- •І. Оқушылардың өздік орындайтын жұмыстарына жалпы сипаттама
- •1.1. Өздік орындайтын жұмыстар туралы түсінік
- •1.2. Өздік орындайтын жұмыстардың түрлері
- •1.3. Оқушылардың өзіндік жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру
- •Іі. Қазақ тілі сабағында оқушылардың орындайтын өздік жұмыстарын ұйымдастыру жолдары
- •2.1. Қазақ тілі сабағында оқушылардың орындайтын өздік жұмыстары
- •2.2. Оқушылардың орындайтын өздік жұмыстарын ұйымдастыру
- •Ұйымдастыру кезеңі.
- •III. Жаңа сабақ:
- •Қорытынды
- •Әдебиеттер тізімі
Кіріспе
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім берудің ізгілікті, дамытушылық сипаты және адамды қалыптастырудағы рөлі, жеке шығармашылық қабілеттерің дамуы үшін жағдай жасау қажеттігі болып отыр деген саясатты ұстана отырып, қазіргі заманға сай технологиялардың үлгілерін таңдап, сабақ барысында пайдалана білу–бүгінгі заманның талабы. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді жетік меңгерту өзекті мәселенің бірі екендігі баршаға мәлім. Бүгін заман өзгерді, қоғам алмасты, еліміз тәуелсіздік алды, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қайта жанданып жатыр. Мектепте оқытылатын қазақ тілі пәнінің түпкі мақсаты – оқушыларға қазақ тілін жетік меңгерту, туған елінің тыныс тіршілігімен жан-жақты, терең таныстыру, мәдени сөйлеу тілдерін дамыту.
Қазақ халқының рухани көсемі А.Байтұрсыновтың "Әр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытуы керек,"- деген пікірі қазіргі кезде қазақ тілін оқыту және тіл дамыту үрдісінде өміршеңдігін жойған жоқ.
Мектепте оқушылардың оқу әрекетін дұрыс ұйымдастырудың алғы шарттарының бірі олардың өздік жұмысты орындай білу біліктілігі болып табылады. Өйткені, өздік жұмыс оқушыдан белсенді ой қызметін, танымдық іздемпаздықты талап етеді. Өзіндік жұмысты оқушының оқу нәтижелеріне жету құралы деп есептеуге болады. Жұмыстың бұл түрі оқушының білімділігін, біліктілігін бекіте отырып, оның белсенділігін, дербестігін дамытады.
Оқушылардың өздік жұмыстары педагогикалық процестегі екі жақты мәніне байланысты сабақты дұрыс ұйымдастырудың формасы ретінде де, оқушылардың саналы білім алу мен қажетті жұмыс дағдыларына үйренуінің тәсілі және мінез-құлықты қалыптастыру жолы ретінде де қызмет атқара алады. Бұған дейін мектеп тәжірибесінде өздік жұмыс жеке пәндер аясындағы білім мен білікті дамытуға ғана бағытталып келгені мәлім. Оқушының жалпы белсенділігін, дербестігін біліктілікті дамыту арқылы қалыптастыру тиімді екенін көптеген зерттеушілеріміз дәлелдеген болатын.
Педагогикалық зерттеулерді, еңбектерді талдау барысында, біз өздік жұмысқа әр қырынан берілген анықтамалар бар екеніне көзіміз жетті. Мысалы: кейбір зерттеушілер өзіндік жұмысты тапсырма берушінің нұсқауы арқылы жүзеге асатын әрекет ретінде қарастырса (Р.А.Низамов, т.б.), басқалары өз бетімен жұмысқа оның мақсаты тұрғысынан баға берді (Н.Д.Хмель). Осыған байланысты өзіндік жұмыс оқытуды ұйымдастырудың формасы ретінде сипатталады.
В.П.Беспалько өздік жұмыс ұғымын адамның белгілі бір жұмысты өз бетімен, ешкімнің көмегінсіз орындауы деп біледі. Г.П.Семеновтың пікірінше, өздік жұмыс – оқытудың ұйымдастыру формасы да, әдіс-тәсілі де емес, өз бетімен жұмыс - алдын-ала берілген бағдарлама немесе нұсқау арқылы мұғалімнің қатысуымен орындалатын әрекет.
Тағы бір топ ғалымдар Н.В.Кузьмина, А.Г.Ковалев және т.б. өз бетімен жұмысты – оқушыларды үйретудің, оқытудың әдісі ретінде де емес, ол оқушының алдын қойылған мақсатқа сәйкес, белгілі бір іс-әрекетті ұйымдастыру мен жүзеге асыру құралы болып табылады деді. Б.П.Есипов оқушылардың өздік жұмысының атқаратын міндеттерін айқындаса, Т.С.Сабыров оқушылардың оқу белсенділігін арттыру жолдарын жан-жақты талдайды.
Осы ретте оқушылардың өздік жұмыстарының түрлері мен ұйымдастыру жолдары әрқилы болғанымен, көздейтін мақсаты оқушыларды саналылық, белсенділік, ұқыптылық, дербестікке тәрбиелеу болып табылады.
Соңғы жылдары мектептерде оқушылардың өздік жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп, ол іс жүзінде кеңінен қолданылуда. Осындай бір оқушылардың ой - өріс қабілеттерін дамытып, оны сабақтарында дәйекті түрде пайдаланып, бүкіл ұжым болып осы іске бет бұрған мектептер баршылық. Соған орай мен өз курстық жұмысымда осы тақырыпты өзекті тақырып етіп алып отырмын.
Зерттеу жұмысы тақырыбының өзектілігі: бүгінгі таңда оқушы меңгерген білім, білік, дағдыларды біліктілікпен байланыстыра қарастыру негізінде оқушының қоғамдағы мәселелерді, өзгерістерді бағалау, оны өз тұрғысынан шешу біліктіліктерін дамытуға күш салынуда. Бұл орайда оқушының өзіндік орындайтын жұмысының жаңа талаптарға сай ұйымдастырылуы өте маңызды. Солардың біріне бастауыш сыныптарда қазақ тілі сабағында оқушылардың өздік орындайтын жұмыстарын дұрыс ұйымдастыра білу. Қазақ тілі сабақтарында өздік жұмыс жүйелерін пайдалана отырып, оқушылардың тек пәндік білім алуымен ғана шектелмей, оған қоса оқу мен сөйлеуге тереңірек үңіліп, жағымды мінез – құлық қалыптастыру, этика, эстетика сияқты адамгершілік нормаларын бойларына дарытып, тәрбиеге көңіл бөлу қажет.
Зерттеу орны: Астана қаласы №15 мектеп - лицейі.
Зерттеу нысаны: 2 «Ә» сыныбы.
Зерттеу пәні: қазақ тілін оқыту әдістемесі
Курстық жұмысының мақсаты: бастауыш сыныпта қазақ тілі сабағында оқушылардың өздік орындайтын жұмыс түрлеріне сипаттама бере отырып, оқу үрдісінде оқушылардың өздік орындайтын жұмыстаны ұйымдастыру жолдарын анықтау.
Курстық жұмыстың міндеттері.
1. Қазақ тілі сабағында оқушылардың орындайтын өзіндік жұмыстарын теориялық тұрғыдан негіздеу.
2. Өздік жұмыстар арқылы оқушылардың іздемпаздығын, өзбетінше жұмысқа баулуды қалыптастырудың мүмкіндіктері мен қазіргі жайын анықтау.
3. Қазақ тілі сабағында оқушылардың орындайтын өзіндік жұмыстарын қалыптастырудың педагогикалық шарттарын айқындау.
4. Қазақ тілі сабағында оқушылардың орындайтын өзіндік жұмыстарын қалыптастыру әдістемесін жасау, оны тәжірибелік-эксперименттен өткізу, қорытындысын шығару.
Курстық жұмысытың құрылымы: кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, эксперимент жұмысынан, жұмыс барысында пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І. Оқушылардың өздік орындайтын жұмыстарына жалпы сипаттама
1.1. Өздік орындайтын жұмыстар туралы түсінік
Қазіргі әлемде жүріп жатқан жаһандану процесі мектептегі білім жүйесі мен оқушыны оқытып тәрбиелеуге де өз әсерін тигізе бастады. Бастауыш сыныптағы барлық пәндерді бірлікте қарап, берілетін білімнің салмағын арттыру тілімізді осы жаһандану алапатынан сақтаудың бірден-бір жолы деуге болады. Бұл өзекжарды мәселелер қазіргі білім беру үрдісіндегі оқушының өздік жұмысын ұйымдастыруға байланысты орнын дәлелдейді.
"Өздік немесе өз бетінше жұмыс термині – негізінен педагогикалық термин. Ол оқу орындарында жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарының бірі болып табылады.
Оқыту процесіндегі оқушылардың өзіндік істейтін жұмыстары дегеніміз не? деген сұраққа кез-келген мұғалімдер: «Бұл мұғалімнің көмегінсіз оқушылардың өздері істейтін жұмыстары» - деп жауап береді. Бірақ айқын да анық сияқты көрінетін бұл мәселе тарихы әріден басталатын, қазірде біржолата шешіле қоймаған күрделі мәселе.
Оқыту процесіне енгізілген оқушылардың өзіндік істейтін жұмыстары дегеніміз - арнайы бөлінген уақыт ішінде мұғалімнің тапсыруымен, бірақ тікелей көмегінсіз орындалатын жұмыс. Оқушы тапсырмада қойылған мәселені саналы түрде ақыл-ой мен күш – жігерін жұмылдыра отырып шешуші және өз жұмысының нәтижесін көрсетуі тиіс.
Демек, оқушылардың өзіндік істейтін жұмыстары жай жаттығу, көшіріп жазу, кітаптан үзінді оқу т.б. емес. Біз қарастырып отырған өз бетінше жұмыстар үшін белгілі дәрежеде оқушының ақыл-ой, күш-жігер, білімі мен қабілеті жұмсалады.
Өзіндік жұмыс өз бетінше іс-әрекет арқылы іске асады. Өзіндік оқу іс-әрекеті дегеніміз – бұл дидактикалық ұғым, ғылыми практикалық міндеттерді өз бетімен қою, оның шешімін табудың өзіндік тәсілдерін болжау және анықтау, жеке тұлғаның өзін-өзі бақылауы, өзін-өзі бағалауы негізінде педагогикалық үдеріске қатынасушылардың өзара іс-әрекетінде қалыптасқан жеке тұлғаның кіріктірілген білімі.
Оқушылардың мұғалімнің қатысынсыз өз бетінше істейтіндерінің бәрін олардың өз бетінше істейтін жұмыстарының қатарына жатқызуға болмайды екен. Бұл жөнінде Б.П.Есиповтың пікіріне қосыламыз.
Ол былай дейді:
1) Оқушылардың барлық әрекеттерінде өзіндік істейтін жұмыстың белгілері кездеседі. Өйткені әрбір оқу ісі оқушылардан белгілі дәрежеде белсенділікті қажет етеді.
2) Оқу процесіндегі оқушылардың дербестігі тапсырма орындату, жұмыс сипатын өзгертіп отыру арқылы бірте-бірте арта беруі тиіс.
Оқушылардың өзіндік істейтін жұмыстарын оқыту процесіне ендірудің психологиялық негізі мынаған да байланысты. Психологтар мен дидактиктер ойлауды белсенді ой, дербес ой және шығармашылық ой деп бөледі. Мысалы, шығармашылық ой – дербес әрі белсенді болады. Бірақ белсенді ойдың бәрі бірдей шығармашылық ой бола бермейді. Мұны байқау үшін бір-екі мысал келтірейік. Оқушы сабақ барысында мұғалімнің анықтаманы түсіндіруін зейінмен тыңдайды. Материалды түсіндіруге тырысады. Бұл ынтадан белсенді ой пайда болады.
Енді бірде мұғалім жаңа материалды оқулықтан оқушылардың өздері оқып, оны талдап түсіндіруді тапсырады, мұндай тапсырманы орындау барысында оқушыларда белсенді ой дербес ой әрекетін атқарады. Келесіде мұғалім тиісті түсіндіру жұмысынан кейін таныс емес жолды не мәселенің шешімін табуды оқушылардың өздеріне тапсырады.
Оқушылар тапсырманы орындау барысында талдау, салыстыру, қорытынды жасау үшін белсенді, дербес әрекеттенеді. Сөйтіп, шығармашылық ойға көшеді. Сондықтан оқушылардың өз бетінше істейтін жұмыстарын ең алдымен, оқушының белсенділігі, дербестігі ұғымдарымен байланыстыра қарау керек болады.
Оқушының оқудағы белсенділігі дегеніміз – оның оқуға қажетті білім, дағды, іскерлік қабілетті меңгерту және оларды өмірде, практикада қолдану жолындағы саналы ерікті әрі мақсатты әрекеті болып табылады. Мысалы: мұғалімнің түсіндіріп тұрған материалын ұғынып, түсініп алу үшін, оқушы оған көңіл қойып тыңдуы керек.
Мектепте оқушылар өзінің ақыл-ойының даму дәрежесіне сай берілген білімді саналы түрде ұғынып, игеретін болуы керек, үйретілген ереже, қорытындыларды талдай білетін болуы міндет. Бұл үшін оқушылардың ақыл-ойының белсенділігін барынша дамытып, оарды шамасы келетін оқу тапсырмаларын өз бетінше орындай білуге үйрету қажет.
Оқушыларға өзіндік жұмыс істеуге дағдыларын тәрбиелеу басты міндет болып саналады. Өйткені, оқушылардың сыныпта және сыныптан тыс уақытта өз бетінше орындайтын жұмыстарын кеңінен өрістетіп, оны жүйелі тәртіпке салу арқылы мұғалім оқушыларға білім негіздерін берік игертеді, білімді тұрмыста пайдалана білуге үйретеді.
Біріншіден, бұл үйге берілетін тапсырманың көлемін ықшамдуға да көмегін тигізеді.
Екіншіден, кітап бойынша өнімді жұмыс істеуге дағдыланған оқушы үй тапсырмасын сапалы орындйтын болады.
Өздік жұмыс технологиясының ерекшеліктері:
1. Түрлі құралдар арқылы оқушылар білім, іскерліктерін жиі тексеру.
2. Үлгермеушілерді анықтау және іріктеу.
3. Олармен қосымша жұмыстар өткізу, материалдарды қайталау. Осы жұмыстардан кейін оқушылардың білім, іскерліктерін тағы тексеру.
4. Оқушылардың жаңа материалды меңгермеу себебін зерттеу, анықтау.
5. Оқу материалын меңгеру заңдылықтары. Оқушы кез-келген оқу тапсырмаларын бұрынғы меңгерген ақпараттарына сүйеніп орындайды. Бала оқу іс- әрекетінің тиімділігі оның жеке тәжірибесіне байланысты. Баланың өз біліміне сүйеніп жасайтын іс-әрекетін репродуктивтік, өткен тәжірибеге сүйеніп жаңа өнімдер жасауын продуктивтік іс-әрекет дейді.
Шығатын қорытынды: оқыту процесіндегі оқушылардың өздік жұмыстары олардың іс-әрекет дербестігін, ой дербестігін қатар дамытатын, соған жетуге мүмкіндік беретін жұмыстар болуы керек.
