2-тарау. ЭНЕРГИЯ ҚОРЛАРЫ 2.1. ЭНЕРГИЯ ҚОРЛАРЫН ПАЙДАЛАНУ
Энергия қорларын пайдалану
Жердің энергетикалық балансы
Энергия қорларының мөлшері
Қазақстан көмір кендері
Жанатын тақтатас
Шымтезек
Ағаш отын
Мұнай
Табиғи газ
Су қорлары
Атом энергиясы
2.12 Энергияның жаңа қорлары
Адам өмірінде энергия ерекше орын алады. Оны пайдалану мөлшері — өмір деңгейін керсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Алғашқы коғамда адам тәулігіне бар-жоғы 8 МДж немесе 92,6 Вт*сағ энергия пайдаланған. Отты өмір тіршілігінде қолдануға үйренгенде пайдаланған энергия мөлшері 16 МДж-ға жеткен. Ғасыр өткен сайын пайдаланылған энергия мөлшері де арта түсті, әсіресе, үстіміздегі ғасырда бұл көрсеткіш жоғарғы қарқынмен дамуда.
2.1 және 2.2 кестелерде дүние жүзіндегі адам саны мен пайдаланылған энергия мөлшерінің өсуі мен әр түрлі энергия қорларының пайдалануы көрсетілген.
1 Кг шартты отын деп, ол жанған уақытта 29,3 мДж жылу бөлінетін отын есептелінеді.
2.1 к е с т е
Жылдар |
1950 |
1960 |
1970 |
1980 |
1990 |
2000 |
|
|||
Дүние жүзіндегі адам саны (млрд.адам) |
2,5 |
3,0 |
3,6 |
4,4 |
5,2 |
6,1 |
||||
Алғашқы энергия қорының пайдаланылуы (млрд. т.ш.о.) |
2,6 |
4,4 |
7,2 |
11,8 |
19,0 |
29,0 |
||||
Әр адам басына шаққанда пайдаланылған энергия мөлшері (т.ш.о. /бір адам) |
1,04 |
1,46 |
2,0 |
2,7 |
3,65 |
4,75 |
||||
Энергияны пайдалану мөлшері, ең алдымен, дүние жүзіндегі адам саны мен олардың өмір деңгейіне байланысты, бұл 2.1 кестеден айқын байқалады. 2000 жылы 1950 жылмен салыстырғанда дүние жүзіндегі адам саны 2,5 есе өсетін болса, энергия қорын пайдалану 11 есе артады.
Соңғы екі жүз жыл ішінде бір адамға есептегенде өндірілген және пайдаланылған энергия мөлшері 30—40 есе артқан. Қазіргі уақытта өндірісі дамыған елде бір адам жылына орта есеппен 6—7 т шартты отын пайдаланады. Ғалымдардың болжамдарына қарағанда, 2100 жылы дүние жүзінде 60—80 млрд. т.ш.о. пайдаланылатын болады.
Бүгінгі күндері дүние жүзі энергия қорының 80%-ін өндірісі дамыған елдер тұтынуда. Келешекте дамып келе жатқан елдердің пайдаланатын энергия қорының үлес салмағы арта түспек. Ғылыми болжамдарға қарағанда, 2000 жылы бұл елдерде жер жүзінде пайдаланылатын энергия қорының 30%-і, кейінірек тіпті 50%-і пайдаланылатын болады. Бұл уақытта энергетикалық мәселелердің негізгі салмағы дамып келе жатқан елдерге қарай ауысады.
Жерден қазылып алынған отын бүгінгі күндері пайдаланылып отырған энергия қорының 88,5%-і болса, 2030 жылы 80,0%-і болмақ. Бұл жерден қазылып алынатын отын (көмірдің әр түрі, мұнай және табиғи газ) қазіргі уақытта да және алдағы онжылдықтарда да адамзат өмірінде елеулі орын алатынын көрсетеді.
Адамзат өз өмір тарихында 1976 жылға дейін 6Q энергия шығындаған екен. Q дегеніміз үлкен энергетикалық өлшем. Тек 1976 жылы ғана дүние жүзінде 0,2 Q отын пайдаланылған, ал 2000 жылға дейін адамзат тағы да 13Q, яғни 1976 жылға дейін пайдаланылған мөлшерден екі есе артық энергия пайдаланған.
Пайдаланылып отырған энергия мөлшерінің қарқынды өсуі адамзатқа әр түрлі ой салып отыр. Қазіргі кезеңде үш жылда бір рет дүние жүзілік энергетикалық конгресс өтіп, оның жұмысына дүние жүзінің ең таңдаулы ғалымдары қатысады. Оны өткізу қай елге болмасын үлкен құрмет. Конгрестер Москва, Стамбул, Нью- Дели, Найроби, Мюнхен қалаларында өтті. Кейінгі уақыттарда осы конгрестерде қаралып жүрген мәселелерге зейін қойып қарайтын болсақ энергетиканың даму тарихына ғалымдардың үлкен қауіппен карайтыны байқалады. Мысалы, конгрестерде: «Энергетика және социология», «Энергетиканың үнемділігі»,«Энергияны үнемдеу», «Энергетикалық дағдарыс», «Альтернативті энергия көздері», «Энергетика және экология», «Энергетиканың дамуы жайлы болжамдар» деген тақырыптарда мәселелердің көтерілуінің өзі, қазып алынатын отын қорының жыл өткен сайын азая беретінін, осы себепті өздігінен жаңарып отыратын энергия көздеріне молырақ ден қою және энергия көздерін игеру, келешек ұрпақ пайдаланатын энергия көздерін қазір ойлап, қарастыру қажеттігін және бұл тек техниканың емес, сонымен бірге әлеуметтік саяси да мәні бар мәселелер екенін байқатады.
Алдыңғы қатарлы елдерде энергияны үнемдеу мақсатында бірталай нәтижелі жұмыстар жүргізіліп отырғанымен, әлі де болса дүние жүзінде энергия қорларының шығыны өте көп. Мысалы, ТМД-да АҚШ-қа қарағанда ұлттық табыс бірлігіне екі-үш есе артық алғашқы энергия қоры шығындалады. Біз бұл арада АҚШ энергияны үнемді пайдалануға үлгі болатын ел емес екенін де ескеруіміз керек. Әрине, бұл арада теориялық есептерге жүгіну де, барлық елдерді біркелкі жағдайда деп қатар салыстыру да дұрыс емес. Сонымен бірге жердегі мұнай мен газ қорының таусылуын есептеу де көңілге қоныңқырамайтын жай. Әйтсе де, минералды отынның қоры шексіз емес екендігін, оны өндіру жыл өткен сайын қиындап, ал оның сапасының нашарлап отырғанын ескеруіміз қажет. Сондықтан қазірдің өзінде энергияны үнемді пайдалану үшін қажетті шараларды іске асыруға жұмылдыру өте тиімді болар еді.
Осындай бір мысалды атом энергиясы жайлы да айтуға болады.
Елімізде барлық өндірілген электр энергиясының 12%-і жарықтандыруға пайдаланылады. Егер де қызу электр шамының үштен екі (2/3) бөлігінің орнына электр энергиясы қуатына есептегенде жарық бергіштігі төрт есе жоғары флюоросцентті шамның (нұршамның) екінші буынын пайдаланатын болсақ, қанша энергия үнемделген болар еді. Мұндай электр шамдары дүние жүзінің көптеген елдерінде кең қолданыс табуда.
1975 жылдары болған энергетикалық дағдарыс бірнеше шындықтың бетін ашты: экономиканың елеулі дамуына алғашқы энергия қорларын өндіруді арттырмай-ақ қол жеткізуге болатыны дәлелденді. Мысалы, АҚШ-та 1973 жылға дейінгі 17 жыл ішінде алғашқы энергетикалық қорларды пайдаланудың абсолюттік көлемі екі есе артқан болса, онда 1973 жылдан кейін оның көлемі тіпті бірнеше процентке азайған. Ал осы он жылда АҚШ-тың жалпы қоғамдық өнімі 25%-ке артып, осы негізде, жалпы ұлттық өнімге жұмсалған алғашқы энергия қорларының көлемі үштен бір шамасында азайған. Міне, осындай өзгерістер Жапония мен Европалық елдер экономикасынан да байқалады. Бұл кезеңде Қазақстанда энергетикалық дағдарыс болмағанымен, оның әсері сезілген жоқ деп айту дұрыс емес. Себебі, елдер арасындағы экономикалық байланыс аса жоғары дамыған қазіргі дәуірде белгілі бір аймақтарда туатын энергетикалық мәселелердің әсері дүние жүзінің басқа аймақтарына өз ықпалын тигізеді. Одан ешкім де шет қалмайды. Осы энергетикалық дағдарыс кезеңінде мұнай бағасы 15 есе, табиғи газ—10 еседен аса қымбаттады. Мұнымен бірге қалайы, молибден, хромның да бағалары 7 есе артты. Осы кезеңде қайта жаңарып отыратын энергия көздерін игеруге ерекше көңіл бөлінді. Кейінірек, энергия қорларының тиімді пайдалануына қарай мұнай мен газ бағалары да төмендеді.
Әрине, таяу уақытта өздігінен жаңарып отыратын энергия көздері — күн, жел, толқын, тасқын және жер жылуы табиғи отынды толық алмастырады деп айту қиын, бірақ олар табиғи отын қорларының тиімді пайдалануына үлкен көмек болар еді.
