Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
КМЛ дастур.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
85.36 Кб
Скачать

Жаяу мұса

ЖАЯУ МҰСА Байжанұлы (1835, қазіргі Павлодар обл., Баянауыл ауд., Жасыбай к-нің маңы – 31.7.1929, Павлодар обл., Баянауыл ауд., Ақшоқы а.) – әнші, ақын, халық композиторы. Әкесі Байжан мен анасы Нақыш ерте дүние салған соң, Ж. М. ағасы Тайжанның қолында тәрбиеленген. Ол жастайынан ауылға келіп-кетіп жүрген әнші-күйшілердің өнерімен, орындаушылықтың әр түрімен танысады. Өзі де ән салып, домбыра тартады. 1851 ж. Қызылжарға келіп, орыс тілін, жазу-сызуды үйренген. Ол домбыра, қобыз тартумен қатар, скрипка, сырнай ойнауды да меңгереді. Қаладағы оркестрлердің, әншілердің орындауындағы концерттерді жиі тыңдай жүріп, өзінің муз.-эстетикалық талғамын қалыптастырған. Ж. М-ның Ш.Уәлихановпен бірге жүруі, Ы.Алтынсариннің өлеңіне („Кел, балалар, оқылық”) ән шығаруы, өлеңмен күнделік жазуы, Абайға өлең арнауы, Л.Н.Толстой кейіпкерінің атын баласына қоюы – оның заман легін терең сезінгенін байқатады. Ол 1854 ж. Омбы қ-ндағы орыс мектебінде оқыды. Осындағы кітапханадағы Петербург, Мәскеу, қазан, Орынбор, Ақмола, т.б. қ-ларла шығатын газет-журналдармен, кітаптармен танысады. Оның тырнақалды туындысы „Қыздар-ай” Омбыда дүниеге келді. Ол Омбыдан еліне оралған соң, әкімдердің, би-болыстардың парақорлығын әшкерелеп, әсіресе, Баянауылдың аға сұлтаны Мұса Шорманов пен Мұстафаның зорлық-зомбылығын айтып, Омбы ген.-губернаторына шағым жазады. Сол үшін ағайынды Шормановтар оның астындағы атын тартып алып, „жаяу” атандырады. Осы тұста оның атақты „Ақсиса” әні өміәрге келді. Шормановтар оған әртүрлі жала жауып, 1860 ж. оны Тобылға 12 жылға жер аударады. „Сүйіндік”, „Тұтқын зары” әндері осы кезде туған. Тұтқында 2 жыл болғаннан кейін, өзі сұранып, әскерге кетеді. Оны Лит вада Орта Азия жорығына дайындалып жатқан ген. М.Г.Черняевтің отрядына жіберді. 1863–65 ж. Ж. М. осы отрядтың жүк батальюны құрамында Шымкент, Әулиеата (Тараз), Верный (Алматы) жорығына қатысады. Ген. Черняевтің халыққа көрсеткен қорлығына наразы болған ол туған еліне байта оралады. Жергілікті халықтың ауыр тұрмысын көрген ол, сол жағдайды түсіндіру үшін Петербурге аттанады, алайда, ол жақтан қолдау таппаған Ж. М. Латвияда, Польшада болып, Қазанға тұрақтайды. Оның әншілік, композиторлық шығармашылығы халық музыкасымен тығыз байланыста дамыды. Сол кезеңде өмір сүрген Тоқсанбай, Жана, Түбек, Көтеш, Жанабай сынды ақын-жыршылардың дәстүрлерін үлгі тұтты. Ж. М-ның әлеуметтік теңсіздікті әшкерелейтін „Ақсиса”, „Хаулау”, „Шормановқа”, „Толғау”, „Бұзау зары”, „Тұтқын зары”, „Сүйіндік”; туған жер табиғатын суреттейтін „Баянауыл”, „Жаздың күні”, „Жазда”, „Ұлытау”, „Сарын”; аңшылық-саятшылық туралы „Тұрымтай”, „Қаршыға”, „Көгершін”; ғашықтық тақырыпта „Сұрша қыз”, „Шолпан”, „Сәулем қыздар”, „Гауһар қыз”, „Ләйлім”, „Келдім, Сапар, басыңа”, т.б. әндері бар. ООл сонымен қатар лирикалық сипаттағы „Қыз күйі”, „Қызбала күйі”, „Қызқарқыра”, „Қамшылау” секілді күйлердің авторы. Ол өлең де жазған, сондай-ақ, „Шал мен торғай”, „Бөдене мен қаншыр” атты мысалдардың да авторы. Оның қолжазбалары Қазан, С.-Петербург, Омбы мұрағаттарынан табылды. Ж. М. ән-күйлерін алғаш нотаға түсіріп жазып алғандар – А.В.Затаевич, А.Жұбанов, Б.Г.Ерзакович, М.Лалинов; әндерін айтып берушілер – Қ.Бабақов, Қ.Байжанов, Ә.Қашаубаев, Қ.Лекеров, Ж.Елебеков, және Ж. М-ның баласы С.Мусин. Оның музыкалық мұрасы опера („Қыз Жібек”, „Ер Тарғын”, „Біржан-Сара”, „Бекет”) симфония, эстрада жанрларында пайдаланылды, әндері қазіргі әншілердің (Е.Серкебаев, Қ.Байбосынов, т.с.с.) репетуарында кең орын алған. Әнші бейнесі көркем шығармаларда (З.Ақышевтің „Жаяу Мұса” романы, т.б.) сомдалды. Әдеб.: Қ о с п а қ о в З., Әнші тағдыры, А., 1971; его же, Жаяу Муса Байжанов, М., 1977.

Атақты „Ақ сиса” әнінде бұл формула тіпті шектен тыс, еріксіз көңіл аудартатындай түрде пайдаланған. Әрине ол кезде композитор әннің басында жоғарғы тоникаға тұрақтау тәсілі болашақта „АМФ” деп аталатынын білмегенімен, әннің басын биік дауыспен бастаса ғана халыққа сөзін ұқтырып, әнін тыңдата алатынын анық білген. Әсте өзінің де мінезіне жат емес, біреудің мінін мінеп, айыбын ашуға өте ыңғайлы, европадан алып келген бір келкі ырғақ пен речитациялық тәсіл барлық әндерінде де өзара үйлесім тапқан. „Ақ сиса” әнінің текстіне және жоғарғы нотадан басталуына қарағанда - ән өте қатты ызадан, және ызғарлы ашудың себебінен шыққанын айқын аңғаруға болады.

Жаяу Мұсаның тағы бір жігерлі әндерінің бірі ”Хаулау” әні. Мұнда да АМФ оңай, әрі қарапайым түрінде берілген. Әннің ішінде үлкен интервалдарға дауыспен секіру – жігерлілік пен жалынды жыстықты сүреттейді. Бұл Жаяу Мұсадан гөрі Біржанның мінезін қатты елестетеді. Композитор М.Төлебаевтың „Біржан Сара” операсында айтыс сахнасында бұл әнді Біржанға беруі де сол себепті болар. ”Хаулау” – нағыз кәсіби композитор шығармашылығының шарықтау шегін көрсететін асқақ ән.

Жаяу Мұсаның „Көгаршын”, „Сұрша қыз” деген кейінгі әндерінде композитордың творчестволық өсуі байқалады. Мұнда да біркелкі ырғақ пен речитация барынша орын алғанымен, уақыттың үнемді пайдалануы мен әр дыбыстың нақтылығы - әндерді, кәсіби өнердегі шоқтығы биік шығармалардың қатарына апарып қосады. „Көгаршындағы” бір ладтан екінші ладқа ауытқуы, әннің тұрақсыз дыбыстан басталуы – орындаушының үлкен шеберлігін қажет етеді. Ал „Сұрша қыз” сияқты қайырма мен шумағы екі түрлі ырғақта айтылатын әнді бүкіл қазақ әндерінің ішінде кездестіру қиын. Жетісу өңірінің шоқтығы биік әндерінің бірі Сауытбектің „Ақ бөпесімен” ғана салыстырмалы түрде ұқсатуға болады.

Жалпы Жаяу Мұса шығармашылығында негізгі мәселе лад төңірегінде, оны дамыту мен тереңдетуде шиеленіседі. Мұсаның әндері ладтық, ырғақтық өзгешеліктерімен ерекшеленеді. А.Жұбановша айтқанда „Қазақ халқы күресінің гимні” болған Жаяу Мұсаның „Ақ сиса” әні сол кездегі қазақ халқының таптық санасын оятуға біраз әсерін тигізді. Оның жасы ұлғайған кезде шығарған „Гауһар қыз”,”Сапар”, „Шормановқа”, „Шолпан” деген әндері әншілік өнерде жоғары бағаланып, осы кезде де орындаушылардың репертуарларында үнемі алғашқы орында тұрады.