- •Дулат Бабатайұлының «Еспенбет» дастанындағы жас батыр Еспенбеттің ерлік істерінің көрінісін дәлелдер арқылы жеткізіп жазыңыз.
- •«Сүйінбай мен Қатаған айтысындағы» Сүйінбай қолданған бейнелі сөздер мен әдемі әсірелеудің көркемдік қуаты жайлы көзқарасыңызды дәлелдер арқылы жеткізіп жазыңыз.
- •Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңіндегі заманның зарлығы мен тарлығы ның белгілерін дәлелдер арқылы талдап жазыңыз.
- •Мұрат Мөңкенің «Қыз» өлеңіндегі қыз сипатын әнші-ақындар шығармашылығындағы қыз бейнесімен салыстыра талдап жазыңыз
- •Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Ғибратнама» өлеңіндегі бұлбұл мен қаршыға диалогі арқылы жеткізгісі келген автор ойын талдап жазыңыз
- •Ы.Алтынсариннің «Дала қоңырауы» екендігін дәлелдеп жазыңыз.
- •Абай Құнанбаевтың «Он тоғызыншы қара сөзіндегі» естілік пен білімділікке қандай адам жетіп, қалай жүзеге асыра алатынын өмірлік деректер арқылы дәлелдеп жазыңыз
- •Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасындағы ақын жеткізген Ескендірдің әлсіздігін талдап жазыңыз
- •«Шәкәрім Құдайбердиев «Жастарға» өлеңінде жастарды неге Абай арқылы түзеткісі келді?»
- •Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» поэмасындағы Еңліктің қазақ қызына тән кереғар мінездерін талдап жазыңыз.
- •Жаяу Мұсаның қиянатқа қарсы жазылған «Ақ сиса» өлеңіндегі оптимистік ой-толғамдарға дәлелдер келтіре жазыңыз.
- •Үкілі Ыбырай «Қалдырған» өлеңіндегі астарлы ойды талдап жазыңыз
- •Мұхит Мералыұлының «Зәуреш», «Айнамкөз», «Дүние-ау» өлеңдеріндегі ғашықтық сезімін жеткізуде қолданған ақынның көркемдік тәсілдерін талдап жазыңыз.
- •Мәди Бәпиұлының «Қарқаралы», «Қаракесек» өлеңдері арқылы ақын өмірінің көрінісін талдап жазыңыз.
- •Біржан салдың «Теміртас» өлеңіндегі ақын өмірінің көрінісін талдап жазыңыз
- •«Ақан серінің Құлагер өлеңіндегі Құлагердің сипатын талдап жазу»
- •Әсет Найманбаевтың «Салиха-Сәмен» поэмасы мен ғашықтық жырларындағы жігіт сипатын талдап жазыңыз.
- •Балуан Шолақтың «Ғалия» өлеңіндегі ғашықтық сезімін жеткізуде қолданған ақынның көркемдік тәсілдерін талдап жазыңыз
- •Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ салты» өлеңіндегі қазақ халқының психолигиясын талдап жазыңыз.
- •«М.Дулатов автор ретінде «Бақытсыз Жамал» романындағы үстем тап өкілдерін жақтаушы ма, даттаушы ма?»
- •М. Жұмабаевтың «Толқын» өлеңін адам өмірімен байланыста қарауға бола ма? Көзқарасыңызды дәлелдер арқылы талдап жазыңыз.
- •Мағжан Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы» дастанындағы бәйгеге қобыз қосу көрінісін баяндап жазыңыз.
- •Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы Ақбілек бейнесін ашудағы автор тәсілін талдап жазыңыз
- •Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы кейіпкерлердің өмір үшін күресін талдап жазыңыз.
- •С.Сейфулиннің «Сыр сандық» өлеңіндегі нағыз досқа тән қасиеттерге өз көзқарасыңызды танытып, сыни талдау жасаңыз
- •І. Жансүгіров «Құлагер» поэмасындағы «Бай-бай,Құлагерім!» жоқтауындағы ақын өміріндегі Құлагердің орнын білдіретін өлең жолдарын талдап жазыңыз.
- •І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы Сағынай асы мен м.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Бөжей асының ұқсастықтары мен ерекшеліктерін салыстырып жазыңыз.
- •М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» драмасындағы сөз бен мінез (характер – адамның ішкі сипаты) жасаудағы шеберлігін дәлелдер арқылы талдап жазыңыз
- •М.О.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» драмасындағы ғашықтардың жан түршігерлік өліміне әкелген билер шешіміне көзқарасыңыз қандай?
- •Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасындағы ғашықтар махаббатының діңгегі Сұлушаш па, әлде Алтай ма?
- •Т. Ахтановтың романға «Шырағың сөнбесін» атауын беру себебін оқиға желісіндегі дәйектер арқылы дәлелдеп жазыңыз.
- •Сырбай Мәуленовтың «Түбірлер», «Құлын» өлеңдеріндегі автор ойын талдап жазыңыз.
- •М.Мақатаевтың «Дариға-жүрек» шағын поэмасындағы «Дариға-жүрек шөлдеді» қайталауының туындыға қосқан үлесін талдап жазыңыз.
- •М.Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңіндегі әже туралы ойларын әдеби туындылардағы әжелер бейнесімен байланыстыра отырып, талдап жазыңыз.
- •Мұқағали Мақатаевтың «Дариға – жүрек» шағын поэмасындағы Дариға-жүрек кім?
- •М. Шахановтың" Ғашықтық ғаламаты" өлеңіндегі ғашықтық сезімге қатысты көзқарастарға өз пікіріңізді білдіріп, талдап жазыңыз
- •Сәкен Жүнісовтің « Заманай мен Аманай» повесіндегі табиғат күшіне адамдар қарсы тұра алды ма?
- •Қадыр Мырза Әлидің «Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық-ақ» өлеңіндегі оқырманға ой тастайтын сөздер өлең идеясына сәйкес пе?
- •«Алаш идеясы» – қазақтың мемлекеттік, елдің ұлттық идеясы. Алаш ардақтыларының көтерген ұлттық идеяларының қазіргі таңда жүзеге асқандығы қаншалықты көрініс тапқан?
- •Бүгінгі жастар бойынан Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңіндегі ақын сынаған ұл мен қыз қылығы кездесе ме?
- •Өз өміріңіздегі әжелерді м.Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңіндегі ақынды табындырған әже бейнесімен салыстыра талдап жазыңыз
№1 ЭССЕ
Махамбет өлеңдеріндегі («Қара нар керек біздің бұл іске», «Қызғыш құс», «Еңселігім
екі елі») ақын көңіл-күйін танытатын жолдарды талдап жаз
Аумалы-төкпелі заманда қара бала сары қазан қамы үшін дүйім жұртты артынан ерткен
Махамбет болды. Махамбет - көтеріліс туын көтерген әрі жалынды үгітші, әрі ардақты ақын. Ақынның өлеңдері арқылы біз оның көңіл-күйін байқаймыз. «Қара нар керек біздің бұл іске», «Қызғыш құс», « Еңселігім екі елі» өлеңдерінде ол өз көңіл-күйін қаншалықты таныта алды?
Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінен қас батырға тән қасиеттерімен көрінеді. «Қабағын шытпас ер керек, Біздің бүйткен бұл іске»,- деген өлең жолдарында толарсақтан саз кешсе де, алған бетінен қайтпайтын, халқын қиындықтан сүйреп шығар ерлер керек екенін айтқан. Ақын өз басынан кешірген ауыр халдерді сезіне отырып, терең толғап суреттеумен қатар, өз кезіндегі тарихи оқиғалармен байланысты туған қалың бұқараның көңіл күйін де көрсете білді. Оның өлеңдерінде өзінің көңіл күйі мен ел күйі ұштасып жатты. Менің ойымша, ақын өз өлеңіндеел қорғайтын азаматтың қандай болатындығын айтады. Ел басына күн туған заманда бар ауыртпалықты «қара нардай» қасқайып көтеретін «ереулі атқа ер салғандар» дейді. Сондықтан да, алаштың алып ұлдарын «қара нарға» теңейді. Ақын өзінің эллегиялық көңіл-күйін «Қызғыш құс» өлеңінде көрсете білген. Оны
Ау,қызғыш құс, қызғыш құс!
Қанатың қатты, мойның бос,
Исатайдан айырылып,
Жалғыздықпен болдым дос – деген жолдарында батыр досы Исатайды сағынышпен еске алып, құсалықпен күндерінің өтіп жатқандығын суреттейді. Нағыз досқа деген бауырмалшылдықты, арқа сүйер сүйенішінен айырылғандығына қапаланған ішкі жан күйзелісін аңғарамыз. Махамбет жан күйзелісі арқылы достық туын әркез биік ұстауды үйренеміз. «Еңселігім екі елі»- өлеңінде ерлік пен елдікке жол көрсеткен батыр бейнесі көрінеді.
Оқ тартарға қолы ұзын,
Дұшпанына келгенде
Тартынбай сөйлер асылмын. – деп, өзінің жауына қара бұлттай қатер төнгенде, дауыл алдында саңқылдаған дауылпаздай, дауылды жарқ-жұрқ етіп тілгілеген найзағайдай әсер етеді. Ешбір хан-сұлтандардан қаймықпай , қара қылды қақ жара сөйлегендігін байқаймыз. Осындай ерлік пен елдікті, нағыз ерге тән өткір мінезді жалынды жырларымен ел есімінде қалған Махамбет ақынды жадымызда мәңгі сақтаймыз.
Қорытындылай келе, Махамбет өзінің көңіл-күйі арқылы болашақ ұрпақты «толарсықтан саз кеше» жүріп, елінің мәртебесін көтеретін азамат болуға шақырады. Оның рухты өлеңдері елдің санасынан өшпейді
№2 ЭССЕ
Дулат Бабатайұлының «Еспенбет» дастанындағы жас батыр Еспенбеттің ерлік істерінің көрінісін дәлелдер арқылы жеткізіп жазыңыз.
Батыр дегеніміз – алып күштің иесі. Батырдың қасиеттерін көрсететін - оның ерлік істері. Дулат Бабатайұлының «Еспенбет» дастанының патриоттық мәні зор. Ақын бұл дастанда жас батырдың ерлік істерін жеткізуге тырысқан.
Дастандағы басты кейіпкер Еспенбет - батырға тән өзінің ерлігімен көрінеді. Оны ақын: «Еспенбеттей ер туса, Ер күтетін ел қайда?» - деген жолдармен жеткізеді. Бұл ақынның елге тірек ер, көсем шықса, халық соның қасынан табылса деген идеясын анықтайды. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» - деген аталы сөз - Еспенбет бойындағы өр рухтың қайнар көзі болып табылатыны анық. Себебі, оның ерлік ісінің бастау алар кезеңі балалық шағындағы арманынан басталады. Біріншіден, Еспенбет Ақбөртені мініп, қару асынып, жау қайтаруды ойласа, екіншіден, «Еліме барып, ұл болсам» - деп армандайды. Міне, осы арманы оны ерлікке жетелейді. Күндердің күнінде Қабанбай бастаған батырлар ескі бір кекті қайтару үшін қалмаққа қарсы аттанбақ болады. Мұны естіген Еспенбеттің бастан кешкен күйін ақын:
«Басталар қашан соғыс» деп –
Белін шешіп жатпады,
Түнде кірпік қақпады.
Ерлік қысқан кеудеге,
Ішкен асы батпады, - деп елінің еркіндігі мен бейбіт өмірін көксеген жас батыр бейнесін шынайы суреттейді. Ал, ұрыстың шешуші сәтінде қазақтың жеті батырын жеңген қалмақ батырымен өзі сұранып, жекпе-жекке шығады. Осылайша, Еспенбеттің батылдығы арқасында қазақ халқы жеңіске жетіп, үлкен олжаға кенеледі. Ел мүддесі мен намысын ойлаған ер Еспенбет бұл жолы да тоқ пейіл әдетінен таймай, көл-көсір олжадан ештеңе алмайды. Міне, осындай ерлік істер арқылы оның халқына қызмет ету арманы орындалады. Ақын халыққа қамқор, елге тірек болам деген нағыз ер осы Еспенбеттей болу керек деп оның батырлығын, ақыл-парасатын, қанағатшылдығын, мәрттігін өзінің замандастары мен кейінгіге үлгі етеді.
Қорытындылай келе, дастандағы Еспенбеттің әрбір ерлік ісі – оқырманға үлгі. Үлгі болып қана қоймай, елін, жерін жаудан қорғау туралы ойлауға түрткі болады. Еспенбет бойындағы ерлік істер – болашақ ұрпаққа мәңгі өнеге.
№3 ЭССЕ
«Сүйінбай мен Қатаған айтысындағы» Сүйінбай қолданған бейнелі сөздер мен әдемі әсірелеудің көркемдік қуаты жайлы көзқарасыңызды дәлелдер арқылы жеткізіп жазыңыз.
«Сүйінбай мен Қатаған айтысы» өнер өлкесіндегі саф алтын қазына болып саналады. Қазақтың бар баласы айтылатын бұл айтыстың мақсаты – елімізді, жұртымызды бірлікке шақыру. Өткір сынның үстінде тұрған Сүйінбай өрттей өршіген Қатағанға қалайша бейнел сөздер мен әсірелеулерді қолданып, өршелене өрлеп, жалтақсыз жауап қайырды? Мен осы сауалға өз көзқарасымды білдіргім келеді. Сүйінбай озық ойлы, өткір тілді, сөзді астарлы оймен көркем жеткізетін айтыскер ақын. Өйткені, дәлел ретінде «...Топ бастаған бұлбұлмын, Сөз бастаған жүйрікпін, Судан шыққан сүйрікпін, Бәйгеден озған дүлділмін... Шығарма Қатаған үніңді!»-деп, Сүйінбай бірден Қатағанның мысын басып, қанатын қайырады. Міне, бұдан ақынның шалқар шабытын, теңеулерді ұтымды пайдаланғанын байқадым. Бірден қарсылысының бетін қайтарды. Еңсесін тіктеуге мұршасын келтірмеді. Тұтқиылдан тұқыртуға ынталы екенін танытты. Міне, нағыз ақынға тән қасиет. Қатаған бір сөзінде өзін алмас болат қылышқа баласа, Сүйінбай өзін жай алмас құрыш қылыш емес, сабы алтыннан соққанын айтады. Бұл жерде, меніңше, Сүйінбай өз деңгейін биіктете, айбынын асыра түсті. «Қарсы шапқан қырғиға, Ажалы жеткен торғайсың...,», «Ажалы жеткен қарғасың, Бүркітпенен ойнадың...», «Жауған қардай борайын, алды-артыңды орайын...» - деп, өнері шоқ болып қызып тұрған Сүйінбай қазақ елінің мәртебесін көтеру әрқашан абырой екенін танытты, шапшыған, шабытты Қатағанның аптығын басты. Ақын басынан бұлт аса алмас шың секілді көрінді. Осыған орай, менің ойымша, қазіргі заман айтыскерлерінде өткір тіл бар, бетке айту жоқ, жалтақтап, шенділерден қорқып, халық көкейінде жүрген мәселелерді айналшықтап өтеді. Сірә, жүрегі «Отан» деп соққан от тілді, орақ ауызды бүгінгі айтыскер ақындар Сүйінбайдан үлгі алса, игі үстіне игі болар еді. Сонымен қоса, әсірелеу тәсілін де шабытпен кәдеге жаратады.
«...Қабағын шытса
Сүйінбай, Тарту қылып тартарсың,
Қойныңдағы жарыңды.
Айдап алып берерсің,
Алдыңдағы малыңды,
Малың түгіл барыңды!...» -деп, қарсылас ақынның намысына тиіп, ту сыртынан пышақ сұққандай әсер берді. Өзінің намысын таптатпау үшін осы үдетулер сынды көркем де, мәнді сөздер үлкен басымдылыққа ие. Бұл айтыста маған Сүйінбай ұстанған бағыт қатты ұнады. Өз күшіңе сеніп, сөз қадірін түсініп, намысты қолдан бермеуге жетеледі.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін білдірсем, сөздердің өткірлігі, қызулығы, көркемдік бейнелі сөздердің молдығы Сүйінбай айтысының бойында тұнып тұр. «...Қазақ деген батыр ел, Ешкімге намыс бермеген...» деп өзі айтқандай, Сүйінбай қазақ халқының беделін арттырды.
№4 ЭССЕ
Қашаған Күржіманұлының «Оразалы», «Байларға» өлеңіндегі
әлеуметтік мәселелерді талдаңыз.
Адам бойына біткен сараңдық, өзгені қойып, дүние-байлығын өзіне қимай құл етеді. Қазақтың осындайларды «дүниенің құлы» деп жататыны осыдан. Осындай жағымсыз қасиеттерге бой алдырған жандарды Қашаған Күржіманұлы ащы сынға алған екен. Ендеше ақынның өлеңдеріндегі әлеуметтік мәселелерді қарастырып көрелік. Ақын жоғарыда айтылған ойды «Байларға» деген өлеңде кеңінен жырлаған. Байлардың барлық мінез-құлықтарын осы өлеңде ашып береді. Дәулеті асып тұрса да, сараңдығы асқан байларды былай деп сынайды:
Кейбір байды қарасаң,
Қорасында мал толы,
Үйінде ішер тағам жоқ,
Тағам жоқтан жаман жоқ... деп ақынның сыншыл-ойлы, өлеңінде сараң байларды өмір шындығы аясында бейнелеген. Сараң екенін табағынан таны демекші, қора толған мал толса да өзіне ішерге ас бұйыртпай отырғанын сынаған. Қарап отырсам, адам байлықты қызығын көру үшін жимай ма? Дәулеттің ортасында отырып ішерге ас таппау, сорақы болмай не болсын? Адам ғұмыры қамшының сабындай ғана қысқа екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан да тәңірдің бұйыртқан сый-сияпатын барынша пайдаланып,іске жарату керек деп ойлаймын. Осындай жалынды, сыншыл өлеңдерінің бірін Қашаған Оразалы деген бай ағайынына арнаған екен. Бай болса да жарлының кейпін кешіп, мал соңында отыруын ақын мысқылдап шенеген. Оған мысал, өлеңнің мына бір жолдары: Қара ұннан көже ашытып,
Балқара деп қануын – Қарашы... деген. Өлеңнің бұл жолдарын оқығанда өзі бір жиіркенішті сезім шақырады екен. Бай - дәулеті асып тұрған адамның қара ұннан көже ішіп отырғаны барып тұрған азғындық қой. Тіпті Қашағанның сынаған образдарына жаным ашиды десем, артық айтпағаным болар. Кедейдің аш отырғаны жоқтықтан дейсін, ал байлығы мен дәулеті асып тұрып ішер асына тарылғаны аянышты деп ойлаймын. Қашаған заман сырын сезіне алды, уақыттың өтпелілігін ұғына білді.
Жоғарыда айтқан Оразалыға және Байларға өлеңдерінің әлеуметтік мәселесі байлардың сараң, дүниекоңыздығы болып табылады. Олар мал- дәулеті шалқып жатса да, дүние рақатын көрмей өтер шықбермес сараң жандар екенін көрсетеді. Өкінішке орай, бұл мәселе бүгінгі күні де жалғасын тауып келе жатыр. Қазір де осы сыналған образдарды өмірде
жиі кездестіреміз. Материалдық құндылықтарды бәріненде жоғары қоятын жандар аз емес екені аян. Пайда қуған адам шыншыл да, принципшіл де, өз парызына адал да бола алмайтыны анық.
Қорытындылай келе айтарым, Қашаған ақын сынға алған қасиеттерден аулақ болайық. Байлық пен дәулет тұрақсыз екенін ұмытпаған жөн. Дүниенің құлы болмай, барға қанағат еткен дұрыс. Соңымыздан көл көсір байлық қалғанша, жас жеткіншек ұрпақтарға үлгі боларлық өнегелі іс қалсын!
№5 ЭССЕ
