- •Дастандар
- •Ертегілер.
- •Жыраулық өнер
- •Ақан сері Қорамсаұлы
- •Біржан сал Қожағұлұлы
- •Жаяу мұса
- •Мұхит Мералыұлы
- •Майра Уәлиқызы
- •Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы
- •22.8.1845, Қазіргі Шығыс Қазақстан обл., Абай ауд., Қарауыл а. – 5.7.1904, сонда) – қазақтың ұлы ақыны, композитор, филос., ағартушы.
- •Кенен әзірбаев
- •Үкілі ыбырай сандыбаев
Қазақтың қара өлеңі
“Қара өлең” – халық арасында ең қарапайым өлең деген мағынаны береді. Басқа да халықтық атаулар сияқты “қара өлең” атауы көп мағыналы.
Ең әуелі “қара өлең” деп бас-аяғы бүтін 11 буынды, 2 немесе 4 тармақты өлең жолдарын айтады. Әдебиет тарихында он бір буынды, төрт тармақты өлеңдерді “қара өлең құрылысы”, “қара өлең өлшемі” деген. Қара өлең ән әуеніне салынып айтылатын болғандықтан, бұл атаулардың музыкалық жағынан да мағынасы бар. Осы жағынан қарастырғанда, он бір буынды қара өлең өз ішінде әуен жол – тармақ, бунақ, буындарға бөлінеді. Құрылысы мен өлшемі жағынан осындай ерекшеліктері бар, әлі де ел ішінде туындап, айтылып жүрген қара өлеңдер, қазақтың әншілік мәдениетінде жанр ретінде орын алуы тиіс.
Бұл жанрдың ғылыми зерттеу объектісі ретінде қарастырылғанына көп уақыт боған жоқ. Дәстүрдің маңыздылығын және қара өлеңнің қазақ мәдениетінде қандай орын алатынын терең түсінген жазушы А.Сейдімбеков бас-аяғы бүтін қара өлең туралы мағлұмат беретін “Мың бір маржан” аттты монографиялық еңбек жазды. Ел ішінде толассыз туындап жатқан қара өлеңдерді ең алғаш жинақтап, мың бір қара өлең үлгісін осы аталған еңбегінде жариялаған. Сонымен қатар осымен тұрғылас зерттеуші А.Оразақынның “Қара өлең” жинақтарын атап айтқан да орынды. Бұдан бұрын мұндай көлемде Қазақстанда қара өлең нұсқалары жарияланбаған болатын. Алайда жанрды зерттеу тарихы ХІХ ғасырдан басталған. Ол зерттеу Ш.Уәлихановтың очеркі еді.
Қара өлең құрылысы, өлшемі туралы ең әуелі нақты пікірлер айтқан зерттеуші-ғалымдар М.Әуезов, Б.Уақатов, З.Ахметов, А.Сейдімбеков, С.Ақатаев, А.Оразақын – әр кезеңдерде қара өлең туралы құнды еңбектер жазған.
Бұл жанрды әдебиетттанушылар өткен ғасырдан бері зертттеп келе жатқан болса, музыка тануда қара өлең жанр ретінде 90-жылдардан бері ғана қарастырылып келе жатыр. Оған ден қойып, ең алғаш түбегейлі зерттеп, қара өлеңнің музыкалық сипаттарын қарастырған ғалым-зерттеуші С.А.Елеманова болатын1. Ғалым-зерттеуші өзінің қара өлең туралы еңбегінде қара өліңнің әуедік құрылысын, ерекшеліктерін, жалпы сыр-сипатын егжейлі-тегжейлі зерттеген.
“Қара өлең туралы ой-жосығымызды ортаға салудағы мақсат – қазақ фольклористикасының назарына ілікпей жүрген жаңалықты ашып тастау емес, бұрын арнайы зерттеу объектісі болмаған тақырыпқа жұртшылықтың назарын аудару”, - деп жазады ғалым А.Сейдімбеков қара өлең тақырыбын ортаға ұсына отырып2. Жазушы А.Сейдімбеков өз жинағында қара өлең туралы жазған әдебиетшілердің еңбектеріне толық талдау жасап, өз ойларын ортаға салады.
А.Сейдімбеков өз еңбегінде ең алғаш қара өлең туралы жазған Ш.Уәлихановтың, Б.Уақатовтың кейбір тұжырымдарымен келісе алмай пікірталасқа түседі. Ең алғаш “қара өлең” деп ат қойып, айдар таққан Ш.Уәлиханов өз еңбегінде қара өлең туралы ойын: “Қара өлең – әдеттегі үйреншікті өлең, бұл өлең төрт жолдан құралған жеке шумақ. Әр шумақта жеке-жеке ой жатады. Сондай-ақ бұл өлең дауысқа негізделеді. Көбінесе төрт жолды шумақтар мағынасыз болып келеді”, - деп баяндайды3. Қара өлең туралы алғашқы мағлұмат осындай болған. Бұл ойды Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов, Б.Уақатовтар ұсынады. Мысалы бұл мінездемені жалғастырғанда Б.Уақатов: “Әр шумақтың алдыңғы бір не екі жолы негізгі айтылар оймен тікелей байланысты болмайды, сырт тұрады”, - деп жазады. А.Сейдімбеков қара өлең жолдарына “мағынасыз, байланыссыз” деген ойлардың тән еместігін тереңінен дәлелдеп, “мағынасыз, байланыссыз” деген жолдардың мәнін алатын “астар, емеурін” секілді дүниетанымдық категорияларды түсіндіреді. “Астар, емеуріннің” қара өлеңдегі мән-мағынасы, атқаратын қызметі туралы зерттеуші: “...қара өлеңдегі кез-келген “түсініксіз” деген жолдар сол өлең айтылған орта үшін әбден түсінікті екенін, сол ортадағы адамдардың мінез-бітіміне, тағдыр-талайына тікелей қатысты, астарлы емеурін сөздер екенін естен шығармауымыз керек”- дейді4.
Жоғарыда келтірілген дәйекті сөздермен келіспеуге болмайды, себебі кез-келген қара өлең нұсқасын оқығанда оның алғашқы “мағынасыз” деген жолдарымен кейінгі “сөз түйіні” айтылатын жолдардың арасында тікелей байланыс табуға болады. Себебі кез-келген сөздің себепсіз айтылмайтыны белгілі. Өлең жолдардың арасындағы байланысты сезу үшін А.Сейдімбеков сол өлеңнің айтылу уақытын да терең сезіну керектігін басып айтады. Ал Ш.Уәлихановтың “көбінесе төрт жолды шумақтар мағынасыз болып келеді” деген пікірін А.Сейдімбеков ғалымның өзі ғұмырын кешкен уақытының талғам-талабымен байланыстырады.
Ш.Уәлихановтан кейін қара өлеңге назар аударған В.В.Радлов еді. Қара өлеңнің кейбір нұсқаларын хатқа түсіріп, ол өз еңбегінде: “Мұндай жағдайда өлеңшінің жадында жатталып қалған екі жолды өлеңнің үлгілері дайын тұрады. Ал негізгі айтылар ойын үшінші, төртінші жолдарда баяндайтын болғандықтан, ол тек төртінші тармақтың ғана ұйқасын ойлап табады. Тегінде тұтқиылдан тумаған өлеңнің алдыңғы екі жолы тек үндестік үшін алынады да, өлең мазмұнымен ешқандай байланыс болмайды” - деп жазады5. В.В.Радловтың бұл пікірі Ш.Уәлихановтың пікірін жалғастырады деп айтуымызға болады. Бұл шеңберден аспауы бір жағынан уақыт талғамына байланысты десек, екінші жағынан жеті шумақ өлеңмен шектелген зерттеуші бұл ойдан аспауға да тиіс еді.
Осы ғасырдың басында қара өлең туралы мазмұнды пікір айтқандардың бірі совет-шығыс зерттеушісі, филолог, тарихшы В.А.Гордлевский. Өз пікірінде ол тұңғыш рет қара өлеңнің алғашқы екі жолын “мағынасыз” деп қарамай, “...дара бітімді поэтикалық ерекшелік” ретінде қарайды6. Бірақ қара өлеңді арнайы зерттеу объектісі етпегендіктен В.А.Гордлевский өз ойын ары қарай дамытпайды.
ХХ ғасырдың 50-жылдары қара өлең жанрын зерттеудің екінші кезеңі. 80-ші жылдарға дейін осы кезде қара өлең туралы құнды пікірлер айтқан адамдар – М.Әуезов, З.Ахметов, Б.Уақатов. Қазақ өлеңінің жанрлық жүйесін түбегейлі талдап зерттеген Бекмұрат Уақатов “Қазақтың халық өлеңдері” атты жинағында қара өлеңге арнайы тоқталады. Өзіне дейінгі зерттеушілердің еңбектерін шолып өтіп, кезінде Ш.Уәлиханов жіктеген үш ерекшелікке ғалым қара өлеңнің басқа да қасиеттерін ажыратып келтіреді.
“ 1. – қара өлеңнің құрылысы қашанда он бір буынды, төрт тармақты болады;
2. - осы өлеңнің бірінші, екінші, төртінші жолдары ұйқасады да, үшінші жолы ұйқаспай бос қалады;
3. - қара өлеңнің әр шумағында жеке бір ой (идея) айтылады;
4. - әр шумақтың алдыңғы бір не екі жолы негізгі айтылар оймен тікелей байланысты болмайды, сырт тұрады;
5. - қара өлең көбінесе жұртқа таныс көп құлағына сіңген, жарым жартысы жаттамалы жолдардан теңеу, салыстырулардан тұрады;
– қара өлең ойын-сауық үстінде айтылатын болғандықтан мұнда үлкен, күрделі мәселелер қозғалмайды, тек жиналған жұртты көңілдендіріп, күлдіруді көздейді;
- қара өлеңнің қосалқы жолдары негізінен халықтық тұрмыс-тіршілігінен, әдет-ғұрып, жора-жосығынан туған түсініктерді арқау етіп, табиғат дүниесін суреттейді;
- қара өлең қалың көпке әбден мәлім ән әуенімен орындалады. Сондықтан белгілі бір мелодия сазына кез-келген қара өлеңді ыңғайлап айта беруге болады”7.
Қара өлең туралы жазған алғашқы авторларға қарағанда, бұл толығырақ берілген сипат-ерекшеліктер болған соң, оқырман қауым мамандар көп уақыт бойы осыларға сүйеніп жүрді. Бұл ерекшеліктерден, біз әрине, қара өлеңнің сипаттарын дәл айыра аламыз. Дегенмен олардың ішінде күмән тудыратыны да аз емес. Жиырма жыл өткен соң, зерттеуші А.Сейдімбеков қара өлеңге байланысты шыққан еңбегінде Б.Уақатовтың осы жазған кейбір ерекшеліктерін (атап айтқанда төртінші, алтыншы, сегізінші) сынға алады.
Алғашқы күмән келтірерлік деген төртінші ерекшелік жайлы жоғарыда “астар, емеурінге” байланысты айтылған болатын. Ал алтыншы ерекшелік туралы автор: “Б.Уақатов анықтамасындағы “алтыншы, қара өлең ойын-сауық үстінде айтылатын болғандықтан мұнда үлкен, күрделі мәселелер қозғалмайды, тек жиналған жұртты көңілдендіріп, күлдіруді көздейді” деген пікірмен, әрине, келісу қиын. Біріншіден, қара өлеңнің де қара өлеңі бар. Терең философиялық талғамды халық даналығының айғағындай етіп түйіп бастайтын шумақтардан бастап өмірдің мәні мен сәніне қатысты кемеңгер ойларды мойындата айтатын қара өлеңдерді қалайша ойын-сауықтың жеңіл, бос қылжағына қиюға болады”- деп жазады8. Расымен де қара өлең нұсқаларын оқи отырып, оның сөздерінің тереңдігін, қамтыған тақырыптарының аса кеңдігін байқауға болады. Ал әуенге байланысты сегізінші анықтаманың мағынасы кейінірек анықталады. Оған себепкер болатын тағы бір нәрсе бар. Қара өлеңнің осы ерекшеліктерін негізге алып, А.Сейдімбеков өз еңбегінде толықтырылған қара өлеңнің сегіз ерекшелігін ұсынады: алғашқы екі ерекшелігі бойынша автор өзінен бұрынғы зерттеушілерге қосылады:
“...3. – қара өлеңнің тақырып аясы өмірдің өзіндей шексіз болғанымен, әр шумаққа белгілі бір ой арқау болып отырады. Ол ой жиын-тойдағы жеңіл әзіл-оспақтан бастап, өмірдің мәні мен сәніне, ел қамы мен халық тағдырына дейінгі кесек тақырыптарды тілге тиек ете алады.
– қара өлеңдегі ой-тұжырым көбінесе дедуктивті формада, яғни, силлогизм тәсілімен айтылады. Мұнда өлеңнің алғашқы екі жолындағы ой, дәстүрлі ұғым жүйесі бойынша екінші бір ойдың образдық, символдық, емеуріндік айғағы немесе шендестірілген постулаттық негізі болып отырады да, сол ой – айғақ өлеңнің үшінші және төртінші айтылар тоқ етер түйін идеяға қызмет етіп отырады.
– Қара өлең міндетті түрде созылмалы немес қоңыр әнге салынып айтылады. Бірақ бірде-бір қара өлеңнің тұрақты әні болмайды. Әркім өзінің дауысына лайықты әнге қалаған қара өлеңін салып айта береді. Мұның өзі қара өлең айту дәсүрінде әннен гөрі сөздің, ой-ниет білдірудің негізгі міндет атқаратынын білдіреді.
- Әр әннің ырғақтық ерекшеліктеріне орай қара өлең тармақтарындағы бунақтар орын ауыстыра береді. Мәселен, “Елім-ай” әннің өлеңіндегі бірінші тармақ “басынан Қара таудың көш келеді” деп айтсақ, “Елім-ай” әніне салуға үйлеспес еді. Сондықтан да әр әннің ырғақтық ерекшеліктеріне орай қара өлең бунақтары да орын ауыстыра береді. Тек ұйқасатын бунақтар ғана тұрақты болады.
– Қара өлеңнің тұрақты қайырмасы болмайды. Бірақ, әнге салып айту барысында міндетті түрде қайырмасы қоса айтылады. Қара өлең қайырмасы, формасы жағынан алуан түрлі болып, ұдайы негізгі ой – ниеттің мәнін аша түсуге эмоциялық қуатын арттыруға қызмет етіп отырады.
- Қара өлеңнің жұрт талғамымен сұрапталған асыл үлгілері ауыздан ауызға тарап, көптің жадында жүргенімен өмірдің мың сан жағдайына орай ел ішінде ұдайы тыңнан туындап жатады”9.
Осы күнге дейін жоғары оқу орындарында “дұрыс” деп пайдаланып келген сипаттаманың ойландырарлық тұстары бар. Бұл жерде әуенге және әуеннің қайырмасына байланысты айтылған бесінші және жетінші анықтамаларға тереңірек көңіл аударған дұрыс сияқты. Қара өлеңнің ән әуені туралы айтатын болсақ, ол сөз мағынасына қарай көңілді немес мұңды, ел ішінде көп тараған әуенмен орындалады. Қара өлеңдер ішінде сөзі мен әуені ажырамастай біте қайнасып кеткен әндер де кездеседі. Мұндай әндердің сөзін басқа әуенге салу немесе әуеніне басқа сөз қосып айту келіспейді.
Мысалы “Зибаш-айдың” сөзін “Елім-айдың” әуеніне салып немесе “Елім-айдың” сөзін “Сәулем-айдың” әуеніне салып айту қалыптасқан ұғымға қайшы келеді. Қара өлеңге қайырманың қосылу, қосылмауы әуеннің құрылысына байланысты. Кейбір әндер шумақтың соңғы бунағы әуені жағынан қайырмаға ұласып кетеді. Қара өлеңдер ішінде қайырмасы жоқ әндер де кездеседі.
Қара өлеңнің бұл қағидаларын дәлелдеу үшін, әрине, оның әуендік құрылымын терең талдау қажет. Тек қана музыкалық талдаудың нәтижесінде ғана біз оның шумағының әуені қайырманың қосылып қосылмауы, әуені туралы әңгіме қозғай алмаймыз.
Қара өлеңнің кең жайылған өрісін айта отырып, зерттеуші А.Сейдімбеков: “Қара өлең - өмір тіршілігіміздің барлық саласын, сезім-түйсігіміздің барша қасиетін әсерлі көрсетіп келе жатқан икемді де өміршең жанр” ,– дейді.
Өміріміздің бірден-бір қажеттелегіндей болып кеткен бұл әндер заманның ағымына қарай туындай береді. Бағзы өлеңдер әлі де көпшілік жиналған жерлерде жиі айтылады. Жалпы музыка зерттеу тарихында қара өлең тың тақырып деп айтуға болады.
Дастандар
Орта Азия мен Қазақстан мәдениетіне, әдебиетіне әр дәуірде Шығыстың да, Батыстың да игі ықпал-әсері болғаны белгілі. Мұның өзі соңғы кезге дейін байқалып келген және халықтардың ұлттық мәдениетінде терең із қалдырған құбылыс.
Қазақ арасына шығыс әдебиетінен келген ғашықтық, эпикалық, батырлық сипаттағы әңгіме-өлең, поэма-дастандар «қисса» деген атпен басылып тарады. Бұл кітап бастыру жұмысының жандана бастаған кезеңі – 19 ғасырдың бас кезінде кең өріс алды. Қиссалар қазақ әдебиетінің тақырыптық, сюжеттік арнасын кеңейтіп, оны шығыс әдебиетінің үлгілерімен толықтыру ісіне себін тигізді.
Қазақ әдебиеті тарихын зерттеушілер әлеуметтік бағыты, мазмұны идеялық құндылығы жағынан қиссаларды үш топқа бөліп жіктейді. Біріншісі – негізінен дінді уағыздайтын, исламның қағидаларын, діни ұғым-нанымдарды насихаттауға бағытталған «Салсал», «Зарқұм», «Сейітбаттал» сияқты шығармалар. Екіншісі – көршілес елдер мен басқа шығыс халықтарының ежелгі аңыз-әңгімелеріне құрылған «Шахмаран», «Сейфүлмәлік», «Бозжігіт», «Абулхарис», «Шәкір-шәкірат» деп аталатын дастандар, араб елінің ертегісі «Мың бір түн», үнді ертегісі «Тоты-наме», шығыс жұлдыздары Фирдоуси, Физули, Науаи, Низами дастан етіп жазған «Шахнаме», «Ляйлі-Мәжнүн», «Тахир-Зухра», «Фархад-Шырын», «Ескендір» секілді шығармалар. Үшіншісі – шығыс сюжетіне құралған, бірақ қазақ әдебиетіне сіңісті болып, қазақ фольклорының дәстүрлерімен ұштасып, төл шығарма сипаттас болып кеткен «Мұңлық- Зарлық» сияқты дастандар.
Шығыс әдебиеті туындыларының қазақ әдебиетіне нәзира әдісімен жайылған түрі молшылық. Яғни, ақын-жыраулар өзінен бұрынғы шығарманың сюжетін негізге ала отырып, оны өз заманына, өз ортасына лайықтап қайта жырлайды.
Қазақтың ұлы ақыны Абай да осы дәстүрді қолданып «Ескендір», «Мәсғұт», «Әзім» поэмаларын жазған. Ол өзінен бұрынғы және сол дәуірдегі халықтың бай әдеби мұраларын, сонымен бірге шығыс елдерінен келген қисса-хиқаяттарды жақсы білген, кей сәтте олардың өзінің шығармашылығына пайдаланып та отырған.
Шығыс тақырыбына жазылған қазақ дастандары ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан аса құнды мұралар. Олардың көбінің сюжеті «Шахнаме», «Мың бір түн», «Тоты наме» сияқты классикалық туындылардан алынған. Махаббат пен ерлік қоса өрілген осы аталған дастандар тақырыптық, идеялық жағынан болсын, оқиғаны сүреттеу, көркемдік ерекшеліктері жөнінен болсын қазақ халқының ауыз әдебиеті нұсқаларымен орайласып, үйлесіп жатады. Бұлардың озық үлгілері қазақ әдебиетінде дастан мен оқиғалы хикаялар түрінің дамуына әсерін тигізгені айқын. Қолжазба қорына түскен, сақталып қалған дастандарды әр жылдары М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты қазақ тілді оқырмандарға лайықтап, кітап етіп шығарып, бұл күнде халық игілігіне ұсынып жүр.
Ертегілер.
Фольклордың қара сөзбен айтылып, ерекше мол түрінің бірі – ертегі. Ол халықтың ауызша айтатын көркем әңгімесі. Ғажайып хал, қиял әңгімелері, орасан уақиғалы қызық әңгімелер, салтпен, тарихпен байланысты оқшау әңгімелер, бәрі де ертегінің түрлері. «Ертегі» деген сөздің төркіні ертедегі, ерте күндегі деген сөздерден туған. Кейде ел ішінде «ертек» деп те айтылады. Ал ертегі айтатын адамды «ертегіші», «ертекші» деп атайды. Ертегі айтушылар көптен-көп ертегісін: «ертеде бір бай болыпты», «ертеде бір хан болыпты», «ертеде бір кемпір мен шал болыпты», немесе «ерте ерте ертеде» деп бастайды. Осылайша ертегінің алдында үнемі айтылып отыратын дағдылы сөздері әңгіменің жолын ашып, жөнін аңғартады.
Бұл күнде ертегіні тек кішкентай балаларға ғана айтатын болса, ертеректе ертегіні жұрт қолы боста, қыстың ұзақ кештерінде айтыш, тыңдағыш болатын. Бірақ бұған қарап «ертегі» еріккеннің ермегі деп ойламауымыз керек. Ертегі де фольклордың ішіндегі қоғамдық тарихтық, саясаттық маңызы мол халық шығармасының бір түрі.
Қазақ ертегісі есте жоқ ескі замандардан бастап беріге шейін болған талай ұзақ-ұзақ дәуірлердің кезеңдерінде туған, өсіп көбейіп келген мол дүние. Онда қазақ атты ел құралмастан бұрынғы, барлық ұлт, елдерге бір оқиғалар да кездеседі.
Қазақ ертегілерінде сюжеттері көрші елдерден ауысып, кітап арқылы, ауызша келген ертегілер де кездеседі. Оны біз әсіресе хайуанаттар ертегілерінен байқаймыз. Ал қазақы ертегілердің кейіпкерлері көбінесе - хан, бай, кемпір мен шал, жалғыз сұлу қыз, батыр жігіт, мифтік ертегілерде - дию, пері, шайтан, мыстан кемпір, болып келеді. Анығында - ертегі қазақ фольклорының ішіндегі өте бай жанр.
Ертегі - ойы бұзылмаған, жүрегі таза баланың санасына жақсылық пен жамандықты, адалдық пен арамдықты, пәктік пен зұлымдықтың тәрбиелік мәнін сіңдіретін құрал. Ертегі естіп өскен баланың рухани танымы мол, ұлттық намысы, ерлік рухы ояу болып өседі.
Болашақта баласының тәрбиесінен қиыншылық көрмейін деген ата-аналарға бұл күнде ата-баба мұрасы қазақ ертегісін баласына айта беруден жалықпау керектігін тағы да қайталап айтамыз.
