27-лекция.
Мұғалімнің сабаққа дайындау және оны өткізу әдістемесі
Жоспары:
1. Мұғалімнің сабаққа дайындалу кезеңдері
2. Математика сабағын талдау жобасы
3. Оқу материалын қайталау
4. Оқушылардың білімі, іскерлігі мен машықтарын тексеру
1. Мұғалімнің сабаққа дайындалу кезеңдері
Сабаққа дайындалу – күрделі жұмыс, ол мұғалімнің өзінше бір шығармашылық лабораториясы сияқты. Сабақ шығармашылық жұмыс дәрежесіне жету үшін әдістеме бойынша, соның ішінде сабақты дайындау және жоспарлау бойынша жақсы теориялық дайындық қажет.
Жоспарлау жүйесі жылдық немесе жарты жылдық, тақырыптық және сабақты жоспарлаудан тұрады. Осы жүйеге сәйкес сабаққа дайындалудың үш кезеңін көрсетуге болады. Олар: жаңа оқу жылына дайындық, оқу тақырыбы бойынша сабақтар жүйесін дайындау және кезекті сабаққа дайындалу.
Бірінші кезеңде берілген сынып оқушыларының неге, не үшін, қалай оқыту мәселелері жалпы түрде шешіледі. Мұнда олардың өткен сыныптарда нені, қалай өткенін білу және келесі сыныптарда оқытылу болашағын бағдарлап отырудың маңызы зор.
Мұғалімнің сабақ дайындалуының екінші кезеңінде тақырып бойынша жоспарлау шешуші рөл атқарады. Тақырыптық жоспар негізінде және өзінің білімін, тәжірибесін, оқушылардың сынып айырмашылықтары мен математикалық дайындығын, сабақ өту жағдайларын ескере отырып мұғалім кезекті сабақ жоспарын жасайды. Сабақ жоспары – мұғалім үшін міндетті құжат (іс қағазы). Мұндай жоспардың бір ізге келтірілген пішіні жоқ. Әдістемелік әдебиеттерде, әдетте, қысқа немесе толық жоспардың үлгілері – сабақтардың конспектілері беріледі.
Сабаққа дайындалуда оқытушының алдында ең әуелі сабақтың мазмұнын анықтап, дәлдей түсу, оны өткізу әдістемесін егжей-тегжейіне дейін дайындау міндеті тұрады. Бұл тұрғыда мұғалім шешуге тура келетін мәселелердің ең маңызды дегендерін атап кетейік.
1. Оқушыларды сабақ тақырыбына қалай қатыстыруға және кезекті проблеманы немесе оқу мақсатын қалай қоюға болады?
2. Оқушыларға жаңа ұғым қалай үйреншікті болып кетеді?
3. Енгізілген математикалық объектінің немесе қатынастың бізге керекті қасиетін қалай аңғаруға болады?
4. Индуктивті жолмен табылған заңдылықты (қасиетті, белгіні) қалай негіздеуге болады?
Бұл мәселені қалай шешуге болатынын қосындының бөлінгіштік белгісін дәлелдеу арқылы көрсетуге болады.
қосындысы d-ға бөлінеді
(индуктивтік ұйғарым дәлелденеді).
5. Оқушыларға бір типтегі есептерді шешу ережелері (алгоритмдер) қалай үйреншікті болып кетеді?
6. Есепке материал қалай іріктеліп алынады?
Оқулық пен оқу құралдарында әрбір тақырып бойынша оқудың барлық түрін қамтитындай есептер жеткілікті түрде келтірген. Оқытушы, әсіресе, мұғалімдік жұмысты жаңа бастағандар мынадай жұмыстар атқаруға тиісті; оқулықтың сәйкес пункттерінде берілген барлық есептерді шығарып, олардың әрқайсысының міндет-мақсатын пайымдап алу; тақырыпты өтуге бір емес бірнеше сабақ арналған жағдайда есептерді сабақтарға бөлу; сабаққа таңдап алынған есептерді қиындық дәрежесіне қарай реттеу; үлгере алмай жүрген оқушылардың білім кемістіктерін толтыру үшін жеке математикадан озат оқушыларға қосымша тапсырма беру үшін сабаққа қосымша есептер дайындап әкелу.
7. Оқушыларды есеп шартымен қалай таныстыру керек?
Бұл мәселе, әсіресе оқулықтан тыс алынған есептер үшін айрықша қажет, өйткені оларды тақтаға жазу немесе жатқа жаздыру сабақ уақытын босқа алады.
Мұны шешудің жолдарына алдын ала дайындау, жылжымалы тақтаны пайдалану, экранға түсіру т.б. жатады.
8. Таңдап алынған есеп сабақта қалай шығарылады?
Сабақтың жоспар-конспектісінде қысқаша болса да мынадай негізгі мәселелерге жауап табылуы қажет: оқушыларға есептің шартын қалай түсіндіру керек және ол шартты тақтада, дәптерде қалай қысқа да нұсқа жазу керек; оқушыларға есепті шешуде қандай жәрдем керек болуы мүмкін; есепті басқа тәсілмен шешу мүмкіндігі қандай? Есептің және оны шешу жолының шәкірттердің болашақ жұмыстарына көмегі бола ма? т.б. Бұл сұрақтарға жауап әр есепке лайық қарастырылады. Көп жағдайда диаграмма, сүлбе қолдану әдістемелік тұрғыдан жеңілдіктер туғызады.
9. Оқушыларға үйге тапсырманы қалай беру керек?
10. Үй тапсырмаларының орындалуы қалай тексеріледі?
Кейде үй жұмыстарын тексеруге сабақтың едәуір бөлігі кетеді. Көп жағдайда мұғалім бірнеше оқушының жұмыстарын ғана қарап шығады, қалғандарына көңіл бөлмейді. Мұндай тексерістерден келетін пайда шамалы. Сабақ үстінде негізгі әрекет тексеру емес, керісінше оқыту, тәрбиелеу болу керек.
Шәкірттердің еңбегі мен жетістіктерін объективті түрде бағалау үшін басқа мүмкіндіктер бар. Олар мыналар: оқушылардың орындаған бақылау және өзіндік жұмыстарын дер кезінде тексеріп отыру. Олардың дәптерлерін белгілі бір жүйе бойынша жаппай және таңдап тексеру. Оқушылардың жаңа сабақты түсіндіру және оны пысықтау кезеңдеріндегі жұмыстарына бақылау жасау және осының нәтижесінде баға қою. Сабаққа дайындалу үстінде оқытушы осы шарттарды жүзеге асыра отырып, оқушы жұмысын бақылаудың барлық нақты формаларын алдын ала ескеруге тиіс.
Сабақта оқытудың ең тиімді әдісін таңдап алу – әдістемелік тұрғыдан қиын сұрақтардың бірі болып табылады. Таңдап алынған оқыту әдісі мынадай шарттарды қанағаттандыру керек:
1) Сабақтың мақсаты.
2) Оқытылатын материалдың ерекшелігі (қиындығы немесе жеңілдігі).
3) Сынып оқушыларының ерекшелігі (білімі, ойлау дәрежесі, тәрбие дәрежесі).
4) Сабақ кестесі бойынша өтілетін уақыт.
5) Мұғалімнің өзінің ерекшелігі (тақырыпты меңгеруі, білімі және сыныпты меңгеруі) және т.б.
