Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Оқулықтың түзетілген бөлімдері.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
126.8 Кб
Скачать

Алдыңғы ми

Омыртқалылар эволюциясында алдыңғы мидың, prosencephalon, дамуы басты екі фактормен: сезімталдықтың әртүрінің жетілуімен (алдымен ішкі ағзалық және иіс сезу, кейін көру, есту және т.б.) – бұл организмнің сыртқы ортамен байланысының жақсара түсуін қамтамасыз етті және омыртқалылардың құрғаққа шығуында үлкен маңызға ие болатын шартты рефлекстік байланыстардың дамуымен негізделеді. Құрлықтағы омыртқалылардың алдыңғы миының морфологиялық-қызметтік күрделенуі нәтижесінде ол: аралық ми және соңғы миға бөлінеді.

Аралық ми

Аралық мидың, diencephalon, келесі бөліктерін: таламустық миды, thalamencephalon, таламусасты аймағын, hypothalamus, және аралық мидың қуысы - ІІІ қарыншаны, ventriculus tertius, ажыратады.

Таламустық миға, thalamencephalon: 1) таламус немесе көру төмпесі, thalamus; 2) таламусүсті, epithalamus және 3) таламусарты, metathalamus, жатады.

Таламус (артқы таламус), немесе көру төмпесі, thalamus, сұр заттың жиынтығы, көлемі мен пішіні бойынша кептердің жұмыртқасын еске түсіреді. Оның бүйір қарынша қуысына қараған жоғарғы беті латералды жағынан шекаралық жолақ, stria terminalis, арқылы құйрықты ядродан бөлініп тұрады; алдыңғы жағы төмпешік, tuberculum anterius thalami, түрінде тарылған ал артқы кеңейген бөлігі жастық, pulvinar, деп аталады.Екі таламустың медиалды беттерінің ортасындағы саңылау түріндегі қуыс III қарынша деп аталады, бұл қуыста таламустарды байланыстыратын таламусаралық дәнекер, adhesio intertalamica, орналасады. Таламус пен гипоталамустың шекарасында жақсы байқалатын горизонталды гипоталамустық жүлге, sulcus hypotalamicus, өтеді. Бұл жүлге алдынан қарыншааралық тесіктен басталып, ортаңғы ми суқұбырының алдыңғы тесігінде аяқталады. Таламустың алдыңғы, латералды, төменгі және артқы беттерінің барлығы дерлік (жастықтан басқа) көрші аймақтардың милық затымен бітісіп кетеді. Жоғарғы және медиалды беттердің шекарасында таламустың милық жолағы, stria medullaris thalami, өтеді. Ол артқы жағында кеңейіп жүгеншік үшбұрышын, trigonum habenulae, түзеді. Таламуста 40-қа жуық ядролар бар, олардың ішінде алдыңғы, артқы, медиалды, латералды ядролар (nuclei anteriores, posteriores, mediales et laterales) мен торлы ядроларды (nucl.reticulares) ажыратады.

Таламустың ядроларының көбі соңғы мимен екі жақты байланысады. Жастық ядролары, латералды иінді дене ядролары және ортаңғы мидың жоғарғы төбешігінің ядролары көрудің қыртысасты орталықтары болып табылады. Медиалды ядроларда таламустың барлық басқа ядроларынан шығатын аксондардың бір бөлігі аяқталады. Сондықтан, таламус организмнің сыртқы және ішкі ортадан алатын барлық афферентті импульстерінің қыртысастылық негізгі орталығы қызметін атқарады.

Таламусарты аймағы немесе метаталамус, metathalamus, пішіні жартылай эллипстәрізді медиалды және латералды иінді денелерден тұрады. Медиалды иінді дене, corpus geniculatum mediale, таламус жастығының астында орналасып, ортаңғы мидың төменгі төбешігінің ядросымен бірге естудің қыртысастылық орталығы болып табылады. Латералды иінді дене, corpus geniculatum laterale, жастықтың төменгі-бүйір бетінде, көру жолының латералды шоғырының бойында орналасып, таламус жастығы ядросымен және жоғарғы төбешіктің сұр қабатымен бірге көрудің қыртысастылық орталықтары болып табылады. Сонымен, екі иінді дене жоғарыда көрсетілгендей ( «ортаңғы миды» қара) ортаңғы ми төбешіктермен байланысады.

Таламусүсті аймағына (эпиталамус), epithalamus, томпақ дене, жүгеншік, жүгеншік дәнекері, жүгеншік үшбұрышы және эпиталамустық (артқы) дәнекер жатады.

Томпақ дене, corpus pineale, аралық мидың жоғарғы қабырғасының артқы бөлігінен дамиды, көлемі кішігірім томпақ пішінді, жоғарғы төбешіктердің арасындағы ұңғылда жатады. Ол қызметі бойынша эндокриндік бездерге жатады. Томпақ дененің алдынан екі жіңішке нерв тәждері – жүгеншелер, habenulae, шығады. Олардың томпақ дененің алдыңғы шетінде бір - бірімен қосылатын жері жүгеншік дәнекері, commissura habenularum, деп аталады. Жүгеншелердің алдыңғы шеттері көру төмпелерінің жоғарғы және медиалды беттерінің шекарасында кеңейіп, әр жағынан жүгеншік үшбұрышын, trigonum habenulae, түзеді. Жүгеншік үшбұрышы алдыңғы шетінде милық жолаққа, stria medullaris thalami, жалғасады.

Эпиталамустық (артқы) дәнекер, commissura epithalamica (posterior), көлденең бағытта бір ми сыңарынан екіншісіне баратын, эпифиздің алдында және төмен жағында орналасқан нерв талшықтарының жіңішке (1 мм-ге дейін) сабағы. Ол ортаңғы ми суқұбырының алдыңғы тесігінің үстінде үшінші қарыншаның артқы қабырғасында орналасады. Жүгеншік дәнекері мен эпиталамустық дәнекердің аралығында томпақ дене ұңғылы, recessus pinealis, жатады.

Таламусасты аймағы (гипоталамус), hypothalamus, қызметтік мәні әртүрлі және эмбриондық шығу тегі бірдей емес құрылымдарды біріктіреді. Оған жұп емізіктәрізді денелер, сұр төмпе, құйғыш, гипофиз, көру жолы мен оның қиылысы жатады.

Емізіктәрізді дене, corpus mamillare, – артқы тесіктелген зат пен сұр төмпенің арасында орналасатын, жартылай шартәрізді жұп құрылым. Емізіктәрізді денелер мидың ақ затының қабатымен жабылған, ішінде иіс сезудің қыртысастылық орталығы болып табылатын ядро орналасады.

Сұр төмпе, tuber cinereum, – ортада орналасатын тақ құрылым. Алдынан сhiasma opticum және артынан емізіктәрізді денелер арасында жатады. Төменгі жағында қабырғасы жұқа, қуысты құрылым құйғышқа, infundibulum, жалғасады. Құйғыш жіңішкеріп барып гипофизге, hypophysis, жалғасады. Гипофиз қызметі бойынша эндокриндік жүйеге жатады. Сұр төмпе қуысы жоғарғы жағынан таламусаралық саңылаумен байланысып, екеуі бірге үшінші қарынша қуысын түзеді. Сұр төмпенің алдында көру қиылысы, chiasma opticum, орналасады. Оның алдыңғы және жоғарғы жағында фронтальды бағытта орналасып, сүйелді дененің құстұмсығына жалғасатын жұқа, шекаралық табақша, lamina terminalis, өтеді. Көру қиылысы, көру жолына, tractus opticus, жалғасады. Шекаралық табақшаға артынан – алдыңғы дәнекер, comissura anterior, жанасып жатады.

Гипоталамуста вегетативтік нерв жүйесінің симпатикалық және парасимпатикалық бөліктерінің қызметтерін реттейтін орталықтар - ядролар түрінде орналасады. Бұдан басқа ядролар үлкен ми қыртысы мен жұлынды бір-бірімен байланыстырып тұрады.

Үшінші қарынша, ventriculus tertius, эпендимамен қапталған жіңішке ортаңғы саңылау. Үшінші қарынша артынан ортаңғы мидың суқұбырымен, ал алдынан жұп қарыншааралық тесіктер арқылы оң және сол бүйір қарыншалармен байланысады. Үшінші қарыншаның алты қабырғасын ажыратады. Бүйір қабырғалары таламустардың медиалды беттерімен және меншікті гипоталамуспен түзілген. Оларды бір-бірінен таламусастылық жүлге, sulcus hypothalamiscus, бөліп тұрады. Меншікті гипоталамусқа ортаңғы мидың жамылғысы жалғасады. Алдыңғы қабырғасы шекаралық табақша, алдыңғы дәнекер және күмбез бағаналарынан түзілген. Күмбез бағанасы мен таламустың алдыңғы төмпешігінің арасында қарыншааралық тесік (Монрой тесігі), foramen interventriculare, орналасады. Бұл тесік арқылы III қарынша бүйір қарыншаларымен байланысады. Артқы қабырғасы тарылған, жүген дәнекерінен, артқы дәнекерден, оның астындағы ортаңғы мидың суқұбырынан түзіледі. Жоғарыда аталғандай, жүген дәнекері мен артқы (эпиталамустық) дәнекердің аралығында, эпифизге енетін кішкене томпақтық ұңғыл, recessus pinealis, жатады. Үшінші қарыншаның түбін chiasma opticum, tuber cinereum мен infundibulum, corpora mamillaria, substantia perforata posterior, жартылай pedunculi cerebri түзеді. Үшінші қарыншаның түбінде екі ұңғыл: көру қиылысы мен шекаралық табақшаның аралығында – көру ұңғылы, recessus opticus, және құйғышта –

құйғыш ұңғылы, recessus infundibuli, Жоғарғы қабырғасы үшінші қарыншаның тамырлы негізімен, tela choroidea ventriculi tertii, түзілген. Тамырлық негіздің құрамына мидың көлденең саңылауы арқылы сүйелді дене мен күмбездің астынан енетін, мидың жұмсақ қабығы және оның астында орналасқан эпителийлік табақша кіреді. Олардың ішінде тамырлы өрім, plexus choroideus ventriculi tertiі, жатады.

Соңғы ми

Соңғы ми, telencephalon, үлкен ми, cerebrum, мен оның дәнекерлерінен (сүйелді дене, алдыңғы, артқы және күмбез дәнекерлері) түзілген. Соңғы ми омыртқалылар миының эволюциясында соңынан пайда болып, ертеректе пайда болған барлық нерв құрылымдарының қызметін бақылауға алды. Ол мінез-құлықтың күрделірек түрлері мен организмнің үнемі өзгеріп тұратын сыртқы орта жағдайына бейімделуін және организмнің ішкі ортасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Үлкен ми, cerebrum, құрамына екі ми сыңары кіреді. Әрбір сыңардың құрамына олардың жамылғысы, pallium, (үлкен ми қыртысы), ақ зат, базалды (қыртысастылық) ядролар, бүйір қарыншалар және иіс сезу миы кіреді.