Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
-759359893.docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
5.95 Mб
Скачать
  1. Қазақ этнолингвистикалық мектебінің өкілдері

Қазақ тіл біліміндегі кейінгі кездегі жаңалықтардың бірі – тілді этнолингвистикалық тұрғыда зерттеу мәселесі.

Этнолингвистика – этнос болмысын оның тілі арқылы танып-білу мақсатынан туындаған лингвистиканың (тіл білімінің) жаңа да дербес бір саласы. «Тіл әлемінде» өзіндік табиғатын, даму заңдылықтарын толық жан-жақты зерттеу барысында іштей жіктеліп, дүниеге келген социолингвистика, психолингвистика, статолингвистика, паралингвистика іспеттес этнолингвистика да – «этностаным» мен «тілтаным» ғылымдарының ортақ проблемасы шеңберінде тоғысу нәтижесінде пайда болған жаңа сала.

Орыс ғалымы О.С. Ахманова этнолингвистика терминіне мынадай анықтама береді: «Этнолингвистика – тілдің өмір сүруі мен дамуындағы тіл мен халықтың және лингвистикалық факторлар мен этникалық факторлардың өзара қатынасын зерттейтін макролингвистика саласы».

Этностың ақыл-ой, дүниетанымының, өмір сүру тәсілінің жемісі – материалдық және рухани мәдениеті, тарихы. Сол материалдық та, рухани да мәдениетін қалыптастыру, тарихын жазу жолында пайда болған салт-дәстүр, әдет-ғұрып сияқты белгілер этнос болмысын құраса, оны тіл деректері арқылы сөйлететін тіл ғылымындағы бағыт – этнолингвистика. Этнос болмысы – мазмұны кең, терең ұғым, сондықтан этнолингвистикалық зерттеулердің де шеңбері кеңейіп, этнос табиғатын танытатын ғылым салаларымен байланысы нығаюмен қатар, этнолингвистиканың синкреттілігі, оны кең және тар көлемде қарастыру туралы көзқарасты орнықтырды.

Тіл ғылымы тарихына зер сала қарағанда, этнолингвистикалық идеялар нышаны әріде, тамыры лингвистикалық зерттеулердің бастауында екенін көру қиын емес, алайда заман ағымы ғылыми бағыттардың өркендеп немесе бәсеңдеуіне әсер етіп отыратыны да шындық. Этнолингвистикалық көзқарас тарихын М.Қашқаридың әйгілі «Диуанынан» бастаған М.М. Копыленко ондағы «йалма», «даг» сөздерінің шығу тегіне берілген түсінікті өз заманынан озып туған М.Қашқари анықтамасына қазіргі заманғы этнолингвистің алып-қосары аз деген бағамен тұжырымдайды. М.Қашқари еңбегінде айқын этнолингвистикалық бағыт одан кейінгі Шығыс пен Батыстың лингвистикалық еңбектерінде байқалатынын, тек IX-XYIII ғ.ғ. аралығында жарық көрген екі жүздей сөздіктен лингвистикалық деректермен қатар кейбір зат атауларының сипаттамасын табуға болатынын айтады.

Бүгінгі таңда қазақ этнолингвистикасы ғылыми негізі қалыптаса бастаган, жан-жақты ізденіс нәтижесінде өзіндік ерекшелігі мен үрдісі айқындалып келе жатқан, дербес те перспективті ғылым саласы ретінде танылып отыр. Мұны белгілі ғалым проф. М.М. Копыленко өзінің «Этнолингвистиканың негіздері» деп аталатын еңбегінде айқын көрсетіп отыр. Қазақ этнолингвистикасына қатысты мәселелермен шұғылданушылар үшін бұл еңбектің берері мол. Онда, мәселен, қазақ топырағында дүниеге келген этнолингвистика ғылымының төңірегінде ғылыми мектеп қалыптасқандығы және бұл салада көп жылдар бойы үздіксіз жүргізіліп келе жатқан ізденістердің нәтижесінде айқындала түскен оның бағыт-бағдары, өзіндік үрдісі, зерттеу объектілері мен тәсіл-әдістері кеңінен сөз болады. Мәселен, оның бұл кітапта жалпы проблема мен қазақ этнолингвистикасының нақтылы мәселелеріне қатысты 1044 еңбектің тізімін (библиографиясын) беруі зерттеудің құндылығын арттырумен қатар, қазақ этнолингвистикасымен шұғылданамын деген жас талапкерлер үшін жасалған үлкен қамқорлық.

Этнолингвистика ғылымының жетістіктері мен қазіргі күйі туралы сараптама зерттеуінде М.М.Копыленко бұрынғы кеңестік кеңістіктегі этнолингвистика дамуының бағыттарын көрсетті: алғашқысы В.В. Иванов пен В.Н. Топоров атымен байланысты, бұл ғалымдардың зерттеулері мәдени, мифологиялық лексика материалдарын жаңғыртуға негізделген шарттылықты ұстанады, екінші – академик Н.И.Толстой және оның мектебі, зерттеу нысаны – славян онтологиясы, мифологиясы, салты, диалектологиялық материалдар. Тіл мен мәдениетті оның иесі этностың дамуындағы дивергенция, конвергенция процестері, тілдің диалектілік бөліну мәселелері, этностың географиялық орналасу жағдайлары сияқты мәселелерді бірлікте, қатар қарастырады.

Қазіргі кезде қазақ тіл білімінде Ә.Қайдардың этнолингвистикалық мектебі қалыптасты. Ә.Т.Қайдар этнолингвисикалық мектебі ізденістерінің бағыт-бағдары, ол – тілдің халық тарихының баға жетпес байлығын ұрпақтарға жеткізуші кумулятивтік қызметінің маңыздылығын баса көрсетеді. Солай бола тұра, этнолингвистика этнография мен лингвистиканың қосындысы еместігін өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасынан басталған этнолингвистикалық ізденістер дәлелдеп келеді, бұл бағыттың басты мақсаты – этнос өмірінің өткені, тұрмыс-тіршілігі, дәстүр, дүниетанымы мәселелерін дөп басып дәл анықтау, оны тілдегі көрінісі тұрғысынан зерделеу.

Қазақ тіл білімінде этнолингвистикалық бағыт ХХ ғасырдың 80 жылдарынан басталады. Бұл саланың дамып, өсіп-өркендеуіне Ә.Қайдар, М.Копыленко, Е.Жанпейісов, Р.Сыздық, Н.Уәлиұлы, Б.Қалиев, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Б.Момынова, Р.Шойбеков, Ғ.Аронов, Г.Сағидолда, Қ.Ғабитханұлы, Е.Керімбаев, Ш.Сейітова, Б.Қарағұлова, Қ.Қайырбаева т.б. ғалымдар өз үлестерін қосып келеді.

Қазіргі кезде қазақ этнолингвистикасының зерттеу мектебі қалыптасты деуге болады. Бұл жөнінде академик Ә.Қайдар: «Бүгінгі таңда қазақ этнолингвистикасы ғылыми негізі қалыптаса бастаған, жан-жақты ізденіс нәтижесінде өзіндік ерекшелігі мен үрдісі айқындалып келе жатқан, дербес те перспективті ғылым саласы ретінде танылып отыр», – деп көрсетеді.