- •Дастандар
- •Ертегілер.
- •Жыраулық өнер
- •Ақан сері Қорамсаұлы
- •Біржан сал Қожағұлұлы
- •Жаяу мұса
- •Мұхит Мералыұлы
- •Майра Уәлиқызы
- •Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы
- •22.8.1845, Қазіргі Шығыс Қазақстан обл., Абай ауд., Қарауыл а. – 5.7.1904, сонда) – қазақтың ұлы ақыны, композитор, филос., ағартушы.
- •Кенен әзірбаев
- •Үкілі ыбырай сандыбаев
Мұхит Мералыұлы
МҰХИТ Мералыұлы (1841, Орал губ., Жымпиты уезі, Жақсыбай болысының (қазіргі Қаратөбе ауд., Саралжын а.) Ақбақай елді мекені – 1918, сонда) – халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы. Бауырлары домбыра, скрипкада ойнап, ән салып, өнерге жақын болған. Солардан үлгі алған М. бала кезінен қолына домбыра алып, ән салуға машықтанған. Ағалары ауылға шақырған әнші, жыршы, т.б. өнер иелерімен етене араласып, солардан үлгі алған. Орынбор, Қостанай, Жаманқала (Орск), Қазалы, Тройцк, Ақтөбе, Арал, Атырау аймақтарын аралап, ел ішіндегі той-жиындарда, жәрмеңкелерде, хан базарларда ән салып, „әнші Мұхит”, „сал Мұхит” атанады. Алғашқы кезде өзінен бұрынғы әншілердің шығармаларын ғана орындап жүрсе, кейін өзі де ән шығарған. „Айнамкөз”, „Алуаш”, „Қилым”, „Ақ иіс”, „Үлкен айдай”, „Кіші айдай”, „Зәуреш”, „Дүния”, „Паң көйлек”, „Қыпшақ”, „Дөң асқан”, „Кербез”, т.б. 40-қа жуық әннің авторы. Оның 28-і нотаға түскен. М. жолын оның балалары: Шоң (шын аты – Мұхамбетжан, мұрны үлкен болған соң Шоң атанып кеткен), Нәу, немерелері: Шайхы, Лұқбан, Ғұбайдұлла жалғастырған. М. әндерінің бірқатары Лұқбаннан жазылып алынды. Әншінің әндерін елге таратушылардың ішінде көп еңбегі сіңген – Т.Ибрагимова, Ғ.Құрманғалиев, Н.Абилева, т.б. М. әндері жеке жинақ болып басылып, оның шығармашылығы туралы зерттеулер де жазылды. М-тың „Алуаш” әнін Е.Г.Брусиловский „Жалбыр”; „Үлкен Оразын” „Қыз Жібек”; „Дүние-ай” әнін „Ер Тарғын” операларында пайдаланды.
М-тың Ақбақай қорымындағы зиратын 1958 ж. акад.. Қажым Жұмалиев тауып, белгі қойған. Кең тыныстылықты, асқақ та шырқау үнді талап ететін М. әншілік дәстүрі негізінде әншілердің Батыс Қазақстан өңіріне тән ерекше бағыты – „Мұхит мектебі” қалыптасқан.
Батыстың кәсіби әндері туралы айтатын болсақ, бұл әндер қара өлең формасына өте жақын. XIX ғасырдың аяғында-ақ қара өлең кәсіби әннің ішінде дами бастады. Батыстың кәсіби ән мектебі өз ішінде Мұхит әндері және Маңғыстау әндері болып екі салаға бөлінеді. Бұл екі салада да формасы жағынан нағыз кәсіби әндерге сай келетін әндер өте аз. Нағыз кәсіби әндердің құрылысы күрделі, әр тармақта жаңа әуен беріледі. Батыстың көп кәсіби әндері бұл формаға сай келмегенімен, орындаушылығы жағынан үлкен диапазонды, шеберлікті, бір сөзбен айтқанда кәсіби орындаушылықты қажет етеді. Жалпы осы мектептердің қай-қайсысын да бірінен-бірін ажыратуға болады. Ол, ең әуелі аспап сүйемелінің ерекшелігінен аңғарылады. Кәсіби әнді орындаушы домбырамен сүйемелдеген кезде әннің басында немесе ортасында, шумақ арасында міндетті түрде күрделі құлақкүй (проигрыш) ойнайды. Батыста - ән жоғарғы регистрден басталып, аспап төкпе қағысымен сүйемелденеді.
Мұхит әндерінің көпшілігі қара өлең формасында десе болады. Оның күрделі, үлкен әндері өмірінің соңына қарай шыққан. Мұхит әндері басқа композиторлардың әндеріндей үлкен қайырма қажет етпейді. Мұхит әндерінде қайырма тек қана „дем” алу үшін ғана берілген сияқты. Себебі Мұхит айтатынын - әуендік жағынан да, диапазон жағынан да, речитация ретінде шумағында айтады. Сонымен Мұхит айтатын сөзін шумақта айтып, қайырмаға еш нәрсе қалмай қалады. Болмаса тек шумақтың соңғы жолын қайталау қалады. Жыр елімен тығыз байланысты болғандықтан Мұхит әндерінде речитация көп кездеседі. Мұхит әндерін қара өлеңге жатқызатынымыздың тағы бір себебі – ол қайырманың шағын болуы, ал мұндай шағын қайырма әрине тек қана қара өлеңге тән нәрсе.
Ал енді форма жағынан келетін болсақ, біз Мұхит әндерін екі топқа бөле аламыз: бірінші топқа - әуені бір-екі тармақта беріліп, үшінші, төртінші тармақта қайталанатын жартышумақ формасы, және „соль” тірегіне келіп сүйенетін, ал екінші топқа әр тармақта жаңа әуен берілетін күрделі форманы жатқызамыз. Ол – диапазоны кең, бірден жоғарғы нотадан басталатын әндер, және бұл әндерде әуен бірінші жолда ғана беріліп, одан кейінгі жолдарда әуеннен кішкене „ашытқы” алынып одан әрі дами түседі. Яғни, әр жол сайын әуен өзгеріп отырады. Алдыңғы топтағы әндерден бұл әндердің айырмашылығы – бұлар „ля” тірегіне келіп сүйенеді.
Мұхит әндерінің көпшілігі күймен, жыр-термелермен байланысты. Мұхит әндерінің бірден-бір қолтаңбасы, бір тармақ - бірнеше әуен жолдарға бөлініп, олардың әр қайсысы одағай сөздермен сүйемелденеді. Және шумақтың соңғы бунағының алдында міндетті түрде одағай сөз қосылады. Екінші формадағы тағы бір ерекшелік – бірінші, екінші тармақта әуендер кеңдеу беріліп, үшінші төртінші тармақтмақтар жылдам речитация түрінде айтылып, әуеннің уақыты ықшамдалады.
