Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Сабак-жоспар-диктант.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
46.16 Кб
Скачать

Сабақ түрлері және оны ұйымдастыру жолдары Сабаққа қойылатын талаптар

Кез келген сабақтың жоспары оның мақсатынан басталады. Бұдан соң мұғалім қойылған мақсаттарға жету үшін сабақтың аса тиімді түрін анықтайды және қандай құралдармен жүзеге асыру жақтарын ойластырады.

Сабақ дайындықтан басталады, сабаққа керекті дидактикалық материал, көрнекі құралдар дайындалады, қосымша әдебиеттер пайдаланылады т.б.

Сабақ – білім мен тәрбиенің негізгі ұйытқысы, сондай-ақ мұғалім жұмысының ең негізгі бөлігі.

Сабаққа мынадай талаптар қойылады:

– сабақтың дидактикалық және тәрбиелік даму мақсаттарын дұрыс анықтап, тақырыптық сабақтар жүйесіндегі маңызын белгілеу;

– сабақтың түрін белгілеп, оның құрылымын ойластыру (сабақтың барлық бөлігі бір-бірімен өзара тығыз байланыста болады);

– сабақты өткен және өтілетін сабақтармен байланыстырып отыру;

– жаңа материалды оқып үйренудің әдістерін барынша сұрыптап, қолдану;

– оқылған материалды қайталау мен бекітудің жүйесін ұйымдастыру;

– үй тапсырмасын тексеру (бұл – сабақтың мұқият ойластырған жалғасы және келесі сабаққа баспалдақ);

– оқушылардың жеке мүмкіншіліктерін есепке алу.

Сабаққа дайындалу мен ұйымдастыруға қойылатын талаптар:

– оқушылардың денсаулығын қорғау (техникалық қауіпсіздік, сынып тазалығы);

– әрбір сабаққа дайындалу, белгілі тақырып бойынша сабақтар жүйесін жоспарлау (әр сабаққа керекті оқу материалын күні бұрын сұрыптап, оның көлемін анықтау және нақты сол сыныпқа сәйкес ауыр-жеңілдігі ескерілуі, сондай-ақ сабақ кезінде атқарылатын барлық жұмыс түрін белгілеу);

– әр сабаққа қажетіне қарай көрнекілік және дидактикалық материал, оқытудың техникалық құралдарын дайындау;

– сабақ кезінде оқушылардың білімді өз бетімен алуына мүміндік туғызу.

Сабақ мазмұнына қойылатын талаптар:

– сабақтың білім берумен қатар тәрбиелік және дамытушылық жағына көңіл аударылады;

– дидактикалық принциптерден туындайтын талаптар қатаң ескеріледі (ғылыми, білімінің жүйелілігі мен беріктігі, жекелік мүмкіндіктерді есепке алу, алған білімнің өмірмен байланыстылығы т.т.;

– оқу процесі негізінде мақсатқа жету үшін табандылыққа баулу, ұжымда ұстамды, шыдамды болуға тәрбиелеу қажет.

Сабақты өткізу техникасына қойылатын талаптар:

– сабақ баланы қызықтырып, білімге құмарлығын арттыруы керек;

– сабақтың қарқыны бір қалыпты жүруі тиіс;

– сабақта мұғалім мен оқушылар арасында толық үйлесімділік, түсінушілік болғаны жөн;

– сабақтың өне бойында оқушылар жұмыс істейтін болсын.

Сабақ түрлері және оны ұйымдастыру жолдары

Сабақ типтері мен құрылымы жөнінде ғалымдардың алуан түрлі пікірлері, зерттеулері болды. Бұрынғы одақ көлемінде М.Л.Саткин, И.Я.Лернер, М.Махмутов, Ю.К.Бабанский, В.А.Онищук, Ю.Б.Зотов, И.Д.Зверев, Т.А.Ильина т.б. педагог-ғалымдар дидактика мәселелеріне көңіл бөліп, сабақты ұйымдастыру жайлы құнды пікірлер айтты. Атап айтсақ: Ю.К.Бабанский «Қазіргі жалпы білім беретін мектепте оқыту әдістері (1985), В.А.Онищук «Қазіргі мектептегі сабақ» (1986), Ю.Б.Зотов «Қазіргі сабақты ұйымдастыру» (1984), М.Махмутов «Қазіргі сабақ» (1985), Н.В.Кухарев «Сабаққа дайындалу және оны өткізу» (1985) т.б.

М.Махмутов «Современный урок» (1985) деген еңбегінде сабақтың типтері мен түрлерін 5-ке бөлген:

1. Жаңа оқу материалын оқып-үйрену сабағы;

2. Білім, іскерлік, дағдыны жетілдіру сабағы;

3. Білімді жүйелеу, жинақтау сабағы;

4. Аралас сабақ;

5. Білім, іскерлік пен дағдыны бағалау сабағы.

В.А.Онищук «Урок в современной школе» (1986) деген еңбегінде сабақ типтерін 6-ға бөлген:

1.Жаңа білімді меңгерту сабағы;

2. Білім мен дағдыны қалыптастыру сабағы;

3. Білім, дағды білікті қалыптастыруға үйрету сабағы;

4. Білімді жүйелеу және қорытындылау сабағы;

5. Дағды, білімді тәртіпке, ретке келтіріп, бағалау, тексеру сабағы;

6. Аралас сабақ.

Қазақ әдіскерлері арасынан Ә.Исабаев «Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері» (1993) еңбегінде сабақтың типтерін екі үлкен топқа жіктейді:

І. Теориялық білім меңгерту сабақтары (жаңа сабақ, біріккен сабақ және лекция сабақ). Теориялық білім меңгертетін бұл сабақтар оқушыларға тілдік материал теориясын игертуде іске асырылады. Жаңа сабақ жаңа білім беру үшін, біріккен сабақ өткен мен жаңаны ұштастыру мақсатында өткізіледі. Ал лекция сабақ теориялық материалдарды ауызша мазмұндап жеткізу мақсатында іске асырылады.

II. Практикалық дағды қалыптастыру сабақтары (бекіту сабағы, семинар сабақ, баспасөз-конференция сабағы, практикум сабақ, тексеру сабағы, сынақ сабақ, коллоквиум сабақ, талдау сабағы және қайталау сабақтары). Бекіту сабағы оқушылардың қазақ тілінен күнделікті алған білімдерін нығайтып отыру үшін өткізіледі. Семинар сабақ білім мен білік және дағдыны толықтыра түсу, баспасөз-конференция сабағы оқушылардың іскерлігі мен танымдық белсенділігін арттыру, практикум сабақ тілдік материалдарды жаттықтыра түсу, тексеру сабағы оқушылардың қазақ тілінен алған білімдері қаншалықты меңгергенін байқау, сынақ сабақ қазақ тілінен алған білім мен дағдысын бір жүйеге түсіру, коллоквиум сабақ оқушылардың білімін бір ізге түсіру, талдау сабағы оқушылардың ауызекі тілдегі және жазба жұмыстарындағы жіберген қателерін арнайы талқылау, қайталау сабағы өткен материалдарды оқушылар ойына толық қалыптастыру мақсатында өткізіледі.

Жалпы, қазақ тілінен өткізілетін сабақтар дәстүрлі және дәстүрлі емес сабақтар деп бөлінеді.

Қазір педагогикада кеңінен қолданылып жүрген сабақтың ең негізгі түрі – дәстүрлі сабақ. Бұл сабақ әдістемелік еңбектерде, мектеп практикасында әбден орныққан. Оған жаңа сабақты түсіндіру, бекіту, жаттығу, қайталау, есепке алу, тексеру, бақылау, шолу, пысықтау, жинақтау, талдау-қорыту және аралас сабақ, практикалық сабақ, сын сабағы, лекция сабағы т.б. жатады. Бұл көрсетілген сабақтың әр түрін жеке-жеке жүргізе ме, әлде біріккен сабақ түрінде жүргізе ме, ол – мұғалімнің қойған мақсатына және материалдың ауыр-жеңілдігіне байланысты.

Сабақтың келесі бір түрі – дәстүрлі емес сабақ. Оған дифференционалдық сабақ (саралап оқыту), топтап оқыту сабағы, жарыс сабағы, жарнама сабақ, аукцион сабақ, ойын сабағы, экскурсия және т.б. жатады. Сабақтың бұл түрлері қалыпты сабақтағы жүргізілген негізгі тарауларды меңгерген соң, яғни сол тараудағы тақырыптардың мазмұнын толықтыру, пысықтау мақсатында жүргізіледі.

Ескерту: Өткенді еске түсіру, үй тапсырмасын беру және оны тексеру, өткенді сұрау және бекіту сияқты сабақ құрылымдары әр сабақта кездесіп отырады.

Сонымен, қазақ тілінен өтетін сабақтарды (дәстүрлі, дәстүрлі емес) жалпылама түрде былайша топтаймыз: