- •І қазақ прозасындағы психологизм
- •1.1 Психологизмнің зерттелуі , қалыптасуы мен дамуы
- •1.2 Қазақ әңгіме жанрындағы психологизм
- •Іі мархабат байғұт әңгімелеріндегі психологизм
- •2.1 М.Байғұт әңгімелерінде кездесетін аналитикалық психологизмнің кейіпкер бейнесін ашудағы ерекшеліктері
- •2.2 М.Байғұт әңгімелеріндегі психологизмнің синтетикалық тәсіл арқылы берілуі
- •Қорытынды
- •Пайдаланған әдебиеттер
Іі мархабат байғұт әңгімелеріндегі психологизм
2.1 М.Байғұт әңгімелерінде кездесетін аналитикалық психологизмнің кейіпкер бейнесін ашудағы ерекшеліктері
Сана ағымындағы күрделі толқындарды суреттеу,ішкі толғаныстарды көрсету, жан диалектикасын бейнелеу-аналитикалық психологизм деп аталады. Аналитикалық тәсілдің басты көрінісі-ішкі монолог. Г.Пірәлиева: «Психологизм әдебиеттегі адамды аналитикалық және динамикалық принцип тұрғысынан зерттеу болып табылады.Аналитикалық принципке ішкі монолог, ішкі диалог, сана тасқыны, ой мен сезім, түс көру,сандырақтау, ессіздік т.б. секілді ішкі рухани әлемді тереңдеп талдайтын көркемдік тәсілдер жатадыПсихологиялық талдаудың аналитикалық түрі арқылы кейіпкер өзін-өзі таниды. Ішкі жан дүниесінің дірілі, сезім қақтығыстары арқылы танылады[7-177], эмоционалдық қозғалыс ой қозғалысына дем беріп отырады» [7-17],- деп, ішкі әлемді әшкерелеудің (бейнелеудің) бірден-бір әдісі осы психологиялық тұрғыдан өзін-өзі талдау екенін айтады. Біз бұл бөлімде аналитикалық психологизмнің бейнелеу құралдарына жататын-түс,ондағы ішкі монолог пен ішкі диалогтың қазақ әдебиетіндегі қолдану тәжірбиесіне Мархабат Байғұттың «Белесебет пен байлық», «Салқын масақ», «Дауыстың түсі», эпистолярлық жанрда жазылған «Сізді сүйген қыз едім», «Бейшара» атты әңгімелерін талдау барысында көз жеткіземіз.
Көркем шығармада кейіпкердің әр түрлі қалыптағы ішкі ой-толғаныстары әрдайым өзгеріп, іс-әрекет сезім қайшылықтарын тудыратын психологиялық құбылыстарды күрделендіре бейнелеу психологизмнің табиғатын айқындап берері хақ. Алдыменен психологиялық бейнелеу құралдарының бірі- түс тәсіліне кезек берейік.
Түс-адамзат санасында еріксіз түрде жүзеге асатын психологиялық құбылыс.Түстің анықтамасы психологиялық сөздікте «Түс көру-жеке адамға
тән психологиялық процесс.Түстің мағынасы мен эмоциональдық бояуы түс көрушінің тұлғалық ерекшелігіне,сол сәттегі жағдайына тікелей байланысты»,- деп көрсетілген [35-66].
Түс көру-бұл адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасынан қалыптасатын күрделі психикалық құбылыс.Г.Пірәлиева түс анықтамасына бірқатар ғалымдардың пікірлерін келтіреді: « И.М.Сеченов түс көруді «болған әсерлердің болып көрмеген қиысулары» деп есептесе, И.П.Павловтың айтуы бойынша « түс көру көбінесе ескі тітіркендірулерден қалған ізден туады».К.Юнг « түс көру-ұйқы кезіндегі психикалық әрекеттің қалдығы және өткен күннің ой әсері мен көңіл-күйі» [7-32].
Шығыстың орта ғасырдағы атақты ойшылы Әл Фараби да адам баласының түс көру себебін күндізгі саналы түрдегі ойлау процесі тоқтаған кезде жүзеге асатын табиғи құбылыс деп қарайды.
Шындығында да барлық жан жүйедегі сезімдердің ішінде қиял еркіндікке ие.Сол қиялдың қорытындысы түнде түс болып адам санасында көрініс табады.Ж.Аймауытов түстің сана астарындағы психологиялық үдеріс екендігін жан-жақты талдап түсіндіреді.
Әркімнің жан тазалығына, ой өрісіне,білімі,кәсіби деңгейіне, рухани ортасына қарай түстің де әрқилы түрі болады. З.Фрейд түсті талдау арқылы адамның өзіне де беймәлім жасырын жәйттерді,құпия ойларды,жұмбақ сырларды ашуға болатынын дәлелдеп берді.
Түс көру арқылы біздің санамызда миллиардтаған бейнелер туатыны белгілі.Міне,осы түстегі бейнелерді кейбір өнер иелері өз туындыларында пайдаланып отырған. Тегінде түстің информациялық қызметінен өзге де тылсым құдіреті,күндізгі көбірек ойланған ойдың нәтижесіне түсте қол жеткізуге болатын психологиялық міндетін де ұмытпаған жөн.Көптеген адамдар, тіпті ірі ғұлама-ойшылдар да осы түс арқылы өздерінің толғандырып жүрген сан сауалдарына жауап тапқан.Осыған орай көркем туындылардың дүниеге келуіне түс айтарлықтай әсер еткен.
Адамзат баласына тән табиғи,биологиялық,психологиялық, эмоционалдық процестер арқылы кейіпкердің ішкі жан дүниесін күрделендіріп бейнелейтін түс көрудің біздің кез-келген жанрды жандандырып,оның мазмұн-мәнін арттырып,сюжеттік және композициялық құрылымын ажарландыра түсетіні шындық.
Түс көру мен оны жору қай халықтың болсын әдебиетінде жоғалып кетпей,адамзаттың көркемдік ойлау жүйесінде жалғасын тауып келеді. Өткен ғасырда қазақ әдебиетінде Ж.Аймауытовтың «Қартқожасындағы» «Түс» тарауы, М.Әуезовтың «Қасеннің құбылыстары» атты психологиялық очеркі, Б.Майлиннің «Қыдыр түнгі керемет» әңгімелері сөзімізді дәлелдей түседі.
Әлемдік әдебиетте кеңінен қолданыла бастаған түс көру тәсілінің өзге әдеби тәсілдерге қарағанда көркемдік қуаты,мүмкіндігі мол,кейіпкер психологиясын бейнелеуде атқарар қызметі зор екендігі күмәнсіз.
«Көркем әдебиеттегі түс көру, психологиялық талдау,кейіпкердің ішкі өміріне енудегі таптырмас құралы ғана емес,көркемдік-философиялық тұрғыдан өмірді тану,таразылау ретінде де қолданылады. Көркем әдебиеттегі түс көру тәсілінің ең басты көркемдік қызметі-психологиялық нақтылықты дәл бейнелейді.Кейіпкердің өзін-өзі тануы,оның оянбай қалған кейбір адамгершілік қасиеттерінің қайта жаңғыртылуы көбіне көрген түстері арқылы сәтті суреттеліп жатады. Ішкі монологқа тікелей қатысты түс көру, оны жорыту, ішкі дауыс, ішкі диалог, ой ағысы, психологиялық жағдай, көзқарас, ишара, дауыс ырғағы. Толып жатқан адамның әрқилы көңіл-күйіне байланысты ерікті кейде еріксіз күйде туатын психологиялық іс-әрекеттерді, ой мен сезім құбылыстарын бейнелейтін көркемдік тәсілдерді қарастырады» [6-33].
Мұнда бәрінен бұрын сезімнің бұлыңғыр сәттері,жарым-жартылай есті-ессіз күйлері,о дүние мен бұ дүние арасындағы түсініксіз екі әлем сезімдері суреттеледі.Түс шығарманың негізгі ой-толғамын,мазмұнын тікелей немесе жанама түрде бейнелейді.Түске енген өмір кәдімгі өмірді ығыстырып, оны жаңаша бағалауға мәжбүр ететіндігі бұл тәсілдің адам тағдырын түбірімен өзгертудің, кейіпкер психологиясын аналитикалық тұрғыда терең ашудың таптырмас кілті екендігін дәлелдей түседі.
Түс көрудің сюжеті-көбінесе түс көрушінің психологиялық мотивін, тілегін,талабын,эмоциясын және сезінуін,бүкіл сана астарындағы алуан түрлі психологиялық құбылысын құрайды.Бір сөзбен айтқанда түс көру жағдайы адамның табиғи өмірлік тәжірбиесінде психологиялық жағдайын ашып беретін бірден-бір сезімдік құбылыс
Ғасырлар бойы рухани санамыздан сызылмай,керісінше уақыт өте келе көркемдегі мен мазмұн-мәні,жанрлық,стильдік,көркемдік ерекшеліктері айқындалып,байытылған түс көру тәсілі бүгінгі күні Ә.Кекілбай Д.Исабеков, Т.Әбдіков, М.Байғұт, Н.Ораз т.б. секілді жазушылардың шығармаларында шеберлік шыңына жетіп,өз өрнегін сала білді.
Зерттеу нысанымыз М.Байғұттың әңгімелері болғандықтан алдымен жазушының өзіне тоқталып өтсек. «М.Байғұт Түлкібас ауданындағы Пістелі ауылында 1945 жылы 25 мамырда дүниеге келді. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған.Ресей елінің Сібір және Қиыр Шығыс өлкелерінде әскери кызметін өтейді. Жазушы суреткердің қаламынан дүниеге келген көркем кітаптардың да шоғыры ауқымды әрі елеулі. Мәселен «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Машаттағы махаббат», «Серт пен сенім», «Ақпандағы мысықтар», «Әдебиет пәнінің періштесі» және тағы басқа да туындылары жылы юморға, мерейлі сезімдерге молынан қаныққан» [25-4] .
Түс көру тәсілі қамтылған шығарманың бірі М.Байғұттың «Күн астындағы Күнікей қыз» әңгімесі. Бұл әңгіме қазақ халқының осымен аттас ертегісімен тақырыбы ортақ болғанымен, адам тағдырының кейбір сырлары мен құпияларына тереңірек үңілген көркем әңгімелердің бірі. Басты кейіпкерлердің бірі – әңгімені баяндаушы автордың бірінші жағынан өрбітетін туындыда Жеңіс басты тұлға. Әскери борышын өтеуге Сібірдегі тайгалардың бірінде болған ол бұл жердің өзі туып-өскен Борандымен өте ұқсас екенін байқайды. Солай сезінеді де. Төбелері жаланаш қырлары да бір-бірінен аумайды. Осынау өмір-ертегі үдерісінде Жеңіс өз ауылындағы қыздарға айнымай ұқсайтын Күнікей деген әдемі қызбен танысады. Өзін Кунэкэй деп таныстырған қызды Жеңіс жақсы көріп қалады. Бірақ әдеттегінше оған кедергі болатын бір адам бар. Ол – Күнікей қыздың әкесі. Күндердің күнінде қатты ауырған қыздың әкесі Жеңіске деген қатал мінезін жібітеді. Кезінде, яғни кешегі қанды майдан басталар түні қыздың әкесі Батырбек Жеңістің әкесіне кектеніп, өзі де сүйіп қалған Ақмарал үшін бытыралы мылтықтан оған оқ атып, бетін қан жоса етеді. Жеңістің әкесі Сәулебек оқ тиген жарақаттан су қараңғы соқыр болып қалады. Тағдырдың жазуы болар, сондықтан да осынау әңгіме мазмұны, шынында де, ертегідегідей үйлескен, қиюласқан оқиғалар тізбегімен ерекшеленеді. Бірақ ертегі емес. Өмірдің өзіндей шынайы, иланымды оқылады. Сонымен ауру әке өз қызын өз қылмысының өтеуіндей Жеңіске қияды. Қызының бақытына қарсы тұрмайды. Женістің Күнікейге, өз сүйгеніне қосылу тарыхын жазушы әсем толғап, авторлық баяндаулар мен кейіпкерлер дүниесінің табиғатын, психологиялық иірімдерін суреткерлік шеберлікпен ойдағыдай жүзеге асырған демекпіз. Туған жерден жырақта, Сібір жаққа қылмысы үшін түрмеге тоғытылған, бір кезде жас балған, ендігіде ақсақал Батырбектің туған елін аңсап, сағыныштан сарғаюы да адам ғұмырының шындығы екендігіне еш күмән жоқ. Осынау әңгімеде әдеби үдерістегі түс көру секілді элемент те бар. Мәселен, Жеңіс түс көреді. Түсінде сонау Сібірдегі өзі әскери қызмет еткен тұстағы төбенің басында жай түсіп жайраған жалғыз ақ қайыңның орнына агроном әкесі ойлап тапқан алып жүгері өсіп тұрғанын, қайынатасы Батырбектің марал бағып, кейде сол алып жүгерінің түбіне су құйып жүргенін, өзі туып өскен Борандыға үзіле, үздіге қарап тұрғанын көруі – бүгінгі кейіпкер психологиясынан аздап болса да хабар беретін көркем әдебиетте өте жиі әрі жүйелі кездесетін жәйттердің бірі. Миф, аңыз, ертегі, түс көру, қиялдау жетегінде жүру, елес секілді элементтер жай әншейін қосымша көркемдік-шығармашылық тәсілдер ғана емес, бұл өздігімізді тануға, тегіміз бен тектілігімізге, төл тарихымызға терең үңілу мен талдау жасауға бет алған бағыттарымыздың бірі екендігін бүгінде көзі қарақты оқырман жақсы түсінеді.Осындағы түс шығарманың түтас сюжеттік желісін түйіндеп, кейіпкердің ішкі толғанысын көрсетеді.Түсті қалай көргендігін кейіпкердің өз сөзі арқылы жеткізеді. Автор монологқа сүйенеді: «Мен ылғи да тәтті түстер көремін.Кәмәрия кемпірдің күңеске күл төгіп егетін күнбағысынан аумайтын күн төбе-төбелердің басымен дөңгелетіп бара жатады.Жай оғы түсіп мерт болған жалқы аққайыңның орнында менің агроном әкем ойлап тапқан алып жүгері өсіп тұр екен-ау деймін кейде.Ақбоз атты Батырбек атамыз марал бағып жүреді.Кейде әлгі алып жүгеріні суарып жүр екен-ау деймін.Әйтеуір біздің Боранды жаққа сағына, сарғая қарайды жарықтық атамыз» [31-35] деген жолдардан кейіпкердің өткен күндерге деген сағынышын анық аңғара аламыз.
Түс арқылы кейіпкердің өмірін, заманның шындығын тұспалдай жеткізген М.Байғұттың келесі бір көлемді әңгімесі «Белесебет пен байлық» деп аталады.Бұл әңгіме 2015 жылы “ Егемен Қазақстан “ газетінің №35 санында басылып шыққан. Мұнда автор кейіпкердің жан дүниесіндегі арпалыстарды, санадағы өзгерісін , өмірге деген көз қарасын нанымды етіп суреттей білген.
«Осы облысыңыздың оншақты олигархы қатарындағы Қанағат мырзаңыз қатты сырқаттанып, айықпас ауруға шалдыққанда, еліміздің егемендігіне жиырма екі жыл толған еді»[30-432].
Осылай басталаған шығарма оқырманды бірден өзіне баурай жөнеледі.Қанағат мырза алты айлық өмірі қалғанын естігенде жан дүниесі ала-дүлей болады.Онымен бірге оқырманда мұңая түседі.Қалған көретін жарық күніне Қанағат мырза қанағат етеді. Жұмабай Шаштайұлының мына пікіріне зер салып көрейік: «Байғұтов қазақ өмірінің бүгінгі тынысына үңілген кезде жаңаша өзгерістерді көргіш. Оның кейіпкерлері — Дон Кихоттың әпенділігінен арыла алмаған, сөйтсе де барға қанағат, жоққа салауат қылатын біртоға жандар» — деп пікір білдіреді [52].Сыншының осы пікірі әңгімедегі Қанағат мырзаның болмысына сәйкес.
Мына бір үзіндіні езі тартып оқымау мүмкін емес. Кейіпкердің психологиясын беруде тұтасып, бірінен соң бірі жалғасып кете береді.
«Кенет. Табан астынан тынысы тарылып, жалғыз жұтым ауаға зар болып, азапқа буылғаны. Жан-жағына қараса, басқалардың бәрі жайбарақат. Ұйқыда. Тәп-тәтті тыныстап, тынығуда. Секілді. Тозақ қармағына қармалған өзі ғана. Сияқты. Жанына Жаналғыш кеп тұрыпты. «Өмірдерек!» – деп зіркілдеді Жаналғыш күнделікті газет-журнал тілімен. «Бұл өзі шынымен жаналғыш па, әлде көп журналистің біреуі ме? Сұхбат алмақ па? Әзілі ме, шыны ма?» – деп ойланыңқыраған Қанағат мырза миығынан күлмекке, аздап жағымпазданбаққа әрекет жасаған. «Жағымпаздық жүрмейді! Жылдамдат! Бүкіл ғұмырыңа жарық жылдамдығымен шолу жаса! Өмірдерек!» – деді әлгі. Қанағат мырзаңыз өткен ғасырдың елу жетінші жылы туғанын күбірледі. Әкесін ойлады. Шешесін елестетті. Балалық шағы. Әкесінің әңгімелері. Бір жұтым ауа. Жуалдыздар. Жендеттер. Алматыда халық шаруашылығы институтын бітіргені. Жылдам жылжып өскені. Қызметтері. Лауазымдары. Ғасыр соңына таман елінің егемендік алғаны. Оған дейін-ақ талай-талай бел-белестерге, асу-асу белдерге көтерілгені. Тәуелсіздіктің әуелгі кезінен-ақ кәсіпкерліктің кілтін іздемекке кіріскені. Бизнеске бел шеше бұлқынғаны. Құлшынғаны. Бірқанша жыл бұрынырақта бұны әкімдік басқару жүйесіне бұрғаны. Барғаны. Аудан әкімі. Облыс әкімінің орынбасары. Болғаны» [30-433].
«Адамның бұрын қабылдаған нәрселері мен құбылыс бейнелерінің, көңіл-күйлерінің ойда сақталып, қажет кезінде қайта жаңғыруы-ес үрдісі болып саналады.Еске түсіру-көз алдына келтіру,елестету.Еске түсіру ұзақ мерзімді жадыңнан қажет ақпарат іздеумен, қалпына келтірумен байанысты ақыл-ой әрекеті»[36-197]. Осы үзіндіде еске түсіру, психологиялық үдерістің жүзеге асқандығын байқауға болады. Кейіпкер бейсаналы күйде болса да, түсінде еске түсіруі ерікті түрде жүзеге асады.Себебі өңінде де өткен өміріне көз жүгіртіп, біраз дүниелерді түгендеген болатын.Сол ой қорытындылары санада қайта жаңғырып, ішкі диалогы арқылы, екінші бір тіршілік иесімен сұхбат барысында көрініс тапқан.
«Кідірме! – деді жаналғыш. – Еліңнің есі шығып, жұртың жадынан жаңылып, алып мемлекетіңнің алпауыт зауыттары арасындағы шынжырлар мен шылбырлар бырт-бырт үзіліп кеткендегі кепке қарай кейбір күнәларың кешірілер. Аздап-аздап ақталарсың. Алайда, Алла тағала көркемниетті ұлт етіп жаратқан қазақтың өз өрнектерін, өнегелі дәстүр-салттарын ескермей, елемей, бірыңғай еуропаша еліргендер мен есіргендердің қатарындасың, Қанағат пенде! Атыңды ақтамаған жақтарың жетіп-артылар. Әдемі ұлтыңның әлеуметтік мінезін бүлдірушілердің бірінен саналасың сен! Білесің бе?! Көзің тіріде кемшіліктеріңді мойындасаң да, жасырсаң да, өз қалауыңда. Айта түс тағы да…»[30-435].
Осы үзіндіні оқи отырып, жазушының шеберлігіне тағы да бір көз жеткіземіз. Адамның бөлшектеуге келмейтін бастапқы тұтас ойы, ішкі монологы екіге бөлінген.Жаналғыштың өктем–өктем сөйлеуі, Қанағат мырзаның өз-өзіне деген сөгісі. Ал, әрі қарай ақталулары кейіпкердің шынайы болмысын танытады.Өңінде екі ұшты сезімде жүрген кейіпкер түс көрумен жаны жай табып, өзінің негізгі ой-түйінін ақтарып салады.
«Айтайын… Айтайын… Мойындамай қайтейін… Жекешелендірудің қалың-қою қаймақтарынан қалқып ішіп, қылғыта жұтқанымыз рас. Бірақ, дәл сондай кезенейлі кезеңде өйтпеске де болмайтын еді ғой. Жырғап жүргендер аз емес-ті, әрине. Қолынан келгендер қармады, әлбетте. Жалмады әбден-ақ. Алайда, асыра сілтеушіліктер асқына тұра, құнығушылық пен қанағатсыздық қабына тұра, бәрібір, жекешелендіруіміз жалпы байлықты, мүлік-мүкәмал атаулыны таланға түсіріп, таражға ұшыраудан, қоғамымызды қирандыға айналудан аман алып қалды емес пе? Жа-Жа-Жа...
Қанағат мырзаңыз сонда: «Жа-Жа-Жақа-а-а-а!» деп жыламсырағандай болған. Жаналғышты Жақа деуге болмас деп тілін тістеген»[30-436].
Автор арасында осылай оқырмандарымен жылы әзілдесіп қояды.Мұндағы шағын ғана езу тартқызар эпизод кейіпкердің ішкі әлемін жайып салғандай.Ауқатты адамдарға тән менмендіктің сәл де болса ұшқыны байқалып қалады.Бірақ, қанша дүниесі болса да, бұл да пенде.Ажал алдында қаймығады,қорқады,дәрменсіздігін сезеді.
«Жалғай бер, – деді жаңағы бейне. – Жалғай түс, пенде».
«Жалғайын… Жалғайын… Жаңашаланған, басқашаланған тірліктің көзін таба білген тынымсыз табандылардың, өрелері өрістілердің, шетелдік алпауыттармен иық теңестіріп, тізе тірестіре алатындай, тіл табысатындай тұлғалардың арқасында ғана сақталып қалды ғой, Жаратушы Ие жаратқан бір ұлтыңыз. Бір еліңіз. Әрине, әлеуметтік мінездің бүлінгені, құлықтың бұзылғаны рас… Кінәміз де, күнәміз де көп…» [30-436].
Бір жұтым ауаға зар болған, өзін–өзі мүжіген кейіпкер қалғып кеткендей болады. Не өңі емес, не түсі емес, екі аралықтағы ессіздік, екі әлемнің ұштасқан сәтінде оның көзіне әлгіндегі елес пайда болады.Кеудесінде екі ұшты сезім пайда болады.Түс көруші мен жан алғыштың қимыл қозғалыстары да,екеуінің сөздері де анық суреттеледі.
«Қанағат қалғып барып, қайта бір сергектеніп, санасы айқындалғанда, жаңағы түсі жалғасты. Әлгі бейненің орнында басқа тұлға тұрыпты. «Мә, бір жұтым ауаны асап алғын, – деді ол. – Ажалың жақын. Ақыл тыңдасаң, аңғартарым бар. Жаналғыш жаңа сездірді ғой. Көр азабы, қабір тергеуі мына сендейлер үшін аса ауыр болары аян. Жеңілдетудің бір жолын ойыңа салайын. Алғашқы түнгі тергеуде жаныңда жатып, жазаңды бөлісер жан табылар ма? Адал-аңғал, кедей-кембағал адам таба алармысың сен пенде? Ол адамың өлмейді. Тек бір түн өзіңмен бірге жатады. Ертеңіне көрден шығарып алатын шын жанашырларың жаңағы адал-аңғалға, кедей-кембағалға бүкіл байлығыңның тең жартысын беруі керек. Басты шарт – осы. Қисаңдар, әрине. Артыңда қалар мұрагер қиса, әлбетте. Қимаса, қабір тергеуі, көр азабы теңдессіз һәм төзгісіз болар. Ойлан. Ойланып көргін осыны»[30-437].
Ояна салып, түсінде көргенін жүзеге асыруға асықты.Ұлдарын шақырып, ақырғы аманатын тапсырды.Түс-кейіпкердің өңінде белгілі бір іс-әрекет жасауына, санасының өзгеріп,басқаша ой түюіне ықпалын тигізді.Ешбір адам о дүниелік өмірін ойламайды деп айту жаңсақ пікір болар. Жаналғыштың қабірде бір күн қонып шығуға адам тап деген сөзі Қанағат мырзаның өңіндегі ішкі монологы болып табылады.Соны түсіне еніп отырған Жаналғыш арқылы айтқызып, сана түкпіріндегі ойынан хабар береді. Осыдан байқайтынымыз түс көру-хабар,алдын-ала болжаудың қызметін атқара алады.Түс көрудің әдетте, сыртқы және ішкі толқыныстардан туатынын және санада сақталған нақты образдарың қайта жаңғыртылуы арқылы жүзеге асатынын жақсы білетін автор Жаналғышты да текке ендіріп отырған жоқ.Тегінде санадағы көптеген көріністер мен образдар қиялға сыймастай таңғажайып фантастикалық сарында болғанымен оның түп төркінінде түс көрушінің ойы қылаң берері хақ.
Міне,осы көрген түсінде кейіпкердің тартқан ой азабы,жан қиналысы,қас-қағым сәтте мың құбылған психологиялық түзілістері,сезім ағыстары нанымды нақышталған.Түсінде көрген жаналғышқа ақталуы, жауап беру кезіндегі іс-әрекеттері кейіпкердің бір ғана сәтте бастан кешкен көңіл-күйлерін үдетіп,тасқындатып, ең бастысы психологиялық жағдайды шынайы бейнелейді.Осы орайда психолог ғалым З.Фрейдтің « түстегі образдар мен көріністердің фантастикалық жұмбақ екендігі белгілі.Алайда олар себепсіз емес,адамның түс көру сәтінде бастан кешетін жан қозғалыстары күндізгі сергек кездегіден мүлде бөлек, сол көңіл-күйді қайта бастан кешу көп қиындық тудырады»,- деген пікірі еске түседі [29-54] .
Түс адамға бостан-босқа енбейді.Әңгімедегі болған оқиға түс көруші кейіпкерді талайдан толғандырып жүргені белгілі.Жаналғыш болып енген кейіпкер бір кездегі өзі жасаған іс-әрекеттерінің нәтижесі, соған деген жауапкершілігі мен қорқынышы.Жаналғыш мұнда адамның ішкі ойы-ардың,ақиқаттың сөзін сөйлеуші, түс көрушінің өзі, ұят-ары.Ол Қанағаттың дүние тірлігін бетке басып, Жаратушы алдындағы жауапкершілігін еске салғалы келгендей.Егіз кейіпкердің, яғни түс көруші мен жаналғыштың өзара сұхбаттары міндетті түрде тұрмыстық емес,философиялық, адамгершілік секілді күрделі мәселелерді қозғайды.Негізі егіз кейіпкер,яғни түс көруші мен жаналғыш мұнда екі кісінің көзқарасын жүйелі түрде жеткізгенімен түптеп келгенде бұл тек түс көрушінің ғана өз-өзімен сұхбаты,соның ішкі диалогы,ары-ұяты алдындағы ішкі есебі секілді.
Мархабат Байғұттың осы бір әңгімесі Ж.Аймауытовтың «Елес» атты әңгімесін еске салады.Бұл жерде де адам ішіндегі адам, яғни адамның өзі Ар-ұяты Елес болып алдыңғы қатарға шығады.Мұндағы түс жүйелі,белгілі бір тақырып жөнінде ой өрбітерлік мазмұнды оқиғаға құрылған.Елес-сауал қойып,тақырып ұсынушы, төрелік міндетті атқарса,кейіпкер-түс көруші тек тыңдарман.Түс көруші-кейіпкерді толғантып жүрген мәселелер Елес екеуінің арасындағы диалогта өз шешімін тауып,жан-жақты талданып, талқыланады.Сонау антиктік жанрда туып, әр кезеңде әдебиетте әр қилы көркемдік тәсілдермен дамып,жан-жақты байытылған санадағы ішкі диалог,сана айтысы қазақ әдебиетінде алғаш рет осы Ж.Аймауытовтың «Елес» әңгімесі арқылы айшықталды [7-91].
Мархабат Байғұттың осы әңгімесінің жалғасында тағы да бір кейіпкер Қағанаттың қабіріне бір күн қонып шығуға келіскен Елеусіздің қабірдегі ессіздік күйі,екі әлем арасындағы түсініксіз жағдайды басынан өткергендігі ерекше суреттеледі.Әңгімені оқып отырған оқырман кейіпкердің түсі не өңі екенін бірден ажырата алмайды.
«Түн жарықтық жылдам өтер деп ойлаған. Жүз жылға созылардай. Ыңырсып ышқынды. Іштей. Қайран жүрегі оқпан арыққа тығылған ырдуан арбадай ошарылып барып, қайта соғатындай. Өлік тіріліп кетіп, бас салатындай. Қатты қапаланып, бармағын шайнағысы бар. Қозғалуға қорқады.
Талықсып барып, есінен танды-ау. Әлде көзі ілінді ме екен? Түсі ме, әлде өңі ме? Өлі ме, әлде тірі ме? Белгісіз. Екі жағында екі дәу пайда болды. Мәңкүр мен Нәңкүр деуші ме еді? Аңыз айтатындар. Білгіштер. Солар болар, сірә.
– Ей, күнәһар, ең алдымен, ұрлығыңды мәлімде! – деді бірі.
– Жасырма. Бәрі жазулы. Тек өз аузыңнан, өз тіліңмен, өз діліңмен баян етуге тиіссің, – деді екіншісі.
Елеусіз ойланыңқырады. Қалтырап.
– Бол! – деді екі дәу дауыстарын бірге қосып.
– Басқалармен салыстырғанда… Адал сияқтымын, – деді дірілдеп.
Осылай бастай бергенде, оншақты жуалдыз ба, әлде отызшақты ине ме, он саусағының тырнақтары астынан кіріп кеп-кеп жөнелді. Есінен танды-ау. Елеусізіңіз. Өңі ме, түсі ме? Өлі ме, тірі ме? Белгісіз.»[30-440].
Осы бір жағдай Елеусізді мүлде басқа адамға айналдырып жібергендей.Мал-дүниеге деген қызығушылығы жойылып, елеусіз жүретін, қайта байлығы болмай жауапкершілікті арқаламайтын осы күйіне шын қуанады.
Түстегі үрей мен қорқыныш кейіпкердің ішкі жан әлеміндегі әлдебір қобалжуды,көңіл түкпіріндегі күдік пен күмәнді әшкерлеп қана қоймай психофизиологиялық құбылыстарды да жылау,жан қысылу, терге малыну,үрейден айғайлау ,бастырылып,дауыс шығара алмау т.б. секілді әртүрлі сезімдік-эмоцияналдық әсерді бастан кешіруді бейнелейді [6-93]
Адамның ішкі әлемін көркемдікпен игерудің амал тәсілдері өте мол.Бұл арада оның қоршаған ортадан алаған әсері мен қаһарман жан-дүниесінің алас ұруы және оның хал кешуінің кеңестік сипаттамасы және персонаждардың ішкі монологтары жинақталаған таңбаланулары, ақыр соңында,сананың қалың қатпарлы түкпірінде белгісіздікпен бұғып жатып, адамда санасыздықпен қылаң беретін түс көру мен көзге елестеу бар»[12-124]. Бұл әңгіме тәуелсіздік кезеңдегі көркемдігі жағынан озық әңгімелер қатарына жатады.Діни-философиялық тақырыпта жазылған фантастикалық туынды,Гетенің «Фаусты» секілді Адам мен Тәңірді кездестіріп, философиялық ой айтуға ойысқандығы байқалады. Г.Орда «Тәуелсіздік жылдары қазақ жазушылары әңгіме жанрында қалыптасқан дәстүрді жалғастыра отырып, мазмұндық, түрлік ізденістерге барды.Бұл жанр кеңестік дәуір тұсында тыйым салынған діни-философиялық, эротикалық, интимдік әңгімелермен толықты.Дәстүрлі ұлттық таным тәуелсіздік тұсындағы әңгімелерде батыс әдебиетінде қалыптасқан әр түрлі ағымдармен жалғасты»,-деп қазіргі қазақ әңгімелеріндегі көркемдік ізденістерді атап өтеді [38-99].
М.Байғұттың келесі бір «Салқын масақ» әңгімесінде түс көру тәсілі сәтті қолданылған. Әңгімеге назар аударайық.Үш күн қатарынан таңданарлықтай түс көрді.Бірінші түсі былай еді:
«Әлдеқашан сүйегі қурап кеткен әкесі Байшын бригадир мұны бала кезіндегідей Бозшын биеге мінгестіріп алып, баяғы, осы күнге дейін есінде қалып қойған, салқын масақ туралы әңгімесін айтып келеді екен дейді.
Заршын жазбагеріңіз түсім шығар десе, олай емес секілді. Тұп-тура өңіндегідей, бала кезіндегідей, бәрі ап-анық, ап-айқын»[27-10]
Өңіндегі ойлаған ойы осылай түсіне енеді.Ессіздік күйге тап болады.Ұйқысынан оянса тура түсіндегідей аяғы ауырыңқырап, ұйып қалғанын сезеді. Тағы да не өңі, не түсі екенін ажырата алмай басы қатады. «Екінші түсі бұдан да бетер таңданарлықтай. Тақырыбын, яки атын «Үгедей кедей» деп қойып, әңгіме жазуға отырыпты. Тағы да: «Осы менің өңім бе әлде түсім бе?» ― дейді. Қағазын қайта-қайта сипап көреді. Қаламын аударып-төңкеріп, шыркөбелек айналдырып байқайды. Тікірейген төбе шашын ұйпалай сипайды. Ешқандай да түсі емес, өңі сияқты»[27-11]
Бейсаналы күйде болса да түсінде өз-өзіне сұрақ қойып өңі не түсі екенін анықтағысы келеді.Кейіпкердің өңінен қарағанда түсіндегі іс-әрекеті ширақ,еркін.Жинақталған ашу-ызасын әңгіме қылып ақтарады.
Мына бір үзіндеге зер салып көрейік:
«― Ішімдік жағын неғымақсың? ― деді Үгедей кедей желкесін қасылап. Әлде тыққан-пыққаның бар ма?
― Ойбай, уәлаят әкімі тойдың бәрін ішімдіксіз өткізіңдер депті ғой. Қайдағы тыққан-пыққан?!.
Үгедей кенет тарс кетті:
― Осы сендердің ... Көттеріңе қарамастан, уәлаят әкімінде нелерің бар? Аймақ әкімінде нелерің бар? Тіпті ауылнайда нелерің бар? Қит етсе, әкім-әкім дейсіңдер! Солардың бізге, біздің оларға биттей қатысымыз бар ма өзі? Ай, атаңа нәлеттер-ай, есер елдің емізулі балдарынан бастап, еңкейген ентікпе шалдарына дейін әкімді қыстырмай әңгіме айтпайды-ай!
― Енді, отағасы, оның соншалықты апшып-шапшитындай айыбы жоқ шығар. Ел тізгіні, халық тағдыры солардың қолында ғой.
― Оттапсың! Олардың қолында емес. Өз тағдырымызды өз қолымызға алатын уақыт жетті. Сенің тағдырың анау тегістіктегі егістікте. Картопия мен Колорадо қоңызында»[27-12].
Заршын түсінде өз кейіпкерінің сөзі арқылы бойындағы қайнаған ашу-ызасын жеткізеді.Жазып отырған әңгімесіндегі кейіпкерлерін өзара диалогқа түсіріп, ішкі монологтың көрініс табуына жол ашады.Түсінде әңгіме жазып отырған Заршын Үгедей кейіпкерінің атынан өзі сөйлейді.Көпшілікке айта алмаған зарын Үгедейдің жары Үрзадаға айтады.
Заршынның өңіндегі әкімдерге деген ықыласы түсінде жалғасын тауып,оқырманға түсінікті бола түседі.
Заршынның түсінде жазып отырған бұл әңгімесі әрі қарай Үгедейдің жерін, үйін,қора-қопсысын әкімдердің жекешелендіріп,басқа жерге көшіруімен жалғасын табады.
«Жетесіз! Жетесін жоғалтқан жұртым-ай! ― деп күрсінді жазбагеріңіз өз кейіпкеріне өзі күйініп, өз шығармасын жазып отырып. ― Жетесіздер жерінен айырылып жатыр шетінен. Басқа амалы да шамалы. Тіпті тұяқ серпері жоқ...» [27-13].
Заршын өзінің күйінішін өзі жасап отырған кейіпкерімен бөліседі.Бар ойын автор болып кейіпкер тілімен сөйлеткізген.Мұның бәрі түсінде болып жатса да Заршынның өңіндегі болмысы, шынайы бет-бейнесі, ішкі ой иірімдерінің құпия қалтарысы ашыла түседі. Ғалым М.Атымов «... ішкі монологта көбінесе сөйлеуші адам өзінің ішкі жан-дүниесіне тереңдей еніп,өз психологиясынан хабардар береді.Жазушы қаһарманның өзімен-өзі сөйлестіру арқылы оның өзінен басқа жанға сездіргісі келмейтін жасырын сырларына дейін оқушыны жетектеп ертіп барады» [40-78] деген болатын.
Үшінші түсінде Заршын психологиялық, сезімдік күйлерді басынан кешіреді.
«Әлдекімдер әйдіңгердей тұғырда отырып алып, төменде тізерлеген мұның мұрнынан тартып тергейді-ай келіп.
― Әл-ауқатың нешік? — дейді әлгілер бірнеше дауыспен.
― Әлжуаздау, — деп, әзіл араластыра жауап береді бұл. «Ол жағында шаруалары қанша?» ― деп ойлайды іштей.
― Әдет-ғұрпың, әдептілігің қалай? — дейді-әй тағы да таңырқата.
― Әдеттегідей, ― дейді жазбагер Заршыныңыз. Тамағы құрғап, тілі шымырлай ашиды. Ішінен: «Ойпырай, осындай сұрақ та қойылады екен-ау?! Сонда нендей нысай-ниетпен сұрайды бұлар?» — деп таңданады.
― Шимай-шимай әжімдерің неліктен соншама сансыз көп? ― дейді антұрғандар анталай төмен үңіліп.
― Менің бет-жүзімде бүкіл Орхон-Енесай жазбаларының таңбалары бәдізделген. Баяғыда...
― Қандай тергеу? Нендей сұрау? Пікір алысу емес пе мұнымыз?
Кезекті соққы қаттырақ тиді.
Есін жиюы еттүсірімге емес, етпісірімге созылғандай
― "Зары" қалсын, "шынын" шырқыратып, құрдымға батырамыз, — деді де Латифундист мұның қылқа мойнын мытып-мытып жіберді.
Әуелгі әуенінен жаңылған жазбагеріңіз өңім емес, түсім болса екен деп шын тіледі Жаратқаннан.Шошып оянбаққа да шамасы жетпеген...[27-15].
Кейіпкер күнде ойланады, күн сайын түс көреді.Яғни,оның санасында үздіксіз ойлау процесі,сана жұмысы жүріп жатыр деген сөз.Байқап отырсақ, автор өзінің әңгімелерінде түс көру тәсілін әркез дамытып, мағыналық,көркемдік тұрғыдан түрлендіріп отырады.Бір түстің өзіне тарау арнап,ондағы оқиғаны,психологиялық көріністерді, ерінбей-жалықпай талдап жазады.Бір туындыда кездесетін түстердің жазылуы,суреттелу ерекшеліктері әр түрлі.
«Осындай қорқынышты,тосын түстердің көрініс табуы кейіпкердің ішкі жан дүниесінен,құпия сырларынан сыр тартады.Мұндай үрейлі түстер негізінде қылмысы бар,өзге түгілі өзінен де жасыратын жұмбақ сыры бар кейіпкерлерге тән құбылыс.Ол адамның саналы кезінде сырт көзден жасырып жүрген сезімін әшкерелейді» [6-85].Заршынның бойындағы үрейі дала тегістіктерінің жыртылуы, сол жыртылған жерлерден үйректердің пыр-пыр ұшып,жанұшыра қалбалақ қағуымен,қарғалардың қуана оли-гарх-гарх дегендей қарқылымен байланыстырыла психологиялық параллелизммен бейнеленеді.
Осы үзінді Заршын мен сұрақ қойып отырған тергеушінің диалогы арқылы өрбіген.Қиын жағдайға тап болса да тергеушінің сұрақтарына мысқылмен жауап берген кейіпкердің әлі де болса ашу-ызасын тарқамағанын, пікірінің өзгермегенін байқаймыз.Осындағы тергеуші Заршынның өңіндегі өз қорқынышы. «Қанша дегенмен олигархтың көп нәрсеге күші жетеді,қолы ұзын.Ал мен сияқты Тәңірден басқа қорғанышы жоқ жандардың зарын кім тыңдасын,кім ести қойсын?» деген ойы. «Солар туралы шындықты жазамын деп, ертеңгі күні бірдеңе тап болып қалмайын, маған зияндарын тигізіп жүрмесе екен» деген ішкі қорқынышы түсіне адам болып енеді.
Сана астарында бейсаналы түрде жүзеге асатын психологиялық түзіліс-түс болып табылады. Адам түсінде өңінде көп ойлаған нәрсесін көреді.Түстің бірден-бір қасиеті-көбіне шындықпен жанасатындығы,ол түстің өзінің табиғатына тән нәрсе.
М.Байғұттың бұл әңгімесі ерекше талдауды қажет ететін шығармалардың бірі.Түс тәсілін пайдаланғанда ішкі монологпен қатар, ішкі диалогтың маңызы арта түсетіні белгілі.Автор осыны жақсы түсіне білген. Бастан-аяқ түстен құралған бұл әңгіме негізгі кейіпкердің психологиялық жағдайынан жан-жақты хабар береді.Қатарынан көрген үш түсінде де кейіпкердің психофизиологиялық құбылыстарды үрей, қорқыныш, ашулану, қобалжу, қуану т.б секілді әртүрлі сезімдік-эмоциялық әсерді бастан кешіру жағдайын бейнелеген.Бұл көрген түстері кейіпкердің тағдырына тікелей және жанама түрде болса да қатысы барын аңғарамыз.Түс шығарманың көркемдік табиғатымен біте қайнасып,тұтастай мазмұнын ашып бере алған.
Түс-ішкі монологтың бір элементі,яғни кейіпкердің көңіл-күйін, санасындағы үздіксіз жүріп жатқан үрдістің бір сәтін белгілейтін көркемдік тәсілдің бір түрі.Түс көрудің сюжеті – образды- символдық түрде көбіне түс көрушінің психологиялық мотивін, инстинкті тілегін, талабын, эмоциясын және сезінуін, бүкіл сана астарындағы алуан түрлі психологиялық комплексті құрайды. Көркем әдебиеттегі түс көру тәсілінің ең басты көркемдік қызметі- психологиялық нақтылықты дәл бейнелейді. «Адамзат жаратылғалы бері өмір мен табиғат құбылыстарын танудың, оның құпия сырларына бойлаудың неше алуан талпыныстарын, қарапайым қағидаға сүйенген ізденістерін жүргізіп келеді. Түс көру адамның бүкіл жан жүйесін танып білуге ықпал ететіндіктен, ғалымдар бұл тылсым көріністерді психологиялық құбылыс ретінде қарастырады. Түсте адам санасы шеңберден шығып, шетсіз-шексіз әлемді игереді, кеңіс тік пен уақытқа тәуелді болмайды»[39-6].
Түс – көркем шығармада информациялық, сәуегейлік, символдық, архетиптік, мифологиялық, психологиялық, психоаналитикалық, медициналық, эстетикалық, философиялық т.б. көркемдік қызметтер атқаратынын М.Байғұттың аталған осы әңгімелерінен де көз жеткізуге болады.Жазушы Мархабат Байғұт кейіпкердің характерін психологиялық өмірдің заңдылығына сәйкес сомдауда, ұйқы мен ояну мезеті арасындағы жан қозғалыстарын байланыстыра бейнелеп, түстен кейінгі адам санасы мен іс-әрекеттеріндегі психологиялық түзілістерді тереңдей талдауды да назардан тыс қалдырмаған. Түс көрудің қосалқы компоненттері сандырақтау, елес, елестету, есеңгіреу, шатасу т.б. өң мен түс, өмір мен өлім аралығындағы жан азабын шеберлікпен суреттей білген. Ішкі монологқа тікелей қатысты кейіпкер бойынан табылатын түс көру, оны жорыту, ішкі дауыс, ішкі диалог, ойағысы т.б. көркемдік бейнелеу тәсілдері Мархабат Байғұттың өзгелерден бөліп көрсететін жазушылық шеберлігі екені анық. Құлбек Ергөбек: « М.Байғұт прозасына тән нәрсе адамның ішкі дүниесіне көбірек үңілу, шығармаларын ішкі тартысқа құруы.Оның прозасы композиция жағынан да ішкі монологқа, психологизмге құрылған.Кішкене оқиғадан үлкен драматизмге, қарапайым өмір шындығынан үлкен философия аңғарта білуге жетелеген.Мұның өзі жазушының шығармашылығының үлкен жетістігі, жеңісі»,- деп атап өтеді [17-259].
М.Байғұт өте сезімтал, аңғарымпаз суреткер.Оның 1993 жылы Жібек жолы баспа үйінен басылып шыққан «Дауыстың түсі» атты әңгімесі көпшіліктің көңілінен шыққан туындыларының бірі болды. Ол ренген секілді адамның ішкі жан-дүниесіндегі психологиялық сезімдік, эмоцияналды құбылыстарды қалт жібермей бақылап, тап басып бейнелеп отырады. Тіпті, одан «Дауыстың түсін де» жасыра алмайсыз. Сөзіңіз бен қимыл-әрекетіңіздегі елеусіз сәтті де, ішкі дүниеңдегі астан-кестеңі шыққан жасырын құпия сырларды да жан тамыршысындай жайып салып отырады. «Дауыстың түсі» деген әңгімесінде оқуды бірге бітірген екі маманның бірдей қызметке келіп, бірі тез өсіп, бірі сол отырған қалпында қалып қойған достар диалогындағы дауыс түстері арқылы олардың ішкі құпия сезімдері, жан арпалыстары ашылады. Адамдар арасындағы бәсекелестік, күншілдіктің ақыры неге алып баратынын, ол адамның мінезін ғана емес, тағдырын да тығырыққа тірейтін қасіретке әкелетінін нақты әдеби фактілер, кейіпкерлердің өкінішті өмірі арқылы бейнелеп береді. «Алғаш осы қалаға келгенде апта сайын бас қосып, бірге шай ішпесе, бірін-бірі аңсап тұратын еді. Бірте-бірте аралары алыстады…кейін телефон арқылы сөйлесіп тұрып, бір-бірінен ертерек құтылуға тырысатындай болып көрінетін. Оның үнінен ештеңе аңғара алмай дал болатын кейде. Өз даусынан өзі іш жиятын» деген сөздері арқылы Есмақанның таза адал пейілін өзінің көрсоқыр пасықтығы пернелеген Еңсебек Әсіловтің опасыздығын автор осылай әшкерелейді. Шағын жанрдағы шып-шымыр сюжет – екі достың дауыс құбылыстарының құбылуына құрыла отырып, мансап жолында өзгерген мінез-құлқын мінейді. Өз кейіпкерлерінің жан дүниесіндегі өзгерістерді осылай дамыта, күрделендіре отырып бейнелейтін жазушы адамзат табиғатындағы кереғар екіұдай сезімдерді де барынша зерделей біледі. Психолог жазушының суреткерлігі міне осындай ұсақ детальдарды дәмді пайдаланудың нәтижесінде әрбір әрекеттің нанымдылығына қол жеткізеді.
«Дауыстың түсі» бүгінгі қазақ әңгімелерінің ішіндегі классикалық туынды деуге болады. Б.Сарбалаев: «Мархабаттың «Жалбыздының жағасында», «Дауыстың түсі», «Жемелек», «Шел» сияқты шығармалары оны қазіргі қазақ әңгімесінің шеберлері қатарына қосады» деп бағасын береді. «Дауыстың түсі», тіпті ,бұрын-соңды қазақ әдебиетінде кездеспеген, жазылу стилі мүлде бөлек шығарманың бірегейі.Кейіпкерлердің психологиясы шынайы , нақты түрде ашылған. Әңгімеде кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін ашатын жай ғана олардың өзара сөйлескен диалогтары. Барлық шығармаларда кездесетін тартыс пен кейіпкерлер арасындағы қақтығыстар бұл әңгімеде кездеспейді,айтарлықтай сюжет те жоқ.Бірақ сонысымен де ерекше. Ерекше деп отырғанымыз бұл әңгімеден авторлық концепсияны да, оқырманның сезіміне әсер ететін ой-түйінділерді де табуға болады.Сюжетсіз, мекенсіз,арнайы оқиғасыз-ақ айтатын нәрсесі ,беретін рухани нәрі мол. Кейбір шығармалардың өзінің концепсиясын толық көрсету үшін том-том болып жазылып, екі-үш кітапқа дейін жететіні белгілі.Ал, Мархабат Байғұттың бұл әңгімесі қарапайым ғана жазылып, қаншама кітапқа арқау болатын дүниелерді екі-үш бетке сыйғыза білген.Әңгіме жанрының басты ерекшелігі осында болса керек.
Тартыс әдеби шығармалардың негізгі өзегі, кейіпкерлердің характерін жасайтын бірден-бір тәсіл екендігі белгілі.Мысалы; Ж.Аймауытовтың «Ақбілегі», М.Әуезовтың «Қорғансыздың күні» туындыларында кездесетін әртүрлі жағдайлар Ақбілектің, Ғазизаның характерінен хабардар береді.Осы шығармаларда тартыс , белгілі бір қақтығыстар орын алмағанда кімнің-кім екендігі білінбейтін еді,кейіпкерлердің психологиялық сезім-күйлері жүзеге аспаған болар еді.Ал,Мархабат Байғұт «Дауыстың түсі» әңгімесінде ешқандай тартыс, оқиғаға бармай-ақ кейіпкерлердің характерін дәл бере білген. Әңгімені оқыған сайын жазушының шеберлігіне тәнті боласыз. Шығармада кейіпкерлердің аттары аталғанымен, түр-түсі,кескін –келбеттері суреттелмейді. Бірақ, олардың қандай адам екенін ұғындырып, портретін көз алдыңызға еріксіз елестетеді.Кейіпкерлердің ішкі монологы пен өзара диалогтары шығарманың негізгі компаненті болған. Қ.Найманбаевтың : «Ол жазған ірілі-уақты қай дүние болмасын алып-жұлып бара жатқан оқиғалар тізбегі,шым-шытырық толғаныс болмайды.Өзі қандай қыздай жігіт болса, шығармасы да сондай ұяң келеді.Мінезі шығармасына жұқпаған жазушы кемде-кем шығар.Ендеше, Мархабат та солай» деген сөзін Құланова Сандуғаш өз мақаласында атап өтеді [41-6].
Әңгіме атының өзі қызық.Оқырманды еріксіз қызықтыра түседі. Көкейінде «Дауыстың түсі» де бола ма ? деген сұрақ туындап, шығарманы қалай бастап, оқығанын да білмей қалады.Әңгімені оқып болған соң, шынында да дауыстың түсі болатынына көзін жеткізеді.М.Байғұт заманауи, жаңашыл жазушы .Ойымызға осы әңгімесі дәлел бола алады.Адамдардың ұялы байланысы арқылы бірін-бірі көрмей-ақ алыстан тілдесетін мына заманда дауыстың түсі болмауы мүмкін емес. Сондай-ақ ,халықтың арасында дауыстың түсін білдіретін тіркесті сөздердің бар екенін білеміз.Мысалы, қоңыр үнді, ашық дауысты т.б. сөздерді атауға болады. М.Байғұттың көп шығармаларында күрең,күлгін,қоңырқай,қызғылт түстерді жиі қолданады. «Әкім кеткен күн» әңгімесінде мынандай сөйлем кездеседі:«Кететін әкім сөзін күреңітіп бастап,күлгіндеу кейіпте аяқтап,жылы жымимаққа әрекеттенді.Келген әкім сөзін сәл алабұртыңқылап бастап,қызыл-будандана,жып-жылы жымиыспен тәмамдады»[30-252]. Ал,Біз талдайын деп отырған «Дауыстың түсінде» де күңгірт түсті негіз етіп алған М.Байғұт бояу түсі арқылы адам психологиясының қатпарлы тереңіне үңіле біледі.Жазушының бояу түсін қолдана отырып жазған шығармаларын түсіну үшін терең білім керек.
Сағынған кездегі дауыс ырғағы, танымайтын адамдардың алғаш бір-бірін көріп сөйлескен сәттегі дауыс иірімдерінде көптеген айырмашылықтар болады.Сонымен қатар іштегі бір сырды жасырғанда немесе қорқыныш сезімінің бойды билеп алғанда дауыстың дірілге ұласатыны белгілі.Психологияда адамның даусы, оның мінезін көрсететін бірден-бір көрсеткіш ретінде бағаланады.Көптеген психологтар адамның дауыс ырғағын,сөйлеу мәнерасын оның ішкі жан дүниесімен байланыстыра қарайды. Дауыс адамның мінезіне,көңіл-күйіне сай мың құбылатынын атап өтеді.Демек, дауыс-іштегі ойды айғақтап, көңіл-күйдің айнасы бола алады. Жазушы кейіпкерлердің психологиясын жасауда дауыстың маңыздылығын жақсы түсіне білген және оны сәтті пайдалана алған.
Аналитикалық психологизмнің басты көрсеткіші ішкі монологтың осы әңгімеде кеңінен қолданылғанын байқауға болады.Мұндай тәсілді жазушының әр шығармасынан көптеп таба аламыз. Барлығын талдап көрсету,әрине, мүмкін емес.Солардың ішінде сюжеті де, жазылу стилі де өзгеше осы әңгіменің психологиялық аспектілерін талдап көрсетуді жөн көрдік.
Шыны керек, осынау әңгіме адам және адамдар хақында. Олардың сан қатпарлы ішкі және сыртқы әлемі, сырлы да құпияға тола психологиялық иірімдері, жан баласына білдірмес, білдіртпес қылықтары мен іс-әрекеттері адамның бет әлпетінің өзгеруі арқылы емес, оның дауысының, дауыс ырғақтарының түрліше құбылуы, әр түрлі бояу реңктерге бөлінуімен танылуында деп білеміз. Демек, дауыстың да өз түсі болады екен. Адам бетінің түсі бүгінгі күрделі де аса жоғары өркениет жағдайында оншалықты сыр алдырмайды. Өйткені сырды жасыратын бүгінгі адамның көзге көрінбес бет пердесі бар. Ал дауыстың да өз түсі бар екен. Дауыс та түрлі-түсті түске енеді. Дауыс та ішкі дүниеңді кейде білдіртіп қояды, кейде мүлдем білдіртпейді.
«Әңгіме өте терең психологизмге құрылған. Адам жанының қалтарыстары тым-тым күрделі әрі жұмбақ екендігін, соған барлау жасаған қаламгер Мархабат Байғұт қазақ прозасына адам дауысының түсі деген ұғымды ендірді. Жоғарыда бірді-екілі сипатта адамға қатысты оның беті, түсінің өзгеруі секілді түсініктер бұрыннан-ақ бар болса, ендігіде адамның дауысы өзгеретіндігін білсек те, дауыстың адам болмысын танып-білуде өзіндік реңі, бояуы болатындығын осы туындыны оқи отырып терең пайымдауға мүмкіндік алдық»[25-29].Енді әңгімеден үзінді келтірейік:
Есмаханмен диалогқа түсу барысында Еңсебектің ішкі монологы, ойы қылаң береді.Сол арқылы кейіпкерлердің мінезі ашылып, кімнің кім екендігін тани түсеміз. Келесі үзіндіде де диалогпен бірге ішкі монолог, кейіпкердің ішкі сөзі қатар берілген.
«-Оу,сенбісің?! Хабарсыз кеттіңғой бұл!Бұл не боп кетті өзі.Келсеңдерші!
«Қарашы! Қарай гөр,әртіс!Әдейі айқайлап,даусының түсін білдірмей тұр.Көңіліндегі баттасқан кірді жасырмақ.Бәле.Сұмын қарашы!»-дейтін бұл ішінен»[30-78].
Бұл Еңсебектің сөзі,өзіндік пікірі.Ал осы сөздердің астарында қаншама сыр жатыр.Мұнда кейіпкер Еңсебектің психологиясына әсер ете бастаған қоғамдық өзгерістердің салқыны сезіліп тұр. Қызмет бабын өмірдің өзі деп білетін Еңсебектің пікірі психологиялық көңіл-күй туғызған.С.Таханов ішкі монолог арқылы кейіпкер жан дүниесін қоғамдық құбылыстармен бірлікте қарастыруды ұсынады [42-198].
«Анандай болмаса ,бару керек еді.Баруым керек еді. Анандай болмаса, бару керек шығар.Ертең-ақ жазылады.Екі ай бойы ауруханада жатқанда бармағаның қалай болады? деген күбірді тыңдап тұрды.
-Анандай дегенге зәреміз ұштығой деді,- Әріпбек...
Бірақ әне-міне деп жүргенде мамыр мейрамы келіп жетті.Ақыры мынандай болды ғой.Ақыры *анандай* болып шыққан екен-ау»[30-80].
Мұнда Есмақанның дүние салғанын айтып отыр.Автор осы жағдайды айшықты тілмен көрсете білген. “Өлім” деген жақсы сөз емес.Тілімізде оның орнын мынандай сөздермен алмастырады. «Дүние салу», «о дүниелік болу», «келмеске кету» т.б.Ал Мархабат Байғұт осының бірін де қолданбай, жаңаша сөзді тілге тиек етеді.
Сонымен қатар әңгімеде ішкі диалог, яғни кейіпкердің өз-өзімен сөйлескен сәттері жиі болады.Ішкі монолог секілді ішкі диалогтың да кейіпкердің психологиясын беруде маңызы айрықша.Ішкі диалог кейіпкердің психологиясын танытып қана қоймай шығарма тілінің шұрайлылығын, оқырман қызығушылығын арттыра түседі.Мына бір үзіндіде ішкі диалогтың ұтымды қолданылғанын байқауға болады:
«Бір стакан суды ішіп алып, отырған күйі: “Орнына кім болар екен?”- деп күбір етті.”Әрине, Әріпбек болатын шығар”.Өзіне-өзі тағы да таңдануға әрекеттенді. “Ойпырай,біреу ана жақта арыстай болып сұлап жатыр.Сен «орнына кім болар екенді” де ойлап үлгердің.Адамда (менде немесе сенде дегісі келген,олай шықпады) мейірім қалмаған ба?»[30-77].
Өз сөзінен өзі шошынғандай болады.Жазушының кейіпкерін қоғамдағы орнына сай тілмен келістіріп сөйлете білуі шығармаға шынайылық сипат берген.Мейірім деген бар ма өзі ? Әңгіменің көп тұсында Еңсебек осылай өз өзіне жиі сұрақ қояды.Тіпті, әр айтылған ішкі монологынан соң санасында осындай сауал туындайды. Бұл кейіпкердің санасында жүріп жатқан ой қақтығыстарын аңғартса керек.Автор «мейірім» сөзін текке қолданып отырған жоқ.Мейірім сөзін пайдалану арқылы Еңсебектің мейірімсіз, тас жүрек екенін оқырманға түсініктірек ете түседі.
Үшінші жақтан баяндаудың да айырықша ерекшелігі бар. Ол авторға оқырманды кейіпкердің ішкі өміріне енгізіп, оны жан – жақты суреттеуге мүмкіндік жасайды. Автор кейіпкер жайында бәрін біледі, тіпті оның өзі байқамайтын көңіл түйткілдерін де аша түседі. Бақытжан Майтанов: «Дау жоқ,авторлық төл сөз әрдайым сүбелі үлеске ие.Оны ішкі монологта диалог сияқты идеялық-композициялық қажеттіліктерге байланысты әр эпизодтарда алмастырып отырады.Алайда жазушы кейіпкердің тұйық сөздері мен ашық сөздерінен қалған бос кеңестіктерді толтырып өмір шындығына сай нанымды штрихтармен толықтырып, органикалық тұтастық тудырады» деп ішгі монолгпен қатар келетін авторлық сөзге бағасын береді[1-129].Әңгімедегі басты кейіпкер Еңсебектің ішкі толғанысы, досының жаназасына қатысып, сол сәттегі ішкі монологы кейіпкердің ой-сезімін жеткізетін автор сөзі ретінде көрінеді:
«Бір кезде көзі тайғанақтап,өліктің бетіне түсті.Бетіне қарауға қоқып тұрған сияқты еді.Жүрегім су ете қалар деп ойлаған.Бекер-босқа, не болса соған жүрек суылдатып,шымырлата бергеннің несі жақсы дейсің.Әркімнің денсаулығы өзіне керек.Кетер адам кетті.Бір кезде жолдас, дос сияқты еді.Несі бар,кім кіммен дос болмаған, жолдас болмаған?Кім кіммен айырылыспаған...
Есмақанның бетіне қарасам,қорқып, шошып қалармын дегені бекер екен.Селт етпеді.Есмақан ғана ұйықтап кеткендей.Костюмі,галстугі,ақ көйлегі –бәрі бұрынғыдай,әдемі жарасады.Түк те өзгермеген.Қызмет өзгерте алмағаны ма сонда.Көрмегеніне көп уақыт өтті ғой.Семірмесе де толған шығар,өзгерген шығар деуші еді. «Кәне,билемей тұра береміз бе? дейтін кезіндегідей.Осы мезетте ғана,Есмақанның биші екені есіне түскенде жүрегі сәл бұлқынғандай болған» [30-80].
Осынау үзіндіде кейіпкердің ішкі психологизмі мен авторлық көркемдік баяндау бірін-бірі толықтырып, адам даусы арқылы өзінің ішкі толқуын ешбір түске боямай, білдірмей тұрғандығына көз жеткізесіз. Кейіпкердің қандай жерде тұрғанын да ескермей қызмет туралы ойлаған ойын, Есмақанға қарап айтқан сөздерінен байқауға болады.Қызмет, абырой адамды өзгертетін шығар деп ойлаған.Бірақ Есмақан сол баяғы қалпында. Керісінше өзінің қаншалықты өзгергенін байқап, бір сәт ұялғандай да болады.Онысын тез ұмытып, бойын қайта тіктеп алады.Автор кейіпкердің санасында болып жатқан майда құбылыстарға дейін қалт жібермей әңгімеге түсіре білген. Г.Пірәлиева «Адамдар арасындағы бәсекелестік, күншілдіктің ақыры неге апарарын, ол адамның мінезін ғана емес, тағдырын да тығырыққа тірейтін қасіретке әкелетінін нақты әдеби фактілер, кейіпкерлердің өкінішті өмірі арқылы бейнелеп береді. «Алғаш осы қалаға келгенде апта сайын бас қосып, бірге шай ішпесе, бірін-бірі аңсап тұратын еді. Бірте-бірте аралары алыстады…кейін телефон арқылы сөйлесіп тұрып, бір-бірінен ертерек құтылуға тырысатындай болып көрінетін. Оның үнінен ештеңе аңғара алмай дал болатын кейде. Өз даусынан өзі іш жиятын» деген сөздері арқылы Есмақанның таза адал пейілін өзінің көрсоқыр пасықтығы пернелеген Еңсебек Әсіловтің опасыздығын автор осылай әшкерелейді. Шағын жанрдағы шып-шымыр сюжет – екі достың дауыс құбылыстарының құбылуына құрыла отырып, мансап жолында өзгерген мінез-құлқын мінейді» деп осы әңгіме туралы мақаласында келтіреді.
Ішкі монологтың авторлық түрлері негізгі үш жағдайда байқалады. Біз жазушы әңгімелерінде ұшырасатын монологты соған сәйкес талдадық. Бірінші: ішкі монолог кейіпкердің ой-сезімін жеткізетін автор сөзі тұрғысында берілуі.«Шығармаларда авторлық баяндау көп ретте кейіпкерлердің көзімен, ойымен беріледі. Сондықтан бұл баяндауда тосын сипаттамалар, астарлы атаулар аз кездеспейді» [43-84]. Мысал кетіріп көрейік.Есмақанның соңғы сапарына шығарып салу рәсімінде Еңсебектің сөзі,ойы автор тарапынан баяндалған:
«Ол елу жылдығын атап өткенде бұл курортта болатын.Біле тұра курортқа кетті.Әрине,әркімнің жаны өзіне керек.Біреу елуге толады екен, оны ел болып тойлайды екен деп,бұл өз денсаулығынан бас тартуы керек пе? Оның достары, жолдастары көп, мұнсыз да дүркіретіп өткізеді.Мұның жоғы да білінбес,ешкім іздей де қоймас» [30-76].
Ішкі монологтың авторлық түрінің екінші бір түрі – бұл тура автордың өз атынан айтылатын ішкі монолог. Автор атынан айтылған ішкі монолог, кейіпкерлердің ішкі толғанысын, сонымен бірге олардың қоғам алдындағы беделі мен өз бойындағы мінездеріне талдау жасауға көмектесері хақ. Ішкі монологтың автор атынан берілуі, автордың сөз саптауымен және қай қоғамдағы кейіпкерді бейнелей алуына ерекше мән беруі ішкі монолог тәсілдерін аша түсетіндей. Ішкі монологтың стильдік-көркемдік бейнелері автордың өз қалауы мен алынып отырады. Бірақ мұнда автор мен кейіпкер арасы айқын байқалып тұрады.Мысалы;
«-Есмақан Досболов кім еді?Ол елім деп туған ер еді,-Осы жерде бір кідірді.Қанша көсілейін десе де болмай барады.Дауыстың түсі болады деп бір жерден оқығалы өз даусынан өзі қорқатын.Тап қазір даусының түсін көрер ме еді.Ондай түр-түс жоқ шығар.Егер көріне қалса бар ғой, мұның даусының түсінен адам бірден жынданып кетер еді» немесе әңгіменің келесі бір жерінде: «Гүлзардың өзге сөзінен гөрі “рахметі” оларға қаншалықты жат болып, алыстап кеткенін анық аңғарып еді»[30-38].
Мәтін түзудегі ішкі монологтың үшінші түрі – кейіпкер рөліне көшкен автордың өзі, ішкі монологы ретінде келуі. Мысалы;
«Бұрын газеттерде *мәңгілік есте сақталады* деп жазушы еді,кейін *ұзақ сақталады * деп түзетті ғой.Ертең Есмақанды да газетке шығарады.Не деп жазар екен?Үлкендер қол қояр ма екен, әлде *бір топ жолдастары* дер ме екен? Бір топтың ішіне бұл кіре ме?...
Иә,өлім деген өзіңмен бірге жүреді.Бір бүйіріңде отыр ғой ол.Тесіле қарап отыр-ау!
Адам сұмдық көп болды-ау.Өзі,иә, өзі өле кетсе,қанша адам болар екен?Жымиғысы келді.Өлі жымиысын таба алмады.
Мейірім қайда кеткен бұл? Адамда мейірім қалған жоқ»[30-82].
Осы үзіндіде автор сөзі мен кейіпкер сөзі тұтасып, бірін-бірі толықтырып тұр.М.Байғұттың публицист екенін жақсы білеміз.Өз атынан кейіпкер рөліне көшіп, газетте жазылатын қате сөздерді,онда әр түрлі жағдаяттардың кездесетінін білдіртпей айтып өтеді.Тіпті,шығармамен үйлескені соншалық бұл үзіндіні бөліп ,алып тастауға келмейді.
Жазушының қай кейіпкерін алсақ та бір толғаныс, бір ой үстінде жүреді. Ой, ішкі ой – жалғыздықтың таптырмас серігі. Кейіпкер өз ойымен өзі, өзімен-өзі сөйлеуге ғана шешім қабылдайды, оны тек өзі шешеді. Жазушы кейіпкер тіршілігін қадір-қасиетіне, үміт-ынтасына, іс-әрекетіне қарай оқиға бойында бейнелейді. Суреткер өмірдің бұралаң жолындағы адам психологиясын, толқуын, тебіренісін сананың үздіксіз күресін, сезім күйін нәзік шеберлікпен суреттейді. Кейіпкердің аузына сөз сала отырып, образ табиғатын, олардың ой-толғаныстары мен құпия сырларын ашу мақсатында ішкі монологке жүгінеді. Осы әңгімеде ішкі монологтың үш түрі де қамтылған.
Досының соңғы сапарын да әр түрлі ойға барады.Бір сәтте досына деген ыстық пейілі қылаң берсе, енді бірде бастапқы қызғанышты сезімі қайта тұтанады. «Адам сұмдық көп болды-ау.Жымиғысы келді.Мен өлсем,қанша адам жиналар екен?»Кейіпкердің аза сезім құшағында ерік-жігерінен айырылып, сол хал күйін түсіне алмай дал болатын қызу көңілі емес, мұнда әлеуметтік-тұрмыстық, рухани-адамгершілік сапалары топшылана келіп, болашақ өміріне қиял арқылы барлау жасалады.Бірақ онысын кейіпкердің өзі де байқай бермейді.Осыдан-ақ Еңсебектің шынайы болмысын,психологиясын, мінезін нақты бекіткендей боламыз. Адамның қай жерде қалай сөйлеуі керектігі, қажет болса, өлімді жерде сөз ыңғайын қалай бұрып, қайтып бағыттауды да елеп-екшеуі адам жанының өте күрделеніп кеткендігін көркем шығармадан анық аңғаруға болады. Еңсебек Әсіловтің ішкі дүниесіне үңіле отырып, үрке қараймыз.Негізінен Еңсебек өте іші тар,қызғаншақ,өз көлеңкесінен өзі сескенетін кейіпкер.Ол сол болмысынан шығарманың аяғына дейін айнымайды.Іс-әрекеті мен сөздері арқылы өз образын саралап,даралап тұрады.
Қасында жүрген жанның о дүниелік болуы кімді де болсын үрейлендіріп,шошынтады екен!Елуін атап өте сала Есмақан өмірден көшті.Сақталған азаматтық кісілігі, жинаған абыройы соңғы сапарында да қалың көпшіліктен қолдау табады.
М.Байғұт әңгімелерінде кейіпкердің ішкі монологы, үзіліссіз жүріп жатқан сана ағымы, психологиялық талдау секілді психологизмнің сан алуан түрлі тәсілдер екі-үш бетті тегіс алып жататын сәттері сирек емес. Кейде тіпті бүкіл әңгіме кейіпкердің ішкі өмірінен тұрады. Және бір тоқталар жай, жазушының әдеби әдістердің әртүрін пайдалана отырып, кейіпкердің көңіл-күйін ұзақ әрі жан-жақты етіп жазудан, яғни оқырманын жалықтырамын деп жүрексінбейді де. Өйкені, шығарма шырайы осындай ойлығымен, жан дүние тереңдігімен, сюжеттік динамика мен психологиялық бейнелеудің нәтижесінде әңгімелеудің күрделі стилін тудырады.
Бұл күндері қаламы ұшталған жазушының өзіндік өрнегі айқын, өзіне тән стилі қалыптасқан. Мархабат Байғұт шығармаларын оқи отырып, кейіпкер мінезін ашуда ішкі монолог пен диалогтің көп көрініс бергенін аңғару қиын емес.Мысалы, «Варвараның көмбесі» әңгімесіндегі әке толғанысы тұнған монолог. Әңгіме басты кейіпкер Қалқаманның төңірегінде өрбиді. Қызы күйеуге тиіп кеткендегі әке толғанысы, әкенің көңіл күйі шебер суреттелген. Қызының оқыса, жоғары білімді болса деген үмітін ақтамай, күйеуге ерте кеткендігіне риза болмаған әке суреттелген.
Алғашқы бөлім Қалқаманның қызы көктемде күйеуге тиюімен басталып, бөлімнің өне бойы әке сезімін толғайды. Шығарма бастан аяқ қыз әкесінің ішкі жан күйін суреттеуден тұрады, яғни, әке психологиясы. Г.Пірәлиева көркем шығармадағы психологизмді екі түрге бөлген: « Біріншісі, кең мағынадағы психологизм бұл барлық әдеби шығармаға тән. Екіншісі, тар мағынадағы психологизм, жеке адам тағдырына тереңірек үңіліп, рухани әлемді егжей–тегжейлі бейнелеуге ерекше көңіл бөледі»[7-4].
Шығармадағы суреттеулерді психологизмнің екінші түріне жатқызуға болады. Әңгімедегі психологизм байсалды терең толғаныстардан емес, мысқылға құрылған қаһарманның ішкі ойынан тұрады. Себебі, қызының құтты жеріне қонғанына қуанудың орнына әркімнің сөзін есепке алып, өз өзінен қорланған әкелердің бейнесі. Бұған қаһарманның «Оқымады демесең… дейді, Басынды ғой бәрі, басыма шықты – ау!» деген ішкі сөздері куә. Осындай намыс кернеп, сол қасіретті іштен арақпен қуып шықпақ болады.Бұрындары дос-жарандарымен ішіп, тіпті той-томалақта қызыңқырап қалса да, жалғыз өзі еш уақытта арақ ішіп көрмеген әкенің оңашада отырып жападан жалғыз арақ ішуіне қызының оқымай, бір мамандық иесі болмай ерте тұрмыс құруы себеп болды. Қыздарының халін ойлаған Қалқаман: «Басы мынадай болды… Алдыңғы дөңгелек… әй, әтәсіне нәлет! Ішем…» деп қатты күйзеліске түсуі де Қалқаманның іші қуыс, құр кеуде екенін аңғартса керек.Әңгімеде Қалқаманның ішкі монологі арқылы автор өзінің айтайын деп отырған бар ойын оқырманға жеткізеді. Елдің «экономикасы күшті колхозға барыпты қызың» деген сөздері Қалқаманның күлкісін келтіреді. Әңгіме, жалпы Мархабат шығармаларының бір ерекшелігі біз ескере бермейтін, бірақ өмірде көп болып жататын оқиғаларды ащы мысқылмен емес, күлдіргі жағдайлармен жеңіл суреттеп беруі. Әңгіменің өне бойы жеңіл күлкіге құрылған»[41-6].
В.Е.Хализев: «Кейіпкер монологтарында (әсіресе ішкі монологтарда), ортақ төл сөздерде лирикалық медитацияларда интеллект қызметімен байланысы жоқ және «ақыл-ес бақылауынан» тыс көңіл-күй әуендері қамтыла түседі. Айтылар ойлар адамның сол сәттегі толғанысынан көшірме емес, сөзсіз, пікірсіз жан қозғалыстарының шартты өрмегі ретінде көрінеді-дейді» [12-105].
Ішкі монологқа тікелей қатысты кейіпкер бойынан табылатын түс көру, оны жорыту, ішкі дауыс, ішкі диалог, ой ағысы т.б. көркемдік бейнелеу тәсілдері Мархабат Байғұтты өзгелерден бөліп көрсететін жазушылық шеберлігі екені анық.
Ішкі монологтың басты көрінетін жері-эпистолярлық (хат) жанрда. Хат жанры – ерте заманан бері келе жатқан адамдардың қарым-қатынас жасау құралдарының ең көнесі һәм мәдени және тарихи мәні зор жазба тілдің ежелгі формасының бірі. Шартарапты шарлаған жиһангез-саяхатшылар, ел билеушілері, ғұлама ғалымдардың арасында жазылған хаттардан тарихи деректерді білуге болатыны бесенеден белгіліХаттарды жекелеген адамдар да жиі жазатыны түсінікті жайт. Әлемге әйгілі тұлғалардың таңбаға түсірген хаттары – олардың ғұмыр жолын танып-білуге тұтқа болатын нақты құжат. Осындай шынайы хаттарда әрбір жеке тұлғалардың ауызша айтыла бермейтін нәзік сырларды білдіретін, сол уақыттағы көңіл-күй мен көзқарасын сипаттайтынын да ұғыну қиын емес. Демек, хат дегеніміз – жазылған уақытындағы тұтас бір қоғамның психологиясын, танымын, талғамын ойлау жүйесін ашық жайып салатын өте құнды дүние. Мәселен, хатқа түсірілген тұлғаның ойы, жан-сыры ешбір шығармаларында, мақалаларында, сұхбаттарында айтылмауы мүмкін. Ал хатта күйініші, сүйініші, өкініші, өмір мен саясатқа деген көзқарасы да бүкпесіз ақтарыла айтылады.
Қаламгердің туындыларында хаттың көркемдік мәнде жұмсалуы арқылы кейіпкердің даралық сипаттары, мінез иірімдері кеңінен ашылады. Көркем прозадағы хаттың мәнінің фольклорлық шығармалардан бастау алатын көркемдік қызметін талдай отырып, Г.Пірәлиева былайша ой тұжырымдайды: «Хат-хабар беру қызметімен қоса жеке адамның ішкі ойына ерік берер, құпия интимдік сезімдерді де сыртқа шығарар көркемдік тәсілдің бірі әрі психологиялық талдаудың бір түрі»[6-167]. «Сізді сүйген қыз едім» әңгімесіндегі ағасына ағынан жарылған хаттағы ойлар арқылы кейіпкер жан дүниесін мазалған жайттардың сыры ашылады.Хат жазушының іштей дағдарысқа түсуі ,өткенді аңсауы, өзінің ішкі дүниесін ақтаруға адам іздеуі арқылы адам психологиясында өтіп жатқан процестерді жайып салады.
«Мен сізге қай кезде, қалай және қанша жасымда ғашық боп қалғанымды, неліктен мұндай дертке ұшырағанымды, қалайынша қатты сүйіп қалғанымды білмеймін. Әйтеуір бір күні, кешқұрымғы шақта, қас пен көздің арасында өзімнен-өзім қатты-қатты қуанып-қуанып кеттім. Жүрек шіркін алдымен алқынып, артынша алып ұша атқақтай жөнелді. Алқын-жұлқын күй кеше тұра бал татыған мұндай мезетті оңды-солды ешқашан бастан кешпегенімді түйсіне таңырқадым» [7-330].
Әңгіме осылай басталады. Басталған сәттен-ақ кейіпкердің ішкі толғанысы, алып-ұшқан сезімі сөз болған. Хаттың маңыздылығына баспасөз теоретигі Е.П.Прохоров өз еңбегінде нақты көзқарасын білдіреді. Оның айтуынша: «Хат – адам сана-сезімі мен жүрегіне әсер ететін бірден-бір қатынас құралы. Хат жазып немесе оны оқу үстінде адам психологиясына әсер етуші небір құбылыстар болады. Мәселен, қуану, мұңаю, жылау, жабырқау, тіпті, маңызды хаттарды оқу арқылы адам бойында қоғамдық пікірдің қалыптасуы да ғажап емес»[44-119].
«Мерейтойдың жиналысы тәмәмдалғанша төралқадағы сізден көзімді алмағам. Тойдың дастарқанына бардық. Қарсы бетіңіздегі үстелге жайғасып, рахаттана көз қанықтырдым. Жалқы мәрте назар жықпадыңыз. Бәрібір, сіз қатысқан жерде бақытты екенмін, көңілім көркейіп, жаным жай тауып, жүрегім елжіреген. Бірақ бидің кезінде бәрі қайта бүлінді. Жан дүнием астаң-кестең, іштегі қырсық сыртқа андыздады. Ыдыс-аяқтың бәрін шетінен қиратқым келіп, аласұра алақтадым. Себебі сол, сіз басқа біреумен қайта-қайта биледіңіз. Мені қаперіңізге алмадыңыз, көзіңізге ілмедіңіз»[30-338].
Осы үзіндіден хат жазушы кейіпкердің қуаныш-сүйінішін де, ашу-ызасы мен ренішін де т.б. әр түрлі психологиялық көңіл-күйлерінің жүзеге асқандығын байқаймыз.Кейіпкер жазған хатына ішіндегі жан сырын, сезімін, көңіліндегі сағынышы мен мұңын бүкпесіз түсірген.
Жазушының «Бейшара» әңгімесі де – эпистолярлық жанрда жазылған туынды. Ақындық өнері бар, айтар ойы анық жас ақын Ардашердің қаламгер ағаға жазған хаты – өзінің ішкі ой әлемінің, дүниеге көзқарасының, қоғам, адам, дос, ақын туралы шынайы көрінісін суреттейді. Жанайқайы. Қоғамда жас ақынның ойынша шын достық пен шынайы ақындық орнықпағанынша осынау қоғам да, заман да түзеле қоюы неғайбыл. Әңгіме публицистикалық леппен, көсемсөзге тән алауы мол жалынға оралып өрнектелген. Мұндағы басты кейіпкер – жасы жиырмадан асқан шартты түрдегі жас ақын мен жазушы арасындағы ойлардың шарпысуы, пікірлердің алмасуы әңгімеге көсемсөздік сарын дарытқан. Жас ақын мен оның досы Адан арасындағы достық та уақытша есепке құрылған. Оны жас ақынның өзі мойындайды. Сезіп, түйсінеді де. Себебі Адан жас ақыннан өзіне қажетін, керегін ғана алуға дәніккен тип. Мұндайлар да аз емес. Адан досы бірде үлкен қаладан атақты ақынды арнайы шақырып күтеді. Қонақ етеді. Алайда жас ақын Ардашердің жазуынша: «Өзіңіз білесіз, Аданның ақындыққа қатысы жоқ, маған арнау өлеңдер жаздырып, атақты тойларда оқып беріп малданады... Өлең жазатыным туралы әлгі кісіге ләм- мим тіс жармайды... Көрмегенім-ақ, жақындамағаным-ақ жөн еді-ау, аға. Соншалықты атақ-абыройы да, шығармашылық күш-қуаты да, бергені мен бермегі де салмақты, ғажайып ақынымыздың Адандардың алдында арзандап кете барғанына қатты күйіндім» дейді жас ақын шарасыз халде. Бұндай жағдаяттар, әрине, көзіқарақты оқырманды да қатты ойландырады.Н.Қадірбаев өз еңбегінде: «Қазіргі заманда хат жазу үдерісі тым сиреп кеткен уақытта, тіпті хат жазу дәстүрі жоғалған шақта жазушы осынау әңгімесі арқылы қоғам өміріндегі көкейкесті мәселенің деңгейін көркемдігі биік, айтар ойы жоғары дәрежеге көтерген. Сондықтан да эпистолярлық жанрды бүгінде жаңғыру, жаңару үдерісіндегі құбылыс деп толыққанды айта аламыз»,- деп ой түйіндейді[25-57]. Хат жазу арқылы жас ақын Ардашер өзі ашық айта алмайтын ой-пікірлерін, дүниетанымы мен көз қарасын қаламгер Момын ағасына еркін түрде жеткізген Оның қолынан келер тірлігі – дәл өзі мойындағанындай хат түрінде өз ойлары мен пайымдауларын ақ қағаз бетіне төгілдіріп жазу ғана.
«Аға, бір қаланың екі шетінде тіршілік кешіп жатсақ та, өзіңізге хат жазуға бел байладым.Адам дегеннің өзі психологиялық ерекшеліктеріне қарата ауызба-ауыз тілдесу, жазбаша тілдесу және өзімен де, өзгемен де іштей тілдесу жақтарына икемдірек, немесе икемсіздеу болып бөлінетінін бір ғалым тәптіштеп-ақ түсіндіріп жазған еді. Мен пақырыңызға соңғы екеуінің қайсысы жуықтау екенін қайдам. Көп реттерде іштен тынып, жұрт секілді суырылып алға шыға алмай, тіпті шыққым да келмей, өзіммен-өзім әуреленіп кетемін бе, білмеймін әйтеуір»[31-16].
Осы үзіндіде өзінің көңіл-күйінен хабар беріп тұр.Бұл – ақын Ардашердің бейнесі. Психологиялық қалпы. Ашық айта білу хал ахуалын жоғалтқанымен, ақ қағазды серік ете отырып, ішкі әлемін жайып салудың өзгеше бір түрі хат жазуды қолданады.Дегенмен, хат жазу арнайы бір шарттылыққа сүйенетіндіктен адамның психологиясы толық ашыла бермейді. Себебі ішкі психологиялық жай-күйдің, сана түкпіріндегі ойлардың сыртқа шығуы үшін адамға белгілі бір нәрсенің әсері болуға тиіс.Хат жазу барысындағы ішкі монолог сезім күйлерді, психологиялық толғаныстарды (реніші, жылауы, қуануы,сүйіспеншілігі,ашу-ызасы т.б.) дөп басып көрсеткенімен, хат жазушының ыңғайына қарай бағындырылатыны шындық.Біз талдап отырған әңгімелерінде М.Байғұт осындай кемшіліктерді болдырмауға тырысқан.Кейіпкерге хат жаздырмас бұрын олардың жан дүниесіне әсер етерлік оқиғаға кезіктіреді.Хат жазуға итермелейтін де осы оқиғалар. Сөзімізді дәлелді болу үшін хаттан үзінді келтірейік:
«Әлгі атақты ақын арқылы бұл жақтағы діттеген үлкен шаруасы біткен соң, миығына мысқыл жүгіртіп отырып: «Бейшара! — деді досым Адан. — Бейшаралар өңшең...Ол шынымен-ақ бүкіл қазақ түп-түгел табынатын әлгі ақынды айтып тұр еді.
Сен де бейшарасың, соны ұмытпағын, — деді ол маған да сыздана қарап. — Соңғы уақытта өзгеріп барасың. Өзгеремін десең, өзің біл. Бірақ бейшарасың бәрібір».
Осыдан кейін не деуім керек еді, не істеуім керек еді?! Білмедім»[31-22].
Автор осы үзіндіде диалог пен ішкі монологты қатар пайдаланған.Кейіпкер хат жаза отырып болған оқиғаны есіне түсіреді.Адан досының сөзін ой елегінен өткізіп өз сөзі арқылы қайта жаңғыртады.Болған оқиғаға өзіндік көз қарасын , пікірін білдіреді. Осыдан болар кейіпкерлердің тұтас болмысы, психологиясы толық ашылған.Эпистолярлық жанр қаламгердің де, әңгіме кейіпкерлерінің де ойы мен идеясына, яғни айтпақшы болған ниет амалдарына мейілінше қызмет жасаған.
Мархабат Байғұт кейіпкерлерін олардың жасырын толқулары мен жан сергелендерінсіз ұғу мүмкін емес. Жазушы характерлерді ішкі бұлқыныстар сипатына қарай дамытады.Көп жағдайларда диалог не монолог арқылы кейіпкерлер өзін-өзі мол танытады.
Олар зор тебіреніспен,дүниетанымдық,мінездік белгілердің қатысуымен мейлінше шынайы ойланады. Барлық әңгімелерінде дерлік аналитикалық психологизмнің түрлері кездеседі.Аталған, біз талдаған әңгімелерінде жетекші қызмет атқарған.А.Исмақованың пікірінде [45-384], жетпісінші жылдардың әдебиетінің баяндау тәсіліне иландыру, ішкі сөйлеу сөзі басым екендігі, замандастарына тыңдарман ретінде, түсінігі мол оқырман ретінде қарағаны айтылады. А.Исмақова мұндай тәсілді қолданған жазушылардың қатарында М.Құлкенов, Ж.Қорғасбеков, Р.Мұқанова, А.Алтайды атаса, өз тарапымыздан М.Байғұтты атаймыз.
