- •І қазақ прозасындағы психологизм
- •1.1 Психологизмнің зерттелуі , қалыптасуы мен дамуы
- •1.2 Қазақ әңгіме жанрындағы психологизм
- •Іі мархабат байғұт әңгімелеріндегі психологизм
- •2.1 М.Байғұт әңгімелерінде кездесетін аналитикалық психологизмнің кейіпкер бейнесін ашудағы ерекшеліктері
- •2.2 М.Байғұт әңгімелеріндегі психологизмнің синтетикалық тәсіл арқылы берілуі
- •Қорытынды
- •Пайдаланған әдебиеттер
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. ХХ ғасырдың соңы қоғамдағы мәдениетке сұраныстың өзгеруіне байланысты адам санасына тың серпіліс әкелуімен ерекшеленеді. Қоғамдық құрылыстың өзгеруіне байланысты, бұрынғы сана мен бұрынғы идеалдар жойылып, жеке сана пайда болды. Осының нәтижесінде бұрыннан қалыптасқан психологизм элементтері көркем әдебиетте жаңа қырынан көрініп, бір-біріне ұқсамайтын жазушылар шығармашылығы дүниеге келді.
Көркем шығармадағы басты кейіпкер адам болып табылады.Мұнда адамның тек тек сыртқы келбетін ғана бейнелеп көрсетпейді, өміріне қатысты болып жатқан әрекеттер барысында танылатын мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, ішкі сезімі т.б толып жатқан әрекеттері шебер суреттеледі.
Көркем әдебиеттегі психологизм мәселесі-ғылыми, әдеби мәні мол, күрделі мәселе. «Психологиялық талдау өнері әр ақын-жазушыда әртүрлі қырымен көрінеді. Өйткені, әдеби психологизм кейіпкердің өмір тәртібінің қарама-қайшылығынан басталады» [5-43]. Соған байланысты «психологизм» терминіне әр ғалым әр түрлі анықтама берген.Бірақ, олардың пікірлері, ғылыми талдаулары мағыналық жағынан бір-бірімен үндесіп жатады. Демек, психологизм дегеніміз адамның мінезін, болмыс-бітімін, ішкі жан сырын айқындау болып табылады.Психологиялық аспектілер көркем шығармада, әсіресе, прозалық туындыларда кеңінен қолданылады. Проза жанрында адамның жан-дүниесін,болмысын кең ауқымда суреттейді.Адам жайлы ілімнің ең бір тұжырымды болмысы прозалық шығармаларда нақты көрініс табады.Әсіресе, адамның психологиялық ішкі күйініш-сүйініші,табиғаты, мінез-құлқы,хал-ахуалы мол қамтылады.
Бүгінгі таңда психологизмнің тәсілін жетік меңгерген жазушылар жетерлік.Солардың бірі Мархабат Байғұт.Екі ғасырдың жазушысы атанған Мархабат Байғұт шығармаларын көпшіліктің сүйіп оқитынын білеміз.Өткен ғасырдың 80-жылдары әдебиетке келген жазушының қай шығармасы болмасын қоғамдағы жаңа бет-бұрыстарды ,соған сай адамдардың психологиялық өзгерістерін қамтыған.Кейіпкерлер болмысын жасауда ешқандай жасандылыққа салынбай, психологизмнің элементтерін керемет үйлестіре пайдалана біледі.
Диплом жұмысының өзектілігі. Психологизм ұғымы күрделі ұғымдардың бірі болып есептеледі.Қазақ әдебиетінің зерттеу нысаны жүйеге қойылғанымен, психологизм ұғымы толық зерттеліп бітпеді.Қазіргі қазақ әдебиеттанушылары бұл ұғымға назар аударып, терең зерттеп келуде.
Біз осы дипломдық жұмысымызда көркем прозадағы психологиялық аспектілер ұғымына түсінік бере отырып,олардың қолданылысына М.Байғұт әңгімелерінен мысалдар келтірдік. Қазақ әдебиетінің 70 – 80 жылдардағы қазақ прозасына өзінің тосын тақырыптарымен келген талантты да талапты жазушы Мархабат Байғұт қазақ әдебиетінің озық дәстүрлерін,әсіресе, әңгіме жанрын жаңашылдықпен жалғастырып, қазақ әдебиетін мазмұн, түр, тақырып жағынан ерекше байытты.
Көптеген сыншы әдебиетшілердің Мархабат Байғұттың кейбір жекелеген шығармаларына бірді – екілі пікірлері болмаса, арнайы зерттеу объектісіне айналмаған. «Жазушы шығармашылығы туралы газет журналдарда жарық көрген сыни мақалалар, проза жанрына байланысты жарық көрген теориялық еңбектер жазушы шығармашылығын жан-жақты дамудағы маңызды қадам болды»[41].
Талдаған жұмысымызда жазушының көркемдік ерекшеліктері, психикалық талдау тәсілдері шығармаларды талдау барысында көптеген сыншылардың, жазушылардың ойлы пікірлері айтылады.Сонымен қатар,Марахабат Байғұт әңгімелеріндегі ұлттық мінез көріністерінің тууы мен қалыптасуы, кейіпкерлердің болмыс-бітімін, ішкі жан сырын суреттеудегі қаламгерлік шеберлігі, стильдік қолтаңбасы айқындалады.
Зерттеу жұмысымызда М.Байғұтпен қатарлас, замандас жазушылар Д.Исабеков, Т.Нұрмағанбетов, С.Мұратбеков, Ш.Мұртазалардың әңгімелірін, бір-бірімен байланысын талдадық.
Диплом жұмысының нысаны. Көркем әдебиеттегі психологизмнің қалыптасуын әдебиет тарихымен тығыз байланыста қарастырдық.Қазақ әңгімелерін биік деңгейге көтерген бірқатар жазушылардың шығармаларына назар аудардық.Аталып отырған тақырыптың негізгі мәнін ашу мақсатында, М.Байғұттың «Крест», «Дауыстың түсі», «», «Ақ орамалды қыз», «Гүлжазира», «Жалбыздың жағасында», «Құмар қыз», «Варвараның көмбесі» т.б әңгімелерін зерттеу нысанынамызға айналдырдық.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты – М.Байғұт шығармашылығының негізі, жазушының кейіпкерлер образын жасаудағы өзіндік ерекшелігін, оның суреткерлік шеберлігін, қосымша ат қою өрнегі, қысқа да нұсқа жазу шеберлігін бағдарлай отырып, жазушының қазіргі қазақ әдебиетіндегі алар орны мен қосатын үлесін анықтай отырып төмендегі міндеттер қойылды:
- Прозадағы психологизмнің қолданылуы туралы зерттеушілердің пікірін саралау.
- М.Байғұт шығармаларында қолданған психологизм тәсілін басқа да жазушылардың әңгімелерін талдай отырып салыстыру
- Жазушының әңгіме кейіпкерін жасаудағы өзіндік ерекшелігін айқындау.
-Жазушы әңгімелеріндегі ауыл тақырыбы, кейіпкерлерінің ұлттық мінезін суреттеудегі психологизмнің қолданған тәсілдері мен ізденіс іздерін тану.
Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы. Мархабат Байғұт әңгімелеріндегі психологизмнің қолданылу ерекшеліктері жүйелі түрде нақтыланды.Психологиялық аспектілер, психологизмнің түрлері арнайы көркем мәтіннен үзінділер келтіру арқылы бөліп қарастырылды. Жазушының «Дауыстың түсі», «Крест», «Ақ ормалды қыз», «Белесебет пен байлық», «Салқын масақ» әңгімелері жаңа қырынан талданды.
Диплом жұмысының зерттеу әдістері. Жұмыста көркемдік ерекшелікті талдау әдісі қолданылды.Сонымен бірге дипломдық жұмыс жинақтау, сараптау, бақылау қорыту әдістерінің негізінде жазылды.
Диплом жұмысының теориялық және практикалық мәні. Жұмыстың қорытындысы мен тұжырымдарын Мархабаттанудағы әлі де жалғастырылар зерттеулерде пайдалануға болады.
Оқушыларға ұлттық мінез ерекшеліктерін танытуда Мархабат Байғұт суреттеген кейіпкерлердің психологиясын, болмыс-бітімін айтып, мысал келтірудің маңызы зор. М.Байғұттың әңгімелері балалар жан дүниесіне жақын, өте қызықты болып келеді. Жазушының көп әңгімелерін әдебиет оқулығына енгізіп , қазіргі жаңа замандағы жазушылардың бірі ретінде танытып, оқушаларды тәрбиелеуге болады.
Зерттеу жұмысының құрылымы.Диплом жұмысы екі тараудан, кіріспе мен қорытынды және пайдаланған әдебиет тізімінен тұрады.
І қазақ прозасындағы психологизм
1.1 Психологизмнің зерттелуі , қалыптасуы мен дамуы
Көркем әдебиеттегі психологизм мәселесі-ғылыми, әдеби мәні мол, күрделі мәселе. Психологизм-қоғамдық алғышарттар мен жеке адамдар дүниетанымын, олардың іс-әрекетіне жетекші сана-сезімдік қозғаушы күштерді суреттеу болып табылады.
Әдебиет теориясындағы «психологизм» терминінің анықтамасына тоқталар болсақ, бұл туралы орыс зерттеушілерінен А.Б.Есин, Л.С.Выготский, Л.Я.Гинзбургтер кеңінен қарастырса, қазақ әдебиетінде көркем шығармадағы психологизм мәселесін А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқышында сөз етеді, кейіннен Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевтар да адамның тылсым табиғатын тануға өзіндік ізденістер жасаған.Қазіргі қазақ прозасындағы психологизмнің даму арналары жайында ғалым Б.Майтанов пен Г.С.Пірәлиеваның және Т.Рахымжанов пен Г.Ержанова т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектері бар.Аталған ғалымдар еңбектеріндегі «психологизмге» берген анықтамаларына тоқталайық.
Қазақ әдебиетіндегі психологизмді зерттеудің алғашқы нышандарын А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» еңбегінен байқауға болады. Аталмыш еңбектің «дарынды сөз» деген тарауында көркем шығармалардағы ішкі әлемнің көрінісін «толғау» деп атай келіп, оған былай деп анықтама беріп өтеді: «Толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін-мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды. Екінші ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілдің күйіне түсіріп, халын түсіндіру мақсатпен толғайды. Толғау, қысқасын айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі, ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып, толғай алуда» [3-104].
Ал, өзі психолог-жазушы Ж.Аймауытов психология ғылымын едәуір зерттеген. Оның «Психология» және «Жан жүйесі мен өнер таңдау» (1926) еңбектері осы айтқандарымызға дәлел. Бірқатар психология терминдерінің қазақша баламаларын да ғылыми айналымға енгізуге атсалысқан. Мысалы, «психоанализді» «жанталдау» деп алып, адам мінездерін бірнеше түрге бөліп қарастырып, олардың қандай ерекшеліктері барын, қандай қызметке бейім болатынын анықтап, терминдердің қазақша атауын жасаған. Сонымен қатар, кісінің қылығын, психологиясын бақылауда келбеттің алатын орнына тоқталып, «Кісінің қылығын қимылына қарап сынаймыз; көзге көрінетін қимыл беттікі» [13-105] дей келе, адамның қат-қабат сезім құбылыстарының сыртқы белгілеріне қарап ажыратуда көз әлпетінің, беттің ымының (мимика), ауыздың құбылуының, ымдасу мен қол сермеудің де мәні зор екендігіне тоқталып өткен.
М.Жұмабаевтың «Педагогика» (1927), «Психология, яки жан тілі» еңбектері, Ш.Құдайбердиевтің «Тіршілік жан туралы» (1919) мақаласы адам жанының тылсым табиғатын зерттеудегі алғашқы қадамдар болатын.
Әдебиеттану терминдер сөздігінде “психологизмге” әртүрлі анықтама берілген. Мысалы, А.Б.Есин: «Көркем әдебиетте кейіпкер образын ашуда,оның сезімі мен ойын көркем, терең, әсерлі, нақты, толық көркемдеу құралдары арқылы әсерлі жеткізу» [6-18] десе, С.П.Белакурова: «Көркем шығармалардағы кейіпкерлердің рухани ішкі әлемінің көркем бейнеленуі:әдеби қаһарманның ой-санасының, эмоцияналдық көңіл-күйінің,сезімдерінің құбылуы, толқуы, өзгеруі сияқты құбылыстардың көркем шындыққа айналуы»,-дейді [6-217].
Психологиялық талдау дәстүрлі әлем әдебиетіндегі жаңалық ретінде негізінен XIX ғасырдың екінші жартысында ғана дүниеге келгені мәлім. Алғаш рет австралиялық дәрігер - психолог З.Фрейд (1856 – 1939) ашқан психологиялық талдау тәсілі бастапқыда жүйкесі сырқат жандарды емдейтін медициналық термин болып қалыптасқанымен бертін келе адам психикасын зерттеу аумағы кеңейіп, өзге де өнер салаларында, соның ішінде әдебиетте көркемдік тәсіл ретінде қолданыла бастайды. «Адам психологиясы көптеген ғалымдарды қызықтырумен қатар, адам санасы мен қимылын зерттеуге алып келді. Адам баласының ішкі әлеміндегі болып жатқан түрлі психикалық іс-әрекеттерге назар аударған ғалымдардың бірі – осы Зигмунд Фрейд болды. З.Фрейд түс көру туралы көптеген ғылыми еңбектер жазды. Түс көру ұғымын сана әрекеті деп қарастырды. Ал, Эрих Фромм болса, мінез типтерін ашып көрсетті. Атақты психологтардың бірі – Карен Хорни өзін-өзі талдау принциптерін атап кетті. Психологияны зерттеп жүрген бұл психологтар еңбегі көркем шығармадағы психологизмнің ашылуына көптеп мүмкіндік беретіні сөзсіз. Көркем шығармада кездесетін іс-әрекет, эмоциялар, мотивация, ситуация, түс көру, әуестік, сағыну, аңсау т.б психологиялық іс-әрекеттер жүйелі түрде зерттелген десек қателеспеген болар едік. Осы еңбектер әдебиеттегі психологиялық аспектілерді ашуға жол ашады десе де болады.
Әлем әдебиетінде XIX-XX ғасырда реализм, натурализм, кейіннен модернизм, постмодернизм бағыттарының келуімен көркем шығармадағы психологизм мәселесі жаңаша түрде дамыды.Дәстүр мен жаңашылдықты берік сақтай отырып, жазушылар өмір шындығын көркем шындыққа айналдыруда психологизм әдісін шебер қолдана білді.Бұл туралы Батыс әдебиетіне қатысты « психологизм» термині туралы сөз қозғағанда, әдебиетші-ғалым Л.Я.Гинзбург тек XIX ғасырда жазылған шығармаларды енгізіп: « Әдеби психологизм кездейсоқтық пен кейіпкерлер әрекетінің күтпеген әрекеттерінен басталады» деген түсінік береді [5;288-б].
«Әлем әдебиеті тарихында «психологиялық романның атасы» атанған Бенжанмен Констанның «Адольф»(1815) шығармасында автор адам жанының барлық сезімдеріне талдау жасайды: кейіпкердің әлсіздігін асқан шеберлікпен суреттеп, ақыл-ойының ұшқырлығын байқағыштығы мен әр сөзін қадап айтумен ерекшеленген.Орыс әдебиетінде Ф.М.Достоевский, Л.Н.Толстой шығармаларында психологиялық бейнелеу тәсілдері кеңінен қолданылады. Психологизм өзінің ең жоғарғы шегіне Л.Н.Толстой мен Ф.М.Достоевскийлердің шығармашылығында жетті.Бұл кезеңде сана ағымына, адамның ішкі өміріне, тұлғаның терең қатпарына зер салып көркемдікпен айшықтау мүмкіндігі артты.XX ғасыр әдебиетінде психологизм әдісі қарапайымнан күрделігі қарай ойысып, шығарма кейіпкерлерінің психологиялық образы жаңа әдеби тәсілдермен жаңаша түрге ие болды.Әдебиетте «сана ағымы» тәсіл ретінде қалыптасты» [10-174].
Қазақ әдебиеті тарихында да психологизм Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» пен «Қартқожа», М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», М.Әуезовтың «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу» шығармаларынан бастау алады. Аталған шығармаларда автор кейіпкердің рухани әлеміне терең бойлап, ой-сезімдерін, ішкі сырларын түрлі тәсілдерімен суреттейді.Негізі қаһарманның ішкі ойын жеткізуде монологты пайдалану , адам санасының екіге жарылуы, психологиялық параллелизм сияқты амалдар жаңа сипатта дамыды.
«Адамның ішкі әлемін көркемдікпен игерудің амал тәсілдері өте мол.Бұл арада оның қоршаған ортадан алған әсері мен қаһарман жан-дүниесінің алас ұруы және оның әр түрлі хал кешуінің кеңестік сипаттамасы және персонаждардың ішкі монологтары жинақталаған таңбаланулары, ақыр соңында,сананың қалың қатпарлы түкпірінде белгісіздікпен бұғып жатып, адамда санасыздықпен қылаң беретін түс көру мен көзге елестеу бар» [12-121].
Орыс әдебиетінде психологиялық аспектілерді зерттеу ісі өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастау алады.Бұл кезде 1970 жылы Ленинград қаласынан «Проблема психологизма в советской литературе», 1983 жылы Мәскеу қаласынан шыққан «Проблема психологического анализа в литературе», Л.Гинзбург «О психологической прозе», «О литературном герое», А.Есина «Психологизм русской классической литературы» еңбектері жарық көрді. Бұл еңбектер көркем шығармадағы психологиялық аспектілердің негізгі жүйелері мен әдісін, компоненттерін көрсете білді. Аталған ғалымдардың еңбектерінен психологизм мәнін ашатын жаңалықтарды көре аламыз.
Ал қазақ әдебиетіндегі психологиялық аспектілерді зерттеп қарастырған: З.Ахметов, З.Қабдолов, Е.Ысмайылов, Б.Майтанов, Г.Пірәлиева, Г.Ержанова т.б ғалымдарымыз болды. Ж.Аймауытов алғашқы болып, қазақ әдебиетіндегі тұлға мәселесін психологизм тұрғысында қарастырған. Бұл ғалымдардың еңбектерінен қазақ әдебиетінде кездесетін түрлі психологиялық аспектілерді байқауымызға болады. Қазіргі кездегі жеке психологизмге арналаған еңбектерді атап өтсек, Бақытжан Майтановтың 1996 жылы жарық көрген «Қазақ романы және психологиялық талдау» деп аталатын еңбегінде қазақ жазушыларының шығармалары ұтымды түрде талданған. Ғалым бұл еңбегінде әрекет кеңістігі, дәстүр және шеберлік, жан сырын талдау, жаңашыл арна, тарихи сана иірімдері, мүсіндеу өнері, нақты әлем және оны қабылдау, диалогтағы сезім шынайылығы, ішкі монолог мәселелерін талдап, анықтаған. Бертін келе Ержанова Гүлдарияның «Қазіргі қазақ повестеріндегі психологизм» еңбегі 1994 жылы жарық көрді. Бұл еңбекте негізінен психологизм түрлері, пайда болу кезеңдері жақсы көрсетілген. Сонымен қатар, Пірәлиева Гүлзияның 1994 жылы «Ішкі монологтың кейіпкер психологиясын ашудағы көркемдік қызметі», 2003 жылы «Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері» деп аталатын еңбектері жарық көргені бәрімізге белгілі. Бұл еңбектерде психологиялық аспектілер шығарма барысында талданып, жүйеленіп көрсетілген.Фольклорлық жанрға психологиялық талдау жасайды.Психологизмдегі түс көру тәсілін, көркем прозадағы заттық әлемді қарастырады.Сонымен қатар, психологиялық талдаудың динамикалық приципіне тоқталып өтеді. 1997 жылы Қ.Әшірбекованың «Қазақ романындағы адам мен табиғат байланысының көрінісі» деген еңбегі жарыққа шықты. Бұл еңбекте романдарда кездесетін психологиялық параллелизм әдісі жақсы зерттелген десе де болады. Теңізбай Рахымжановтың «Романның көркемдік әлемі» еңбегі 1997 жылы шықты.Мұнда зерттеуші романдағы психологизмге тоқталып, С.Мұқановтың романына терең талдау жасады.Қалиева Альмираның 2012 жылы шыққан «Көркем әдебиет: Шығармашылық тұлға және психологизм» еңбегі көркем психологизмнің өнер адамын сомдаудағы белсенді амал-тәсілдерін зерделеуге арналған.Деректілік және психологизм мәселелері жан-жақты қарастырылған.
«Психологизмнің бастау көзі адамзаттың ежелгі дәуірінде жатыр.Сөз өнерінің аталған сатысында ол ашықтықтан көрі жанамаланып беріледі.Біз олардың жүріс-тұрысындағы ішкі,психологиялық мотивтерге қарағанда, кейіпкерлер жасайтын іс-әрекеттер турасында өте көп білеміз. Психологиялық хал кешуі бүтін оқиға өрбуіне байлаулы болып келеді, басым жағдайда сыртқы көрінісі танылады:ертегі қаһарманы бақытсыздыққа ұшырайды және *ыстық көз жасын көлдетеді* » [12-124].
Психологизм ұғымының әдебиетте қай дәуірде қалыптасқанын нақты айту қиын. Ежелгі антик дәуірі әдебиеті драматургия негізінде дамығаны белгілі. Софокл, Еврипид, т.б сияқты драматургтер өмірге көптеген драмалық шығармаларды әкелді. Ежелгі Грецияда театр өнері пайда бола бастады. Трагедия мен комедия да сол кездің психологиялық аспектілерінің бірі болып табылатындығы белгілі.Гректер құдайлары Диониске арнап құрбандық шалатын жиында мұңлы өлең ода айтатын болған. Халық өз мұңын өлең арқылы жеткізетін. Ал, комедия жанры көңілді жанр болып табылады. Міне ежелгі антик дәуірінде психологиялық аспектінің екі түрі пайда болғанын байқап отырмыз. Қайғыру мен қуану аспектілері. Психологиялық аспектілердің бастауын осы кезеңнен байқауымызға болады.
Бүкіл дүние жүзі әдебиетіндегі психологизмдер сияқты қазақ әдебиетінде де психологизм бірден пайда болған жоқ.Психологизмнің алғашқы элементтері көне түркі әдебиетінде, қазақ әдебиетінің бастауы болып саналатын Орхон Енисей жазба ескерткіштерінде кездеседі. Иоллығ тегін жаздырған Күлтегін жазуларында мынандай жолдар бар: «Түркі халқы үшін күн жүрдім,түн ұйықтамадым». Шығарма үзіндісінен байқалып тұрғандай, ішкі монолог қарапайым көңіл-күймен ғана шектелген және адамның ішкі жан дүниесінің сезімдері терең бейнеленбеген.
Уақыт жылжыған сайын әдебиеттегі психологизм тәсілдері де дамитыны белгілі.Орхон ескерткіштерінде адамның көңіл-күйі үстіртін, қысқа ғана бейнеленсе, одан кейінгі дәуірлердегі әдебиетте психологизмге көбірек көңіл бөлініп,шығармаларда психологизмнің үлес салмағы біршама артқан. С.Қасқабасов: «Қазақ фольклорында халық прозасын жанрға санамай, түгелімен “ертегі”деген ұғым қалыптасып кеткен» [4-41],-дейді. Шынында ғалым пікірімен келісуге болады.Проза жанрының бастапқы үлгілері осы ертегілер мен аңыз әңгімелерде жатыр десек қателеспеген болар едік. «Ауыз әдебиеті» үлгілерінде адамның көңіл күйі табиғатпен байланыстырыла көрсетілді. Қ.Жұмалиев :«Ауыз әдебиетінде геройлардың бастарында болатын әртүрлі психологиялық өзгерістерді суреттегенде,оған табиғатта не жануарларда болатын әртүрлі құбылыстар қатарласа жүретін.Сол қатарласу арқылы адамның басындағы сезім дүниесін суреттеу психологиялық параллелизм әдісі болатын» [16],-дейді.Шынында да, ертегі, аңыз әңгімелерде кейіпкердің мінезі,болмысы жан-жануарлар арқылы көрінеді.Содан болар,халық арасында айлалы адамды түлкіге теңеп жатады. Сонымен қатар, кейіпкерлердің жағымды, жағымсыздығын айқындайтын портреттер жасалынды.Ауыз әдебиетіндегі ертегі-аңыздарда кейіпкер потреттері көбіне жалпылама-қалыптасқан тіркеспен берілді.Сұлулықты “Ай мен күндей,әмбеге бірдей” дегендей, ал жағымсыз тұлғаларды жан түршігерлік бейнеде таныту басым болды.Көркем әдебиетте психологизм әр кезде де қолданылғаны анық,мәселен, халық ауыз әдебиетінде адам жанының күйінішін беруде «жауар бұлттай түнеріп», «зарланып жылады» тіркестерімен бейнеленуі осының дәлелі. Сол уақыттағы осындай психологизмнің элементтері бүгінгі қазақ прозасындағы психологизмнің дамуына айтарлықтай септігін тигізді. Әсіресе,адам психологиясын, ішкі көңіл-күйін табиғатпен байланыстыра суреттеу кеңінен қолданылып келеді. Кейіпкердің сыртқы болмысын, портретін бейнелегенде бұрынғы психологиялық аспектілердің элементтерін байқауға болады. Бұдан тұжырымдайтынымыз фольклорда көрініс берген психологизм бүгінгі қазақ прозасында, жазба әдебиетінде өз жалғасын табуда.
X-XI ғасырларда адам жанына,ішкі рухани әлеміне Әбу Насыр әл-Фараби, Х.Яссауи, Ж.Баласағұни т.б. ғұламалар да көңіл бөлгендігін шығармаларынан байқауымызға болады.Мысалы,Қ.Яссауи адамның жан дүниесінде болатын әртүрлі өзгерістерді тылсым әлеммен байланыстырып хикметтерінде жырлайды.
Алтын Орда дәуіріндегі әдебиетке назар аударсақ, нәзира дәстүрімен жазылған қисса дастандарды айта аламыз. Бұл кезеңде қисса – дастандар түрлі тақырыпта жырланды. Махаббат тақырыбына жырланған қисса- дастандарда психологиялық күйлер мен сезімдерді көптеп байқауымызға болады. Бұл дастанда жалғыздық, аңсау, толғау, күйініш, сүйініш, түс көру, аян беру сезімдері мен құбылыстары суреттелген, психологиялық параллелизм әдісі де кеңінен қолданылған. Осы аталған аспектілер көркем прозада ХХ ғасырдың басында кеңінен қолданылса, қисса дастандарда әлдеқашан пайда болған аспектілер болып табылатындығын аңғаруымызға болады.
Сондай-ақ, эпостық, лиро-эпостық жырларда портреттеу, суреттеу ұғымдары көптеп кездеседі. Сұлу қыздың, батыр жігіттің, сәйгүлік аттардың портретін беру жыр мен дастандарда пайда болған ұғымдардың бірі.Эпостық, лиро-эпостық жырлардан динамикалық психологизммен қатар, аналитикалық психологизм ұғымдарын байқай аламыз. Кез келген батырлар жырында портрет беріледі, түс көрудегі аян беру, сағыну, зарлау, жоқтау сияқты ұғымдарды көптеп кездестіре аламыз. Лиро-эпостық жырлар да лиризмге толы болғандықтан, психологиялық аспектілерді байқай аламыз. Зерттеуші Г.Пірәлиева өз еңбегінде осы мәселеге тоқталып кеткен болатын. «Бірінші, лиро-эпостық жырлардағы ғашықтық сезімдер, батырлар жырларындағы кейіпкерлердің күйініш-сүйініші, толғанысы, ел-жұрттық, ата-анасының көңіл-күйлері арқылы көрінеді. Алайда олар қарапайым бейнеленіп, ішкі сөз ойлары тек қана баяндаушының көзқарасы, әңгімесі арқылы беріледі. Сондықтан да біздің эпикалық жырларымызда сырттан бақылау басым болып кетеді де, кейіпкердің көңіл-күйлері, жеке бастың жан-сезімдері соның көлеңкесінде қалып қояды» [7-160]. Бұл пікірге әрине, келісеміз. Бұл жырлардағы кейіпкерлердің психологизмінің берілуі баяндаушыға байланысты болып келері даусыз.
XV ғасырдағы жыраулар поэзиясының шығармаларынан да жан туралы мәселе бойынша сөз қозғағандығын аңғара аламыз. Асан қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұхар т.б жыраулар шығармашылығынан жан мәселесіне қатысты үзінділерді байқаймыз.Жыраулар поэзиясы мен белгілі бір дәрежеде Махамбет поэзиясында романтикалық психологизм бас көтерсе,Абай туындылары реалистік психологизмге тұнып тұр» [1-10].
Көптеген зерттеушілер адамның психологиясын,ішкі әлемін суреттеу процесі бірден пайда бола қоймағандығын айтады.Психологизмді зерттеп жүрген ғалым Г.Ержанова да осыны растайды. Бұрынғы әдеби шығармаларда кейіпкердің сезімдері,өмір сырлары емес,өміріндегі болған оқиға ғана суреттеледі.Қазақ халқының ертегі жанрында психологиялық сезімдер мен күйлер толық ашылмаған.Тек қуанғанды қуанды,мұңайғанды қайғырды деп тікелей айта салған.Адамның көңіл-күйін тереңдеп суреттемейді.Дегенмен аздап болсын психологизмнің элементтері кездеседі.Көбінесе кейіпкер сыртқы іс-әрекетімен танылады.Қортындылай айтсақ, ертегі,батырлар жырында кездесетін кейіпкерлер романтизмнен туған образдар болып саналады.
Б.Майтанов психологизм ұғымының эпос, драма, лирикаға тән екенін атап өтеді.Демек, біз психологизм ұғымын тек прозадан ғана емес,поэзиядан да, драмадан да көре аламыз.Бірақ поэзия мен прозаның айырмашылығы жер мен көктей екендігі белгілі.Көркем прозада психологизм аспектілері кеңінен, толық ашылып суреттеледі.Кейіпкердің ішкі-сыртқы сезімдері көркем сөзбен өрнектеліп,кейіпкердің жеке ойы,ішкі монологы,диалогы сонымен бірге,кейіпкердің ым-ишараттары,кескін-келбеттерінің суреттелуі кейіпкердің жан дүниесінен,психологиясынан хабар беретіндігі сөзсіз. Ал, поэзия әлемінде психологиялық аспектілер мүлде бөлек беріледі деп айтсақ, жаңылыспаймыз.Поэзия белгілі бір шарттылыққа сүйенеді.Көбінесе І жақтық баяндаумен беріледі.Мұндағы кейіпкерлердің ішкі әлеміндегі сезім-құбылыстарын біз анық байқай алмаймыз.Мұнда баяндаушы тек сыртынан ғана жанап өтеді.Б.Майтанов: «Өнердің балаң шағында адамның әрекет қимылын, ерекше жағдайдағы оқшау істерін баяндағанда авторлық тараптан таңырқау,күйіну, сүйсіну сезімдерін паш етіп отырған.Бірақ кейіпкердің жан дүниесіндегі тартысты әуендерді бейнелеуге батыл бара алмағаны анық жәйт» [2-56] дейді.
"Қахарманның рухани әлемін, жан сырын жеткізу амал-тәсілдерінің жиынтығы немесе идеялық-эстетикалық шығармашылық феномен- психологизм" [1-3],- дейді Б. Майтанов."Психологизм-көркемдік әлемнің жұлын-жүйесі" [1-12] болғандықтан психологияның әдебиет саласындағы тұрақты "елшісі" ғана, себебі әдебиет психологияның өзінен бұрын енші алып ерте дамыған. Даму барысында психологизм элементгері ертедегі әдебиеттерде де орын тепкен. Нақтылы психологизмнің көркемдік тәсіл ретінде әдебиетке келуі XVIII ғасырдан басталады. XIX ғасырдың басына қарай адамның жандүниесіне үңілу тіптен тереңдей түсті. Көркем шығармадағы басты нысана адам болғандықтан, оның ішкі, сыртқы болмысы шынайылықпен сомдалуы тиіс, адам жанын жандандырудың басты тәсілі психологизмнің осы тұрғыда алатын орны ерекше.
Қазақ әдебиетіндегі тұлға мәселесін психологизм тұрғысында айтқан Ж.Аймауытов: "Тұлғаны жіктеу кезінде көңіл бөлінетін нәрселер:ішкі қасиеттер, олардың сыртқы көріністері,мінез құлқымен жасаған іс-әрекеттері"-деп баса көрсеткен [13-50]. Суреткер барлық күш- қайратын, шеберлігін бір ғана мақсатқа-адам жүрегінің сырын, адам жанының шындығын танытуға жұмылдырады. Адам жанына психологиялық талдау жасау жаңағы шеберлік шеңберімен астасып жатады.
"Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде" психологиялық талдаудың пайда болуын 3. Фрейд есімімен байланыстырып былай делінген: "Шығармашылық қабілетті жыныстық инстинктерімен төркіндететін әйгілі туындылардың психологиялық астарына басқаша үңілуге шақыратын психоанализ тәсілі өнердің барлық саласына соның ішінде әдебиеттануға ерекше ықпал етті.
«Психологиялық талдау өнертанудағы соны сипаттағы белес болды, кейіпкер психологиясын талдау тереңдей түсті» [10-278]. Көркем әдебиеттің негізгі предметі адам болғандықтан, оның рухани әлемін, ой-сезімін, түсінік-түйсігін, дүниетанымын, ішкі қайшылықтарын ашып көрсету-суреткердің негізгі міндеттерінің бірі. Мұны танытудың әдіс-тәсілі «сана ағымы» «жан диалектикасы» сияқты психологиялық талдау негізінде Р.Стендапь, Л.Толсгой, Ф.Достоевский шығармаларында қалыптасқаны айтылып жүр.
Психологизмді зерттеуге толық мән берген Б.Майтанов«психологиялық талдау-шығармашылық таланттың қуатын көрсететін қасиеттің ең маңыздысы, психологизм,сөз жоқ, реализмге апарар сүрлеу жол» екенін атап айтқан [1-9]. Кейіпкердің жан қалтарысының, сезім толқындарының әрбір қақтығысын көз алдымызға тізбектей мөлдіретіп әкелу қаламның эпикалық құлашы мен лирикалық толғанысын керек етеді. Шығарманың өн бойындағы үзілмес желі оқиғалар тізбегін адам жасаса, әрекет-қимыл, тартыс үстінде болса сол қозғалыстарға жан беретін- ақыл-ой, сана-сезім, яғни "жан диалектикасы" болып табылады.
«Қазіргі қазақ жазушыларына осы заманғы әдебиеттің жағдайына сәйкес уақыт қойып отырған үлкен міндеттің бірі - "адам жанының диалектикасын" ашу. Дәлірек айтқанда, кейіпкердің ішкі рухани әлеміне үңілу, жан сарайына психологиялық талдау жасау саласында терең толғану, тынбай ізденуді қажет етеді» [9-142].
Бұл орайда психологиялық талдаудың негізгі міндеті-кейіпкер жаны қоғаммен, адаммен, табиғатпен қарым-қатынаста қандай эмоционалды-психологиялық өзгеріске ұшырайды, қандай қалыпқа енеді, соны жіті бақылау. «Психологиялық шығарма-адамның жан дүниесін, ішкі сезімін терең ашып көрсетуге айырықша мән берген»,-деп баға береді А.Ысмақова [45-280].
Л.Гинзбургтің:«психологиялық прозаның басы күтпеген маңыздылықтан басталады, кенеттен болатын болмыспен тоқталып қалмайды ... белгісіздік пен күткен жағдай арасындағы арпалыс – өнердің басты шарттарының бірі – әдеби кейіпкердің ішкі дүниесіндегі арпалыс. Ортаның күткеніндей өндірушілік әлеуметтік орны анықтайды» [5-118],– деген пікірі негізінен ортаға байланысты адамның ішкі ойы қалыптасатындығын меңзейді. «...кейіпкердің әдеті – іс-әрекетті жүзеге асыруында, сюжет желісінің кез-келген қатысымында, болған оқиғаға араласуына және тіпті кез-келген жан күйзелісінің ауысуынан жинақталады. Психологиялық талдау өнері әр ақын-жазушыда әртүрлі қырымен көрінеді. Өйткені, әдеби психологизм кейіпкердің өмір тәртібінің қарама қайшылығынан басталады» [5-43].
Проза-әдеби жанр, қара сөзбен жазылған көркем шығарма (әңгіме, повесть,роман).Көркем проза поэзияға қарағанда кейіннен,қайта өрлеу дәуірі кезінен бастап қалыптасты.Жаңа дәуірдегі проза жанрының ішкі-құрылым бөліктеріне роман,повесть,әңгіме,новелла жетекші орынға шықты.
Проза жанрында адамның жан-дүниесін,болмысын кең ауқымда суреттейді.Адам жайлы ілімнің ең бір тұжырымды болмысы прозалық шығармаларда нақты көрініс табады.Әсіресе, адамның психологиялық ішкі күйініш-сүйініші,табиғаты, мінез-құлқы,хал-ахуалы мол қамтылады
Әдебиеттанушы-ғалым Б.Майтанов: «Психологизм – көркем әдебиеттің тұтас болмысынан ажырамас қасиет. Біз ол жағдайды байқай бермейміз. Сонымен бірге психологизм – көркемдік бейнелеу принципі, ойлау типі, жазушы талантының төл белгісі, әрі стиль көрінісі», – деп тұжырымдайды [2-65]. Егер әдебиетті адам сезімдерінің сыртқа тепкен көрінісі деп қабылдасақ, оның көркем әдебиеттің ажырамас қасиеті болуы заңды да, бірақ психологизмнің бүкіл көркем әдебиетке тән жалпылық қасиетіне қоса, стильдік құбылыс ретіндегі даралық қасиеті де бар. Бұл туралы орыстың әдебиеттанушы ғалымдары А.Б.Есин , Л.Я.Гинзбург Л.С.Выготский өз зерттеулерінде біршама тоқталып өткен. Біз осы зертеулерге сүйене отырып, саралап қарасақ, жоғарыдағы шығармаларда психологизм элементтері кездескенімен, барлығының бірдей толыққанды стиль ретінде қалыптасқан психологизм талаптарына жауап бере алмайтындығына көз жеткіземіз, бұл шығармалардың кейбіріне психологизмнің жалпылық қасиеті тән болса, кейбірінде психологизмнің даралық сипатының алғышарттары қалыптаса бастағанын байқай аламыз.
Соның бірқатарын әдебиет зерттеушісі, ф.ғ.д. Г.С.Пірәлиева өз еңбектерінде атап көрсеткен болатын:
«Біріншіден, психологиялық прозада оқиға, кейіпкер, кезең, уақыт, тақырып, идея, т.б. деген мәселелер алдыңғы сапқа шыға қоймайды. Ол талап та етілмейді.
Екіншіден, мұнда ең бастысы – жеке адамның ішкі өмірі, өмір мен өлім арасындағы кезеңде адамзат бастан кешетін азапты тағдыр тәлкегі, кейіпкердің күрделі тұлғаға айналуы көркемдік назарға алынады. Шығармада шым-шытырық оқиғалар тізбегінен гөрі жеке адам санасындағы сапалық өзгеріс, рухани қопарылыс, ішкі сезімдік құбылыстар тереңдетіле талданады.
Үшіншіден, психологиялық прозаның эстетикалық, көркемдік әлемі өзінің жанрлық, көркемдік, стильдік талабына сай жеке санада жүріп жатқан ой мен сезім қайшылықтарын, сөз бен іс сәйкессіздіктерін тереңдеп талдап, көркемдік жүйеде саралайды» [7-10] .
«Әдеби туындыны психологизмнің арнаулы бейнелеу құралдарының көмегімен суреттей отырып көркемдік құндылыққа жетуге болады. Әлемнің маңдай алды әдебиет зерттеушілері оның алғашқы пайда болу тарихын түрліше жорамалдайды. Әлем әдебиеті тарихында шын мәніндегі прозадағы психологизмнің алғашқы белгілерін ХҮІІ ғасырда Мадам де Лафайеттің «Принцесса Клевская», Аббат Превоның «Манон Леско», Шодерло де Лаклоның «Қауіпті байланыстар» романдарынан кездестіреміз. Ал нағыз «психологиялық романның атасы» Бенжамен Констанның «Адольф» (1807 жылы жазылып, 1815 жылы басылған) романы деген пікір бар»[10-178]. Прозадағы шын мәніндегі нағыз психологизм ХІХ ғасырда қалыптасқаны мәлім.
Ұлттық әдебиеттегі психологизм аясында әңгіме қозғасақ, поэзияда адам жанының құпияларын, сезімдердің нәзік иірімдерін психологиялық бейнелеу әдіс-тәсілдерін байыта отырып, сөз сиқырымен оқырманына жеткізудегі ең алғашқы қадамды Абай жасады десек, қателеспейтін тәріздіміз. Абайға дейін адам психологиясында болатын өзгерістерді суреттеудің екі түрі (психологиялық параллелизм, әр түрлі монологтар) бар болатын дей келе, «өзіне дейінгі әдебиеттің өрістей алмаған жағын толықтырып, сезім дүниесінің сөз арқылы терең суреттеу әдісінің тамаша үлгілерін көрсеткен Абай қазақта бірінші ақын болды» [16-303]. Поэзияда адамның сезімінде болатын әртүрлі құбылыстарды тікелей суреттеу әдісін алғаш Абай енгізді. Ал, прозадағы психологизмнің алғашқы нышандарының әдебиет зерттеушісі, ғалым Б.Майтанов ХІХ ғасыр соңында «Дала уәлаяты» газетінде жарияланған «Бәти» әңгімесінен көрініс беретінін айтады.Дегенмен, бұл әңгімеде характер дәлелдемесі автор ремаркасы арқылы жалаң берілгендігін, терең психологизмнің жетіспейтін кемшіл тұстарын айтып өтеді. Яғни, психологизм ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында қазақ көркем прозасының пайда болып дамуымен бірге ілесе дамып келе жатқан көркемдік әдіс-тәсілдер деп тұжырымдауға негіз бар. Енді қалыптасып келе жатқан проза жанры ауыз әдебиеті мен өзге елдер әдебиетінен үйрену, өз табиғатымызға лайықтап сіңіре білу үдерісі үстінде болды. Жазуы ерте дамыған елдердегі осы игі дәстүрді қазақтың алғашқы жазушылары өз шығармаларында қолданысқа ендірді.
Бұл тәсілдерді пайдалану тәжірибесі ХХ ғасырдың І жартысында прозада Ж.Аймауытовтың «Ақбілегі», «Қартқожасы», М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», М.Әуезов «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлуы», т.т. шығармаларынан бастау алады.
«ХХ ғасырдағы ірі әлеуметтік сілкіністер,бұрын қиялдан ғана қолдау тапқан шындық ғаламаттары,атышулы дүниежүзілік соғыстар жер басқан адамның рухани әлеміне болып көрмеген алай-түлей борандарды әкелгені мәлім.Әлем өмірі,адамзат тынысы сын сағаттарды бастан өткеріп жатқанда –сезім әлемін тануға зәрулік себебі де айқындалды»[2-56].Осындай қоғамдағы өзгерістер адамның психологиясына да әсер етті.Бұл өз кезегінде әдебиеттегі психологизмнің дамуына алып келді.
Прозада 60-80 жылдары Ә.Кекілбаев, Д.Исабеков, О.Бөкей, А.Сүлейменов, Т.Ахтанов, С.Мұратбеков, М.Мағауин, Т.Әбдіков, Ә.Нұрпейісов, Т.Жармағамбетов шығармалары адамның қат-қабат көңіл түкпіріндегі сезім иірімдерін дөп басатын әдіс-тәсілдерді әдеби айналымға ендіруімен құнды. Айтылмыш жазушылар прозадағы психологизмді қалыптастыруда түрлі ізденістерге барды, фольклордан, әлем әдебиетінің озық дәстүрлерінен нәр алып, әрқайсысы өзіндік өрнегін жасап, даралығын танытты.С.Мұратбеков (Менің қарындасым), Д.Исабеков («Гауһар тас»), Т.Жармағамбетов («Нәзік бұлттар») прозасындағы лирикалық-психологиялық сипат та осы кезең тудырған жаңа бағыттардың бірі. Бұл қаламгерлер шығармаларында орын алған лирикалық сарын психологизм әдіс-тәсілдерімен үндесуі арқылы кейіпкердің бейнесін ашып көрсетуде жоғары эстетикалық деңгейлерден көрініп, адам болмысының нәзік құбылыстарын рухани тазалығын, адамгершілік қасиеттерін ішкі ой-сезімдерімен астастыра бейнелеу арқылы көркемдік биіктікке жеткен.
Психологизм ұғымының аналитикалық және синтетикалық түрлері бар.Аналитикалық психологизмге ішкі рухани әлемді тереңдеп талдайтын көркемдік тәсілдер жатса, синтетикалық психологизмге сыртқы психологиялық құбылыстар жатады.Бұл екі түр бір-бірімен ажырамас байланыста болады.Бірақ бір шығармада мұның біреуі басымыр-ақ болып келеді.
Бүгінгі қазақ прозасы барынша дамыған, көркемдік жағынан биік-белеске шыққан жазба әдебиеттің бір тармағы болып табылады. Жазушылар шығармаларында психологизмнің әр түрлі тәсілдері кеңінен қолданылып келеді. Романда да , шағын жанр әңгімеде де психологизмнің барлық түрін кездестіреміз. Жазба әдебиетіміздегі психологилизм тәсілін жаңаша сипатта дамытқан ХХ ғасыр жазушылары болды.Осы ғасырда психологизмнің барынша дамып, қанат жаюына бірнеше жағдайлар әсер етті.Соның бірі қоғамдық өзгерістер, елдің еркіндігінен айырылуы. Халықтың орыстанып кетпеуі үшін көптеген ұлт зиялылары соңына дейін күресті.Жазушылар әдебиет арқылы сананы өзгертуге болатынын жақсы түсінді. Көркем туындылары арқылы ұлттық құндылықтарды астарлап насихаттады. Міне, сол уақытта психологизмнің элементтері айрықша маңызға ие болды. Кейіпкерлер толғанысын, ішкі әлеміндегі алай-дүлей сезімдерін ортадағы жағдаймен байланыстырып жеткізуге тырысты. Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы Ақбілектің, М.Әуезовтың «Жетім» әңгімесіндегі Қасымның, «Қорғансыздың күніндегі» Ғазизаның ішкі толғаныстары қоғамға наразылықтан, сол дәуірдегі кеселді жағдайға келіспеушіліктен туған еді.Жазушылар өз ойын, идеясын кейіпкерлерінің психологиялық хал-ахуалы арқылы аша түседі. Жазба әдебиеттің дамуы психологизмнің прозада терең орнығуына әсерін тигізді десек те болады.Мінез ерекшеліктерін даралап көрсетуде, жеке кейіпкердің болмыс-бітімін танытуда аналитикалық психологизмнің үлес салмағы артты.Көптеген шығармалар жеке кейіпкердің ішкі монологынан құралды. Жоғарыда атап өткен жазушылар әңгімелерінде аналитикалық психологизм жетекші орынға шыққан. Жазу өнері дамыған халықтың әдебиеті де , әдеби тілі де дамитыны белгілі.Жазушылар әрбір сөзге байыппен қарап, кейіпкер бейнесін ашатын сөз оралымдарын таңдап талдап, қолдана біледі. Ешқандай шығарма психологизмнің қатысуынсыз жасалмайтыны шындық. Көркем туындыға шырай кіргізіп,өңін арттыратын да осы психологизм. Психологизм жоқ жерде шынайы көркем туындының жасалуы мүмкін емес.
Бүгінгі тәуелсіздік кезеңдегі шығармаларда қолданылатын психологизм элементтері кейіпкер болмысын дәл беріп қана қоймай, тұтас бір қоғамның психологиясын танытуға қызмет етіп келеді. Ең алғашқы психологиялық туындылар жеке бір адамның жан әлемін көрсететін болса, бүгінгі прозада бірнеше адамның психологиясы қатар суреттеледі. Жаһандану заманында көптеген жазушылар кейіпкерінің психологиясын беруде ұлттық мінезге сүйенеді. Әсіресе, әңгіме жанрында әлі күнге дейін ауыл ьақырыбы негізгі тақырыптардың бірі болып келуде.Ұлттығымыздың ұйытқысы ауыл болғандықтан, онда кездесетін кейіпкерлер де ұлттық мінезге бай, халықтың ортасынан шыққан адамдар болып келеді.
Қазақстанның тәуелсіздік алған 90-жылдардан бастап енген қоғамдағы түбегейлі өзгерістер қарқынды, көз ілеспес жылдамдықпен жүзеге асуына байланысты экономикалық әрі рухани дағдарыстарға апарып соқтырды. Осының нәтижесінде «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген кеңестік дәуірден қалған ұжымшылдық сананың жойылып, әрбір адамды өзінше тіршілік жасап, шешім қабылдауға мәжбүр еткен «өзімшілдік» сананың қалыптаса бастауы қоғам мінезіне белгілі дәрежеде төңкеріс әкелді. Осы өзгерістер барысында қоғамдағы біріне-бірі ұқсамайтын адамдардың қырық құбылған мінезі мен қилы іс-әрекеттеріне, бұрын соңды болмаған оқиғалардың орын алуына әкеліп соқтырды. Осы тәуелсіздік пен нарық қоғамы әкелген өзгерістер жазушыларға тың тақырыптар ұсынды.
Әдебиетіміздің бүгінгі өкілдері арасында адамның психологиясындағы ішкі шиеленістерді шығармаларына өзек еткен жазушылар баршылық. Р.Мұқанова, Д.Амантай, А.Кемелбаева, А.Жақсылықов, А.Ықсан, А.Алтай,
Өнердің қай саласы болмасын,психологиялық иірімдерден тұратыны рас.Сезім мен психологиялық күйлер,өнер мен әдебиеттің үзілмейтін ұғымдары болып қала бермек.
Психологизм-адам өміріндегі болып жатқан іс-әрекет,Біз психологизм ұғымын әдебиеттен бөліп қарай алмаймыз,өйткені психологизм әдебиет пен психология ғылымын жалғастырып тұрған дәнекер ұғым десек те болады.Көркем шығарманың негізгі обьектісі-адам болып табылады. Адамның қайғырғаны, күлгені,күйіп-піскені,жүріс-тұрысы,мінез-құлқы көркем шығармада ап-айқын беріледі.
Ахмет Байтұрсынұлы:«Қара сөзден адам тек ұғым алады,ұғымның өзі керекті орынына қарай екі түрлі болады: 1)Ес ұғымы,яғни еске керек ұғым. 2) Іс ұғымы,яғни іске керек ұғым.Ес ұғымының арқасында дүниедегі нәрселердің бәрін,сырын,сипатын,мүсінін танимыз.Іс ұғымы арқасында табиғат ісін,күшін т.б. нәрселерін қалай пайдаланатын жолын білеміз.Сондықтан қара сөзді әңгімелер екі жақты болып келеді,бір жағы ес ұғымымен,екінші жағы іс ұғымымен болады»[3-56].Шынында, көркем шығармада кейіпкерлер әлеміне үңілгенде біз ең алдымен олардың іс-әрекетіне назар аударамыз. Адам мінез-құлқы өзіне тән әрекеттер мен қылықтар жүйесін қамтиды..Көптеген зерттеушілер адам мінез-құлқын сипаттауда психологизмнің екі түрлі аспектісі бар екенін айтып өтеді.Біріншісі,жеке адамның ойы,эмоциясы-арқылы берілсе,екіншісі-іс-әрекеттері.
Б.Майтановтың «психологизм сөз жоқ реализмге алып барады» дегенін ескерсек,психологизм мен реализм шығарманың ажырамас қос қанаты деген ой қорытуға болады.Прозалық шығармаларда кейіпкерлердің мінез-құлқы-өмірдегідей дәл беріледі.Кейіпкер шығармада да жылайды,күледі, қайғырады,қуанады,күйіп-піседі.
Сондай – ақ «Алғаш американ теориктерінің сөз қолданысында пайда болып, әдеби тәсіл ретінде көркем өнерде өрнегін сала бастаған ой ағымының артын ала орыс әдебиетіне, әсіресе, Достаевский мен Л.Толстой шығармаларында ішкі монолог, іштей талдау, адам ішіндегі адам, жалпы психологизмнің көркемдік болып көрініс табуы қазақ прозасына да әсер етпей қойған жоқ»[8-25] дей келіп, қазақ прозасындағы психологизмнің толық дамып келе жатқандығын тілге тиек етеді.
Қазіргі прозада психологизмнің дамуы қоғамда адамгершілік факторына деген ықыластың өсуімен түсіндіріледі.Өткен ғасырдың 60-жылдарында прозада жеке адам әртүрлі ішкі,сыртқы қатынастардың өзегі ретінде қарастырылды.Өткенді қазіргі уақытпен байланыстыратын психологияның жаңа структуралары пайда болды.Ауыл өмірін суреттейтін жазушылардың шығармаларында мінез-құлықтың, психологиялық талдаудың ұлттық негізде бой алғандығын байқауға болады.
С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Мұқанов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов шығармашықтарына арналған мақалалар мен зерттеу кітаптарында психологиялық талдаудың жеке тәсілдері мен құралдарының даму барысы сөз болған.
«Қазіргі қазақ прозасының дамуы характерлерді психологиялық талдаудың одан әрі тереңдегенін,қазіргі адамның ішкі өмірін танудың жаңа тәсілдері пайда болғанын көрсетеді. Ішкі және сыртқы моноглогтарды қолданудағы бай дәстүрлер С.Мұқановтың “Мөлдір махаббат “,М.Әуезовтың “Абай жолы” романдарында аналитикалық психологизмнің тууына алып келді. Енді алғашқы қазақ прозаларындағы психологизмнің қалай қолданылғанын мысалдар келтіру арқылы көрсетейік:
Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романында жекелеген бейнелердің монологтары, өмірдегі мұраты мен міндеттері айқын суреттелген. Әрине көркем шығармадағы кез-келген көркемдік тәсіл-монолог, диолог, портрет, сюжет, образ т.б. жеке-дара тұрып көркем шығармада ешқандай рөль, қызмет атқармасы белгілі. Сондықтан да жазушы кейіпкердің ішкі сезімдерін тек ішкі монологпен емес, өзге де бейнелеу құралдарымен өзара сабақтастыра суреттеу арқылы береді.
Романның алғашқы беттерінен–ақ ішкі монологтың көркемдік қызметі, оның әдебиеттегі атқарар рөлі айқын көрінеді. Енді автордың ішкі монологты беру тәсіліне назар аударып көрейік.Мәселен, Ақбілек ақтардан қашып құтылып, Әмір ағаларымен өз ауылына жақындаған тұстағы оның сезім төңкерісінен шығатын монологтар нанымды психологиялық жағынан ерекшеленеді.
«Осы арам деміммен, арам аузыммен әкемнің иманды жүзіне қалай жақындармын, оны да арамдармын? Құдайдан қорықпай, оның құтты қадам мешіттей үйіне қалай кіремін? Мұны бұрын ойласамшы!... Шыбын жаны құрғырды ойлай беріппін-ау, япыр-ау! Бұлар мен туралы не ойлайды екен? Мені арамдалмай аман келе жатыр деп кім ойлайды дейсің? Әлде менің тірі қалғанымнан да өлгенімді тіледі ме екен? Кім біледі сөйткенде шығар»[15-201].
Кейіпкерлердің өмірінің ең қиын сәттеріндегі монологтар олардың өз жағдайларын пайымдап түсінуге деген заңды талпынысы секілді. Кейіпкер монологтарында Аймауытов біртұтас психологиялық қалыпты талдап, оның құрамын әртүрлі сезімдерге ажыратып аласапыран ойлардың, сезімдер мен сауалдардың процесі ретінде ашуға тырысқан.
Б.Майтанов «Қазақ романы және психологиялық талдау» еңбегінде прозадағы психологизмнің дамуын көптеген жазушылардың шығармаларын талдап, нақты мысалдар келтіру арқылы дәлелдейді.
