Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
САЛАЛЫК_ЖУРН_КЕШЕН-2016[1].docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
467.47 Кб
Скачать

1 Модуль салалық журналистиканың қалыптасуы, дамуы

1-ЛЕКЦИЯ

Кіріспе. Кәсіби және салалық журналистика

1.1.Журналист еңбегіндегі ізденіс.

1.2.Кәсіпке адалдық критерийлері.

1.3.Кәсіби және салалық журналистиканың типологиясы.

1.4.Кәсіби және салалық журналистиканың жанрлық түрленуі.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

1.Б.Жақып. Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары. А.,Білім. 2004.

2. Г.С.Мельник. Общение в журналистике секреты мастерства. М., Питер,2005.

3. Практическая журналистика в Казахстане. А., 2006.

4. Е.В.Черникова. Основы творческой деятельности журналиста. М., 2005.

5.В.Ворошилов Журналистика. Санкт-Петербург, 2000.

Пән туралы мәліметтер. «Салалық журналистика» - болашақ журналистерге бір салаға маманданудың қоғамдық қажеттілігін үйретіп, олардың кәсіби қарымын ұштауға көмектесетін, салалық журналистиканың қыр-сырына қанықтырып, оның өмірлік қажеттіліктен туындап отырғандығына бағыт-бағдар беріп, олардың сан салаға машықтануына тікелей әсер ететін таңдау пәндердің бірі.

«Салалық журналистика» пәні – журналистика мамандығында мемлекеттік стандартқа сай оқытылатын кәсіби таңдау пәндердің бірі. Ол өз кезегінде «Қазақ журналистикасының тарихы», «Журналистикаға кіріспе», «Телерадиожурналистика», «Қоғаммен байланыстың жаңа технологиялары», «Журналистиканың жанрлық пішіндері мен функциялары», «Журналистік шеберлік сыныбы», т.б. курстарымен байланыса отырып, қоғамдық-гуманитарлық (тарих, психология, философия, әлеуметтану, т.б.) пәндермен де өзектес арнада жұмыс жасай алады. Қазіргі таңдағы қазақ қоғамында кәсіби және салалық журналистиканың дамуы кенжелеп келе жатқаны белгілі. Оның проблемалары шаш етектен. Журналист кадрлерді дайындайтын жоғары оқу орындарының да алдында тұрған үлкен мақсат – бір салаға маманданған репортерлер дайындау. Бұл әлі күнге кезек күттірмейтін мәселе болып қалып отыр. Осы проблема үдесінен шығу мақсатында жүргізілетін бұл пәннің алдына қойған мақсат-міндеттері де орасан.

Курстың мақсаты - журналистиканың сан саладағы қоғамдық рөлін анықтай отырып, білім алушыларды кәсіби салаға мамандандыру.

Курстың міндеті:

  • салалық басылымдар мен электронды ақпарат құралдарының салалық пішіні мен ондағы атқарар функциясын айқындау;

  • салалық басылымдарды жіктеу;

  • телерадиодағы салалық журналистиканың бұрынғы және қазіргі жәй-күйімен таныстыру;

  • студенттерге журналистиканың негізгі функцияларын, оның қоғамда алатын орны мен рөлін, жалпы әлемдік журналистика тарихын негізге ала отырып, қазақ журналистикасының даму үрдісінен мәлімет беру;

  • жалпы журналистика мен салалық кәсіби журналистиканың өзара ерекшеліктерін анықтай отырып, мерзімді басылымның басқа ақпарат құралынан айырмашылығын жете түсіндіру;

  • кәсіби журналистиканың өзекті мәселелерімен, басты бағыттарымен, жанрлар жүйесімен таныстыру, тілдік-стильдік ерекшеліктерінен хабардар ету;

  • ақпаратты алу мен тарату, жария етудің сырларын тәжірибелі салалық журналистер шығармашылығын негізге ала отырып, мерзімді басылымның шұғыл хабар тарату мүмкіндігін көрсету.

Кеңестік кезеңнің басты оқиғалары мен публицистика дамуында ерекше айтуға тұратын басты нәрсе – ұлттық көсемсөз өнері жан-жақты қалыптасты, қазақ баспасөзінің іргетасы қаланып, ол қоғам өзгерісіне қарай түрленіп жарық көрді. Кеңестік баспасөздің жетістіктерін айтар болсақ, 1913-1925 жылдар аралығанда шыққан ұлттық демократиялық басылымдардың бағыт-бағдары мен көтерген тақырыптарының бүгінгі күнге дейін маңызын жоймай келе жатқандығы. Екіншіден, кеңестік баспсөзге үкімет тарапынан көп көңіл бөлінді. Естеріңізде болса, кеңес заманының алғашқы жылдарында облыстық, аудандық газеттерге ерекше дамытуды билік өз жоспарына енгізген болатын. Үшінші ерекшелігі – баспасөздің таралымы ауқымды болды. Өкінішке орай, қазіргі таңда сол кезеңнің тиражына әлі жете алмай келеміз. Төртінші - кеңестік кезеңнің басылымдарында есімі елге танымал тұлғалар көсемсөз өнерінің көкжигені кеңейтуге барын салды. Тіл байлығы, тапқырлық, шеберлік қырларын жан-жақты көрсете білді. Әсіресе, баспасөздің саяси ролін күшету мақсатнда жазылатын бас мақала нөмір сайын беріліп, онда саяси оқиға немесе жаңалық кеңінен түсіндірілді. Ал очерк жанры оқырманын еңбекті сүюге, патриоттық бағытта тәрбиелей білді.

Қазіргі қазақ баспасөзі жанрлық, пішіндік, түрлік, тілдік, стильдік жағынан жаңарды, өзгерді. Мұндай өзгеріске біріншіден, батыс журналистикасының дамуы ерекше әсер етсе, екіншіден, күнделікті болып жатқан оқиғалардың оқырманға жедел жетуін қамтасыз етудегі ақпараттық сипаттың басымдығы ықпал етті. Жанрлық жағынан бұрынғыдай, көркем-публицистикалық жанрлар баспасөз бетінде сирек жарияланатын болды. Тек «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Айқын» газеттерінде портреттік очерк, жолсапар очеркі, суреттеме, эссе жанрлары жарияланады. Қазақ басылымдарында ақпараттың өзі түсіндірмемен (комментарий) беріледі. Яғни кеңейтілген заметка басым. Сонымен бірге репортаж, коресспонденцияның талдамалы түрлері жиі жарық көреді. Талдамалы материалдар қоғамдық-саяси, жалпы ұлттық басылымдарда көбірек көрініс табады. Көркем-публицистикалық жанрлардың ішінде сатиралық жанрлар көп жазылмай жүр. Есесіне батыс журналистикасының ықпал-әсерінің арқасында дайджест, баған, түсіндірме секілді жанр түрлері жиі жарық көреді. Өз кезегінде баспасөз аудиторияны қызықтыру үшін оқырманмен байланыстың түрлі тәсілдерін меңгерген. Дәстүрлі оқырмандар конференциясы, театрда жүздесу, премьера талқылау секілді әдістердің орнына тікелей байланыс, сұрақ-жауап, дөңгелек үстел үстіндегі әңгіме түрлері кеңінен қолданылып жүр. Соңғы кездері редакция қоржынындағы хаттарды талдау жиі байқалады. Оның ішінде сайтқа хабарлама қалдырған да талданады. Бұл тұрғыдан «Қазақ әдебиеті» газетінің тәсілі оқырманын қызықтыра түседі. Оған қоса аудиторияның ауқымды бөлігін жаулап алу мақсатында көңіл көтеру, түрлі тест сауалдары, жұлдыз-жорамал, жұлдыздар өмірінен жаңалықтар беру барлық басылымдарға тән.

Тақырыптық жағынан қазіргі басылымдар негізінен дағдарыстан шығудың жолдары мен тетіктері туралы, өндірісті дамыту, Елбасы жолдауын талқылау, ЕҚЫҰ- төрағалық ету қызметіндегі басты жаңалықтарды жазып отыр. Әрине, әлеуметтік сала, жеңістің 65 жылдығы да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Сонымен бірге қазақ журналистикасының мәселелері де басылым беттерінде талқыланып отырады. Бұл тұрғыдан алғанда «Айқын» газетінде «Дидар ТВ» қосымшасының телевизия саласындағы тың тақырыптарды сөз етуі аталмыш мамандықты оқып жатқан студенттер мен осы сала мамандары үшін қажетті дүние десек қателеспейміз.

Мазмұндық жағынан қазақ басылымдары мүмкіндігінше, қоғамның барлық саласын қаимтитын мәселелерді қозғауға атсалысып келеді. Өкінішке орай, халықаралық тақырыпты талдап жазатын журналистердің аздығы көңіл көншітпейді. Тағы бір нәрсе,- басылымдар бірі көтерген мәселені екіншісі қайталайды. Яғни қайталаушылық басым, соны идея солғын, жоқтың қасы. Дегенмен баспасөз- қоғам айнасы демекші, әр басылым өз оқырманы үшін аянбай тер төгіп келеді.

Қазақстанның тәуелсіздік алуымен бірге қазақстандық журналистика әлемдік журналистикамен ашық байланысқа шыға бастады. Кеңестік идеология теріс баға беріп келген шетелдік журналистиканың демократиялық сипаттары қазақстандық журналистикада шын мәнінде орнықты. Адам құқығын қорғау, сөз, баспасөз бостандығы мен пікір алуандығына негізделген журналистика елдің саяси, әлеуметтік, экономика және рухани салаларындағы өзекті мәселелерге белсенді араласа бастады. Қазақстан журналистері мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ақпарат құралдарының қай саласында қызмет атқарса да, негізінен, оқырмандар алдындағы азаматтық жауапкершілігін терең сезініп, саяси, әлеуметтік мәселелер туралы принциптік көзқарас ұстануда. Олардың құрылтайшылар ықпалында қалып қоймай, журналист этикасына адал болуына, өзара кәсіби тәжірибе алмасуына Қазақстан Журналистер одағының съездері мен өзге де басқосуларының, халықаралық медиафорумдардың ықпалы мол. Журналистердің Қазақстанда шын мәнінде тәуелсіз, алайда өзге де азаматтардың құқықтарын бұзбай қызмет атқаруына Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңы кепілдік береді.

Қазіргі заманғы бүкіл әлемдік саяси, экономика және рухани-мәдени жаһандану жағдайында журналистика әлемдік интеграциялық үрдістердің ішіндегі аса ықпалдысы болып табылады. Осыған байланысты әлемдік журналистика бұрын-соңды болмаған дүмпуді басынан өткізуде. Журналистиканың белгілі бір елде, аймақта, тіпті әлемдік ауқымда қоғамдық пікір қалыптастырып, ресми емес төртінші билік тармағы тұғырына көтеріле алатындығы оның болашақтағы даму мүмкіндігінің бұдан да мол екендігін көрсетеді. Демократиялық елдердегі журналистика салыстырмалы түрде өз міндетін атқара алатын болса, тоталитарлық, авторитарлық елдердегі журналистика өзге билік тармақтарының қысымы салдарынан жұртшылыққа шынайы объективті ақпарат жеткізбеу, шындықтың өңін айналдыру, бұрмалау құралына айналуда. Алайда демократиялық мемлекеттерде қалыптасқан тәуелсіз журналистика ұғымының өзі толық мәнді тәуелсіздікті білдірмейтін шартты ұғым. Кез келген елде қандай да бір қаражатсыз және билік тармақтарының қолдауынсыз журналистика ісі дамымайды. Сондықтан журналистиканың өз қызметін шын мәнінде дұрыс атқаруы әрбір елдің бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігіне кепілдік беретін заңдарының қабылдануына және олардың толық орындалуына байланысты. Сонымен қатар дүниежүзүлік журналистер қауымдастықтарының өзара ынтымағы да көп рөл атқарады.

Халықаралық журналистік ұйымдармен арадағы қарым-қатынаста қазақстандық журналистер атынан Қазақстан Журналистер одағы өкілдік етеді. 19 ғасырдың екінші жартысынан басталған Қазақстан журналистикасы қазір қарқынды дамуда. журналистиканы теориялық және практикалық тұрғыдан зерттеп, ғылыми пән ретінде оқыту Қазақстанда тұрақты жолға қойылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында жыл сайын кәсіби журналистер даярланып келеді.

Қоғамның салалық басылымдарға деген бағасы өсті. Журналис­терге әмбебап «энциклопедия» сияқты барлық тақырыпты қамтып жазғаннан гөрі бір саланы түбірімен зерттеп, қаза жазу қажеттілігі туындап отыр. Бірақ, елімізде салалық журналистиканың дамуы өзекті мәселе ретінде қалып келеді. Шетелдерде салалық басылым мен телеарналар тұрмақ, түрлі тақырыптағы веб-сайттардың санынан жаңыласыз. Ал, бізде бірнеше салалық телеарналардың ашылғанына көп бола қоймады. Оқырманы бар салалық басылымдар да бар. Бұл салалық БАҚ-тың жұмысы ел көңілінен шығып жүр ме? Салалық арналар өзіндік аудиториясын, ал, басылымдар өз оқырманын қалыптастырып үлгерді ме? Олар салалық деген атауына сай жұмыс жасай ма? Бізде бірінші күні әлеуметтік тақырыпты, келесі күні экономиканы, оның арғы күні саясатты қаузап отыратындар жоқ емес. Экономика мен заң тақырыптарына қаламы ұшқыр журналис­тер санаулы. Оған қоса, спорт комментаторларына да таудай сын айтылады. Тіпті, спорт түріне қарай комментаторларды жіктеу туралы баспасөз бетінде жазылды. Бірақ, спорт тақырыбын жазатын журналистерді жинаудың өзі өткір күйінде қалып келеді.

Ақпарат кеңістігі халық сұранысына сай толтырылуы қажет. Салалық жобаларды жасауда өзге дамыған елдерді негізге алатынымыз анық. Салалық «Білім», «Мәдениет», «Балапан», «Спорт кз» арналары бар. Бірақ, бұл телеарналар жұмысынан асығыс қолданысқа енгізілген тәжірибелердің бар екені анық байқалады. Олар отандық салалық телеарна ашуда бірнеше қателіктерге бой алдырды.

Біріншіден, жеке техникасы мен кәсіби ұжымы жасақталмады.

Екіншіден, эфирді «көшірме» дүниелермен толтырады, яғни, кәсібилік жетіспейді. Сала­лық арналардың төл өнімдерінің үлесін арттыру басты міндет болып отыр.  Алайда, салалық арналар былай тұрсын, әмбебап телеарналар мен басылымдар кадр тапшылығын сезінуде. Байқасаңыз, кейбір ақпарат құралдарына экстремистік деген айып тағылды. Себебі, саяси тақырыпты жетік білетін кәсіби маман тапшы. Көпшілігінің журналистік объективті зерттеуден бұрын эмоцияға жол беретіні шындық. Біржақты пікір, яғни, субъективтілік басым. Белгілі бір саяси топтың көсеуіне айналып отырғандай әсер қалдырады. Бұдан шығатын қорытынды қандай? Белгілі бір тақырыпта кеңінен  сөйлейтін, эрудициясы үлкен сарапшылар жетіспейді бізге. Негізінен көпшілік қазақтілді БАҚ-тың бірінші кезекке қойған тақырыбы – ұлттық, тілдік мәселе. Әрине, негізгі бас ауруымызды шешіп алмай, өзге жаққа қалай мойын бұрамыз? Бірақ, өзге салаға салғырт қарауды бүгінгі заман талабы құптамайды. Өткенде мемлекеттік хатшы Марат Тәжин масмедиа саласындағы кемшіліктерді санап шығып, ескі жұмыс жүйесінен жаңашылдыққа бет бұру қажеттілігін атап өтті. Бас хатшының сынынан соң телеарналар жұмысының тоңы жібігендей болды. Әрбір арна күзгі маусымды күтпей, жаңа жобасын ұсынып жатыр. Енді салалық журналис­тиканы дамыту туралы бастама көтерілсе, бұл саланың да бойына қан жүгірер еді. Оларға ұлттық арналар жанынан ашылған кішігірім арна ретінде қарамай, жеке бюджеті мен жасақталған ұжымы, заманауи техникалары түгел халық сұранысына ие телеарна деңгейіне көтеру қажет. Осы мақсатта дәріс барысында біз бірнеше адамның сұқбатын оқыған болатынбыз.

Мысалы,  Аязби Бейсенқұлов, «Білім» арнасының «Бағдарламаларды жасау» бөлімінің бас редакторы: «Бәрі бірдей мақсатына жетпесе де, күш алып келеді»: – Салалық журналистика соңғы жылдары ғана қолға алынды. Осыдан үш-төрт жыл бұрынғы телеарналарды алып қараңыз, бәрі бір бағытта болды. Қазір біршама ілгерілеу бар. Қазір мемлекеттік каналдардың өзі онға жетіп отыр. Мысалы, «Қазақстан» ұлттық арнасының жанынан «Мәдениет», бірінші шілдеден бастап ашылатын «Спорт кз» каналы, «Балапан» телеарнасының ашылуы – салалық журналистиканың дамуына үлес қосты. «Хабардың» жанынан да бірнеше канал жұмыс істеп жатыр. Олар: «Қазақ ТВ», салалық болғанда шетелдегі қазақ аудиториясына бағытталған, «Ел арна» жастарға арналған ойын-сауықтық канал ретінде қалыптасты. Өткен  жылы ашылған «Білім» каналын таза салалық арна деуге болады. Таза ақпараттық «24 KZ» арнасы бар. Бұл арналар әртүрлі аудиторияны қамтып отыр. Ал, оның сапасы қалай дегенге келсек, кеше ғана ашылған каналдардың бәрі бірдей өз мақсатына жетіп жатыр деп айту қиын. Дегенмен, күш алып келе жатыр. Салалық телеарналар жұмысында өсу байқалады. Алғашқы кездегі «Мәдениет» қандай еді, қазір қандай? Оның өзіндік аудиториясы қалыптасты. Бізде осы уақытқа дейін салалық маманданған журналист дайындаған емес. Тіпті, тележурналистің өзін арнайы дайындамайды. Биыл талап қойылып жатыр. Салаға бейімдеу туралы. Осыған байланысты ұсыныс шығып жатыр. Журналис­терді шетел тәжірибесінен өткізу ісі жолға қойылуда. Телеарналарда ғана емес, радиода да біршама өзгеріс бар. «Қазақ», «Шалқар», «Астана», «Классик» радиоларының жұмысында ілгері басу байқалады. Бізде журналисті әмбебап етіп дайындайды. Оның бәрінен хабары болуы керек. Ал, Германияда екі немесе бір жарым жыл оқытады. Әркім өзіне керегін ғана оқиды. Нағыз дайын маман оқытып шығарады. Салалық журналистика туралы айтқанда бізде мәдениет, руханият саласының жілігін шағып, майын ішкен журналистер бар. Жалпы, осы салаға арналған басылымдар да өз деңге­йінде, уақытпен бірге дамып, жетіліп келеді. Өйткені, осы салаға арналған ақпарат құралын шығару арқылы баспасөз бизнесін жасап отырған азаматтар бар.

Екінші озық сала – заң саласы. Алайда, бұл салаға арналған басылымдардың «бағы» біздің заң шығарушы орган – Парламенттің ашық жұмыс істеуіне, ондағы депутаттардың белсенділігі­не тікелей байланысты. Бұдан әрі экономика, медицина саласына арналған салалық басылымдарды да жиі ұшырастырамыз. Бірақ, олардың ел арасында таралуы, басылымдардағы материалдардың халыққа түсінікті тілде, қызықты етіп жазылуы кемшін. Ал, спорт саласы соңғы он жылдықта жақсы қамтылып жатыр. Арнайы телеарна құрылып, әрбір басылымнан кезекті бет арналып отырылуы да соның дәлелі.

Журналис­тер неғұрлым түсініксіз тілде жазып, термин сөздерді көп қолдансам, соғұрлым білімді көрінемін деген көзқарастан қашуы керек секілді. Ақпарат құралы кез келген тақырыпты халықтың өз тілінде, қарапайым оқырманға түсінікті етіп жазуға тиіс. Бұл тұрғыда журналист ғылым мен ғылымнан алыс қарапайым қоғам арасын жалғап, сабақтастырып отыруы керек.

Бәрімізге белгілі, қазақтілді басылымдарға жаңадан келген жас журналистердің бәрі мәдениет пен руханият тақырыбын жазамын деп келеді. Көбіміз жұмысымызды тіл туралы мақала жазудан немесе әртістерден сұхбат алудан бастағанымыз өтірік емес. Өйткені, ол салада ақпараттар бізге қонымды және қолжетімді болып келеді. Ал, жалпы бір салаға маманданған кадрлар тапшылығын жою үшін жоғары оқу орындарында оқыту, машық­тандыру дұрыс жүргізілуі тиіс. Қажетсіз сабақтарды қысқартып, оқу жылының әр сағатын уақыт талабына сай, тиімді, пайдалы өткізуге ден қою қажет.

1-ПРАКТИКАЛЫҚ САБАҚ

Салалық журналистиканың өзіндік ерекшелігі

1.1Салалық журналистиканың артықшылықтары мен кемшіліктері

    1. Салалық журналистиканың тақырыптық ерекшеліктері

Пайдаланылатын әдебиеттер:

1.Б.Жақып. Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары. А.,Білім. 2004.

2. Г.С.Мельник. Общение в журналистике секреты мастерства. М., Питер,2005.

3. Практическая журналистика в Казахстане. А., 2006.

4. Е.В.Черникова. Основы творческой деятельности журналиста. М., 2005.

5.В.Ворошилов Журналистика. Санкт-Петербург, 2000.

Сабақтың мақсаты: Қазіргі кездегі салалық журналистиканың өзіндік ерекшелігі мен қоғамдық сұраныс мәселесін айқындау. Салалық журналистиканың өзгешелігі мен артықшылықтарын нақтылау.

Сабақ барысында талқыланатын сұрақтар:

  1. Салалық журналистиканың артықшылықтары

  2. Салалық журналистиканың кемшіліктері

  3. Салалық журналистиканың жиі көтеретін тақырыптары

  4. Салалық басылымдардың қазіргі түрлері мен деңгейі

1-БАОӨЖ

Салалық журналистика дегеніміз не? (эссе)

Оқытудың кредиттік жүйесінде студент тең жарты оқу жұмысын өз бетімен атқаруға тура келеді. Сондықтан ол әдебиеттерді қалай іздеуді, пайдалануды білуі қажет. Оқытушы студентке қажетті оқу әдебиеттерін табуға көмектесе алады, яғни, негізі әдебиеттер тізімін оқытушыдан алуға болады. Бірақ ең бастысы әрбір кітапты немесе мақаланы оқығанда келесі нұсқауларды пайдалану қажет:

  • кітаптың мазмұнын толық түсіну үшін, оны ақылмен оқу қажет. Ол дегеніміз кітапты оқымас бұрын ол кітап оқуға тұра ма, соны анықтаған жөн (кітаптың аннотациясымен, кіріспесімен танысу қажет);

  • кітаптың авторы туралы да мәлімдеме білген жөн, кітаптың негізгі міндетін де ұққан жөн;

  • қандай тақырыпта ақпарат керек екенін нақты білген жөн, бұл уақытты үнемдейді, кітапты оқығанда керек жерлерді жазып алу үшін қағаз бен қалам пайдаланған жөн;

  • кітапты оқып отырып оған өзінше зерттеу жүргізе білу қажет, оның бірнеше түрлері бар, оқыған кітап бойынша жоспар, көшірмелер, тезистер, аннотация, резюме (түйін), конспект.

Эссе – бұл сын, публицистика сияқты түрлі жанрларда өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселерге қатысты өз ойларын баяндау. Берілген тақырыптар бойынша жазылған эссе мерзімді баспасөзде жарық көрсе, қосымша сый балдары беріледі.