Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Сабак-жоспар-диктант.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
46.16 Кб
Скачать

Қазақ тілінен білім беру мазмұнын анықтайтын негізгі құжаттар

Білім беру мазмұны арнайы түрде Білім және ғылым министрлігінде бекітілген құжаттарда нақтыланады, олар:

Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңы 1999 жылы 7 маусымда қабылданған. «Білім беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мемлекеттік білім беру саясатын анықтайды.

Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы мемлекеттік саясат принциптері:

– үздіксіз білім беру;

– барлық адамдардың білім алуға тең құқықтығы;

– жалпы орта білімнің тегіндігі;

– орта білімнің міндеттілігі.

Standart (ағыл.) «норма, үлгі, мөлшер» дегенді білдіреді. Мемлекеттік білім беру стандарты – мемлекеттік нормалар деп танылған және қоғам сұраныстары мен тұлға қажеттігі мен мүмкіндіктеріне сай білім деңгейін анықтайтын негізгі көрсеткіштер жүйесі.

Мемлекеттік білім беру стандартының атқаратын функциялары:

– азаматтардың толық мәнді білім алу құқығын қамтамасыз ету;

– республика деңгейінде білім беру кеңістігінің тұтастығын қамтамасыз ету, яғни оқу мекемесінің типіне қарамастан барлық оқушының ортақ негізгі білім көлемін меңгеруін қамтамасыз ету.

Оқу жоспары – оқу жылының, тоқсандардың, демалыс күндерінің мерзімін, оқытылуға тиісті оқу пәндерінің тізімін, әрбір оқу жылы (сыныптар) бойынша оқу тәртібін және ретін, әрбір пәнге бүкіл оқу мерзімінде және апта сайын әр пәнге бөлінетін сағаттардың мөлшерін анықтайтын нормативтік құжат.

Типтік оқу жоспары Білім және ғылым министрлігінде жасалып, барлық орта мектепке ортақ болып бекітіледі. Оқу жоспары мектептердің түрлеріне орай да жасалынады. Шағын комплектілі, сегіз жылдық, ұлттық мектептерде жоспар өзінше құрылады.

Оқу бағдарламасы – оқу пәніне байланысты білім, іскерлік, дағдылардың мазмұнын ашатын нормативтік құжат. Оқу бағдарламасы оқу жоспары негізінде жасалады.

Оқу бағдарламасында қамтылады:

– белгілі пән бойынша оқытудың мақсатын, оқушылар білімдеріне, іскерліктері мен дағдаларына қойылатын талаптарды, олардың білімін бағалау жолдарын, оқытудың түрлері мен әдістері туралы нұсқауларды, бағдарламаның басты ерекшеліктері мен айырмашылықтарын анықтайтын түсінік хат;

– пәннің мазмұнын анықтайтын тараулар мен тақырыптар;

– негізгі дүниетанымдық сұрақтар, басты ғылыми проблемалар тізімі;

– әр тақырыпқа қажетті сағат мөлшері;

– пәнаралық байланыстар туралы ұсыныстар;

– әдістемелік оқу құралдары мен көрнекіліктер тізімі;

– ұсынылатын әдебиет.

Оқулық оқу бағдарламасына сай оқу пәнінің мазмұнын жүйелі түрде баяндайтын кітап.

Оқулық оқушылар оқу материалын саналы, белсенді түрде, толық меңгеруін қамтамасыз етуі керек.

ЕСКЕРТУ. Мемлекеттік білім беру стандарты, Оқу жоспары және Оқу бағдарламасын ҚР Білім және ғылым министрі бекітеді.

Жоспар және оның түрлері

Жоспар құрылымдық жағынан (қамтитын мәселесі) 2 топқа бөлінеді:

1) Тақырыптық-күнтізбелік жоспар (ТКЖ);

2) Сабақ жоспары.

Тақырыптық-күнтізбелік жоспарда әр сынып бойынша тұтас оқу жылында қамтылатын тақырыптар мен оларға бөлінген сағат саны белгіленеді. Бұл жоспар Оқу бағдарламасы негізінде Қалалық білім бері бөлімінде жасалып, барлық мектепке таратылады.

Сабақ жоспары ТКЖ негізінде жасалады, яғни мұнда ТКЖ-да көрсетілген тақырыптар сабақ барысына ыңғайландырылады. Басқаша айтқанда, сабақ жоспары күнделікті өтілетін сабақ көлеміне байланысты (45 минут) жасалады.

Сабақ жоспары жасалатын мақсатты мерзіміне қарай 3-ке бөлініп жүр:

1) Қысқа мерзімді жоспар – ҚМЖ (күнделікті сабақ жоспары);

2) Орта мерзімді жоспар – ОМЖ (белгілі бір тарауға немесе көлемді тақырыпқа байланысты жасалуы мүмкін);

3) Ұзақ мерзімді жоспар – ҰМЖ (тоқсанға немесе оқу жылына жасалуы мүмкін).

Қазірде жоспардың бұл түрлерін көбіне арнайы деңгейлік білім көтеру курсынан өткен мұғалімдер жасап жүр. Дегенмен бірқатар мектепте жалпы мұғалімдерден ҚМЖ талап етілетіні де тәжірибеде бар.

Сабақ жоспары көлеміне қарай 2-ге бөлінеді:

1) Жай жоспар. Мұны тәжірибелі мұғалімдер жасайды, дегенмен қажет болған жағдайда тәжірибелі мұғалімдер де күрделі жоспар жасайды;

2) Күрделі жоспар (көбінесе жас мамандарға міндеттеледі).

Күнделікті сабақ жоспары өтілетін сабақтың түріне қарай тағы да 2-ге бөлінеді:

1) Дәстүрлі сабақ жоспары;

2) Дәстүрлі емес сабақ жоспары.

Күнделікті сабақ жоспары өз ішінен 2 кезеңнен тұрады:

1) Кіріспе бөлім:

– сыныбы, оқушы саны, пәні, тақырыбы;

– мақсаты (білімділік, тәрбиелік, дамытушылық);

– сабақ түрі (дәстүрлі, дәстүрлі емес);

– әдістері (түсіндіру, жаттығу, көрнекілік);

– көмекші құралдар (оқулықтар);

– ұйымдастыру кезеңі;

2) Негізгі бөлім:

– түсіндіру;

– бекіту;

– үй тапсырмасын сұрау және үйге тапсырма беру;

– бағалау.

Толығырақ мысал:

І Кіріспе бөлім

1) Ұйымдастыру кезеңі (3-4 минут)

2) Сабақтың тақырыбы (уақыт берілмейді)

3) Сабақтың мақсаты

4) Пайдаланылатын әдебиеттер

5) Көрнекі құралдар

6) Қолданылатын әдіс-тәсілдер

7) Жүргізілетін жазба жұмыстар (нөмірі, беті)

8) Пәнаралық байланыс (жаңалықтарға қатысты сөйлем т.б.)

9) Өздік жұмыстар (карточка, жаттығу т.б.)

10) Сабақ түрі (дәстүрлі не дәстүрлі емес)

ІІ Негізгі бөлім

11) Жаңа сабақты түсіндіру (қалай түсіндіретіні жазылады / 20 минут)

12) Жаңа материалды бекіту (6 минут)

13) Үй тапсырмасын сұрау

14) Сабақты қорыту (оқушыға не мұғалім қорытуына болады): а) жаңа материал бойынша; ә) өткен материал бойынша

15) Үйге тапсырма беру (тақтаға орындау үлгісі жазылады)

16) Оқушы білімін бағалау (себебін түсіндіру)

Ескерту: Мұнан басқа да пункт қосамын деушілерге шектеу болмайды.