Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
азастан-ытай шекарааралы ынтыматастыы («орас» ШМЫХ» А мысалында).docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
602.13 Кб
Скачать

1.2 Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары

Бүгінде Қазақстан Республикасы мен Қытай екіжақты және көпжақты форматта бірқатар стратегиялық жобаларды жүзеге асырып отыр. Олардың қатарында энергетика, коммуникация,көлік және ауылшаруашылығы бар. Астана мен Бейжің бір мезгілде шикізаттық емес салалардағы елеулі жобаларды жүзеге асыруға күш салуда, екіжақты саудада жоғары қалыптасқан бағам мен жоғары технологиялардың өндірілуін біртіндеп көтеруде [6, 150 б.].

2000-шы жылдан кейін Қазақстан-Қытай экономикалық қарым-қатынасының дамуында бірнеше есептік беталыс байқалады:

-Ірі экономикалық жобалардың бірлесіп алға жылжуының басталуы;

-ҚХР-дың Қазақстанмен энергетикалық қызметтестікті дамытуға үлкен көңіл бөлуі;

-Сыртқы сауда операциялары көлемінің айтарлықтай өсуі және Қазақстанның сыртқы саудалық теңгерімін жақсарту.

2000-шы жылдан кейінгі кезеңде Қытай ірі өндіріс пен инфрақұрылымдық жобаларға қызығушылық таныта бастады. Әңгіме мұнайгаз саласындағы жобалар туралы ғана болып отырған жоқ. 2004 жылдың ортасында Трансқазақстандық теміржол магистралін төсеу жөнінде келіссөздер басталып, құрылыс туралы меморандум жасалып, 2005 жылдың шілдесінде оған қол қойылған.

2004 жылдың қыркүйегінде China National Gold Group Association қытайлық компаниясы мен «Қазақалтын» (Kazakhaltyn Mining Co. Ltd.) қазақстандық тауметаллургия концерні Қазақстандағы алтын кен орындарын өңдеумен айналысатын бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімшартқа қол қойды.

2005 жылдың шілдесінде Ху Цзиньтаоның ресми сапары кезінде KEGOC АҚ мен Қытай мемлекеттік электржелілік корпорациясы шектелмелі келісімге қол қойды. Онда электр энергиясын беру, жобаларды әзірлеу, құрылыс, техникалық қызмет көрсету және электрлік беріліс желілерін пайдалану, электр энергиясын беру және бөлістіру бойынша жаңа технологиялар саласындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар және т.б. сынды қызметтестік бағыттары қарастырылған. Қытай энергетиктері Екібастұзда жаңа ГРЭС салуға қызығушылық танытты [4].

2006 жылдың желтоқсанында «Қазатомпром» мен Қытай Гуанду ядролық-энергетикалық корпорациясы (China Guangdong Nuclear Power Holding, (CGNPC)) стратегиялық қызметтестік туралы келісім жасасты [7].

2007 жылдың мамырында олардың арасында Қытай АЭС үшін ядролық отынды жасап шығару, сондай-ақ ҚХР дамушы атомдық энергетикасын ресурспен жабдықтау саласындағы стратегиялық қызметтестікті кеңейту және тереңдету туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісімнің мәні мынада, Қазақстан 2030 жылға дейін Қытайда шамамен 50-55 АЭС немесе барлық реакторлардың 50%-ын салып, меңгеремін деп отырған CGNPC үшін ядролық отынның негізгі жеткізіп берушісі болып табылады. Ядролық отынды Қазақстаннан ҚХР-ға жеткізу шамамен 2009 жылдан басталып, ақырындап Қытай нарығының жартысын қамтымақ.

Қыркүйекте «Қазатомпром» мен CGNPC арасында Қазақстанда уран кен орындарын игерумен айналысатын бірлескен кәсіпорын құру ниеті туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар, ішінара, қытай компаниялары қазақтың уран кен орындарын игеруге рұқсат алады, ал «Казатомпромға» ҚХР атомдық энергетикасына инвестициялауға рұқсат берілді деп келісті. Қытайдың жетекші атом-энергетикалық компаниялары, China National Nuclear Corp пен China Nuclear Guangdong Power Corp уранды табатын қазақ кәсіпорнының акцияларының 49%-ын бірлесе алады. Есесіне «Қазатомпромға» қытайдың ядролық отынды қайта өңдейтін кәсіпорындары мен атомдық электростанцияларында белгілі бір үлесі тиеді [4].

Астана мен Пекин мұнайгаз секторы, бұрынғыдай, Қазақстан экономикасы дамуының тиімді локомотиві бола алмайтын жағдайларда экономикалық қызметтестік бағытын белсенді түрде кеңейтуде. Қытайдың қаржылық-инвестициялық белсенділігінің жаңа әрі қуатты саласына көбейтілген бұл әртараптандыруы екі елдің экономикалық қарым-қатынастарында сапалы өзгерістерге алып келіп, Пекинді Астананың негізгі экономикалық серіктесі етуге қабілетті. Қыркүйектің аяғында «ҚазМұнайГаз» қазақстан ұлттық мұнай компаниясының басшылығы 2016 жылдың соңғы тоқсанында Қазақстан Қытайға жеке табиғи газын экспорттауды бастайтынын хабарлады. Бұл мақсат үшін «Түркменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» магистральдық газтартқышы қуаты пайдаланылмақ екені айтылған, ол үшін қазақстан учаскесінің өткізгіштік қасиеті арттырылмақ. «Қытай тұтынушылары алдағы қыстың өзінде түркмен және өзбек газымен қоса Қазақстаннан жеткізілетін газды да тұтына алады», - деп мұнайшылардың мәлімдемесіне «ҚазТрансГаз» бас директоры Рустам Сулейманов түсінік берді.

Қазақстан газын аспанасты еліне жеткізудің басталуы көбінесе орталық азия елдерінің отын-энергетикалық ресурстарын қалтқысыз назарында ұстап отырған Пекин үшін айтулы оқиға болып табылады, өйткені ол оқиға соңғы бір жарым-екі онжылдықта ҚХР мен Қазақстанның экономикалық қызметтестігінің қалыптасқан сипатын бейнелейді.

Мұнай мен мұнай өнімдері бүгіндері Қазақстанның Қытайға экспортының негізгі саласы болып табылады. Еуразия даму банкінің аналитиктерінің зерттеуіне сүйенсек, 2015 жылға қарай Қытайдан Қазақстанға тартылатын инвестицияның 98%-ы отын-энергетика кешеніне – мұнай мен газды табуға, сондай-ақ магистральдық мұнайтартқыштарды салуға бағытталған екен. Әрі бұл кездейсоқ емес. Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдерінен (бәрінен бұрын Түркменстаннан) көмірсутектерді жеткізу Пекин тарапынан Қытай экономикасын энергия ресурстарымен жақсылап қамтамасыз ету ғана емес, осы елге көмірсутектерді теңіз арқылы жеткізудің осалдығымен байланысты тәуекелдердің орнын толтыру тәсілі ретінде де қарастырылады. Мұнайгаз саласында әрекеттестік ету, бұрынғыдай, Астана мен Пекин арақатынасындағы берік экономикалық іргетас болып табылатынына қарамастан, екі елдің экономика саласындағы өзара әрекеттестігі бүгінде айтарлықтай сапалы өзгерістерді бастан өткерді. Өзгерістердің басты қырлары мұнайгаз секторымен байланысы жоқ жобалар есебінен экономикалық қызметтестік бағыттарының әртараптандырылуы, сондай-ақ Қытайдың Қазақстандағы және бүтіндей Орталық Азиядағы қаржылық-экономикалық белсенділіктің жаңа тарамы болып отыр. Астана мен Пекиннің қызметтестігінің жаңа басым бағыттарының арасында – Қазақстанның көліктік және өнеркәсіптік инфрақұрылымын, автомобиль жасау мен химиялық өнеркәсіптегі бастаманы дамыту, сондай-ақ Қазақстанда сыйымды қытай нарығына жеткізу үшін ауылшаруашылық өнімдерін өндіру бар.

Қыркүйек айының аяғында Ханчжоуда өткен G20 саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға қарай ел аумағында Қытайдың белсене араласуымен жалпы құны 26,2 млрд. доллар болатын 51 жоба іске асырылмақ екенін мәлімдеді. Елбасы осы сериядағы екі ірі жоба – біріншісі автожолдар салуда, ал екіншісі мұнай химиясында – жүзеге асырылып қойғанын атап өтті [8]. Kaznex Invest Ұлттық экспорт және инвестициялар агенттігінің басшысы Борисбий Жангуразовтың айтуынша, жобаларды қаржыландыруды ҚХР үш банкі және «Жібек жолы» қытай инвестициялық қоры жүзеге асырмақ. Бұл мақсат үшін олар жеңілдікті кредит береді, деді Жангуразов.

Ағымдағы жылдың соңына қарай Қазақстан билігі республика бойымен өтетін ұзындығы шамамен 3 мың км. құрайтын Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралі учаскесі құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. ҚХР-мен ауылшаруашылығы саласындағы қызметтестік те қалыспай дамып келеді. Оны Қазақстан билігі бүгінде әріптестіктің қажеттілеу бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Азық-түліктерге бағаның әлемдік деңгейде өсуі және Қытайда қымбаттырақ әрі сапалы импорттық азық-түліктерді тұтынуға әзір орта тап өкілдері санының көбеюі жағдайында Қазақстанның аграрлық секторы ҚХР-дан келетін инвесторлардың қалтқысыз назарында болып отыр.

Қазіргі уақытта Қазақстан қытай серіктестерімен ауыл шаруашылығы саласында жиырма шақты бірлескен жобаны іске асырып жатыр. Олардың жартысынан көбі ҚХР жақын орналасқан Алматы мен ШҚО-да орналастырылған. Негізінде, көктемде Қазақстанның бірнеше қаласында шетел азаматтары үшін жерді жалға беру мерзімін ұзартуды көздейтін Жер кодексіне түзетулер енгізуге қарсы наразылық шаралары болып өткен еді. Алаңдаулар Қытаймен ауыл шаруашылығы саласында қызметтес болуға белгілі бір шектеулер қойылуы тиіс екенін көрсетті, өйткені бұл мәселе қазақстан халқының мүддесіне тікелей қатысты.

Қорытындылай келетін болсақ, Қазақстанның Қытаймен сауда-экономикалық байланысы жақсы ұзақ мерзімді перспективаға ие. Қытайдың жедел дамушы экономикасы мұнайды барған сайын көбірек сұрай беретініне күмән жоқ. Сондықтан да, ҚХР Қазақстанды өзі үшін энергетикалық шикізатты жеткізушілердің ішінде басқалардан гөрі артығырақ көреді. Өз кезегінде Қазақстан да қытайдың сыйымды нарығына мұқтаж болмақ.