- •Пән бойынша негізгі ұғымдар мен түсініктер (глоссарий)
- •5.Қаралған және ұсынылған
- •Пәннің мазмұны
- •Көркем әдебиет
- •Әдебиеттің халықтығы
- •Көркем шығарма
- •Сюжет туралы үғым.
- •Көркем шығарманың тілі
- •Әдебиеттің тектері мен түрлері
- •Әдеби процесс
- •Көркемдік әдіс. Әдеби бағыт, ағымдар
- •Студенттің оқытушымен бірлесіп атқаратын жұмысының (соөж) тақырыптары
- •Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі қорқыт ата атындағы қызылорда мемлекеттік университеті
- •Жұмыс оқу бағдарламасы
- •Қызылорда, 2014 жыл
- •3. Постреквизиттер:
- •Оқу жоспарының көшірмесі
- •5.Дәрістік, практикалық және зертханалық сабақтарының күнтізбелік-тақырыптық жоспары
- •5.1. Дәріс сабақтарының мазмұны
- •5.2.Практика /семинар сабақтарының мазмұны
- •5.3. Білім алушының оқытушымен бірге орындайтын өзіндік жұмыстарының жоспары
- •5.4. Білім алушының өзіндік жұмысы
- •6.Аралық бақылау сұрақтары
- •6.1.Бірінші аралық бақылау
- •6.2. Екінші аралық бақылау сұрактары:
- •7.Пән бойынша оқу-әдістемелік материалдар
- •7.1. Әдебиетгер тізімі (негізгі, қосымша)
- •Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі қорқыт ата атындағы қызылорда мемлекеттік университеті
- •Мамандығы: 5в 011700 – қазақ тілі мен әдебиеті Қызылорда, 2014.
- •Пән туралы ақпарат
- •Пәннің қысқаша сипаттамасы:
- •5.Пәннің мазмүны
- •5.Сюжет және фабула
- •6. Әдеби жанрлар теориясы
- •7. Лирикалық жанрлар.
- •Дәстүр жэне жаңашылдық мәселесі
- •Көркемдік әдістер
- •14. Хуш ғ.Еуропадағы ағартушылық дәуір.
- •5.2. Практикалық/ семинар сабақтарының тақырыбы мен мазмұны
- •Білім алушының оқытупіынын катысуымен орындалатын өзіндік жұмысының тақырыптары мен мазмұны
- •5.4. Білім алушының өзіндік жұмысы
- •6.1.Бірінші аралық бақылау
- •6.2. Екінші аралық бақылау сұрактары:
- •7.Пән бойынша оқу-әдістемелік материалдар
- •7.1. Әдебиетгер тізімі (негізгі, қосымша)
- •8.Емтихан сұрақтары
- •Кредиттік жүйе негізінде білім алатын студенттердің білімін бағалау жүйесі
- •Тест түріндегі аралық бақылау көрсеткіші (20 сұрақ бойынша)
- •Тест түріндегі қорытынды бақылау көрсеткіші (50 сұрақ бойынша)
- •Курс саясаты
- •Пән бойынша тапсырмалар кестесі
- •Аралық бақылауды тапсыру кестесі
- •Өнердегі типтілік мәселесі. Типтік бейне.
- •Көркем шығармадағы мазмұн мен пішін мәселесі
- •Әдебиеттің тектері мен түрлері. Эпнкалық шығармалардың түрлері (жанрлар)
- •- Лекция. Әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық мәселесі
- •11. Көркемдік әдіс, оның түрлері
- •Хуііі ғасырдағы Еуропадағы ағартушылық дәуір эстетикасы
- •«Әдебиет теориясы» пәні бойынша практикалық /семинар/ сабақтарының жоспары мен тақырыптары
- •Пәнді өз бетімен оқып –үйренуге арналған әдістемелік нұсқау
- •Білім алушының оқытушымен бірге орындайтын өзіндік жұмысының жоспары мен тақырыптары Білім алушының оқытушының қатысуымен орындалатын өзіндік жұмысының тақырыптары
- •Білім алушының өзіндік жұмысының жоспары мен кестесі
- •Оқу сабақтарының бағдарламалық және мультимедиалық қамтамсыз етілуі
- •Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының арнаулы дәрісханалардың саны
Көркем шығармадағы мазмұн мен пішін мәселесі
Жоспары:
3.1Түр мен мазмұн туралы ұғымдар тарихы
3.2 Түр мен мазмұнның элементтері
3.3Түрдің мазмұнға, мазмұнның түрге айналуы. Жаңа мазмұн жаңа түр.
Әдебиеттер: 1. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Алматы, 1973.
2. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш //Шығармалары, 1989.
3. Қабдолов З. Сөз өнері. 1992; 2002;
4.Тимофеев А. Основы теории литературы. М., 1977.
5. Гуляев Н. Теория литературы, М., 1977.
6. Хализев В. Теория литературы. М., 1999.
Көркем әдебиет - өнердің ең биік те мәртебелі түрі. Ол – көркемдік әлемі. Сырлы, нұрлы, ғажайып әлем, тағылым - өнегесі, шуағы мол рухани әлем.
Көркемдік дегеніміз іргелі ұғым. Оның мән – мағынасы көркем бейне, суретті, айшықты тіл арқылы ғана танылмайды. Көркемдік өнер туындысының ішкі, сыртқы болмысын түгел қамтитын, сол екеуінің жарасым – бірлігі арқылы танылатын ерекшелік, сапа.
Көркем туындының ішкі мәні және сыртқы құрылым, өрнегі дегеннен өнердегі ең күрделі де аса маңызды мазмұн мен пішін мәселесі келіп шығады.
Көркемдік ұғымы мазмұн мен пішін бірлігі мәселесімен тығыз сабақтасып жатыр. Мазмұн мен пішін бірлігін түсінбей тұрып, көркемдік, шынайылық жайын ұғыну қиын.
Мазмұн мен пішін мәселесі өнерге, әдебиетке ғана қатысты көркемдік-эстетикалық ұғымдар емес, жалпы болмыс, өмірге де тікелей қатысты ұғымдар, философиялық категориялар. Өйткені, дүние – тіршіліктегі, табиғаттағы қандай бір болмасын жаратылыстың, заттың, құбылыстың өзіне тән сыртқы түрі, көрінісі, яки пішін, сондай-ақ ішкі қасиеті, яки мазмұны болатыны даусыз. Сыртқы пішіні – түрімен көрінбейтін, ішкі мән-мазмұнымен танылмайтын зат, құбылыс болмайды (Мысалдар келтіріледі).
Пішін, демек, кез келген құбылыстың, заттың сыртқы түрі, көрінісі. Ол мәнсіз, мағынасыз құр пішін, көрініс емес. Пішін белгілі бір мазмұнды танытушы. Оның осы белгілі бір мазмұнды көрнекі, нақты танытуы өзінің пішін ретінде көрінуінің, өмір сүруінің белгісі. Сондықтан ол жай, мәнсіз пішін емес, мазмұнды пішін.
Ал мазмұн белгілі бір заттың, жаратылыстың ішкі мәні, қасиеті. Ол тек белгілі бір пішін арқылы айқындалып, нақтылы көріне, таныла алады.
Өмірдегі белгілі бір құбылыстарды, жағдаяттар мен оқиғаларды суреттеуге, олардың қоғамдық-адамдық мәнін ашуға арналған көркем туындының пішінсіз, мазмұнсыз болуы мүмкін емес.
Әдебиет теориясы ғылымында пішін деп туындының құрылысын, сюжеттін, жанрын, көркем бейнелерді, тіл, барша көркем бейнелеу-суреттеу құралдарын, амал-тәсілдерін айтамыз. Ал, тақырыпты, идеяны мазмұнның элементтері ретінде танимыз.
Әрбір толыққанды көркем туынды өзіне ғана тән қайталанбас мазмұн мен пішін бірлігінен тұрады. Сондықтан көркем туындыны талдап-таразылағанда, көркемдік-идеялық ерекшеліктерін сөз еткенде оны мазмұн мен пішін бірлігі тұрғысынан байыптау қажет.
Көркем туындының мазмұны деген не? Ол сол туындыда көркем бейнеленген, өнер шындығына айналған өмір құбылыстары. Кеңірек айтсақ, ол суреткердің өмір-болмыстан өз дүниетанымы мен идеалына сәйкес таңдап-талғап алып, айтпақ ойы - идеясына орайластырып түрлі суреттеу тәсілдері (пішін) арқылы көркем бейнелеп өнер шындығына айналдырған өмір шындығы. Өмір шындығы - өнер арқауы, өнер туындысының мазмұны дейтініміз де осыдан.
Ал, қат-қабат сыры да, жыры да мол өмір шындығын адамсыз, оның мінезі мен іс-әрекетінсіз түсіну де, түсіндіру де, суреттеп таныту да мүмкін емес. Демек, туындыда тағдыр-талайы, өмір белестері бейнеленіп отырған тұлға немесе көркем бейнелер жүйесі автор үшін белгілі бір мазмұнды (яғни, қоғамдық шындықты, идеялық мұратты) көркем таныту тәсілі, яки пішін саналады.
Көркем бейне немесе кейіпкерлер арқылы автор белгілі бір кезеңнің қоғамдық шындығын танытады, оны өзінің суреткерлік идеясына сәйкес суреттеп, түсіндіріп береді. Мысалға, тақырыптас екі туындыны – Б.Майлиннің “Раушан - коммунист”, повесі мен М.Шолоховтың “Көтерілген тың” романын алайық.
“Раушан – коммунист” повесінің мазмұны ХХ ғ. 20-жылдарының аяғындағы қазақ ауылын ұжымдастыру кезеңінің шындығы. Осы шындық, осы мазмұн повесте ең алдымен Раушан бейнесі, оның қарапайым қазақ әйелінен қоғам қайраткеріне айналу жолындағы өмір белестерін суреттеу арқылы танылады, көркем шындыққа айналдырылады. Раушан бейнесі нанымды, табиғи шықпаса, жазушы танытпақ болған кезең шындығы да (яғни, мазмұн) шынайы, көркем танылмаған болар еді.
Ал, М.Шолоховтың “Көтерілген тың” романының мазмұнын құраған шындық – Дон өлкесінде ұжымдастыру саясатының жүргізілуі, казактардың жаңа өмір жолына түсе бастауы. Сол кезеңдегі түсінік әрі шындық бойынша халықты жаңа өмірге бастаушы компартия деп саналғандықтан қаламгер бұл идеяны, мазмұнды көркем таныту пішіні ретінде қарапайым казактарды емес, коммунистер Давыдовтың, Разметневтің, Майданниковтің өмірі мен олардың бостандық дұшпандары Половцевке, Литьевскийге т.б. қарсы жүргізген күресін бейнеледі.
Қаламгердің дәуір ерекшелігін, өмір ақиқатын түсініп-қабылдауы мен кейіпкерлерінің тағдыр-талайын, іс-қимылдарын, көңіл ауандарын бейнелеуі арасында ажырамас байланыс аңғарылады. Бұны әдетте туындыдағы идеялық-көркемдік бірлік деп атайды, мұның өзі мазмұнның пішінге көшуін (яғни, пішін арқылы бейнеленіп – көрінуін) танытады, сонымен қатар бұл пішіннің де мазмұнға айналуының көрінісі.
“Көтерілген тың” көлемі, жанры, кейіпкерлер мөлшері, тағдыры, мінездері, тартыс сипаты, бір-бірімен қарым-қатынасы, бәрі түгелдей мазмұнды (ұжымдастыру кезеңіндегі тап тартысын) көркем танытуға бағытталған. Барынша осы мақсатқа лайықталып “кесіп-пішілген”. Би-ағаң повесі, ондағы мазмұн мен пішіннің үйлесімі жайлы да осындай ой түюге болады.
Енді өнер, ғылым тарихындағы мазмұн мен пішін мәселесіне қатысты кейбір ой-тұжырымдарға қысқаша тоқталып өтелік. Бұл мәселеде неміс философы, эстетигі Гегельдің мазмұнның пішінге көшуі, пішіннің мазмұнға айналу заңдылығы жайлы пікірі аса құнды. Бұл пішіннің белгілі бір мазмұнды (шындықты) көркем таныта отырып өзінің де мазмұнға айналуы, ал мазмұнның белгілі бір пішін арқылы көріне отырып нәтижесінде өзінің де пішінге айнала алатындығы туралы тұжырым. Бұдан сондай-ақ мазмұн мен пішіннің ажырамас бірлігі жайлы қорытынды туындайды, пішіннің міндеті, мақсаты белгілі бір мазмұнды таныту, сол арқылы өзінің пішін екенін дәлелдеу, ал керісінше мазмұнның тек пішін арқылы ғана танылатыны, айқындалатындығы көрінеді. Осы ойлардың бәрі қосыла кеп мазмұн мен пішін бірлігі - өнер заңдылығы, көркемдік шарты екенін дәлелдейді.
Өнер тарихында мазмұн мен пішіннің бірлігін мойындамайтын, ал мойындайтын жағдайда пішінді басым санайтын, “өнер дегеніміз тек пішін” (А.Евлахов) деп есептейтін, сөйтіп, “мазмұнсыз пішін” идеясын көтерген жалған көзқарастардың болғанын, олардың негізінде өнердің өмір шындығына (қоғам өміріне) қарым-қатынасын, өмірді шынайы бейнелеу міндетін түсінгісі келмейтін кертартпа позиция, таным жатқанын айту парыз. Кезінде бұндай түсініктерді орыс сыншылары, теоретиктері қатты сынаған болатын.
Мәселен, ХІХ ғасырдағы орыстың үлкен эстеті, әдебиет теоретигі әрі сыншы Г.В.Плеханов өнердегі реализм, көркемдік мәселелеріне орай мазмұн мен пішінге де көп көңіл бөлген, тұщымды ойлар айтқан. Ол көркем туындының мазмұны мен пішінінің бір-біріне сай келуін өнердің әмбебап заңдылығы деп санаған. Плехановтың пайымдауынша, “өнердің ішкі заңдылықтарының барлығы да ақыр соңында бір маңызды мәселеге ат басын тіремекші, ол – пішіннің мазмұнға сәйкес келуі. Бұл - өнер заңдылығы, сондықтан бұл заңдылық барлық әдеби мектептер үшін, мейлі ол классиктер ме, романтиктер ме, бәрі бір, соншалықты маңызды” деген.
Өнер туындысының мазмұнын пішінінен бөлек қарастыруға болмайды. Пішін белгілі бір мазмұнды танытып, оның сыртқы көрінісі сипаты бола тұрып, екінші жағынан, сол өзі танытқан құбылыстың, заттың мазмұнына да айналады. Мазмұнды пішін дейтініміз сондықтан.
Көркем шығарманың мазмұны мен пішініне тоқталмас бұрын біз, алдымен әдеби шығарма, оның адам өміріндегі автор өміріндегі алар орны туралы айтып өтуіміз қажет. М.Әуезов өмірден озар алдында өз әріптестеріне, қаламдас шәкірттеріне қазақ әдебиетінің болашағына алаңдайтынын білдіреді. Артында қалып бара жатқан әріптестеріне әдебиетке деген адалдықты тапсырады. Өзінің ең бір сүйікті шәкірті ретінде белгілі қаламгер Т.Ахтанды атайды.
Ал, Сыр сүлейі Базар жырау өзі өмірден озар алдында Тұрмағамбетке:
Көруге кім ынтықпас күннің көзін,
Естуге кім құмартпас ғалым сөзін.
Заман тұр ұйыған бір қатық құсап,
Ішінде жатыр тулап ыстық сөзім.
Шырағым, Тұрмағамбет, білім алдың,
Еліңе енді қызмет етер кезің.
Суытпай адамшылық әділ сөзді,
Қош, бауырым, өзің көтер жыр күмбезін,-
деп аманат өлең қалдырады. Осыдан-ақ өнер туындысының қаншалықты қасиетті екендігін ұғынуға болар еді.
(Леонид Андреев пен Лев Толстой арасындағы сұхбат)
Мазмұн мен пішін - күрделі мәселе, іргелі философиялық ұғым. Бұлар бір-бірінен айрылмас байланыста, бірлікте, мазмұнсыз пішін жоқ, пішінсіз мазмұн жоқ.
Әдеби шығарманың мазмұны - өз эстетикалық идеялының тұрғысынан суреткер таныған ақиқат өмір де, пішіні - осы шындық тұтастырыла жинақталынған көркем образдар жүйесі, яки эдеби қаһармандар өмірі екенін түсіну қиын емес.
Көркем шығарманың барлық құны мен қасиеті оның мазмұны мен пішінінің бірлігінде. Лев Толстой кез-келген көркем шығарманың құны мен қасиетің үш түрлі сипатына: мазмұн сонылығына, пішініне, автордың шығарма предметіне байсалды көзқарасы мен ыстық ықыласына қарап бағалаған.
Мазмұн мен пішін жайын сөз еткенде, ескеретін бір нәрсе - бір мазмұнның бірнеше пішіні болатындығы. Мысалы, Ұлы соғысы тақырыбы сөз болған шығармаларды алайық. Поэзия, проза, драматургия. Екінші мәселе - мазмұнға қарағанда, пішіннің өзгерімпаздығы. Мысалы, қазіргі кездегі махаббат Қыз Жібек жырындағыдай суреттеу. Ал үшінші нәрсе - мазмұн мен пішіннің тарихи категория екендігі. Әрбір жаңа дәуірде көне мазмұн тың пішін тауып, жаңғырьш, жасарып қана қоймайды, әр дәуір өз шындығын, демек өз мазмұнын ала келеді.
Сонымен шығарманың мазмұны - оның ақиқат шындыққа негізделген тақырыбы мен идеясы да пішіні - әдеби қаһармандардыңөзара қарым-қатынасына, тағдыр-тартысына негізделген сюжеті, композициясы және жазушының өмірді өнерге айналдырған ең негізгі құралы - суретті сөзі, яки көркем шығарманың тілі.
Көркем шығарманың тақырыбы
Әдеби шығарма туралы әңгіме оның тақырыбынан басталады. Тақырып - өнер туындысының іргетасы. Тақырып табу бір аз күннің шаруасы емес, ол жазушы шығармашылығының бір бөлігі. Өнер өмірден туатын болса, суреткердің өмірден ең алдымен іздеп табатыны - өз шығармасының тақырыбы. Егер шығармашылық процестің үш түрлі (материал) жинау, жиналған материалды қорыту, қорытылған материалды жазу кезеңі бар десек, тақырып осынау үш кезеңнің өн бойында тұтас желі тартып жатады. Жазушы шығармашылық процестің алғашқы кезеңінде өмірдің әр алуан құбылыстарын зерттейді, тексереді. Әрине бұл құбылыстардың ішінде ірісі де, ұсағы да, маңыздысы, маңызсызы да , күрделісі де, кездейсоғы да ... - бәрі де бар. Осының бәрі - болашақ шығарманың материалы. Осының бәрі суреткер санасында жатталып қала бермейді. ең керектісі ғана қалады, керексізі ұмытылады. Неге десек, - әр суреткер өмір құбылыстарын тек өз дүниетанымының тұрғысынан ғана танып, қабылдайды. Оны өмірдегі кез келген құбылыс жаппай қызықтыра бермейді. Ол тек өз мақсатына керек құбылысқа ғана қызығады. Болашақ көркем шығармаға негіз болатыны ды - сол суретер қызыққан құбылыс. Жазушы өз шығармашылығьшың бір кезінде бір құбылысты әр сипаты жағынан зерттейді, яғни материал қарастырады, жинайды. Өз дүниетанымын қызықтырған құбылысты ғана ол тереңірек зерттейді. Суреткер өз тақырыбын табуға ұмтылады. Мәселен, әйел теңдігі туралы жазу С.Мұқановтың ойында әуелден болған, ал Қызылордадағы бір оқиға оның нақты тақырыбын айқындап берді (Сұлтанбек Әбеуов пен Мұстапа Көшеков). Міне, тақырып осылай туады.
Тақырып дегеніміз - жазушының шындық болмыстан таңдап, талғап алып, өзінің көркем шығармасына негіз, арқау еткен өмір құбылыстарының тобы. Тақырыптан идея, идеядан тақырып туындап та жатады.
Үлкен шығармаларда негізгі тақырыптар мен қоса қосымша тақырыптар да аз болмайды. М.Әуезовтің «Абай жолы» романының негізгі тақырбы: «XIX ғ. екінші жартысындағы қазақтың әлеуметтік құрылысында ғасырлар бойы үстемдік алып келген рушыл- феодалдық таптың өкілдері мен жаңа заманның жаршысы, прогресшілдік бағытты қолдаушы демократтық топтардың күресі, ал қосымша тақырып: сүйіспеншілік, феодалдардың өзара тартысы, барымта, тұрмыс-салт мәселесі.
Егер тақырып - жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса, идея - жазушының сол өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы, сол өмір құбылысына берген бағасы дер едік.
Жазушы өзі бейнелеп, суреттеп отырган өмір құбылыстары арқылы оқырман назарын неге аударса, қайда бағыттаса, сол - идея!
Идеясыз шығарма болмайды, болуы да мүмкін емес. Тақырып пен идея үнемі бірлікте болады. Қандай шығарма болсын белгілі бір идеяны үндейді. Тақырып, оқиға және оның құрылысы, шығармада қатысушылардың араларындағы тартыс, оларды суреттеу әдістері, түптеп келгендё - жазушының сол шығармадағы айтайын деген идеясына бағыныңқылық. Ал қандай идеяны үндеуі жазушының өмірге көзқарасына, дүние танушылығына негізделеді. Шығармадағы суреттелетін өмір кұбылысын, күрес-тартыстарды образ арқылы оқушылардың көз алдына елестете, ой-сезімене әсер ете отырып, жазушы оларды өзі меңзеген бағытқа жетектейді.
Белинский көркем шығарманьщ идеясын «оның өн бойында желі тартып жатқан ой мен сезімнің мығым бірлігі» деп белгілесе, Ғамзатов шығарма идеясын оның тақырыбына тамаша тапқырлықпен нұсқалы әрі ұтымды көшіріп әкетеді: «Ой мен сезім - құс десек, тақырып - аспан; ой мен сезім - бұғы десек, тақырьш орман; ой мен сезім - елік десек, тақырып - тау; ой мен сезім - жол десек, тақырып - сол жол алып баратын шаһар - деп түсіндіреді. Ой өзегі (замысел) - суреткердің шығарма жазар тұстағы шығармашылық толғаныстарының түпкі түйіні. Ой өзегінде жазушының тақырып тауып, идея туғызудағы түбегейлі мақсаты, яки шығармашылық концепциясы жатады. «Ой өзегі - шығарманың негізгі арқауы.» (А.Толстой) З.Қабдолов «шартты түрде, шығарманың тақырыбы - сауал да, идеясы - жауап деуге болар еді»,-дейді. Бір сауалдың бірнеше жауабы болатыны секілді, бір тақырыптан бір емес, бірнеше идея тууы мүмкін. Осыдан келіп әдебиеттегі идеялық қарама-қарсылықтар мен бірліктер деген мәселе туады. Бір шығармадағы бірнеше және эр алуан жеке тақырыптар мен идеялардың басын бір жерге қосып, бір арнамен өрбітіп тұрған бірегей, өзекті мәселені негізгі идея дейміз.
Шығарманың негізгі, жетекші идеясымен қатар, со негізгі идеяны толықтыра түсетін қосымша идеялар да болады.
Ал, мазмұн белгілі бір пішін арқылы көрінсе, таныла отырып, әрі мазмұн, әрі пішін бола алады. Мәселен, романды алайық, күрделі эпикалық жанр, жанр – пішін. Демек, роман жанр ретінде пішін, екінші жағынан, роман әрі мазмұн, белгілі бір пішін арқылы танылған мазмұн.
Бұлай деу пішіннің рөлін төмендету болмайды. Пішін де белсенді, ол мазмұнға қарағанда өзгерімпаз. Пішін де мазмұнға ықпал етеді. Көркем шығарманың пішіні оның мазмұнына айтарлықтай әсерін тигізеді.
Бір мазмұнды (оқиғаны, тақырыпты) түрлі пішінде (түрліше суреттеу) танытуға, бейнелеуге мүмкіндік мол. Мәселен, мына үш туындының да («Қазақ солдаты», «Шырағың сөнбесін», «Аңыз бен ақиқат»), мазмұнын құраған шындық біреу – Отан соғысы кезеңінің жағдаяты. Алайда, үш автор ортақ мазмұнды үш түрлі пішінде бейнеленген. Бірі бұл шындықты – мазмұнды кейіпкердің өзінің баяндап - әңгімелеуіне, екіншіі - әйел тағдырын суреттеуге, үшіншіі диалог үлгісіне құра отырып үш түрлі көркемдік пішінде танытқан.
Көркем шығарманы мазмұн мен пішін бірлігі тұрғысынан қарастырып, таным таразысына алу - әдебиет теорисының ең негізгі принциптерінің бірі. Бұл әрбір өнер туындысын көркем тұтастық, көркемдік – идеялық бүтіндік деп тану да.
Енді шығарманы мазмұн мен пішін бірлігі тұрғысынан қарастыру мәселесіне көшейік. Бұл алдымен шығарма идеясы мен тақырыбын (проблематикасын) айқындап алып, автордың осы идеялық мақсатын бейнелі таныту – көркем шындыққа айналдыру барысында қолданған барша көркемдік – суреттеу, бейнелеу амал – тәсілдерін (композиция құру, сюжет түзу, өлең кестесі, кейіпкерлер тұлғасын, олардың қарым – қатынасын таныту, тіл, т.б.) жан – жақты әрі өзара бірлік – байланыста алып қарастыру деген сөз. Автор айтпақ идеясын көңіл көрігінен шыққан бейнелі сөз, ұтымды суреттеу, шынайы көріністер, дараланған тұлғалар тағдыры арқылы шебер жеткізе алды ма? Міне осыны байыптау.
Пішіннің мазмұнға сай келуі дегеніміз қарапайымдап айтқанда қаламгердің көңілін тербеген, айтқысы келген ойын, танытқысы келген шындығын сол идеялық мақсатына неғұрлым сай, шебер суреттеп жеткізе білуі.
Мазмұн мен пішін бірлігіне осы түсінік тұрғысынан қарай отырып, мысал ретінде Абайдың сүйікті ұлы Әбдірахманның мезгілсіз қазасына арнап жазған мына бір өлеңіне назар аударайық.
Тұла бойың ұят – ар едің,
Ескеріп істеп ойлаған.
Тәуекелге нар едің,
Талаппен терең бойлаған.
Ерлікке де бар едің,
Үйренуге тоймаған.
Жасқа жас, ойға кәрі едің,
Атаңның атын жоймаған.
Замана, неткен тар едің
Сол қалқамды қоймаған?!
Өлеңнің мазмұны – сүйікті ұлының мезгілсіз өліміне әкенің қайғыруы. Осы мазмұнды - өзінің ауыр қайғысын ақын өлең өрнегіне қалай түсірді екен? Енді соған келейік.
Небәрі он-ақ тармақтан тұратын өлеңде ауыр қайғы еңсесін басқан әкенің бар болмысы: өзекті өртеген орны толмас өкініші де, баласының асыл қасиеттерін еске алуы да, қатал тағдыр үкімі алдындағы дәрменсіздігі де табиғи, шынайы, оқыған жұртты да толқытып, қайғысына ортақтастыратындай әсерлі, көркем берілген. Лириканың субъективтілік сипатын, оның ішкі ғаламның сырына құрылатынын ескерсек, өлеңде ақын қолданған әрбір сөз тіркесі, әрбір тармақ, өлеңнің бар құрылым–өрнегі ардақты ұлының қазасы қабырғасын күйреткен әкенің күйінішін де, сондай-ақ дара туған баласына деген сүйінішін де танытуға соншалықты дәл, ұтымды қолданылып тұрғанын көреміз.
Өлеңнің бірінші, үшінші, жетінші тоғызыншы тармақтарының соңы ар едің, нар едің, бар едің, кәрі едің, тар едің деген тіркестермен ұйқастырылып – байланыстырылып отырылуы да жайдан – жай емес. Бұлар шығарманың идеясына (мазмұнға) мейлінше сай таңдап, талғап алынған ұтымды сөз қолданыстары (пішін), «едің» сөзінің қайталанып қолданылып отырылуы арқылы Әбдірахманның бұл дүниеден өткендігі, ал «ар», «нар», «бар», «кәрі» баламалары арқылы оның өзгелерге өнеге – үлгі боларлық жақсы адал қаиеттері ашылып, парасатты бейнесі әсерлі танылып тұр. Ал соңғы екі тармақ («Замана, неткен тар едің, Сол қалқамды қоймаған?!») осындай асыл жанды, оқыған азаматты, сүйікті ұлды тым ерте алып кеткен тағдыр шешіміне деген әкелік наланы, жауабы, жұбанышы жоқ күйінішті, көкіректен шыққан шерді танытатын қорытынды жолдар болғандықтан, оның қаратпа сөз, қайырыла сөйлеу, зарлай арнау үлгісінде өрнектелуі де тапқырлық, жарасымды болып, алдыңғы тармақтармен идеялық тұрғыдан әдемі жымдасып тұр. «Бөтен сөзбен былғанса, сөз арасы, Ол ақынның білімсіз бейшарасы» деп өлеңде сөз қолданысына, жалпы ақындық өнерге жоғары талап қоя білген Абай өзі де осындай мақсат үдесінен үздік шығып, мына туындысында да бөтен сөз, бөгде ойды араластырмаған. Авторлық ой-мақсатын, айтпаған өлеңде құрыштан құйғандай берік, қорғасындай салмақты әрі көркем жеткізе алған. Шағын өлеңнің барлық құрылым-өрнегі – бунақтық-буындық өлшемі, ұйқасы мен ырғағы өзара жарасым тауып, әке азасын табиғи, әсерлі-эмоционалды әрі көркем танытуға жұмыла қызмет етіп тұр. Пішіннің (суреттеу-бейнелеу құралдарының) мазмұнға, мазмұнды танытуға (идеяны, ойды, шындықты) сай келуі немесе пішін мен мазмұнның бірлігі дегеніміз осы. Көркемдік, шеберлік ұғымдарының нақтылы көрінісі де осы болса керек.
Өнер туындысының мазмұны - өмір шындығы. «Өмір-өзен» деп М.Мақатаев айтқандай, өмір, болмыс дегеніңіз бір күйде тұра бермейді, уақыт ағымымен өзгеріп, ағысы да, жағалаулары да жаңарып, түрленіп отырады. Халық, қоғам өміріндегі сан алуан әлеуметтік өзгерістер, тарихи оқиғалар, қоғамдық жаңа қарым – қатынастар өнер үшін тың тақырып, жаңа идея, яки жаңа мазмұн болатыны белгілі. Жаңа мазмұн өзін неғұрлым айқын танытатын тың пішінді қажет етеді. Өйткені ескі пішіннің (қалыптасқан дәстүрлі суреттеу-бейнелеу тәсілдері көп ретте жаңа мазмұнның жарқын келбетін, оның барлық қыры мен сырын жарқыратып әрі терең ашып, көркем танытуға мүмкіндігі жете бермеуі сөзсіз.
Әрине, жаңа мазмұнды ескі пішінмен де танытуға болады, алайда ол бұл тақырыпты, мәселені көркем игерудің, шығармашылық ізденістердің алғашқы кезеңіне тән әрекет, уақытша құбылыс болуы керек. Осы орайда сыншы В.Белинскийдің «әр уақыттың өз идеялары, өз пішіндері болады» («есть идеи времени и формы времени») деген тағылымды пікірін еске алу орынды болмақшы. Бұл пікірді таратып айтсақ, әр уақыттың, дәуірдің, әр қоғамдық құрылыстың өзінің алдына қойған мақсатынан туындаған идеялары мен идеалдары, проблемалары, соған сай оларды өнерде жырлап, бейнелеп танытатын пішіндері болады деген сөз. Кеңестік дәуірдің 20-30 жылдарында қазақ поэзиясында Ленин, социализм, бесжылдықтар тақырыптарының басым жырлануы бұл мәселелердің сыншы айтқандай ол кезеңнің талабынан туындаған төл тақырыптары, төл идеялары болғандығында, ал бұл тақырыптардың үгіттік-насихаттық сипатта жырлануы – жазылуы да сол «уақыттың пішінін» танытады.
Жаңа мазмұнның жаңа пішінді талап етуі өнер заңдылығы. Бұны жете түсінбеу, мән бермеу қаламгерді үлкен кемшілікке ұрындыруы әбден мүмкін.
Міне, тәуелсіздік таңының атқанына да биыл он бесінші жыл. Тәуелсіздік те, бүгінгі қоғамдық өміріміз де өнер үшін тың тақырып, жаңа идея, жаңа мазмұн. Енді тәуелсіздік аясында әлемдік өркениетке бет алған, бірақ, нарық қыспағында қысылған халық өмірін, осы қоғамдық шындықты бұынғыша суреттеп таныта алмайсың, өйткені өмір мазмұны түбірлі өзгерді. Өзгерген өмір, яғни жаң мазмұн, өзінің ерекшелігіне сай өнерден жаңа ырғақтарды, жаңаша суреттеу амал-тәсілдерін (пішін) талап етеді. Бұл қаламгерлерді сан түрлі көркемдік ізденістерге бастайтын, жаңашылдыққа жеткізетін шынайы шығармашылық талабы.
Тапсырма:
1.Өнер туындысының көркемдік бүтіндік екенін мазмұн мен пішін бірлігі арқылы қалай дәлелдеуге болады?
2.Пішіннің мазмұнға, мазмұнның пішінге айналу (ауысу) заңдылығын мысал келтіре отырып дәлелдеңіз.
3.С.Мұқанов «Мөлдір махаббат» романы оқу, теориялық талдау
Бақылау сұрақгары:
Көркем шығарманың тақырыбы дегенді қалай түсінесің?
Басты және қосалқы тақырыптар, олардың өзара бірлік-байланысы жөнінде не білесің?
Тақырыптың көркемдік шешімін табуы қалай болады?
Көркем шығарманың идеясы және оның автор дүниетанымымен байланысы қандай?
4,5-дәріс Көркем шығарма құрылысы
Жоспары:
4.1. Композияция туралы түсінік.
4.2. Композицияның көркем шығармадағы оқиғаларды жүйелеудеғі, образдарды тұтастырудағы, мазмұнды қиыстырудағы мәні.
Сюжет туралы ұғым. Сюжеттің даму кезеңдері. :
Сюжеттің автор дүниетанымы мен идеяға қатыстылығы
Сюжет және көркем тартыс
Әдебиеттер:
1. Қабдолов 3. Сөз өнері. - Алматы. 1992
Жүмалиев Қ. Әдебиет теориясы - Алматы. 1969
Абрамович Г. Введение в литературоведение. -Москва. 1979
Атымов М. Идея және композиция. Алматы, 1970
Көркем шығарманың тақырыбьшың идеялық-көркемдік шешімін табуында шығарманың композициясы мен сюжетінің орны ерекше. Шығарманың сюжетіне тоқталмас бүрын фабула дегеніміз не деген сүраққа жауап іздеуіміз керек. Өйткені эдебиеттануда фабула мен сюжетті бір деп қарастырушылар' да, екеуін даралап қарастыратьшдар да кездеседі. Фабула - латынша әңгімелеу, баяндау деген үғымды береді, яғни, көркем шығармада суреттелген оқиғаны рет-ретімен мазмүндап айтып беру.
Ақиқат шындықта болған немесе болатын кез келген оқиғада фабула болады. Ал кез келген оқиға көркем шығарма болмайтьшдығы белгілі. Ендеше фабула мен сюжеттің арасындағы айырмашлық та осыдан келіп шығады. Сюжет - француз сөзі, зат, мазмұн деген мағынаны білдіреді.
Сюжет дегеніміз өмір құбылыстарынан таңдап алынған, көркем баяндалып, әдеби туынды мазмұнына айналған оқиғалар жүйесі. Сюжет — көркем шығарманың мазмұнын ашып, мазмұнды пішінге көшірудің негізгі түрі, жолы немесе тәсілі. Егер көркем шығарманың мазмұны түрліше мінездер мен типтердің өзара қарым-қатынасынан туған шындық десек, осының өзі сюжетте адамдар мен қоршаған ортаның арасындағы қарым- қатынас ретінде, белгілі бір. даму үстінде көрінеді. Ендеше, сюжет оқиғалардың өзара байланысы, өрбуі, өрістеуі деген сөз. Сюжетті шығарма тартысқа құрылады. Тартыс үшін ең қажет нәрсе дәлел. Образ үшін психологиялық дәлел, оқиға үшін логикалық дәлел. Сюжет, сюжеттегі оқиғалар өмір шындығын танытуға тиіс. Әрбір толыққанды көркем туынды өзіне тән сюжет ерекшелігімен танылады. Сюжеттің көркем шығармада атқаратын қызметі алуан түрлі. 1) Сюжет өмір қайшылықтарын танытады. 2) Сюжеттегі оқиғалар кейіпкерлер бір-бірімен қарым-қатынасқа түсетін әрекет алаңын құрайды. 3) Сюжет автордың кейіпкерлер қарым-қатынасын (тартысқа түсуі немесе түсінісулерін) жан-жақты көрсете отырып, олардың характерін танытуына мол мүмкіндік береді. Горькийдің сюжетті «адамдардың (яғни, кейіпкерлердің - С.М.) өзара байланыстары, қарама-қайшылықтары, ұнатуы, жек көруі, жалпы алғанда олардың қайшылықтарының, белгілі бір характердің, типтің қалыптасу, өсу тарихы» деп түсіндіруі тегін емес. Автор сюжет желісіндегі оқиғалар барысында кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынастарды, қайшылықтарды бейнелеу арқылы өмір егесі - адамның характерін танытуға күш салады. Сюжеттің ең басты қызметі де осы.
Сюжеттің қозғаушы күші - тартыс, өмір қайшылықтары екені белгілі. Өнер туындысында бейнеленетін тартыс көркем тартыс аталады. Өмір бар жерде қайшылық бар, тартыс бар. Өмірде тартыс неден туындайды? Ол адамдар арасындағы мінез, мұрат, көзқарас алшақтығынан, келіспеушіліктен, жаулықтан т.б.туындайды. Бұл өмір ақиқаты десек, осындай көзқарас, мұрат кереғарлығынан пайда болатын тартыс - өнер туындысы сюжетінің арқауы болады, оны мәнді, тартымды етеді.
Сюжет жалпы алғанда тақырып пен идеяға сай көркем баяндалған оқиғалар жүйесі болғандықтан, оның дамуының басталу, өрістеу (яғни, орта шені) және аяқталуы секілді кезендері әдеби термин тілімен айтқанда экспозиция, сюжеттік байланыс, шиеленісу, шарықтау шегі, шешімі болу заңдылық. Сюжеттік бұл элементтер оқиғаның, адамдар арасындағы қарым - қатынастың (тартыстың) дамуының түйінді кезеңцерін танытады. Мәселен, экспозицияны (түсіндіру) алайық. Бұл туындыдағы негізгі оқиға мен тартыс басталмай тұрып оүырманды алда оқиға өрістейтін ортамен таныстыру, тартысты, оның қандай жағдайда өтетінін алдын ала аңғарту мақсатын көздейді. Мысалы, М.Мақатаевтың өздеріңе ұсынылған «Аққулар үйықтағанда» поэмасының I тарауы түгелімен экспозиция қызметін атқарып тұр. Бір кездері ажар - көркі аққулар («Ақ мүсін айдынға кеп орнайтұғын») айдыны думан болған, кейінгі уақыттың аққулар оралмай кетіп, базары тарқаған Жетімкөл күйін ақынның ерекше тебіреніспен суреттеу тараудың соңғы шумағының:
Оралмады аққулар осы маңға,
Жылдар өтті, байғұстар шошынған ба?
«Жетім көл» жетімсіреп қала берді,
Арман - ай, аққуымен қосылар ма?! - деғен көңілді қобалжытар толғанысты сауалдарға құрылуы алда көлге, аққуларға байланысты жүрекке жүк түсірер оқиғалар өрістейтінін оқырмандарға алдын ала сезіндіргендей.
Сюжеттік байланыс дегеніміз шығармада кейіпкерлер әрекетінің басталуын, тартыстың туу себебім түсіндіру. Аталған поэмадағы алғашқы сюжеттік байланыс (II тараудың басы) ауру бала, қиналған шарасыз эке - шеше күйінің сипатталуы мен тәуіптің айтқанын істеуге (аққуды атып, оның қанымен баланы аластау) дәті бармаған ерінен көңілі қалған ананың:
Жалғыз ұлдан артық па жалған бәрі!
Балам өлсе, бақыттың керегі не?!
Топан су басып кетсін қалғандарын.
Перзент сұрап несіне армандадың?!
Құрысын онсыз сенің жанған бағың! .
Мылтықты әкел!
Атты ерте!
Жалған бәрі! - деп батыл шешімге (аққуды ату) келу әрекетінің бейнеленуі. Ананың алдағы айықпас ұлы қасіретінің бастауы оның осы шұғыл, амалсыз шешімінде жатыр. Сюжеттік байланыстың негізгі оқиға дамуы мен басты тартысқа жол ашатын ықпал - әсері осындай.
Шарықтау шегі - бұл сюжет желісіндегі оқиға мен адамдар арасындағы қарым - қатынастың, қайшылықтардың (тартыстың) әрекеттің барынша қиындап, күшейіп, ең жоғарғы өрістеу сатысына жетуі. Бүл шақта көркем бейне өзінің бар адамдық (жақсылы - жаманды) болмысымен мейлінше көрініп, танылады. Поэма сюжетіндегі тартыстың шарықтау шегі - көл жағасында аққуларды аңдып отырған ананың құстардың бейкүнә тіршілігін, кербез қимылын, уылжыған табиғат көркін көріп «Дүние-ау, сен де осындай керемет пе ең?!» деп еріксіз таң қалып, бір жағынан баласын ойлап «мың сан ойлар» абыржытқан бейбақтың мылтық шүріппесін басып қалған оқыс әрекеті, бір аққуды жаралап, екіншісін мерт етуі. Ананның бүл сұмдық іске баруының өзіндік дәлелі бар. Бірақ, оқырман үшін ана әрекетін ақтау соншалықты қиын болса, айыптау одан да қиынырақ. Ана өз жазасын алды. Аққудың киесіне ұшыраған әрі бауыр еті баласынан айырылған ана қасіреті шексіз. Бұл поэма сюжетіндегі тартыс сипатынан туындаған лайықты шешім. Сюжеттің аталып өткен элементтерінің оқиғалар желісінде орын алу сипаты тікелей шығарма құрылысына, яғни композицияға қатысты.
Композиция,- латын сөзі, орналастыру, құрастыру деген мағынаны білдіреді. «Композиция - әдеби шығарманың құрылысы, оның үлкенді - кішілі бөлім - бөлшектерінің бір - бірімен қисынды түрде қиюластырылып, әр түрлі тәсілмен байланыстырылған тұтастық - бірлігі» (Зәки Ахметов). Шығарма құрылысының бұндай ерекшелігі композициялық бүтіндік деп аталады. Оның мәнісі туындыдағы әрбір эпизод - көріністерде, тараулар мен бөлімдерде бейнеленген оқиғалардың, адамдар іс - әрекеттерінің бір - бірімен тығыз байланыс - сабақтастықта дамып, тақырыптық - идеялық тұрғыдан тұгастық, бүтіндік танытуы. Ол үшін қаламгердің өзі көтерген мәселелерді, бейнелеген жайларды, адамдар іс - әрекетін т.б. айрықша талғаммен таңдап, сұрыптап алып, барлығын сюжет желісінде рет - ретімен қиюластыра білуі, бұл орайда шеберлік танытуы шарт. Композициялық бүтіндік жоқ жерде түтас, көркем сюжет те түзілмейді. Сюжет оқиғалы туындыларға тән болса, композиция керісінше кез - келғен әдеби туындыға тэн құрылым. Қорыта айтқанда, өнер туындысының композициясы дегеніміз бұл оның барша бөлшек - бөлімдерінің бір - бірімен сәйкестік - жарасым тауып, белгілі бір өмір құбылыстарының біртүтас картинасын түзіп, нақтылы бір идеяны танытуы.
Композиция – көркем шығарманың құрылысы. Көркем шығармада оқиғалар қалай болса, солай беріле салмайды. Оқиға басталады, оқиғадан оқиға туындайды, кей оқиғалар қатар жарыса дамып отырады. Шығарма құрылысы, яғни, композиция деғеніміз осы.
Композицияның мынандай элементтері бар:
Оқиғаиың басталуы, яғми экспозициясы. Мұнда кейіпкерлер қарым- қатынасқа түспеген бұрынғы жағдай, қоғамдық орта, оқиға орны, уақыты, маусымы айтылады.
Оқиғаның байланысы. Кейіпкерлер арасындағы әрекеттің басталуы, негізғі оқиғаның туындау себептері.
Оқиғаның дамуы, шиеленісуі. Кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас, іс- әрекет шиеленісе бастайды.
Оқиғаның шарықтау шегі, кульминация. Кейіпкерлер арасындағы қимыл- әрекеттің, шиеленістің мейлінше күшейіп, ең жоғарғы шегіне жетуі.
Оқиғаның шешімі. Кейіпкерлер арасындағы қарама-қарсы күрестің аяқталуы, автордың өзі суреттеп отырған өмір құбылысына шығарған «үкімі».
Композицияның құрамына сюжеттен тыс пролог жэне эпилог та енеді. Пролог - көркем шығарма кіріспелерінің түрі болса, эпилог қорытынды.
Тапсырма :
Б.Майлин «Шұғаның белғісі» құрылысына талдау.
6,7,8-лекция.
