Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
МОӘ лек 27-28.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
73.14 Кб
Скачать

4. Оқушылардың білімі, іскерлігі мен машықтарын тексеру

Білім, іскерлік және машықтарды тексеру – математиканы оқыту процесінің маңызды буындарының бірі. Оның мақсаты әрбір оқушының және бүкіл сыныптың оқу материалын меңгеру деңгейін анықтау. Бұл оқушының да, мұғалімнің де қызметін тиімді ұйымдастырудың жолдарын керсетеді.

Сонымен бірге, оқушылардың білімін, іскерлігі мен машықтарын тексеру білімді қайталаудың, тереңдетудің, баяндандырудың және жүйелеудің пәрменді құралы болып табылады. Математиканы оқыту процесінде білім тексеру әр алуан есептерді шығарумен, модельдер жасау, экскурсия кезінде алынған мәліметтер бойынша есептер құрастырумен жиі ұштастырылып отырады, мұның өзі оқушыларда белгілі бір іскерлік пен машықтың қалыптасуына көмектеседі, оларды ойлауға, ауызша және жазбаша сөйлеуге, өзін-өзі тәрбиелеуге, еңбек тәртібін ретке келтіруге әдеттендіреді.

1. Білім тексерудің оқу процесіндегі орнын анықтау үшін оның атқаратын қызметін білу кажет. Математиканы оқыту кезінде білім тексерудің үйретушілік, диагностикалық, бақылаушылық, түзетушілік, болжаушылық, дамытушылық, басқарушылық, бағалаушылық, бағдарлаушылық, тәрбиелеушілік жөніндегі қызметі бой көрсетеді.

Білім тексерудің үйретушілік қызметі бұрын меңгерген материалдар мен игерген іскерліктің басын қосып жинақтайтын, қайталайтын және одан әрі пысықтай түсетін жаттығулар мен есептер жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Білім тексеру оқу материалындағы ең негізгісін, өзектісін бөліп алуға, оларды қорытып, жүйелеуге үйретеді.

Ал диагностикалық қызметі білімдегі жетістіктер мен кемістіктерді дер кезінде анықтауға, соның нәтижесінде тапсырмаларға түзету енгізуге, сабақтың барысы мен мазмұнын өзгертуге, жалпы оқу процесін қайта қарауға мүмкіндік туғызады. Бұл оқу процесінің барлық сатыларында іске асырылады және ол оқытудағы жетістіктері мен кемшіліктерін анықтаумен қатар, осы нәтижеге әкелген себептерді де талдайды.

Бақылаушылық қызметі оқушылар білімінің күй-жайын, олардың ойлау қызметінің даму деңгейін анықтауға, танымдық әрекеттің тәсілдерін, оқу жұмысын тиімді ұйымдастыру машықтарын зерттеуге мүмкіндік береді.

Бақылау арқылы білімнің алғашқы деңгейі, сонымен бірге меңгерілген білімнің тереңдігі мен көлемі айқындалып, алғашқы білім мен меңгерілген білім салыстырылады. Сондай-ақ бақылау жолымен оқытудың әдістері, түрлері мен құралдарының тиімділігі тағайындалады.

Сөйтіп, білім тексерудегі диагностикалық және бақылаушылық қызметтер тығыз байланыста қатар іске асырылады.

Болжаушылық қызметі оқу-тәрбие жұмысындағы қажетті информацияларды алуға көмектеседі. Мұның нәтижесінде оқу процесінің белгілі бір кезеңінде нақты білім, іскерлік және машықтардың оқу материалының қалыптасқан келесі бөлігін меңгеруге жеткілікті, не жеткіліксіздігі анықталады. Болжаудың нәтижелері оқушының танымдық қызметіндегі олқылықтарды жоюға, жиі кездесетін типтік қателерді болдырмау шараларын ұйымдастыруға пайдаланылады.

Өркендетушілік қызметі оқушылардың творчестволық қабілеті мен танымдық әрекеттерін жандандыруды көздейді. Тексеру кезінде оқушылар ойлауға, сөйлеуге, оқығандарын қайталап айтуға, ізденуге, өздігінен оқуға машықтанады. Мұның өзі олардың икемділігін, қабілетін, ықыласын арттыруға игі әсер етеді.

Бағалаушылық қызмет деп оқушыны немесе сыныпта оқыту мақсатының орындалу деңгейін анықтауды түсінеді. Тексеру арқылы оқушылардың біліміндегі кемшіліктердің, қателіктердің бетін ашуға көмектеседі және оларды жою үшін қай бағытта жұмыс істеу қажеттігіне жөн сілтейді. Сонымен бірге, тексеру арқылы мұғалім де өзінің оқыту әдістері мен тәсілдеріне тиісті түзету енгізеді.

Тәрбиелік қызметі оқушылардың оқуға жауапкершілігін арттыруды, тәртібін, ұқыптылығын тәрбиелеуді меңзейді. Тексеру оқушыларды өзін-өзі бақылауға үйретеді, табандылыққа, еңбекқорлыққа баулиды.

Білім тексерудің атқаратын қызметін бұлай мүшелеу негізінен зерттеу мақсатында жүргізіледі. Ал оқыту процесінде бұлар өзара бірлікте, бірін-бірі толықтыру арқылы жүзеге асырылады.

2. Білім тексеруге қойылатын талаптар. Алдымен білім тексеру нысаналы болуы керек. Қандай нақты міндеттердің қандай тәсілдердің көмегімен шешілетінін мұғалім анық білуі тиіс. Осыған орай, оқу материалын игерудің әр алуан іскерліктері мен машықтарын тексерудің түрлері мен тәсілдері дараланады.

Білім тексеруге қойылатын маңызды талаптардың бірі – оның әділдігі. Тексерудің әділдігі деп оның нәтижесінің шындыққа сәйкес келуін түсінеді. Тексерудің әділдігі тексеру мазмұны мен тәсілдерін тексерілетін білімнің сипатына сәйкестендіру арқылы қамтамасыз етіледі. Мұның мәні – оқушыларға берілген білім ғана тексерілу тиіс. Бұл талапты сақтамау алынған нәтижелердің дұрыс болмауына соқтырады.

Білім тексеру жан-жақты болуы тиіс. Тексерудің жан-жақтылығы, тексерудің тиімді жүйесін қаматамасыз ететін бақылаудың неғұрлым пәрменді түрлері мен тәсілдерін пайдалану арқылы іске асырылады. Мұнда оқушылар неғұрлым көбірек қамтылса, нәтижелер соғұрлым дәл болады.

Білім тексеруге қойылатын талаптардың бірі оның жүйелілігі. Әдетте, білім тексеру мынадай белгілер бойынша жүргізіледі:

а) цикл бойынша, бұл белгілі бір оқу материалын оқытуды немесе іскерлікті қалыптастыру ісін аяқтағанда жүргізілетін тексеру;

ә) уақыт бойынша, бұл белгілі бір уақыт өткенде (тоқсан, жарты жыл, жылдық) жүргізілетін тексеру;

б) машық бойынша, бұл тексеру белгілі бір машық қалыптасып болғаннан кейін немесе оның белгілі бір сатысында жүргізіледі;

в) материал бойынша, бұл үйретілуге тиісті бүкіл оқу материалы мүмкіндігінше тексеруі тиіс.

Білім тексеруге қойылатын басты талаптардың бірі – оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескеру. Мұнда әрбір оқушының білімі, іскерлігі және машығы өзінің ерекшелігіне қарай тексерілуі тиіс.

3. Білім тексерудің тәсілдері. Оқушылардың логикалық ойлауы мен сөйлеуінің дамуын байқауға мүмкіндік беретін білім мен машықты тексерудің ең тараған түрі – үлгірімді ауызша тексеру. Ауызша тексеру кезінде оқушылардың біліміндегі олқылықтарды, оларға кездесетін қиындықтарды толық анықтауға және оларды жою жолдарын көрсетуге мүмкіндік туады. Ауызша сұраққа бөлінетін уақытты тиімді пайдалану қажет. Ауызша сұрақты үйге берілген тапсырманың орындалуын және олардың жаңа материалды оқуға даярлығын тексеру мақсатында сабақтың басында жүргізуге болады. Бұл үшін бұрынғы өткен материалдармен байланыстыра сыныпқа бірнеше сұрақтар береді. Мұнда ауызша сұрақ беру жаңа материалды оқуға кіріспе бола отырып, оқушылардың білім жағдайын анықтаудың құралы міндетін атқарады. Оқушылардан тек оқу материалын сұраумен шектелуге болмайды. Керісінше, оларға өтілген тақырыптар бойынша өзекті сұрақтар беру керек. Сонда өткен материалдар оқушының есінде ұзақ сақталады.

Сонымен бірге, жаңа материалды пысықтағанда, сабақ үстінде, есеп шығарғанда, лабораториялық жұмыстың алдында, қорытынды қайталау кезінде білім мен іскерлікті ауызша тексеру кеңінен қолданылады.

Оқушыларға ауызша сұрақ беруді есеп шығарумен ұштастырып отырса, олардың практикалық іскерліктерін тексеру мүмкіндіктері кеңейе түседі. Мұндағы мұғалімнің басты мақсаты оқушыларды белсенді оқу қызметіне тарту болуы тиіс.

Жеке ауызша сұрақ-жауап кезінде негізгі сұрақтармен қатар, оқушыларға қосымша сұрақ беру керек. Негізгі сұрақ оқушылардан материалды немесе есептің шығару жолын толық, анық түсіндіруді талап етеді. Егер оқушы бұл сұрақка толық жауап бере алмаса немесе оның оқу материалдарымен ұдайы жұмыс істейтінін не істемейтінін мұғалім анықтағысы келсе, қосымша сұрақтар береді.

Оқушылардың білімін ауызша тексерудің тиімділігін арттыру үшін мұғалім үнемі сабақтың жоспар-конспектісінде берілетін негізгі сұрақтар мен қосымша сұрақтарды жеткілікті қамтып, тұжырымдауы қажет, жауап бергенде оқушылар пайдаланатын оқу құралдары мен есептерді даярлауы тиіс, кімнен сұрайтынын және оларға берілетін тапсырмаларды алды ала белгілеп қоюы керек.

Жекелеп сұраудан жаппай сұраудың ерекшелігі, оқушылар әдетте орнынан жауап береді, бұл сұрақ бүкіл сыныпта немесе оның недәуір бөлігін қамтиды. Мұнда негізінен қысқа жауап алатын сұрақтар қойылады. Егер бір оқушы жауап бере алмаса, ол екінші, үшінші оқушыға қойылады. Ал оқушы дұрыс жауап берсе, мұғалім басқалардың зейіні мен дербестігін тексеру үшін “Сендер қалай ойлайсындар?” деп сыныпқа жалпы сұрақ беруіне болады.

Жаппай сұрақ бергенде, оқушылардың оқу материалын дұрыс қабылдауы мен түсінуін, есінде сақтау, білгендерін сөзбен жеткізе білу және т.б. іскерліктері мен машықтарын анықтайды.

Тәжірибелі мұғалімдер жаппай сұрақ-жауапты білім тексерудің басқа тәсілдерімен ұдайы ұштастырып отырады.

Білім мен іскерлікті тексерудің жазбаша тәсілдері 10-15 минуттан толық бір сабаққа дейін созылып әр алуан бақылау жұмыстарының көмегімен іске асырылады. Жазбаша жұмыстар программалық материалдың белгілі бір мәселесі бойынша оқушылардың білімін тексеруге мүмкіндік береді. Әсіресе, бұл тәсіл есеп шығару, теңдеу құру, формуланы қорыту, график салу т.с.с. іскерліктерді дәл анықтауға көмектесетінімен құнды. Сонымен бірге, үйге берілген тапсырмаларды оқушылардың орындауын сыныптағы қызметтерімен салыстыра отырып, олардың білімдері жөнінде толық мағлұмат ала алады.

Формулаларды, теоремаларды, графиктерді қолдана білу іскерліктерін тексеру үшін қысқаша бақылау жұмыстарын жүргізуге болады. Мұнда есептер вариант түрінде немесе оқушылардың жеке ерекшеліктеріне сай карточка түрінде беріледі. Бұл жұмыстар бойынша мұғалім оқушылардың жауаптарының дұрыстығын, бірізділігін, толықтығы мен тереңдігін, пайымдау және қорытындылау дербестігін, логикалық ойлауын, тіл мәдениетін анықтай алады.

Бүкіл сабақ бойынша жүргізілетін жазбаша бақылау жұмысы әдетте, белгілі бір тақырыпты немесе тарауды оқып үйренудің соңында жүргізіледі. Оқушылардың дербестігін қамтамасыз ету мақсатында орындалатын жұмыстар бірнеше варианттарға бөлінеді. Мұнда ескеретін бір жай: варианттарда берілетін есептер үлгерімі орташа оқушыларға аса қиындық тудырмайтындай, ал жақсы оқитындарға өте оңай болмайтындай болуы керек. Мұндай бақылау жұмыстарының варианттары мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдарда, “Дидактикалық материалдарда”, методикалық журналдарда ұдайы жарияланып тұрады.

Бақылау жұмысын, оқушылар мазмұнын ұмытпай тұрғанда, тексеріп, келесі сабақта талдау жасайды. Тексеру кезінде мұғалім тиісті ескертулер жасап, есептің шығарылуының дұрыстығы мен бұрыстығын көрсетеді. Математикалық және грамматикалық қателері болса, түзетеді. Бақылау жұмысын талдау сабағында жиі кездесетін типтік қателерді талқылап, оларды болдырмау жолдарын түсіндіреді. Сонымен бірге, есепті шығарудың соны тәсілдерін атап көрсетеді.

Оқушылардың білімін жазбаша тексерудің пәрменді тәсілдерінің бірі – математикалық диктанттар жаздыру. Бұл тәсіл негізінен V-VII кластарда қолданылады. Математикалық диктант жазу тақырыпты қайталау немесе оқып үйрену мақсатында ұйымдастырылады және ол 10-20 минутқа созылады. Математикалық диктанттың тексі анық, әрі қысқа болуы тиіс.

Диктанттың мазмұны алдын ала магниттік таспада екі нұсқада, плакатта не кодоскоп көмегімен тақтада көрсетілуі мүмкін. Диктантты тексеру жұмысын класта жүргізуге болады. Мұнда бір оқушы өзінің жұмысын оқиды, ал қалған оқушылар бір-бірінің жұмыстарын тексеріп, қателерін түзетеді. Дұрыс жауаптар тақтаға жазылады. Сонымен бірге, оқушылардың өздері тексерген жұмыстарды мұғалімнің қосымша бақылағаны жөн.

Математикалық диктанттың көмегімен анықтамаларды, қасиеттерді, теоремаларды, формулаларды тұжырымдау, сондай-ақ оларды қолдану іскерліктері мен машықтары тексеріледі. Математикалық диктанттың жоба-жоспарын құрғанда оқушылардың жас ерекшеліктері мен жеке ерекшеліктері ескеріледі.

Мысал ретінде “Пропорция” тақырыбы бойынша математикалық диктанттың жоспарын келтірейік:

а) Пропорция дегеніміз не?

ә) пропорциясын оқудың екі тәсілін жазыңдар.

б) Бұл пропорцияның мүшелері қалай аталады?

в) Пропорцияның негізгі қасиеттерін тұжырымдаңдар?

г) Пропорцияның ортаңғы мүшесін қалай табады?

ғ) Пропорцияның шеткі мүшесін қалай табады?

Оқушыларға диктант жаздыру оқу материалын есте ұстаудың және қысқа уақыт ішінде оны еске түсірудің пәрменді құралы болып табылады.

Үйге берілген тапсырмаларды тексеру – оқушылардың білімін бақылаудың маңызды тәсілдерінің бірі. Оны жеке сұрақ-жауап кезінде, дәптерлерді тексергенде және т.б. жағдайларда жүргізуге болады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]