Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ЛекцииТопонимика Казахстана каз.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.02 Mб
Скачать

Тексеруге арналған сұрақтар:

1. Шөлейт өңірлер топонимдер топтамасы?

2. Шөл зонасының топонимдер топтамасы?

3. Қазақстан табиғат зонасы бойынша фитонимдер мен зоонимдердің таралу ареалдарын анықтау?

4. Ландшафттық индикация ұғымының топонимдерді зерттеудегі рөлі қандай?

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. Исаченко А.Г. Ландшафты СССР.-Л.:Ленингр. ун-та, 1985.

2.Республика Казахстан. Природные условия и ресурсы Н.А.Искакова,А.Р.Медеу.-Алматы,2006.

3. Мушкетов И.В. Туркестан. Геологическое и орографическое описание.-Спб., 1886.

4. Мынбаев К.М. Пустыня Бетпак-Дала-Алма-Ата:АН КазССР, 1948.

5. Равнины и горы Средней Азии и Казахстана / Отв.ред. С.С.Коржуев.-М.: Наука,1975.

Дәріс 13

Тақырыбы: Топонимияда таулы аумақтар ландшафттарының бейнелену дәрежесі

Жоспар:

1.Оронимдердің ландшафт ерекшеліктерін анықтаудағы орны

2.Қаратау, Солтүстік Тянь-Шань топонимикасы

3.Жоңғар(Жетісу) Алатауы және Алтай таулы өлкесі топонимикасы

4.Қазақстанның жазықты және таулы өңірлер топонимикасы

(Солтүстік-шығыс, Шығыс өңірлері)

Сабақтың мақсаты: Таулы аумақтар ландшафттарының топонимдердегі бейнелену дәрежесі.

1. Қазақстан аумағындағы оронимдер арасында басқа топоним топтарына қарағаңда, көне атаулар өте көп кездеседі. Мұны көне түркілердің тауға табыну дәстүрімен тығыз байланысты екенінен аңғартуға болды. Биік тауларға табыну, оларға айрықша құрмет ерте замандардан бері барлық халықтарда болған. Бір тәңірге сиынған ежелгі түркілерде аспанға жақын тұрған биік шыңдар қасиетті деп саналған, яғни тауға жақын тұруды Құдайға жақындау ретінде түсінген. Енисей маңындағы орыс топонимиясының ерекшеліктерін зерттеген С.П. Васильева бұл өңірдегі «әулие» атаулардың көбінесе гидронимдер болып табылатыны туралы жазған.Мұның өзі номинациялау процесінің ұлттық менталитетпен байланысты екендігін дәлелдейді.

Ежелгі түркі халықтарының санасындағы тау феномені әртүрлі сипат алған; таудың маңыздылығы оған табыну деңгейімен анықталған. Телеуіттер, абакандық түркілер жақын орналасқан таулардың ең биігін тау атасы ретінде таныған. Алтайлықтар таудың құрметіне арнайы дәстүр (ритуал) өткізіп тұрған, мұнда таудың құрметіне ән айтқан. Әсіресе Алтайды ерекше құрмет тұтқан.Алтайлықтардың ұғымынша, тау «иелері» адамдарға қолайсыз ауа-райы, дауыл жіберуі мүмкін. Апатты құбылыс болмас үшін адамдар тауға кұрбандық шалып отырған: Алтай иесіне ақ қошқарды құрбандыққа шалып, ақ төккен.

Тауға табыну феномені ұзақ ғасырлар бойы қалыптасқан. Осы тұрғыда С.А.Токаревтің пікірлері назар аударады.Осы пікірлер негізінде түркі халықтарының тауға қатысты көзқарасы жөнінде мынадай мәселелерді атап өтуге болады:

  1. Таулардың қатал климаты, яғни таулар мен мұздықтар адам шығынына себепші болған. Бұл түсініксіз, алапат табиғат күштері ежелгі адамдар санасында таулардың қаһарлы иелері бар деген ұғымды туғызған. Әртүрлі табиғи апаттардың болуы тауды мифологиялық бейне ретінде қабылдауға себепші болған. Табиғат апатын адамдар тәңірінің ашулануы деп түсінген.

  2. Тау асуларының қауіптілігін адамдар бұл асуларды қорғап тұрған тау иелері болуымен түсіндірген. Адамдар асудың жолында жатқан ірілі-ұсақты тастарға, жолдарында ұшырасқан жалғыз ағашқа сиынған. Ежелгі қазақ дәстүріндегі тауды барлык басқа нысандардан жоғары қою, қасиетті деп тану «асқар», «асқақ». «әулие» теңеулерінен айқын көрінеді. Алтайлықтар мен монғолдар бұл иелерді оба деп атаған.

  1. Халықтың шаруашылық сипатына(аңшылық, мал шаруашылығы, егіншілік) байланысты тау иесіне сену. Адамдар әрбір шаруашылық түрімен айналысуға мүмкіндік берген тау иесіне құрбандық шалатын болған. Ата-баба отаны осы тау болған тайпалар ол тауды айрықша құрметтеп,төс~тау, ұлытау арутөс деп атаған. Қазақ оронимиясындағы ислам дініндегі желеп-жебеуші қырық шілтен Шілтен (төбе, Шығыс Қазақстан обл.) атауына негіз болған.

  2. Тауды тәңірінің мекен ортасы ретінде түсіну. Бұл әсіресе грек мифологиясына тән (Зевстің мекені - Олимп тауы). Мұндай сенім-наным түркілерде де болған: біздің ата-бабаларымыз жаңбырдың, найзағайдың, желдің иелері биік тауларды мекен етеді деп түсінген. Көне түркілік сенім-нанымдар бойынша, Көк тәңірісіне сиыну, табиғатты оның сыйы ретінде қабылдау, Тәңірдің мекені ретінде ең биік тұрған тауларды түсіну басым болған. Осы тұрғыдан алғанда, қазак топонимиясындағы ертерек те қалыптасқан Тарбағатай Тәңірі (қоныс, Шығыс Қазақстан облысы), Тәңіртау (жота, Алматы облысы, ҚХР және Қырғызстанмен шекаралас аймақта), Хан Тәңірі (шың-6995 м. Алматы облысы, ҚХР және Қырғызстанмен шекаралас аймақта) атауларды мысалға келтіре аламыз.

5) Тау киелілік символы ретінде әлемдік және ұлттық діндерде үлкен орын алады.Ислам мен христиан діндерінде пайғамбарлар да құдай үнін тауда естіген.Жапон халқындағы синтоизм сенім-нанымдары негізінде Фудзияманы қастерлеу, қазақ халқында адамзат ұрпағын құтқарушы Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған-мыс деп түсінілетін Қазықұрт тауын киелі нысан ретінде құрметтеу дәстүрлі ұлттық сананың болмысты қабылдауының айрықша бір үлгісі болып табылады.Осы ретте непалдықтар тілінде әлемнің ең биік нүктесі болып табылатын Гималайдағы Джомолунгма атауы казақшаға аударғанда «Таулардың ана құдайы» дегенді білдіретінін атап өткіміз келеді.

Қазақ халқының рухани мәдениетінде де тау бейнесі өзіндік эстетикалық маңызға ие болған. Бұл дәстүр халқымызда әдеиі биік тауға теңеп, «асқартау» деп атап, ал жас балаға тілек білдіргенде «таудай бол» деуден де көрінеді.Қазақ халқында тауға табынудың кұрылымдық-семантикалық дамуында мынадай ерекшеліктер бар:

- антропоморфизация, яғни тауды тірі адам ретінде түсіну: башқұрттар Орал тауын батыр ретінде түсінген, ал алтайлықтардың аңыздарында бірнеше батыр Алтайдың жеке бөліктерін құрайтын тауларға айналған.Қазақ халқында таудың жеке бөліктерін адамның дене мүшелеріне ұқсату басым болады. Бұл оронимияда бас, мойын, төс, бауыр, бүйрек, қойын, қарын, аяқ, табан метафоралық лексемаларының қатысуымен жүзеге асқан.

- реантропоморфизация, яғни адам тауға айналады деген түсінік: адамның таска айналғандығы туралы аңыздар көп. Мысалы, Толағай батырдың тауға айналуынан Толағай тауының қалыптасуы қазақ ертегісінде баяндалған. Қазақ ертегілері мен аңыздарында адамның тауға, тасқа айналуы туралы ұғым бар. Мұнын нәтижесі ретінде қазақ топонимиясындағы метафоралық атауларды атауға болады. Мұндай атауларға Келіншек тау (тау, Оңтүстік Қазақстан обл.), Келіншектас (тау, Қарағанды обл.) жатады. Бұл атаулардың этимологиясына қатысты халық аузында түрлі аңыз әнгімелер осы күнге дейін сақталған.

Сонымен қазақтың дәстүрлі топонимиясында таумен байланысты атаулар нақты табиғи жағдайларды қабылдаудың мифологиялық, сакралды ұғымдармен астасып жатуы арқылы сипатталатын күрделі топонимиялық кұрылым болып табылады. Қазақ халқының орографиялық терминологиясының ерте жіктелген, дамыған сипат алуын халықтың таулы аудандарды ежелден игеруімен де түсіндіруге болады. Әдетте қазақ халқының таулы аудандардағы дәстүрлі шаруашылық түрі ретінде мал шаруашылығы аталады, бірақ көне замандардан бері қазіргі Қазақстан аумағындағы тауларда пайдалы қазбалар өндірілгені белгілі. Бұл да өз кезегінде оронимдердің жіктелу сипатына өзіндік әсерін тигізген.

Қазақстан аумағында оронимдер құрамында тау топоформанты жиі кездеседі. Бұл терминнің көне формасы таг, тақ. Қазақстанда ғана емес, жалпы Орта Азияда көптеген оронимдер құрамында сақталып калған. Бұл терминдердің көне екендігін Геродот келтірген Алтунтаг (Алтынтағ) және Мастаг (Мұзтағ) оронимдері дәлелдейді.Осы ретте Қазақстан аумағында да «тағ» топоформанты кейбір оронимдер құрамында сақталып қалғанын анықтадық. Мысалы, Сарыарқадағы Тағылыоба, Жақсы Тағылы, Жаман Тағылы тауларының, Жетісу Алатауындағы Тақтамык шоқысының атауларындағы «тағ» пен «тақ» көне түркілік элемент болып табылады. Сарыарқадағы Тағылы атауындағы тағы әдетте «жабайы аң» мағынасында түсіндіріледі. Осы топтамадағы атаулардың барлығының да тауға қатысты екендігін ескерсек, бұл оронимдердің көне «тағ» сөзімен байланысы айқындала түседі. Қазақ тіліндегі «тақ» сөзі де «хандар, патшалар отыратын биік орыңдық» мағынасын білдіретіндігін де осы-көне негізбен түсіндіруге болады.

Қазіргі кезде Қазақстандағы таулы өңірлердің топонимиясында тау термині топоним құраушы басты элементтің бірі болып табылады. Бұл термин аласа таулы өңірлердің ең биік бөліктерін, орта және биік тау жүйелерін және оның жеке бөліктерін, оқшау массивтерді, тіпті төбелерді номинациялау барысында қолданылған. Оронимдерде тау көбінесе постпозицияда тұрады және көбінесе тау пішінін, биіктігін, жыныстарының түсін, ондағы өсімдік, жануарлар дүниесін білдіретін сөздермен қосарланып келеді. Бұл терминнің де көптегеп басқа терминдер сияқты, семантикасы ландшафттық «ығысуға» ұшырайды, яғни аласа таулар мен биік таулардағы тау терминінің мағыналық жүктемесі бірдей болмайды. Тау термині негізінде қалыптасып, кейіннен жалқы атаудан жалпы сипаттағы атауларға айналған, белгілі бір ландшафт ерекшелігін білдіретін оронимдер тобы ерекшеленеді.

Бұл топтағы топонимдер арасында Алатау оронимі көне деп есептеледі. Ғалымдар мұны ала сөзінің ежелгі түркілік сөз қатарына жататындығымен түсіндіреді. Г. Қоңқашбаев (1951) Алатауды «қарлы таулардың жалпы атауы» деп түсіндірсе, Э.М. Мурзаев (1984) бұл атау типологиялық маңызға ие екендігін атап өтіп, «мәңгі қар жамылғысы сақталатын және биіктік белдеулілік тап тауларға» берілетінін туралы жазған. Орыс зерттеушісі Е.К. Мейендорф бұл атауға қатысты осыған ұқсас пікір айтқан: «Бұл таулардың«ала» аталуы кейбір шыңдарын мәңгі қар басып жатуына және кейбірінде қардың мүлде дерлік болмауына байланысты ақ нен қараның араласуы болады. Осы ала-құлалық тау атауына себепші болған». Қазіргі кезде Қазақстанда ондаған Алатаулар бар. Ірі тау жоталары мен жүйелерінің тауларындағы Алатау көбінесе Жоңғар Алатауы, Жетісу Алатауы сияқты «кітабы» түрдегі тіркес сөздермен күрделенген.

Тау типін білдіретін келесі бір атау - Қаратау. Алатауға керісінше, бұл атау қар жамылғысы жазда еріп кететін, онша биік емес тауларға қатысты қолданылады. Қазақстан аумағындағы осы тектес таулардың бірі - Тянь-Шань жүйесіндегі таулардың солтүстік-батысында орналасқан Қаратау жотасы. Негізінен Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарыпың аумағына енетін бұл тау солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созыла орналасқан. Палеозойлық әктастардан, құмтастардан және түрлі құрамдағы конгломераттардан тұратын Қаратаудың биік нүктесі - Бессаз тауы (2175 м). Қаратаудың жатыс бағыты оның жер бедерінің тік жіктелуінің изосызықтарында көрініс тапқан, мұнда ежелгі тегістелу беттері де бар. Бір қарағанда,тау төбелері жайдақтау болып көрінгенімен, мұнда шатқалды, тік беткейлі және жартасты болып келетін оқшау орта таулы массивтер кездеседі. Қаратаудың осы аталған ерекшеліктері оның топонимиясында өзіндік көрініс тапқан.

Қаратау жүйесіндегі Ашылған тауының атауы ондағы түп негізді жыныстардың денудация әсерінен ашылып қалған сипатын көрсететін ороним болып табылады. Жартасты, салыстырмалы түрде биік бөліктерінде сеңгір терминімен байланысты Қызылсеңгір тауы (786 м) орналасқан. Сеңгір термині қазіргі кезде термин ретінде қолданыста жоқ, бірақ географиялық атауларда сақталып қалған,оронимдер құрамындағы мағынасы «тік беткейлі жартасты қырат, жаркабақты таудың шығыңқы жері» дегенді білдіреді. Таудағы жартасты, тік беткейлі жер бедері Аққұз (1475 м) және Қарақұз (1726 м) оронимдерінде де көрініс тапқан. Өйткені құз терминімен де тік жартасты беткейлерді атайды. Қаратауда қазақ халқының орографиялық нысандарды номинациялау барысында қолданатын тұрмыстық-метафоралық атаулары кеңінен орын алған. Мұнда киіз үйдің элементтері болып табылатын босаға (Босаға тауы), кереге (Керегетас таулары) сөздері ороним құрауға қатынасып. орографиялық нысандардың орны мен сипатын көрсетеді. Сонымен катар, таудың жеке бөліктерінің атауларында адыр (Қараадыр), доңғал (Мақымдоңғал), сай (Қарасай), тас (Бұратас, Қаратас, Кұлтас), тау (Ақтау, Бөкейтау, төбе (Айуантөбе), қатпар (Қатпарсақ), тегіс (Тегістік) терминдері бар.

Солтүстік Тянь-Шань қатарлас жатқан Іле Алатауы, Күңгей және Теріскей Алатау, Сарыжаз, Меридиандық жота, Тәңіртау және Кетпен (Ұзынқара) сияқты биік жоталарынан тұрады. Бұл таудың, жалпы Казақстанның ең биік шыңы пирамида тәрізді сымбатты Хантәңірі (6995 м) болып табылады. Ол Қырғызстанмен шекарадағы Тәңіртау жотасында орналасқан. Іле Алатауының ең биік нүктесі Талғар шыңы, оның биіктігі 4978 метрге жетеді. Кетпен жотасынан басқаларында мұздықтар таралған.Осындағы ең танымалы және ең жақсыз ерттелгені-Тұйықсу мұздығы. Ол Алматыдан оңтүстікке қарай 20 км қашықтықтағы Кіші Алматы өзенінің (Іле Алатауы) бастауында орналасқан. Тұйықсу атауы екі элементтен тұрады. Тұйық «тірелетін жер» дегенді білдірсе, су әдетте «өзен» мағынасында қолданылады. А.Горбуновтың пікірінше, топоним өзен бастауында асудың жоқ екендігінен, тау шатқалының өткелсіздігінен хабар беріп тұр.

Осы өңірдегі таулы аудандарда көне қазақ тіліндегі реликтілік географиялық атаулар сақталған. П.П.Семенов Тянь-Шанскийдің әйгілі «Путешествие в Тянь-Шань» еңбегінде сол кезде қолданыста болған көне атаулар да бар, қазір «Талғар шыңы» деген атпен белгілі Іле Алатауының биік нүктесінің атауын ғалым Талғардың тал шоқысы нұсқасында берген. Жалпы алғанда, бұл тектес географиялық атаулар көне қазақ тіліндегі атаулар қатарына жатады. Өйткені мұндай нақтылаулар көбінесе байырғы атауларға тән болады, олар кебінесе микротопонимияда сақталып қалған. Осы тектес атаулар қатарына қазіргі кезге дейін қолданылып жүрген Алматының Алатөрі тауының (Іле Алатауы), Арқаның Жайылмасы (Қапшағай бөгенінің оңтүстігі), Боқайдың тауы (Асы өзененің сол жақ жағасы), Есіктің Шоқысы тауының (Іле Алатауы) атауларын да жатқызуға болады.

Солтүстік Тянь-Шаньдағы жер бедерінің сипаты асу (Есікасу, Қабанасу, Сартасу), бас (Жалаңашбас, Қасқабас және т.б.), бел (Құмбел), жар (Ақжар), жартас (Жартас), кезең (Аршалыкезең, Жауыркезең, Жосалыкезең және т.б.), тау (Биіктау, Жауыртау, Көптау, Мұзтау, Тәңіртау және т.б.), тас (Керегетас, Сынтас), төбе (Бұрылтөбе, Көктөбе), төр (Асутөр, Қасқатөр, Қуғантөр және т.б.), шоқы (Айғыршоқы, Ақшоқы, Алабасшоқы, Әулиешоқы, Боршоқы және т.б.) терминдерінің қатысуымен жасалған атауларда көрініс тапқан. Биік таулы өңір болғанына қарамастан, бұл аймақта шың сөзі оронимдер құрамында мүлде кездеспейді. Биік таулы белдеуде мұздықтар мен бұлақтардан бастау алатын өзендердің ағысы жылдам, шаю әрекеті қарқынды болады, жоғары ағысында батпақты саздар түзеді. Сол себепті осы таулы өңірдегі өзен атауларында бұлақ (Ақбұлақ, Ащыбұлақ, Бұлақ, Жайдақбұлақ, Жаманбұлақ, Жарбұлақ және т.б.), саз (Ащыбайсаз, Желдісаз, Иінсаз Қарасу, Мойынсаз, Сазталғар және т.б.), сай (Ақсай, Асусай, Аюсай, Батпақсай, Борлысай, Желдісай, Қарасай және т.б.) терминдері кездеседі.

Жетісу (Жоңғар) Алатауы Іле және Балқаш-Алакөл ойыстарының аралығында орналасқан. Ол оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 360 км-ге созылып жатыр. Ең енді тұсы 160 км шамасында. Кейбір зерттеушілер Жетісу (Жоңғар) Алатауын Тянь-Шаньға жатқызса, енді біреулері оны дербес тау жүйесі ретінде қарастырады. Таудың басым бөлігі Қазақстанда жатыр, аздаған бөлігі Қытайда орналасқан, бұл жерде ол Борохоро жотасына ұласады. Осы жота Жоңғар Алатауын Шығыс Тянь-Шаньмен жалғастырып жатыр. Тау негізінен кембрийге дейінгі метаморфтық жыныстардың (гнейс, кристалдық тақтатастар, құмтас, мәрмәр) және палеозойлық эффузивті-шөгінді жыныстардан құралған. Тау жүйесінде граниттік интрузиялар кеңінен таралған.Тауды құрайтын жыныстардың сипаты оронимияда көрініс тапқан. Мұнда тау жыныстарының құрамын көрсететін оронимдер қатарына Қатутау (гранитті жыныстардан тұратын, «қатты тау» мағынасында), Ақтау (гипсті қабаттары бар жыныстардан құралған тау), Қызылтас (Лаба тауындағы қызғылт түсті ірі дәнді граниттерден тұратын шың), Шақпақтас (кремнийлі жыныстардан тұратын тау), Беріктас (кварциттерден түзілген тау) атауларын жатқызуға болады.

Тау жыныстарының түсін білдіретін атаулар топтамасын Тышқантаудың оңтүстік беткейлеріндегі адырлы жер бедеріне тән Сарыбел атауы сарғыш түсті палеогендік саздардан құралған төбеге берілген.Жалпы алғанда,ЖетісуАлатауы аумағында тау жыныстарының түсін және геоморфорлогиялық ерекшеліктерін білдіретін атаулар қатарына жатады: ақ (Ақтөбе, тау; Ақтасты, тау); ала (Алабас, тау); көк (Көктас, тау; Көктекше, тау; Көктөбе, тау); қара (Қаратау, тау; Қаратұмсық, тау; Қаратөбе, тау; Қарашоқы, тау); қызыл (Қызылауыз, тау; Қызылжар, тау, төбе; Қызылкеріш, қоныс; Қызылқия, тау;); сары (Сарытау, тау; Сарытөбе, тау; Сарышабын, тау); сұр (Сұршоқы, тау). Олардың әрқайсысы орографиялық терминдермен тіркесу арқылы тау жүйесін құрайтын жыныстардың құрамы мен сипатын бейнелейтін атаулар тобы қалыптастырады.

Биік таулы белдеуде қазіргі заманғы мұздықтар таралған. Ол ерекшелік Мұзтау (тау), Суықтөбе (тау), Мұзкөл, Мұздыбұлақ гидронимдерінде көрініс тапқан. Биік таулы белдеудегі аяздық үгілу нәтижесінде пайда болған тасты қорымдардың орналасқан жерлері оронимияда Көкқорым (асу), Қорым (қоныс) атауларында көрініс тапқан. Абсолютгік биіктігі 3500 метрден жоғарыда орналасатын биік таулы белдеуде тік жартасты, құзды жер бедері мен ирек пішіндегі жоталар басым болады. Мұнда оронимдер құрамында мойнақ (Түйемойнақ), тас (Сандықтас), тау (Қаратау, Тастау, Шақпақтастау), оба (Қоңыроба)терминдері кездеседі. Асу атауларында кезең (Көккезең, Ащыкезең, Айыркезең) термині жиі кездеседі, сонымен қатар асу, ауыз (Қызылауыз), Демікпе сөздері де бар.

Тау жүйесінің солтүстік және оңтүстік беткейлері баспалдақ тәрізді құрылымға ие. Бұл топонимияда Сатылы оронимдері арқылы көрініс тапқан. Тау жоталарыиың кеңістікте орналасу реті оронимияда бас (Баскерегетас, тау), орта (Ортатау, тау), кіндік (Кіндіктөбе, төбе), ірге (Іргетау, тау) сөздерінің қатысуымен анықталған. Орта таулы белдеуде негізінен қырқалы, тегістелген беттер, көлбеу беттер түріндегі жер бедерінің пішіндері басым болады. Бұл ерекшеліктер топонимияда тұқыл (Ақтұқыл, тау), төбе (Ақтөбе, тау; Жуантөбе, тау), жота (Жіңішкежота, тау; Көкжота, тау) терминдерінің қатысуымен жасалған атаулар арқылы бейнеленген.Сонымен қатар, бұл белдеуде метафоралық сипаттағы бүйрекпен (Сарыбүйрек), жүрекпен(Баянжүрек, Жүнжүрек) байланысты атаулар бар. Аласа таулы белдеуде биіктігі 1000-2000 м болатын оқшау таулар басым болады.Мұнда күмбез тәрізді, қырқалы, жалды жер бедері тән болады. Осы ерекшелік оронимияда Қоңыртау, Малайсары, Шолақ, Қызылсораң, Алабас сияқты айрықша атаулармен көрініс тапқан. Тауалды бөліктерді кайнозойлық шөгінділер алып жатыр. Мұнда бөктер (Аманбөктер), жөп (Итжөп), дала (Ақдала) терминдері атаулар құрайды. Жоңғар Алатауындағы географиялық атауларды зерттеген эколог ІІІ.А. Байкенов(1972) мұндағы топонимдердің жергілікті табиғат жағдайлары мен ресурстарын дәл бейнелейтінін атап өткен. Ғалымның Текелі өзенінің атауын осы мандағы полиметалл кендерін игергенге дейін қалың үйір болып мекендеген жабайы ешкілердің көп болуына байланысты қойылғаны туралы, Тышқантау осы өңірде топтанып мекендейтін суырлардың таралуына байланысты (қазақтар кейбір кеміртіптер мен ұсақ аңдарды жалпы атпен «тышқан» деп атайтыны белгілі - К.К.) қойылған атау екендігін атап көрсеткені аса маңызды дерек болып табылады.Өйткені қазіргі кезде қарқынды кен өндіру мен өңдеу жұмыстары жүргізілетін Текелі маңында жабайы ешкінің сирек кездесетіні белгілі, олардың бұрын көп болғандығын осы атау көрсетіп тұр.

Жетісу Алатауында жапырақты ағаштардан терек, кайың, тал түрлері таралған. Фитонимдерден бұл таулы аймақта жапырақты ағаш шоқтары дегенді білдіретін ағаш термині негізінде жасалған атаулар (Қосағаш, қоныс; Шұбарағаш, шатқал),қайың(Белқайың,тау; Қайыңды, шатқал, Қотырқайың, жота),(Теректі, асу, жота; Көктерек, қоныс) атаулары кездсседі.Сонымен, Жетісу Алатауындағы географиялық атаулардың жиынтығы бұл тау жүйесіндегі ландшафт ерекшеліктерін бейнелейді. Мұнда табиғат жағдайлары ғана емес, табиғат ресурстары да айқын көрініс тапқан. Олардың арасында алтын (Алтынкен, Алтынемел), көмір (Таскөмірсай), қорғасын (Күйел) мәрмәр (Ақтасты), (Көксай, Көктас), гипс (Ақтау) кен орындарының орналасуын білдіретін атаулар бар. Батыс Тянь-Шаньның Қазақстан аумағына аздаған бөлігі ғана енеді, мұнда Қоржынтау, Піскем жөне Өгем жоталары орналасқан. Тау сілемдерінде тор терминімен байланысты атаулар (Аютөр, тау; Аютөр, өзен; Төрасу, тау) бар. Төр термин ретінде «аңғардың жоғарғы бөлігі» дегенді білдіреді. Бұл термин қырғыз халқының тононимиясында да орын алғаи.

Қазақстандық Алтай Ертістің оң жақ жағасында 51° және 48° с.е аралығында солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай ұзындығы 400 км аумақты алып жатыр. Тау массивінің ең енді бөлігі 160 км шамасында болады. Жер бедерінде батыстағы ұсақ шоқылы-жазықты бөліктен шығыстағы күшті тілімделген биік таулы жер бедері пішіндеріне дейінгі күрделі құрылымдар болады. Қазақстандық Алтайдың кей бөліктерінде тау алдынан басталып, 800-1000 м биіктікке дейін таралған лёсстар кездеседі. Лёсстар таралған аумақтағы географиялық атаулардың құрамында саз сөзі кездеседі. Қазіргі заманғы өзен аңғарлары бойымен аллювийлі және пролювийлі шөгінділер таралған. Негізінен орта және кейінгі плейстоцендік ендік жастағы мореналар жиі кездеседі. Атаулар құрамындағы құм, саз терминдерін осымен түсіндіруге болады. Бұл ерекшеліктер Кішкенесаз, Шұқырсаз атауларында көрініс тапқан.

Тау жоталары палеозойдың шөгінді, метаморфтық және жанартаулық жыныстарынан түзілген, кей жерде гранитік интрузиялар кездеседі. Оңтүстік Алтайда ежелгі өзен торына тән қызыл-қоңыр шөгінділер түріндегі плиоцендік қабаттар кең таралған. Бұл ерекшелік географиялық атауларда көрініс тапқан. Түспен байланысты атаулар арасында әсіресе қара, қызыл, көк, сары белсенді компонент болып табылады. Оңтүстік Алтайдағы оронимдер құрамындағы түспен байланысты сөздердің негізінен тау жыныстарының түсін білдіретіні және олардың қатарында бірнеше түс басым болатыны анықталды.

Қазақстандық Алтайдың жоталарына тегіс тау төбелері, жалпақ шығар мен кең үстірттер тән болады. Тау жүйесінде қарлы-мұзды белдеу бар.Бұл белдеудің көрінісі Алақар, Алатолағай, Мұзбел атауларында бейнеленген. Беткейлер әдетте тік, терең шатқалдармен тілімделген болып келеді. Таулардың бұл сипаты топонимияда қия (Қия, Көкқия, Қызылқия), сеңгір (Қарасеңгір, Көксеңгір), шат (Қарашат), тас (Тасқара, Тасқия, Тасүймесі) терминдері арқылы көрініс тапқан. Алтайдағы тауалды жазықтары көбінесе оңтүстік-шығыста, Нарын және Күршім жоталарының етегінде таралған, олар мұнда теңіз деңгейінен 400-500 м биікте орналасады. Бұл жазықтардың атаулары көбінесе өсімдік жамылғысына байланысты қойылған фитонимдер болып табылады.

Шілікті, Белағаш, Белтерек, Қияқты, Кендірлі және т.б. Мұны осы жазықтардың ежелден жайылым ретінде пайдаланылуымен түсіндіруге болады. Пайдалы қазбалар негізінен Кенді Алтайда шоғырланған. Олардың бастылары - полиметаллдар мен мыс кендері. Олардың құрамынан күміс, алтын және сирек кездесетін металдарды бөліп алады. Оңтүстік Алтайда вольфрамды-молибденді кендер өндіріледі. Күміс пен алтын кен орындары XVIII ғасырдың өзінде мұнда алғашқы кен барлаушылардың келуіне себепші болған. Пайдалы қазбалармен байланысты атаулар қатарына Алтынқазған, Алтынқазық, мыстың бар екендігін білдіретін Көксай, Көктас, Көктау, Көмірбұлақ, Көмірқазған топонимдері жатады. Мұндағы тұйық қазаншұңқырлар мен тауаралық ойыстар көбінесе қобы терминімен байланысты атаулармен (Аққобы, Қарақобы, Қобы) аталады. Қобы термині оңтүстік өңірлердегі «құм арасындагы ойыс» деген мағыналық жүктемеден айырмашылық жасайды, мұны терминнің сематикасының ландшафттық ығысуы тұрғысында түсіндіруге болды. Бұл ойыстар арқылы ағып өтетін өзендерге де осы атаулар берілген.

Сауыр тұтас көтерілген жота болып табылады, оны өзен аңғарлары терең тілімдеген. Сауырдың жер бедеріне тән ерекшелік ретінде тегістелген беттердің тік беткейлі, жарқабақты тар шатқалдармен ұштасуын атауға болады. Тау атауы ат сауырына ұқсату негізінде қойылған, бұл теңеу тау массивінің дөңестігін айқындап тұр. Қорым терминімен байланысты атаулар таулы аудандарда жиі кездеседі. Бұл әсіресе аяздық үгілу қарқынды жүретін орта және биік таулы белдеулерге тән болады. Алматы облысымдағы таулы өңірлерде 5 Қорымды, Көкқорым, атаулары тіркелді. Осыған үндес Сыпырылды аңғарының атауы «ұсақ тастардың үйіндісі» дегенді білдіреді.

Тау саздары орналасқан аудандарда саз термині топоним түзуде белсенді қатынасады. Өтем, Қаратау, Қаржантау, Іле Алатауы, Жетісу Алатауы, Оңтүстік-Батыс Алтайдың жоталары аумағындағы тау саздары орналасқан аудандарда жалпы саны 70 атау тіркелді. Бұл туралы жұмысымыздын 4-тарауында талданатын болады. Таулы аудандардағы топырақтың шымды сипаты шым термині негізінде қалыптасқан атаулардың кеңінен таралуына себепші болған. Шымды топырақтарда шүйгін шалғындар өскен, сол себепті шаруашылық тұрғысынан алғанда, шымды топырақтар тараған аудандарды топонимияда белгілеп отырудың маңызы болған. Осы тұрғыдан алғанда, Шығыс Қазақстан облысында Шымбайтақ (қоныс), Шымды (бұлақ), Шымқалаған (қыстау), Шымқора (ауыл), Жамбыл облысында Шымалды (қоныс), Шымбиік (қоныс), Шымбұлақ (өзен), Шымбұлак (қоныс) атауларының ақпараттық маңызы болған.

Таулы аудандарда жабық лексемасы оронимдерді (Жабық, төбе, тау, Күнгей жотасы; Жабықтас, тау; Қоржынтау), қалыптастыруға қатынасса, тауалды жазықтарына ашық термині негізінде қалыптасқан атаулар тән болады. Іле Алатауының тауалды бөліктерінде Еспеашық (қоныс), Күнгей Алатауының тауалды жазығында Далаашық (қоныс), Қаратау бөктерінде 2 Көкашық (қоныс) атаулары тіркелді. Олар жер бедерінің сипатын, ландшафт көрінісін дәл бейнелейтін атаулар болып табылады. Таулардың пішіндеріне байланысты қойылған атаулар өте дәлдігімен таңғалдырады. Археолог М.Қадырбаев Солтүстік Балқаш маңында жүргізген зерттеулері барысында осындағы сұрқай дала төсінде айрықша көзге түсетін дөңгелек пішіндегі Қотанемел тауының ортағасырлық атауы бұл таудың түр-сипатын соншалықты дәл бейнелеп назар аударған. Сонымен, таулы өңірлердің ландашфт сипаты географиялық атауларда нақты көрніс тапқан. Жер бедері тілімделген сипат алған аудандарда номинациялардың негативті ұстанымы, ал жер бедерінде бірыңғай пішіндер басым аудандарда айрықша пішіндерді ерекшелену мақсатында салыстырмалы негативтілік негізінде атаулар қою үрдісі бақыланып анықталды. Қазақстанның жеке өңірлерінде ландшафт сипатының әркелкі болуы топонимдер құрамындағы терминдердің мағыналық жүктемесінде көрініс табады. Осы ерекшелікті анықтау мақсатында біз ландшафт ортасы айырмашыпық жасайтын бірнеше аумақтарды таңдап алып, олардың табиғи ортасын сипаттайтын индикатор терминдерді анықтадық.

4. Қазақстанның жазықты және таулы өңірлер топонимикасы (Солтүстік-шығыс, Шығыс өңірлері). Зерттеу нысанына алынған Қазақстанның шығыс, солтүстік-шығыс өңірлеріне Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумақтары еніп жатыр. Бұл аумақтар Алтай тауларының оңтүстік-батысы (Қазақ Алтайы), Жайсаң қазаншұңқыры, Қалба жотасы, Сауыр-Тарбағатай жоталары, Алакөл қазаншұңқырының солтүстік бөлігі, Ертіс маңы жазығы, Құлынды мен Бараба далалары, Сарыарқаның шығыс бөлігі (Баянаула, Шыңғыстау) аралықтарында орналасқан. Жалпы бұл аумақтардың ауданы – 408,1 мың шаршы км-ге тең. Оның ішінде, шығыс өңір – 283,3 мың шаршы км, солтүстік-шығыс өңір – 124,8 мың шаршы км аумақтарды алып жатыр. Шығыс Қазақстан облысының аумағы солтүстіктен оңтүстікке қарай 480-510 солтүстік ендік және батыстан шығысқа қарай 770-870 шығыс бойлық аралықтарын қамтиды. Облыстың батысы – 76050/; шығысы – 87020/ ш.б. жатыр. Ал, Павлодар облысының аумағы, оңтүстіктен солтүстікке қарай 49°55´ - 54°27´ солтүстік ендік, және батыстан - шығысқа қарай 73°25´ - 79°20´ шығыс бойлық аралықтарында орналасқан. Бұл өңір солтүстігі мен солтүстік-шығысында Ресей Федерациясы, шығысында Қытай Халық Республикасымен, оңтүстігінде Алматы облысымен, батысында Қарағанды және Ақмола облыстарымен және солтүстік-батысында Солтүстік Қазақстан облыстарымен шектеседі.

Батыс-Сібір жазығына сұғына еніп жатқан Құлынды, Бараба, Ертіс маңы жазықтары аумақтың 70%-ын құраса, ұсақ шоқылы көтеріңкі келетін оңтүстік-батыс бөлігі 30%-ға жуығын алып жатыр. Жер бедерінің ерекшеліктері оның геологиялық құрылысы мен даму тарихы, жер бедерін түзуші факторларға тікелей байланысты болады. Жеке-жеке төбелер, оқшау жатқан шоқылар, аласа тау жоталары, сыртқы үдерістер әрекетінен бұзылып, жер бедерінің басқа да пішіндерімен өзара үйлесім тапқан. Жер бедерінің абсолюттік биіктері солтүстік шығыстан оңтүстік- батысқа қарай орналасқан Құлынды, Бараба, Ертіс маңы жазықтарының орташа абсолюттік биіктіктері 130-200 м болса, төбелі-шоқылы жерлерінде 300-400 м, аласа таулар 800-1000 метрге дейін көтеріле береді. Облыстың ең биік абсолюттік нүктесі – Әулие шыңы (1055 м), Желтау (959 м), Далба (758 м), Киікши (870 м), Мырзашоқы (801 м) Қызылтау тауларында. Баянауланың негізгі тау жоталарын құрайтын Акбет – 1026 м, ал Өгелен (969 м), Шибет (728 м), Жасыбай (804м), Сарытау (747 м), Нияз (685 м) Жақсыаулаға кіреді. Баянаула тау шоқылары солтүстік, шығысқа қарай біртіндеп 300-500 м-ге дейін аласарады. Екібастұз ауданына қарасты Сарытау (461м), Үлкен Қоянды (499 м), Жаман Бөкенбай (475 м), Жаманадыр (443 м), Май ауданына еніп жатқан Қалмаққырған (547 м), Теміртау (270 м), Тілеуімбет (408 м), Үрпек (458 м), Ордабай (423 м), т.б тауларды атауға болады. Тау жыныстарының әр түрлі геологиялық құрылымдары алуан түрлі құрылымды денудациялық бедер пішіндерінің қалыптасуын қамтамасыз етеді.

Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары тек аумақтарымен ғана емес, өзінің табиғат жағдайларымен, флорасы мен фаунасының байлығы, ландшафт ерекшеліктерімен адамзат баласын тандандырарлық өңір болып саналады. Оның айғағы тарихта өшпес із қалдырған Алтай, Алтынтаг (Мұзтау), Қоңыржон, Сарытау, Сарымсақты, Шыңғыстау (Наймантау), Баянаула, Қызылтау, Қазыналы Қалба, Тарбағатай секілді ну орманды, шалғынды биік тау жоталары мен жүйелері, Марқакөл, Жайсаң (Зайсан), Сібе көлдері, кең арналы жайылмалы суы мол Ертіс, сонымен қатар Бұқтырма, Күршім, Қалжыр, Қаба, Оба, Үлбі, Шардай сияқты тасқынды өзендері өңірге ерекше әсем көрініс берген. Жер бедерінің абсолют биіктіктері солтүстік-батысында (Ертіс өзені жазығы) 120 – 145 м-ден оңтүстікке және шығысқа қарай 4500 м-ге дейін (Мұзтау – 4506 м) көтеріле береді. Шығыс Қазақстан аумағында климаттың өсімдік және топырақ жамылғысының биіктік тік белдемділігі (табиғат зоналарына байланысты) айқын байқалады. Шығыс Қазақстан аумағының жер бедері өте күрделі және алуан түрлі, Ертістің сол жағалауы жазықты, төбелі, ұсақ шоқылы, ал оң жағалауы таулы болып келеді.

Таулар Қазақстан аумағының немесе Оңтүстік – Батыс Алтайдың 80%-ға жуығын алып жатыр. Жер бедерінің ерекшеліктері, геологиялық құрылысы мен даму тарихы, жер бедерін түзуші факторлар географиялық атаулардың қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Батыс субаймағының жер бедері келесі ірі табиғи-аумақтық кешендермен (ТАК) ажыратылады. Ертіс маңы жазығы, Шыңғыстау (Наймантау) тауы, Көкпекті-Шар ұсақ шоқылығы, Тарбағатай жотасы, Жайсаң мен Алакөл қазаншұңқырлары. Әрбір ірі ТАК өзінен төменгі рангтегі кешендерге бөлінген. Батыс субаймаққа жер бедерінің келесі тұрпаттары тән: жазықты, тау алды, ұсақ шоқылы, аласа, орта және биік таулы (Тарбағатай) және тауішілік қазаншұңқырлар жатады.

Белағаш (Балапан жоны–351 м) және Ертіс маңы жазықтарының (Семей өңірі) орташа абсолют биіктіктері 200–400 м болса, Көкпекті–Шар ұсақ шоқылығы 400–500 м-ден 800–900 м-ге дейін көтеріле береді. Семейтау (606м), Дегелең (1085м), Арқалық (507м), Делбегетей (730м) т.б. Қазақтың ұсақ шоқысының орта бөлігінен оңтүстік–шығысқа қарай Шыңғыстау таулары орналасқан. Солтүстік жотасы-Ханшыңғыс (1152м), ортаңғы –Қостастау (1077м), оңтүстік жотасы – Ақшатау. Шыңғыстаудың ең биік нүктесі – Қособа (1035м). Бұл тау жоталары Алтай тауларынан Шар өзенінің тектоникалық аңғарымен ажыратылып, оңтүстік-шығыс және шығысында Жайсаң қазаншұңқыры және Тарбағатай тауларына сұғына еніп жатыр. Көкпекті-Шар ұсақ шоқысымен ұласып жатқан Жайсаң қазаншұңқыры Ертістің сол жағасының үлкен аумағында эолды құмдар орналасып, құмтөбелерімен көрініс тапқан. Көне су ағындары ағып шығатын жазықты жерлерді куэстер немесе адырлар деп атайды. Олардың биіктіктері 900-100 м аралығында. Жайсаң қазаншұңқырының оңтүстігінде ендік бойынша созылып жатқан Тарбағатай таулары (1600-2900 м) орналасқан. Ең биік нүктесі – Тастау жотасы (2992м). Бастауын Тарбағатай жотасынан алатын өзендер Жайсаң және Алакөл-Сасықкөлге барып құяды. Алакөл қазаншұңқырының маңындағы жазықтардың абсолют биіктіктері 340-600 м-ге дейін жетеді.

Геологиялық құрылысы және жер бедерінің ерекшеліктеріне байланысты Шығыс субаймақ 5 ірі күрделі табиғи-аумақтық кешендерге бөлінеді. Кенді және Оңтүстік Алтай, Қалба қыраты, Жайсаң ойысы, Сауыр-Тарбағатай таулары. Сыртқы және ішкі үдерістер және құбылыстар әрекетінен әрбір табиғи-аумақтық кешенде де төменгі рангтегі жер бедер тұрпаттары қалыптасқаны байқалады. Жер бедер тұрпаттары: биік таулар, орташа, аласа таулар, тау алды және тауішілік ойыстар болып бөлінеді. Жер бедер пішіндері: өзен аңғарлары, эрозиялық қалдықтар, тегістелу, мореналар, карлар, бұйражартастар, құздар т.б. Сонымен таулы өңірдің жер бедерінің келесі тұрпаттарын анықтауға болады. Тау бөктерінің абсолют биіктіктері 300-600 м-ге дейін көтеріле береді. Әсіресе, Оба және Үлбі, Нарын өзендерінің оң жағалауы және Ертіс пен Бұқтырма өзендерінің аралығында жонды-шоқылы жазықтар үлкен аумақты алып жатыр.

Аласа таулар – биіктіктері 600-1500 м-ге дейін жайпақ беткейлермен, әртүрлі жалаңаштану бейнелерімен (дің, сүйір, жайпақ т.б.) көзге түседі. Орташа биік таулар – 1600-2000 м аралығында. Бұл жерлерде тауішілік аңғарлар, шатқалдар, тік құламалар, жарықтар және тау өзендері жиі кездеседі. Биік таулы өлкеге 2000-3000 м-ден жоғары жатқан таулар жүйесін жатқызуға болады. Бұл аймақтарда қар мен тау мұздықтары қалыптасқан. Мұнда Үлкен және Кіші Берел, Үлкен және Кіші Бұқтырма, Ұлықтық, Тақтыбұлақ, Попович, Қосайрық, Самырсын, Қарақаба т.б. гляционимдерін атауға болады. Алтай мұздықтарына тән ерекшелік олардың шегінуі мен азаюында. Зерттеу нәтижесінде жылына мұздықтардың шегінушілігі 5-25м-ге жететіні анықталды. Мұздық атауларымен (гляционимдер) бірге аумақта суға байланысты атаулар (спелонимдер) мұз үңгірлерінің кездесуі физикалық- географиялық жағдайының күрделі екенін анықтайды. Тауаралық қазаншұңқырлардың ішінен–Жайсаң ойысын ерекше атауға болады. Сонымен қатар, Оңтүстік Алтайда – Марқакөл, Бобров, Орлов; Кенді Алтайда – Нарын, Лениногор, Зырян; Қалба қыратында – Тайынты, Сібе; Сауыр – Тарбағатайда – Шілікті ойыстары бар.

Кенді (Батыс Алтай) – Ертіс өзенінің оң жағалауы және Оба мен Нарын өзендерінің аралағында орналасқан. Аумақта түсті және бағалы металл рудаларының көптеп кездесуіне байланысты Кенді Алтай деп атанған. Кенді Алтайда солтүстіктен батысқа қарай Қоңыржон (Листвяга) – 2200м, Қалзың (Холзун) немесе Қоржынтау – 2523м, Көксу – 2789м, Тікирек (Тигрец) – 2298м жоталары созылып жатыр. Олардан батысқа қарай Оба (1087 м), Иванов (2778м), Үлбі (1860м) жоталары бөлініп тұрса, Бұқтырма жотасы ендік бойымен қатарласа орналасқан. Тау шыңдары жайпақ, дөңгелек пішінді, көбінесе сүйір келетін құздармен ерекшеленді. Кенді Алтайдың ең биік нүктесі – Вышеивановский белок (2778м).

Тау үстірттері кезектесіп тауаралық ойыстарға ауысады. Мұндай шоқылы – таулы бедер пішіндері Шаманайха және Зырян аудандарында жиі кездеседі. Оңтүстік Алтай Кенді Алтайдан тау аралық Нарын – Бұқтырма ойысы арқылы бөлініп тұр. Оңтүстік Алтай шығысында Үкөк үстіртімен, оңтүстік – шығысында Табын Богда Ола (Бес әулие тауы) арқылы Моңғол Алтайымен жалғасады. Батысында Қалба жотасы арқылы Тарбағатай тауларымен, солтүстігінде Мұзтау жүйелері арқылы Таулы Алтай өлкесімен (Ресей) ұштасады. Қатын жотасының Қазақстандық бөлігімен шекарада Шығыс Қазақстанның ең биік нүктесі – Мұзтау (4506м) орналасқан. Ендік бойынша Табын-Богда-Ола тау жүйесінен бастау алатын Оңтүстік Алтай көптеген тау жоталарынан тұрады. Тау аралық ойыстарымен ерекшелентін Нарын (2090м), Сарымсақты (3373м) жоталары батыстан шығысқа қарай орналасқан. Азутау (Асу) жотасы (2000м) Марқакөл көлін қоршап жатыр. Оңтүстік Алтай тау жоталарының орташа биіктіктері 2800-3600м, ең биік нүктесі – 3487м. Бұл тау жоталарында мұздықтар орын алған және ежелгі (пенеплен) тегістелу көріністері жақсы сақталған деуге болады.

Қалба жотасы Ертістің сол жағалауы, Көкпекті, Бөкен, Шар өзендерінің аңғарларының аралығында орналасқан. Қалба қыраты жайпақ келетін толқын тәріздес кесек жыныстармен ерекшеленеді. Физикалық-географиялық тұрғыдан қарастырсақ, Қалба Оңтүстік Алтайдың батыстағы жалғасы болып табылады. Қалбаның ұзындығы - 200-230 км-ге созылып жатыр. Ең биік нүктесі – Сарышоқы (1608 м). Жер бедері аласа таулы, тік беткейлерімен ажыратылады.Тау сілемі граниттерден құралған және құздары ғажайып пішіндермен көзге түседі. Атап айтсақ, Көктау (1449м), Бесшоқы (1095м), Талды (1547м), Медведка тауы т.б. Қалба қыраты шығыстан батысқа қарай аласара береді. Көктау тауы мен Абылайхан аңғарында Сібе көлдері орналасқан.

Сауыр-Тарбағатай жоталары жүйесінің ең биік нүктесі Сауыр жотасындағы Мұзтау тауы (3816м), оның шыңында мұздықтар кездеседі. 2000-2400м биіктіктерде ежелгі (пенелен) тегістелу пішіндер айқын сақталған. Бұл жерлерді «сырт» немесе «сауыр» деп атайды. Сауыр жотасына ендік бойымен қатарласа кішігірім Сайқан жотасы, Сауырдың батыс бөлігі болып табылатын Маңырақ (2058м) жотасы орналасқан. Тарбағатай жотасы әртүрлі биіктіктерде кездесетін ірі көтеріңкі блоктар арқылы ажыратылады. Тау жотасының шыңдары жайпақ, биіктігі 2000 – 2500м, мұздықтар мен мәңгі қар жамылғысы кездеспейді. Тек ежелгі мұздану мен мореналық шөгінділер іздері сақталған. Сонымен Шығыс субаймақтың таулы жер бедеріне тоқталсақ сатылы, жайпақ шыңдармен, тауаралық ойыстармен ерешеленеді. Табиғаты ғажайып Шығыс Қазақстан облысының жер бедерінде табиғат жағдайларын ерекшелейтін барлық бедер пішіндерін кездестіруге болады.

Зерттеу нәтижесінде Қазақстанның солтүстік-шығыс, шығыс өңірінде топонимдер жүктемесінің қалыптасуына тарихи-географиялық, картографиялық, лингвистикалық т.б. әдістермен қоса статистикалық тәсілдермен жүйелік талдау нәтижесінде, масштабы 1:100000 топокарталар (1942-1989 жж.) негізінде ШҚО бойынша 20000-нан астам (22,5% оронимдер, 4500 атау), Павлодар облысы бойынша 5000 астам (11,9% оронимдер, 595 атау) топонимдер жүйесі анықталды.

- жазықтағы және таулы аудандардағы ландшафтылық ерекшеліктерінің топонимияда көрініс табуын зерттеу нәтижесінде жазықтар мен тауларда табиғат кешендерінің ерекшеліктері топонимдердің айрықша жиынтығын қалыптастыратындығы анықталды.

- оронимдер құрамындағы географиялық терминдердің белсенділігі нақты жер бедерінің сипатымен, жергілікті табиғат кешендерімен байланысы тұжырымдалды.

- физикалық-географиялық тұрғыда зерттеудің ғылыми қолданбалы астарлары табиғи нысандардың атауларындағы ақпарат қорын байырғы ландшафттарды қалпына келтіру мен табиғат қорғау ісінде пайдалану мәселелеріне қатысты айқындалатыны негізделді.

- аумақтардың топонимдер жүйесі физикалық-географиялық негізде қалыптасқаны анықталды.

Сурет 4 - Оронимдер картасы (құрастырған Қ.Т. Сапаров)