Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
-759359893.docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
5.95 Mб
Скачать
  1. Қазақ әдеби тілінің зерттелуі

Қазақ әдеби тілі сан ғасырлар елеуінен өткен тарихи категория. Бірқатар ғалымдар әдеби тіл дегеніміз – жалпыхалықтық тілдің өңделіп, қырланған түрі деп таныса, енді бірсыпырасы жалпы хатқа түскен дүниелердің тілін әдеби тіл деп табады.

Әдеби тілдің тарихын арнайы зерттеу ісі С.Аманжоловтың «Қазақ әдеби тілі» (1949), Ғ.Мұсабаевтың «Становление и развитие казахского литературного языка и вопросы диалектологии» (1952) басталды десек те, әдеби тілдің пайда болуындағы Абайдың және Ыбырайдың рөліне қатысты Қ.Жұбановтың «Абай-қазақ әдебиетінің классигі» (1930), Қ.Жұмалиевтің «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі» (1960), Р.Сыздықтың «Абай шығармаларының тілі» (1968), М.Мырзахметовтың «М.Әуезов және Абайтану проблемалары» (1982), Ә.Дербісәлиннің « Ы.Алтынсаринның жазушылық қызметі туралы» (1956), С.Хасанованың «Ы.Алтынсарин шығармаларының тілі» (1972) т.б. зерттеулер қазақ әдеби тілі тарихының мәселелерін зерттеуге қосылған құнды үлестер ретінде

Қазақ әдеби тілінің басты проблемалары, атап айтқанда оның дамуы, арнасы, дәуірлерге бөлінуі, әдеби тілге қатысты нұсқалардың тілі жөніндегі мәселелер ХХ ғ. 60 жылдарынан зерттеудің арнайы нысанына алына бастады. Қазақ әдеби тілінің күй-қалпы І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, М.балақаев, С.Аманжолов, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев, Т.Қордабаев, Р.Сыздықова, Ә. Құрышжанов, М.Томанов, Қ.Өмірәлиев, С.Исаев, Б.Әбілқасымов, Е.Жанпейісов, Ғ.Қалиев, Е.Жұбанов, С.Хасанова, Б.Момынова т.б. зертеушілердің іргелі еңбектерінде жан-жақты сөз етілді.

Қазақ тіл білімінде де ”әдеби тіл” деген ұғымға тиянақты бір анықтама берілмей келеді. Н.Т.Сауранбаев: ”Әдеби тіл –халықтық тіл, бірақ оның шеберлер арқылы сұрыпталған түрі” – дейді. Ә.Құрышжанов: ”Орыс әдебиетінде болсын, дүниежүзілік әдебиеттер мен түркологияда болсын, әдеби тілдің анықтамасы теориялық жағынан біркелкі сияқты. Ол – жазба әдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түсіп, стильдік тармақтары сараланған, әлеуметтік қызметі әр алуан қатынас құралы, халық тілі байлықтарының негізінде қалыптасқан тілдің жоғарғы формасы”– десе, М.Балақаев ”Әдеби тіл–жазба тіл. Жазба әдебиет арқылы тіл байлықтары, оның құрылысы сымбатты қалыпқа түсіп, екшеледі. Жазуы болмаған халықтың тілі әдеби тіл дәрежесіне көтеріле алмайды”,– десе, дәл осындай тұжырымды тіл маманы Ғ.Мұсабаев та айтады: ”Әдеби тіл ең әуелі–ақ жазуға сүйенеді. Жазу стилінсіз әдеби тіл болмақ емес”–дейді. М.Әуезов әдеби тілдің басты екі белгісін атап көрсетеді. Ол: «Тілдің әдебиет арқылы қалыптасуы/нормалануы/–әдеби тілдің басты белгісі болса, тағы бір көз жазбайтын, әр жерде, әр тұста айта беретін белгісі–тіл байлығының молдығы, халық тілін жете біліп, мол пайдалану» –деп таниды.

Р.Сыздықова «Әдеби тіл» деген терминді танудың төрт басты сипаттарын атап көрсетеді:

  1. Әдеби тілдің ең басты белгісі – оның өңделген, нормаланған, сұрыпталған тіл болуы.

  2. Қызметі жағынан сол халқтың өмірінде ұйымдастырушы, қоғам мүшелерінің басын қосушы сипаты, яғни жалпыға ортақтастық қасиеті болуға тиіс.

  3. Әр нәрсенің, әр құбылыстың заты /мән-мәнісі, табиғаты/салыстыру арқылы, өзге құбылыстардың қарама-қарсысына қою арқылы таныла түседі. Әдеби тілді тану үшін оның қарама-қарсысына қойылатын басты құбылыс – ауызекі сөйлеу тілі.

  4. Әдеби тіл қолданылу тәжірибесінде қоғам сынынан өткен, нормаларын қоғам санасы дұрыс деп қабылдаған және ол нормалар басқа барша үлгілерге ортақ болуы шарт.

Зерттеушілер әдеби тілдің стильдік тарамдалуына жанр принципін негіз етеді. Соған орай көркем әдебиет жанрына көркем әдебиет стилі, қоғамдық пудблицистика жарнына публицистика стилі сай келмек. Тілдің функционалдық стилі дегеніміз, әдебиеттің белгілі бір жанрына, немесе әлеуметтік іс-әрекеттің белгілі бір саласына (мысалы, ресми стиль, кеңсе стилі, телеграф стилі деген сияқты), я болмаса қоғам тіршілігінде белгілі бір ситуацияға сәйкестендіріліп қалыптасқан тұлға тәсілдер жүйесі, семантикасы мен экспрессиясы жағынан біршама тұйықталған (әр стилге қарай іріктелген) тілдік құралдар тобы. Демек, тілдің функционалдық ситльдері ең алдымен оның әдебиет жанрына қарай ажыратылған тарамдары.

Ауызша әдеби тілдің стильдік тармақтары негізінен екі үлкен топқа бөлінеді. Олар: көркем әдебиет стилі мен ауызша сөйлеу стилі. Көркем әдебиет стилі поэзия жанрының сөз үлгісі арқылы дамиды, сондай–ақ шешендік сөздер деп аталатын ұйқасты-ырғақты проза және ертегілер болып ауыздан ауызға тарады. Ал ауызша көркем сөйлеу стилін ұрпақтан ұрпаққа ауызша таратылып келген шежірелер мен қарасөз түріндегі дидактикалық ақыл сөздер танытты. Көркем әдебиет стилі ауызша әдеби тілдің басты (доминант)стилі болып келеді. Ауызша әдеби тілдің айқын ажыратылған публицистикалық, ғылыми, кеңсе-іс қағаздары стильдері болған жоқ. Ал қазақ жазба әдеби тілінің ұлттық кезеңіне дейін жартылай ғылыми әдебиет стилі, ресми іс-қағаздары стилі және эпистолярлық (хат-хабарлар) стильдері болды. Жартылай ғылыми стиліне жазба шежірелер мен мұсылманша діни әдебиет жатса, ресми құжаттар тіліне әр алуан кеңсе іс-қағаздарының, үкіметтің басқару орындары трапынан берілетін түрлі бұйрық-жарлықтар, ережелердің тілі жатады. Эпистолярлық стильді хаттар немесе біреуге арналып жіберілген жазбалар (послания) тілі танытады.

Қазақ тілінің осы күнгі стильдік тарамдалуының басы ХІХ ғасырдың ІІ жартысына тура келеді. Бұл тұста қазақ тілінде мерзімді баспасөз пайда болды, соған орай әдебиеттің қоғамдық-публицистикалық жанрының іргетасы қалана бастады. Бұл жанр қазақша публицистикалық стильдің алғашқы үлгілерін туғызды. Өткен ғасырдың соңғы он жылдықтарынан бастап, қазақ тілінде көпшілікке арналған жартылай ғылыми әдебиет жанры жанданды. Бұл стильдің недәуір қанат жая бастаған тұсы – үстіміздегі ғасырдың басы, ал нағыз өркендеген, айқындалған дәуірі – қазіргі кезең.

Қазіргі қазақ әдеби тілін қалыптастырудың алғашқы лабораториясы қазақтың бай ауыз әдебиеті тілі болды. Қазақ фольклоры өз тарихын өте ертеден бастайды. Зерттеушілер қазақ эпосының көне замандардан, Орхон жазуларынан бұрын сақ, ғұн, үйсін дәуірлерінен бастап туғандығын айтады. Бұл пікірді Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев сияқты ғалымдар баса айтады. ”Түркі, монғол тайпаларының ертегі мен эпосының түп тегі сақ, ғұн, үйсін, қыпшақ, көк түріктер заманынан басталып, Х-ХҮІІІ ғасырларға дейін үздіксіз дамуда болған. Ә.Марғұлан Оғыз-қыпшақ тайпалары тілдерінің эпостарын мынадай дәуірлерге бөліп қарастырады:

  1. Атам замандарда туған (ҮІ-ХІІғ.)

  2. Тарихи дәуірде туған (ХІІІ-ХІҮ ғ.)

  3. Ноғайлы эпосы(ХІҮ-ХҮІғ.)

  4. Жоңғар соғысымен байланысты туған эпос. (ХҮІІІ)

  5. Ішкі қанаушы мен хандарға қарсы күресті суреттейтін эпос.

  6. Совет заманында туған эпос.

Қазақ әдеби тілінің тарихы үшін ноғайлар жырларының, яғни бұрынғы Дешт -й Қыпшақ ұлысына кірген тайпаларға – бүгінгі қазақ, қарақалпақ, ноғай халықтарына ортақ ХІҮ-ХҮІ ғасырлардағы тарихи оқиғаларға байланысты туған жырлар мен аңыз әңгімелер тілінің орны айрықша. Ол жырлар Ш.Уалихановтың тануынша, ”Едіге”, ”Ер көкше”, ”Орақ”, ”Шора батыр” жырлары және қырғыз халқының ұлы ескерткіші ”Манас” жырыАсан қайғы, Әз Жәнібек туралы аңыз-әңгімелер.

Қазақтың әдеби тілінің жазба дәстүрінің бастау арнасының бірі  көне түркі жазба ескерткіштері. Көне түркі дәуірінен, оның ішінде Ү-Х ғасырлардан, бізге мынадай жәдігерліктер жеткені мәлім: 1) Ү-ғасырға жататын руна (сына) жазулы талас – енисей ескерткіштері: құлпытастардағы эпитафиялар, олар 1-2 сөйлемнен 5-6 сөйлем көлемінде айтылған тарих; 2) ҮІІІ ғасырға жататын руна жазулы орхон ескерткіштері: құлпытасқа қашалып сызылған (жазылған) түркі тайпаларының сол дәуірдегі атақты қағандары мен батырлары, Білге қаған, Елтеріс қаған, Күлтегін, Тонықұқтар туралы тарихи шежірелер; 3) ҮІІІ-Х ғасырлардағы ұйғыр жазулы жору, аян айту, діни аңыз түріндегі ескерткіштер (жазбалар).

Қазақтың әдеби тілінің жазба дәстүрінің бастау арнасының бірі  ортағасыр жазба ескерткіштері. Жалпы түркі жұртшылығының жеке-жеке халық болып қалыптаса бастаған кезеңі – орта ғасыр дәуірінің (X-XY ғ.ғ.) бізге жеткен жазба жәдігерлерінің көпшілігі араб жазуымен жазылған. Араб жазулы орта ғасырлық түркі ескерткіштерінің жанры жағынан прозалық үлгілер де, поэзиалық үлгілері (дастандар) кездеседі, мазмұны мен тақырыбы да алуан түрлі. Дастандарда негізінен діни, дүнитанымдық, дидактикалық, ғашықтық жайлы мәселелер сөз болса, прозалық шығармаларға тарихи оқиғалар желісі, әлеуметтік-танымдық мәселелер арқау болады. Сол сияқты филологиялық ғылыми-зерттеулер де (фонетика, грамматика, сөздік, анықтамалық кездеседі) кездеседі.

Араб жазулы көне түркі ескерткіштері ғылыми әдебиеттерде тарихи тұрғыдан және тілдік ерекшіліктеріне қарай түрліше топтастырылып жүр.

Араб жазулы көне түркі мұралары Қарахан әулеті түріктерінің (XI-XII ғ.ғ), Орта Азия түріктерінің (XI-XIY ғ.ғ.), ескі қыпшақ (XII-XY ғ.ғ.) және шағатай (XY-XYII ғ.ғ.) тілінде жазылған. Қарахан әулеті түркітерінің тілінде араб жазуымен жазылған көне түркі ескерткіштеріне Жүсіп Баласағұнидың «Құдатғу білік» (1069 ж), Махмұд Қашғаридың «Диуани лұғат ат-түрік» (1074 ж) Ахмед Иүгнекидің «Хибату-л-хақаиқ» шығармалары, сондай-ақ құран сөрелерінің мәнін түсіндіруге бағытталған (Тафсирлер сериясына кіретін) бірнсше түсініктемелер жатады.

Араб жазуы орта ғасырлық түркі ескерткіштерінің басым көпшілігі Орта Азия түріктерінің тілінде жазылған. Бұл есркертіштердің жазылу кезеңі Карахан мемлекетінің соңғы дәуірінен басталып, Монғол шапқыншылығынан кейін Алтын Орда дәуiрімен жалғасады. Орта Азия түріктерінің тілінде жазылған араб жазулы көне түркі ескерткіштерінің ненізгілері ретінде Қожа Ахмед Йассаудің «Диуани Хикматын» (ХІғ.), Ибн Муханның «Тарджуман фарси уа турки уа моғоли» (ХІІІғ.), шығармаларын, (XIY), Э.Замахшаридың «Муқаддимат-әл-адабын», М. бин Әлидің «Наһдж-ул-фарадасін» (XIY), Әбілғазының «Оғызнамасын»(XIY), т.б. жәдігерлерді атап өтуге болады.

Алтын Орда мемлекеті халықтарының да этникалық құрамы біркелкі емес еді, түркі тектес тайпалармен қатар армян, грек, орыс, т.б. халықтардың өкілдері де болды. Мемлекет құрамында түркі ру-тайпаларынан қыпшақтар мен оғыздар көп болғандықтан тілінде де қыпшақ және оғыз диалектілері басым болды. Алтын Орда дәуірінің мұраларына Хорезмидің «Мухаббатнама» Саиф Сараидың «Гүлстан бит-түрки», Кұтыбтың «Хұсрау уа Шырын», Дүрбектің «Жүсіп Зылиқа» дастандары, Рабғуздың «Қисса-сул анбиясы» т.б. шығармалары жатады.

Ескі қыпшақ тіліндегі мұралар негізінен ескі араб, ескі армян, ескі орыс орыс және ескі гот әліпбилерімен жазылған. Араб жазуымен қыпшақ тілінде жазылған ескерткіштерге Сади Ахмедтің «Ташұқнамасы», авторлары белгісіз «Қорқыт ата кітабы», «Сириж-іл-кулуб», «Миржнама», А. Самарқанидің«Китаб Мұқаддима», Хорезмидің «Тарджума Шаһнамасы», «Китабу ад-дағуа» т.б. шығармалар жатады. Сондай-ақ, жоғарыда атап өткен Рабғузидің, Кұтыбтың, Әлидің, Саиф Сараидың, А. Йүгінекидің, М.Қашқаридың еңбектерінде де тілінің элементтері айқын байқалады.

Араб жазулы көне түркі ескерткіштернің енді бір тобы Шыңғысханның екінші ұлы, Шағатайдың ұлысына енген Орта Азия, Жетісу, Шығыс Түркістан аймақтарында кең тараған жазба әдеби түркі тілінің жалпы атауы шағатай тілінде жазылған.

Шағатай тілі  Қараханидтер дәуіріндегі және одан кейінгі Орта Азия түріктерінің тілдерімен дәстүрлі жалғастықты сақтай отырып, өзіндік ерекшеліктерімен қалыптасқан барлық түркілерге ортақ әдеби тіл. Шағатай тіліндегі ескерткіштер қатарында «Тезкерей әулие», «Бақтиярнама», «Миражнама» шығармаларын Лутфи, Атаи, Сакаки, Гадайи сияқты ақындар шығармаларын атауға болады. Ал, ең шарықтау дәуірі Әлишер Науаидың шығармашылығымен байланысты қарастырылады. Шағатай тілі де й тілдер тобына жатқызылады. Шағатай тілінде жазылған орта азиялық жазба әдеби шығармалардың дәстүрлері XYIII-XIX ғасырлардағы түркі тілдес өзбек, ұйғыр, түрікмен, қазақ және қарақалпақ халықтарының жазба әдеби тілінің қалыптасуына мейлінше зор әсерін тигізді.

Қазақ әдеби тілінің даму барысын дәуірлерге бөлу мәселесінде де орныққан бірыңғай пікір жоқ. Қазақ әдеби тілінің басталар тұсы жайындағы көзқарастарды беске бөліп топтастыруға болады.

  1. Қазақ әдеби тілінің тарихын ертеден, көне түркі дәуірінен, хундар мемлекеті кезінен бастайды (Ғ.Мұсабаев 11 ғасырдан, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев Y ғасырдан т.б.).

  2. Қазақ әдеби тілінің тарихы XYIII ғасырдан басталады (Қ.Жұмалиев, М.Балақаев т.б.)

  3. XIX ғасырдың II жартысынан басталады (Қ.Жұбанов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев). Бұл концепцияны ұстаушылар XIX ғасырдың II жартысына дейін де қазақта әдеби тілді танытатын үлгілер болды дегенді қоса айтады. Сірә, бұл жердегі пікір қазақтың ұлттық әдеби тілін көздей айтылған болу керек.

  4. Қазақ әдеби тілі Октябрь революциясынан кейін басталады (Т.Қордабаев).

  5. Қазақтың төл әдеби тілі ауызша дамыған авторлы поэзия түрінде оның халық болып құралған кезеңінен, XY-XYI ғасырлардан басталады, ал ескі жазба әдеби тілі XYI-XYII ғасырлардан, жаңа ұлттық жазба әдеби тілі XIX ғасырдың II жартысынан басталады (Р.Сыздықова, Қ.Өмірәлиев, Б.Әбілқасымов, А.Ысқақов, Ә, Құрышжанов т.б.).

Н.Сауранбаев қазақ әдеби тілінің тарихы әлі толық зерттелмеген, сондықтан оны дәуірлеу қиын дей келіп, ”пікір тудыру үшін өз ойымызды айтуды дұрыс көрдік”деп, бұл тарихты үш дәуірге бөледі:

1. XIX ғасырдың II жартысына дейінгі;

2. XIX ғасырдың II жартысынан XX ғасырдың 20-жылдарына дейінгі;

3.Советтік дәуір.

М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов ұсынған дәуірлеу кестесі Н.Сауранбаев кестесіне жуық, айырмашылық XX ғасырдың басындағы әдеби тіл деген үшінші кезең бөлек танытылады. Қазақ әдеби тілі жайында энциклопедияға жазған мақаласында М.Балақаев пен Ә.Құрышжанов оның тарихын мынадай кезеңдерге бөліп қарайды: 1-кезең  XYIII ғасырдың I – ші жартысы, бұл – қазақ әдеби тілінің алғашқы дәуірі, 2-кезең –XIXғ., бұл ғасырдың II жартысында жаңа сапалы жазба әдеби тіл пайда болды; 3-кезең – Октябрь революциясынан кейінгі. Дегенмен авторлар осы мақалада Y-YIII, IX-XII және XIII-XIY ғасырлардағы ескі түркі ескерткіштетінің тілін қазақ әдеби тілінің ескі арналары есебінде атап өтеді.

XIV-XVII ғасырлардағы қазақ халқының мәдени - рухани өмірінде жаңа құрала бастаған халықтың сөйлеу тілі мен қазақ халқын құраған ру-тайпалардың әріден келе жатқан поэзиясы тілінің негізінде ауызша дамыған әдеби тіл қызмет етті. Бұл, тіл негізінен, поэзия түріндегі көркем әдебиетпен ауызша жүргізілетін дау-билік саласындағы шешендік сөздерден де көрінеді. Сондай-ақ хан жарлықтары, өзге елдермен арадағы қарым – қатынас қағаздары, тарихи шежірелер сияқты жазба дүниелердің қажетін ортаазиялық түркі әдеби дәстүріне негізделген қазақтың ескі жазба тілі өтеп отырды.

ХҮІІІ ғасырдағы қазақтың ауызша дамыған әдеби тілі XIV-XVII ғасырлардағы әдеби тілдің заіды жалғасы болып дамыды. ХҮІІІ ғасыр  қазақ поэзиясының кең өріс алған, әріден кележатқан жыраулық дәстүрдің одан әрі дамыған және ақындар мектебінің кұш ала бастаған шағы болды. Бұл кезең қазақ қоғамы үшін соғыстар мен жорықтардың заманы болғандықтан, әдеби тілде жаугершілік лексикаға қатысты көптеген сөздердің тұрақтана бастағаны, тұрақты эпитеттері әбден қалыптасып, әдеби дағдыға айналғаны байқалады.Осы кезеңдегі қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамының негізі және дені қазақтың төл сөздері болып келеді. Орыс сөздері не орыс тілі арқылы енген шет тіл сөздері ХҮІІІ ғасырдағы қазақ көркем әдеби тілінде жоққа тән. ХҮІІІ ғасырдың ақын - жырауларында кездесетін дүние, момын, мейман, несібе, дәулет, құдай, заман, уағда, кедей, пейіл, пасық, арам, қайыр, құрмет, құбыла, бақ, дұшпан сияқты араб - парсы сөздері халық тіліне бұрыннан сіңісіп кеткен лексика болып табылады. Бұл кезеңнің басты ерекшелігі ауыз әдебиеті нұсқалары мен авторы әдебиеттің (Бұхар, Ақтамберді, шал, Үмбетей, Доспамбет, Қазтуғант.б.) астарласуы десек, бұл құбылыс бір жағынан ХҮІІІ-ХІХ ғасырларға дейінгі қазақ әдеби тілінің ғасырлар ауыз әдебиеті дәстүрлерімен ұштасып жатқандығын көрсетсе, екінші жағынан осы дәуірдегі қазақ әдеби тілінің нормасын танытады.

ХҮІІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың 1-ші жартысындағы қазақ хандарының, старшиналарының әр алуан эпистолярлық құжаттарының тілі де қазақ әдеби тілі қалыптасуының белгілі кезеңінің сипатын танытады. Осы кезеңде қолданылған ресми қағаздардың тілі туралы І.Кеңесбаев: «Абай дәуіріне дейінгші хан-сұлтандардың түрліше грамота-хаттарына келсек, олар  сол кезде мода болған ресми-эпистолярлық стильдің бөліктері еді. Мұнда шағатай, татар, араб-парсы элементері басым болды»-дейді.

ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарына дейінгі кезең қазақтың ауызша дамыған төл әдеби тілінің жалғасы ретінде танылатын болса, 70-жылдары ұлттық жазба әдеби тілдің негізі қаланып, әрі қарай дамуға бет бұрған кезеңі болды. ХІХ ғасырдың 1-ші жартысы алдыңғы кезеңдердегі ауызша әдеби тілді синтездеу дәуірі, ал 2-ші жартысы қазақтың ескі жазба әдеби тілінің «кітаби тіл»аталған түрі («Шаһнама», «Жүсіп-Зылиха», «Сейфүлмәлік» т.б.шығыстық классикалық әдебиет үлгілерін қазақша жырлаған және ислам дінін уағыздап, оның сахабаларын дәріптеген «Салсал», «Жұмжұма», «Кербаланың шөлінде» т.б. қиссалар, ислами уағыздардың аудармалары, ресми-кеңсе қағаздары т.б.) мен қазақтың ұлттық жаңа жазба әдеби тілі (Ы. Алтынсарин мен А.Құнанбаев шығармашылығы ) қатар өмір сүрген кезеңі болды.

ХХ ғасырда  жазба әдеби тіл әбден нормаланып, қоғам қажеттілігін толығымен өтейтін ұлттық жазба тіл деңгейіне көтерілді, қазақтың ұлтық жазба тілі функциональдық тұрғыдан жан-жақты жетіліп, стильдік тұрғыдан тармақтала дамыды.