Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
мәнерлеп оқу.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
122.91 Кб
Скачать

13.Сөйлеу қарқыны мен ырғағы. Сөйлеу қарқыны – мәнерлеп оқу құралы.

Сөйлеу  ырғағы дегенімізшығарма  мазмұнына  байланысты  шығарманың  айтайын  деген ойын тыңдаушыға жеткізу үшін және әр кейіпкердің өзіне тән ерекшеліктерін  байқату үшін дауысты түрліше  құбылта білу.

Cөйлеу қарқыны да сөздің нақышты шығуының әсерлі тәсілінің бірі. Дауыс қарқының түрлі реңктерін пайдалану сөзге ерекше бір өріс, ойнақылық, нақыш береді. Егер сөз бір қалыпты солғын үнмен қарқынсыз сөйленсе, ол өңі қашып сүреңсіз шықпақ. Көбінесе балабақшада оқылатын  шығармалар орташа  қарқынмен  оқылады. Мәнерлеп сөйлеуде дауыс күші де басты роль  атқарады.

Дауыс қарқынын пайдалану ережесі мынадай:

Тексті баяу қарқынмен оқу (бұл оқу МЖД балаларға ,қабылдауы кіші балаларға тиімді).Шығарма бау қарқынмен орындалса, оның түрлі реңктері ерекше айқындалып, сөз мәнерлі шығады.

Мәнерлеп оқу дегеніміз — қарапайым сөйлеу тіліне жақын, еркін оқу. Қарапайым сөйлеу деп күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде бір-бірімізбен қарым-қатынас жасағанда алуан түрлі дауыс құбылысына түсіріп сөйлеуді айтып жүрміз. Өйткені, адамдар бір-бірімен сөйлескенде әр түрлі оқиғалар, хабарлар, көріп-білгендері туралы әңгімелейді және сол әңгімелерін өте шебер, әсерлі жеткізеді. Ондайда тыңдаушының қаншама әсер алатыны белгілі.

 Мәнерлеп оқу үшін әр сөздегі ойдың ара жігін ескере отырып, дауысты құбылтып, тиісті жағдайда сөздерге реңк беріп оқиды.

Мәнерлеп оқу дауыстың өзіне де қатысты. Дауыс неғұрлым таза, күшті шықса, оқу да мәнерлі болады. Ол үшін әр оқушы даусын күте білуі қажет. Дауыс желбезегіне онша күш келтірмеу, суық күндерде далада азырақ сөйлеу, суыққа шалдықпау – дауыс күші мен оның тазалығын, үнін сақтаудың басты шарты.

Мәнерлеп оқу пәні арқылы  оқушылардың  сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, кітаппен жұмыс істеуге, оқуға деген құмарлығы арта түсетіні белгілі. Мәнерлеп оқу барысында жүргізілетін жаттығулар,  оқушы қауымның  өз ойын нақты, жүйелі, әсерлі жеткізе алуына, мәнерлеп оқу пәнінің  шартты  белгілері тиімділігін жоғары  дәрежеде көрсетті

14Әр түрлі жанрдағы шығармаларды оқу. Өлеңдерді оқу және талдау.

Мектепке дейінгі бала тәрбиесінде пайдаланылатын шығарма түрлері:әңгіме, ертегі, мысал, өлең-тақпақ, жұмбақ, мақал-мәтел, санамақ және басқалар.

Балдырғандар көркем шығарма оқиғасын шынайы өз мағынасында түсінеді. Психологтардың пайымдауы бойынша балалар көркем шығармадағы іс-әрекетті, оқиғаны тура мәнінде қабылдайтын көрінеді. Бұл әңгіме, ертегі естілгеннен кейінгі алған әсерін олардың іс жүзіне асыруға ұмтылуынан байқалған.

Шығармадағы кейіпкерлердің ғажап іс-әрекеттері балдырғандарға қатты әсер етеді. Балалар естіген оқиғаларын ойнаған ойындарында, салған суреттерінде, саздан жасаған бейнелерінде көрсетеді. Кейіпкерлерге еліктеу олар үшін өмір шындығын сезініп, тану мектебі іспетті. Есейген сайын мектеп жасына дейінгі балалардың сөздігі айналадағы заттарды түсіну негізінде молаяды. Балалар енді айтылған сөзді көбірек түсінеді. Оларды оқытуда ертегі, әңгіме, тақпақ, өлең белгілі орын алады. Баланың айтқан сөзді ұғынуы ой-түйсігінің дамуын ілгерілетеді. Сөйлеу кезінде грамматикалық құрылымды ұғуды, байланыстырып сөйлеуді дамыту, ойша сөз құрауды қалыптастыру кез келген шығарма түрлерін түсінуге негіз болады.

5-6 жастағы бала жеңіл өлеңді, контекстегі кейбір образды тіркестерді айыра алады, мағынасын түсіндіре біледі, сөйлеу сазының кейбір түрін ұғынып алады. Арнайы зерттеулер бойынша жасалған қорытындыларға қарағанда, 5-6 жастағы балалар сөйлеу сазын тек ұғынып қана қоймай (интонациясының барлық компонентінің жиынтығын), оны өзінің сөзінде белгі ишарамен(имитация арқылы) қайталайтыны да мәлім көрінеді.

Өлең сөздің тыңдаушыларын өзіне баурайтын сазды, әуезді, өрнек-нақышы, эмоциялық бояуы, үні дыбыс әуені, мәні, бүкіл бітім, табиғаты ауызекі естілгенде ғана сыр-сымбатты жарқырап шықпақ тереңірек танылмақ. Осындай сиқырлы күшінен де болар, ұлы Абай – «Өлең - сөздің патшасы сөз сарасы» деген. Өлең сөздің құдіретті, күшті қасиетін бала бойына ерте бастан, сіңіру, зердесіне жеткізу, құлағын қандыру көзделеді.

Жақсы өлең жақсы оқылмаса , оның өңі қашады, мазмұны сүреңсіз, әсерсіз шығады.

Қазақ өлеңдерінің құрылысы жөнінде бірталай елеулі еңбектер болғанмен, өлең оқу техникасы жөнінде бір-ер методикалық нұсқау мен мақаладан басқа үлгі-нұсқа болатын қомақты еңбек жоқ. Сондықтан өлең жыр, тақпақ, сюжетті шығармаларды мән-мәнеріне келтіріп оқуды, ауызша жатқа айту үлгісін тәжірибе қорытындысынан мысалдармен ұсынамыз.

Қазақ өлеңдерін нақышына келтіріп, жатқа айтуда, оқуда өлең құрылысына, тілдің дыбыстық жүйесіндегі үндестік заңы ықпал заңдарына мұқият назар аудару, сондай-ақ дыбыстық үйлесімдер алитерация мен ассонанстың дыбысталу сазын үнмен үйлестіру – негізгі шарттың бірі.

Қазақ өлеңдерінің ерекшелігі жайында ритмикалық паузада (өлең сөз кідірісінде) тоқталғанбыз. Өлең сөз ритм, ырғақ, ұйқас, бунақ, шумақ кідірістері- қара сөзбен жазылған шығармалардан даралап тұратын белгісі. Осы ерекшеліктер өлеңді ауызша оқығанда ,жатқа айтқанда арнайы көңіл бөлетін жәйт екенін ескерткенбіз. Сондай-ақ, қазақ өлеңінің құрылымы ерекшеліктеріне арнайы тоқталып, буын санына қарай ритмін, ырғағын ерекшелеу, ұйқасын үнмен мән-мәнеріне келтіріп оқу мен жатқа айту тағы бір шарты екенін айтқанбыз. Тармақ, шумақтардың сан мөлшерін де көрсеттік. Мұндағы мақсат – тармақ, шумақ, кідірістері кейде өлең жолындағы айтылған ой түйінін білдіру мақсатында қойылатын логикалық кідіріс не шумақтан кейінгі автордың астарлы ой қорытындысын шешуге меңзейтін психологиялық кідірістерді өлең сөздің кідірістерімен астастырылып қоя білуге назар айдарту-ды.

15. Ертегі оқу.Ерекшелігі

        Балабақшада балаларды ауыз әдебиеті үлгілерімен таныстырып, олардың рухани  өмірін байыта түсу тәрбиешінің басты міндеті болып саналады.  Балабақшаға арналған оқыту және тәрбиелеу бағдарламасында тіл дамыту сабағында ауыз әдебиетінің үлгілерін  оқытуға баса назар аударған. Оқылған әрбір ертегі, мақал-мәтел, жұмбақтар арқылы  балалардың ой-өрісін  дамытуға,  қиялын  шарықтатып, тіл  байлығын молайтуға ерекше  мән берген. Халық  ауыз әдебиетінің басты саласының бірі - ертегілер. Қазақ халқының  тұрмыс-салтын, арман-үмітін, өткен өмірін кеңінен танытатын ауыз әдебиеті саласының  бірі.  Ертегілер  өте  ерте заманда тіпті жазу, сызу болмаған кездің өзінде-ақ  туған.  Жаратылыс құбылыстарын, табиғат сырын жетік білмеген, олардың неліктен болатынын  толық түсінбеген адамдар әр нәрсені қиял еткен. Өздерінің ауыр еңбектерін жеңілдету  жағын  қарастырған.

Ертегілер  мазмұны  мен  ерекшеліктеріне  қарай  бірнеше  топқа  бөлінеді.

1.  Қиял-ғажайып

2.  Хайуанаттар

3.  Шыншыл

       Қиялғажайып  ертегілеріне  жататын  ертегілер  ескі  заманда  туған.  Ертегі  адамдар  өздерімен алысқан жаулары жайында, сол жауларды жеңу туралы қиялдап етегілер   шығарған. Қиял-ғажайып ертегілерінің ішіндегі малшы, бақташылар жайындағылар  да  оқушыны, тыңдаушыны бірден баурап алады. Сондай  ертегілердің  бірі  "Күн  астындағы  Күнекей  қыз"  туралы  ертегі. Бұл ертегіде қарапайым бақташы шаруаның ғажайып  ерліктері  суреттелген.  Ертегінің басты кейіпкері қойшы бала мал бағуды кәсіп еткен  шаруа өкілі болып көрінеді. Ол өзінің үй-ішін, туған-туысқандарын адал еңбегімен асырайды. Одан кейінгі бөлімде ханды сынау мақсатында алтын мүйізді киікті  ғана оған  сыйға тартады. Хан оған ризашылық білдірмей оны неше түрлі қиын-қыстау жұмыстарға  жұмсайды. Ертегінің соңында алтын мүйізді киікті, алтын мен алтын ағашты және күн  астындағы  күнекей  қызды  алған  қойшы  бала  мақсат  мұратына  жетеді.

       Қиял-ғажайып ертегілеріне "Ұшқыш кілем", "Ағаш ат", "Үш өнерпаз", "Жеті  өнерпаз"  және т.с.с.  ертегілер  жатады.

       Хайуанаттар  жайындағы  ертегілер.

      Ертедегі  адамдар  өздерінің  күн көрісі үшін жануарларды пайдалану, қолға үйрету,  асырау жайында түрлі ертегілерді ойлап шығарған. Хайуанаттар туралы ертегілердің  көпшілігінде адамдар хайуанаттарды жаратушы, жарылқаушы керемет  күш бейнесінде  алып, соларға табынған. Мысалы,  оларға мынадай ертегілерді жатқызуға болады, "Ақ  қасқыр", "Жігіт  пен қасқыр", "Сиқыршы"  т.б

      "Ақ  қасқыр" ертегісінде адамдар қасқырды бір жарылқаушы күш деп түсінген, яғни  қасқырдың адам баласына  істеген жақсылықтарын суреттеген. Басында жылқысын іздеп  шыққан жігіт көкжал қасқырдың қызына үйленеді. Қырық күндей үңгірде тұрады. Жігіт  өзінің қасқыр енесінің көмегімен ханның барлық бұйрықтарын орындап, өлімнен  құтылып мақсат мұратына жетеді. Осындай қызық оқиғаға құрылған "Ақ қасқыр"  ертегісі   адамдарды қасқырды жарылқаушы ие деп көрсетеді.

      Ертегілердің келесі түрі - шыншыл ертегі.

      Бұл ертегілердің өзіндік ерекшелігі кейіпкерлері халық  өкілдері  болып келеді және  бұл ертегілерде таптың сипаты басым болады. Оған "Аяз  би", "Тоғыз  тоқылдақ, бір  шіңкілдек", "Ұр тоқпақ" ертегілері жатады. Шыншыл және тұрмыс-салт ертегілерінің  басты тақырыбы еңбек адамдарының өмірі, ісі болып келеді. Қарапайым адамдар  өздерінің ақылдылығымен хандар мен байларды жеңіп отырады. Сондай ертегілердің бірі  "Аяз  би"  ертегісі. Ертегінің негізгі идеясы шаруа адамның ісі мен ақылын көрсету.  Ертегінің негізгі оқиғасы  қазақ өмірінің шындығынан алынған және мәні зор  тартыстардың төңірегінде құрылған. Яғни қанаушылық пен езілген адамдардың  арасындағы таптық қарым-қатынастар, тартыстар терең суреттелген. Хандар мен  уәзірлердің жауыздығын халық, ертегінің кейіпкері "Аяз би" арқылы әшкере етеді.  Халықтың ойынша енді  озбыр хандар емес қарапайым  халықтың  жағдайы жақсарады  дейді.

      Ертегілердің  көншілігі, "ерте, ерте, ерте екен",-деген сөздер арқылы тыңдаушыға   жұмбақ оқиғамен басталады және ертегілер  көбінесе қарасөзбен айтылады. Араларында  өлең, ырғаққа құрылған үзінділер де кездеседі. Балабақшада ертегі оқу сабақта және  сабақтан тыс кезде де жүргізіледі. Сәбилер тобында көлемі шағын ертегілер ауызша  әңгімелеп беру тәсілі арқылы таныстырылады.  Ал, ересектер тобында оқығанда  тыңдату мен әңгімелеп беру  қатар жүргізіледі. Ертегіні бастамас бұрын тәрбиеші ертегі оқып  беретіндігін, не үшін ертегі деп аталатындығын балаларға түсіндіру керек. Содан соң  ертегінің тақырыбы айтылып, мазмұн баяндалады. Күннің 2-жартысында айтылған  ертегінің мазмұнын балалар қалай түсінгендерін байқау үшін сұрақ-жауап әдісін  пайдаланады  немесе  ертегілерді  кейіпкерлендіру жұмысын  жүргізуге  болады.