет Петроград жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңесінің ұсынысын өз бағдарламасына енгізді. Себебі осындай жағдайда Ресейдің одан әрі соғысқа қатысуы онсыз да әлсіреп қалған экономика мен халықтың әлеуметтік жағдайына ауыр тиетінін барлығы түсінді. Жаңадан сайланған сыртқы істер министрі М.И.Терещенко дәл осы сәтте қалыптасқан әскери-саяси жағдайда аннекциясыз және контрибуциясыз бейбітшілікке қол жеткізу әлсіреген Ресей үшін тиімді жағдай екендігін жақсы білді. Сондықтан ендігі жерде соғысушы жақтарды Ресейдің соғыстан шығу жағдайын қабылдауға дайындау қажет болды.
Ресейдегі революция соғысушы жақтарды алаңдатып тастады. Осы кезде соғысқа кіріскен АҚШ біраз да болса Төрттік Одақтың екпінін басуға тырысты. Франция мен Ұлыбритания Ресейдегі революция мен өзгерістерді мұқият аңдып қарап, Ресейдің не де болса соғысты аяғына дейін жүргізуіне мүдделлі болды.
Дегенмен осы кездегі халықаралық жағдайдың өзгеруіне Ресейдегі 1917 жылғы қазан төңкерісі әсер етті. Бұл жолы В.И.Ленин бастаған большевиктер мемлекеттік билікті басып алып, Ресейде социалистік республиканың құрылғанын жариялады. Мұның өзі соғысып жатқан империалистік мемлекеттерді шошытып тастады. Ресейді қайтсе де соғыс майданында қалдыруға тырысқан Антанта елдері үшін бұл үлкен соққы болды.
Осы кезде Ресейдегі революциялық күштер соғысушы елдердің халықтарын өз үкіметтеріне қарсы шығып, ешкімге пайдасы жоқ соғысты тоқтатуға шақырды. Ресейдегі В.И.Ленин бастаған большевиктер соғыс әрекеттерін бүкіл әлемдік революцияны бастауға пайдалануға тырысты.
Сонымен бірге Лениннің билік басына келген соң 1917 жылы 26-қазанда бірінші қабылдаған құжаты Бітім туралы Декрет болды. Декрет соғысушы елдерді аннекциясыз және контрибуциясыз, халықтардың өзін өзі басқаруын өзіне беріп соғысты тоқтатуға шақырды. Сонымен қатар Декрет большевиктердің бұдан кейін дипломатияны ашық жүргізу және құпия келісім шарттарды халыққа жариялау туралы мақсаттарын көрсетті. Құжатта аннекциялық сипаттағы барлық келісі шарттар жойылады делінді. Сонымен бірге құжатта большевиктер «барлық елдердің пролетарларын тек бейбітшілікті қолдап қана қоймай, еңбекшілерді құлдық пен қанаудан босату үшін күреске шақырды» [2, с.38].
Осы үндеулері арқылы Ресей большевиктері бүкіл дүние жүзіндегі жұмысшыларды капитализмге қарсы күресуге шақырды. Сонымен бірге 1917 жылы қараша айында большевиктер Ресей халықтарының құқы туралы Декларация қабылдады. Онда Ресей империясының барлық халықтары тең құқылы, әрбір ұлт өзін өзі басқаруға, тіпті жеке тәуелсіз мемлекет болып бөлінуге ерікті деп жарияланды. Осы Декларация және осы кезде жарияланған Ресей және Шығыс мұсылмандарына арналған Мәлімдеме барлық жерде халықтың ұлт-азаттық соғысқа көтеріледі және империялизмге күйрете соққы беріледі деген большевиктердің мақсатын көрсетті.
Ресейдегі қазан революциясы оның құрамындағы мемлекеттерге де қозғау салды. Осы кезде Украинада Ресейдің құрамында автономия алуды көздеген топ шықты. Кейін қазан төңкерісінен кейін Украина территориясындағы күштер Ресейдегі Кеңестер билігін мойындамай, 1917 жылы қараша айында Рада Украин Халық Республикасының (УХР) құрылғынын жариялады, 1918 жылы қаңтар айында УХР-дың тәуелсіздігін жариялады. Кеңестер Одағы «Ресей халықтарының құқығы туралы Декларация» бойынша УХР-ды мойындаған шешім қабылдады. Бірақ Украинаның жағдайы осы кезде қиын болды, себебі ел екіге бөлінді. Оның шығысындағы халық Украинада Кеңестер билігі орнады деп жариялады, яғни Харьковта Украин Кеңестік Республикасы жарияланып, большевиктер Киевке қарсы шабуылдарын бастады [3, с.39].
Соғысушы мемлекеттер Ресейдегі осы оқиғаларды қадағалауда болды. Антанта елдері большевиктер билікте тұрақты түрде қалып қояды дегенге сенбеді және олардың соғысты бейбіт келісіммен аяқтау туралы ұсыныстарын қабылдамады. Олар Ресейдегі большевиктердің билігін мойындамады және Кеңестер елі Германиямен соғысты тоқтату туралы келісімге келе алмайды деп пайымдады.
Өз кезегінде Германия және оның одақтастары осы жағдайды өз жағдайын жақсартуға пайдалануға тырысты. Олар Ресеймен уақытша келісімге қол жеткізіп, оны соғыстан шығарып, Англия мен Францияға қарсы соғысты жеңіспен аяқтауды көздеді. Осыған байланысты 1917 жылы 20-қарашада немістер басып алған Ресей жеріндегі Брест-Литовскі қаласында кеңестер үкіметі мен Герман әскери командованиесі арасында келіссөздер басталды. Германиямен келіссөз біршама қиын жағдайда жүргізілді. Бірнеше рет келіссөз өзара келісе алмағандықтан үзіліп қалды. Оған себеп немістердің большевиктерге Ресей үшін өте ауыр талаптарды қоюы еді. Келіссөздің бірінші кезеңінде Германия Ресейге аннекциясыз және контрибуциясыз келісімге «егер немістер басып алған территориядағы орыс емес халықтар Ресейдің қамқорлығынан бас тартып, Германия бақылауына өтуге» келіссе ғана қол қоятындығын білдірді. Бұған Кеңестік Ресей делегациясы бірден келісе қоймады, сондықтан келіссөздер тоқтатылды. Бқл жағдай Ресейдің өзінде большевиктер арасында осы келіссөздерде қойлыған талаптар төңірегінде ұзақ дау тудырды.
1917 жылы 27- желтоқсанда Германия мен Кеңестік Ресей арасында келіссөздер қайта басталды. Кеңестер делегациясын сол кезде сыртқы істер халық комиссариатын басқартын Л.Д.Троцкий бастап келді. Германия делегациясын генерал М.Гофман басқарды. Екі жақ та бір біріне мүдделеріне қайшы келетін ұсыныстар жасауына байланысты келіссөздер ұзағырақ жүрді. Осы кездесуде Ресейдің жағдайын қиындатқан мәселе УХР-ның өкілі С.В.Винниченко бастаған делегацияның келіп келіссөзге араласуы болды. Украина делегациясы Ресейдегі кеңестерді мойындамайтынын және өздерінің толық тәуелсіздік алғысы келетінін білдіріп, олар да Германиямен келісімге келетіндіктерін білдірді.
Германия Украина өкілдеріне қолдау көрсете отырып, осы келіссөз барысында украиндықтардың талаптарын қанағаттандыруға тырысты. Оның мәні украиндықтар Австор-Венгрия құрамындағы украин халқы тығыз қоныстанған аймақты Украинаға қосуды, немесе автономия беруді өтінген болатын. Осы мәселе бойынша Германия Австро-Венгрия қысым жасай отырып, оны құрамындағы украин халқы тығыз қоныстанған аймаққа автономия беруге мәжбүрледі. Сонымен бірге осы келіссөз барысында Украинаның Польша мен Белоруссиямен шекрасы мәселесі де келісілді. Сөйтіп УХР Кеңестік Ресейден мүлде бөлек саясат ұстанатынын көрсетті.
1918 жылы 5-қаңтарда немістер Төрттік Одақтың атынан өздерінің жаңа ұсыныстарын жасады. Немістердің талабы бойынша Германия өзі жаулап алған поляк, латыш, литва, эстон аралдарын өзінде қалдыратынын, Кеңестік Ресей Украин Халық Республикасын мойындау керектігін, сонымен қатар Кеңестер Армиясын Осман империясының территориясынан және Австро-Венгрия жерінен шығаруға міндетті болды. Бұл ұсыныс Кеңес делегациясы үшін күтпеген ұсыныс болды. Сонымен бірге ол Кеңестік Ресейдің толық жеңілгенін және біраз территориясының аннекцияға ұшырайтынын көрсетті. Кеңестер Одағының «аннекциясыз және контрибуциясыз бейбіт келісім» деген ұсынысының талқаны шықты.
Кеңестер одағы үшін бұл толық жеңіліс еді. Ешқандай мемлекеттен қолдай таппаған Кеңестер Одағы қиын жағдайда қалды. Мұның өзі большевиктер партиясының өзінде үлкен күрес тудырды. Ендігі жерде Кеңестік Ресей жеңілгенін мойындап, немістердің талабын қабылдауы керек болды немесе соғысты жалғастыруы қажет болды. Осындай жағдайда Ленин табанды түрде немістердің ұсынысын қабылдауды жақтады. Ол Ресейдің бұдан әрі соғысты жалғастыруға экономикалық жағдайы жетпейтіндігін, тіпті армия әскерлерінің большевиктердің өзіне қарсы шығу қаупі бар екенін алға тартты. Большевиктер өз билігін елде сақтап қалу үшін уақытша осы шартты қабылдауымыз керек, кейін халықаралық жағдай жақсарғанда қайтадан осы мәселені Кеңестік Ресейдің мүддесіне сай шешуді ұсынды. Ленин дәл қазіргі жағдайда, өздеріне жау империалистік мемлекеттердің қоршауында Кеңестік Ресей соғыса да алмайды, қандай да бір талаптарын қоя да алмайды деген пікірде болды. Дәл қазір осы шарттарға келіспесек, елдің жағдайы одан да әрі нашарлауы мүмкін деді. Бірақ Лениннің бұл ұсынысын ешкім қолдамады. Осы кезде Троцкий аннекциялық сипаттағы келісім шартқа қол қоймай, армияны да соғыстырмай, майданнан алып кету туралы ұсыныс жасады. Сөйтіп Кеңестер жағы нақты шешімге келместен, осы ұсынысты қолдауды жөн көрді.
1918 жылы 17-қаңтарда Брест Литовскіде екі жақтың арасында келіссөз қайта басталды. Германия Кеңестер жағынан алдында ұсынған шарттарға жауап беруін талап етті. Л.Троцкий Кеңестік Ресейдің аннекциялық шартқа қол қоймайтынын, армияны соғыс майданынан әкетіп, соғыстан шығатынын жариялады. Осыдан соң Кеңестік Ресей делегациясы қайтып кетті.
Кеңестік Ресейдің бұл жауабына қанағаттанбаған Германия оларға қарсы соғыс әрекетін жалғастыруға шешім қабылдады. Сөйтіп Кеңестік Ресейге қарсы герман әскерлерінің соғыс әрекеті қайта басталды. 1918 жылы ақпан айында немістер барлық майданда шабуылды қайта бастап, елдің ішкергі жағына басып кіре бастады. Оған қарсы соғысқан бірде бір солдат болмады. Осындай қиын жағдайда Ленин Орталық Комитеттің барлық мүшелерін немістердің талабын қабылдауға келістірді. Алайда Германия жағы соғысты тоқтатып келіссөзге келуге асықпады. Олардың соғыс әрекеттері жалғаса түсіп, тек қана ақпан айының соңына қарай келіссөзге келетіні туралы жауаптарын берді.
Кеңестік Ресей мен Германия арасындағы келіссөздер қайтадан басталды, бұл жолы Германия өзінің бұрынғы талаптарын одан әрі күшейтті. Немістердің жаңа талаптары бойынша оның алдында айтылған поляк, латыш, литва жерлерінен басқа, кейінгі кезде жаулап алынған эстония және белоруссияның бір бөлігін өзіне қосатыны мәлімделді. Сонымен бірге Кеңестік Ресей Украинаның тәуелсіздігін мойындауы керек болды, Түркияға Карс, Ардаган және Батум жерлерін беруге тиіс болды. Германия осы келісімде Ресейден экономикалық жеңілдіктер де талап етті. Ол 1904 жылғы Ресейге тиімді емес сауда экономикалық шартты қайтадан қалпына келтіретінін айтты.
Германияның осындай ауыр талаптары Орталық комитетте өткір дау тудырды. Н.И.Бухарин бастаған «солшыл коммунистер» немістерге қарсы революциялық соғыс жүргізуді талап етті. Ленин әрең дегенде отставкаға кетем деп қорқыта отырып, Германияның талаптарын қабылдауға Орталық комитетті келістірді. В.И.Ленин қазіргі кезде Кеңестік Ресейдің бұдан ары соғысты жүргізе алмайтынын, жеңіліп Германияның қол астында қалуға тура келетінін басып айтты. Сонымен бірге кейін жағдай жақсарғанда бұл жерлерді қайтадан қайтарып алуға болатынын атап көрсетті. Осыдан соң Орталық комитет келісім шарқа қол қоюға келісті. Осы жағдайдан кейін Л.Троцкий отставкаға кетті.
1918 жылы 3-наурызда Г.Я.Сокольников бастаған кеңестер делегациясы Төрттік Одақпен жоғарыда айтылған талаптар негізінде уақытша келісімге қол қойды. Келісім шарт бойынша Кеңестік Ресейден жалпы көлемі 780 шаршы км. құрайтын территория Германияға берілді [4].
Брест-Литовск келісім шарты тек қана Кеңестік Ресейге ғана емес, Антанта елдеріне де ауыр соққы болды. Кеңестік Ресейден кейін соғыстан Румыния шықты. Осыдан соң Төрттік Одақ толығымен Шығыс Еуропаға өзінің бақылауын орнатты десе болады.
Антанта елдері Кеңестік Ресейге Брест шартын қабылдамауға, одан соң оны бекіттірмеуге тырысты. Алайда бұл әрекеттерінен нәтиже шықпаған соң, олар Кеңестер еліне интервенция ұйымдастыруды қолға алды. Антанта елдері Мурманскіні немістер басып алмас үшін кеңестермен келісе отырып өз армияларын осы портқа түсірді, кейін оны кеңестерге қарсы интервенцияға пайдалануға тырысты. Сонымен бір мезгілде Ұлыбритания мен Францияның қолдауымен Қиыр Шығыста Кеңестік Ресейге қарсы Жапонияның интервенциясы басталды.
Закавказьеде түріктер Брест келісімі бойынша алуға тиіс территорияларды басып ала бастады. Бұған әрине Кавказ мемлекеттері қарсы болды. 1918 жылы Армения, Грузия және Әзербайжан өздерінің тәуелсіздігін жариялады. Антанта елдері бұл мәселеге белсенді араласа алмады, тек Англия 1918 жылы түріктерге қарсы өзінің армиясының бір бөлігін Бакуге кіргізді және соғыстың соңына дейін оның армиясы Әзербайжанда қалды.
Брест келісім шартының Ресей үшін тағы бір ауыр тұсы Украинадан айырылуы еді. Украинаның батысы УХР деген атпен Германияның бақылауында қалса, Шығысында Кеңестік Украин Республикасы Кеңестік Ресейдің құрамында қалды. УХР территориясындағы украин халқы немістердің жүргізген саясатына барынша қарсы шықты. Өйткені Германияның басты мақсаты УХР-ның тәуелсіздігін қорғау емес, оның бар мақсаты өз армиясын украиндықтар есебінен азық түлікпен қамтамасыз ету болғандықтан, жергілікті халықтың наразылығы күшейе түсті. Осындай жағдайда 1918 жылы сәуір айында елде төңкеріс болып, билікке немістерді жақтайтын гетман П.П. Скоропадский келіп, УХР жойды, Раданы таратты, сөйтіп өзінің жеке билігін жүргізе бастады. Осыны пайдаланып немістер өзінің мақсаттарын орындай бастады, олар біртіндеп жаулап алған жерлерін кеңейтіп, 1918 жылдың жазына қарай курск, воронеж, дон аймақтарын және Қырымды басып алды.
Германияның бұл әрекеті Ресейдің ішкі жағындағы саяси жағдайды одан әрі күрделендіріп жіберді. Ленинге қарсы топтар-солшылдар Брест келісім шартынан бас тартып, Германияға қарсы соғыс ашуды талап етті. Бұл кезде Ресейдің өзінде азамат соғысы басталып жатқан болатын, сондықтан немістерге қарсы соғысу мүмкін емес болды.
Бұл кезде Франция мен Англия Германия мен оның одақтастарына қарсы соғысты тоқтатпаған еді. Брест келісім шарты Төрттік Одақ елдерін соғыста жеңілістен сақтай алмады. Франция мен Англия Германияға қарсы қарулы күштерін одан сайын нығайта алды. Осы кезде оларға көмекке АҚШ келді. 1918 жылдың көктемінде американ әскерлері Франция территориясына түсіріліп, күзге қарай олардың саны 2 млн. адамға жетті. Германия шығыста жеткен жеңісін енді батыста бекіту үшін барлық күшін батыс майданға бағыттауға тырысты. Алайда 1918 жылдың мамыр айынан шілде айныа дейін жүргізген төрт ірі шабуылы оларға ешқандай жеңіс әкелген жоқ. Сондықтан негізгі күштерін әлсіретіп алған Германия ендігі жерде қорғаныс соғыстарына көшті.
1918 жылдың қыркүйек айында Антанта әскерлері Балқан түбегінде неміс армиясына күшті соққы берді, сонымен бір мезгілде Батыс майданда да үлкен шабуылға шықты. Осы кезден бастап Төрттік Одақ ыдырай бастады. 1918 жылы 29-қыркүйекте Болгария жеңілгенін мойындады. 1918 жылы 30-қазанда Осман империясы соғыстан шықты. 1918 жылы қазанда Германияның ең басты одақтасы Австро-Венгрия өзінің жеңілгенін білдірді. 1918 жылы 30-қазанда Венгрия өзінің австриялықтардан бөлінетінін жариялады. Дәл осы күні чехтар мен словактар біріккен Чехословакия мемлекетінің құрылғанын жариялады. Австро-Венгрия құрамындағы оңтүстік славян халқтары словендер, сербтер, хорваттар өздерінің жеке Словен, Серб, Хорват мемлекеттерін құратындықтарын мәлімдеді. Кейін 1918 жылы желтоқсан айында олар Сербия, Черногориямен бірігіп Серб, Хорват және Словен корольдығына (СХСК) бірікті. Бұл жаңа корольдықты сербтік Карагеоргиевичтер династиясының өкілі король І Александр басқаратын болды [5, с.188].
1918 жылы 3-қарашада Австро-Венгрия империялық үкіметі өзінің жеңілгенін мойындады және оның монархы император І Карл Габсбург тақтан бас тартты.
Осы кезде Германияның жағдайы нашарлай бастады. Оның өзінде саяси экономикалық дағдарыс басталды. Халықтың революциялық толқулары басталды. барлық майданда неміс армиясы жеңіле бастады. Ендігі жерде соғыс қимылдары Германияның территориясында жүретіндей жағдайға жетті. Осындай жағдайда герман үкіметінің басшысы М.Баденский АҚШ-тың көмегімен Антанта елдерімен келісімге келіп соғысты аяқтауғы тырысты. Бірақ Антанта елдері келісімге келе қоймады. Осындай жағдайда 1918 жылы қараша айында Германияда флотта матростардың көтерілісі басталды, ол бүкіл елге әсерін тигізді. Герман халқы түгелдей соғысқа қарсы, елдегі ауыртпашылыққа қарсы көтерілді, елде революция басталды.
Қараша революциясының нәтижесінде Германияда монархиялық билік құлатылды. Император ІІ Вильгельм тақтан бас тартты. Германия республика болып жарияланды және елде республикалық билік орнады. Герман армиясы ендігі жерде Антанта армиясына қарсылық көрсете алмайтындай дәрежеге жетті. Себебі армияның өзі революцияға қосылған еді. Осындай жағдай Германияның соғыстан шығуына мәжбүр етті.
Сөйтіп 1918 жылдың күзінде әлемнің 34 мемлекетін қамтыған бірінші дүние жүзілік соғыс аяқталды. Соғыс соңына қарай қазан айында ұрыс қимылдарын тоқтатып уақытша бітімге келу туралы ұсыныстар жасалды. Соғысты тоқтату туралы уақытша бітім 11-қараша айында Париж қаласы маңындағы Компьен орманында одақтастар армиясының бас қолбасшысы маршалл Фердинанд Фоштың теміржол вагонында Германия өкілдерімен жасалды. Сөйтіп, бірінші дүние жүзілік соғыс Антанта елдерінің (Англия, Франция, Ресей) жеңісімен және Төрттік Одақ елдерінің (Германия, Австро-Венгрия, Түркия, Болгария) жеңілісімен аяқталды. Бұл уақытша бітім Германияға басып алған елдердің территориясынан армиясын әкетуді міндеттеді. Сонымен қатар Германияның сүңгуір қайықтары мен қарулары жеңген мемлекеттерге берілуі тиіс болды және Эльзас пен Лотарингия жерлерінің Францияға қайтарылуы қарастырылды. Келісімде герман кайзері ІІ Вильгельмнің міндетті түрде биліктен кетуі талап етілді және т.б. Дүние жүзілік соғысқа 34 мемлекет қатысты, соғыс қимылдары 14 мемлекеттің территориясында жүрді.
Соғыстың аяқталуына бір жағынан Ресей империясындағы социалистік революцияның жеңісі, екінші жағынан бүкіл Европаны қамтыған революциялар және соғыстың ұзаққа созылуы, халықтың соғыс ауыртпашылығынан құтылуға деген ұмтылысы үлкен себеп болды.
Сөйтіп дүние жүзілік үстемдікке ұмтылған Германияның мақсаты орындалмады. Негізінен Германия әлемді жаулап алуды ХІХ ғасырдың аяғынан ойластыра бастағанын оның осы соғыста ХІХ ғ. аяғында генерал фельдмаршал Шлиффен дайындаған жоспарды пайдаланғанынан көреміз. Оның жоспарының ерекшелігі тұтқиылдан, күтпеген жерден шабуыл жасап, жаудың есін жидырмастан бас салып басып алу болатын. Осы жоспар бойынша ІІ Вильгельм Ресей әскерін жинап үлгергенше Францияға тұтқиылдан шабул жасап басып алуды ойластыған болатын.Францияны басып алған соң ІІ Вильгельм бүкіл күшін Ресейге қарсы бағыттап, оны тез арада жеңіп алуды көздеген еді. ІІ Вильгельм осы жоспармен командованиесін таныстыра отырып, «таңғы асты Парижде, ал кешкі асты Петерборда ішкісі келетінін» білдірген болатын [6].
Осының бәрі бір мемлекеттің әлемдік саясатта үстемдікке ұмтылуынан басталып отыр. Бірақ адамзат дамуының тарихы өзі дәлелдегендей, кез келген агрессия ешуақытта жеңіске жеткен емес.
Соғыс қимылдары әрбір мемлекеттің шаруашылықтарына үлкен бүлінушіліктер, әлеуметтік-экономикалық жағынан дағдарыстар әкелді. Еуропа державалары соғыстан кейін шаруашылықты қалпына келтіруді зор қиындықтармен жүргізді. Сонымен бірге қаншама бейбіт халық қырылды. Соғыс ауыртпалығы онсыз да дағдарыстардан қиналып келген халықтың жағдайын одан сайын қиындатып жіберді.
Соғыс кезінде Ресейдің социалистік мемлекетке айналуы, барлық елдерде жұмысшы, шаруы табының үкіметке қарсы көтерілуіне алып келді. 1918 жылдың өзінде Германияда, Венгрияда, италияда т.б. еуропа елдерінде социалистік революциялар болып, халық соғысты тоқтатып, бейбіт өмірге келуді, демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды талап етті. Тіпті Венгрияда кеңес үкіметі құрылып, ол небары үш ай өмір сүріп, қайтадан құлатылды. осы қозғалсытардың бәрі соғысушы мемлекеттердің үкіметтерін соғысты тоқтатып, елдегі саяси жағдайды тұрақтандыруға итермеледі.
Сонымен бірінші дүние жүзілік соғыс аяқталды, оның нәтижесі адамзатқа қандай нәтиже мен сабақ әкелді деген сұрақ тууы орынды.
Біріншіден, соғысты бастаған Төрттік Одақ елдері соғысты бастағандағы өз мақсаттарына жете алған жоқ. Соғыс басында Германия батыста да, шығыста да жеңістерге жеткенмен, Антанта елдерінің әскери күшінің басымдығы, өз одақтастарының осалдығы оларды жеңіліске әкелді. Осының өзі қандай да агрессиялық әрекеттің түбінде жеңіліс табатынын тағы да бір дәлелдеді.
Екіншіден, Төрттік Одақ елдері арасындағы, Антанта елдері арасындағы алауыздықтар, одақтастардың арасында нақты бірліктің жоқтығын, әрбір елдің өз мүддесін көздегенін көрсетеді. Мұның өзі қандай одаққа біріксе де, сол кезде осындай саяси одақтардың әлі пісіп жетілмегенін көрсетеді.
Үшіншіден, басқыншылық, үстемдікке негізделген әрекеттердің бейбіт халықтың дамуына, өсіп өркендеуіне үлкен кедергі болғандығы. Соғыс адамзаттың экономикалық, ғылыми-техникалық дамуын бір саты кейінге шегеріп тастады десе болады.
Сонымен, қорыта келе бірінші дүние жүзілік соғыс Германия мен оның одақтастарының жеңілісімен аяқталды. Ендігі жерде әлемдік саясатта және халықаралық қатынастарда жаңа бір кезең басталғанын көрсетіп берді.
