Модуль 3. Техникалық, мал азықтық дақылдар және тұқымтану маңызы. Практикалық сабақ 14
Тақырып: Біржылдық және көпжылдық мал азықтық астық және бұршақ тұқымдас шөптердің өсіру технологиясы.
Сабақтың мақсаты: Біржылдық және көпжылдық мал азықтық астық және бұршақ тұқымдас шөптердің өсіру технологиясымен танысу.
Тапсырма: Біржылдық және көпжылдық мал азықтық астық және бұршақ тұқымдас шөптердің өсіру технологиясы картасын жасау.
.
Жоңышқа
Аудандастырылған сорты – Орал көкбас жоңышқасы.
Алдыңғы дақылдар. Жақсы алдыңғы дақылдары - күздік дақылдар, жаздық ақ бидай, жүгері.
Топырақты өңдеу. Сүдігерлік жырту соқамен 25-27 см тереңдікті жыртудан тұрады. Көктемгі өңдеу ерте тырмалаудан тұрады. Қажет болған жағдайда 6-7 см тереңдікке қопсытулар жүргізіледі.
Тыңайту. Органикалық тыңайтқыштар парға сүдігерлік жыртумен енгізіледі. Жоңышқа алдынан жыртынды қабатқа 20-40 т/га көң енгізіледі.
Минералдық тыңайтқыштардан жоңышқаға ең қажетісі – фосфор. Егіс кезінде топыраққа 60-90 кг/га гранулалық суперфосфат енгізіледі. Суармалы жағдайда оның мөлшерін 120 кг/гектарға көбейтеді.
Азот тыңайтқыштары жоңышқаның өнімділігін (жыл сайын 3-5 ц/га) тек нитрат азоты аз (5 мг/кг) жаңа суармалы топырақта ғана көбейте алады. Бірақ мұнда да оларды қолданудан жасыл массасы 300-400 ц немесе 70-80 ц/га шөп алынады. Азот тыңайтқыштарын екінші және одан кейінгі шабулар кезінде 30 кг/га мөлшерімен енгізген тиімді.
Егіс. Жоңышқа жемшөп және жартылай жамылғы үшін қолданылады. Бүркемелі дақыл ретінде жаздық ақ бидай мен қыша қолданылады. Жоңышқаны дән-шөпсепкіштермен 3-4 см тереңдікке сепкен жақсы. Тұқымдық мақсатта жамылғысыз кең қатарлы тәсілмен себіледі.
Оңтайлы нормасы жасыл масса мен шөп үшін - 18-20 кг/га, жартылай жамылғылық егісте 5-8 кг-ға төмендейді. Жоңышқаны суармалы жерге сепкен жөн.
Егісті күту. Егіс алдында топырақ жаймаланады. Бірінші жыл пайдаланылып тұрған жоңышқаны әр шапқан сайын ауыр тырмалармен бір із салып тырмалайды, келесі жылдары ылғал жақсы өту үшін 50 см тереңдікке кескілеу жүргізіледі, саңылаулардың арасы 1,5-2 м болуы тиіс.
Жасыл масса үшін өсірілетін жоңышқа вегетация кезінде көп ылғалды қажет етеді. Гүлдену кезеңінде әсіресе ылғал мол керек. Алғашқы шабу алдында 2,3 рет суарылады. Қуаңшылық жылдары екінші ору алдында 3 рет суару, келесіде - 2-3 суару қажет. Алғашқы жылы жоңышқаны 3-4 жапырақты кезеңінде суарады, топырақтағы жас өскіндердің жұлынып кетпеуін қадағалау қажет. Жамылғы қабаты орылғаннан кейін жоңышқаны гектарға 450-600 м 3су есебімен суару қажет.
Тұқымға өсірілетін жоңышқа ылғалды көп қажет етпейді, ылғалдылық 70-75 % (ТДЫ) болуы тиіс, гүлдену кезеңінде 65-70 % кем емес, гүлдеуден піскенге дейін суарылмайды.
Ору. Әрбір ору 5-7 күн жүреді. Шөпке арналған жоңышқаны гүлдеу басталғанда жинайды, шөп пен жемге арналған жоңышқаны – гүлшанағы пайда болғанда ора бастайды. Алғашқы ору кезіндегі шабу биіктігі - 6-8 см, содан кейінгілері -9-12 см биіктікте жүреді. Соңғы шабу вегетацияның аяқталуына 25-30 күн қалғанда ұйымдастырылады, қысқа қарай өсімдіктердің биіктігі 15-20 см кем болмауы тиіс.
Тұқымдық мақсатқа екінші жылғы өсімдіктердің бірінші шабындығы пайдаланылады. Егер тұқым екінші шабындықтардан алынатын болса, онда бірінші шабуды өсімдіктің гүлдеу кезеңінен бұрын бастайды. Жоңышқаны жинауды бөлек ору тәсілімен жүргізеді.
Протеин, минералды заттары, витаминдері мол мал азығын алу үшін шабуды дер кезінде бастап, шөп дайындау кезінде жапырақтардың кептіру, тасымалдау, қоймалау кезеңдерінде шашылып қалмауын ескеру қажет. Шөп дайындағанда қоректік заттардың 25-30 %, ал қолдан кептіру кезінде 10 % жоғалады. Жемдік ұнтақ дайындалғанда шығын аздау болады.
