Елекшөп тәрізді қияқ
Аудандастырылған сорты. Бозой.
Алдыңғы дақыл. Ауыспалы егістегі және мал азықтық егістегі бұл дақылды бөлек жатқан танапқа шығарған жөн. Ол егіс мерзімі мен тәсілін (жамылғылық, жамылғысыз, көктемгі және күзгі егіс) еркін реттеуге мүмкіндік береді. Таза күйінде дәнді дақылдардың жамылғысына егілгені дұрыс, олардың әсері 3 жылға созылады. Жақсы көктеп-өнуіне қышаның жамылғысы жақсы ықпал етеді.
Егіс. Елекшөп тәрізді қияқты егу дәнді шөп сепкіштермен немесе кәдімгі дискілі тұқымсепкіштермен тырмаланған, жаймаланған танапта жүргізіледі. Тұқымдар тегіс таралуы үшін тұқымсепкіштер аударғыштармен жабдықталады, олар жоқ болса, себушілер қатаң бақылап отырады.
Елекшөп тәрізді қияқ соқалықтарды бітеп тастамас үшін, егетін күні тұқымдар гранулалық суперфосфатпен немесе аммофоспен 1:1 қатынаста дәріленеді, шабындықтар мен жайылымдардағы бұл дақылдың өнімділігін арттыру үшін егістердегі қатарлардың арасына 60 см кем емес аралықтар қалдырылады.
Егу нормасы 5 кг/га аспауы тиіс. Тұқым енгізудің оңтайлы тереңдігі 2-3 см. Соңынан жаймалау міндетті түрде жүргізіледі.
Егісті күту. Елекшөп тәрізді қияқ егісін күту шаралары - арамшөптермен күресу, жамылғысыз егістерде ол үшін 2-3 рет шабу жүргізіледі. Екінші және үшінші жылдары 2 ізді ауыр тырмалармен өңдеу жүреді, ал төртінші жылғы танапта 1-2 ізді дискілеу қолданылады.
Елекшөп тәрізді қияқтың жас шөбін пайдалану оның екінші жылынан басталады. Шөп пен протеиннің мол өнімін шоқталу және түтікке шығу кезеңінде алуға болады. Елекшөп тәрізді қияқ жақсы күздік мал азығы болып табылады.
Ору. Елекшөп тәрізді қияқтың піскен дәндері тез шашылады, сондықтан жинау мерзімі балауыздық пісу кезеңінің аяқталуына бағытталады.
Тұқымдық үшін оны дәндік комбайндармен орады. Кесу биіктігі 10-12 см, сонда төменгі жапырақтар мен өркендер де алынады. Комбайннан алынған үйінді әдетте дымқыл болатындықтан, жеткізілгеннен кейін кептіру үшін жұқа қабат етіп жайып тастайды. Соңғы тазарту тұқым тазалайтын кешенде жүргізіледі. Сақтауға жақсы тазартылған, кептірілген, ылғалдылығы 15 % аспайтын дәндер жіберіледі.
Бір жылдық шөптер – бұл бұршақ және астық тұқымдастар, сонымен қатар басқа тұқымдастар дақылдарының өнімдері, пішен, көк балауса, жайылымдық мал азығы, пішендеме, витамин ұнын алу үшін өсіріледі, олар мал азығын өсірудің конвейерлік жүйесінің маңызды компоненті болып табылады.
Олардың ішінде негізгілері – судан шөбі, итқонақ, қонақтары, күздік қара бидай, сұлы, жаздық сиыржоңышқа, ноқат, асбұршақ, далалық бұршақ т. б.
Итқонақтың, судан шөбінің т.б. біржылдық астық тұқымдас шөптердің 100 г көк балаусасында 18-27 а.ө. және 1,5-2,5 кг сіңімді протеин, 100 кг пішенінде 46-54 а.ө. және 3,6-4,5 кг дейін сіңімді протеин болады. Бұршақ тұқымдас дақылдар бұршақ-астық тұқымдас шөптер қоспасының компоненті ретінде мал азығын протеинмен байытуға мүмкіндік жасайды және азығын сіңімді протеинмен сәйкестендіреді.
Бір жылдық шөптер ретінде себілетін көптеген дақылдарға себуден шабылмалы пісуіне дейінгі кезеңнің ұзақтығы 60-70 күн, ал оларды әртүрлі мерзімде себе отырып, бүкіл жаз бойы көк балауса өнімін жинауға болады. Егістікте бір жылдық және көпжылдық шөптердің болуы мал азығының тұрақты және сенімді қорын жасауды қамтамасыз етеді, өйткені бір жылдары бір жылдық шөптердің жақсы өнімін құрайтын, басқа жылдары - көпжылдық шөптер үшін қолайлы жағдайлар қалыптасады.
Айта кету керек, бір жылдық шөптердің өнім дәрежесі әлі күнге дейін төмен болып отыр, бұл дақылдар тобына бірқатар шаруашылықтар «құнсыз» көзқарас танытуда. Бір жылдық шөптердің орнына өнімі төмен дәнді дақылдарды себуде, оның үстіне агротехника дәрежесі өте төмен: топырақты себуге дайындаудың технологиясы, себу мерзімі сақталмайды, тыңайтқыш қолданылмайды. Мұның бәрі мал азығын өндірудің осы заманғы-интенсивті бағытына сай келмейді. Ғылыми мекемелер мен озат шаруашылықтар тәжірибелеріне негізделе келіп және бір жылдық шөптердің биологиясына сүйене отырып аймақта бір жылдық мал азықтық шөптердің өнімін 2-2,5 есе арттыруға болады деген қорытынды жасауға болады.
Бұл мәселені шешудің негізгі жолдары – бір жылдық шөптерге дақылдардың арақатынасын өзгерту, барынша өнімділерінің егіс көлемін ұлғайту, бұршақ-астық тұқымдастардың аралас егістігін кеңейту, агротехника дәрежесін арттыру болып табылады. Протеинмен сәйкестендірілген мал азығының жоғары өнімін астық-бұршақ тұқымдас дақылдардың қоспасы береді. Тары тәрізділер – итқонақ пен судан шөбі, сонымен қатар басқа да бір жылдық шөптер жаздың екінші жартысы ылғалды болған жылдары пішеннің жақсы өнімін береді. Барынша ерте мал азығын беретіп күздік қара бидай өсіруге ерекше назар аударған дұрыс. Біржылдық шөптер ретінде бидай мен арпаны өсіру жыртылған жерлерді тиімсіз пайдалануға әкеліп соғады, өйткені бірдей жағдайда бұл дақылдардың пішен өнімі сұлы, судан шөбінен 1,5-2,5 есе төмен.
Бір жылдық шөптердің әрбір түрінің даму түрінің даму режімі болады, сондықтан әртүрлі дақылдардың жайылымдық және шабылмалы пісу мерзімдері бірдей емес. Барлық бір жылдық шөптерді бірнеше мерзімде себуге болады, мұның өзі көпжылдық шөптермен және табиғи жайылымдармен қабысып бүкіл вегетациялық кезең бойы шаруашылықтарды шырынды мал азығымен үздіксіз қамтамасыз етеді.
Бір жылдық шөптер – жаздық бидай, басқа дәнді және дәнді бұршақ, сонымен бірге сүрлемдік дақылдарға жақсы алғы дақыл. Бір жылдық шөптердің ішінде ең жақсы алғы дақылдарға тары тәрізділер жатады, олардан кейін топырақта жақсы пайдалы ылғал қоры қалады.
