5 Сурет. Картоптың көзделуі
Түйнек бетінде дамып жетілмеген қабыршақты жапырақшалар сияқты көзшелер болады. Түйнектің өсуі жоғарғы жағындағы және бетіндегі көзшелерден басталады. Көзшелердің қолтығындағы үш бүршікшенің әдетте ортаңғысы, ең белсенді өне бастайды, қалғандары тыныштық күйінде болады. Пайда болған өскін зақымданса немесе сынып қалса, онда бүйіршік бүршіктерінің біреуі өне бастайды. Түйнектің өнуі – көктеуі – 6...7ºС басталады, бірақ өте бояу жүреді, ал 17...20ºС пәрменді өніп-өседі. Картоп бозқырауға шыдамсыз дақыл, 1...2ºС сол үшін қауіпті. Қазақстанның солтүстігінде өсірілетін әр түрлі кезеңде пісетін сорттар үшін белсенді температура жиынтығы 1000...1600ºС тең. Картоптың суға деген талабы жоғары. Суды мол қажетсінуі бүршіктену, гүлдеу және түйнек байлау кезеңдеріне тұтас келеді. Осы кезде ол үшін құрғақшылық өте қауіпті. Су жетпегенде түйнектің өсуі тежеледі, олар қатаяды және одан әрі үлкеймейді. Сонымен қатар осы кезде судың артық болуы да қолайсыз, себебі түйнекте су мол, ал крахмал аз болады және сақталуы нашарлайды, кеселге шалдығады. Топырақтағы судың мөлшері танаптыңсу сыйымдылығының 60...80% шамасында болса, оңтайлы деңгейде деп саналады.
Картоп үшін суды, ауаны және жылуды жақсы өткізетін, көлемдік массасы 0,9-1,2 г/см3 тең, терең қопсытылған топырақ қолайлы болады.
Картоптың қарқынды өсуі және дамуы үшін қоректік заттардың мол болғаны дұрыс. Картоп егістігіне тыңайтқыш жүйесін жоспарлағанда әрбір тонна түйнек топырақтан 5 кг азот, 2 кг фосфор, 3 кг калий, 4 килограмдай кальций, 2 кг магний алып шығатынын ескерген жөн.
Осыған байланысты тыңайтқышты жоспарлаған өнімді және топырақтың агрохимиялық талдауын ескеріп енгізеді. Органикалық тыңайтқыш ретінде жартылай шіріген көңнің әр га 50...100 т сүдігер көтергенде енгізеді, ал тәлімі жерлерге сүрі жерді негізгі өңдегенде – 20...30 т/га.
Қазақстанның солтүстігінде ерте пісетін (60...65 күн) Прискульский ранний, орташадан ерте пісетін (65...80) Невский, рташа мерзімде пісетін (80...100) Огонек сорттары өсіріледі.
Ауыспалы егісте картоп танабының біреу немесе бірнешеу болуына қарамай, ең бастысы мынаны ескерген жөн: 1-картопты алдымен фитосанитарлық жағынан, ең жақсы алғы дақылдан, ал тәлімі жерлерде тек сүрі жерден кейін орналасуын; 2 картоп алдында өзі өсірілген танапқа 3 жылдан ерте қайта өсірілмеуі.
Картоп үшін ең жақсы алғы дақыл болып жоңышқа егістігінің қыртысы немесе қыртысының аудармасы, дәнді бұршақ дақылдар, ерте қырыққабат, қияр, пияз, жүгері саналады.
Картоп – топырақ тығыздығына аса сезімтал дақыл. Мұны ескермеу түйнек өнімін ғана кемітіп қоймайды, сонымен бірге оның тауарлық және тұқымдық сапасын да кемітеді. Мұндай жағдайлар жиі суландырылғанда, қатараралықтарды уақытында өңдемегенде, әсіресе механикалық құрамы ауыр топырақтарда кездеседі. Міне, сондықтан түйнек отырғызғанға дейінгі және өсімдікті күтіп-баптау кезіндегі топырақты механикалық өңдеулер, өңдеу қабаттарының мүмкіндігінше борпаң, суды және ауаны жақсы өткізуге бейімді, қабыршақсыз, кесексіз болуына немесе топырақ түйіршіктерінің тым шаңдануына жол бермеуі керек. Қатараралықты жиі өңдеу де топырақтың күйін нашарлатуы мүмкін, себебі оларды өңдегенде төменгі тамыр жайылатын қабаттар тығыздалады, оған қоса өндіріс шығындары арта түседі.
Суармалы жерлерде топырақты негізгі өндеуді алғы дақылдарды жинап алғаннан кейін ерте күздеаудармалы соқалармен 30-35 см тереңдікке жүргізеді. Көктемде топырақ пісіп жетілгенде оны БИГ-3 тырмасымен топырақ қабыршағын үгіту және арамшөптерді жою үшін жүргізеді. Көктемде жер жыртыға болмайды, ол топырақты қатты құрғатады. Жал жасау алдында топырақты жазық тілгішпен 14-16 см тереңдікте өңдейді. Одан кейінгі жал жасауды және түйнек отырғызуды, топырақтың өңделуі қабатын құрғатып алмау үшін бір мезгілде арасын үзбей жүргізген дұрыс.
