- •Bdtg4424 бала дамуы пәнінен Лекция тезистері Түркістан – 2017 ж.
- •2. Жүктілік күнтізбесі
- •Бөбекке көмектесіңіз
- •Кедергілер тудыру
- •3 Жас дағдарысының 7 сипаттамалары:
- •2. Қазіргі кезеңдегі балалардың мектепке дейінгі мекемелерін салудың гигиеналық аспектілері.
- •3. Балалардың сауықтандыру мекемелерін жоспарлаудың және салудың кейбір аспектілері.
2. Жүктілік күнтізбесі
Савельева Г.М акушер-гинеколог, білікті манан, өз еңбектерінде жүктілік процесінің қыр-сырын жетік меңгерген дәрігер. Ол болашақ аналарға кеңес ретінде көптеген мақалалар, оқулықтар жазды. Сіз жүктісіз! Сіздің нәрестеніз 40 аптадан кейін дүниеге келеді. Сіздің ағзанызда қандай өзгерістер болатындығы, балаңыз қалай өсетіндігі туралы «Жүктілік күнтізбесі» айтып береді.
1-2 апта
Жүктілік ұрықтандыру сәтінен басталады. Ұрықтандыру ‒ еркек пен әйелдің жыныстық торшаларының күрделі биологиялық бірігуінен басталады. Осының нәтижесінде жаңа ағза түзеледі. Пісіп-жетілген жұмыртқа етекккір циклінің 11-14 күні жатыр түтігіне түседі, мұнда ол 24 сағатқа дейін өмір сүре алады. Еркек ұрығы жатырда ұрықтандыру қабілеттілігін 48 сағат сақтайды. Ұрықтанған жұмыртқа көп торшалы ағза түзіп бөліне бастайды. Эмбрионның жатыр қабатына бекітілуі ұрықтанудан кейінгі 7 тәулікте болады. Осы күннен бастап ана ағзасы жүктілі болғандығы жайлы ақпарат алады.
3-4 апта
Таңертенгілік жүрек айниды, кіші дәрет жиілейді. Көңіл-күй өзгергіш болады. Қазір болашақ сәби түрі адам құлағы бейнесіне ұқсайды, көлемі 4мм. Жүктіліктің 21 күні жұлын мен ми қалыптасады. Айдың аяғында кіндік пайда болып, эмбрионның қан айналымы түзіледі. Баланың барлық мүшелері мен ішкі жүйесі дами бастайды.
5-6 апта
Осы мерзімде жүкті әйел міндетті түрде дәрігерге көріну тиіс. 5 аптада түсік тастау қаупі туу мүмкін, оның белгілері: бел аймағының ауырсынуы, іштің төмен тартып ауруы. Осындай симптомдар болса дәрігердің кеңесі қажет. 6 аптада эмбрионнын бет әлпеті түзіледі: көзі, мұрны, жақ сүйектері, қолы, аяғы.
7-8 апта
7 аптадан бастап жүктіліктің сары денесі кері дамиды, плацента гормондарды бөле бастайды. Сәбидін жүрегі 4 камералы болады, ірі қан тамырлары қалыптасады. Бауырда өт жолдары пайда болады. Ішкі бездер мен ми дами бастайды. Құлақ қалқанының формасы, қол-аяғында саусақтар пайда болады, эмбрион қозгала бастайды. 8 аптада У-хромосома әсерінен еркек гонадалары қалыптасады, олар тестостерон бөліп, ұл баланың белгілерінің қалыптасуына әкеледі.
9-10 апта
Сіздің зат алмасуыңыз өсіп келе жатқан ағзаны «құрылыс материалдарымен» ‒ амин қышқылдарымен қамтамасыз ету үшін өзгереді. Осы өзгерістерге бейімделгенде токсикоз білінуі мумкін. 10 аптада ауыз қуысының, ішектің, тік ішектің, өт жолдарының дамуы аяқталады. Ми жартышарларының, беттің қалыптасуы тоқтайды. Қозғалыс координаторы-мишықтың дамуы басталады.
11-12 апта
Ана ағзасы жаңа қалыпқа бейімделді. Сіздің көңіл-күйініз орнығады. 12 аптадан кейін жатырдың өсуі байқалады.
13-14 апта
Болашақ сәбидің негізгі мүшелерінің қалыптасуы аяқталады. Сырт бейнесі кішкентай адамға ұқсайды.
15-16 апта
Тері пигментациясы өзгереді-қарынның ортаңғы сызығы, үрпінің терісі өзгереді. Плацентаның түзілуі аяқталады. Бұл кезеңде шарана ұрық айналасы суларында еркін жүзе алады. Судың күйіне қарап шарананың жағдайын сипаттауға болады. Енді бала мен плацента бірегей функционалды жүйе құрайды.
17-18 апта
Сіздің болашақ сәбиіңіз осы күндері қозғала бастайды. Оның аяқ-қолы, буындық аппараты, мишығы жеткілікті дамыған. Осы уақытта иммундық жүйенің қалыптасуы аяқталады.
19-20 апта
Сіздің ағзаңызда үлкен өзгерістер болды. Пульсыңыз жиілеп, жүрек соғуы мен қан айналымы көбейеді. Плазма көлемінің көбеюіне байланысты қан талдамасындағы гемоглобин азаяды. Кейде кіші дәрет жиіленеді, бел омыртқасының оң жақ немесе сол жақ бүйірі ауырады. Үлкейген жатыр қуықтың үстін басқандықтан зәр шығару жолдары бұзылады. Зәрдің толық шықпағанына байланысты бүйрек жолдарында инфекцияның пайда болуы ықтимал. Пиелонефрит ауруына шалдығуы мүмкін. Осындай күдік пайда болса тез арада дәрігерге қаралу қажет, өйткені сіздің деңсаулығынызға ғана емес, іштегі ұрықтың дамуына да қауіпті. Шарана жиі, белсенді қимылдай бастайды, салмағы 300-350 гр. Бұл аптада көздері ашылады.
21-22 апта
Бұл аптада ұрықтың салмағы 400-500 гр. Жетеді, сүйек және бұлшық еттері белсенді дамиды. Осы кезде ағзаға кальций қажет, ол тісіңізді сақтауға және аяқ сіңірінің тартылмауына көмектеседі.
23-24 апта
Ұрықтың салмағы 500-600 граммға жетеді. Оның барлық мүшелері бар, жүйелелрі толық қалыптасқан. 24 аптаға қарай өкпелері жетіле бастайды. Алайда, сурфактант мөлшерінің аздығынан осы мезгілде туылған нәресте өздігінен дем ала алмайды. Тыныс алдыру үшін оған күрделі тыныс беру аппараты қажет болады. Мерзімінен бұрын туылған балаларды күту үшін перинаталдық орталықтар бар.
25-26 апта
Ұрықтың салмағы 700-750 гр. Ми жүйелерінің жетілуіне байланысты оның ағзасының қызметі тұрақтайды. Өкпе жасаушылары жақсы жетіледі. Бұл мерзімде туылған бала жасанды тыныс беру аппаратымен ғана жетіле алады. Сондықтан оның мерзімінен бұрын тууына жол бермеңіз.
27-28 апта
Бұл мерзім жүктіліктің ІІ-ші үшайлығын аяқтайды. Ұрықтың салмағы 1000 грамм, бойы 35 см. Алайда ол әлі де өздігінен өмір сүре алмайды, өкпелері толық жетілмеген. Осы мерзімде ұрықтың өсуі, бұлшық еттерінің қалыптасуы байқалады. УДЗ арқылы оның жымиғаның, саусағын сорғанын көруге болады.
29-30 апта
Жүктіліктің ІІІ үшайлығы басталады. Жатыр 29-30 см. Жоғарылықта тұрғандықтан, сіздің тыныс алуыңыз қиындай түседі. Бұл кезеңде асқынулардың ең ауыры-жүктіліктің екінші жартысынын токсикозы басталуы мүмкін. Соның салдарынан ісіну, қан қысымының көтерілуі, зәрде нәруыз пайда болады. Асқынулардың алдын-алу үшін акушер-гинеколог дәрігеріне қаралу керек, оның барлық нұсқауларын орындау керек, өз салмағынызды дұрыстап қадағалау қажет. Ішілетін және шығатын сұйықтар мөлшерін назарға алған жөн.
31-32 апта
Қазір ұрықтың орналасуы дұрыс (ұзынынан). Көлденең, қисық болуы да мүмкін. Ұрықтың дұрыс орналасуына көмектесетін гимнастикалық жаттығулар бар. Кері резус қан тобындағы жүктілерге 28 аптадан, босанса 78 сағат ішінде керек болса иммунизация жасалады. Бұл туралы өзіңізге әйелдер консультациясындағы бақылайтын дәрігер айтады.
33-34 апта
Ұрықтың салмағы 1800-2100 гр., бойы 40-41 см. Жетеді. Өкпелері жетіледі. Ол толық дамиды, егер мерзімінен бұрын туа қалса өз бетімен өмір сүру мүмкіндігі жоғары. Алайда оның тері асты жасаушалары шамалы, терісі қызғылт түстеніп жылу сақтау қабылеті төмен болады. Оған жылы инкубатор немесе жылытқыш қажет. Шала туған нәрестені күту – әрбір отбасы үшін қиын жағдай. Сондықтан да әр бір жүкті әйел 37 аптаға дейін өз жағдайына ұқыптылықпен қарап, мерзімінен бұрын басталған толғақ белгілері туралы дәрігеріне шұғыл хабарлауы қажет. Үйге келетін жаңа адамды қарсы алу үшін әйелдер қабырға, едендерін әктеп, сырлайды. Бұндай тәуекел жұмыстар қажет емес. 30 аптадан босануға дейінгі демалысты үй жұмыстарын бітіру үшін емес, сіздің шаршамауыңызға, көлікте қысылып қымтырылмауыңызға ұйқыңыздың қануына беріледі. Сондықтан үй жөндеу, қапырық дүкендерді аралау, кезек күту тіптен сіз үшін емес.
35-36 апта
Ұрықтың салмағы 2100-2700 грамм, бойы 44-45 см. Дәрігерге 10 күнде бір рет қаралып отыру қажет.
37-38 апта
Осы мерзімнен сіздің жүктілігіңіз толық ай-күніне жетті деп есептелінеді. Егер осы апталарда босаңсаныз, нәресте аман-есен туады. Оның салмағы 2700-2800, бойы 49-50 см. Сіздің тыныс алуыңыз жеңілдейді. Жатыр төмен түседі. Егер экстрагениталдық сырқаттарыңыз асқынатын жағдай болса, босанарға дейінгі бөлімшеге түсу қажет. Өзіңізбен бірге алмастыру картасын, жеке куәлігіңізді алуды ұмытпаңыз.
39-40 апта
Босанатын күніңізді білу үшін соңғы етеккір келген уақыттан үш айды алып 7 күн қоссаңыз. Бұл сан нәрестенің туатын күні болуы мүмкін. Оның салмағы 3000 гр, бойы 50 см, терісі ақшыл, ол жылуды сақтай алады. Қатты айқайлай, дем ала алады, емеді. Босану процесінің белгісі толғақтың жиіленуі.
Пайдаланған әдебиеттер:
Неменко Б.А. Оспанова Г.К Балалар мен жасөспірімдер гигиенасы(Оқулық).- Алматы 2002.344б.
Меңжанова А.Н. Мектеп жасына дейінгі педагогика Алматы 1992.
Нұрқасымұлы Жомарт. Гинекология - Алматы, 2007ж.
№ 3. Лекция тақырыбы: Қазақ этнопедагогикасындағы құрсақ тәрбиесінің ғылыми негіздері.
Лекция мақсаты: Бала құрсаққа біткен сәттен бастап, ананың тәрбиесін алады. Ана құрсағында жатып, анасы нені үйренсе, нені білетін болса, соны бала тез игеріп алады. Сондықтан баланы туылған соң емес, құрсақтан бастап тәрбиелеу керек.
Лекция жоспары:
1. Халық педагогикасындағы құрсақ тәрбиесі.
2. Жүкті әйелге байланысты халқымыздың ырым-тиымдары
Лекция мәтіні: Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты.
Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары.
Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет. Халқымыз «Қыздың жолы жіңішке» дегенге ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жолы – қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның теңқұқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы болды.
Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз.
Біздің елімізде толық емес отбасылар көп. Мемлекет баланы жалғыз тәрбиелеп жатқан аналарға көмектесуі керек. Біз әйелдер үшін икемді еңбек түрлерін қалыптастырып, үйде жұмыс жасауларына жағдай туғызуымыз керек.
Баланы қорғау. Бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер бар – балалар үйлері толы. Бұл, өкінішке қарай, жалпыәлемдік үрдіс және жаһанданудың сынағы. Бірақ біз бұл үрдіспен күресуіміз керек. Мемлекетіміз бен қоғамымыз жетімдерді асырап алуды және отбасы типіндегі балалар үйлері салынуын көтермелеуі қажет.
Ерлердің әйелдер мен балаларға мүлдем жауапсыз көзқарас танытқан оқиғаларының саны өсуде. Бұл біздің дәстүрімізге, мәдениетімізге тіптен жат.
Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес. Біздің топырағымызда туған кез келген сәби – қазақстандық. Және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиіс.
Жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді». Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті.
Ә.Табылдиев Халық педагогикасы – қазақ халқының ұлттық тәжірибелері мен тағылымдарының мол қазынасы. Сондықтан оқушылардың ой-өрісін, биік адамгершілік тұлғасын қалыптастыруға көп көмегін тигізеді. Ұмыт болған салт-дәстүр халқымызға тән ұлттық асыл қасиеттеріміз қайта жаңғырып жатқан уақытта осы мұраларды педагогикамен ұштастыру басты мақсат.
Осы міндеттерді шешудегі мәселелердің қайнар бұлағы, сарқылмас көзі – халықтық педагогика. Халықтық тәлім-тәрбиенің басты ерекшелігі өмірмен тығыз байланыстылығында. Ұлттық тәрбиенің тағылымы, берері орасан зор. Бүгінгі таңда халық педагогикасына ерекше көңіл бөлу керек. Ата – бабаларымыздың жақсы дәстүрін шәкірттер бойына дарыту үшін өз сабағымызда мақал-мәтелдерді, шешендік сөздерді, аңыз-әңгімелерді жиі мысалға келтіріп, ұлылардың айтқан даналық сөздерін ұрпақ санасына сіңіруді сабақ сайын жүргізіп келеміз. Көптеген халықтар өз ұрпағын өз халқының қағидаларымен тәрбиелейді.
Ендеше, егеменді еліміздің ертеңі жас ұрпақты әдепті, адамгершілігі жоғары болып өссін десек, ұлттық тәрбие тағылымын басшылыққа алып, халқымыздың рухани байлығын бүгінгі күн талабымен ұштастыра білсек ғана ұлттық тәрбиенің берері көп.
Дүйсембінова Р.Қ. ‒ қазақтар үшін «той» тек той жасаушы жеке отбасының қуанышы ғана емес, тіпті бір тайпа елдің ортақ мерекесі болып есептеледі. Қазақ өміріндегі ұлылы, кішілі той-томалақ пен ырым, кәделердің түрлері де сан алуан болған деп келтірген өз еңбегінде.
Қазақтың дәстүрлі үйлену тойының мынандай сегіз кезеңі бар: қыз таңдау, қыз айттыру, жаушы жіберу, құда түсу тойы, есік-төр көрсету, ұрын той, қыз ұзату тойы, келін түсіру тойы.
Жүкті әйелді тәрбиелеу. Халқымыз іштегі баланың дені сау туып, жақсы азамат болып өсуі үшін жүкті әйелді тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлген. Бұл жөнінде жазушы Зейнеп Ахметова былай деп жазады: «Мысалы, «Қарағым, биік тауға қара – көңілің өседі, көңілің өссе немеремнің өресі биік болады, жазық далаға қара – жан сарайың кеңиді, сонда немерем кең пейілді болады, жайқалған шөпке, жайнаған гүлге қара – сәбиің шырайлы болады, бұлақтың көзін аш – бала қайырымды болады», – деген секілді ұлағатты тәлімін беріп, аналарымыз жас келіншектің таным-талғамын ұштап, баулыған».
Ата-бабамыз сөз өнеріне сыйдыра білген жұрт, «Алып – анадан туады» – дейтін өсиет сөзінде ұрпағына тек тән құрылысының жетілуін ғана емес, «алып» деген сөзінің астарында тәннен де күрделі, жан-дүниесінің де ана құрсағында қалыптасатынын меңзеп отыр. Оны – қалыптастыратын да және тәрбиелеп жетілдіретін де, тек ананың ғана парасаты екенін айтып тұр. «Қыз» ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді ‒ тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел-ана. Қазақ қыздары ғасырлар бойы осындай отбасылық тәрбиемен өсті. Олардың отбасынан алған бар тәрбиесі жақсы келін болу ғана еді. Одан өзге ешқандай мамандықтары болған жоқ. Жан-жақты білім беретін, әртүрлі мамандықтарға үйрететін, өз бойындағы өнерін өрістететін мемлекеттік тәрбие алуға қазақ қыздарының қолы XX ғасырдың орта кезінде ғана жетті. 1944 жылы Алматыда қазақ қыздарына арналған Мемлекеттік педагогикалық институт ашылған. Бұл институт өз қыздарын жақсы келін болуға ғана емес, әр саладағы жақсы мамандар болуға тәрбиеледі.
Пайдаланған әдебиеттер:
Ғаббасов С. Халық педагогикасының негiздерi. А. 1995. 463 бет.
Табылдиев Ә.,- Халық тағылымы, Алматы, Қазақ университеті, 1992.
С.Ұзақбаева, К.Қожахметова «Жоғары мектеп студенттеріне этнопедагогикалық білім беру тұжырымдамасы» Алматы «Өнер» 1998
Дүйсембінова Р.Қ.,- Қазақ этнопедагогикасын мектеп практикасына ендіру, А, Ғылым, 2000, 355 бет.
№ 4. Лекция тақырыбы: Жаңа туған баланың (туған сәттен бір-екі айға дейін) психологиялық-физиологиялық даму ерекшеліктері
Лекция мақсаты: Баланы туылған сәттен бастап күтіп баптау кезеңдерін меңгеру.
Лекция жоспары:
Қимыл-қозғалысы мен психикасының дамуы
Баланы шомылдыру
Баланы серуендету
Бала ойыншықтары
Лекция мәтіні: Жаңа туған бала - анасының сүтін еметін сәби. Бұл кезеңде баланың денсаулығының, ақыл-ойы мен организмінің өсу негізі қаланады. Дені сау бала өсіріп, оны дұрыс тәрбиелеуді қамтамасыз ету үшін бала организмінің осы кезеңдегі кейбір ерекшеліктерін жете білу керек.
Нәресте организмінің өмірге бейімделу ерекшеліктері
Нәрестенің алғашқы бір жылы дүниеге келу кезеңі (алғашқы төрт апта);
Емшектегі кезеңі (бір жас толғанға дейін).
Нәрестені анасының организмінен тыс өмір сүруге көндіктіру үшін оның организмінің көптеген органдары мен жүйелерінің функцияларын өзгертуге тура келеді. Емшектегі баланың органдары мен клеткаларының анатомиялық - физиологиялық ерекшеліктері, иммунитет қабылдау мүмкіншіліктерінің жеткіліксіздігі әр түрлі ауруларға шалдығуын күшейтіп, олардың ұлғаюына себепші болады.
Емшектегі баланың дене салмағы: Емшектегі баланың дене салмағының артып, бойының өсуі оның жалпы дамуына тән қасиет.
Баланың туған кездегі салмағы:
мерзімінде туған (39-40 апта) ер баланың салмағы 3500±450 грамм;
қыз баланың салмағы 3300±460 грамм;
бойлары 47-56 cм аралығында болады (кейде 50-51 cм).
Салмақ қосу барысы: алғашқы айда сәбидің дене салмағы 700—800 грамға дейін өседі де, кейін біршама баяулайды;
бірінші жарты жылдықтың әр айында 600 грамнан; екіншісінде — 500 грамнан.
Баланың салмағы 5—6 айлығында 2 есе, ал бір жасқа толар шағында 3 есе өсіп, 10-11килограмға жетеді. Ірі болып туған балалардан жеңіл салмақпен туған балалар айына салмақты көбірек қосады.
Бойларының өсу барысы: емшектегі баланың бойы да айтарлықтай өседі, бір жасқа толарда баланың бойы орта есеппен 25 см өседі;
нәрестенің бойы алғашқы 4 айда шапшаң өседі де, айына 3 cм қосып отырады, бұдан кейін бойының өсу қарқыны біртіндеп баяулайды:
4 айлығынан 6 айлығына дейін айына 2—2,5 cм;
7 айлығынан 9 айлығы аралығында айына 2 cм;
10 айлығынан 12 айлығы аралығында айына 1,5 cм.
Дене күтімі: Емшектегі баланың әсіресе жаңа туған нәрестенің терісі үлбіреген жұмсақ келеді де, ол тез жарақаттанады. Сондықтан дұрыс күтілмеген жағдайда тері қатпарлары базданып іріңдей бастайды. Сүйек тканьдерінде тұз аз болғандықтан, олар шеміршек тәрізді майысқақ болып келеді де, сәбидің күтімі дұрыс болмаса (мысалы, егер баланы жастыққа отырғызса, аяғына ерте тұрғызса), тез қисаяды. Сәбидің бас сүйегі онша жетілмей туады, бас сүйектің қосылған жігі жұмсақ, былқылдап тұрады. Оны еңбегі деп атайды. Ол балаға 9—14 ай толғанда қатады.
Емшектегі баланың басы үлкен болады:
жаңа туған нәрестенің басының шеңбері 34—36 cм;
бір жастағы баланың басы 45—46 cм.
Қолы мен аяғының ұзындығы бірдей, ал бойының ұзындығына қарағанда аяғы біршама қысқа келеді.
Дене температурасы: Ересектердің температурасына қарағанда емшектегі нәрестенің температурасы 0,3—0,4°С жоғары болады. Олар сыртқы температураның өзгерісін тез сезінеді, тіпті оның әсерімен сәбидің денесінің температурасы да өзгеруі мүмкін.
Тыныс алуы: Емшектегі баланың өкпесі мен тыныс алу бұлшық еттері онша жетілмегендіктен, олар ауаны ересектерге қарағанда екі есе көп қажет етеді, өйткені олардың тыныс алысы жиі, біркелкі емес. Бала бір жасқа толарда өкпесі мен тыныс алу бұлшық еттері жетіледі, тыныс алысы сиреп, тереңнен тыныстайтын болады.
Жүрек тамырлары: Жаңа туған нәрестенің жүрек тамырларының жүйесіне күш көп түседі. Баланың тамыр соғуы жиі өзгеріп отырады (мысалы, бала қатты жылаған кезде минутына 160—200 рет cоғатын болады).
Нәрестенің өсуіне қарай оның күре тамырының қысымы арта түседі:
3 айлығына дейін оның мөлшері орта есеппен сынап бағанасымен 75/50 мм;
9—10 айлығында—90/65 мм-ге жетеді.
Тісінің шығуы: Тіс жару барысы:
дені сау бала 6—8 айлығында тіс жарады (төменгі екі тісі);
8—10 айлығы аралығында үстіңгі 4 тісі;
бір жасқа толғанда төменгі 2 тісі, сөйтіп 1 жасқа толған балада 8 тіс болады.
Тіс шығу кезінде асқазанның бұзылғаны (іш өту, тәбеті қашу, аузынан сілекей ағу), қызыну, мазасыздану, ыстығы көтерілу, ұйқысы қашу сияқты процестер байқалады. Бірақ мұндайда ем қолданудың қажеті жоқ. Баланың организмі кешеуілдеп, жәй өскенде, әсіресе мешел баланың тістері кеш шығады.
Нәресте организмінің өмірге бейімделу ерекшеліктері: Ішек құрылысы органдарының жүйке жүйелерінің толық жетілмегендіктен, сәбидің дүниеге келген алғашқы айларында асты дұрыс қорыта алмауы: құсуы, іші кебуі, кекіруі, дәретке жиі отыруы т. б. мүмкін. Кейде бала емшек емгенде өңешіне ауа кетсе шашалады, кекіреді, құсады. Бала емшекті жиі емсе, оның денсаулығының жақсы болғаны. Кез келген аурудың алғашқы белгісі - сәбидің бей-жәйлікке түсуі немесе емшектен бас тартуы. Емшектегі бала алғашқы апталарда дәретке тәулігіне 4-5 рет, ал жыл аяғында 1-2 рет отырады. Нәресте туғаннан кейін алғашқы 3 күн ішінде кіші дәретке онша көп отырмайды (тәулігіне 4-5 рет), бірақ алғашқы аптаның аяғында, 2-аптаның ортасында тәулігіне 20-25-ке дейін кіші дәретке отырады да, жасқа толарда ол 15-16 ретке дейін азаяды. Нәрестенің жүйке жүйелері толық жетілмей, жұтыну, есінеу т.б. шартсыз рефлекстерімен туады ауруға, ыстық, суыққа реакция). Сәби жарықты жақсы сезінеді, бірақ естуі нашар болады. Емшектегі бала тез қалжырайды, сондықтан ол тәулігіне 17-18 сағаттан кем ұйықтамауы керек. Сәбидің организмі анасынан алған иммунитеттің арқасында кейбір инфекциялық ауруларды қабылдамайды. Баланың организмінде ірің тудыратын көптеген микробтарға қарсы тұратын қорғаныс күштері жеткіліксіз болады, сондықтан емшектегі бала мұқият күтуді қажет етеді.
Нәрестенің бейімделуінде емдеуді қажет етпейтін жағдайлар
Оларға жататындар: дене массасының физиологиялық кішіреюі - бұл процестер барлық нәрестелерде алғашқы 3-4 күн ішінде байқалады. Сәбиді дұрыс тамақтандырып күткенде, баланың денесі 4-5 күннен кейін біртіндеп өсе бастайды да, 1-ші аптаның аяғы мен 2-ші аптаның ортасына қарай бастапқы өз салмағына теңеседі;
терінің физиологиялық талаурауы - тері алғашқы 1-2 күн ішінде талаурап, қызарады. Бұл әсіресе баланың буындары мен өкшелерінде бірнеше сағаттан 2-3 тәулікке дейін созылады да, содан кейін түлей бастайды;
токсикалық эритема (қызару) - терінің жалпы қызаруымен бірге пайда болатын әр түрлі бөрткен. Ол жаңа туған нәрестелерде көп кездескенімен, 2 тәуліктен кейін ешқандай залалсыз, өзінен-өзі із-түзсіз жоғалып кетеді;
транзиторлық безгек - нәресте туғаннан кейін 3-4 күн ішінде, су алмасуының бұзылуы себепті, сұйық заттарды жеткіліксіз қабылдаумен байланысты пайда болады; мұндай жағдайда ыстығы 40°С-ге дейін көтерілуі мүмкін; бала мазасызданады. Ішіне сұйық жібергеннен кейін (қайнаған су, глюкозаның 5 проценттік ерітіндісі, шай) безгек басылады;
жыныс кризі - баланың сүт бездерінің ұлғайғаны байқалады (жынысына қарамайды); кейде қыз баланың жыныс органынынан шырыш пен қан бөлініп шығады да, 2-3 күннен кейін тыйылады. Жаңа туған баланың жыныс кризі алғашқы 3-7 күн аралығында байқалады. Үлкендігі бұршақ дәніндей немесе түйе жаңғағындай бездер ойнамалы болады, ол аздаған ақшыл сұйықтан тұрады. Оның ісігі 2-3 аптадан кейін қайтады. Сондықтан емдеуді қажет етпейді; жиналған сұйықты қолмен сығып шығаруға болмайды. Сүт бездеріне инфекция түсіп, қабынуды болдырмас үшін тазалықты қатаң сақтау керек.
Қимыл-қозғалысы мен психикасының дамуы
Нәрестенің ай сайынғы дамуындағы өзгерістер:
1 айлық бала тік көтерген кезде басын ұстауға тырысады;
2 айлығында етпетінен жатып, басы мен кеудесін көтереді;
3 айлығында етпетінен жатып, шынтақтап денесін көтереді, демеп ұстаса, жамбастап отырады, шалқалап жатып, бүйіріне аунап түседі, мойны қатайып, басын тік ұстайды;
4 айлығында қозғалысы ширап, жеңілдей түседі; бала көтерілгенде алақанымен жер тірейді, әрі-бері аунап түседі, шалқалап "көпір" жасайды, әр түрлі заттарды қолына ұстайды;
5 айлығында әлденеге сүйеніп отырады, қолтығынан демесе, тізесін бүкпей түзу тұрады;
6 айлығында демеп ұстамай-ақ өзі құйрығын басады, немесе тік тұрып, аяғын басуға талпынады;
7 айлығында еңбектейді, өздігінен отырады, тізерлеп тұрады, қолынан ұстап демесе, аттап қадам басады, ойыншықтарын бір қолынан екінші қолына алмастыра алады;
8 айлығында өздігінен отырады, басын өзі көтере алады, бір нәрседен ұстап жүруге талпынады;
9 ай толғанда қаз тұрады және қолынан жетектесе қаз-қаз басады;
10 айлығында өздігінен отырып тұрады, үстелді айналып жүреді, бір қолынан ұстаса, алғашқы қадам жасауға талпынады;
11-12 айлығында бір қолынан ұстағанда жақсы жүреді, демеп ұстамай-ақ өздігінен жүруге талпыныс жасайды, сүйеусіз-ақ отырады, жерде жатқан затты тізерлемей жерден көтеріп алады.
Сана-сезімі мен тілінің дамуы:
нәресте дүниеге келгеннен кейін 2-аптада-ақ оянғаннан кейін бірнеше минут көзін ашып жатады, қарны ашқан кезде жылай бастайды, саусағын сорады;
анасы емізерде бетін солай қарай бұрып, аузын ашады, емуге ыңғайланып, жұтынады;
1 айлығында ширап, аяқ-қолын ербеңдетеді, басын жан-жаққа бұрады, түрлі-түсті заттарға көз тоқтатып қарайды;
2 айлығында дауыс шыққан жаққа мойынын бұрады, ашық түсті зат көрсетсе, емгенін тоқтатады, әр түрлі эмоциялық реакция пайда болады, өзіне қаратып айтылған сөзге езу тартып шалықтап, "гуілдейді";
3 айлығында дыбыс шыққан жақты сезеді, сол жаққа бұрылады, күледі;
4 ай толғанда заттың қозғалысын көзімен бақылайды, бөтен адамға жатырқап қарайды, іліп қойған ойыншықрады түрткілеп ойнайды, оларды ұстайды;
5 айлығында анасы мен туыстарын жақсы таниды, өзіне қаратып айтылған дауысты ажырата алады, іліп қойған ойыншық, сылдармаққа қолын созып ұстап, көпке дейін босатпайды;
6 айлығында ойыншықтарға көңіл аударады, оларды қолына ұстап көтеріп, бір орыннан екінші жерге алып қояды, сөз буындарын айтуға алғашқы талпыныс жасайды, қасықпен берген тамақты іше алады, тағамды көргенде аузын ашады;
7 айлығында айнадағы өз келбетіне қарай талпынады, көп уақытқа дейін уілдеп "сөйлейді", бір орында тұрған затты көзімен іздейді, қолдан қолға ұмтылады, сөдің жеке буындарын ("ма-ма", "а-па") жақсы айта алады;
8 айлығында ересектердің өтінішімен үйреткен қимылдарды қайталайды, көзіне түскен затты қолына алуға немесе іздеп табуға тырысады, ойыншықтарға анықтап қарайды, бір-біріне соғады.
9 айлығында әр жерде жатқан ойыншықтарды іздеп табады, кейбір сұрағаныңды орындайды, ұсақ заттарды жинастырады, жәшіктегі ойыншықтарын алып ойнайды;
10 айға толғанда қарапайым сөздерді айта алады, атаған ойыншықты өзі іздеп табады, тыйым салғанды ұғады, жасырынбақ ойнайды (бетіне жаялығын бүркейді);
11-12 айлығында көптеген заттардың атауын біледі, 10-12 сөзге тілі келеді, дене мүшелерін айырып көрсете алады, көресткен және бұрын таныс әрекеттерді қайталайды, сондай-ақ жаңадан әрекеттер жасайды т.б.
Баланы шомылдыру
Нәрестені алғашқы 5-7 күн ішінде ваннаға отырғызып шомылдырмай (кіндігі түскенше), тек күн сайын сабындап, жылы сумен жуындырады. Нәрестені шомылдыратын судың температурасы 35-36°С болуы тиіс; ал алғашқы аптаның ішінде судың температурасын бұдан да жылы жасайды (36-37°С). Шомылдыратын бөлменің температурасы 20°С-дан төмен болмауы керек. 6 айға толмаған баланы ваннада 5 минуттан артық ұстауға болмайды, ал 6 айдан асқан соң 10 минут шомылдырады.
Баланы серуендету
Жаз айларында туған балаларды әйелдер босанатын үйден шығысымен-ақ далаға шығаруға болады, ал қыста туған баланы ауаның температурасы 10°С -ден төмен болмаса, 2-3 аптадан кейін шығарады. Алғашқыда 10 минуттан артық серуендетуге болмайды; ал бір айлық бала таза ауада 40 минут болғаны жөн. Кейін бірте-бірте 5-10 минуттан қосып отырады да, сәби 3 айға толғанда серуенге шығу уақытын күніне 4 сағатқа дейін жеткізеді. Суық уақытта 2,5-3 айлық баланы күніне 2-3 рет далаға шығарып тұру керек, бірақ барлығы 2 сағаттан аспауы тиіс.
Бүлдіршінді далаға шығарда ауа райына қарай киіндіреді.
Бала ойыншықтары
Ойыншықтарды баланың жасына қарай алу керек, бірден көп алуға болмайды, бала бір ойыншыққа көңіл аударуына, зер салып қарауына мүмкіндік жасау керек.
3 айлық балаға ойыншық тек көңіл аударып қарау үшін ғана қажет (шар, балық, үйрек);
3 айдан 6 айға дейінгі балаға қолына ұстатуға ыңғайлы ойыншықтар;
6 айдан бастап әр түрлі пішінді дыбыссыз, дыбысты ойыншықтар. Дыбысты ойыншықтар бала тілінің жетілуіне және сөзді түсінуіне ықпал жасайды;
9-12 айлық балаға шығыршықты пирамидалар, текшелерді беруге болады.
Пайдаланған әдебиеттер:
Ғаббасов С. Халық педагогикасының негiздерi. А. 1995. 463 бет.
Табылдиев Ә.,- Халық тағылымы, Алматы, Қазақ университеті, 1992.
С.Ұзақбаева, К.Қожахметова «Жоғары мектеп студенттеріне этнопедагогикалық білім беру тұжырымдамасы» Алматы «Өнер» 1998
Дүйсембінова Р.Қ.,- Қазақ этнопедагогикасын мектеп практикасына ендіру, А, Ғылым, 2000, 355 бет.
№ 5. Лекция тақырыбы: Нерестелік шақтағы (бір-екі айдан бір жылға дейін) бала дамуының ерекшеліктері
Лекция мақсаты: Жаңа туған нәрестені қарау кезінде: Салмағын. Бойын. Ішікі мүшелер қызметін. Тәбетін. Ұйқысын. Тері, шырышты қабаттар түсін бағалау керек.
Лекция жоспары:
Балардың ай сайынғы даму көрсеткіштері
Бала дамуындағы рефлекстердің қалыптасуы
Лекция мәтіні: Балардың ай сайынғы даму көрсеткіштері:
1 ай. Ашық түсті заттарға көзін тоқтатаып қарайды, жымия бастайды.
2 ай. Ояу кезінде тыныш жатады, ілулі ойыншықтарды қызықтайды. Ересек адамдар сөйлегенде ұзақ жымияды, басын жақсы көтереді.
3 ай. Қатты күледі қуанғанын күлімдеп білдіеді. Басын жақсы ұстайды, қолына сүйеніп, етбетінен жатады.
4 ай. Арқасынан қырына аунап түседі, ілулі тұрған ойыншықтармен ұзақ ойнайды. Ұстап көреді.
5 ай. Өзінің жақын адамдарын таниды. Ұзақ гүілдеп өлеңдетеді. Қолына ұзақ шылдырмақты ұстайды, арқасынан етбетіне аунап түседі, қолтығынан демегенде бойын тіке ұстап тұрады.
6 ай. “ба” және “ма” буындарын айтады. Манежбен аздап еңбектейді. Қасықтан жақсы ішеді. Өз еркімен ойыншықты ала алады.
7 ай. Ұзақ былдырлайды, жақсы еңбектейді, ересектер екі қолынан демегенде тіке тұрады
8 ай. Әртүрлі буындарды қайталайды. Өтініш бойынша “алақайды” жасайды. Өзі отырып жатады, бір заттан ұстап тұрады.
9 ай. Аяғының алдындағы кедергілерден аттап өтеді. Қолынан демегенде жүреді. Үлкендер өтінішімен “қолыңды бер” дегенді қайталайды.
10 ай. Бірнеше адамның атын біледі, үлкендердің ойнына жауап береді. Жасырынбақ ойнайды. Арбаның соңынан жүреді.
11 ай. “мама”, “бер” деген алғашқы сөздерді айтады. Болар болмас демегенде өзі тұрады. Бір затты екіншісінің үстіне қояды. Дөңгелекті кигізіп шеше алады.
12 ай. 6-8 сөз айтады. Өзі отырып, тұрады, ыдыстан өзі ішеді, жүреді.
Ему рефлексі. Ему рефлексі жатырішілік дамуда қалыптасады, көптеген балалар өмірге бас бармақтың гмперемиясымен дүниеге келеді. Ему рефлексі ауыз куысын не оның айналасын тітіркендірген кез келген қоздырғышқа жауап ретінде пайда болады. Анасының омырау салуына, медициналық шпатель не емізік салса нәресте ритмді ему қозғалыстарын жасайды. Бұл рефлекс туғаннан өмірінің алғашқы жылына дейін сақталады. Жаңа туған нәресте шамасыз болып көрінгенімен, оның табиғи туа біткен қабілеттері болады. Олар рефлекстер деп аталады. Рефлекстер күрт өзгерген тіршілік ету ортасына тез бейімделуге көмектеседі. Кейбір рефлекстер өмір бойы сақталса, кейбірі 3-4 айда өшеді. Бұл қысқа мерзімге қарамастан олар нәресте өмірі үшін маңызды болып табылады. Рефлекстің бар жоқтығын бағалау арқылы нәрестенің жалпы жай-күйін анықтауға болады.
Хобот рефлексі. Нәресте ерніне саусақты тигізіп, жылдам тартып алса бала ернін хобот тәрізді жинайды. Рефлекс негізінде ауыздың дөңгелек бұлшықетінің автоматты кысқаруы жатыр. Бұл бұлшықет ему бұлшықеттерінің маңыздысы болып табылады. Алғашқы 2-3 айда сақталып кейін өшеді.
Куссмаульдың іздеу рефлексі. Нәресте ауыз қуысының бұрышын ақырындап сипаса нәресте анасының омырауын іздей бастайды. Бұл кезде төменгі ерні түсіп, тілі, өзі тітіркендіргіш жаққа ұмтылады. Рефлексті тексеру кезінде нәресте еріне тисуге болмайды. (хобот рефлексі) Сипау жұмсақ болмаса бала басын қарсы жаққа бұрып, өзінің жақтырмағандығын білдіреді. 3-5 ай сақталады.
Бабкиннің алақан ауыз рефлексі. Нәресте алақанын тексерушінің бас бармағымен басса, нәресте аузын ашып, басын тексерушіге қарай көтереді. Бабкин автоматизмі өмірдің алғашқы айларында маңызды, бұл кезде қол көптеген функциялардың біреуін ғана яғни, қорек іздеуді іске асырады.
Қорғану рефлексі. Нәрестені ішіне жатқызып көрсеңіз, ол бірден басын жоғары көтеріп, автоматты түрде басын бұрады. Бұл рефлекстің биологиялық маңызы түсінікті, бала дем алу үшін қорғану әрекеті. Алғашқы сағыттардан бастап дамиды.
Бауэрдің еңбектеу рефлексі. Спинальды автоматизм. Нәрестені ішіне жатқызып, табанынан итермелесе ол еңбектеуге тырысады. Нәресте алға ұмтылады. Кейбір нәрестелер тіреусіз де еңбектеуге ұмтылады, бұл спонтанды рефлекторлы еңбектеу. Қалыпты жағдайда рефлекс те спонтанды еңбектеу де 4 айға созылады. Сондықтан нәрестені орау үстелінде қараусыз қалдыруға болмайды.
Бөбекке төрт аяқтап тұруға көмектесу туралы бес кеңес:
Екпетінен жатамыз
Анасының қарауында баланың екпетінен жатқызылуы – бұлшықеттерді қатайту мен дұрыс даму үшін ең жақсы жаттығу. Ішіне жатып еңбектеу сәбидің көру қабілетінің дамуына зор маңызы бар, сондай-ақ оған денесінің оң және сол жақтарының арасындағы байланыс пен өзара әрекеттесуін түсінуге көмектеседі.
Баланы екпетінен жатқызбас бұрын, Сіз таңдап алған жер қауіпсіз екеніне көз жеткізіңіз. Егер еден ағаштан жасалған болса, балаңыз тікендер кіргізіп алмас үшін оған кілемше немесе ақжайма төсеп қойыңыз.
Едендегі көрпеше немесе ақжаймалармен бірге баланың үстіндегі киімі көп болса, баланың қимылы шектеліп, сол себептен оған еңбектей бастау қиынға соғуы мүмкін екенін ескергеніңіз жөн. Үйді жылы ұстаңыз, ал балаға еденге жақсы жабысып жүруді қамтамасыз ету үшін еден үстінен артық нәрсенің бәрін алып тастаған дұрыс.
Ыңғайлы еңбектеу
Бала екпетінен жатқанда оның қасына отырыңыз да, бір аяғыңызды созыңыз. Баланы ол Сіздің аяғыңыздың үстінде төрт аяқтап тұратындай орналастырыңыз. Аяғыңыздың басқа жағынан баланың сүйікті ойыншығын қойып қойыңыз – бұл ыңғайлы тұрыс балаға еңбектеу мүмкіндігі туралы ойлануға көмектеседі.
Балаңызды ойыншықтармен қызықтырыңыз
Балаңыз екпетінен жатып жаттығып жатқанда, оны сөздермен және сүйікті ойыншықтарымен қызықтырыңыз. Сәбиден бір-екі қадам қашықтықта отырып, ойыншықты алыңыз да, баланың атын атап шақырып, ойыншықты баланың алдында біраз қимылдатыңыз. Бала ойыншыққа қарай еңбектеп талпынған әрбір кезде оны мақтап қойыңыз – баланың өзіне деген сенімі арта түседі.
