Үлкен ми сыңарлары
Үлкен ми сыңарлары, hеmispheriа cerebralis, бір-бірінен бойлық саңылау, fissura longitudinalis cerebri, арқылы бөлінген. Әр ми сыңарының жоғарғы-латералды, медиалды, төменгі беттерін, төменгі-латералды, төменгі-медиалды, жоғарғы жиектерін және маңдайлық, самайлық, шүйделік шеттерін ажыратады. Төменгі-латералды жиектің бойымен, оның алдыңғы және ортаңғы үштен бір бөлігінің шекарасында үлкен мидың латералды шұңқыры, fossa lateralis cerebri, орналасады.
Адамның ми сыңарларының беттерінде, барлық жоғары сүтқоректілердегідей ұзындығы, тереңдігі және пішіні әртүрлі болып келетін жүлгелер, sulci cerebri, орналасқан. Жүлгелердің арасында үлкен ми қатпарлары, gуri cerebri, жатады. Ми қыртысының көлемін үлкейтетін қатпарлар саны мен жүлгелер тереңдігіне байланысты адамның миы басқа сүтқоректілердікінен айтарлықтай ерекшеленеді.
Ең терең үш жүлге: жоғарғы-латералды бетте орналасқан – орталық және латералды жүлгелер, медиалды бетте орналасқан шеке-шүйделік жүлге әр ми сыңарын төрт: маңдайлық, самайлық, шекелік және шүйделік үлестерге бөледі. Маңдайлық үлес, lobus frontalis, артқы жағынан шеке үлесінен орталық жүлге, sulcus centralis, (Роланд жүлгесі) арқылы бөлінеді. Орталық жүлге медиалды бетте, жоғарғы жиекке жақын басталып, оны кесіп өтіп, жоғарғы-латералды беттің ортасымен төмен және алға бағытталады да, латералды жүлгеге аз жетпей аяқталады. Бұл жүлгенің ерекшелігі еш жерде үзілмейді және фронталды жазықтықта орналасады. Самайлық үлес, lobus temporalis, жоғарынан маңдайлық және шекелік үлестерден латералды (Сильвий) жүлгемен, sulcus lateralis, (Sylvii) бөлінеді. Бұл жүлге үлкен мидың латералды шұңқырынан басталып, ми сыңарының төменгі-латералды жиегіне параллелді жүре отырып, артқа және сәл жоғары бағытталады. Шүйделік үлес, lobus occipitalis, шеке-шүйделік жүлгеден, sulcus parietooccipitalis, және оның жоғарғы-латералды беттегі шартты түрде алынатын жалғасынан артқа орналасады. Шекелік үлес, lobus parietalis, алдынан – орталық, артынан шеке-шүйделік, ал төменінен – латералды жүлгелермен шектелген.
Бұдан басқа әр ми сыңарында латералды жүлге тереңінде мидың кіші бөлігі – аралшық, insula, орналасады.
Ми сыңарларының жоғарғы-латералды беті.
Маңдайлық үлес, lobus frontalis. Орталық жүлгенің алдында және оған паралеллді жүретін орталықалды жүлгесі, sulcus precentralis, аттас қатпарды, gyrus precentralis, алдыңғы жағынан шектейді. Маңдайлық жоғарғы және төменгі жүлгелер, sulci frontales superior et inferior, орталықалды жүлгесінен басталып, алдыға қарай бір-біріне және ми сыңарының жоғарғы жиегіне параллелді жүреді. Бұл жүлгелер маңдайлық үлесті жоғарғы, ортаңғы және төменгі қатпарларға, gyri frontales superior, medius et inferior, бөледі.
Самайлық үлес, lobus temporalis. Самайлық жоғарғы және төменгі жүлгелер, sulci temporales superior et inferior, латералды жүлгеге параллелді жүре отырып, самайлық үлесті жоғарғы, ортаңғы және төменгі қатпарларға, gyri temporales superior, medius et inferior, бөледі. Самайлық жоғарғы қатпардың жоғарғы бетінде (латералды жүлгенің тереңінде) қысқа самайлық көлденең қатпарлар, gyri temporales transversi, (Гешль қатпарлары) ораласқан.
Шекелік үлес, lobus parietalis. Орталық жүлгенің артында, оған параллелді өтетін орталықарты жүлгесі, sulcus postcentralis, артқы жағынан аттас қатпарды, gyrus postcentralis, шектейді. Барлық шекелік үлес арқылы, шамамен оның ортасымен, жоғарғы жиекке параллелді өтетін шекеішілік жүлге, sulcus intraparietalis, аталған үлесті (орталықарты қатпардан басқа) шекелік жоғарғы және төменгі үлесшелерге, lobuli parietals superior et inferior, бөледі. Шекелік төменгі үлесшеде латералды жүлгенің шетін айналатын жиекүстілік қатпарды, gyrus supramarginalis, және самайлық жоғарғы жүлгенің шетін айналатын бұрыштық қатпарды, gyrus angularis, ажыратады.
Шүйделік үлес, lobus occipitalis, жоғарыда аталғандай шеке – шүйделік жүлгенің артқы жағында орналасады. Оның жүлгелері мен қатпарлары тұрақсыз және өзгермелі болып келеді.
Аралшық, insula, немесе аралшықтық үлес, lobus insularis, эмбриондық даму барысында, үлкен мидың латералды жүлге тереңіне енетін жоғарғы-латералды бетінің бөлігі болып табылады. Аралшық латералды жүлгенің жиектерін ашқанда ғана көрінеді. Ол ми сыңарының басқа бөліктерінен дөңгелек жүлге, sulcus circularis insulae, арқылы шектеледі. Оның бетінде, жүлгелер арқылы бөлінген аралшықтың ұзын қатпары, gyrus insulae longus, аралшықтың қысқа қатпарлары, gyri insulae breves, орналасады.
Ми сыңарының медиалды бетінде, facies medialis hemispherii, жекелеген үлестердің жүлгелері мен қатпарларынан басқа келесі құрылымдарды ажыратады.
Сүйелді дене, corpus callosum, – екі ми сыңарының біртектес бөліктерін бір-бірімен байланыстыратын, комиссуралық нерв талшықтарынан тұратын мықты дәнекер. Сүйелді дененің буылтығын, splenium, сабауын, truncus corporis callosi, иінін, genu corporis callosi, және төмен, артқа бағытталған құстұмсығын, rostrum corporis callosi, ажыратады. Құстұмсық төменгі жағында шекаралық табақшаға, lamina terminalis, жалғасады. Сүйелді дененің көлденең талшықтары ми сыңарларының тереңіне еніп, сүйелді дене тарамдарын, radiatio corporis callosi, түзеді.
Күмбез, fornix, сагитталды бағытта жүретін доғатәрізді екі ақ тәжден тұрады және сүйелді дене астында орналасады. Ол мидың ақ затына жатады және иіс сезу миының құрамына кіреді. Оң және сол күмбез орта тұсында бір-бірімен қосылып күмбез денесін, corpus fornicis, ал алдынан және артынан екіге бөлініп, алдыңғы жағында - corpora mammillaria-мен байланысатын күмбез бағанасын, columnae fornicis, ал артқы жағында күмбез аяқшасын, crura fornicis, түзеді. Күмбез аяқшасы таламусты айналып, оң және сол бүйір қарыншалардың төменгі мүйіздеріне өтеді де, гиппокамп шашағына, fimbria hippocampi, ауысады. Күмбез аяқшаларының арасында splenium corpopis callosi деңгейінде көлденең нерв талшықтары түріндегі күмбез дәнекері, comissura fornicis, түзіледі. Бұл дәнекер оң және сол гиппокамптарды қосады. Күмбез бағаналарымен, сүйелді дене құс тұмсығының аралығында алдыңғы дәнекерді, comissura anterior (rostralis), ажыратады. Бұл дәнекер оң және сол жақтағы алдыңғы тесіктелген затты және екі жақтағы гиппокамп жанындағы қатпарларды бір – бірімен қосады.Екі дәнекер де иіс сезу миына жатады.
Мөлдір қалқа табақшасы, lamina septi pellucidi, сүйелді дене мен күмбез бағанасының арасында тартылып тұрады. Бұл табақша бүйір қарыншаның бүйір мүйізінің медиалды қабырғасын құрайды. Оң және сол табақшалар бір-бірімен тығыз жанасып мөлдір қалқаны, septum pellucidum, түзеді.
Сүйелді дене жүлгесі, sulcus corporis callosi, сүйелді денені қоршап жатады, бұл жүлге төменгі жағында гиппокамп жүлгесіне, sulcus hippocampi жалғасады. Сүйелді дене жүлгесінен жоғары және оған параллелді белдеулік жүлге, sulcus cingyli, жатады, ол артқы жағында екіге: жоғары қарай кететін белдеулік қатпардың жиектік бөлігі, pars marginalis sulci cinguli мен шекеастылық жүлгеге, sulcus subparietalis, бөлінеді. Белдеулік және сүйелді дене жүлгелерінің аралығында белдеулік қатпар, gyrus cinguli, орналасады.
Белдеулік қатпар артқы жағынан сүйелді дене буылтығын айналып, белдеулік қатпардың қылтасын isthmus gyri cinguli, түзеді де, мидың төменгі бетінде гиппокампжанындағы қатпарға gyrus parahippocampalis, ауысады. Белдеулік қатпар қылта және гиппокампжағындағы қатпар үшеуі күмбездік қатпарды, gyrus fornicatus, түзеді.
Шеке-шүйделік және жүлге, sulcus parietooccipitalis пен белдеулік жүлгенің жиектік бөлігінің аралығында сына алды ,precuneus, орналасады. Ми сыңарының медиалды бетіндегі орталықалды қатпардың орталықарты қатпарына ауысатын аймағы орталықжанындағы үлесше ,lobulus paracentralis, деп аталады.
Шүйделік үлестің медиалды бетінде горизонталды бағытта терең топшылық жүлге ,sulcus calcarinus, өтеді. Ол шекеастылық жүлгеден басталып, ми сыңарының шүйделік шетінде аяқталды. Ми қыртысының топшылық және шеке-шүйделік жүлгелерімен шектелген бөлігі сына ,cuneus, деп аталады. Топшылық жүлгенің астында тілдік қатпар, gyrus lingualis, орналасады.
Соңғы үлкен мидың төменгі беті. Бұл беттегі негізгі анатомиялық құрылымдары «Миға жалпы шолуда» сипатталды. Үлкен мидың бойлық саңылауы мен иіс сезу жүлгесінің аралығында түзу қатпар, gyrus rectus, орналасады.Оның латералды жағында көзұялық жүлгелермен, sulci orbitalis, бөлінген бірнеше көзұялық қатпарлар, gyri orbitales, жатады.
Шүйделік және самайлық үлестердің төменгі бетінде, гиппокампжанындағы қатпарды, gyrus parahippocampalis, латералды жағынан шектейтін жанама жүлге, sulcus collateralis, өтеді. Гиппокампжанындағы қатпардың алдыңғы иілген шеті ілмек, unсus, деп аталады. Жанама жүлгенің латералды жағында шүйде-самайлық медиалды қатпар,gyrus occipitotemporalis medialis, орналасады. Бұл қатпарды латералды жағынан шүйде-самайлық жүлге, sulcus occipitotemporalis, шектейді. Осы жүлгенің сыртында шүйде-самайлық латералды қатпар, gyrus occopitotempralis lateralis, жатады. Үлкен мидың төменгі-латералды жиегі аталған қатпарды төменгі самайлық қатпардан бөліп тұрады.
