- •Дастандар
- •Ертегілер.
- •Жыраулық өнер
- •Ақан сері Қорамсаұлы
- •Біржан сал Қожағұлұлы
- •Жаяу мұса
- •Мұхит Мералыұлы
- •Майра Уәлиқызы
- •Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы
- •22.8.1845, Қазіргі Шығыс Қазақстан обл., Абай ауд., Қарауыл а. – 5.7.1904, сонда) – қазақтың ұлы ақыны, композитор, филос., ағартушы.
- •Кенен әзірбаев
- •Үкілі ыбырай сандыбаев
Біржан сал Қожағұлұлы
БІРЖАН САЛ Қожағұлұлы (1831/34, бұрынғы Көкшетау обл., Еңбекшілдер ауд-на қарасты Қожағұл а. – 1894/97, сонда) – халық композиторы, әнші, ақын. Оның өз әкесі Тұрлыбай болғанымен, атасы Қожағұлдың баласы саналып, үлкен шаңырақта өскен. Б. с. ауыл аралап ән салып, өнер қуған, бертін келе өз жанынан да ән шығара бастайды. Ол қазақтың әншілік, орындаушылық өнерін дамытып, халық музыкасын өз шығармашылығымен биік белеске көтерген композитор. Оның алғашқы әндерінің бірі – „Біржан сал” әні. „Айтбай”, „Ақтентек”, „Алтын балдақ”, „Бірлән”, „Ғашығым” сияқты әндер Б. с. шығармашылығындағы сыршыл әндер. Оның ән шығармашылығында сұлу қыз, жел жетпес жүйрік, тайпалаған жорға елеулі орын алады. Ол нәзік сезімді, әсершіл әдемі көңіл күйді, сұлулық атаулыны жырлаған лирик композитор. Б. сонымен қатар өзі өмір сүрген ортаның етектен тартқан ескілігіне, қарадүрсін заң-жосығына, зорлықшыл ісіне, әлеуметтік әділетсіздігіне әндерімен, уытты жырларымен қарсы тұрған суреткер. Оның „Жанбота”, „Адасқақ”, „Жамбыс сипар”, „Теміртас”, „Қарасу есік алды” деген әндері заманның әділетсіздігі, зорлық-зомбылығына деген ақынның наразылығын көрсетеді.
Б.с. әншілік дәстүрмен ел аралап жүріп Абайдың ауылына да барғаны белгілі. Біржан осы елде айлап жатып, Абайдың, және оның айналасындағы ортаның сынын естиді. Бұл сапар әншінің шығармашылық жолына жаңа серпін әкеледі.
Б. с. әнші-композиторлығымен қатар, суырып салма ақын да болған. Оның ақын Сарамен айтысы қазақтың осы жанрдағы озық үлгілерінің бірі.
Б. с. әншілік, ақындық, орындаушылық өнерде де өз бояуымен, өз әуенімен жеке дара өнерпаз болғандықтан, оның айналасына халықтың таңдаулы ақын-әншілері, өнерпаздары топталып, ақынды ұстаз тұтқан. Бұлардың бір тобы Б. с-дың ақындық, әншілік, композиторлық өнерін өздерінің шығармашылығы арқылы дамытса (Жаяу Мұса, Ақан сері, Қанапия, Балуан шолақ, Үкілі Ыбырай, т.б.), енді бірқатары оның ән шығармашылығын, орындаушылық өнерін халық арасына кеңінен таратушы, насихаттаушы (Құлтума, Жарылғапберді, Ғазиз, т.б.) болды. Оның ақындық өнерін кейін Сара, Әсет, Доскей сияқты ақындар жалғастырды. Б. с-дың ізін қуған осындай өнер адамдары арқылы бізге әншінің 40-тан аса әні жетті. Қ.Байжанов, Ғ.Айтбаев, Ә.Қашаубаев, Қ.Бабақов, Қ.Лекеров, Ж.Елебеков, М.Ержанов, М.Шалқаров, Е.Беркімбаев, Р.Елебаев, т.б. әншілер Б. с-дың өз өнерін, оның әншілік, орындаушылық ерекшелігін бүгінгі ұрпаққа жеткізді.
Б. с. өмірінің соңғы кезеңі трагедиялық жағдайда өтті. Ел ішіндегі кикілжің, ұсақ-түйек талас-тартыстың салдары Б. с-ға да соқпай кеткен жоқ. Б. с-ды „жынданды” деп ел арасына жалған лақап таратып, қол-аяғын байлап, жан азабын тартқызды.
Кейіннен әдебиетшілер мен музыкатанушылар Б. с-дың жырларын, әндерін жинап, бірнеше рет жинақ етіп бастырды. Оның әдеби және музыкалық шығармашылығы туралы бірнеше зерттеу еңбектері жазылды. Біржан мен Сараның айтысы негізінде композитор М.Төлебаев қазақ опера өнерінің классикалық туындысы болған „Біржан–Сара” операсын (либреттосы Қ.Жұмалиевтікі) жазды. Ал А.Жұбанов „Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы” (А., 1942) атты кітабының бір тарауын Б. с-ға арнады.
Ш ы ғ.: Қисса-и Біржан менен ақын Сара айтысқаны, Қазан, 1899; Әндері, А., 1959; Ләйлім шырақ. Әндер, А., 1963; Жұбанов А., Замана бұлбұлдары, А., 1975.
Қазақтың дәстүрлі әншілік өнері жайында әңгіме болғанда Біржан салдың аты алғашқылардың қатарында аталады. Біржан осы күндегі Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы, Ермол деген жерде 1831 жылы дүниеге келген. Ол жерді бұрын «Қожағұл ауылы» дейді екен. Заманында «үш жүзге» аты мәлім болған Біржаннің әрбір әнінің шығу тарихы бар. Өмірін сал-серілік құрып өткізген Біржанның бірнеше әндері қыздардға арналған. Сондай әндердің бірі «Ләйлім шырақ».
Біржанның өмірі мен шығармашылығы жөнінде академик Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты монографиясында толыққанды жазады. Біз оқырманға «Ләйлім шырақ» әнінің шығу тарихын, Жұбановтың жазған нұсқасы бойынша келтіргенді жөн көріп отырмыз.
…Біржан ел аралап жүріп, Арықбалық жақтан қайтып келе жатып ағайынды Көлбай, Жанбай дегендердің ауылына келеді. Көлбай мен Жанбай екеуі де жас жағынан Біржанмен жас шамалас, Біржанмен қонысы қатар, еш қандай өнерлері жоқ, малды-жанды адамдар болады. Өздерінің менмендігімен, паңдығымен аттары шыққан, анау-мынау кісіні менсінбейтін де мінездері бар еді. Біржанның атын естіп, оның халық алдында аса беделді екенін біледі. Өнердің қадірін тереңдеп біле қоймайтын Көлбай, Жанбай, Біржанның халық алдындағы беделінің түбінің неде екенін нақ басып біле алмайтын. Бір күні Біржанның осы ауылға қарай келе жатқанын көріп, бұрыннан таныс болса да танымаған болып, үйлеріне еніп кетеді. Мұның бәрін байқап қалған әнші, іркілместен өзінше қыр көрсетіп, ауыл шетіндегі қораштау бір үйге келіп түседі. Қонақтың атақты Біржан сал екенін білген үй иесі барынша күтіп, әншінің асты-үстіне түсіп, бәйек болады. Тамақ ішкеннен кейін Біржан әдетінше домбырасын алып, ән салады. Ауыл адамдары жиналып, қошеметтеп, түннің бір ортасына дейін Біржанның әсем әндерін тыңдап рақаттанады. Көлбай, Жанбай екеуі бірдей ән тыңдауға келмейді, өздерінше қыр көрсетеді. Әншінің даусын естіп отыра алмай тұра жүгірген қарындасы Ләйлімді де, барғысы келген келіншектерін де жібермейді. Киіз үйдің ішінде дыбыс естілмей тұра ма, мұның бәрін де ауылдың бір қу жігітінің құлағы шалып қалып, ол ән арасының тынысында Біржанға естіртіп, қасындағыларға асырып-түсіріп айтады. Байсалды әнші бәрін де көңіліне түйіп, ешнәрсе білмегендей отыра береді. Ертеңіне шәйдан кейін, құдық басын жағалап кеткен, атын алып келуге Біржанның жолдасы кетеді. Бірақ әншінің атының аяғында шідері жоқ болып шығады. Оны естіген Біржан құдық жаққа қарап тұрып, әсем басып су алып келе жатқан Ләйлімді көреді. Қыздың кінәсі жоғын білсе де, оның ағаларынан кешегі жақтырмаған кейіптері үшін, ән тыңдауға қарындасы мен келіншектерін жібермегендері үшін кек алудың жолын ойлап, Ләйлімнің алдынан шығып, «Шідер көрмедіңіз бе?» деп сұрап, әңгімеге айналдырып тұрады. Бұл көріністі көріп қалған Көлбай мен Жанбай құдық басында жұмыстары бардайқарындасына қарай жүреді. Ағаларының сөзді анық еститін жерге келуін күткен әнші табанда Ләйлімге қарап, суырылып әндетеді:
Ләйлім шырақ!
Мен де өзіңдей жас едім, жаңа талап.
Біреуге Ташкент барған алдырып ем,
Қызыл жібек қырмызы пұт бес қадақ, -
деп қоя береді. Ойда жоқта мұндай ілтипатқа ұшырағанына таң қалған Ләйлім, «бұл сал маған не айтқалы келеді» дегендей ойға қалып, аңырап тұрған орнында қозғалмай қалады. Біржан болса одан сайын екіленіп:
Өзіме Бер шідерімді тауып алсаң,
Елу теңге берер ем сүйінші алсаң.
Жерде шіріп қалса да көзім көріп,
Қыршын жасым қиылсын бітім алсам, -
Деп, аяғын қатайта, түсін суыта тағы тілін безеп, жақындап дабырға келіп қалған екі ағасына көзін тігіп:
Ләйлім шырақ – асыл тасым!
Көлбай,Жанбай бірге өстік замандасым!
Келген жоқ көктен пері, жерден шайтан,
Шідерімді ұрлаған қарындасым, -
деп Ләйлімді әбден састырады. Ләйлім: «Бір қайыс үшін жұрттың бәрін ұры қылдыңыз ғой!» - дейді. Біржан болса тағы да екіленіп, істің жайына енді түсініп келе жатқан Көлбай, Жанбайға, Ләйлімге кезек қарап, шідерін мақтай:
Ләйлім шырақ!
Таудан аққан сылдырап мен бір бұлақ,
Қайыс болсын, жіп болсын неге керек,
Шідерімнің бағасы қырық қысырақ,-
деп, олармен құнына келіспей тұрғандай, басып айта береді. Әншінің, ертеңгі уақыттағы ауылды басына көтерген дауысына жиналған жұрт, бірте-бірте көбейіп, бұлардың қасына келіп қалғанын көріп, «мына сал тағы бірдемені былықтырар» деген қауыппен Көлбай, Жанбай Ләйлімді ымдап үйге қарай бұрады. «Не болды?» деп шулаған адамдарға «Біздің Ләйлімжанға шығарып тұрған әні ғой!» деп істің шын сырын ашқылары келмей соңдарынан ерген жұртты жекіріп кейін ысырып тастайды.
Көлбай, Жанбай ақбоз үйінің төріне қалың кілем, жібек көрпе төселіп, самауыр бұрқылдап, қымыз құйылып, әп-сәтте өзгеріс бола қалады. Жүрген жерінде бізді жамандап жүрер деп, Біржанды қонақ етіп, сыйлап, бірнеше күн қондырып, ән салдырып, риза етіп жөнелтеді. Кетер кезде, жазықсыз біраз ұялтқаны үшін, Біржан Ләйлімге қарап, кешірім сұрағандай, шідерді қоспай, «Ләйлім шырақ» әнін айтып, оны қызға арнағанын, қайда болса да айта жүргенде әр кезде Ләйлімнің сүреті көз алдында болатынын сездіреді. Бұдан артық ешнәрсе айта алмай, үстеріне ағалары кіріп келіп, әңгімені басқа жаққа бұра салады. «Ләйлім шырақ» әнінің бұлай бейбіт кейіпке көшіп, аяғы «қайырлы» кездесу болып біткеніне қыздың ағалары да қуанып қалады. Осылай Біржан әндерінің ішіндегі бір белдісі – «Ләйлім шырақ» әні дүниеге келеді. Ән ауыздан-ауызға тарап көпшілікке белгілі болды. Бұл әнді осы күнге жеткізген әнші Жүсіпбек Елебеков болатын. Ал қазіргі кездегі шебер орындаушылардың ішінен Ербол Саринды, Толғанбай Сембаевты, Еркін Шүкімановтарды ерекше атауға болады.
Біржанның тағы бір кең тараған әндерінің бірі „Айтпай”. Айтпай – қыздың аты, бірақ бұл әнді махаббат лирикасына жатқызу қиын. Мұнда қызға деген ғашықтықтан ғөрі, өмірге, табиғатқа деген ынта-сезім артықтау. Әуен төменгі екінші басқыштан жоғары қарай өрлейтін кварталық секірістен басталады. Бұл әуен жоғарғы тоникаға барып тіреледі. Шумақтағы бар күш жігер жоғарғы регистрдегі екінші сатыны айқындауға жұмсалады. Бұл саты үш рет нақты көрсетілгеннен кейін әуен төменгі тоникаға келіп тұрақтайды. Әннің қайырмасы жоғарғы регистрден басталып, төрт тармақта сатылап төмендеп, төменгі тоникаға келіп тіреледі. Шумақтағы әуеннің негіздері қайырмада вариация түрінде қайталанады. Әндегі биік регистрдің көп пайдалануы - әнге кеңдік, еркіндік мінез береді. Мұнда ақындық қаратпа - екі есе көрсетілген. Композитор М.Төлебаев бұл әнді өзінің „Біржан - Сара” операсында Біржанның негізгі ариясы ретінде қолданған. Бұл арияға Көкше жерін, Қоянды жәрменкесін мадақтайтын арнайы сөздер жазылған. Әннің жаңа сөздері әуенімен өте сәтті үйлесіп кетті. Операның премъерасынан кейін ән жаңа сөздерімен орындалатын болды.
Біржанның „Жонып алды” деген әнін қазақтың кәсіби өнерінің манифесті деуге болады. Әннің үш шумағында кәсібилікті білдіретін барлық мәселелер қозғалған. Әннің өзінің аты айтып тұрғандай – ол композитор шығармашылығының жетілген шағында „жонылып”, әбден ой елегінен өтіп, пісіп, жетілген кезеңінде шығарылған. Бұл әндегі негізгі ой - ән өнерін биіктету, асқақтату, өнердегі биіктігін көрсету. Ән әуені бесінші сатыдан жоғарғы тоникаға қарай өрлейтін Біржанға тән жылдам аяңдаумен басталады. Композитордың шеберлігі - әндегі бір тармақтың ішінде бүкіл регистрді көрсете білуімен де білінеді. Шумақ формасы - сұрақ-жауап тәрізді үлгіге құралған қайталанған жартышумақтан тұрады. Алексикалық сөздерден құралған, бес толқудан тұратын қайырмасында да ән диапазоны барынша көрсетілген.
Басқа да кәсіби композиторлардың шығармашылығында сияқты, Біржанда да өзін таныстыратын „автопортрет” ән бар. Ол – „Біржан сал” деп аталады. Барлық автопортрет-әндерде жанрдың шығуынан хабар беретін, бірдей музыкалық тәсілдер қолданады. Бұл әндер ақындар айтысында ақындардың өздерін таныстыру дәстүрімен де өте жақын. Мұндай әндерде „қаратпа сөз”, АМФ тәсілдері барынша кеңінен қолданылуы тиіс. Бірақ Біржан керісінше басқа әндердің бәрінде АМФ-тың әр бір түрлерін қолданса, мұнда байыппен тоникалық үштіктің дыбыстарымен бастайды. Бірінші, екінші тармақтарында бір әуен қайталанып үшінші жолында ғана әуен кеңейтіліп жоғарғы тоникаға жетеді. Төртінші тармақ , әлбетте, аяқтаушы міндетін атқарады.
Біржанның тағы бір қызықты әндерінің бірі „Жайма шуақ” немесе кейде он „Жалғыз арша” дейді. Белгісіз себептермен бұл ән көптеген ән және өлең жинақтарына енбей қалған. Бірақ бұл әннің Біржандікі екенін оның сөздерінен айырып білу қиын емес.
Қозыбайдың үйінде мәжіліс боп
Әні екен Біржан салған „Жайма шуақ” –
деп Біржан әннің бірінші шумағында-ақ әннің қай кезде және кім шығарғанын айтып кетеді. Ән әуені бесінші сатыдан басталып жоғарғы тоникаға қарай өрлейді. Шумақ формасы – қайталанған жартышумақ. Әннің басы ақындық мелодикалық формуладан басталады. Бірінші жартышумақтың соңы бесінші сатыда аяқталады. Екінші жартышумақ та АМФ-тан басталады. Оның тоғызыншы тактысында АМФ жоғарғы тоникада тұрақтап қалып қалады. Әуеннің аяқталуы - ән диапазонының барлығын көрсететін төменгі тоникаға келіп тұрақтайды. Қайырмасында АМФ-тың тағы бір түрі кездеседі – ол жетінші сатыдан басталады. Бұл ақындық бастаманы тағы да дәлелдеу үшін пайдаланған тәсіл. Қайырмада лирикалық әуен жол да кездеседі.
Қазіргі кезде Біржанның 30-ға жақын әні белгілі. Олардың көбісі Қали Байжанов, Ғаббас Айтбаев, Қосымжан Бабақов, Әмре Қашаубаев, Темірболат Арғынбаев, Игібай Әлібаев сияқты қазақтың белгілі кәсіби әншілерінен жазылып алынған.
Әр түрлі орындаушылардан жазылып алынған әндердің ішінде Біржанның „қара өлең” тектес әндері де аз емес, олар көбінесе махаббат тақырыбындағы немесе өмір туралы философиялық ойдан туған әндер. Бірақ дәстүрлі тақырыптар Біржан шығармашылығында жаңаша үлгіде көрсетілген. Махаббат тақырыбы - жылқы атымен аталған әндердің ішінде де кездеседі, мысалы – „Телқоңыр”, „Ақсеркеш”, „Керкекіл”, „Бурылтай”, „Алқаракөк”. Біржанның жылқы атымен аталатын әндерінің сөздерінде олардың басқа адамдардың шығармашылығында қайталануы мүмкін еместігін, және бұл әннің ерекше екендігін аңғаруға болады. Оны композитор былай деп баяндайды: „Салсайшы өзіңдей ғып „Телқоңырға”, „Салып қал „Ақсеркешке....”. Біржан шығармашылығының тағы бір ерекшелігі - ән тексттерінде, сол әнді өзі шығарғаны туралы нақты айтуы, яғни әрбір әніне „мөр” басады.
Біржанның ең бір елге кең тарап кеткен әндерінің бірі „Жанбота” мен „Адасқақ” деп айтуға болады. Елдің айтуынша бұл әндер бір кезеңде импровизация түрінде шығарылған. Бұл әндер екі бөлімді цикл құрайды, және олардың композициялық құрылысы да өте қызықты. Бір біріне қарама-қайшы, контрастты әуендерден құралған әндер - әрі бірін-бірі толықтырып отырады. Олардың жақындығы мен ұқсастығын - орындаушылардың бұл екі әннің сөздерін ауыстырып айта беретіндігінен де білуге болады.
„Жанбота” өте ашулы ызамен шығарылған арнау ән. Оның басы өте биік нотадан басталады (2-ші жоғарғы басқыш) – „Жанбота, осы ма еді өлген жерім?” деген ызалы айқай. Бұл тармақтың мелодикасы өте тез жылдамдықпен децима ауқымын қамтып, аяғы 5-ші басқышқа келіп тіреледі. ”Көкшетау боқтығына көмген жерің” деген екінші тармақтың әуені – алғашқысынан төменірек, жоғарғы тоникадан басталып, дәл сол бірінші тармақтағы амплитуданы қайталайды. Үшінші, төртінші тармақтағы сұрақ - әуенде жоғарыға секста секірісімен көрсетіледі. Бұл сұрақ жауапты қажет етпейтін болғандықтан ән әуені төменгі тоникаға, аяқталған каденцияға келіп тіреледі. Бірақ шумақтың соңғы бір бунағы қалып қойғандықтан, ән әуені осымен аяқталуы мүмкін емес. ”Көргендерің-ай?” деген соңғы бунақ - әндегі негізгі сұрақ болып есептеледі, себебі ол тек Жанботаға емес, бүкіл халыққа арналады. Әуен бірден төменгі тоникадан жоғарғы тоникаға өрлейді. Сұрақтың өзі де жауабын қамтып тұрған соң, әуендегі интонация да тұрақтылықпен аяқталады. Ән қайырмасы – ішкі шердің ақтарылуы. Өксік, жылау – мұнда бір әуен жолдың бірнеше рет қайталануымен беріледі. Қайырмасының ортасында „Сабап кетті” деген аянышты айқайдан кейін қайтадан жылау мотивтері қайталанады.
Төртінші саты - әннің мінезі. „Адасқақ” әнінде автор байсалды баяндаушы кейіпіне түседі. Бір дыбыстың қайта-қайта қайталануы - әннің ішінде әуенсіз әңгіме жүріп жатқандай болып естіледі. Тек әр жартышумақтың соңында ғана алексикалық сөздерден құралған әуен жол - әннің ән екенін және қайырмасында үлкен мелодикалық әуеннің болатынын білдіртіп тұрады. Қайырма 7-ші және 1-ші басқыштарды әуендетумен басталады. Кульминациялық «Ахау!» деген айқайдан кейін әуен төменгі тоникаға қайтып келіп аяқталады.
Біржан шығармашылығындағы тағы бір циклды әндер – „Ләйлім шырақ”, „Шідер”, „Құлбай-Жанбай” - Біржанның ағайынды Құлбай мен Жанбайдың ауылына келуімен байланысты. Бұл үш әннің ішінде де ортақ музыкалық материал қолданады.
„Ләйлім шырақ” әні басқа екеуіне қарағанда көп орындалып кең тараған. Ол жоғарғы регистрде тоникаға өрлейтін үш дыбысты фанфармен басталады. Бұл үш дыбыс бүкіл шумақтың негізін құрайды. Бірінші тармақта берілген әуен жол, қалған үшеуінде де дәл сол қалпында қайталанады.Тек кульминациялық үшінші жолда ғана кеңірек ашылады. Бұл әуен әннің қайырмасында да қайталанады, бірақ ән жоғарғы регистрде аяқталуы мүмкін емес, сондықтан бұл әуенді төменгі тоникада тұрақтайтын аяқтауыш әуен бекітеді. Шумақтың әуенінде шідерді сылтау қылып, қыздың ағаларына қыр көрсетіп тұрған Біржанның сұстылығы сезілсе, әннің ең соңындағы жұмсақ әуен - әннің негізгі ойын – Ләйлімге деген сүйіспеншілігін білдіреді. Біржан
Ел үстінде жүріп қалған әншіге, үйде шөгіп қалу ауыр тиеді. Оның үстіне жас та алпысты иектеп қалады. Әпіштен туған Теміртас, Қалкен деген ұлдары, Асыл, Ахық деген қыздары есейеді. Біржан балаларының қызығын қызықтап үйде отырғанымен оған әрбір үйішінің қимылы көрініп, саналып, бірде қуантса, бірде ренжітеді. Үлкен жүрек, ондай от басы- ошақ қасының күңкілін көтере алмайды, толқиды, қобалжиды. Әрбір жанының қозғалысын дыбыс арқылы, ән арқылы сыртқа шығаратын адам, бұл жағдайды да таңбалап кетеді. Дарқан жастық шағын еске Альп, қарттықтың қайсы бір көңілсіз жәйларын көрсете ән шырқайды. Үшіна орамалдың түйдім сусар,
Көп жылқы көк алалы көлде жусар,
Кешегі ел қыдырған есер шахта,
Ән еді Біржан салған „Жамбас сипар”-
деп, өткен сонау қызықты, қызғылықты дәуренді көз алдына келтіреді. Бірақ өзінің осы кездегі жайына оралып, оның қайтып келмес дәурен екенін баяндай:
Қанекей соныменен шыққан мүйіз,
Қасына сұлулардың көп жантайдық,-
Дегенге біз қартайдық, біз қартайдық,
Белгісі қартайғанның сертен тайдық.
деген сияқты өзіне- өзі қалжың айтқандай, көңілін көтергендей жайларға барады. Бірақ:
Бергенсін Құдай өмір ақбас болдық,
Келін мен балаға да жақпас болдық,
Көргенсін көзі кұрғыр шыдай алмай,
Таппайтын адам ебін саппас болдық,-
деп қартықтың кейбір қайғылы суреттерін кедтіреді. Әрине, кезінде ойына алғанның бәрінде орындап әдет алған Біржанға, қолына қарап отырған келін баланың өлшеулі, біздіңше айтқанда”режимді” ұстауы әншінің жанына жақпайды. Сондықтан ол кей кездерде үйде отырудан іші пысып кетіп, ауылдан ұзап жаяу кетіп қалып жүреді. Қырдың ар жағына барып, әдетінше айқайлап, алты қырдан асатын дауыстың әлі де күші кетпегеніне риза болып, іштегі шерін шығарып алады. Біржанның бұл әдеті тек балаларына ғана емес, Ержан,Нұржанға, ауыл-аймаққа жат қылық болып көрінеді. Әншінің Жан дүниесін түсінуге интеллектуалдық өрелері жетпейтін ауылдың”жақсылары”, молдалар мұның бәрін дені сау адамның істемейтін ісі деп қарайды. Енді Біржанның далаға қыр асып кеткенде не істейтінін аңдыйды. Оның бар дауысы мен ән шырқап жүргенін көргендер шын мәнісінде Біржан шатасқан екен, Жан ұрған екен деп ойлайды екен. Олардың ойынша сарылып тыңдап отырған айналасында ешкім жоқ, ен далада өзінен- өзі ән салу сорақы болып көрінеді. Көп замай Біржанның надан ағалары, ауылдың „жақсыларының”,молдалардың айтуымен Біржанды жынданды деп байлап салады. Әншінің ешбір жыннан аулақ екендігін айтқан арызы тыңдалмайды. Осылай, жасы алпыстың ортасына Біржан келгенде, ардақты әнші, надандықтың көп құрбанының бірі болып, үлкен азапқа салынады.
