Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
-759359893.docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
5.95 Mб
Скачать
  1. Қазақ тілінің тарихи лексикологиясының зерттелуі

Қазақ лексикасы туралы алғашқы мағлұматтар XVIII ғасырда жарық көрген П.С. Палластың «Орысша-қырғызша сөздігінде» (1774 ж.), ХІХ ғ. жарық көрген А. Левшиннің «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» (1832 ж.), Н.И. Ильминскийдің «Материалы к изучению киргизского наречия» (1861), сондай-ақ қазақ тілінің грамматикасына қатысты П.М. Мелиоранский, В.В. Радлов т.б. түркітанушылардың еңбектерінде кездеседі. Л.З. Будаговтың 1869 ж. шыққан екі томдық «Түрік–татар тілдерінің салыстырмалы сөздігі» қазақ сөздерін талдауға кең орын береді. Мұндағы қазақ сөздерінің басым көпшілігі қазіргі қазақ сөздіктерінде бар екенін зерттеушілер тілге тиек етеді. Л.З.Будаговтың сөздігін арнайы зерттеген Б. Атабаева [31]: «... Сөздікке енген қазақ сөздерінің саны – 6000. Сөздерді сөз таптарына топтастырғанда: 3600-ден аса зат есім, 1455 етістік, 405 күрделі етістік, 643 сын есім, 120 үстеу, 26 есімдік, 24 одағай, 22 сан есім, 12 шылау, 7 эмоционалды‑экспрессивті сөз, 6 модаль сөз, 5 қыстырма сөз, 4 сұраулы сөз, 4 еліктеуіш сөз, 2 көмекші етістік бар» − дейді.

XX ғ. екінші жартысында ірге тасы қаланып, дербес пән ретінде қалыптасқан қазақ лексикологиясы бүгінде этимология, тарихи лексикология, терминология, ономастика, фразеология, лексикография сияқты бағыттарда дамып отырған қазақ тілтаным ғылымының сүбелі саласы. Ол салаға алғаш рет 1944 жылы Н. Сауранбаев пен Г. Бегалиевтер «Қазақ тілінің грамматикасы» атты педучилищеге арнап жазған оқулықпен түрен салды. Кітапта қазақ тілінің лексикасы өз алдына жеке тарау етіп беріліп, сөздік құрамдағы араб, парсы, орыс тілдерінен енген кірме сөздерге талдау жасалады. Қазақ сөздерінің семантикалық сипаттары сараланып, синоним, антоним, омоним сөздерге, архаизм мен неологизмдерге нақты мысалдар беріледі. Аталған оқулық лекикологияның пән ретінде қалыптасуына жасалған алғашқы қадам болғандығымен құнды.

ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ тіл білімінің лексикология саласы қарқынды дами бастайды. 1954 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясынан «Қазіргі қазақ тілі» атты тұңғыш көлемді еңбек басылып шықты. 554 беттік кітаптың 94 беті алғаш рет таза лексикологияның мәселелеріне арналады. Еңбектің Ғ. Мұсабаев жазған «Сөз – лексикалық единица», «Лексиканың тараулары», «Лексиканы тарихи және стилистика жағынан зерттеу» тәрізді тараушалар мен одан кейінгі «Семасиология», «Қазіргі қазақ тілі лексикасының құрамы», «Қазіргі қазақ тілі лексикасының стильдік мәні», «Фразеология», «Лексикография» тарауларында қазақ тіл біліміндегі кейінгі зерттеулер мен еңбектерге негіз болған алғашқы ғылыми тұжырымдар жасалады.

А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов (А. Байтұрсынов. «Тіл тағылымы» 1992; Жұбанов Қ. «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» 1999; Аманжолов С. «Қазақ тілі теориясының негіздері» 2002.) тәрізді қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың теориялық қағидаттарын басшылыққа алған қазақ ғалымдарының диссертациялары (Ермеков Ә. «Семантика слитных слов в казахской лексике». – АКД., А., 1950; Аханов К. «Омонимы в казахском языке». – АКД., А., 1956; Болғанбаев Ә. «Синонимика имени существительного в современном казахском языке». – АКД., А., 1957; Барлыбаев Р. «Расширение и сужение значений слов в казахском языке». – АКД., А., 1963; Мусин А. «Антонимы в казахском языке». – АКД., А., 1970; Садықбеков Р. «Проблемы многозначности слова в казахском языке. – АКД., А.,1973. т.б.) мен К. Аханов, Ғ. Мұсабаев, Ә.Т. Қайдаров, Р. Сыздықова, Ш. Сарыбаев, М. Томанов, Ә. Нұрмағанбетов, Е. Жанпейісов, Ғ. Қалиев, О. Нақысбеков, Ж. Досқараев, С. Омарбеков, А. Айғабылов, Ө. Айтбаев, Б. Әбілқасымов, А. Аманжолов, Ғ. Айдаров, Ә. Ибатов, Ә. Құрышжанов, Б. Сағындықов, Ә. Ахметов, А. Әбдірахманов, Т. Жанұзақов, Қ. Өмірәлиев, М. Оразов, О. Сұлтаняев, Б. Қалиев, К. Құсайынов, Е. Қажыбеков, Н. Уәлиев, Ж. Манкеева, Р. Шойбеков, Е. Керімбаев, Ж. Түймебаев, С. Сәтенова, А. Алдашова, З. Ахметжанова, Г. Смағұлова, Б. Момынова, С. Бизақов, Б. Қасым, М. Малбақов, Қ. Рысбергенова, А. Ислам, Ғ. Әнесов, Ш. Құрманбайұлы, Б. Тілеубердиев, Г. Мадиева, Г. Сағидолда, М. Ескеева, Р. Абақова, А. Салқынбай, Л. Дүйсенбекова, Г. Мұратова, Ж. Тектіғұл, М. Сабыр, Н.Э. Оразәлиева, Б.И. Нұрдәулетова, Қ. Айдарбекова, Қ. Күдеринова, К. Еспаева, Ә. Әміров, С. Иманбердиева т.б. іргелі ғылыми зерттеулері қазақ лексикологиясының салалана дамуына қосылған қомақты үлестер болғаны даусыз. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған А. Айғабыловтың «Қазақ тілінің лексикологиясы» (1995), Б. Сағындықұлының «Қазіргі қазақ тілі. Лексикология» (2003), Ә. Болғанбайұлы, Ғ. Қалиұлы  «Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» (Алматы, 1999) тәрізді оқулықтар мен оқу құралдары практикалық мақсатта жазылған еңбектер болды.

Тарихи лексикологияның зерттеу обьектісі  лексика және оның пайда болу жолдары мен даму заңдылықтары. Тарихи лексикология тіл тарихына, сол тілде сөйлеуші этностың (халықтың, ұлттың) бастан кешірген қоғамдық формациялары мен этникалық қалыптасу, дамуының ұзақ жолына қатысты тілдік фактілердің шығу тегін, қалыптасу кезеңдерін, туыстас тілдердің қатарынан алатын орнын, басқа тілдерге қатыстылығын ғылыми-теориялық тұрғыдан зерттеуді мақсат етеді. Демек, тарихи лексикологияның алпы лексикологиядан айырмашылығы  ол тіл фактілерін зерттеуде тарихи принципке сүйенуінде.

Тарихи лексикологияның зерттеу обьектісі дегенде екі түрлі жағдай ескеріледі. Біріншіден, ол алдына қойған мақсатына және тіл фактілерін талдау тәсілдеріне байланысты іштей сараланып, тікелей және өзіне қатысты проблемаларды әр қырынан қарастыратын этимология, семсиология, ономасиология, диалектология, этнолингвистика сияқты тарауларды қамтиды. Екіншіден, ол тіл білімінің осы салаларында қол жеткізген табыстар мен зерттеудің ідс-амалдарын пайдалана отырып, этностың шығу тарихына (этногенез), этос тілінің шығу тарихына (глоттогенез), халық тілінің базистік структурасын, туыс, туыстас және басқа тілдермен болған қарым-қатынасын әр түрлі экстралингвистикалық факторлардың тіл дамуына тигізген әсерін т.б. тіл фактілері мен оның заңдылықтары негізінде қарастырады.

Қазақ тілі тарихи тарихи лексикологиясына қатысты проблемалардың бірі  қазақ халқының этногенезі мен глоттогенезі. Қазақ тілінің базистік лексикасына тән байырғы сөздер мен сөз тұлғаларынан тыс толып жатқан тілдік деректердің, атап айтқанда қазақ халқының негізін құраған ру-тайпалар атаулары (этнонимдер) мен «қазақ» сөзінің этимологиялық табиғаты, көне тарихымыздың куігері іспетті жер-су атаулары, өлке-өлкені мекендеген ру-тайпалардың тілдік ерекшелігі ретінде сақталып, бізге жеткен диалектизмдер, көне түркі сына жазуы мен ортағасыр жазба ескерткіштері тілі  осылардың барлығы қазақ этносы мен оның тілінің тарихын айқындауға қажетті тілдік деректер.

Этногенез проблемасына қатысты тіл деректерін пайдалануда этнонимдерге жасалатын этимологиялық талдаулардың берері мол. Мәселен, Махмуд Қашғаридің «Диуани луғат-ит түрк» - інде кездесетін аргу мен қазақ және басқа түркі халықтарының құрамына енген этникалық компонент арғын этнонимінің төркіндестігі түркі-моңғолға ортақ -н (-ун/-ын) элементінің табиғатына байланысты. Этногенез мәселесінде тарихи обьективті факторларға сүйенудің маңызы зор. Мәселен, түркі ру-тайпаларының қалыптасу, даму тарихының Хун дәуірінде Қазақстан территориясын түркітілдес ру-тайпаларынан басқа индоиран тілдерінде сөйлеген (сақ, юечжи, соғды) мекендеп келгені мәлім. Б.з.д. І ғасырда Орталық Азияның түпкір-түпкірінен батысқа қарай қоныс аударып, жөңкіле көшкен хундар Қазақстан жерін мекендеген сол кездегі ру-тайпалардың этостық келбетін өзгертпей қойған жоқ. Тарихи деректерге қарағанда Хун бірлестігінің өзі тегі жағынан құрама, тілі жағынан бір келкі болмаған. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша хундардың басым көпшілігі түркі тілдес тайпалардан тұрған, олардың бастыстағы одақтасы  үйсіндер болған. Хундар мен үйсіндер одағы біздің заманымыздың басында Батысқа жылжып, ең алдымен Жетісу өңірін басып алады да, осы өлкеде жасайтын сақ, юечжи т.б. тайпалардың біразын ығыстырып тастап, өздері қалған шығыс иран тайпаларымен араласа бастайды. Қазақстан территориясындағы көне тайпалардың түркіленуінің алғашқы дәуірі осы кезден басталады деп көрсетеді ғалымдар.

Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі иран тілдес ру-тайпалардың түркілер мен моңғолдарға айналуының екінші толқыны сол хундар мен үйсіндердің тағы да Батысқа ай жылжуымен, бұл жолы олардың кангюй тайпасының Сыр бойындағы үлкен мемлекетін ығыстыруынан басталады. Сөйтіп, тұрғындарының басым көпшілігі түркі тілдес тайпалардан құралған Қазақстан территориясы І ғ. екінші жартысынан кейін түркілердің қол астына өтіп, түркі қағанаттарына тәуелді елге айналады. VIII ғ.-да Қазақстанның біраз жері қарлұқ тайпаларынның бақылауында болады. IX-XI ғ. Қазақстан жерінде саяси гегемония оғыз, қимақ және қарлұқтардың қолына, онан кейін Орталық Азиядан шыққан қыпшақ руларының одағына өтеді. Қыпшақ одағын құраған ру-тайпалар Дешти -қыпшақты басып өтіп, бүкіл Еуразия аймағына тарайды. Осы этностық бірлестіктер мен одақтар құрамында болған ру-тайпалар XV қазақ халқының қалыптасуына негіз болғаны тарихтан белгілі. Днмек, қазақ этносының халық болғанға дейінгі тарихы өте күрделі интеграция және дефференциация процесстерін басынан өткерді. Бұл процесстердің барлығын таратып айту жете зерттеуді талап етері қақ. Бірақ хун дәуірінің өзінде-ақ түркі баба тілінің (праязык) біртұтас іргетасы қаланып, негізі жасалды деуге болады. Осы баба түрк, көне түркі тілдерін бейнелейтін тіл фактілерін анықтау тарихи-лексикологияның үлесіне тиері сөзсіз.

Генезис мәселесіне қатысты тарихи лексикологияның сзерттейтін мәселесінің бірі  тілдер аралық қарым-қатынас. Демек, қазақ тілінің тарихи лексикологиясының тереңдеп зерттейтін мәселелері қатарына ерте замандарда Қазақстан өңірін мекендеген скиф, сақ, массагет, соғды тайпаларының тілдері мен түркітектес ру-тайпалардың тілдік қарым-қатынасын, сондай-ақ тамырын тым тереңнен алатын және көп заманалар бойы үздіксіз және үзіліссіз жалғасқан түркі және моңғол тілдік байланысын, түркі тілдерінің фин-угор, самоди, тұңғыс-маньчжур тілдерімен байланысын, орта ғасырда араб-парсы тілдерімен, 13 ғ. кейінгі кезеңдерде моңғол тілдерімен, славян (орыс) тілдерімен қарым-қатынасын зерттеу де енеді. Бұл тілдік қарым-қатынастардың із-таңбалары қазақ тілінің лексикалық қазынасының стратиграфиялық қабат-қаттауларында сақталып, күні бүгінге дейін қолданылып отырғаны даусыз.