- •Дәріс № 1. Бақ тілі мен стилі пәнінің мақсаты мен міндеттері
- •Баспасөз тілінің жалпы мәселелері
- •Дәріс № 3. Стилистиканың қазіргі бағыттары мен түрлері
- •Дәріс № 4. Газет жанрлары және олардың тілдік, стильдік ерекшеліктері
- •Дәріс № 5. Газет айдарларының құрылысы, тақырыптарының берілу ерекшелігі
- •Дәріс № 6. Газет тілінің лексикалық сипаты
- •Дәріс № 7. Газет тілінің лексикалық сипаты (жалғасы)
- •Варваризмдердің, орыс сөздері мен калькалардың қолданылуы
- •Баспасөздегі авторлық өзгеріске түскен және жаңадан қалыптасқан фразеологизмдер
Дәріс № 7. Газет тілінің лексикалық сипаты (жалғасы)
1. Варваризмдердің, орыс сөздері мен калькалардың қолданылуы
2. Баспасөз бетінде қолданылатын фразеологизмдер ерекшелігі
3. Баспасөздегі авторлық өзгеріске түскен және жаңадан қалыптасқан фразеологизмдер
Варваризмдердің, орыс сөздері мен калькалардың қолданылуы
Әрбір дамыған тілдің лексикасы стилистикалық жақтан тармақталып, тарамданады. Тілдің сөздік құрамында стильдік бейтарап сөздермен қатар, барлық жанрлар мен стильдерде бірдей қолданыла беретін ауызекі сөйлеу тілінің, көркем әдеби тілдің, ғылым мен техника, газет-журнал, саяси және ресми іс-қағаз тілінің элементтері кездесіп отырады. Сондай-ақ, стильдік бояуы әр түрлі, белгілі бір стильге ғана тән сөздер де болады. Демек, тілдің лексикасы іштей сараланып, ондағы сөздер белгілі бір стильге лайықты икемделіп отырады.
Қазақ тілінің лексикасындағы сөздерді стильдік мәніне қарай бірнеше түрлеуге бөлуге болады. Солардың бірі варваризмдер – газет тілінде де кездесіп отырады. Варваризм – гректің barbaros – жат жерлік деген мағынадағы сөзінен алынған термин .
Шағын жанрлар тіліндегі варваризмдерді қарастырғанда, ана тілінің нормасына қайшы келетін, тіл мәдениетіне нұқсан келтіретін жағдайлары сөз болады. Өзге тілдік дегенде, кірме элементтердің бәрі дерлік орыс тілі арқылы қабылданғандықтан, көбіне орыс тілінен тікелей және шет тілі арқылы енген тілдік бірліктер қарастырылады. Профессор М. Серғалиев орыс элементтерін орынсыз қыстырмалап сөйлеудің кемшілігі туралы былай дейді: «Ондаған жыл орыс тілі арқылы әлемдік тарихпен, мәдениеттің үлгілерімен танысқанымыз белгілі. Ол тіл арқылы басқа ұлт өкілдерімен түсінісіп, сөйлесеміз. Соның нәтижесінде талай табыстарға қол жетті. Әрине, орыс тілінің ана тілімізді ығыстырып, қиын жағдайлар жасағаны да жұртшылыққа жақсы мәлім. Қалай дегенмен де, өз тіліңнен басқа тілді де білу кімнің де болса ой-өрісін кеңейтіп, рухани баюына мүмкіндік береді десек, ол қағиданың орыс тіліне де қатысы барын ескеруіміз керек. ... орыс сөздерін орнымен қолдану, жөн-жосықсыз әңгімеге араластыра бермеу деген сөз. Соған қарамастан, кейбір азаматтар варваризмге ұрынады, қазақ тіліндегі баламасы белгілі бола тұра, орыс сөзін қолдану ол тілді де, ана тілін де сыйлау деп есептелмесе керек» .
Қазақ тілінің лексикологиясында өз үлесін қосқан ғалым М. Белбаева «Тілде баламасы бола тұрса да, шет тілден орынсыз сөздер қосып сөйлеу, я сол тілдегі сөзді бұзып сөйлеу – варваризм» десе , сөздікте варваризмдерді – «өз тілінде баламасы бола тұра, бөтен тілдің сөздерін еліктеуімен (сән үшін) қолдану» деп көрсетіледі.
Б.Момынова «варваризм, негізінен, үш түрлі мағынада қолданылады» деп көрсетеді. Олардың біріншісі – «белгілі бір тілдің нормасына қайшы, ол тілдің заңы бойынша «теріс құрастырылған» сөз формалары мен сөз тіркестері», екіншісі – «шетел әдет-ғұрпы, өмірі мен тұрмыс салты реалийлеріне қатысты кірме сөздер», ал, үшіншісі – «әзірше бөгде тілге толық ене алмай, кейбір мұқтаждықтарды өтеу үшін қолданылатын шетел сөздері мен сөз тіркестері» .
Варваризмдер, негізінен, көркем әдеби шығармаларда кейіпкер бейнесін беруде, сатиралық өлеңдер тілінде қолданылатын болса, қазіргі кезде мерзімді баспасөзде де белсенді түрде қолданылып жүр. Зерттеушілердің пікірлеріне сүйене отырып, шағын жанрлардағы варваризмдердің жасалу жолдары төмендегіше жіктелді:
Варваризм ретінде жұмсалынған орыс сөздері әуелгі түбір күйін сақтайды кейде сол түбірге қазақ тіліндегі қосымшаның жалғануымен де беріле береді. Бұл жай көбінесе «Жас Алаш» газетінде көптеп ұшырасады.
-«Отандықтар» тағы бір жоба енгізбекші деген де әңгіме шығып қалды...
- Жо-оқ, «поезд ушел» (ЖА., 25.02.1999).
-Сондағы «сводничество» деп отырғаны – жеңгетайлық (ЖА., 05.07.1999).
Түрпектеуден құтылу үшін мемлекет тарапынан ұсынылған бір «дежурный» дүниені экрандауға мәжбүр болған(ЖА., 30.01.1999).
Бұл заңды «внезапное решение» деп жүргендер де, «насильственное» деп жүргендер де бар (ЖА., 30.01.1999).
Мысалы, Шерхан Мұртазаның «смешанныйлардан» нағыз «помешанныйлар» шығады деген сөзіне күлудің орнына қуаттап, қол соғу керек емес пе еді? (ЖА., 31.05.1999).
Пәле «возрождениеден» келген жоқ па? (ЖА., 21.08.1999)
Дакаскос тәрізді «дыхалкадан» дәлдеп тебе алмауы мүмкін (ЖА., 09.08.1999).
Жоғарғы билік маңындағы кадрлардың көбі қазақ «авторитеттерінің» балалары (ЖА., 25.02.1999).
Экс-премьер Тасмағанметовтың «аяқ астынан» отставкаға өтініш білдіруінен кейін асығыс басталған ауыс-түйіс әлі де жалғасуда (ЖА., 15.07.1999).
Ауылға «олигархтар» келе жатыр...(ЖА.,21.06.1999).
Бұл сөйлемдерде варваризмдер біреудің сөзі ретінде де («сводничество», «внезапное решение», «смешанныйлардан», «помешанныйлар»), автордың өз сөзі ретінде де («поезд ушел», «дежурный», «дыхалкадан», «авторитеттерінің балалары», «отставкаға өтініш білдіру», «олигархтар келе жатыр») қолданылады.
Сондай-ақ, «поезд ушел», «сводничество», «дежурный», «внезапное решение» деген орыс сөздері сол қалпында қолданылса, «смешанныйлардан», «помешанныйлар», «возрождениеден», «дыхалкадан», «авторитеттерінің», «отставкаға», «олигархтар» деп, авторлар өздерінің эмоцияларын орыс сөздеріне қосымшалар жалғай отырып қолдану арқылы білдіреді.
Варваризм сөздердің келесі тобында кірме сөздер қазақ тілінің ауызекі сөйлеу тілінде кездесетін орфоэпиялық өзгерістергі ұшырап жұмсалады және бұл жағдай зерттеу нысаны болып отырған газеттердегі шағын жанрларда (сұхбат, сауалнама, хат, пікір) жиі кездеседі.
Олар білмеген соң, жаңағы жігіттің «бүнішкелері» де, «прабүнішкелері» де білмейтін болады (ЖА., 12.07.1999) деген сөйлемде қазақ тілінің мәртебесін төмендеткен отбасы сыналған.
Ішімдікке қарсымыз, бірақ «кәйп» ұстағанды жек көрмейтіндер де жетерлік (ЖА., 05.1998.1999).
Алтыншаш апамның заң-зәкүннен хабары бар ма? (ЖА., 30.01.1999).
Орысшаға онша емес Қализа – иә, паштый первый десе керек (АЙҚЫН., 10.10.1998).
Сыртқы есіктің маңдайшасында жалғыз «ләмпішке» жарқырап тұр (АЙҚЫН., 16.11.1998).
Келтірілген мысалдардағы варваризмдердің бұлайша қолданылуы айтылар фактіге автордың өз көзқарасын, қатысын, эмоциясын білдірудің қажеттігінен туған. Дегенмен бұл қолданыстардың тіл мәдениетін сақтауға үлкен нұқсан келтіретінен айта кеткен жөн.
3. Интернационалдық терминдердің түбір күйін сақтап немесе қосымшалар жалғану арқылы қолданылуы.
Министрліктердің әрқайсысында әлденеше департамент пен комитетті айтпағанда, ұсақ-түйек бөлімдер мен бөлімшелерден аяқ алып жүре алмайсыз. «екі адамға бір бастық» формуласы, «Құдайға шүкір», жойылып кеткен жоқ.
Бизнесмендер мен топ-менеджерлер арасында да мемлекет басшысына ұсыныстарын айтып, жоғары билікке ықпал етіп жүргендер бар (ЖА., 1998.01.1999). Енжарлық пен бейжайлық лоббистерге қол боп тұр (ЖА., 29.07.1999).Әрбір қатынасушы – конкурсант кем дегенде екі номинация бойынша жарысқа түсуі қажет (АЙҚЫН., 20.12.1998). Оларды «Феминистер» деп атайды. Әсіресе, Алматы қазақтарды магниттей тартады. (АЙҚЫН.,10.10.1998).
Алайда министр, департамент, комитет, формула, Президент, бизнесмен, менеджер, лоббист, конкурсант, феминистка, магнит тәрізді терминдер мен атаулардың орны басқа. Бұлар номинациялық мұқтажды өтеу мақсатында қолданатын шеттелдік атаулар мен терминдер.
Вульгаризм-(лат.Vulgaris анайы, дөрекі)-әдеби тіл қабылдамайтын дөрекі, қарапайым сөздер мен сөйлемдер. (Мысалы: қортық, жаман неме, пианшік). Тұрмыс жайын суреттеуде кейіпкердің бейнесін жасауда көркем әдебиетте мұндай сөздер әдейі қолданылады.
Сөйлеуші үшін де, тыңдаушы үшін де әбестеу көрінетін мазмұны төмен, стильдік реңкі бәсең сөздің баспасөз тілінде қолдану да соңғы жылдары жиілей бастады. БАҚ-тың мемлекеттік цензурадан босауы, «демократияға» бетбұрыс деген желеудің күшеюі газет бағаналарында сөздің табулық формасының, тіпті дисфемистік (эмоцияны тұрпайы сөзбен беру) формасының көбеюіне жол ашты. Мұндай келеңсіз құбылыс, әсіресе «Жас алаш», «Айқын» газеттерінде жиі байқалып қалады. Олардың қолданысы сирек те болса, автор ойына айрықша бояу, реңк береді.
Сауда-саттығы қызған базарда арба сүйрегенде мен «құлбазарда» қара жұмысқа жегілгендер киер киім, ішер асқа әрең жететін азын-аулақ ақшадан жырымдап, қорға қалай қаржы аударсын? (ЖА., 29.07.1999).
Супер, гипермаркеттер қара базар үшін аждаһа ма? (ЖА., 22.02.1999). Третьяковты желпіндіріп жүрген ненің буы екенін итім білсім бе, бірақ, әрең қол жеткізген тәуелсіздігін қолдан беріп қарап отыратын қазақтар ақымақ емес (ЖА., 29.07.1999).
Сондықтан оларды «мамбет» деп кемсітудің орны жоқ (АЙҚЫН., 15.1998.1998). Осындағы айрықша белгіленген сөздердің («құлбазар», «қара базар», «итім білсін бе», «мамбет») жалпыгазеттік емес, автордың жеке қолданысындағы сөздер екендігі және олардың эмоционалдығы басым екендігінде талас жоқ.
Орыс тілді БАҚ беттерінен қазақтың ар-намысын аяққа таптап жүргендердің басым бөлігі - «қара орыстар». Осы кісіні қазір саясаттағы сәуегейлікпен айналысып жүрген жоғарыдағы бір «қара орысқа» қатты ұқсаттым (ЖА., 18.11.1999) деген сөйлемде өз ана тілін менсінбей, орыс тілінде сөйлеуге құмар адамды қазақы қалыпта сөгу, мазақтау бар.
Сонымен, варваризмдер мен вульгаризмдерді уәжсіз, мақсатсыз қолдану тілдік түйсіктің, тілдік сананың төмен екенін көрсетеді. Бұл жайттар тіл дамуының болашағына кері әсер етеді және тіл дамуының жоспарларын жасауда да ағаттыққа әкелері даусыз. Варваризм сөздерсіз-ақ, тілде бар факторлар арқылы да тілдің қолдану өрісін, оның мәдениетінің көкжиегін кеңейтуге болады.
Қазақ тілінде әсер-ықпалын мол тигізген тілдің бірі – орыс тілі. Мерзімді баспасөздің лексикалық құрамын байытуда орыс сөздерінің, орыс тілі арқылы басқа тілден енген сөздердің ықпалы көп болды. Ғалым Б.Әбілқасымовтың зерттеуінде алғашқы қазақ газеттеріндегі лексикалық қор осы тұрғыдан терең зерттелген. Қарастырылып отырған зерттеу материалдарында (ЖАС АЛАШ, АЙҚЫН газеттері) орыс және басқа шет ел тілдерінен енген сөздердің қолданылу жайы мағыналық тұрғыдан төмендегіше топтастырылады.
Орыс сөздерін аудармасыз, өзге тілдік қалпында қолдану. Вирус, отставка, анекдот, гостроль, скотч, шоумен, санаторий, контрабанда, каникул сияқты сөздер, лайықты аудармаларын табу қиындық әкелмесе де, басылым беттерінде, журналист сөзінде де, кейіпкер сөзінде де өзгетілдік қалпында қолданыла беретін болды.
SARS ғарыштан келуі мүмкін деген болжамды растаушылар әлі де болса вирустың ғарыштық денелер арқылы тарап, соның нәтижесінде жерге жеткенін дәлелдеуге тырыспақ. (ЖА., 27.05.1999). Ала таяқтылар туралы анекдот неге көп (ЖА., 22.05.1999). 10 маусымда гострольдік сапарымыз аяқталады. (ЖА., 20.05.1999). Қазақ актерлері дәл қазір осындай күйде жүр: бірі – асаба, екіншісі – шоумэн, үшіншісі – күзетші, төртіншісі –жарнамалық агент... (ЖА., 09.08.1999). «Солнечный» балалар санаторийінде қосымша 25 орын ашылған (ЖА., 07.08.1999). Ойға салатын да «Миллениум-Пати» патшалығының ханзадасы Төлеген мырза (ЖА.,23.02.1999). Кедендегі ең үлкен мәселе – контрабанда мәселесі (ЖА., 18.11.1999). Келесі жолға деп отырған себебіміз, фильмді түсірушілер қазір күн суытуына байланысты көктемге дейін каникулға кетті (ЖА.,29.11.1999). Соңғы кезде қазақстандық жасөспірімдер арасында әр мектеп, әр ауладан «бригадаға» бірігу фактілері жиі ұшырауда (АЙҚЫН., 31.11.1998).
Мұндай жағдай, сөз жоқ, баспасөз бетінде әрдайым ана тіліміздің шұбарлануына әкеліп соқтырады. Ескерте кететін жайт, бұл шет ел сөздері қазақ тілінде лайықты фонетикалық өзгерістерге де ұшырамайды.
Орыс тілі арқылы басқа шет ел тілдерінен енген сөздерді пайдалану.
2-ші қыркүйек күні Үкіметімізбен Ислам даму банкі арасындағы займ жөніндегі келісім жасалады (АЙҚЫН., 05.09.1998). Алайда паспорттар бүгінгі күннің талабына сай емес қой...(АЙҚЫН., 05.09.1998). Протоколда тең дәрежеде (АЙҚЫН., 05.09.1998). «Криминал» арқылы тез баю, тез табыс табу (АЙҚЫН., 31.11.1998). Жаңа заманның робот-дию –перілерінше, яки, «супер солдатқа» жандары сірі келетін... (АЙҚЫН., 27.11.1998). Бірақ, дәл осы жұмбақ әңгіменің аяқасты «сюрпризге» айналуында нендей сыр жатыр (АЙҚЫН., 01.11.1998). Қашан көрсең, кафе ақын жазушыларға лықа толып отырады (АЙҚЫН., 01.11.1998). Карнавалшылар «эфирге», «интеллектуал» болып шықты (ЖА., 25.11.1999).Клиптер сайысы басталып кетті (АЙҚЫН., 05.09.1998).
Орыс сөздерін автор эмоциясын білдіру мақсатында қолдану.
Ал, енді, осындай, Олжекеңнің тілімен айтқанда, «поддержка» тұрғанда, орыстар неге тайрандамасын? (ЖА., 19.06.1999). Білгіш космополит манкурт... Егер Жәнібек «манкурт» болса (АЙҚЫН., 19.07.1997).
Қазақ халқының сөздік құрамына жалпыхалықтық лексика (байырғы сөздер), кірме сөздер, неологизмдер, термин сөздер, жергілікті диалектизмдер, кәсіби лексика, кітаби лексика, жаргондық сипаты бар сөздер, варваризм, экзотикалық лексика кіреді. Осының ішінде кірме сөздерге келсек, қазақ халқының басқа халықтармен қарым-қатынасының барысында сөздік құрамға көптеген шетел сөздері енді.
Кірме сөздер әдетте басқа тілден енеді немесе өзге тілдердің ықпалымен жасалатын сөздер және сөз тіркестері. Кірме сөздерді зерттегенде, оларды қоғам тарихымен, халықтың басынан кешкен даму тарихымен байланыста қарастырған жөн.
Кез келген тілге кірме сөздер көбінесе шеттен ауысқан заттар мен ұғымдардың атауларымен бірге енеді. Мұндай заттар мен ұғымдар сол тілдің өзінде жоқ болса, оларды өз тіліне аударма жасау сөздің түпкі мағынасын бұрмаласа, сонда ғана белгілі бір тіл басқа бір тілден ауысқан лексикалық элементтерді өзінің сөздік құрамына қабылдайды.
Шағын жанр да осы кірме сөздерді қолдану үрдісінде белсенді рөл атқарады, өйткені газет бүгінгі күні тілдік қауымдастыққа, сол арқылы қазіргі әдеби тілге тұтастай зор ықпал етіп отыр. Бұл әрекет тіліміздің ішкі – құрылымдық жағы арқылы ғана емес, сыртқы – шет ел сөздерімен, кірме сөздермен толығуы арқылы да жүргізіледі. Мысалы: Келешегімен үміттеніп «аванс» ретінде мүшелікке алған Одақ басшыларына рахмет (АЙҚЫН., 28.11.1997). Жәйден жәй байкот болмайды (ЖА.,09.09.1999). Мәртебелі уақыттың талабы мен әйтеуір саясат дінге «куратор» болғысы келетін сыңайлы (АЙҚЫН., 28.11.1997). Балалар «мультикті» көруге жалықпайды, үздіксіз көреді (ЖА., 13.1999.1999). Биыл да Астананың бас «концертмейстрінің» бастамасы өз «дәстүрінен» жаңылған жоқ (ЖА., 23.02.1999). Менің командам – осы жерде істеп жатқан мамандар (ЖА., 29.07.1999) деген сөйлемдердегі «аванс», «байкот», «куратор», «мультик», «концертмейстер», «команда» сөздері әлі күнге дейін қазақ тілінде баламасы болса да, сирек қолданылып келе жатқан орыс сөздері екені анық.
Кірме сөздер көбінесе калькалау тәсілі арқылы да енеді. Калька – «шет тілдерден жолма-жол аударудың арқасында пайда болған жаңа сөз, біреулер оны «калька» десе, енді біреулер «жасырын ауыс-күйіс» деп атайды. «Қазақ тілінің фразеологиялық қорында өзге тілден енген және басқа тілдегі фразеологизмдердің құрылымына ұқсас жасалған тұрақты тіркестерді» де калька деп атайды . Калькалық аударма жасаудың ерекщелігі – сөзді аудару басрысында аударма тілдің ұлттық ерекшелігі, сол ұлттың тұрмыс-тіршілігінің жайы ескеріледі. Ғалым Б.Момынова «Қазіргі басылымдардағы жаңа ұғым атауларын таңбалауда да калька таптырмайтын тілдік құралға айналып отыр» деп, төсбелгі (бейдж), кешірім (амнистия), бақпанды (иждивенец) т.б. сөздерді мысалға келтіреді .
«Калькалану нәтижесінде кейін пайда болған жаңа мағыналық тіркестер фразеологиялық бірліктердің басқа тіркесімділіктерін қолданысқа әкеледі», - деп Г. Айтжанова мына сөздерді мысалға келтіреді: дыбыс құрақ – звуковой сегмент, көз жаттам – зрительная память, бүркеншік ат – псевдоним, «жетім» жол – одиночная строка. Зерттеуші калькалану жайлы былай қорытынды жасайды:
Мерзімді басылымдар бетінде аударма арқылы жасалаған фразеологиялық калькалар көбінесе орыс тілінің әсерінен пайда болады.
Тіркестер саясат сөздерге жатпайтындықтан, тұрақтылық сипат ала бастаған мұндай тіркестер фразеологиялық тізбектерді құрайды.
Аталған фразеологиялық калькалар жасалуы жағынан терминдік тіркестер немесе қоғамдық саяси лексикаға ұқсас болғанымен, мұндай тіркес мағыналарында образдылық бар, яғни метафораланған. Сонымен қатар, зерттеуші кальканы морфологиялық-синтаксистік құрылымына қарай (сөзжасамдық, фразеологиялық, синтаксистік), қолданылу қызметіне қарай (әлеуметтіік шектеулі, терминологиялық окказионал), қолданылу жиіліктеріне қарай (жалпыхалықтық, пассив, тарихи), калькаланған нысанына қарай (күрделі сөздер, сөз тіркестері, қысқарған сөздер, баламасыз тіркестер), сөз таптарына қарай (етістік+зат есім, зат есім+зат есім, сын есім+зат есім, зат есім+зат есім+етістік) болып жіктейді .
Калькалар – екі тілдің арасын жалғастырып отыратын тілдік құрал. Бұл әсіресе газет тілінде жиі кездесетін құбылыс.
Бүгінде көпшілікке танымал болып отырған калькаланған сөз тіркестері газеттегі шағын жанрларда жиі қолданылып отырады. Мысалы: ашық есік күні (день открытых дверей), ашық қоғам (открытое общество), сауда нүктесі (торговая точка), сенім телефоны (телефон доверия), айлық есептік көрсеткіш (месячный расчетный показатель), елтаным (страноведение), көлік құралы (транспортное средство), қауіпсіздік белдігі (ремень безопасности), төлқұжат үстелі (паспортный стол) т.б.
...халқының басым көпшілігін, 70 пайыздан астамын мұсылман қауымы құрайтын елімізде ислам дініне айқын басымдық берген жөн сияқты. Ресейде 50 миллионнан астам мұсылман халқы тұрады. Алайда олар (мемлекет) мұсылмандардың ар-ожданы туралы ешқашан аузын ашқан емес (ЖА., 13.11.1999).
Жылжымайтын мүлікке салынған салық көлеміне қатысты айқындылық жоқ (ЖА., 25.01.1999).
Түске дейін екі кездесу өткіздім. Түстен кейін тағы бір кездесуім бар (ЖА., 18.01.1999). Жоғарыдағы сөйлемдерде кездесетін «айқын басымдық», «жылжымайтын мүлік», «салық көлемі», «екі кездесу» тіркестері ана тіліне аударылып жасалған калькалық тіркестер. Келтірілген мысалдағы калькалар бұл тәсілдің қазіргі таңда өнімді тәсілге айналып отырғанын көрсетеді.
Газеттегі шағын жанрларда сөз арасында біреу айтқан орысша сөйлемді тұтастай кірістіріп айту кездеседі.
Соңғы жылдары шағын жанрларда, сұхбатта ғана емес, басқа мақалаларда да, орысша айтылған сөздерді сөйлем ішінде тұтастай беру кездесіп жүр. Бұл үрдісті автордың кейіпкерге тілдік мінездеме беру мақсатымен жазылған деп ұғынуға болады.
Әлгілер көздері бағжиып: «Мен ничего не знаем, казахский текст нам из области поступает» деп қарап отырады (ЖА., 24.1998.1999). Мұндайда орыстың «Врага бьют его же оружием» деген мәтелі өте орынды айтылған (АЙҚЫН., 27.05.1997). Орыстар өзінің балаларына арналған ертектерінде де «здесь русским духом пахнет» деген сөзді мыстан кемпірдің аузымен де айтқызып қояды (АЙҚЫН., 27.05.1997). Қазақша жөн сұраған бізге осы банктің менеджері Динара Баймұсылманова былай деп қысқаша қайырады: «Я по казахский не понимаю, говорите по русский». «Біздің банк ауылбайша сөйлемейді. Бастықтарымыз бұған рұқсат еткен». (ЖА, 14.08.1999). Сөйтіп, қолын қусырып «я здесь ни прчеммен» отыр (АЙҚЫН., 15.11.1997). «Круглый стол...что это такое? Вы соображаете что говорите? Слушайте, вы много на себя берете, Вы, что, неграмотная?» деп қолдап, көмек көрсетудің орнына тағы да кедергілер жасады (АЙҚЫН., 15.11.1997). Негізгі идеясы «помогите, наших бьют» дегендей (АЙҚЫН., 08.11.1997) Мұндайларды Батыста «демократы при хорошей погоде» дейді, өздеріне талап қойылғанға дейін демократ (АЙҚЫН., 08.11.1997).
Берілген сөйлемнің қайсысы болмасын, кейіпкердің айтқан сөзінен немесе тілдік қолданысынан-ақ оның мінез-қалпы аңғарылады.
Газет тілі – әрдайым халық назарында болатын тіл, сол себепті ол әрдайым стильдік жағынан болсын, грамматикалық қолданыс тұрғысынан болсын, автордың жеке көзқарасын немесе эмоциясын беру жағынан болсын, адресатпен байланыс жасау тәсілі жағынан болсын, аса орынды, ұғынуға жеңіл әрі әсерлі болуы керек. Бұл тараушада тіліміздің сынын бұзып тұратын кейбір варваризмдердің, орыс сөздері мен калькалардың қолданылу ерекшеліктері қарастырылды. Нақтылап айтсақ, олардың жай ғана қолданысы емес, ана тіліміздің нормасына қайшы келетін, тіл мәдениетіне нұқсан келтіретін қолданыстарына да мән беріліп, нақты мысалдар келтірілді.
Баспасөз бетінде қолданылатын фразеологизмдер ерекшелігі
Қоғамымыздағы ақпараттық нарық, қатаң бәсекелестік, бұқаралық ақпарат құралдарының оқырманын табу үшін күрес жолында журналистер өз өнімін тартымды етіп ұсынуға тырысады. Ол үшін басылым беттерінде оқырман назарын аударатын тілдік құралдар фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер қолданады. Қазақ тілінің фразеологиялық қоры – тілді жаңа, ерекше бейнелі көркемдік белгілерімен толықтырып отыратын таусылмас қазына жетістігі болғандықтан, ол тілдің қайталанбас ұлттық бояуларын айқындайды. Тұрақты тіркес, мақал-мәтелдер тіліміздің сөздік қор байлығын танытып қана қоймай, халықтың бүкіл тыныс-тіршілігін паш етері анық. Жалпы алғанда қазіргі баспасөз бетінің кез-келген салаларында тұрақты тіркес, мақал-мәтелдердің орын алуы көңілімізге қуаныш әкеледі.
Қазақ тіл білімі ғылымында аталмыш лингвистикалық құрылымға алғаш рет ғылыми негіз жасаған – академик І.Кеңесбаев.
Академик Р.Сыздық фразеологиялық тіркестерді «жеке сөз мағыналарының бір-бірімен түйісуінен туған жаңа мағыналық дүниеліктер» дейді.
Академик М.Серғалиев «сөз зергерлерінің ой-түйінін ықшамдап аңғарататын, жинақтылықтың үлгісін көрсететін көркемдік құрал» дейді.
Жалпы алғанда, қазақ тілі лексикасында айтушының ойын тыңдаушыға анағұрлым нақты әрі әсерлі жеткізетін көркемдеп суреттеу мүмкіндігі мол бұл стилистикалық қолданым ғалымдардың назарын көптеп аударып келгені анық.
Шағын жанрларда сонымен қатар түрлі типтегі фразеологизмдер де қолданылады. Мысалы, бір мәтінде кітаби және ауызекі сөйлеу фразеологиялары кездеседі (жаңа экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, тақырға отырғызып кету), бір элементтің грамматикалық формаларының өзгеруі біреудің қолымен қылмыс жасау (біреу арқылы қылмыс жасау), фразеологизмдерді өзгерту қоғамдық ұйымдардың мұрындық болуы (іске мұрындық болу).
Фразеологиялық тіркестердің экспрессиялығы әркелкі бола береді. Ғалымдар оларды терминдерге жақын келетін тұрақты сөз тіркестер деп атайды да, темір жол, қызыл бұрыш, сырттан оқу, жаңа жыл шыршасы т.б. сөздерді мысалға келтіреді.
Фразеологиялық орамдар жалпы барлық стильде қолданылады, бірақ әрқилы ыңғайда қызмет атақарады. Ғылым және ресми-іс стилінде жалпы әдеби, стильаралық тұрақты тіркестер атау күйінде (номинативті қызметте) жұмсалса, көркем әдебиетте, публицистикада, сөйлеу тілімізде ең алдымен фразеологизмдердің эксперссивті-стилистикалық жағынан аса зор мән беріледі.
Публицистикада фразеологиялық орамдарды қолданудың бірнеше жолы бар. Журналистер фразеологизмдерді сол күйінде алып қана қоймай, белгілі мақсатқа орай оларды өзгертіп қолданады. Фразеологизмдердің семантикасын, құрлысын және экспрессивті-стилистикалық қасиетін жақсартады. Жаңадан мағыналық реңк алып, бөлекше көркемдік қасиетке ие болады.
Алайда шағын мақала, аналитикалық есеп және хроникалық мақала жанрларында «стильдік сипаты, эмоционалды-экспрессивті бояуы тек сол фразеологизмдердің өз мән-мағынасында ғана беріліп, артық бояуы болмайтын, зат пен құбылысты тек атап қана көрсететін бейтарап фразеологизмдер» көптеп кездеседі. Мысалы: үлес қосу, істің ақыры, міндеттеме алу, өндіріс көлемін арттыру, алғыс айту т.б.
Газеттегі репортаж, сұхбат, хат жанрларының тілінде эмоциялық-экспрессивтік мәні жоғары фразеологизмдер қолданылады. Мысалы: жанды мысалдармен әңгімелеу, темір тұлпарды сыйға тарту т.б.
Зерттелініп отырған газеттердегі шағын жанрлар тіліндегі фразеологиялық тіркестердің де құрамдық және мағыналық өзгешеліктері бар. Шағын жанрлар да:
Публицистикалық фразеология ( жаңа бетті ашу, бет қатталып жатқанда, әлемдік деңгейде, мерзім ұзартылды, сұранысымызға орай).
Публицистикалық терминологияға айналып кеткен тіркестер (үкіметтік дағдарыс, жоғары деңгейдегі кездесу, бас қосудың күн тәртібі, экономиканың мұқтаждары, экономикалық кеңістік құру, қосымша өңдеулер т.б.) көптеп қолданылады.
Ғалым Ә.Болғанбаев фразеологизмдерді «фразеологиялық тұтастық (әбден жымдасып кеткен: мұрнынан су кету т.б.), фразеологиялық бірлік (еркін тіркестер ауыс мағынада қолданылған: жатқан жыланның құйрығын басу) және фразеологиялық тізбек (құрамындағы сөздердің мағыналары жойылуға жақындаған: ақ саусақ, қара бет, теке сақал)» деп жіктейді. Ондай тіркестер шағын жанрларда да кездеседі.
Ақыры аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен Ж.Нұғыманов өз еркімен қызметінен кетіп тынды (ЖА., 20.02.1999). Сөйлемдегі «аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен» деген фразеологиялық тіркестің мағыналық ерекшелігі бар: ол Ж.Нұғымановтың бостығын, әрекетсіздігін білдіріп тұр.
Оңтүстік қазақстандық дәрігердің ең басты «бас ауруы» күн өткен сайын өршіп, қарыштап қанат жайған СПИД ауруын ауыздықтау болып отыр (ЖА., 11.02.1999).Үлкен Парламенттегі асығы алшы тұрғандар сияқты «кіші Парламенттегі» айрықша назарға іліккендер «болыс болдым мінекей...» деп әкімдіктің ауылына ат басын бұрды. Сайлау кезінде үйіп-төккен уәдесі орындалып бітпесе де, депутаттық мандатын мансапқа алмастырғандар баршылық (ЖА., 01.02.1999).
Мұндағы «ауруын ауыздықтау» - «ауруға тосқауыл жасау», «асығы алшы тұрғандар» - «әрдайым жолы бола беретін, тіреуіші бар», «ат басын бұрады» - «ауылға келіп тоқтады», «үйіп-төккен уәде» деген тіркес «көп сөзділік» деген мағынаны білдіреді. Академик Р.Сыздықтың «Фразеологизм дүниесі – тілдің байлығын да, образдылығын да танытатын ерекше элементтер» деген түйіні аса лайықты тұжырым екеніне көз жеткізілді.
