6. Эукариотты жасуша. Ядро
Эукариоттарға өсімдіктер, саңырауқұлақтар және жануарлар жатады. Эукариотты сыртынан екі мембранамен қоршалған ядро болады. Ядрода кариоплазма, тұқым қуалау ақпараты сақталған хромосомалар, ядрошық және ядро шырыны болады.
Мыңдаған әртүрлі эукариоттарға жататын организмдердің жасушаларының құрылысы бір - біріне ұқсас болады. Кез келген жасуша бір - бірімен тығыз байланыста болатын ядро мен цитоплазмадан тұрады.
Өсімдіктер жасушаларының цитоплазмасында тірі жасушаға тән барлық органоидтер - эндоплазмалық тор, рибосомалар, митохондриялар, Гольджи апараты болады. Өсімдіктер жасушаларының құрылысының жануарлар жасушаларынан елеулі айырмашылылықтары бар (3 – сурет).
3 – сурет. Жануар және өсімдік жасушасы құрылысының сызбанұсқасы.
Өсімдіктер жасушаларының қалың, мықты қабықшасы, күн сәулесі энергиясының қатысуымен бейорганикалық заттардан органикалық заттар синтездейтін хлоропластары, жасушаның осмостық қасиетін реттейтін вакуолі болады.
Ядро. Ядро - өсімдіктер мен жануарлардың, саңырауқұлақтардың жасушаларының маңызы органоиді. Көбіне жасушаларда бір, екі кейде одан да көп (саңырауқұлақтарда) ядро болады. Шар тәрізді, сопақша, кейде дұрыс пішіні болмайды. Диаметрі бірнеше мкмден (метрдің млн-нан бір бөлігі) бір жарым мм-ге дейін болады. Саңырауқұлақтарддың кейбір түрлерінің жасушаларында ядросының диаметрі - 1-2 мкм. Жасушадағы ядро мен цитоплазманы қосып протоплазма деп айтады.
Ядродағы хромосомаларда ДНҚ болады. Оның бөлшектері - гендер. Олар, негізінен, үш негізгі қызмет атқарады: 1) тұқым қуалау ақпаратын сақтап, ДНҚ қайта түзіліп отырады; 2) сол түрге тән нәруызды синтездейді. Сол арқылы жасушадағы барлық физиологиялық процестерді басқарады; 3) жасушаның бөлінуін реттейді.
Жасушада ядро мен цитоплазма тығыз байланыста болып, бірінсіз - бірі тіршілік әрекетін жалғастыра алмайды. Ядроның сыртындағы қабықшасы екі қабатты мембранадан тұрады. Сыртқы мембранысының өсінділері цитоплазмадағы эндоплазмалық тормен байланысты, ал ішкі мембрана тегіс болады. Ядро қабықшасында көбіне белгілі бір тәртіппен орналасқан саңылаулары бар. Ішінде глобула, оны саңылау қабырғасымен байланыстырып тұратын жіпшелері болады. Арасынан белгілі бір мөлшері бар молекулалар ғана өте алады. Сонымен бірге ядро қабықшасы ішке иіліп немесе сыртқа өсімділер түзіп, заттарды қабылдайды, сыртқа да шығарады.
Ядро қабықшасының болуына байланысты ядроға және цитоплазмадағы заттардың химиялық құрамы әртүрлі болады. Ядроның ішіндегі гель тәрізді шырынның құрамында түрлі нәруыздар (олардың ішінде, ядро фериенттері), бос нуклеотидтер, аминқышқылдар және хроматин мен ядрошықтың тіршілік әрекеті нәтижесінде бөлінген заттар бар. Олар біртіндеп цитоплазмаға да өтеді.
Ядродағы хроматин - хромосоманың тарқатылған жіңішке жіп тәрізді күйі. Бөлінбей тұрған жасушалрда мұндай хроматинді көру мумкін емес. Тарқатылған күйдегі хроматин жіпшілері жасушаның бөлінуі кезінде жиі ширатылып қысқарады да, микроскоп арқылы анық көрінетін хромосомаларға айналады. Хромосомалар ДНҚ мен гистон нәруызынан тұрады. ДНҚ - да тұқым қуалау ақпараты сақталады. Қандай да бір белгілі немесе нәруыз туралы ақпарат жазылған ДНҚ - ның бөлігін ген деп айтады. Олай болса, хромосома көптеген гендерден тұрады. Гендегі тұқым қуалау ақпараты РНҚ - ға (ақпараттық) көшіріліп, цитоплазмадағы рибосомаларда сол ақпаратқа сай нәруыз синтезделеді.
Хромосомалардың пішіні центромераларына байланысты болады. Жасуша бөлінуі кезінде (митоз) центромерасы арқылы бөліну ұршығының жіпшесіне байланысады. Центромера хромосоманы тең немесе тең емес екі иыққа бөледі.
Хромосомаларды зерттеудің нәтижесінде мынадай мәселелер анықталды: кез келген өсімдік немесе жануар түрінің жасушаларында хромосомалардың нақты, тұрақты саны болады.
Дене (сомалық) жасушаларындағы пішіні, мөлшері ұқсас хромосомалар жұптар құрайды. Оларды гомологті хромосомалар деп атайды. Дене жасушаларындағы жұп хромосомалар диплоидті жиынтықты (2n) құрайды. Жыныс жасушаларында әр жұптан тек бір хромосома ғана болады, оны гаплоидті жиынтық (п) деп атайды. Мысалы, адам хромосомаларының диплоидті жиынтығы 46 – ға, гаплоидті жиынтығы 23 – ке тең.
Хромосома саны организмдердің құрылым деңгейіне, туыстық қатынастарына байланысты болмайды. Мысалы, шимпазенің жасушаларында хромосома саны – 48, адамда – 46, қарапайым құрылымды сазан балығында – 104.
Дене жасушаларындағы хромосомалардың толық диплоидті жиынтығы кариотипті түзеді (4 – сурет).
4 – сурет. Адамның хромосомалар жиынтығы.
Бөліну аяқталған соң, жаңа түзілген жас жасушаларда ширатылған хромосомалар қайтадан тарқатылып, жіңішкеріп, тек хроматиндер, яғни жіпше түрінде көрінеді.
Ядрода, сонымен қатар ядрошық болады. Ядрошық – тығыз денешік, жасушаның бөлінуі кезінде еріп кетеді де, бөдіну аяқталған соң қайтадан түзіледі. Ядрошық хромосомалардың арнайы бөлімінде қалыптасады. Ядрошықта рибосомалық РНҚ түзіледі.
