- •5. Дәріс кешені тақырып 1. Түрік әдебиеті
- •Ахмед Мидхат (1844-1913), түрік жазушысы
- •Ибрагим Шинаси (1826-1871), түрік ақыны
- •Жәлаләддин Руми
- •Жүніс Емре
- •Ерзурумлы Емрах
- •Рухсаты
- •Теврик Фикрет
- •Мехмет Эмин Йурдакул
- •Женап Шеһабеттин
- •Мехмет Акиф Эрсой
- •Зия Гөкалып
- •Яхия Кемал Бейатлы
- •Ахмет Хашим
- •Орхан Сейфи Орхон
- •Фарук Нафыз Чамлыбел
- •Ашық Вейсел Шатыроғлы
- •Юсуп Зия Ортач
- •Ахмет Хамди Танпынар
- •Ахмет Кутси Тежер
- •Ариф Нихат Азия
- •Нәжіп Фазыл Қысакүрек
- •Һусейін Ниһал Атсыз
- •Назым Хикмет
- •Жахит Сыртқы Таранжы
- •Зия Осман Саба
- •Рифат Ылғаз
- •Октай Рифат
- •Орхан Уәли Канак
- •Фазыл Хұсню Дагларджа
- •Әзиз Несин
- •Мелих Жеудет Андай
- •Бехчет Неджатигиль
- •Жахид Күлеби
- •Фахри Эрдинч
- •Суат Ташер
- •Сабахатдин Құдрет Ақсал
- •Неджети Жұмалы
- •Өздемир Асаф
- •Неузат Үстүн
- •Аттила Илхан
- •Мұстафа Бюлент Эджевит
- •Бәкір Сытқы Ердоған (1926 жылы туған)
- •Ахмет Әріп
- •Осман Түркай
- •Жемал Сүрея
- •Абдуррахым Каракоч
- •Сезан Каракоч (1933 жылы туған)
- •Йавуз Булент Бакилер (1936 жылы туған)
- •Эрдем Бейазит
- •Жахит Зарифоглы
- •Фетһуллах Гүлен (1941 жылы туған)
- •Нуруллах Генч (1960 жылы туған)
- •Сарай шайырларының поэзиясы
- •Орта ғасырлардың алғашқы ширегіндегі әдебиеті
- •Бәдәуи ақындарының лирикасы
- •Орта ғасырлардың алғашқы ширегіндегі проза
- •«Калила мен Димна» аудармасының дүниежүзіне таралу
- •Ежелгі дәстүрге оралу дәуірі
- •Әдеби синтез дәуірі
- •Жат жердегі жаңа әдебиет
- •«Еліктеу» дәуірі
- •Құлдырау дәуірі әдебиеті
- •Иран әдебиеті
- •Қытай әдебиеті
- •Қытай әдебиеті (Чиң дәуірінің әдебиеті)
- •Қытай әдебиет тарихындағы ең алғашқы өлең-жырлар жинағы
- •Жапон әдебиеті
- •Үнді әдебиеті
- •Түркмен әдебиеті
- •Әзірбайжан әдебиеті
- •Өзбек әдебиеті
- •4. Шыңғыс Айтматов
- •Қарақалпақ әдебиеті
Ибрагим Шинаси (1826-1871), түрік ақыны
Танзимат әдебиетінің құрылуын шартты түрде 1859-1860жж. байланыстырады. 1859ж. Стамбулдың кітап дүкендерінде жаңадан шыққан қызық кітап пайда болды. Ол бірден өзіне оқырмандардың назарын аударды. Кітаптың мұқабасында: «Өлеңдер аудармалары», – деп жазылған. Кітаптың авторы Ибрагим Шинаси (1826-1871) – жаңа түрік әдебиетінің негізін қалаушы, талантты публицист, ақын, драматург, қоғам қайраткері – ол түрік оқырмандарды Расин, Ламартин, Мюссе, Лафонтен, Гюго, Фенелон, Жильбер т.б. шығармаларымен таныстырды. Бұл өлеңдерде үйреншікті, түрік поэзиясының дәстүрлі бейнелері болған жоқ. Әдебиетті сүйгіш қауым өлеңнің еркін әрі бейімделгіш формасын, батыл бейнелерді бірден аңғарды. Түрік әдебиетінің тарихында И.Шинаси «жаңа әдебиеттің атасы» атағына ие болды. Түрік әдебиеті үшін «Еуропаға терезені» дәл И.Шинасидің өзі ашқан. Ескі әдебиет («диван әдебиеті») өзінің шегіне жетті.
Жас кезінде артиллерия капитанының ұлын И.Шинасиді ұлы уәзір Мұстафа Рашид-паша білімін жалғастыру үшін Францияға оқуға жібереді. Парижде болған кездерінде И.Шинаси Ламартин, Э. Ренан сияқты жазушылар, ғалымдармен жақын араласып, француз мәдениетінің құлай сүюшісі әрі насихаттаушысы болады. Өзінің әдеби қызметін И.Шинаси ақын ретінде бастайды. Рационалистік эстетика принциптеріне негізделген И.Шинаси поэзиясында оның ағартушылық идеалдары көрініс табады, ол танзимат реформаларын «ақылға сыйымды әрі қоғам үшін пайдалы» заң ретінде дәріптейді. Дәстүрлі бейнелілікті пайдалана отырып, ақын кей кезде өз өлеңдерін француз авторларының (Расин, Мольер т.б.) цитаталарымен немесе сөз орамдарымен «безендіреді»; диванға енген мысалдарда Лафонтен сюжеттеріне жүгініп, жергілікті дәстүрдің негізінде қайта жазады.
И.Шинасидің әдеби қызметі алуан түрлі. Оның ең көп жазғаны публицистикалық мақалалар, сонымен қатар ол аудармамен де айналысты, водевиль (комедия) жазып, тұңғыш түрік драматургі болды. Түрік авторлық драматургияның дүниеге келуі И.Шинасидің атымен байланысты. 1859ж. ол «Ақынның үйленуі» («Женитьба поэта») тұңғыш ұлттық комедиясын, баспадан шығарды. Сюжеттің фарстық табиғаты, композицияның ерекшеліктері, тілі және ең алдымен негізгі кейіпкерлердің іріктеліп алынуының (жас ақын, оның ақылды жолдасы, жеңгетай және имам) тікелей дереккөзі – дәстүрлі түрік театрында қойылған халық аңыздары. Бірақ парақор имамның фигурасы түрік клерикалды орта үшін пьесаға тыйым салуға сылтау болды. Ол сахнаға тек 1908ж. жас түрік революциясынан кейін ғана сахнаға шығарылды.
90-жылдары Түркияда шығып тұрған «Сервети-Фюнун» («Білімдер қазынасы») журналының төңірегіне көптеген жаңашыл ақындар топтасты. Олар табиғат, романтикалық әуенді махаббат, философиялық, көңіл-күй тақырыптарының аясында лирикалық өлеңдер жазатындықтарымен ерекшеленеді. Осылардың ішінде «Сервети-Фюнун» журналы арқылы халыққа кең танымал болған көрнекті ақын – Теврик Фикрет (1867-1915).
Түрік прозашылары бұл кезде француз жазушылары Золяның ағайынды Гонкурлардың, Флобердің, Мопассанның қаламгерлік мектебі дәстүрінде жазуды дағды етті. Француз прозасының осы үлгілі мектебінің әсерінен түрік жазушыларының шығармаларында да позитивистік философиясының басты сипаттары қалыптасқан.
70-80 жылдардағы әдебиеттің дәстүрлі даму мазмұнында романтизм, реализм, натурализм, импрессионизм көркемдік әдістерінің нышандары болды. Әрине еуропалық әдебиеттің ықпалын толық қабылдаған түрік әдебиетінде романтизм әдісі басымдық жағымен көрінді.
Жаңа түрік прозасының қалыптасу мазмұнында Халид Зияның (1866-1945) романдары оқырмандары арасында айрықша бағаға ие болды. Жеке бейнелерді романтикалық әуенге толы сыршылдықпен кескіндеген автор синтементальды-мемуарлық қалыптан реалистік сипаттау мен психологиялық талдауға шеберлікпен ауысып отырады. Бұл ерекшеліктер Золя және Гонкурлардың кейіпкерлердің жан дүниесіндегі құбылыстарымен бірге суреттейтін натуралистік мазмұнды шығармаларында байқалады.
Атап айтқанда, жазушының «Ферди және К», «Көгілдір және қара» атты романдарындағы романтикалық бояуы қанық шешімі әлеуметтік өткірлігімен айқындалады.
Түрік жазушыларының шығармаларындағы реализм бұл кезеңде қоғамдағы зиялы қауым, интелигенция ортасындағы тар шеңберлі әлеуметтік-тұрмыстық тақырыптарды жазуымен танылады. Бұндай сипатта жазылған жазушы Халид Зияның (1900) «Тиым салынған махаббат» романы – сұлу әйелдің трагедиясы. Осы есепке құрыла жасалған некенің бақытсыз құрбаны. Шығармада тұрлаусыз «ойнас махаббаттың» да басты кейіпкерлеріне толық дараланған мінездеме бере отырып, Ыстамбул шаһары тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінің шынайы бояуы мазмұнын суреттейді. Роман түркі әдебиетіндегі психологиялық талдауға құрылған шығармалардың тұңғышы, шығармадағы кейіпкерлер толық сипатындағы ұлттық шынайылығымен баурамаса да кейіпкерлер тағдырын бейнелеудегі реализмімен, романтизмімен жақсы әсер береді.
Бұл жылдардағы түрік әдебиетінде новелла жанры жақсы дамыды. Түрік прозашысы Рефик Халидтың «Ел туралы әңгімелер» атты кітабында түрік халқының тұрмыстық, күнделікті іс-әрекеттері сыншыл реализм аясында суреттелген. Алуан тағдырлы адамдардың тұрмыстағы ауыр тақсыретпен-тауқыметпен арпалысқан тіршіліктері айқын бояуларымен беріледі. Мысалы, аштықтан өлгендер, бойкүйездік жайлаған ортадағы адамның іштей қайта жаңғыра сілкінуі т.б.
70-80 жылдары дидактикалық мазмұндағы новеллалар мол болса, ХІХ ғасырдың соңына қарай композициясының, кейіпкерлерінің, сюжетінің шеберлікпен жазылғандары пайда болды. Мысалы, Халид Зияның психологиялық новеллалары адамдық мінез-құлықтың әртүрлі қырларын тереңдей суреттеуімен жаңа жанрдың бастауы болды. Түрік әдебиетіндегі осы жақсы дамығанжанрдың ең басты олқылығы батыс әдебиетінің ықпалының шеңберінде ғана дамығандығы. Шынайы, нағыз түріктің ұлттық новелла 1908 жылдан бастап пайда болды.
1908 жылы буржуазиялық революция Түркияның ұлттық тәуелсіздігіне, демократиялық міндеттерге байланысты мәселелерді шеше алмады. Дегенмен, осы революцияның әсерімен елдің қоғамдық өмірінде жанданушылықтар нышандары сезілді.
Түркияның ұлттық реалистік әдебиетінің дамуында да халықтың өткен тарихи мен қазіргі жағдайды байланыстыруға тырысушылық байқалды. Жас, талантты ақындар Фарук, Нафыз, Орхан Сейфи, Юсуф Зия және т.б. халықтық байырғы шығармашылық мұраларды игеруге айрықша ден қоя кірісті. Олар араб, парсы тілдеріндегі өлеңдерге сәйкес ырғаққа негізделген метрикалық өлшемдегі «арузды» түрік поэзиясынан алып тастауды ұсынды. Осындай жас таланттардың күш – жігерінің арқасында түрік халқының ежелгі фольклорынан бері сақталып келе жатқан «хедже» буындық өлшемін қайта жаңғырта енгізді. Қайта жаңғырған түрік поэзиясында халықтық бейнелеу, көріктеу айшықтарына толы халық тілінің әуендері естіле бастады. Халық ертегілерінің сарындары «хедже» өлшем өріміндегі ақындардың өлең – пьесаларына енді. Бұл жаңа дәстүр – түрік поэзиясына халықтың ән – жырлық фольклорының жалынды қуатын сіңірді. «Хедже» өлшемін кең қолдану көркем бейнелер жасауда, сөз байлығын, өлеңнің ұйқасы мен ырғағын жаңғыртуда шешуші роль атқарды.
Түрік поэзиясында бұл кезде декаденттық сарындағы ақындар да болды. Мысалы, Яхья Кемал (1884-1959) түріктің классикалық әдебиетін жаңғыртқысы келді.
Түрік поэзиясындағы символизмнің негізін қалаушы – Ахмет Хашим (1885-1933). Оның поэзиясында француз ақындары поэзиясының ықпалы айрықша байқалды. Ахмет Хашим поэзиясында түсінуге қиын өрнектер, күрделі поэтикалық образдар үлгілері жасалған. Өзінің шығармашылық ішкі жан – дүниесін ол символдық бейнелеуде метафоралық көркем баламаларды, әуездік өрім - өшімдерді қолданды. Ақынның өлеңдік өрімді, поэтикалық тіл ажарлылығын арттырудағы жаңшылдығы – түрік поэзиясына соны серпін әкелген жаңалықтар. Түрік поэзиясының бұл кезеңдегі көрнекті тұлғаларының бірі – Фикрет. Түрік халқының демократиялық – гуманистік пікірдегі бұл перзенті шығармаларында халық тұрмысының ең шынайы, реалистік бояуларын бере білуімен ерекшеленеді. Кедейшілік тауқыметін тартқан бұқара өмірін «Балықшы», «Сырқат бөбек» т.б. өлеңдерінде азаматтық толғаныстарымен жырлады. Ал, заманының қайшылықтарына арналған азаматтық үнін «Мерекелеу», «Тұман» атты өлеңдерінде аллегориялық пернелеу тіл өрнегімен көрсетті. Ақынның туған халқына, туған Отанына деген сүйіспеншілігін, халқының болашағына арналған сенімін жырлауы – түрік поэзиясындағы романтикалық сарындағы дәстүрдегі ақындар үшін үлгі болды. «Халықтың дәптері» атты жыр жинағында осы романтикалық сарындар азаматтық шынайы парасаттылықпен толыға жырланды. 1908 жылы саяси - әлеуметтік өзгерістерден кейін Фикрет поэзиясындағы романтикалық бейнелеулер енді философиялық ойшылдыққа ұласты.
ХХ ғасырдың бас кезінде түрік әдебиетіндегі сатиралық шығармашылықтың белсенділігі өткір үнмен естіле бастады. Бұл кезде Түрік елінде сатиралық журналдардың көп тиражбен шығарылуы ерекше қарқын алды. Бұл журналдардың беттерінде бұрынғы классикалық үлгідегі сатиралық шығармашылықдәстүрінің жаңғырған жаңа түрлері өлең, әңгіме, очерк жанрларында жарияланды. Халық тұрмысының жаңару жолына түскен ақын – жазушылар өзара сын аясында пародия, эпиграмма жанрларын жазуда айрықша белсенділік танытты.
Түрік әдебиетіндегі сатира жанрының ерекше даму мазмұнында көрнекті қаламгер Омер Сейфеддиннің (1884-1920) есімі айрықша дараланып тұрды. Жаңарған реалистік мазмұндағы түрік әдебиетіндегі новелла жанрында өндірте жазған оның шығармаларынан өзіндік ерекшеліктер байқалады: сезімге толы лиризм, философиялық, сатиралық азаматтық әуендер, гротескілік – памфлеттік өткірлік т.б.
Назым Хикмет Ран шығармашылығы.
(1902-1963)
Назым Хикмет – түрік әдебиетінің көрнекті тұлғасы, түрік революциялық поэзиясының негізін қалаушы. 1918 жылы КССРО-ға келеді, Бакуда болады. Мәскеудегі Шығыс халықтарының коммунистік университетінде оқиды.
1938 жылы соғыс қызметкерлерін көтеріліске шақырғандығы үшін әскери – соғыс трибуналы Назым Хикметті 15 жыл, одан кейін тағы да 13 жыл түрмеге отыруға үкім етеді. Бірақ Ғ. Мүсірепов айтқандай: «Бірақ халыққа арналған өмір жыры өшкен жоқ, өрши берді, еңбек жұртының жүрегіне, ойына тарады, студенттердің қойнына, солдаттардың қонышына түсті. Хикметтің тиым салынған шығармалары офицерлердің чемодандарынан да табылды».
36 жастағы ақынға Бурса қаласындағы түрмеге түскеннен кейін тағы да 27 жылдық түрме жазасы қосылды. Сонымен отыз алтыдағы Хикмет ақын табандатқан елу бес жыл түрмеде отырып, тоқсан бір жасында түрмеден құтылмақ еді.
Назым Хикмет 1950 жылы шілде айында түрмеден босатылды.
Назым Хикметке Бейбітшілікті жақтаушылардың дүниежүзілік екінші конгресінде агрессияға қарсы жазылған әдеби – шығармашылық еңбектері үшін Халықаралық Бейбітшілік сыйлығы берілді. Ол дүниежүзілік бейбітшілікті қорғау Кеңесінің бюро (1950) және Президиум мүшесі (1950).
Жаңару, өркендеу жолындағы тәуелсіз мемлекет Түркияның ұлттық әдебиетінің дамуында, әрине, Назым Хикмет шығармашылығы - өзіндік өрнекті мұра. Олай дейтін себебіміз, оның шығармашылық өмірбаяны күресшіл, революцияшыл мазмұнға құрылды. Көркем шығармашылық әлемдегі көркемдік әдістер, романтизм мен реализм әдістерін егіз қолдана жазған, халқын сүйген талай – талай ақындар шығармашылығынан біз осыны танимыз. Үндістанның ұлы ақыны Рабиндранат Тагордың, 1922 жылға дейін Иранда өмір сүрген иран–тәжік әдебиеттерінің ақыны Әбілқасым Лахутидың, қазақ ақындары С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтің, Қ.Аманжоловтың және қазіргі әңгіме арқауындағы ақын Назым Хикмет шығармашылығынан біз осындай ерекшеліктерді танимыз.
Назым Хикмет - әдебиет тарауындағы ұлы ақын. Сонымен қатар ол – көркем прозашы, драмматург, киносценарииші.
Шығармалары (жарияланған кітаптары):«Күн нұрына суарылғандар жыры» (1928), «835 тармақ» (1920), «Даусын жоғалтқан қала» (1931), «Адамдық кеңістік» (1941 – 61 ж.ж. Бұл түрік тілінде 1966-67 жарияланған эпопея), Драмалық шығармалары: «Елеусіз қалған есіл ер» (1935); «Дарақы» (1955)...т.б.
Назым Хикметтің шығармашылығы әдеби тек жағынан лирика, эпос, драма түрлерін түгелдей қамтиды.
Назым Хикметтің әлемдік сөз өнеріндегі негізгі тұғыры – ақындығы. Ақынның лирикалық шығармашылық құдіретін әлемге танытқан ерекшелік – туған елін Түркияны, Анадолы жерін, Ыстамбулды, дүниежүзінің еңбекшілерін азаматтық, гуманистік жүрекпен жырлағандығы Хикметті түсіну үшін лирика табиғатына үңілу керек. «Лирика...шындықты адамның ішкі көңіл – күйіне бөлеп, ойы мен сезіміне астастыра суреттейтін терең психологиялық шығармалардың түрі»... «Ақынның көңіл – күйі әрқашан өзі өмір сүрген қоғамдық ортаның хал – жайына байланысты, өзін қоршаған шындықтың саяси - әлеуметтік сырымен сабақтас. Ол қуана шалқыса да, жабырқай толғанса да, - сол өз кезінің шындығы мен сыры жатады...
... «Лириканың бас қаһарманы – ақынның өзі. ...Өлеңді жазған адам оқыған адамға айналып, ақын мен оқырманның көңіл – күйлері бір – біріне ұштасып, бірігіп, біте қайнасып кетеді...
Сонда ақын көкірегіндегі сезім –оқырман сезімі, ақын көңіліндегі сыр – оқырман сыры болады да шығады» (Қабдолов З. Екі томдық таңдамалы шығармалар. А., Жазушы. Т.2. 315-316, беттер) Бұл айтылған тұжырымдарды Н. Хикмет жырлары арқылы түсінеміз. Н. Хикметтің лирикалық шығармашылығын өлең тарихындағы қалыптасқан жіктеулер тұрғысынан саяси лирика, философиялық лирика, тарихи лирикасы, махаббат лирикасы түрлерінде қарастыруға болады.
Назым Хикметтің саяси лирикасына мынадай өлеңдері жатады: «Лидия Ивановамен сырласу», «Сендердің қолдарың хақында һәм жалғандық жайлы өлең», «Мадрид қақпасы алдында», «Шығыс адамы және СССР», «Үміт», «Сені ойлаймын», «Құрыш білектер», «Аштар», «Қайран он тоғыз», «Бес тәулік ашыққанда», «Мұнайстанға саяхат», «Мен түрмеге түскенде», «Ешбір ағаш берген жоқ мұндай ғажап жемісті», «Әлем, достар, жаулар, сен және жер», «Поль Робсонға», «Айқас» және т.б.
Ақынның саяси лирикасынан адамзаттың бақыты жолындағы күреске өмірін арнаған лирикалық қаһарманның асқақ мұраттары жырланады. Құрлықтарды мекендейтін барлық нәсілдегі адамдарды сүйетін гуманистік бауырмал үні шынайы қалпымен естіледі:
Африка не Азиядан,
Не таяу Шығыс елінен.
Не Қиыр Шығыс,
Не Тынық мұхиттың шегінен.
Қай тараптан да бол, мейлің,
Планетаның халқының төрттен үш бөлігі,
Бәрі де маған бауырлас туған ел деймін.
(«Сендердің қолдарың хақында»)
Ал, «Өлген қыздың елесі» жырында Хиросимадан басталған атомдық зұламатқа қарсылық үнін танимыз. Мәңгілік апат, қырғын атаулыға жаны түршіге қарсы жырлаған ақынның күрескерлік жырының қуаты айқын.
Философиялық лирикасына жататын мынадай өлеңдері бар: «Мәмедке жазылған соңғы хат», «Абақтыда отыратын адамға айтар ақылым», «Абақтыдан босағанды», «Өлім туралы», «Доктор Фаустың үні», «Трамвайдағы түнгі серуен», «Өсиет», «Келе жатқан адам», «Үнсіздік», «Темір тордағы арыстан», «Қош келдіңіз», «Кешірім», «Жүрегім менің мұнда емес», «Түрмеде отыратындарға бірнеше кеңес», «Қатардағы солдат өлімі» және т.б.
Ақынның философиялық жырларынан оның гуманистік – ойшылдық дүниетанымының көңдігі барынша айқын көрінеді.
Ақын мәңгілік ұлы қозғалыстағы осынау ғажайып тіршіліктің күреске, жеңіліске толы қат – қабат қайшылықты мазмұнына жыр арнайды. «Өлім туралы» деген өлеңінде бұрын қайтыс болғандардың рухымен сырласады. Өлімнің ерте ме, кеш пе әйтеуір бір келетініне мойынсұнған ақын жандүниесінің иманды қалпы айқындалады:
Бір тылсым түнек дәл жаныма кеп,
Тұр маған қазір шүйіліп.
Шоламын салғырт дүниені,
Сақтанбаймын да сүйеніп,
Сұрланбаймын да күйініп...
«Керімге ұқсап» өлеңі – романтикалық – философиялық қуатпен, шабытпен өрілген шығарма.Өлеңдегі лирикалық қаһарман ақын – кейіпкер - өмірдегі күрескерлік-ғашықтық сапаларымен суарылғандардың өкілі. Шығыс халықтарының аңызда ғашықтықтан жалынға айналып, өртенген кейіпкердің (Керімнің) романтикалық тағдырын шартты түрде арқау ете отырып, ақын жалынды, жарқын өмір сүру ұғымын ұсынады:
Жанғым келед Керімдей боп,
Керім қалай жанса бұрын.
Жанам сондай мен де бүгін
Сен жанбасаң,
Мен жанбасам
Біз жанбасақ,
Кім жанады? ...
(Кітапта: Назым Хикмет. Өлеңдер, Қазмемкөрәдбас. А., 1952, 71-72-беттер).
Назым Хикметтің махаббат лирикасына қатысты да біраз өлеңдері бар. Мысалы, «Ыстанбұлдан келген хат», «Абақтыдан жолданған хаттар», «Қош келдің жарым», «Кербездің көлеңкесі», «Сол басым, сол жүрегім», «Отырмын жерде» т.б. Ақын махаббат тақырыбындағы жырларында лирикалық кейіпкер- өзінің сезімдік тебіреністерін, толғаныстарын сүйген жарға арналған көңіл арнаулары арқылы анық жеткізеді. Ақын ұғымындағы сүйген жар туған өлкесіне, Отанына, халқына арналған перзенттік махаббатымен бір тұтас қалыпта жырланады. Сүйген жарға деген махаббат сағынумен, аңсаумен ғана көрікті. Бұл – ғашықтық ғаламатының мәңгіден келе жатқан дәстүрі. Назым ақын махаббатынан да осындай дәстүрлі сарын есіп тұрады:
І. Сені ойлаудың өзі маған,
Өшпес үміт сүйіктім.
Ару әннің кәусар сазын тыңдағандай
Әсерленем ұйып тым...
2. ...Көк көйлегің, ақ білегің тұрады көз алдымда,
Сол бір нұрлы шағыңда сен
Жүрегімде қалдың да
Көз алдымда қолаң шашың есіледі жібектей
Өзіңді ойлап толғану да,
Қаламымды қолға алу да
Жан дауасы
3. Сен көктемгі зеңгір көк,
Көрдім сәулем
Жанарыма жылы ұшырап барасың,
Айдалаға алау жақтым
Түн түнегін түрдім мен...
Сен алаусың
Жұлдызды аспан аясында лаулаған
Созған қолым, сәулем, саған еркін жетіп тұрмын мен.
Адамдармен бірге жүрсем-
Баршасына ғашықпын,
Ой мен ісін
Көңілімде сақтасам деп асықтым.
Мен күресті қалап алғам
Бұл өмірде аяулым
Күрестерде серігім – сен,
Қадіріңді жас ұқтым...
(Назым Хикмет. Таңдамалы. Ауд. Қ.Жұмағалиев. А., Жазушы, 1975, 41,43,48-беттер).
Назымның табиғат лирикасы оның теңіз, Анадолы аймағы туралы жырлардан құралады. «Теңіз», «Жалын атқан жанартау», «Каспий теңізі», «Теңізші жыры», «Анатолия романтикасы» және т.б. жырларынан ақынның туған жер табиғатынан шабыт қуатын алатындығын аңғарамыз. Ақынның табиғат лирикасында теңізді жырлау басым. Жалпы, күрескер ақын атаулының жырлары да теңіз мінездес емес пе? Түркия мемлекеті, оның ішінде Ыстанбұл шаһары – бірнеше теңізбен көмкерілген мекен. Әлемдік ұлы мұхиттарға ұласатын бұл теңіздер ақын жырында бірде момақан жым – жырт, бірде аласұрған асау. Осындай сан құбылған теңіз мінезін суреттеудегі ақын жырларының кейіптеушілік бейнелілігіне кездесеміз:
Түксиген, іркес-тіркес тау шыңдары
Лезде арқа бетте таусылды, әні...
Жел есті теңіз лебін ала қашқан,
Бізге теңіз көзімен қарады аспан...
Көкпеңбек әуенің де түсін ашқан.
Теңізбен сол сәт оқыс ұшырасқам...
Тыпыршып жатыр екен
Гаваньдағы
Қаптаған көп кеменің пысы басқан...
Оттай ыстық ұшырап бірден көзге
Көкжиек боп қарсы алды
Көзін сүзіп...
(Кітапта. Назым Хикмет. Таңдамалы, Ауд. Қ.Жұмалиев. А., Жазушы, 1975, 100-бет).
Назым Хикмет лирикасының көркемдік кестелері өзіндік мәнерін танытады. Назым Хикмет – түрік поэзиясында жаңа ырғақтар, еркін өлеңдер үлгілерін қолданған ақын. Әрине, ол халықтық ежелгі дәстүрлі үлгілерден бас тартқан жоқ.
ХХ ғасырдың бас кезінде түрік әдебиетінің талантты ақындары Фарук Нафыз, Орхан Сейфи, Юсуф Зия және т.б. Халық әдебиетіндегі ежелгі үлгілерді белсенді түрде жаңғырта қолданды. Олар араб, парсы классикалық әдебиетіндегі ырғаққа негізделген метрикалық өлшемдегі «арузды», түркі халқының ежелгі фольклорынан бері сақталып келе жатқан «хедже» үлгісін, яғни буындық өлшемін қайта жаңғыртқан еді.
Назым Хикмет өлеңдері де осы буындық өлшем жүйесінің ежелгі дәстүрінің жырлануы.
Ақын лирикасындағы теңдеулер де, эпитеттер де бейнеліліктің сан қилы өрнектерін көрсетеді. Мысалы, мынадай эпитеттік бейнелі тіркестер кездеседі:
І. Көгілдір көз қарындасым,
Қимасым
Жағалаудан жаутаң қағып қарайсың сен...
2. Көкше бұлттар
Алтын күмбез
Қызыл мұржа
Ақ мұнара үстімен қалқиды...
(«Сені ойлаймын» өлеңінен)
3. Құрыш білектер бұрқанса,
Арайлы таң да нұрланар.
Ай жүзді, жарқын адамы
Һәм дана,
Һәм ер шыңға асқан
(«Құрыш біектер» өлеңінен)
4. Оқтай түзу аяқ қандай
Тас көпірде отты еріндер мені сүйіп оятқандай.
Жалт қарасам
Алма мойын
Найза кірпік
Тұр арманым...
Ақын құбылту (троп) түрлерін, оның ішінде ауыстыруды (метафора) кейіптеуді, астарлауды (символды), кекесінді (иронияны), мысқылды (сарказмді) мол қолданады. Мысалы ауыстыру (метафора) мағынасындағы мынадай баламаларға кездесеміз:
Сен – көктемгі зеңгір көк,
Сен – алаусың...
Сен – алқапсың құнарлы
Сен – ақ қағаз
Сен - ән
Мен – ішек
Мен – түстіктің желең желі
Мен – тасбұлақ
Сен – дәруіш, кәусарынан нәр алған...
Мен көлденең көк аттымын
Сен – бір тұнық сезімсің
Анатолия тауында өскен дара шынар өзіңсің.
(Хикмет Назым. Таңдамалы... 36-58-беттер).
Назым Хикметтің өлеңдерінде айшықтау (фигура) сөз қолданыстардың арнау, қайталау, дамыту, инверсия (сөз ауыстыру) эллипсис (сөз тастап кету), егіздеу түрлері (психологиялық, синтаксистік) де кездеседі.
Назым Хикмет шығармашылығындағы дастандарын, драмалық шығармаларын оқып-үйрену - өзіндік бір мектеп. Ал, оның прозалық шығармаларының ішінде балаларға арнап жазғандарының тәлім – тәрбиелік маңызы үлкен. Ол фольклордағы аңыздық – ертегілік ауызша әңгімелерді авторлық шеберлікпен, шығармашылық шешіммен қайта қарап ертегі - әңгімелер жазды. Мысалы: «Үш жігіт жайындағы хикая», «Пұтхана мен дана шал жайындағы хикая», «Қыз сүйген бұлт», «Әллем – Кәллем», «Кел – Оғлан мен түлкі», «Тоқымашылар», «Жолбарыс пен мысық», «Жер астындағы бүркіт», «Қызыр», «Кемпір мен түлкі», «Соқыр патша».
Адамды, оның ішінде жастарды тәрбиелеу үшін ертегілік жанрды бүгінгі уақыт тынысына бейімдеп, жазушылық – ұстаздық көңілмен қайта жазып шығу - әлем әдебиетіндегі бар дәстүр (Мысалы, Андерсен, Пушкин, Ыбырай т.б.)
Назымның прозалық шығармаларының ішінде нақыл жанры да бар. «Сен жас ағаш сияқтысың» (ұлына арнауы), «Өз мысығымды жақсы көрем», «Ағаштың екі түрі», «Балалық белгісі», «Шағалалар» деген нақылдарында автор адамдық саналы өмірдің философиялық тереңдіктері, қайшылықтары хақында толғанады, мәнді тұжырымдар жасайды. Мысалы, «Балалық белгісі» нақылындағы толғаныстар түйінінің, тағлымының тәрбиелік әсері ерекше: «Өзінің балалық шағының барлық белгілерін әбден жоғалтқан жан жапырақ жаю мүмкіндігімен біржола айрылып қуарған ағаш сияқты. Мұндай ағаш мүмкін терезе, есік жақтауларына немесе отынға жарап қалар. Бірақ енді оған еш уақытта да бір, тіпті, құттай да болса жапырақ шығуы мүмкін емес» (Хикмет Назым. Қыз сүйген бұлт. А., «Жазушы», 1974, 125-бет).
Назым Хикмет - әлем әдебиетіндегі көрнекті тұлғалардың бірі. Революциялық – романтикалық, реалистік ақындығындағы, саяси лирикасындағы тақырыптары қазақ поэзиясындағы Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов, кейінгі Мұқағали жырларымен үндеседі. Ал, қазақ әдебиетіндегі бір шоғыр қаламгерлер Назым Хикмет шығармаларын қазақ тіліне аударды. Өлеңдерін Ж.Саин, Т.Жароков, Қ.Жармағамбетов, Ж.Сыздықов, Т.Әлімқұлов, Ж.Молдағалиев т.б. аударған.
Прозалық шығармаларын Ә.Нұрпейісов, Ә.Омаров, ал «Елеусіз қалған есіл ер» пьесасын жазушы З.Қабдолов аударған.
Назым Хикмет қазақ және басқа түркі халықтары әдебиеттерімен болатын әдеби байланыстардың нығаюына өте ықыласты болған жан. Қазақ жазушылары Ғ.Мүсірепов, Н.Ғабдуллин ақынның интернационалист, гуманист тұлғасы хақында мақалалар жазды.
Ғ.Мүсірепов Назым Хикметтің 1952, 1969 жылдары қазақ ақындарының аударуында жарияланған кітаптарына алғы сөз – мақалалар жазды. Ал, жазушы-ғалым Нығмет Ғабдуллин «Ташкентте табысқанда» атты әңгімесінде 1958 жылғы Ташкентте өткен Азия – Африка қаламгерлерінің мәслихаты кезінде Назым Хикметпен болған дидарласу туралы жазды. («Қазақ әдебиеті» газеті, №43. 24 октябрь, 1958 жыл).
Ақын – ұлтының, сол арқылы бүкіл азаматтың перзенті. Жаны кеудесінен шыққанмен ақын рухы туған жерінің топырағымен, ауасымен бірге мәңгі жасайды, Назым Хикмет те «Өсиет» атты өлеңінде туған өлкесінің топырағында мәңгілік ұлы ұйқыдағы болашағын да мұңлы, романтикалық сезім әуендерімен береді:
Ән тербеп, шалқар атырап шын тебіренген кезінде,
Жатармыз үнсіз, тілсіз, бір, сұлулықты әсте сезінбей.
Жатармыз жым – жырт кесіліп, төрінде туған өлкенің,
Еш дәурен болмай естуге,
Көрерге болмай көзің де...
(Хикмет Назым. Таңдамалы. А., 1975, 117-бет).
Назым Хикмет шығармашылығы туралы бағалауда замандық көзқарастарда іркілістер бар. Бірақ қазақ поэзиясының тұтас бір буыны сүйіп оқыған ақынның мұрасын толық оқып – үйрену – сөз өнері тарихын игерушілер үшін пайдалы істердің бірі. Ақынның азаматтық тұлғасы уақыт өткен сайын әрқилы көзқарастар талқысына түскенмен адамзат бақыты үшін арпалысқан қайсар үнінің өшпейтіні анық. Лирикалық кейіпкер – Ақын мұратының аласармайтынына оның жырларына оралған сайын сезінеміз. Мысалы, «Ақын» өлеңіндегі жолдар соның айғағындай:
Ақынмын мен
Шар болатша үн – демім,
Жай түсірер жапсарына үйлердің,
Менің көзім көрінім жерден көреді,
Қос қоңыздың қосақталып жүргенін...
Ақынмын мен
Білем жырдың жайын да
Жылтыраққа құмар емес жаным да...
Ақынмын мен,
Жыр арқауын өрмегін
Күзгі тамған тамшыдан көп өргенмін.
(Хикмет Назым. Өлеңдер, А., 1952, 13-бет)
Түрік әдебиетінің ХХ ғасырдың орта шеніндегі әдеби даму мазмұнындағы шығармашылық тұлғалардың барлығы дерлік әлем әдебиетіндегі тақырыптық, жанрлық жаңалықтарға үндесе білді. Ұлттық мұралардың ежелгі халықтық сілемдерін уақыт тынысына ұштастыра білген қаламгерлер жаңа түрік әдебиетінің қалыптасуына игі ықпал етті.
