- •«Қазақ тілін деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту»
- •Білім алушыларға арналған пәннің
- •«Қазақ тілін деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту»
- •2. Дәріс тезистері
- •Деңгейлік тапсырмалардың психологиялық ерекшеліктері:
- •Семинар, практика, зетханалық және студиялық сабақтардың жоспарлары
- •Әдістемелік нұсқаулық.
- •Білім алушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру және басқаруға арналған материалдар:
- •Соөж-ге арналған тапсырмалар:
- •6. Емтиханға дайындалуға және өзін-өзі тексеруге арналған тапсырмалар, соның ішінде тесттер Емтиханға дайындалуға арналған сұрақтар
- •Қазақ тілін деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту пәні бойынша тестер
- •7. Негізгі және қосымша әдебиеттер тізімі, соның ішінде электрондық тасуыштардағы әдебиеттер
- •Қосымша әдебиеттер
- •Нормативті әдебиеттер
- •Интернет көздері
- •8. Глоссарий
2. Дәріс тезистері
1-дәріс
Қазақ тілін оқыту жүйесіндегі деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту технологиясының зерттелу ерекшеліктері
Еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылуы ғылым мен техниканың дамуына байланысты. Ал ғылым мен техника саласында жетістікке жету білім беру жүйесінің даму дәрежесімен тікелей ұштасып жататындығы белгілі. Сол себепті мектеп қабырғасында білім алатын әр баланы ана тілін терең меңгерген, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, іскер, шығармашыл, ұлтының мұң-мұқтажын түсінетін ұлтжанды тұлға етіп тәрбиелеу – ұстаздар қауымының борышы.
Мектептегі оқыту мен тәрбиелеу жүйесінде оқушыларға сапалы білім берудің тиімді әдістері жетілдіріліп, жылдан-жылға жаңару үстінде. Ондай жаңартулар «педагогикалық технология» деген ұғыммен байланысты. «Технология» деген сөз латынның «техне, өнер, шеберлік, кәсіп» деген сөзінен шыққан. «Логос» латынша ғылым деген мағынаны білдіреді. «Техника» сөзінен екі түрлі мағынаны аңғарамыз: бірі – өндіріс құралдарының жиынтығы, екіншісі – бір істі орындағанда қолданылатын тәсілдер жиынтығы деген ұғымдарды береді. Яғни, технология ұғымы тәсілдердің жүйесі деген мағынаны білдіреді.
Түсіндірмелі сөздікте: «Технология – бұл қандай да болсын істегі, шеберліктегі, өнердегі амалдардың жиынтығы» деп берілсе, Б.Т.Лихачев педагогикалық технологияны оқу үдерісіне белгілі бір мақсат көздей әсер ететін педагогикалық ықпал деп есептейді. Ал технологиялық үдерісті нақты педагогикалық нәтижеге жетелейтін бірліктердің (өлшемдердің) белгілі бір жүйесі ретінде көрсетеді[45].
Әдістеме ілімінде кез келген пікір немесе идея білім беру технологиясы бола алмайды. Технология болу үшін ол белгілі бір әдіснамалық талаптарға жауап бере алуы қажет. Әдіскерлер білім беру технологиясы ретінде ұсынылу үшін оның төмендегідей талаптарға сай болу керектігін айтады:
Концептуалдық;
Жүйелілік;
Басқарушылық;
Тиімділік;
Қолданыстық.
Концептуалдық талап бойынша әрбір білім беру технологиясының мақсаты философиялық, психологиялық, дидактикалық тұрғыдан негізделген ғылыми тұжырымдамаға сүйенуі шарт.
Жүйелілік талабы білім беру технологиясының логикалық жағынан
сабақтастықта, біртұтастықта болу үдерісін қажет етеді.
Басқарушылық талап бойынша білім беру технологиясының жоспары, түпкі нәтижеге жетуге көмектесетін әдістері мен құралдары болуы керек.
Білім беру технологиясының білім беру стандартына сай оқытуды көздеуі, белгілі бір нәтижеге жетуі тиімділік талабының шарты болып табылады.
Қолданыстық талабы бойынша ұсынылған технология практика жүзінде қолданысқа енуі қажет.
Жоғарыда аталған талаптар білім беру технологиясының құрылымын анықтайды. Оның құрылымы концептуалдық негізден (білім беру технологиясының іргетасын қалайтын педагогика-психологиялық идеялардан тұратын ғылыми технологиялық база); білім берудің мазмұндық компонентінен (оқу материалының мазмұнына негізделген жалпы және нақты мақсаттар) және оқу үдерісін ұйымдастыру, әдістер мен формалар, оқу үдерісінің диагностикасын қамтитын (үрдістерден) процессуалдық бөлімнен тұрады.
Білім беру технологиясы білім берудің сапасын көтеруді, тиімді әдістер мен амал-тәсіл, формалар арқылы білім алушыны белгілі бір нәтижеге жеткізуді көздейді. Білім беру технологиясының жүйесін төмендегідей сипаттауға болады: Білім беру технологиясы = мақсат → міндеттер → әдістер (тәсілдер, құралдар) → оқыту формасы = нәтиже.
Педагогикалық технологияға әдіскер-ғалымдар мынадай анықтамалар береді: «Педагогикалық мақсатқа жету үшін қолданылатын барлық тұлғалық, инстументалдық және әдіснамалық құралдардың қызмет ету реті мен жүйелі жиынтығы ( М.В.Кларин)», «Алдын ала жобаланған оқу-тәрбие үдерісінің практикада жүйелі әрі бірізді жүзеге асыуы (В.П.Беспалько)», «Оқытушы мен оқушылар үшін барлық жағдайлар жасалынғанда оқу үдерісін жобалау, ұйымдастыру әрі жүзеге асыруда біріккен педагогикалық іс-әрекеттің жан-жақты(ұсақ-түйегіне дейін) ойластырылған моделі (В.М.Монахов)» «Технология – өнер, шеберлік, мағыналарын беретін тізбектер» [56] т.б.
Ғалым-әдіскерлердің берген анықтамаларына сүйене келгенде, білім беру технологиясы дегеніміз педагогикалық шеберлікті жетілдірудің жолдары деген қорытынды жасауға болады.
«Оқытудың әдістемесі» ұғымы «білім беру технологиясы» ұғымынан әлдеқайда кең. Әдістеме білім берудің мақсатын, мазмұнын, оқу үрдісін ұйымдастырудың жолдарын, әдіс-тәсілдерін, т.б. қамтитын әдістемелік жүйе болып саналады. Ал технология қалай оқыту керек? деген сұраққа жауап іздейді.
Білім беру жүйесінің мақсаты мен міндетіне қарай оқытудың проблемалап оқыту (М.И.Махмутов), программалап оқыту (Ю.А.Самарин., Т.А.Илина), саралап, жекелеп оқыту (И.Э.Унт .б.), дамыта оқыту (Ю.Б.Эльконин), ұжымдық оқыту (В.К.Дьяченко), дистанциялық оқыту (Нұрғалиева Г.К. Жүсібалиева Д.М.), сатылай кешенді талдау (Н.Оразақынова) т.б тәрізді түрлері оқу үдерісінде қолданылып жүр.
Д.Б.Эльконин мен В.В.Давыдовтың бірлесе жасаған ‹‹Дамыта оқыту жүйесі›› жоғары деңгейдегі қиындықта оқыту; теориялық білімнің жетекші рөлі; оқу материалын жеделдете оқыту; оқу үрдісін студенттің сезінуі; барлық білім алушылардың дамуы үшін жүйелі жұмыс істеу тәрізді ұстанымдарды басшылыққа алады. Ғалымдар оқу әрекеті және оның субъектісін қалыптастыруды өзек етіп алады. Онда білім алушыны берілген тапсырманы жаттап алуға емес, оның мазмұны мен мағынасына мән беруге үйретуді көздейді. Тапсырманы мұғаліммен бірігіп орындауға, бір-бірімен пікір алмасуға, бірлесіп қорытындылап, бағалай білуге дағдыландыруды мақсат етеді, олардың өз бетімен ізденуіне жол көрсетеді. Бұл технология ‹‹оқушы мұғалімнің оқыту әрекетінің объектісі емес, оқудың өзін-өзі өзгерте алатын субъектісі болады›› деген қағиданы негізге алады. Субъектісі болу дегеніміз − ол өзін-өзі өзгертуге қажеттілік болу және оған оқу арқылы қол жеткізу. Яғни, оқығысы келу, оқуды ұнату және оқи алу. Бұл жерде білімді игеру, іскерліктері мен дағдыларының қажеттіліктері жоққа шығарылмайды, алайда тек мақсат ретінде емес, оқушыны дамытудың өзіндік құралы ретінде ғана қарастырады. Оқытушы студенттің өз бетімен ізденуіне жол көрсетуі қажет. Дамыта оқыту технологиясы жеке тұлғанының өзін-өзі дамытуына және оның өзіндік шығармашылық қабілетін арттыруға, қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға баулиды, өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, білім алуына жағдай жасауға мүмкіндік береді [57].
Ф.Ш.Оразбаеваның қатысымдық тұрғыдан оқыту технологиясы – қазіргі білім беру үдерісінде ең жиі қолданыста жүрген технология. Бұл технология тілді сөйлесім әрекетінің түрлері арқылы меңгерту көздейді. Әдіскер «сөйлесім әрекетінің барлық түрлеріне тән ең басты көрсеткіш: ол – түсіну. Бір адам екінші адамның айтқанын түсінбесе, ұқпаса, онда пікірлесу мен сөйлесу де жүзеге аспайтынын» айта келіп, тілдік қатынасқа байланысты іске асатын сөйлесім әрекетінің бес түрін ғылыми айналымға енгізді. Бұл технология тіке байланыс, адамның жеке қабілетін ескеру, сөйлеуге үйретуде жүргізілетін жұмыстардың түрлерін айқындау, сатылап даму, динамикалық өзгеру, өзектілік ұстанымдарын басшылыққа алып, қатысымдық әдіс арқылы тілді меңгертуді мақсат етеді. [52].
Н.А.Оразақынованың сатылай кешенді талдау технологиясы – қазіргі заман дамуының заңдылықтарын ескере отырып жасалған талдау жүйесі. Сатылай кешенді талдау технологиясы әр сабақты оқушыларға ғылыми негізде сатылай, жүйелі меңгертуге негізделеді. Бұл технологияның ең басты ерекшелігі – әр оқушының өз алдына жұмыс жасап, өз алдына ізденуіне ойластырылып жасалған алгаритимінің тиімділігі. Содай-ақ, бұл технологиямен сабақ беру барысында ақпараттық технологияның кез келгенін қолданып, әр сабақтың жоғары деңгейде өткізілуіне түрлі тәсілдердің ойластырылуы. Сатылай кешенді талдау – тілдік материалды оқушыға ғылыми негізде меңгертудің бір жолы. Бұл талдауда тілдік материалды белгілі бір жүйемен орналастырған сызба басшылыққа алынады. Талдауды жақсы меңгерген студенттер қазақ тілінен грамматикалық ұғымдарды анық ажырата білуге дағдыланады. Сатылы кешенді талдау студенттердің сөйлеу мәдениетін қалыптастыра отырып, тілдік талдауды жасауға көп көмегін тигізеді, студенттердің жылдам әрі жүйелі талдау дағдыларын қалыптастыруда, өз ойын жинақтап айтуға, алған білімін дұрыс пайдалануға, дәл, нақты жауап беруге, қандай орта болсын өзін еркін сезінуге мүмкіндік береді.
Бұл технология дидактиканың табиғилық, түсініктілік, ғылымилық, жүйелілік, бірізділік, көрнекілік, саналылық пен белсенділік, жас ерекшеліктерін есепке алу, теорияның практикамен байланысы ұстанымдарын басшылыққа алады.
Владимир Павлович Беспалько «Слагаемое педагогической технологии» еңбегінде кез келген педагогикалық технологияның негізіне жүйелілікті жатқызады. Себебі әрбір істің жоспарланған нәтижесі мен өнімділігін алу оның құрылымы мен жүйелілігіне байланысты болатынына назар аудартады. Педагогикалық жүйені дара тұлғаны қалыптастыруға ықпал ететін арнайы ұйымдастырылған, мақсатты, бір-бірімен өзара байланысты әдіс-тәсілдер ретінде қарастырады. В.Беспалько оқушының оқу материалын меңгеру деңгейлерін былай жіктейді:
оқушылық деңгейде берілген тапсырманың құрылымын айқындай отырып, оны орындау үшін өздеріне берілген мәліметті қайта қабылдауы керек.
алгоритмдік деңгейде оқушылар бар білімдерін қолдана отырып, жаңа тапсырманы орындайды.
Ізденімділік деңгейде тапсырманың мақсаты ғана көрсетіліп, жаңа материалды өз бетімен толықтырып, өңдеп, өз бетінше меңгереді.
Шығармашылық деңгейде оқушыларға берілетін тапсырманың мақсаты көрсетіліп, оны әрі қарай жетілдіріп орындау оқушыдан талап етіледі. Оқушы шығармашылық деңгейде алдына қойған мақсатына жету үшін өз бетінше іздене отырып, ой, қиялын дамытады, шығармашылық қабілетін дамытады.
Ж.А Қараев В.Беспальконың ұсынған оқушының оқу материалын меңгеру деңгейлерін дамыта отырып, деңгейлеп саралап оқыту технологиясының оқу жүйесіндегі теориялық және практикалық маңыздылығын айқындады. Ж.Қараев пен Ж.У Кобдикованың оқытудың үшөлшемді әдістемелік жүйесі технологиясының 1-синектикалық бөлімінде дамыта оқытудың түрлі интерактивті әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, оқушының оқу материалын жеңілден күрделіге қарай өз бетімен жүйелі меңгеруіне ыңғайлы жағдайлар жасалады. 2-нәтижеге бағытталған бөлімінде оқу үдерісі жарыс түрінде ұйымдастырылады. Кез-келген мазмұнды толық меңгерудің түпкілікті нәтижесіне жету – оқытудың шағын мақсаттары арқылы, яғни американдық ғалым Б.Блумның таксономиясында көрсетілген алты мақсаттарға сәйкес дайындалған тапсырмаларды біртіндеп орындау арқылы жету көзделеді. Міндетті түрде әр шағын мақсаттың нәтижелері (аралық нәтижелері) алынып отырады және олардың әрқайсысына келесі шағын мақсат негізделініп құрылады.
Саралап оқыту технологиясы – оқушының туа біткен ақыл-ой қабілетінің жеке дамуына негізделген білім беру жүйесі. Саралап оқыту технологиясының мақсаты – оқушыны мүмкіндігі мен қабілетіне сай оқыта отырып, әр түрлі топтағы оқушылардың ерекшелігі бойынша оқуға бейімдеу. Ерекшелігі: үлгерімі жоғары оқушыларға терең білім беру; әлсіздерді оқу мүмкіндігіне тарту; «қиын» балалармен жұмыс жүргізу мүмкіндігін туғызу; т.б.
Ынтымақтастық педагогикасы технологиясы – оқушы мен оқытушы арасындағы қарым-қатынастың тең дәрежеде жүзеге асуы; бірлік одақта қызмет етуі; мұғалімнің оқушыға басымдылық көрсетпеуі. Мақсаты – талап ету педагогикасынан қарым-қатынас педагогикасына өту; балаға ізгілік тұрғысынан қарау; оқуты мен тәрбиелеуді ұштастыру. Бұл технология оқушыға субьект ретінде қарау, балаға жеке ізгілікті қарым-қатынас жасау, өзара ынтымақстастық құру арқылы ерекшеленеді.
Білім беруді ізгілендіру технологиясы (Ш.Амонашвили) – оқушының рухани әлемін байыта отырып, оның білімін кеңейтуге және тереңдетуге жағдай жасау. Білім беруді ізгілендіру технологиясының мақсаты – баланың жеке қасиетін аша отырып, азамат етіп тәрбиелеу; баланың жаны мен жүрегіне жылылық ұялату; танымдық қасиетін қалыптастыру және дамыту. Ерекшелігі – ынтымақтастық педагогикасын жүзеге асыру; еркіндікке құралығын арттыру; әдемілікті, әсемдікті сезіну, қабылдау; ата-анамен бірлесіп жұмыс істеу, оқыту арқылы тәрбиелеу.
Оқушылар әртүрлі деңгейдегі оқу материалдарын, жеке басының қабілетіне қарай, біртіндеп қабылдайды. Стандарт мазмұны: бірінші – «міндетті, оқушылық»; екінші – «алгоритмдік»; үшінші – «эвристикалық»; Стандарттан тыс, төртінші – «шығармашылық» деңгей олимпиадалық тапсырмалар мен факультатив сабақтарының тапсырмаларын және ғылыми жобалар мазмұнын қамтиды.
Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы (Л.Зенков) – әр оқушыны оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне қарай оқыту, тәрбиелеу бағытында жүзеге асатын технологияның түрі. Мақсаты – оқытуды оқушының әр түрлі топтарына, ерекшеліктеріне сай бейімдеу, ыңғайлау. Ерекшелігі + оқушының білімге дене ынтасын арттыру; деңгейлік тапсырамалар арқылы дарындылығын, қабілетін ояту, ашу, қалыптастыру; сенімділікке жетелеу.
М.М. Жанпейісова., К.Жақсылықова, З Бейсенбаеваның модульдік технологиясы оқушылардың оқу мотивациясын күшейтіп, шығармашылық ізденістерге жетелейді, бұл технология жеке оқушының білім сапасын анықтауға бағытталады. Студентке берілетін білімді алдын-ала модульге бөліп алып, үйрету өзінің тиімді нәтижесін береді.
Педагогикалық технологиялар студенттерге нәтижелі білім беруге бағытталған тиімді құрал болуымен қатар, оқытушыны да сапалы қызметке, нақты нәтижеге жетелейтін механизм болып табылады. Әр сабақты белгілі бір технологияға сүйене отырып өткізу оқытушыдан ізденісті қажет етеді. Бұл технологиялардың барлығы да қазіргі таңда қолданысқа еніп, нәтижесін көрсетіп жүр.
Білімнің сапасын көтерудің қазіргі таңда жолдары көп. Ең бастысы білімді де білікті, ұшқыр ойлы шығармашылық қабілеті мол ұстаздың шәкіртімен бірлесе еңбек етуі талап етіледі. Педагогикалық технология педагогикалық шеберлікпен өзара қарым-қатынаста болады. Педагогикалық технологияны өте жақсы меңгеру дегеніміздің өзі – шеберлік. Бір ғана технологияны қолданған мұғалімдердің нәтижесінің әр түрлі болуы оны іске асыру ерекшеліктеріне, педагогикалық шеберліктері мен кәсіби іскерлігіне байланысты.
Сонымен, білім беру технологиялары сабақтың сапасын арттыруға, дара тұлғаны дамытуға және түпкі нәтижеге жетуге ықпал етеді.
2- дәріс
Білім беру технологияларының қайнар көзі
Бүгінгі таңда орта немесе жоғары оқу орындарында көптеген оқыту технологиялары қолданылып, сапалы білім беруге назар аударылды. Қазіргі уақытта жаңа технология деп жүрген әдістер біздің ғалымдарымыздың еңбектерінде көрініс тапқан. Ол жаңа технологиялардың нышандары А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ы.Алтынсарин, Қ.Жұбанов, М.Балақаев сынды ғалымдардың еңбектерінен бастау алады. Олардың қай-қайсысы да мәдениет пен тілге, ғылым мен білімге ерекше назар аударғаны бәрімізге де мәлім. Бұл жөнінде «Қазақ ғалымдары қазіргі білім беруде жиі айтылып, қолданыста жүрген көптеген білім берудің технологиялары туралы сөз қозғаған немесе оны өз еңбектерінде пайдаланған. Бұл – әлемдік әдістеме ғылымында кеңінен қолдау тауып, ғылымға енгізіліп жүрген әлемдік технологиялардың қазақ әдістеме ғылымында да өз іргетасы бар деген сөз. Олардың әдістемелік ойларын ғылыми және практикалық айналымға енгізу – бәріміздің борышымыз» - дейді Р.С.Рахметова. Ғалым А.Байтұрсыновтың танымдық-тағылымдық технологиясы, М.Жұмабаевтың дара тұлғаны қалыптастыру технологиясы, Ж.Аймауытовтың пәнаралық байланыс арқылы ынталандыра оқыту технологиясы, Ы.Алтынсариннің тілдік дағдыны жетілдіру технологиясы, Қ.Жұбановтың дамыта оқыту технологиясы, М.Балақаевтың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру технологиясын анықтап, оларға сипаттама береді.
Ахмет Байтұрсыновның танымдық-тағылымдық технологиясы. А.Байтұрсыновтың еңбектерінде танымдық, тағылымдық, тәрбиелік мәні бар құнды дүниелер қашан да қолданыстан шықпайды. А.Байтұрсыновтың әдістеме саласындағы еңбектерінің маңыздылығы – оның қазіргі таңда да оқытушылардың қолданысынан қалмауы. А.Байтұрсыновтың ұсынған әдіс-тәсілдері қазіргі кезде қолданылып жүрген жаңа технологиялардың біразымен астасып, сабақтасып жатыр. Сондықтан ғалым А.Байтұрсыновтың әдістемелік мұрасын жаңа тұрғыдан қарастырып «танымдық-тағылымдық технология» деп атауды ұсынады.
Ғалым қолданған «Дағдыландыру», «Сынау», «Ойнаңдар! Ойлаңдар!», «Алғанын жазу (ермек-еңбек)», «Қисындау (ермек-еңбек)», т.б. айдарлармен берілген тапсырмалар баланың танымын жетілдіруді көздеген.
Ғалым-әдіскер бүгінгі күнге дейін құндылығын жоғалтпаған әңгіме, сұрақ-жауап, өзіндік жұмыс, берілетін білім көзі деңгейіне сәйкес түсіндіру, салыстыру, ойын әдістерін, т.б. оқу үдерісін ұйымдастыруда ұтымды қолданған. Тілші өз еңбектерінде танымы мол, тағылымы зор мәтіндерді ұсынған. Білім алушының тілін дамыту, танымын кеңейту мәселелерін назарда ұстаған. Оқытушы әр сабақта оқушыға осы негізде құрастырылған тапсырмаларды ұсынса, ұтылмайтыны анық.
А.Байтұрсынов сөйлеммен лепес жасату, жаңылтпаш жасату арқылы білім алушылардың танымын кеңейтіп, жылдам ойланып жауап беруге баулиды. Ол белгілі бір сөздер тізімін беру арқылы жүзеге асады.
Сонымен қатар дамыта оқыту технологиясы, деңгейлік тапсырмалармен жұмыс түрлері, топтық, ұжымдық жұмыс түрлерін қамтыған. Мәселен, ғалымның «Ойнаңдар!Ойлаңдар!» айдарымен берген тапсырмасына назар аударайық:
Ойнаңдар! Ойлаңдар!
Бір қазақ қалаға бара жатыр еді, жолда үш танысы шықты. Қанша адам қалаға барды?
Мақал. Бір көрген біліс, екі көрген таныс.
Кісі бір көргенінде бұлан
Екі көргенінде құлан,
Үш көргенінде адам. [1, 75]. Бұл тапсырма логиканы дамытатын сұрақ түрінде берілген, артынан сұраққа ұқсас келетін мақал береді. Оның өзі білім алушының тақырыпқа байланысты мақал таңдай білу танымын қалыптастырады. Оның алдына проблемалық мәселені шешуді қояды. Бір қарағандай оңай көрінгенмен, берілген тапсырма оны ойлауға жетелейді.
Ғалым жүйелілікті қатаң сақтаған. Мысалы, «Әліп-биде» алдымен «еңбек-ермек» айдарымен берілген тапсырмалар арқылы сөздерді үйретеді, ол сөздерді бірте-бірте күрделендіреді (ар, ара, араз; аз, аза, азар) және керісінше дағдыландырады (Ораз, ора, ор), ол сөздерден сөйлем (Ор, Ораз! Ораз!ор), сөйлемнен жаңылтпаш (Ораз орар, аз орар) құрастыруға жетелейді. Түрлі суретті көрнекіліктер арқылы меңгертіп, олардың ойлауын дамыту мақсатында «Ойнаңдар! Ойлаңдар!» айдарымен тапсырмалар ұсынады. Мақал және мәтіндер арқылы тақырыпты қорытындылап, тұжырымдауға үйретеді. «Тіл құралда» бірінші дағдыландырып, одан кейін сынау үшін тапсырмалар беріледі. Ғалым оның ұсынылу себебін былайша түсіндіреді: «Тіл құралымен» балаларды оқытқанда, һәм қағида я ережені оқытқаннан кейін, балалар әбден түсіну үшін сөйлем сөздерді, мақалаларды үлгіге алып, олардың ішінен қағида я ережеге келетін жерлерін балаларға таптыртып, басқалардан айыртып үйрету. Солай бірнеше ірет істеп көрсеткеннен кейін, балалар керек сөздерді өздері тауып, өздері айыруға дағдыланады. Сонан соң балалар дағдыланып, үйреніп болды ғой дегенде, нық біліп болған-болмағанын байқау керек, сынау керек. бір қағида я ережені балалар әбден үйреніп, тиісті орнында жұмсай білгеннен кейін ғана келесі қағида я ережені үйрету» [1 , 143].
Тілші-ғалымның танымдық-тағылымдық технологиясының түпкі нәтижесі білім алушының қатысымдық, танымдық, проблемалардың шешімін табу, ақпараттық құзіреттілігін қалыптастыруға бағытталған. Ал бұл бүгінгі білім беру жүйесінің басты мақсаттарының бірі.
Мағжан Жұмабаевтың дара тұлғаны қалыптастыру технологиясы. Өмірінің көбін ұстаздықпен өткерген, мамандығы педагог ақын еңбегінде баланың бойынан даралық, тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру жолдарын көрсеткен. Жас бала бойындағы мінез-құлық, қасиеттерін тәрбиелей отырып, сол жас жеткіншектің бойына тұлғалық дарындылықты қазақтың ұлттық тәрбиесі арқылы қалыптастыруды жөн көрген. Осы өскелең ұрпақтың ұлттық тәрбие арқылы дара тұлғаға айналуына бірден бір септігін тигізетін, ол –тәрбиеші, яғни мұғалімнің атқаратын міндеттеріне аса мән берген. Себебі, балаға жастайынан, мейлі ол ата-ана, мейлі мұғалім, мейлі қоршаған ортадан қандай тәрбие берілсе, ол сол тәрбиемен кетеді. Оған ғалымның мына сөзі дәлел: «Бала аурулы, зағип болса, баладан емес, тәрбияшыдан; бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбияшы кінәлі; бала сұлулықтан ляззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбияшы жазалы» [46].
Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасы» тұңғыш педагогикалық еңбек болып саналады. Еңбек ұлттық тәрбие беруді көздеген. Ғалым еңбегін «Алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын мұғалімдікі», – деп, ұстаздар қауымына арнап жазған. Кітап он төрт ірі бөлімнен тұрады, әр бөлім шағын тармақтарға жіктеліп, әрбір мәселеге тиянақты, дәлелді, дәйекті жауаптар берілген. Мағжан Жұмабаев тәрбиені дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, құлық тәрбиесі деп төртке бөледі де, «егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны» деп, адам өмірінде тәрбиенің ерекше рөл алатынын айқындаған.
Ғалымның «Тәрбияшы баланың қаһарлы қожасы болмасын, жұмсақ жолдасы болсын» деген пікірі қазіргі таңдағы оқыту технологияларының басты міндеттерінің бірі болып саналады.
Ғалым «бір затты үйреткенде, мүмкіндігінше, сол заттың түрін де көрсет, дыбысын да естірт, ұстатып та көр, иіскет, дәмін татқыз, сипат, суретін салғыз» деп, бүкіл іс-әрекетті баланың өзіне істетуді ұсынады. Баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыруды көздейді [46, 2].
Мағжан Жұмабаевтың дара тұлғаны қалыптастыру технологиясы бір-бірімен тығыз байланысты мынадай ұстанымдарға негізделеді:
1. Білім алушы мен мұғалім арасындағы ұлттық тәлім-тәрбиеге құрылған достық қарым-қатынасты орнату. Бұл ұстаным бойынша жеке тұлғаны дамыту үшін мұғалім мен оқушы арасында еркін қарым-қатынас ұлттық тәрбиемен ұштастырып, неғұрлым оқушының ойымен санаса білсе, білім алушы да соғұрлым өз ойын ашық, әрі нақты білдіру арқылы берген білімді есте жақсы сақтап үйренеді. Бұл мұғалім мен оқушы арасындағы ашық, достық қарым-қатынасқа құрылуы қажет.
2. Жаңа білімді ескі білімге байлап оқыту. Бұл ұстаным бойынша «...бір нәрсені бала есіне тез алсын һәм ұзақ ұстасын десе, балаға жаңа беретін білімді жат күйінде бермесін, баланың бұрынғы таныс білімдеріне байлап берсін». Аталған ұстаным жақыннан алысқа, таныстан жатқа, жеңілден ауырға көшу тәрізді міндеттерді шешуді көздейді[46]
Ғалымның пікірлерін қорытындылай келе, мынадай тұжырымға келуге болады: Мағжан Жұмабаевтың дара тұлғаны қалыптастыру технологиясы деп оқушының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, «қайратты етіп өсіру үшін еркіне жіберіп, әр нәрсені салыстырып, сынатып, өз қолынан келетін іске ырықты қылып, құбылмайтын ұсақтық пен қажымайтын ... тәртіпке бағындырып, жан істерін қайратына жеңдіруді үйретіп», білім алушының жеке тұлғалық қасиеттерін дамытуды айтамыз.
Жүсіпбек Аймауытовтың пәнаралық байланыс арқылы ынталандыра оқыту технологиясы. XX ғасыр басында қаз тұрған қазақ психологиясының іргетасын қалаған Ж.Аймауытовтың еңбектері. Жүсіпбек Аймауытовтың шығармалары – ұлт тәрбиесінің өзегі. Бүгінгі білім беру парадигмасы тұрғысынан қарастырсақ, Ж.Аймауытовтың педагогикалық, психологиялық және әдістемелік идеяларының маңызы, өзектілігі: оны біліктілікті арттыру жүйесін модернизациялаумен тығыз байланыста қарастыруға болады. Ғалымның педагогика және психология саласындағы еңбектері бүгінгі білім беру мақсаттарымен үндесіп жатыр.
Ж.Аймауытовтың «Тәрбиеге көмекші», «Тәрбие жетекшісі», «Психология», «Комплекстi оқыту жолдары» деген еңбектерінде бүгінгі таңдағы білім беру технологияларында қолданылып, айтылып жүрген мәселелердің көбінің бұрын да аталып өткеніне көзімізді жеткізе аламыз. Ж.Аймауытов «Психология» еңбегінде мұғалімнің кәсіби дайындығы туралы былай дейді: «Айтпай-ақ белгілі, баланың мінез-қылығын байқаушы - оқытушылар балаларынан бақылаған, тапқан-таянғанын соларды амалға тәрбиелеу үшін құрал ету керектігі; амалға неше түрлі мақсатқа қолайлы болған серпілудің бәрі кіреді».
Ғалым оқыту, бiлiм беру әдiстерінiң догма емес, iзденуден туатын iс-әрекет екенiн дәлелдейді. Бұдан ғалымның бір әдіс-тәсілмен шектеліп қалмай, оны әрқашан да жаңа әдіс-тәсілдермен байытып, дамытып отыру керек деген тұжырымын байқауға болады. Сонда ғана ол ізденімпаз мұғалімнің сабағына, беретін пәніне деген білім алушылардың ынта-жігері оянады, арта түседі.
Ынталандыру әдісі тек педагогтың шеберлігіне, әдіс-тәсіліне байланысты емес. Отбасының да оқушының тәрбиесі мен білім алуына қосатын үлесі ерекше болып табылады. Осыған байланысты, жалпы мектептегі білім беру жүйесі «мұғалім — оқушы — отбасы» деген үшбұрышты парадигма арқылы белгіленеді. Автор бала тәрбиесiндегi отбасының рөлiне зор мән бере келiп, «Баланы бұзуға, яки түзетуге себеп болатын бiр шарт – жас күнiнде көрген өнегеге, ата-анасының берген тәрбиесiне байланысты «ұяда не көрсе, ұшқанда соны iледi», - деп бала мiнезiн қалыптастырудағы отбасы мүшелерiнiң рөлін айқындап көрсетеді.
Мұғалімнің кәсіби даярлығы мен біліктілік дәрежесінің білім алушыны тұлғалық тұрғыдан қалыптастырудағы рөлін айқындайды. Мұғалімнің тұлғаға бағдарланған кәсіби қызметін төменгідей бағытта жүргізуді сөз етеді:
сабақта игерілуге тиісті материалдарды бергенде әр оқушының жеке субъективті тәжірибесіне сүйенеді, ол тәжірибені, білімді бағалау, бекіту кезінде есепке алады;
сабақтағы жұмыс түрін таңдауға оқушыға ерік береді, сол күнгі сабақ үстіндегі жағдайды ескеріп жедел қайта құра біледі;
дидактикалық, үлестірмелі материалдарды оқушылардың жеке ерекшелігіне сай сұрыптап береді;
сабаққа барлық оқушыларды қатыстыра отырып, диалог, әңгімелесу негізінде құрады.
Мұғалімнің сабақтағы іс-әрекетіне, әдіс-тәсіліне баға берген кезде оның сөйлеу мәдениетіне жете көңіл бөлуге мән беріп, мұғалім тек түсіндіруші ғана емес, түсінуші, үйлестіруші, оқушы пікірі мен дәлелдеріне құрметпен қарайтын адам болуы тиіс деп тұжырымдайды.
Ыбырай Алтынсариннің тілдік дағдыны жетілдіру технологиясы. Ы.Алтынсарин мұғалімнің жұмысына баса мән берген. Тілдік дағдыны жетілдіру үрдісінде білім алушылардың байланыстыра сөйлеуі және ауызекі сөйлеу тілдерінің жетілуіне ерекше көңіл бөлінеді. Күнделікті өмірде, қарым-қатынаста адамдар, ең алдымен, ауызша тілдеседі, сол арқылы бір-бірімен түсініседі. Ауызекі сөйлеу тілін дамыту, ең алдымен, оқушылардың сөздік қорын байытудан басталады. Сөздік қоры мол оқушы кез келген жағдаяттан шыға алады. Қатысымда баяншының сөзінің қысқа, нақты, дәл болуына назар аударылады.
Бүгінгі таңдағы технологиялардың ішінен тілдік дағдыны жетілдіру мәселесін арнайы атап көрсетіп бермесе де, еңбектерінде Ы.Алтынсариннің аталмыш технологияны үздіксіз жүзеге асырып отырғандығы айқын көрінеді. Бұл әдістерді алдыңғы қатарға қою арқылы олардың тілдік сауаттылығын, әдеби тілде таза сөйлеуге, ана тілінің қыр-сырын терең меңгеруге баулимыз. Ы.Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясында» қазақ балаларының өміріне, табиғатына жақын келетін мәтіндерді пайдаланған..
Ы.Алтынсарин өзінің еңбектерінің ықшам әрі түсінікті болуына қатты мән берген. Осы тұрғыдан алғанда да ұстаз ұсынған әдістер қазіргі заман мұғалімдеріне де үлгі бола алады. Оқушыға ұсынылған материал қысқа, алайда беретін білімінің сапасы жоғары, білім алушы қиналмай, жылдам да тез түсіне білетіндей етіп берілуі керек. Өзінің ұстаздық қызметінде осы қағидаларды негіз етіп ұстанған Ы.Алтынсарин мұғалім жұмысын басты назарында ұстап, олардың білімін үздіксіз жетілдіріп отыруына көңіл бөлген.
Қазақ тілі сабақтарында студенттің сөйлеу тілін дамытуда Ы.Алтынсарин әңгімелерін қолданудың маңызы мен тиімділігі өте зор. Оның негізгі себептері Ы.Алтынсарин әңгімелерінің сөйлесімдік мәтіндерге қойылатын талаптарға сай келетіндігі мен көркем шығарма ретінде қазақ халқының мәдениетін, тарихын, өзіне тән сөйлеу стилін, қоғамдағы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын бейнелейтін құрал қызметін атқара алуында жатыр[48].
Тілдік дағдыны жетілдіру барысында адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау, пікір алмасу құралы – сөз, соның нәтижесінде сөйлеу әрекеті басты орынға шығады. Тілдік дағдыны жетілдіру сабақтарында берілген материалды оқу мен тыңдау қатар жүзеге асады. Бұл білім алушылардың көру-оқу-тыңдау-түсіну және еске сақтай білу қабілеттерін шыңдауға әсерін тигізеді. Сонымен бірге, сабақ барысында мәтінді оқып, талдау және мазмұндау әрекеттері кезектесіп жүргізіледі. Ы.Алтынсарин әңгімелері бұл орайда өте ыңғайлы әрі жеңіл, түсінікті етіп берілген. Оның мектеп оқушыларына арнап құрастырған оқу құралдарында берілген мәтіндер тілдік дағдыларды қалыптастыруға, еркін, қарапайым баяндауға бейімді. Тілдік дағдыны жетілдіру үрдісінде білім алушының байланыстыра сөйлеуі және ауызекі сөйлеу тілдерінің жетілуіне ерекше көңіл бөлінеді. Күнделікті өмірде, қарым-қатынаста адамдар, ең алдымен, ауызша тілдеседі, сол арқылы бір-бірімен түсініседі. Ауызекі сөйлеу тілді дамыту, ең алдымен, білім алушылардың сөздік қорын байытудан басталады.
Құдайберген Жұбановтың дамыта оқыту технологиясы. Қ.Жұбанов өз заманындағы педагогикалық ой-пікірден шамамен 30-40 жылдай озық кетіп, әрбір пәннің тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге тәрбие де бере алатынын, ол үшін, ең алдымен білім алушының ақыл-ойын тәрбиелеу керектігін айтып, соған өз оқулығын бейімдей жасаған.
Ғалым мұғалімнің білім беріп қана қоймай, білім алушыны тұлғалық жағынан қалыптастырушы екендігін де атап көрсетті. Ал білім алушыны тұлғалық жағынан қалыптастыру мен дамыту қазіргі оқыту технологияларының басты мақсаты.
Қ.Жұбановтың «Қазақ тілінің грамматикасы» оқулығынан қазіргі әдіскерлеріміз кең қолданып жүрген деңгейлік тапсырмалар арқылы дамыта оқыту әдісінің элементтерін байқауға болады. Оқулық құрылымы әр оқушының белгілі бір тақырып бойынша жүйелі білім алуы үшін белгілі бір деңгейдегі тапсырмаларды орындау қажеттілігіне негізделеді. Егер оқушы аз уақыттың ішінде көп тапсырма орындап үлгерсе, ол оның қабілетін, белсенділігін, іскерлігін, ал ұстаздың шеберлігін көрсетеді. Мұндай жұмысты жүзеге асыру үшін мұғалім оқулыққа сүйене отырып, өз сабағын ғылыми түрде ұйымдастыруы керек. Оқытуды ғылыми ұйымдастыра алмаған мұғалім деңгейлік тапсырмаларды да орындата алмайды. Ал педагогикалык заңдылықтарды неғұрлым жақсы білсе, оқу технологиясының талаптарын да неғұрлым жақсы орындатады. Сөйтіп, деңгейлік тапсырмаларды орындау барысында жақсы оқитын студент зерікпейді, орташа студент бос отырмайды, ал нашар оқитын студент бос көшіре бермейді.
Құдайберген Жұбанов еңбектерінде білім алушыны дамыта оқытуға ерекше мән берген. Қай әдісті ұсынса да, білім алушыны жан-жақты дамытуды көздеген.
Қ.Жұбанов «Қазақ тілі грамматикасында» қазақ тілін жете меңгерту үшін әрбір жаңа тақырыпты образды түрде меңгертуге мән берген. Мысалы, сөз бөлшектерінің құралуын меңгерту үшін ғалым: «Сөз бөлшектерінің жасалуы үйдің салынуы сияқты. Ағаш, тас, кірпіш, балшықтарды қалай болса, солай құрастырып үйе салса, үй болмайды, тек үйіншік болады. Үй болу үшін қиынын тауып қалап, байлауын тауып ұстатып; адам тұратын бөлме ме, мал қамайтын қора ма, астық жиятын сарай ма? – қайсысы екеніне – керегіне қарай тиісті түр беру керек» дейді [2, 135].
Жоғарыда келтірілген мысалдардан қазіргі таңда білім беру саласында жаңа технологиялар ретінде жаңашыл-мұғалімдердің ұсынып жатқан әдістемелерінің Құдайберген Жұбанов еңбектерінде негізі қаланғанын көрсетеді.
Маулен Балақаевтың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру технологиясы. Қазіргі кезде тіл дамыту мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Рас, ол мәселе тек қазір ғана көтеріліп отырған жоқ, оның өзіндік тарихы бар. Тіл дамытудың жоғары сатысы – тіл мәдениеті, мәдениетті сөйлеу. М.Балақаев мәдениетті, әдеби тілде сөйлеу білімді, мәдениетті адам межесі деп есептейді. Тіл мәдениетінің нормалары сөз байлығы мен олардың мағыналарында, грамматика мен оның құрылымында, стилистика мен стильдер тармақтарында, орфоэпия мен орфографияда және пунктуация мен әріптердің орналасу тәртібінде деп, олардың бәрінің тіл мәдениетіне, тіл дамытуға қатысын ескерткен. Тек грамматиканы оқыту арқылы, тек сөздік қорды байыту арқылы шебер сөйлеуді қалыптастыру мүмкін емес. Бай сөздік қорды грамматикалық заңдылықтар бойынша қолдана білуге үйрету арқылы әсерлі, әдемі сөйлеуді қалыптастыруға болады.
Сөз мәдениеті – оқушының интеллектуалдық және мәдени сапасын арттыратындай тілдік қатынасқа төселдірудің негізі. Бұл жерде тілдік қатынас – сөйлеу тілі арқылы ұғынысу, түсінісу дегенді нақтылай келіп, жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге кеткен, өмірде өзіндік орны бар, қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алысуы, адамдық қатынастың түп қазығы дегенді білдіреді.
Ғалым қазақ тілі пәнін игеруде білім алушыларға мынандай талаптар қояды: сөз байлығын орфоэпиялық молайту, нормаларын сақтап дұрыс оқу; сөз тіркестерін, сөйлемдерді дұрыс түсініп, дұрыс құрай білу; жұрт алдында сөйлей білу. Тілші тіл дамыту жұмыстары тікелей оқушының тіл мәдениетін арттыра түсуіне қатысты, олар өзара тығыз байланысты екенін естен шығармау керектігін ескертеді. Қазақ ғалымдарының ұлттық құндылық, өзін өзі тану, ағарту ісін жақсарту, тілді дамыту, ұлттық мектепті қалыптастыру сияқты биік мұрат, мақсаттардан тұратын еңбектерінің бүгінгі күн талабымен сабақтасып жатқанын көзі қарақты адам бірден біледі. Олар қоғамның ізгілікті даму бағытын армандап, өз халқын жалпы адамзаттық биік рухани қағидаларға баулып, өз елін өркениет биігінен көргілері келген. Қорыта келгенде, ғалымдардың пікірлері бір арнаға тоғысып, ұлт мектебінің іргетасын құрайды. Жас ұрпақтың санасына ұлттық рух пен патриоттық тәрбиені қалыптастыруға, ұлттық сананы оятуға ықпал етеді. Бұл технологияларды білім беру үдерісіне енгізіп, дамыту, оны қолдануды барлық пән бойынша жүзеге асыру – алда тұрған басты міндеттердің бірі. Қазақ тілі пәні мұғалімінің жұмысының нәрлі, нәтижелі болуы қазақ тілін оқытуды ұйымдастырудың дәрежесіне, оның дұрыс жолға қойылуына байланысты. Себебі ана тілі мектептерде, жоғары оқу орындарында тек пән ретінде ғана оқытылып қоймайды. Ол өзге пәндердің бәрінен де білім беруге және бүкіл тәлім-тәрбие жұмыстарын жүргізудің негізгі құралы болып табылады.
Студент оқытушының әділдігін, ақылдылығын, білімділігін, уәдеге беріктігін бағалайды. Шебер мұғалім мұны әрқашанда жадында ұстайды. Шебер мұғалім алдындағы студентке өзінен кіші жай адам деп қарамай, өзіне тән мінез-құлқы, сана-сезімі, тілек-талаптары бар жеке тұлға ретінде қарайды. Әрине, шеберлік бірден пайда болмайды. Ол жылдар өткеннен кейін үлкен ізденістер мен орасан еңбектің арқасында келеді. Педагогикалық шеберлік сан қырлы, әралуан. Оның күрделілігі мұғалімнің еңбек нысанасының өзіндік ерекшелігімен түсіндіріледі. Шебер мұғалім сабақ үрдісінде, сабақтан тыс уақытта та үнемі ізденіс үстінде жүреді. Осы ізденістің арқасында үлкен жетістіктерге жетеді. Сабақ үрдісінде жаңа технологияларды қолдану арқылы да немесе қолданбай да жоғары нәтижеге қол жеткізуі мүмкін. Ол сабақ үрдісін дұрыс, жүйелі ұйымдастыра білуіне де байланысты. Мұғалім студенттің сабақтағы белсенділігін, сабаққа деген қызығушылығын әдіс-тәсілдерді ұтымды, орынды қолдана білу арқылы оятады. Сабақты бір сарынмен өтпей, өзгертіп отыру тағы да мұғалімнің шеберлігіне келіп тіреледі. Мұғалімнің шеберлігіне оның білімі, дағдысы, студентпен қарым-қатынасы, бейімділігі, қабілеті, жүріс-тұрысы, киген киімі, сөйлеген сөзі де кіреді. Міне, осылардың бәрін бір басына жинақтай білген, студентті түсіне білген ұстаз белгілі бір жетістіктерге қол жеткізеді.
3- дәріс
Қазақ тілін деңгейлік тапсырмалар арқылы оқытудың лингвистикалық негіздері
Лингвистика – тіл туралы ғылым. Қазақ тілі фонетика, лексикология, морфология, синтаксис, стилистика т.б. салаларға бөлінгенімен, сол салаларының бәрінің зерттеу обьектісі – сөз. Сөз – тілдің негізгі бірлігі, дыбыстық таңбалар мен мағынаның көрінісі. Бұдан шығатын қорытынды: тіл мен сөз – бір құбылыстың екі жағы болғанымен біртұтас құбылыс. Лингвистика сөйлегенде қолданылатын тілдік құралдарды, олардың ережелерін, қолданылу тәртібін, тілдегі стильдік құралдарды, сөздің дыбыстық, морфологиялық, синтаксистік жағын, яғни тілдік норманы қарастырады. Қазақ тілінің ереже, заңдылықтарын игерген оқушы өз ойын басқаға түсінікті, жүйелі, еркін жеткізіп, сөйлеу тілін дамыдаты.
Қазақ тілін оқытуда тілдің үш түрлі қызметі танылады:
Жүйелі түрде жинақтау қызметі – адамның лингвистикалық білімін
тәжірибе жүзінде жинақтау, жүйелеу. Лингвистикалық тұлғалардың қатысынсыз, тілдік единицалардың белгілі бір жүйелі қолданылу ережелерін білмей басқа ғылым салаларын меңгеру мүмкін емес.
Жүйелі жинақтау қызметі екі түрлі жолмен іске асырылады:
Лингвистикалық тұлғалардың бірлігі;
Тіл білімі бойынша білім сапасы.
Тілдің танымдық қызметі – тіл арқылы өмірді, қоғамды, ортаны
таныту: а) оқушының ішкі пайымдауының қалыптасуы; ә) ойлау операцияларының көмегімен белгілі бір обьекті жөнінде түрлі ситуацияларға еркін араласу;
Тілдің қатысымдық қызметі – адамның тіл арқылы түрлі қарым
қатынасқа түсуі. Оқытудың қатысымдық қызметі тілді жан-жақты меңгеру, хабарласу, суреттеу, диалогтік, монолгогтік, тілдің көркемдеуін құралдарын пайдалануды талап етеді.
Лингвистикалық заңдылықтар мен грамматикалық ерекшеліктерді меңгерген адам белгілі бір тілде өз ойын қажетіне қарай дұрыс, сауатты жеткізеді. Сөйлеу тілінің дамуы оқушының сөздік қорының мол болуына байланысты. Лексикалық қор тіл қатынасының мүмкіндігін, сөйлеу әрекетінің дамуын қамтамасыз етеді. Лингвистикалық заңдар мен қағидаларды игеру арқылы оқушының сөйлеу тілі дамиды. Сөйлеу қабілеті – адамның ойлау, пайымдау, тыңдау, түсіну, айту, оқу, жазу, пікірлесу, т.б. әрекеттеріне тікелей қатысты құбылыс. «Ойлау хабарлау, баяндау, қабылдау, пайымдау сөз арқылы іске асады. Сөз – сөйлеу, пікір алысу үрдісіндегі ең басты тұлға. Тиянақты ойды жеткізетін басты тұлға сөйлем. Сөйлеу процесндегі сөздің ерекшелігі – ол обьективтік шындыққа меңзейді» (114).
Адамның ойы тіл арқылы сыртқа шығып, сөйлесім арқылы бейнеленеді. Тілдік қатынасты, сөйлесім әрекетінің түрлерін зерттеген Ф.Оразбаева былай дейді: «Сөйлесім арқылы адамдар бірін-бірі түсініп қана қоймай, сонымен бірге қоғамдық-әлеуметтік маңызы бар үлкен мәселелерді шешеді, не керісінше кері кетірдеі. Сөйлеу қай жағдайда болса да, аманың алдына қойған мақсатына қызмет етеді, осыдан келіп сөйлесімнің мәні шығады» (132) дейді.
Қазақ тілін деңгейлік тапсырмалар арқылы оқытуда тіл салаларының байланысы ескеріледі. Лексика, фонетика, морфология, синтаксис салаларын оқытудағы негізгі мақсат – оқушыларды дұрыс, орынды, жүйелі сөйлеуге дағдыландыру. Морфология саласында оқушыға сөздің мағыналы бөліктері үйретіліп, олардың қолданылуын меңгерту арқылы дұрыс сөйлеу дағдысы жетіледі. Сиснтаксис саласында сөз бен сөзді байланыстыру, сөйлеу, сөйлеу арқылы ойды жеткізу дамытылады. Деңгейлік тапсырмалар тілдің қай саласына арнап құрастырылса да, олар оқушылардың сөйлеу тілін, сөз мәдениетін дамытуды мақсат етеді.
4-дәріс
Қазақ тілін деңгейлік тапсырмалар арқылы оқытудың психологиялық негіздері
Қазақ тілін деңгейлік тапсырмалар арқылы оқытуда белгілі психологтар Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Мұқанов, Т.Тәжібаев, Қ.Жарықбаев, Э.Ильенков, Л.Выготский, В.Давыдов, Р.Немов, А.Вейн, Б.Каменская, В.Петуховалардың қөзқарастары негізге алынады.
Оқушының ой-өрісінің дамуы оқу әрекетімен тығыз байланысты. Оқу әректенің негізі – оқушы, түпкі мақсаты – оқушының ойлау қабілетін, санасын дамыту. Психологтрадың пікірінше оқу әрекеті дегеніміз оқушының өзін-өзі тану, өзгертуі.
Алғашқы дәрісте Беспальконың деңгейлік тапсырмаларды жіктеуіне тоқталдық. Олар: оқушылық, алгоритмдік, ізденімдік, шығармашылық. Осы деңгейлік тапсырмалардың жүзеге асуы оқушыларға психологиялық тұрғыдан әр түрлі әсер етеді. (Көрнекілік)
Оқушылық деңгейдегі тапсырма, жаттығуларды орындау барысында оқушы оперативтік есіндегі білім мазмұнын қорытады, талдайды, жинақтайды.
Алгоритмдік деңгейдегі тапсырма, жаттығулар алғашқыдан гөрі кеңейтілген түрде беріледі. Мұнда «оперативткі ес» пен «ұзақ уақыттық жадының» ара байланысы түзіледі.
Ізденімдік деңгейдегі тапсырмалар оқушылардың ізденісін қажет ететіндіктен, олардың ойлау ерекшеліктері де соған бейімделеді.
Шығармашылық деңгей – оқушының интеллектуалдық ойлау дәрежесі өседі. Шығармашылық деңгейде оқушының шығармашылық ойлау, шығармашылық қабілеті оның тілден алған біліміне сүйене отырып дамытылады.
Қазақ тілін деңгейлік тапсырмалар арқылы оқытуда оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға көңіл бөлінеді. Оқушылардың зейінін сабақта қадағалай отырып, зейіннің түрлеріне қатысты тапсырма түрлері беріледі. Оқушы зейінін өзіне аудару үшін, тітіркендіргіштің жаңа болуы керек. Бір деңгейден екінші деңгейге өтуде оқушы зейіні бірқалыпты болмайды, осының өзі тітіркендіргіштердің зейінді өзіне аударуына ықпал етеді. Ес пен зейін, ойлау мен қабылдау оқушының зеректігіне әсер етеді. Сондықтан сабақта оқушының есін дамытуға байланысты тапсырмалар жүйесі ерекше орын алуы керек.
Деңгейлік тап.орындауда оқушылардың өз бетімен ойлануына, қиялының дамуына жағдай жасалуы тиіс. Д.т. түрленіп берілуі оқушының ақыл-ойын дамытады. Ойлау арқылы біртіндеп қиялы туындайды. М.Мұқанов «продуктивті ойды толықтыруда қиял ерекше орын алады. Өйткені продуктивті ой – ойланып-толғанудың нәтижесі болғандықтан қабылданған хабарларды өзгертіп отырудың ерекше мәні бар» дейді (48).
В.Давыдов оқытудың негізігі міндеті әрбір жас ерекшелігін ескере отырып, пихикалық дауды жеделдету емес, оны байыту, жас ерекшелігінің барлық мүмкіндіктерін тани отырып болашағына қызмет ететіндей күйде дамыту керектігіне назар аудартады.
Дұрыс, қалыпты даму жағдайында индивидте белсенділіктің үш түрі дамиды:
Физикалық белсенділік;
Психикалық белсенділік;
Әлеуметтік белсенділік.
Оқушының әр жас кезеңінде психикалық жаңа процестер жүріп, жаңа көзқарастар қалыптасады. Бұл өзгерістер 2 нәрсеге байланысты:
Пихофизиологиялық процес. Бұл өзгерістер дене құрылысы мен
эмоциялық сезімдікке әсер етеді.
Әлеуметтік процесс. Бұл өзгерістер оқушының ой-санасына әсерін
тигізеді. Соның нәтижесінде оқушыда жаңа сезімдер, тілек-армандар, мотивьтер пайда болады.
Оқушы писхикалық даму барысында қоғамда жинақталған білімді, материалдық және рухани құндылықты игереді. Соы арқылы қоғамның мүшесі болады. Ол оқушының болашақтағы тұлғалық бейнесін айқындайды.
Қазақ тілін оқытуда деңгейлік тапсырмаларды орындату арқылы оқушының ойлауын дамыту көзделеді. Ол үшін тақырыптарды оқытуда арнайы ситуация жасап, осы бағыттағы жаттығуларды орындату қажет. Ойлау мен тілді, ес пен қиялды дамыту деңгейлік тапсырмаларды орындату арқылы шешіліп отыруы тиіс проблема. Білім алу процесінде оқушының саналы ойлау дағдысы дамиды. Бұл оқушының есеюіне әсер етеді және өмірлік құндылықтарға сыни көзқарасын қалыптастырады. Деңгейлік тапсырмалардың ерекшелігі: оқушы әр деңгейдің тапсырмасын орындау барысында өзінің біліміне сыни көзқараспен қарай алатын болады. Бір деңгейден екенші деңгейге көшу арқылы білім мазмұны ғана игеріліп қоймайды, сонымен қатар психикалық даму да жүреді.
