Құқықтық қатынастардың түсінігі және түрлері
«Құқықтық қатынас» категориясы құқықтың жалпы теориясында негізгі, орталық категориялардың бірі болып табылады және адамдардың жүріс-тұрысына құқықтың қандай жолмен әсер ететінін түсінуге мүмкіндік береді. Құқықтық қатынас – бұл қатысушылары субъективтік құқықтар мен заңды міндеттерді иеленетін, құқық нормаларымен реттелген қоғамдық қатынас. Құқықтық қатынас – адамдардың өзара әлеуметтік байланысы, қарым-қатынасы. Адамдар өмір сүруі үшін, ұрпақты жалғастыруы үшін, тағы басқа да себептермен бір-бірімен қарым –қатынаста тең болады. Бұл объективтік процесс қоғамның диалектикалық даму процесіне сәйкес қарым-қатынастар да ескертіледі, жаңарып жатады. Бұл процесс әртүрлі жолмен дамиды, адамдардың бостандығының, іс-әрекеттерінің шеңбері кеңейеді. Ғылым мен техниканың дамуы қоғамдағы қарым-қатынастардың түрін шексіз көбейтіп, қарқынды деңгейде дамытты. Бірақ бұл қарқынды даму процесі адамды қоршаған ортаның экологиясын нашарлатты, табиғи ресурстарды, байлықтарды азайтты. Сондықтан адамдардың және қоғамның мүдде-мақсаттары тұрғысынан бостандықты дамыта отырып, кейбір қарым-қатынастарға шектеу қойылды.
Құқықтық қатынас дегеніміз – мемлекеттік кепілдіктегі екі жақты құқықтары мен міндеттері бар қоғамдық қатынас.
Мемлекет және құқық теориясында құқықтық қатынастардың алатын орны ерекше және ең маңызды тақырыптардың бірі болып саналады. Құқықтық қатынас қоғамдық қатынастардың бір ғана бөлігі. Қоғамдық қатынастардың құрамына саяси топтық, экономикалық, діни, әдеп-ғұрыптық, этикалық, құлықтылық, некелік сияқты көптеген қатынастар енеді. Немістің ірі ойшылы Георг Вильгельм Фридрих Гегель қоғамдық қатынастар хақында былай деп жазды: «Бар нәрселердің бәрі қатынастардан тұрады және бұл қатынастардың барлығының бар болуының, күнелтуінің ақиқаты».
Құқықтық қатынастар дегеніміз қоғамдық қатынастар жиынтығың құқықтық нормаларымен реттелуі.
Құқықтық қатынас – мемлекеттік кепілді құқықтық норма арқылы басталатын екі жақты құқығы мен міндеті бар қоғамдық қатынас.
Құқықтық қатынас – құқыққа байланысты, құқық негіздеріндегі қатынас.Құқықтық қатынастарға мынадай белгілер тән:
Құқықтық қатынас – бұл қоғамдақ қатынас, былайша айтқанда, адамдардың арасындағы қатынас және олардың іс-әрекеттерімен, мінез құлқымен тікелей байланысты. Меншік иесінің өз заттарына хақысы бар бірақ бұл құқықтарды ол басқа адамдармен қатынас жасағанда жүзеге асырады.
Құқықтық қатынас тек қана адамның мінез-құлқына құқықтық норма әсер еткенде пайда болады. Құқықтық норма мен құқықтық қатынас арасында бұлтартпастық байланыс бар, өмірде тек қана құқықтық нормада көрсетілген құқықтық қатынас болады. Кейде заңда көрсетілмеген жағдайда да қатынас құқықтық нормаға ие болуы мүмкін. Мысалы, құқықтық ұқсастық болған жағдайда құқықтық норма өзінде тікелей көрсетілмеген қатынастарға қолданылады.
Құқықтық қатынас – бұл субъективтік құқықтар мен міндеттер арқылы пайда болатын адамдар арасындағы байланыс.Субъективтік құқықтарға ие болушы соны пайдаланатын тұлға, ал құқықтық міндет жүктелген сол міндетті орындауға тиіс тұлға. Құқықтық қатынастарда хақысы бар тұлға және міндеті бар тұлға болады: адам, ұйым, мемлекет органдары.
Құқықтық қатынас – ерікті қатынас. Құқықтық қатынас пайда болу үшін қатысушылардың еркі қажет. Кейбір құқықтық қатынастар пайда болу үшін тараптардың еркі қажет (мүліктік қатынастар). Ал кейбір құқықтық қатынастар тек бір тараптың еркіне байланысты пайда болады (қылмыстық іс заң қорғаушы органның еркі бойынша қозғалады).
Құқықтық қатынастарды мемлекет қорғайды. Құқықтық талаптардың нормаларын жүзеге асыруды қамтамасыз ете отырып, мемлекет құқықтық қатынастарды да қорғайды. Мемлекет қорғайтын құқықтық қатынастар қоғамдағы құқық тәртібінің негізі болып саналады.
