Ромбтәрізді ми
Ромбтәрізді ми көпіршігінен сопақша ми және артқы ми (көпір мен мишық) дамиды.
Сопақша ми
Сопақша ми, medulla oblangatа,(myelencephalon, bulbus cerebri) хордалылардың эволюциясында мидың көне құрылымдарының бірі болып табылады. Ол омыртқалылардың орталық нерв жүйесінің өмірлік маңызды бөлігі: онда қан айналымы, жұтыну, тыныс орталықтары және т.б. орналасады.
Пішіні буылтықтәрізді сопақша ми жұлынның жалғасы болып табылады. Оның төменгі шекарасы шүйделік үлкен тесіктің деңгейінде өтеді, ал жоғарыда және алдында орналасқан көпірден терең көлденең жүлге арқылы бөлінеді.Сопақша мидың алдыңғы, және артқы және бүйір беттерін ажыратады. Алдыңғы бетінде жұлынның аттас саңылауының жалғасы алдыңғы орталық саңылау, fissura mediana anterior, өтеді. Саңылаудың бүйір жақтарында дөңес пирамидалар, pyramides, орналасқан. Әр пирамиданың нерв талшықтарының, бір бөлігі қарсы жаққа өтіп, пирамида қиылысын, decussatio pyramidum, түзеді. Бұл қиылыс сопақша ми мен жұлынның шекарасы болып табылады. Пирамидадан сыртқа қарай, одан алдыңғы латералды жүлге, sulcus anterolateralis,(ventrolateralis), арқылы бөлінген, олива, oliva, орналасады. Сопақша мидың артқы бетінде жұлынның аттас жүлгесінің жалғасы артқы орталық жүлге, sulcus medianus posterior, өтеді. Одан сыртқа қарай орналасатын артқы жіпше бүйір жіпшеден артқы латералды жүлге, sulcus posterolateralis (dorsolateralis), арқылы бөлінеді. Артқы жіпше артқы аралық жүлге, sulcus intermedius posterior, арқылы жұлынның аттас будаларының жалғасы болып табылатын екі будаға: медиалды жіңішке буда, fasciculus gracilis, және одан сыртқа қарай орналасқан сынатәрізді будаға, fasciculus cuneatus, бөлінеді.
Жіңішке және сынатәрізді будалардың жоғарғы жағында - жіңішке және сынатәрізді будалардың төмпешіктері, tuberculum gracile et tuberculum cuneatum, түзіледі.Олардың ішінде аттас ядролар (nuclei gracilis et cuneatus) орналасады. Бұл ядроларда сәйкес будалардың жоғарылаған талшықтары аяқталады. Осы ядролардан шығатын талшықтар мен бүйір жіпшенің дорсалды бөлігі мишықтың төменгі аяқшасын, pedunculus cerebellaris inferior, құрайды. Мишықтың төменгі аяқшаларының аралығындағы, сопақша мидың бөлігі ромбтәрізді шұңқырдың төменгі бөлігін құрайды. Оливаның артында әр жақтың бүйір жіпшесінің аймағында тіл-жұтқыншақ нервінің, n.glossopharyngeus, кезбе нервтің , n.vagus, және қосымша нервтің , n.accessorius, ал пирамида мен оливаның арасынан тіласты нервінің, n.hypoglossus, түбіршіктері шығады («Бассүйек нервтерін» қараңыз).
Сопақша мидың ішкі құрылымы жұлынмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеше, бұл онда қозғалысты реттеп, бақылайтын орталықтың (оливалық ядро) және тыныс, қан айналым, зат алмасу орталықтарының (тіл-жұтқыншақ, кезбе нервтердің ядролары, торлы құрылым) пайда болуына байланысты. Сопақша мидың көлденең кесіндісінде (сурет) оның ақ және сұр заттардан тұратыны көрінеді. Оның төменгі бөлігінде оливалық ядро, n.olivaris, жатады. Бұл ядродан шығатын нерв талшықтарының бөлігі мишықтың төменгі аяқшасы арқылы мишықта, екінші бөлігі жұлында аяқталады. Оливалық ядролардың дорсалды жағында торлы құрылым, formatiо reticularis, орналасады. Сопақша мидың дорсалды бөлігінде бассүйек нервтерінің ІХ, Х,ХІ және ХІІ жұптарының ядролары (ромбтәрізді шұңқырды қара) мен жіңішке, сынатәрізді ядролар жатады.
Сопақша мидың ақ заты негізінен жоғарылаған және төмендеген өткізгіш жолдардан тұрады. Жоғарылаған өткізгіш жолдар (ауырсыну және температура сезімталдығы және т.б) сопақша мидың дорсалды бөлігі арқылы, төмендеген өткізгіш жолдар (пирамидалық жол) вентралды бөлігі арқылы өтеді. Нерв талшықтарының бұл, екі тобы да жұлынды бас миының жоғары орналасқан бөліктерімен байланыстырып, сопақша ми арқылы өтеді. Сонымен қатар, оливалық ядро мен торлы құрылымнан жұлынға қарай төмендеген және мишыққа жоғарылаған талшықтар шығады. Жіңішке және сынатәрізді будалар ядролары талшықтарының көп бөлігі қиылыс түзіп медиалды, ілмекке, lemniscus medialis, өтеді, ал бір бөлігі мишыққа барады. Сонымен, сопақша мида екі қиылыс: пирамидалар қиылысы және медиалды ілмек қиылысы, decussatio lemniscorum medialium, орналасады. («Орталық нерв жүйесінің өткізгіш жолдарын» қараңыз). Медиалды ілмек қиылысының үстінде артқы бойлық буда, fasciculus longitudinalis dorsalis, өтеді. Бұл буда ми сабауы мен жұлында орналасқан вегетативтік орталықтарды бір-бірімен байланыстырып, қызметтерін үйлестіріп отырады.
Артқы ми
Артқы мидың, metencephalon, құрамына вентралды орналасқан көпір, және дорсалды орналасқан мишық кіреді. Омыртқалылар эволюциясында көпір мен мишықтың түзілуі сүтқоректілерде күштірек дамыған статокинетикалық және есту қызметінің жетілуімен тығыз байланысты болды. Көпір мен мишықтың құрылымдық дамуы, үлкен мидың эволюциялық күрделенуімен қатар жүрді.
Көпір
Көпір, pons, (Варолий көпірі) мидың төменгі бетінде орналасқан көлденең жолақтанған жалпақ құрылым. Ол алдынан үлкен ми аяқшасымен, артынан – сопақша мимен шекараласады. Көпірдің бүйір жақтарының орта тұсында, одан, үштік нерв шығады. Ол, мишықтың ортаңғы аяқшалары, pedinculus cerebellaris medius, мен көпірдің шекарасы болып табылады. Көпір мен пирамида арасында әкететін нерв, n.abducens, ал сәл артқа және латералды бет нерві, n.facialis, мен кіреберіс-ұлу нерві, п.vestibulocochlearis, шығады. Көпірдің вентралды бетінің ортасынан аттас артерия өтетін базилярлық жүлге, sulcus basilaris, өтеді. Көпірдің дорсалды беті ромбтәрізді шұңқырдың жоғарғы бөлігін түзеді.
Көпірді көлденең кесіндіде алдыңғы және артқы бөліктерге бөледі, олардың шекарасы трапециятәрізді дене, corpus trpezoideum, деп аталатын көлденең орналасқан нерв талшықтары арқылы өтеді. Ол есту анализаторының талшықтарынан түзілген.
Көпірдің алдыңғы бөлігі, pars ventralis, немесе негіздік бөлігі, pars basilaris, бойлық төмендеген өткізгіш жолдардан және көлденең нерв талшықтарынан тұрады.
Бойлық талшықтар, көпірді үлкен ми қыртысымен байланыстыратын қыртыс-көпір жолынан, tr.corticopontinus, және ортаңғы жазықтыққа жақын шоғырлана орналасқан пирамидалық жол, tr.pyramidalis, талшықтарынан түзілген. Соңғысы үлкен ми қыртысынан қарсы жақтың бассүйектік нервтеріне баратын қыртыс-ядролық жолға, tractus corticonuclearis, жұлынның өз және қарсы жағының қозғалтқыш ядроларына баратын қыртыс-жұлындық алдыңғы және латералды жолдарға, tr.corticospinales anterior (ventraleis) et lateralis, бөлінеді. Қыртыс- көпір жолы көпір ядроларында, nuclei pontis, аяқталады. Бұл ядролардан басталатын көпір-мишық жолы, tr.pontocerebellaris, көпірдің алдыңғы бөлігінің негізгі массасын құрайтын көлденең талшықтар, fibrae pontis transversae, түзеді де, мишықтың ортаңғы аяқшасының құрамында өтіп, көпірді мишықпен байланыстырады.
Көпірдің артқы бөлігінде, pars dorsalis pontis, сопақша ми түзілісінің жалғасы болып табылатын торлы түзіліс; V,VI,VII және VIII жұп бассүйек нервтерінің ядролары («ромбтәрізді шұңқырды» қараңыз) орналасқан. Сонымен қатар үштік нервтің жұлындық, ортаңғы милық ядролары және кіреберіс ядроларынан басталып, көзқозғалтқыш, шығыршық, әкететін, қосымша нервтердің ядроларын қосатын медиалды бойлық буданың талшықтары орналасқан. Медиалды бойлық буда, fasciculus longitudinalis medialis, көз алмасы мен бастың үйлесімді қозғалысын қамтамасыз ететін, жоғарылаған және төмендеген талщықтардан тұрады. Көпірдің дорсалды бөлігінде негізінен жоғарылаған өткізгіш жолдар: медиалды және латералды ілмек, ауырсыну және температура сезімталдығының және т.б өткізгіш жолдар өтеді. Сонымен қатар төмендеген: қызыл ядро-жұлындық, төбе-жұлындық және торлы-жұлындық жолдар орналасады. Олар жұлынның сұр затының алдыңғы мүйізінің қозғалтқыш жасушаларында аяқталады.
Трапециятәрізді денені кіреберіс-ұлу нервінің (ҮІІІ жұп) ұлулық ядросы мен трапециятәрізді дене ядроларының жасушаларынан шығатын есту жолының талшықтары түзеді. Трапециятәрізді дене талшықтары көпірдің қарама-қарсы жағында латералды және жоғарғы жаққа иіліп латералды ілмек, lemniscus lateralis, деп аталатын жол түзеді («Есту ағзаларын» қараңыз).
Мишық
Мишық, cerebellum, бассүйектің артқы шұңқырында үлкен мидың шүйделік үлесінің астында, сопақша ми мен көпірдің үстінде орналасады. Ол тек сүтқоректілерде жақсы дамыған оң және сол мишық сыңарлары, hemispherii cerebelli, мен олардың арасында орналасқан, мишықтың ескі құрылымына жататын құртшасынан, vermis, тұрады.
Мишықтың бетінде оны жұқа, доғатәрізді иілген жапырақшаларға, folia cerebelli, бөлетін көптеген саңылаулар, fissurae cerebelli, өтеді. Олардың ішіндегі терең орналасқан саңылаулар мишықтың құртшасын – 8, сыңарларын – 5 үлесшеге, lobuli, бөледі. Олардың ең үлкені горизонталды саңылау, fissurа horizontalis, мишық экваторы бойынша өтіп, мишықты – жоғарғы, facies cerebelli superior, және төменгі беттерге, facies cerebelli inferior, бөледі. Мишықтың төменгі бетінде орналасқан, екі сыңардың арасындағы ұңғыл – алқапша, vallecula cerebelli, деп аталады.
Мишықтың филогенездік дамуы бойынша үш: 1) көне бөлігі, paleocerebellum, (жырым және түйінше); 2) ескі бөлігі, archicerebellum (құртша) және жаңа бөлігі, neeocerebellum (мишық сыңарлары) ажыратылады.
Мишық сыңарларының төменгі бетінде, ортаңғы аяқшаның артында, кішкене құрылым – жырым, flocculus, орналасқан. Ол құртшаның құрамындағы түйіншемен, nodulus, байланыста болады.
Мишық ақ және сұр заттан тұрады. Ақ зат – милық зат, corpus medularе, мишықтың тереңінде орналасып, ақ жолақ түрінде әр жапырақшаға кіреді. Сұр зат мишық қыртысын, cortex cerebelli, және ақ зат тереңінде орналасқан, мишық ядроларын түзеді. Мишық сыңарында – тісті ядро, nucl.dentatus, құртшада – тығынтәрізді ядро, nucl.emboliformis, шартәрізді ядро, nucl.globosus, және шатыр ядросы, nucl.fastigii, орналасады. Мишық орталық нерв жүйесінің көрші орналасқан бөліктерімен үш жұп аяқша арқылы байланысады.
Мишықтың төменгі аяқшалары, pedunculi cerebellarеs inferiores, мишықты сопақша мимен байланыстырады. Олардың құрамында жұлын-мишықтық артқы жол, олива-мишықтық жол, кіреберіс-мишықтық және т.б. жолдар өтеді.
Мишықтың жоғарғы аяқшалары, pedunculi cerebellares superiores, мишықты ортаңғы мимен байланыстырады. Олардың құрамында жұлын-мишықтық алдыңғы; мишық-таламустық және мишық-қызыл ядролық жолдардың талшықтары өтеді.
Мишықтың ортаңғы аяқшалары, pedunculi cerebellares medii, – арқылы көпір ядросынан мишық қыртысына баратын көптеген талшықтар өтеді. Бұл талшықтар үлкен ми жамылғысы қыртысының мишықпен байланысының екінші бөлігі болып табылады (сүтқоректілер эволюциясында мишық сыңарының үдемелі дамуы үлкен ми қыртысының және көпірдің алдыңғы бөлігінің дамуымен үйлесімді жүреді).
Мишықтың жұлын және мимен нервтік байланыстары, дененің қозғалысы кезіндегі бұлшықеттердің үйлесімді қызметін, яғни дененің тепе – теңдігін қамтамасыз етеді. Мишықтың бұл қызметі жоғары омыртқалылардың эволюциялық дамуы барысындағы қимыл түрлерінің жетілуінде шешуші роль атқарды. Сонымен қатар, мишықта вегетативтік нерв жүйесінің орталықтары орналасады.
