- •Лекциялық кешен (лекция тезисі)
- •Этникалық педагогика
- •Лекция тақырыбы 4. Этникалық тәрбиенің факторлары
- •7. Семинарлық (практикалық) сабақтар жоспары
- •11. Оқытушының жетекшілігімен орындалатын студенттердің өзіндік жұмыстары бойынша өткізілетін сабақтардың жоспары.
- •12. Студенттердің өзіндік жұмыстары бойынша сабақтар жоспары
- •13. Жазбаша жұмыстар тақырыптары
Лекциялық кешен (лекция тезисі)
Лекция тақырыбы 1. Тәрбиеге этнопедагогикалық тұрғысынан келу
Мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие – адам қалыптасуының алғашқы баспалдағы.
Мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеу жүйесіне яғни, баланың туғаннан бастап оны дамуы мен тәрбие теориясын зерттеген педагог-психолог ғалымдардың орны ерекше. Мәселен, А.П.Усова, А.Г.Нечаева, Н.М.Аксарина, Д.Б.Эльконин, П.Я.Гальперин, А.Н.Леонтьев, т.б.
Ресейде алғашқы балабақшалардың ашылуы мен тәрбие жүйесін құруға үлес қосқан ғалымдар А.П.Усова, М.А.Маркова, Г.И.Лескова, А.С.Симонович, т.б.
Қазақстандағы мектепке дейінгі тәрбие мәселесіне журналист Нәзипа Құлжанованың еңбектері зор. Сонымен қатар, қазіргі кезде мектепке дейінгі тәрбие және де мектепке дейінгі жастағы балаларға ұлттық тәрбие беру жүйесін терең зерттеген ғалымдар қатарына Б.Арзанбаева, Б.Б. Баймұратова, Г.К.Белгібаева, Ә.С.Әмірова, А.К.Меңжанова, Р.Б. Маженова, Ф.Н.Жұмабекова, С.Н.Жиенбаева, Ғ.З.Таубаева, Х.Т. Шерязданова, т.б..
Мектепке дейінгі жастағы тәрбие негіздеріне: мектепке дейінгі жастағы адамгершілік тәрбиесі, мектепке дейінгі жастағы ақыл-ой тәрбиесі, мектепке дейінгі жастағы дене тәрбиесі, мектепке дейінгі жастағы еңбек тәрбиесі, мектепке дейінгі жастағы эстетикалық тәрбиесі, мектепке дейінгі жастағы имандылық тәрбиесі кіреді.
Тәрбиелеу дегеніміз – алға белгілі бір мақсат қоя отырып, баланың психикасына жүйелі әсер ету, бойына адамгершілік қасиеттерін сіңіру, өмірге, еңбекке дұрыс көзқарасын қалыптастыру. Тәрбие балаға екі жақты әсер ететін процесс:
адамгершілік нормаларын меңгерту;
тәртіп пен мінез-құлықтың тәжірибесін жинақтату.
Тәрбиеге этнопедагогикалық тұрғысынан келу үшін негізгі (этникалық «ұлттық» педагогика, этнопедагогика, халық педагогикасы, ұлттық психология, ұлттық cана, ұлттық сезім, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық мінез) ұғымдардың мәнін дәріптеу керек.
Барлық халықтардың иерархиялық құндылықтарында педагогикалық мұра ретінде бірінші орынға бала және балалар әлемін қояды. Бұл мәнмәтінде этникалық педагогика логикалық тұрғыда адамды қалыптастырушы рөлді орындайтын тиімді ұйымдастырылған жүйе деп қарастырылады.
Этникалық педагогика және оның салты мен дәстүрлері бірден қалыптасқан жоқ, ол көп адамзат қоғамының даму тарихының процесінде қалыптасты. Ол ой өнімі мен өскелен ұрпақ тәжірибесінің жемісі болды
Этникалық педагогиканың мақсаты болып тұлғаның өзінің этникалық қоғамдастық ортасында толыққанды өмірге дайындалуының қалыптасуы болып табылады.
Этникалық педагогиканың ғылыми (педагогикалық) пән ретіндегі ғылыми - мазмұнды құрылымын (К.Ж.Кожахметова) көрсетсек:
Этникалық педагогика
Жалпы бөлімі |
Пәні |
Бағыттары |
Ғылыми облысы |
▼ |
▼ |
▼ |
▼ |
этнопедагогика тарихы этнопедагогика әдіснамасы салыстырмалы этнопедагогика |
тұлғаның этномәдени дамуының педагогикасы этномәдени ортаның педагогикасы этномәдени білім беру этнопедагогикалық білім беру |
этнопедагогикалық аксиология праксеология диагностикалау квалиметрия моделдеу жобалау бағдармалау басқару және жетекшілік ету инноватика (жаңарыс)
|
этнопедагогикалық валеология конфликтология иформатика виктимология экология |
Этнопедагогика – халық педагогикасының ұрпақ тәрбиелеудегі тағылымдарын ғылыми жүйеге келтіріп зерттейтін, оны тәжірибеде қолданудың әдіс-тәсілдерін теориялық тұрғыда сөз ететін ғылыми педагогиканың бір саласы. Оның мақсаты халықтық салт-дәстүрді, өнерді дәріптейтін, ана тілі мен дінін қадірлейтін, Отанын, елін, жерін сүйетін, жан-жақты жетілген, саналы, намысқой патриот азамат тәрбиелеу.
Этнопедагогиканың зерттеу нысаны - халық педагогикасы.
Халық педагогикасы дегеніміз – халықтардың ғасырлар бойы ұрпақ тәрбиелеу тәсілдеріне негізделген бай тәжірибесінің эмпирикалық жиынтығы.
Этнопедагогика – ұлттық салт-дәстүрлердің тәлімдік мән-мағынасын зерттесе, этнопсихология – халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері мен салттарындағы ұлттық сана-сезімін, өмірге деген көзқарасын, өзіндік ойлау ерекшелігін зерттейтін сала.
Қай халықтың болмасын ұлт болып қалыптасуы үшін қажетті факторларына өзіне тән тілі мен мәдениеті, тұрмысы, этностық ерекшелігінің ортақтастығы кіреді.
Ұлттық психологиялық құрылым үш бөліктен құрылған: ұлттық сезім, салт-дәстүрлер және ұлттық мінез. Олай болса, бұл бөліктер ұлттық мәдени ерекшеліктің шартты белгілері болып саналады.
Мектепке дейінгі жастағы баланы тұлға деп қарастырсақ онда, ғылымда тұлға мәселесінің көп ғасырлық тарихы бар. Тұлғаның қалыптасу факторлары туралы идеялар келесі дәуірлердің прогрессивті философиялық және психологиялық- педагогикалық пікірлерінде өз жалғасын тапқан (Я.А.Коменский, К.А.Гельвеций, Д.Дидро, А.Дистерверг, К.Д.Ушинский, Д.Дьюи, Э.Торндайк, П.П.Блонский, А.С.Макаренко, Л.С.Выготский, Л.И.Божович, С.Л.Рубинштейн, В.В.Давыдов, Б.Г.Ананьев т.б.).
Тұлға-дегеніміз әлеуметтік қатынастар мен саналы іс- әрекеттің субъектісі ретіндегі индивид.
Тұлғаның ең маңызды белгілері - оның саналылығы, жауапкершілігі, бостандығы, қадір - қасиеті, даралылығы.
Тұлғаның дамуы - дегеніміз, ең алдымен, оның қасиеттері мен сапасындағы сандық өзгерістер процесі. Тұлғаның қалыптасуына әсер ететін факторлардың арасында тәрбие ең маңызды орын алады. Психолог М.Мұқановтың айтуынша, мектепке дейінгілердің «Мен» деген қасиеті едәуір қалыптасып қалады. Дәлірек келгенде, мектепке дейінгі кезең – тұлғаның қалыптасу кезеңі. Осы жаста бала өзіндік «менін» сезініп, өзін-өзі танып, салыстырмалы түрде тұрақты ішкі әлемі қалыптаса бастайды
Ұсынылатын әдебиеттер: (3,6,7,9,10,15,16,21,20)
Лекция тақырыбы 2. Этникалық тәрбие беру негіздері
Отандық әдебиеттерде «тәрбиелеу» термині «әлеуметтік, адамның дамуы үшін мақсатқа бағытталған шарттарды құру» немесе әлеуметтік тәжірбиеге адамды баулу іс-әрекеті ретінде түсіндіріледі.
Тәрбие категориясы педагогиканың негізгілерінің бірі болып табылатыны сөзсіз және сондай-ақ оның талқылауына әртүрлі тұрғыдан келу қалыптасты. Көпшілік жағдайда тәрбиелеу мен әлеуметтену түсінігі біріктіріледі. Алайда зерттеушілердің бір қатары оларды ажыратып қарастырады. Әлеуметтену түсінігін қоғамның индивидке тәжірбиенің түрін беру процесі деп қарастырады, ал тәрбиелеудің өзіне әлеуметтенуді енгізетін, бірақ оған жатпайтын процес ретінде түсіндіріледі.
Қай халықтың болсын, ұлттық тәрбиелеу жүйесі баланы «жақсы адам етіп» тәрбиелеу болып табылады.
Адам - бұл белсенді тұлға екендігін атап көрсеткендердің бірі - Бұқар жырау болды. Адамды адам ететін - оның ортасы, тәлім -тәрбиесі, әке-шешесі, ата-бабасының үлгі - өнегесі. Абай түсінігінше «толық жетілген адам» арлы, адамгершілік қасиеті жоғары, еңбекқор, білімді, сабырлы, иманды, қанағат пен ұятты білетін, танымды, игі жүректі болуға тиіс дейді.
Тұлға белгілі бір ұлт өкілі болғандықтан, оның кейбір генетикалық, әлеуметтік негіздерін халық педагогикасы мен ұлттық психология қарастырады.
Ұлттық тұлға - белгілі тілі, діні, мәдениеті, салт-санасы қалыптасқан ортада жеке адамға тән қасиеттер мен өз ұлтының, халқының тұрмыс - тіршілігін бойына сіңірп, ұлттық намыс, талғам және ұлттық сана беліглерін өз бойында тұтастай көрсетіп, ең жоғары рухани деңгейде дамыған адам. (К.А.Оразбекова)
Алайда, этникалық педагогика теориялық негіздерін классикалық педагогикадан алады. Соның ішінде, Я.А. Коменский, К.Д. Ушинский, И. Г.Песталоции, халықтық педагогиканы ғылыми, теориялық педагогиканың көздері ретінде қарастырады.
Қазақстанда этникалық (ұлттық) тәрбие берудің негізін қалаған ұлы ағартушы-педагогтары А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмухамедов және т.б. болды. Олардың еңбектеріне зер салатын болсақ:
М.Жұмабаев тәрбиенi төртке бөлiп қарайды: дене, жан, ақыл тәрбиесi, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесi. «Егер осы төрт тәрбие адам баласына берiлсе, оның тәрбиесi түгел болғаны» - дейдi. Этникалық (ұлттық) тәлiм-тәрбиенiң көрнектi өкiлдерi Шоқан Уалиханов, Абай Құнанбаева, Ыбырай Алтынсарин, Шәкәрiм Құдайбергеновтер т.б.
Халық педагогикасының теориялық негіздері Г.Н.Волков, Г.С.Виноградова, Е.Л.Христова және т.б. ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапты.
Г.Н.Волковтың пайымдауынша, «халық қалаған жеке адам саналарын дамыту мақсатында еңбекшілер қолданған тәрбиелеу мен оқыту, педагогикалық дағдылар мен тәсілдер мақсаттары, міндеттерінің жиынтығы және өзара байланысы», ол «тәрбие мәселелері жөніндегі эмпирикалық мәліметтер мен білімдер жиынтығы», ол ауызша тарайды және «өзіне жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу жөніндегі еңбекшілердің практикалық қызметін де қамтиды».
Этникалық тәрбие мазмұны ең алдымен халықтың бай тәжірбиесіне арқа сүйеуі заңды құбылыс деуге негіз бар.
«Этникалық тәрбиенің», «этникалық мәдени білімнен» айырмашылығы бар ма деген ой келеді. Этникалық мәдени білімнің мағынасы мынада: «Өз мәдениетің арқылы басқа да мәдениетті танып-білесің». Қазақстан Республикасындағы этникалық - мәдени білім беру» тұжырымдамасында былай делінген, өз тарихында, мәдениетінде болған оқиғаларды білу, қалыптасқан рухани құндылықтарға адалдық, ұлт қаһармандарын қастерлеу нәтижесінде құралады. Ол ұлттық азат және ерікті жасампаздық шығармашылығы процесінде қалыптасады.
Этникалық - мәдени сәйкестілік жағдайында халықтың өзі тудырған әлеуметтік - мәдени жүйе арқылы қол жеткізеді.
Этникалық- мәдени білім беру ұлттық сананы қалыптастырудың, мәдени тілдік мүдделерді іс-жүзінде асырудың құралы ретінде көрінеді, оның жүзеге асуы төрт қызмет (Ж.Ж.Наурызбай) арқылы өтеді:
- таратушылық (этникалық-ұлттық қоғамдастықтың тұтастығымен жаңғыруын қамтамасыз ету);
- дамытушылық ( ұлттық сананы қалыптастыру, дамыту);
- саралаушылық ( адамның, этникалық топтардың ұлттық- мәдени қажеттіліктерін айқындау);
- ынтымақтастырушылық ( мәдениеттердің өзара бірлігін, өзара кірігуін, өзара байытуын қамтамасыз ету).
Этникалық мәдени білім - бұл ана тілі, төл мәдениеті, әлемдік мәдениеттің құндылықтарын қоса игеру арқылы тұлғаның этникалық-мәдени сәйкестілігін сақтауға бағытталған білім болып табылады.
Этникалық тәрбие - жаңа ұрпақты барлық қоғамдық институттар арқылы халықтың педагогикалық мәдениеті мен тәлімдік тәжірибесі негізінде өмірге даярлау процесі болып табылады. Мұның нәтижесінде тұлғаның этникалық өзіндік сана, этнос субъектісі ретінде өзіне деген сәйкесті қатынас, ұлттық намыс, ана тіліне, төл этносының тарихы мен мәдениетіне құрмет сезімі, басқа этностардың адамдарына сыйластық, түсіністік пен байсалдылық қатынасы қалыптасады. Бұл ретте біз этникалық тәрбиенің мақсаты да, нәтижесі де этнос субъектісін тәрбиелеу екенін ескереміз.
Этнос субъектісі дегеніміз, профессор К.Ж.Кожахметованың пікірінше, этнос субъектісі өз тілін, тарихын, төл мәдениетін толық меңгерген тұлға десе, ғалым Л.С. Сырымбетова зерттеулерінде ол, жалпы адамзаттық диалектикалық бірілікте алынған этноәлеуметтік құндылықтарды сақтаушы, (этникалық тіл, этникалық мәдениет, этникалық тарих, этностың тұрғылықты мекен) қайта жаңғыртушы және тасымалдаушы, белсенді таратушы тұлға.
Этнос субъектісі ретінде тұлғаны дамыту этникалық тәрбиелеу аспектісінде өмірлік іс-әрекеті процесінде қалыптастыру және өмір ағымында этноәлеуметтік рөлдер жүйесін динамикалық меңгеру болып табылады. Этнос субъектісі ретінде тұлғаның жақсы дамуының көрсеткіші болып оның этноәлеуметтік рөлдер жүйесі, жас ерекшеліктері мен жынысына байланысты болады.
Бала тәрбиесінде этноәлеуметтік рөлдік көзқарас өте қажет дүние болып саналады. Егерде біз тәрбиелеуге кешенді тұрғындан келсек, онда бір этноәлеуметтік рөлді игерудің өзі мынандай міндеттерді жүзеге асыруды көздейді:
* адамгершілік тәрбиесі-жақсылықты тілеу, ұстамдылық үлкендерге құрметпен қарау;
* ақыл -ой тәрбиесі-көріп білу, жүрекпен терең сезіну. Көрген-білгенді ой елегінен өткізіп, оны түйіндеп миға тоқу, үнемі сарапқа салу үшін ынта-жігерді, күш - қайрат пен талапты болуы тиіс;
* дене тәрбиесі-әрбір рөл белгілі бір жас сатысында сол жасқа тән дене бітімге және сұлулыққа талпынуды үйретеді. Әрине қыздар үшін сыпайы және әдемі жүре білу, сұлу келбетті болу және т.б;
* еңбек тәрбиесі-әрбір рөл қыздарға жастайынан бастап белгілі біріс-шараларды меңгеруді қарастырады;
* этникалық тәрбиесі-рөлді меңгеру нәтижесінде сұлулық сезімін қалыптастыру. Тән сұлулығы ғана емес, жан сұлулығын сезінуге деген қажеттілік.
Сонымен қатар, этникалық тәрбиенің ой өзегі табиғилық, тұлғаның жыныстық жастық ерекшелігін есепке алу принципі болып табылады.
«Этникалық тәрбие» ұғымының сәйкестілігі оқу-тәрбие процесімен бірге міндеті түрде оқытудың дифференциациясының, баланың тұлғалық дамуы мен тәрбие беру мәселесіне әкеледі.
Этникалық тәрбиенің құрылымы: «этнос», «сана-сезім», »өзіндік-сана», »этникалық сәйкестілік», «мәдениет», «менталитет», «сәйкестілік».
Ұсынылатын әдебиеттер: (2, 3, 4, 7, 13,14,18,21,22)
Лекция тақырыбы 3. Этникалық тәрбие беру құралдары
Халық баланы қызықтыруға, оның ой-өрісін кеңейтіп толықтыруға, өмір мектебімен ерте таныстыруға себепші болатын қызықты ертегі, көркем әңгіме, өнегелі өлеңдер шығарған.
Өлеңдер. Халық әні - бесік жыры. Бесік жыры деп аталатын азғантай өлеңде халықтың балаға деген барлық махаббаты, ой-арманы, жарқын болашақтан күткен зор үміті жинақталған.
Балаға үміт артарлық осындай тілек, мақсаттардың қойылуының өзі де олардың ақыл-есін жетілдіріп, көңіл-күйін оятып, болашаққа, алға қарай талпындырады.
Қазақтың халық педагогикасында балаларға арнап шығарылған арнау-тілек өлеңдері, сұрамақтар, төрт түлік туралы жырлар, тақпақтар ерекше орын алады.
Арнау-тілек өлеңдері табиғат құбылыстарымен жан-жануарларға, құстарға қызығу сезімін оятып, баланың дүниетанымын арттыру, есін дамыту мақсатында шығарылған.
Өлеңдер өте қысқа, тұжырымды айтылуымен де, терең ойлы мазмұнымен де балаларды қатты қызықтырып, олардың еркін тез билеп алады. Өздерін қызықтырған әсем үнді, терең мазмұнды өлеңдерді олар тез жаттап алады да, бірінен екіншісіне жеткізуге асығады.Өлеңді жатқа айту әсіресе, қазақ халқында үлкен өнерге саналады.
Өтірік өлеңдер. Өтірік өлеңдер қазақтың халықтық шығармаларында ертеден орын алған жанр. Мұның түп-нұсқасы әзіл-оспаққа, өткір-сынға құрылған. Сонымен қатар, мұнда қиыннан қиыстырылған тапқырлық және ойдың өткірлігі мен логиканың күштілігі ортаға түседі. Әсіресе, балалардың ақыл-өрісін кеңейтетін фантазиялық қиял пырағы кең шарықтауға дейін мүмкіндік береді. Өтірік өлеңдер балалардың ой-қиялын, дүниетанымын, өлең өнеріне деген ықыласын, қызығуын дамытады, қисынды ойлауға үйретеді, тілдік қорын молайтады.
Мазақтамалар юморлық уытымен баланың басындағы кемшіліктерді көрсетіп, сергектікке үйретеді.
Шешендік сөздер баланы сөз қадірін білуге үйретеді, ата-бабаны ардақтауға шақырады, философиялық, данышпандық ой мен өткір сөздің мән-мағынасын сезініп, терең ойлауға, тауып сөйлеуге құлшындырады, ой қисындарын кеңейтіп, сөз өнеріне қызықтырады.
Жұмбақтар. Халық балалардың ақыл-ойын дамыту үшін жұмбақ жанрын пайдаланады. Жұмбақтардың шешімін табу баланың зейін, ықыласын арттырады.
Жаңылтпаш. Халық баланың тілін ширату үшін, оған сөз үйретіп, дүниетанымын дамыту мақсатында жаңылтпаштар ойлап шығарған.
Санамақтар. Санамақтарды халық, негізінен, жас балаға сан үйрету мақсатымен шығарған. Санамақтар әрі дүние танытады, әрі баланың қисынды ойлауы мен есін, математикалық ойлау қабілетін дамытады
Ертегілер. Қазақ халқының тәлімдік тиімді құралдарының бірі-ертегілер. Ертегілер баланы қызықтырады, сөзді тыңдай білуге үйретеді, оның қиялын, есін дамытып, адамгершілік сезімін оятады, тілін ширатып, жан-дүниесін, мінез-құлқын қалыптастырады, дарын нышандарын өрнектейді.
Ертегілерді хайуанаттар туралы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, тұрмыс-салтқа байланысты ертегілер, батырлық ертегілер, күлдіргі ертегілер деп бірнеше топқа бөлуге болады.
Мақал - мәтелдер. Мақал - мәтелдер - халық творчествосының ең көне түрі. Мақалдар - нақыл, өсеит түрінде айтылатын философиялық ой түйіндері, сөз мәйегі. Мақалдар, көбінесе өлеңдік өрнекпен, сабырлы, салмақты ырғақпен айтылады, қара сөзбен,яғни шешендікпен айтылатын мақалдар да бар. Ал, мәтелдер, негізінен, тұжырымы тұспалы өлеңде сыңар тармақы, қара сөзде нұсқалы сөз етінде беріледі.
Ұсынылатын әдебиеттер: (1,2,6,7,9,10,14,15)
