Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
гос.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
313.34 Кб
Скачать

Дене мәдениетінің ілімі пәні, оның оқулық және ғылымдық пән тұрғысындағы құрылымы.

Дене тәрбиесі және спорттың ілімі мен әдістемесі пәні – жоғары білімді дене тәрбиесі мен спорт мамандарын даярлайтын оқу пәндерінің ішіндегі негізгі пән болып табылады. Ол өз ілімінің мазмұны бойынша студенттерге теориялық және әдістемелік білім негіздерін береді. Дене тәрбиесі және спорттың теориясы дегеніміз – ол ғылымның жалпы заңдылығының ішінде адам тәрбиесі жүйесіне кіретін дене тәрбиесі пәнінің педагогикалық ұйымдасқан үрдісінің мазмұны мен құрылысын анықтайтын ілім. Дене тәрбиесі және спорттың теориясы мен әдістемесі пәні үш бөлімнен тұрады. Дене тәрбиесі ілімінің (теориясының) жалпы негіздері дене мәдениеті және спорт жүйесіндегі дене тәрбиесі ілімі мен әдістемесінің алатын орнын зерттейді. Дене тәрбиесінде жиі кездесетін терминдерге, ұғымдарға теориялық түсініктер береді. Қазақстан дене тәрбиесі жүйесіне, дене тәрбиесі мен шұғылданатын адамдарға, әдістеріне, дене қасиеттеріне, қағидаларына, қозғалысқа үйретуге т.б. дене тәрбиесінде кездесетін әр түрлі мәселелерге терең ғылыми-теориялық түсінік береді, олардың заңдылықтарын анықтайды, дене тәрбиесін қалай пайдалану керек екенін оқытады. Дене қасиеттері, ұғымы түсіндіріледі. Дене қасиеттері: күш, жылдамдық, төзімділік, ептілік, икемділікке анықтамалар беріледі. Оларды дамыту әдістері, әдістемелері, жас ерекшелік дамулары туралы оқытылады. Дене тәрбиесінің әдістемесі – әр түрлі жастағы адамдардың дене тәрбиесінің ерекшеліктерін, заңдылықтарын белгілейді, талқылайды. Жүргізілетін сабақтардың мазмұнын, құрылымын, түрлерін, жоспарларды ұйымдастыру әдістерін, әдістемелерін оқытады. Педогогикалық талдау, сабақ тығыздығын анықтау, жүктемені мөлшерлеу жолдарын үйретеді. Спорт теориясы мен әдістемесі – жаттығу өткізу әдістемесін, кезеңдерін, әр түрлі ерекшеліктерді оқытады. Балалармен, жасөспірімдермен, ересек жастағы спортшылармен жаттықтыру сабақтарын жоспарлау, жүктеме беру, әр түрлі амалдарды, әдістерді, қағидаларды, әдістемелерді қолдану секілді спорттық жаттықтыруға, спортшылар дайындығына, оларды жоғарғы көрсеткішке жеткізу жолына бағытталған жұмыстарды жүргізуді үйретеді. Бұл пән – дене тәрбиесі маманының кәсіптік білімінің деңгейін көрсететін негізгі пән. Ғылымдық және тәжірибелік мәліметтерді жинақтай отырып, бұл ілім адамның дене тәрбиесі үрдісін басқару заңдылықтарын белгілейді, мамандарға дене тәрбиесі мен спорт саласында керекті білім береді. Қазіргі кезде дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесінің дамуының негізгі көздері: - денсаулығы мықты, Отанын қорғауға, еңбек етуге дайын адамдарды керек етуі;  - қоғамымыздың тәжірибе жұмыстары. Теориялық, әдістемелік жаңалықтар, терең ойлар осы тәжірибе жұмыстарымен тексеріледі, дене тәрбиесі және спорттың теориясы мен әдістемесін байыта түседі. - Президенттің, Үкіметтің еліміздегі дене мәдениетінің орны, оны дамыту жолдары туралы қарарлары, үкімдері, заңдары; - дене тәрбиесі және спорттың теориясы мен әдістемесінің, басқа ілімдер көлеміндегі ғылымдық зерттеулердің нәтижелері. Дене тәрбиесі және спорттың теориясы мен әдістемесі өзінің даму жолында педагогикалық, психологиялық, физиологиялық, анатомиялық ғылымдар мен қосыла отырып, олардың білімі мен тәрбиесін, жас ұрпаққа білім беру, тәрбиелеу, денсаулықтарын нығайту жолдарында тиімді пайдаланып отырады. Дене тәрбиесі және спорттың теориясы мен әдістемесіне гимнастика, жеңіл атлетика, шаңғы спорты, спорттық ойындар т.б спорттық-педагогикалық пәндер өте жақын, олар теория зерттеген жалпы заңдылықтарға сүйенеді. Ал осы пәндерден алынған нақты нәтижелер дене тәрбиесінің теориясы мен әдістеме пәніне негіз болып табылады.

2. Дене мәдениетінің қоғамдық қызметтері мен түрлері.

Дене мәдениеті қоғамдық кұбылыс ретiнде пайда болып, калыптасты және дамыды. Құрылу ерекшелiктерi мен қызмет ету жүйесi жайлы өзiнiң заңдылыктары бар ғылымның саласы болып табылады. Дене мәдениетінің мәнiн түсiну үшiн алдымен олардың мағыналы мазмұнын анықтап алу қажет.

Бiрiншiден, дене мәдениеті — адамның денсаулығын нығайтып, күш — жiгерiн арттыруға, козғалыс белсендiлiгiн жетiлдiру мақсатында қоғамның жасайтын және пайдаланатын рухани, материалдық құндылықтарының жиынтығы.

Қазақтын ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың «дене мәдениетіне жеңіл қарауға болмайды, дене тәрбиесінің адамдарды тәрбиелеуде канша керегi бар деп ойлау дұрыс емес. Дене - жанның қабы. Қап берiк болса iшiндегi зат та берiк болмақ. Дене - жанның құралы. Құрал мықты болса, иесi де мықты» деп пайымдауы өте орынды.

Дене мәдениетінің көптеген аурулардан және зақымданған кезден кейiн жұмысқа қабiлеттiлiктi қайтадан қалпына келтiруде және әрмен карай денсаулықты жақсартуға көмегi зор екенi белгiлi.

Екiншiден, әрбiр мемлекеттiң өсiп-өркендеуi мен даму көрсеткiштерiнiң бiрi дене мәдениетінің жүйесi, спорт. Мемлекеттi немесе белгiлi бiр ұлтты күллi әлемге танытатын да спортшылар мен олардың жетiстiктерi, көрсеткiштерi. Әлемдiк қауымдастықта елеусiз мемлекет жазушылары, ғалымдарымен ғана емес, сонымен катар осы спорттың арқасында да бүкiл елге танылады.

Үшiншiден, дене мәдениетінің тағы бiр атқаратын аса маңызды қоғамдық қызметi бар. Ол - қоғамда салауатты өмiр салтын калыптастырудың ең басты құралы болып табылады.

Қазіргі кезеңде жалпы орта мектептердегі оқу бағдарламаларын құрастыру бағыт-бағдары өзгерді. Алайда, бұлардың бәрінде мектеп оқушыларының қайда оқитындығы ескерілмейді, олардың меңгеруі тиіс негізгі дағдылар мен қабілеттер, оқу нормасын тапсыруға арналған шарттар көрсетілген. Денені шынықтыру жаттығуларының орындалуы қозғалыс дайындығының деңгейі туралы мәлімет береді. Дегенмен, бұл бағдарламалар базалық, үлгілік сипатқа ие, сондықтан оларды әрбір педагог жергілікті жағдай мен салт-дәстүрлерге орай өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, өзгерте алады.

3. Дене жаттығулары – дене тәрбиесінің негізгі спецификалық амалдыры тұрғысынан.

Дене тәрбиесі жаттығулары негізгі амал болып табылады, өйткені ол білім беру, тәрбиелеу, сауықтыру секілді дене тәрбиесінің міндеттерін орындайды.Табиғаттың сауықтыру күші мен гигиеналық факторлар дене тәрбиесінің қосымша тәсілдері – бұлар дене жаттығуларымен бірге қолданылады.

Дене тәрбиесі жаттығулары

Арнайы дене тәрбиесі міндеттерін орындауға арналған, көп рет қайталанған адамның қимылын, әрекетін дене тәрбиесі жаттығулары дейміз. Қимылдың бәрі емес, тек дене тәрбиесі міндеттерін шешуге бағытталып, педагогикалық заңдылықтарға бағынған қимыл-қозғалыстар ғана дене тәрбиесі жаттығулары деп аталады. Дене тәрбиесі міндеттері – жаттығуды орындауды үйрену, жетілдіру, күшті, жылдамдықты дамыту т.с.с. Кейбір ұқсастықтары болса да дене тәрбиесі жаттығуларын еңбек, тұрмыс-қозғалыстарынан бөліп қарау керек. Еңбек ету кезіндегі қимыл-қозғалыстар материалдың бағалы заттар шығаруға бағытталған, өнеркәсіп заңдылықтарына бағынады. Кейбір қимыл-қозғалыстар (мысалы, отырып-тұру) дене тәрбиесі жаттығулары емес, оның бір ғана негізгі элементі. Дене тәрбиесі жаттығулары – көп рет қайталанатын күрделі құбылыс. Қазір пайдаланып жүрген дене тәрбиесі жаттығулары өте көп. Олардың мазмұны да әр түрлі. Дене тәрбиесі жаттығуы негізіне қимыл-қозғалыстармен бірге, адам ағзасында жаттығу жасалып жатқан кезде жүретін өзгерістер, жаттығудың адамға қандай әсер еткенін көрсететін үрдістер де кіреді.

Бұл әр түрлі күрделі үрдісті біз мынадай тұрғыда қарастырамыз: психологиялық (сезім, ойлау, әрекетінің өзгерістері); физиологиялық (ағзаның белсенді жұмыс істеу деңгейі, өсуі, қан айналымы, тыныс алу жүйесінің жақсаруы); биохимиялық (қимылды энергиямен қамтамасыз ету, шөгінділер шығару); педагогикалық (білім беру, тәрбиелеу міндеттерінің орындалуы т.б.).

Дене тәрбиесі жаттығуларының түрі олардың сыртқы және ішкі құрылысын көрсетеді (құрылымы, ұйымдастырылуы). Дене тәрбиесі жаттығуларының ішкі құрылысын қарасақ, жаттығу кезінде ағзаның әр түрлі жұмыс істеу үрдістері бір-бірімен бірігіп, ұйымдаса қимылдап жатады (моторлық және вегетативтік қызмет). Мысалы, жүгіру кезінде штанга көтеруге қарағанда ағзадағы вегетативтік жүйе басқадай болып өзгереді.

Жаттығулардың сыртқы түрі – ол көрініп тұрған жағы, адамның кеңістіктегі қозғалысын, уақытын, қозғалыс шамасын көрсетеді. Жаттығулардың түрі мен құрылымы бір-біріне байланысты. Белгілі бір жаттығуды дұрыс орындау үшін құрылысын өзгертсек, оның формасы, түр қозғалысы да өзгереді (мысалы, жүгіргенде артатын күш пен шыдамдылық қозғалыс амплитудасына да әсерін тигізеді т.б.).

Жаттығулардың жаттықтыратын әсері күш кезеңі арқылы орындалады.

Тез әсер етуі. Жаттығу жасап жатқан кезде ағзаның функционалдық жұмыс істеу өзгерістері айқын көріне бастайды. Бұлшық еттердің көлемі үлкейді, жүрек соғу, тыныс алу жиіленеді, ағза қызынады, қызарады, терлейді т.с.с.

Із қалдыруы. Жаттығу орындалып біткен соң қимыл-әрекетімен пайда болған құбылыс іздері ағзада жоғалмайды, бірталай уақыт сақталып қалады, шамамен бір, бір жарым тәуліктен артық. Адамның денесі қызып, қимыл-қозғалысы ширақ болады, асқа тәбеті жақсарады және т.б. Бұрын жаттықпаған адамдардың бұлшық еттері ауырып, дел-сал болып жүреді.

Бейімделу әсері. Егер қимыл-әрекет алдыңғы қимыл-әрекеттің әсері сақталынып тұрған кезде қайталанса, мұндай қабаттасу адамды осы қимыл-әрекетке белсенді бейімдейді. Егер ол апта, айларға созылып жаттыға берсе барлық дене мүшелерінің қызметі жақсарады, денсаулық нығаяды, дене қуаты қасиеттерінің жұмысқа біліктілігі жоғарылайды, қимыл шеберлігі пайда болады. Адам жаттығу уақыты келгенде ширығып, белсенділеніп, жаттыққысы келіп тұрады.