Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Шыгыс дарис.docx
Скачиваний:
5
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
417.25 Кб
Скачать

Түркмен әдебиеті

Дәрістің мақсаты: Студенттерге түркмен әдебиетінің өзінің қайнар бастауларын бүкіл түркі тілдес халықтарға ортақ әдебиет – ежелгі түрік әдебиетінен алатындығын түсіндіре отырып түркмен әдебиетінің даму тарихын меңгерту.

Дәрістің жоспары:

1. Түрікмен әдебиетінің қалыптасуы. ХҮІІІ ғасырдағы түрікмен әдебиеті.

2. Мақтымқұлы Фраги (1733-1772) – халқының озық ойлы данышпан ақыны, түрікмен әдебиетінің классигі.

3. ХХ ғасырдағы түркмен әдебиеті.

4. ХХғ. аяғы мен ХХІ ғ. басындағы түркмен әдебиетінің даму ерекшеліктері.

Түрікмен әдебиетінің қалыптасуы. ХҮІІІ ғасырдағы түрікмен әдебиеті.

Көне шежіреде қазақ пен түркменді бір атадан тарататын аңыз бар. Ағайынды екі ұлдың аты Сейілхан мен Жайылхан болып келеді, Сейілханнан - түркмен, Жайылханнан қазақ тараған делінеді. Аңыз бен шындық арасы қаншалық бірлестік табатыны өз алдына жеке мәселе. Қалайда екі халықты осылайша жақын етіп көрсететін аңыздың туу сыры да мүлде негізсіз болмаса керек. Ал қандай аңызда да ақиқаттың сарыны жататыны ежелден аян. Түркмен шаирлары өз елін «Сейілхан» деп атап келгені де мәлім.

Түркмен мен қазақтың құрамына енген рулардың кейбіреулері IX – X ғасырларда Сырдария бойында оғыз – қыпшақ бірлестігі қарауында болғанын да тарих деректері растайды. Қорқыт атына байланысты оғыз эпосының алғашқы баптарында дәл осы кезеңнің шындығы елес беретіні де анық. Қорқытты бұл халықтардың қастер тұтуында, оның өміріне қатысты ғажайып қызық әңгімелерді ғасырлар бойында ұмытпай келуінде терең мән бар. Уақыт өте келе Қорқыттың қадірі мен қасиетін түрліше бағалаушылық орын тепкен. Қазақта «Күй атасы Қорқыт» делінеді, «Қорқыт» атты күй де бар. Біздің маман зерттеушілеріміз бұл сөздердің сырына ой көзімен қарауға тиіс. Қорқыт сағанасы замандар көлемінде Қазақстанда, Сырдария бойында сақталғаны, тіпті сағананың қираған орнын да жергілікті халықтың кие тұтып келгені - көңіл бөлетін мәселе. Осы Қорқыт тақырыбының өзі қазақ және оғыз халықтарының ғалымдарын бірлесе зерттеуге шақыратын, тарихтың көп құпияларын ашуға бастайтын түбірлі тақырыптың бірі.

Қазақ пен түркмен қатар жырлап келген «Көрұғлы» туралы да ұзақ тоқталуға болар еді. «Көрұғлы» тек осы екі халықты ғана емес, қарақалпақ, өзбек, тәжік арасында кең тараған. Таңқаларлық тамаша көріністің бірі қазақ арасында «Көрұғлының » тек өзіне ғана тән әуен сазбен айтылып келгендігі. Күні кешеге дейін бұл жырды тұтас, өз мақамымен орындайтын жыршылар болғанын білеміз. Мәселен, алпысыншы жылдардың ақырғы тұсында Қызылорда облысының белгілі жырауы Рахмет Мәзқожаевтан «Көрұғлының» негізгі бір бөлегі «Әуезхан» дастаны жазып алынған.

«Көрұғлының» қазақ халқына қанықты болуы түркмен, қазақ халықтарының тарихи – мәдени байланыстарының жарқын көрінісі. Қазақ ақыны мен жыршысы түркмен жерлеріне, түркмен шаирлары мен бақшылары қазақ ауылдарына қатысып тұрған. Мұндай жағдайда ән – күй, өлең – жыр ауысу, біреуден біреу үйрену, еліктеу деген әбден табиғи. «Көрұғлы» жыры өткен ғасырда, 1885 жылы Қазанда қазақша қисса болып басылғаны да белгілі. XX ғасырдың алғашқы ширегінде осы қисса бірнеше рет қайта жарияланды. Қазақстанда «Көрұғлының » тарамаған өңірі жоқ десе де болғандай. Алып ақынымыз Жамбылдың да ертеректе айтқан жырының бірі осы екен. Халық композиторы Дәулеткерейдің

«Көрұғлы» атты күйі күні бүгінгі дейін тартылып келеді. Ал жырдың бірнеше таңдаулы нұсқасы соңғы жылдарда бірнеше рет

қайта басылды.

Білікті зерттеушілердің көрсетуінше, түркменнің дастандық эпосы үлкен екі топтан тұрады. Оның түркі-оғыз бұтағын құрайды: «Шаһсәнем мен

Ғаріп», «Әсіл мен Керім», «Тайыр мен Зуһра», «Көрұғлы», «Саят пен Хемра»

Сыяқтылар. Дастандардың енді бір тобы парсы тілді әдебеттен ауысқан делінеді. Олар: « Шаһбахрам», «Мәлике Диларам», « Гүл мен Санабур», «Ләйлі-Мәжнүн», «Жүсіп-Зылиха», «Қорлыға мен Хемра»,

«Гүл мен Бұлбұл». Осы дастандардың мазмұны мен көркемдік

Кестесіне зер салып қараған кісі олардың көп тарапта қазақ эпосымен ішкі үндестіктері мен бітімдестіктерін табуы кәміл.

«Шаһсәнем мен Ғаріп» кей тұстарында қазақтың эпикалық ұлы туындысы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» еске салады. Аң аулап жүріп буаз маралды атпаған шаһ мен оның уәзірі бірінің әйелі ұл, екіншісінің әйелі қыз туса, құда болуға серт байласады. Жетім қалған Ғаріпке шаһ өзінің қызы Шаһсәнемді бергісі келмейді. Міне, осыдан барып екі жастың махаббат бостандығы үшін шырғалаңы басталады. Нендей қиындық көріп, қандай сын өткені кездессе де, олардың сүйіспеншілігі суымайды. Берілген сертті, сезім пәктігін дүниедегі ең қастерлісі санаған Шаһсәнем мен Ғаріп ақырында мұратқа жетеді. Кейде түркмен эпосының қаһармандары түрлі халықтың өкілі болып кездеседі. Мәселен, «Әсіл мен Керімдегі» Әсіл - әрмене қызы, Керім - түркмен жігіті, «Саят пен Хемрадағы» Хемра әзірбайжан болып келеді. Бұларда жалпы эпосқа тән қиял – ғажайып өрнектер көп ұшырасады. Өлген жігіт сүйген жарының зар – наласынан кейін «тіріліп», қайта қосылуы сияқтылар бар. Махаббаттың ұлылығын ардақтайтын, адамдарды асыл мұратқа баулитын мәңгілік сарын дастандардың ортақ желісі болып табылады.

Фольклор шығармаларының тілін салыстыра тексеру арқылы көптеген көмескіленген ұғымның дәл мәнін табуға болатыны байқалады. Сөз реті келгенде айта кетейік: біздің тілші мамандарымыз түркі тілдерінің салыстырма сөздіктерін жасауға кіріссе, аса пайдалы тарихи жұмыс болар еді. Айталық қыпшақ, оғыз, қарлұқ тобынан бір – бір тілді алып сөздік тізсе, бұлардың арасындағы бірыңғайлық пен айырмашылықтың көлемі мен сипаты мейлінше айқындала түспек, қайсыбір терминдерді саралауға, ортақ ұғымдарды екшеуге, сөйтіп тілдердің бұдан былай жақындасуына мүмкіндік молаймақ. Біздің бүгінде кейде тосырқап, кейде түсінбей жүрген сөздеріміздің біразы бір түбірден шыққанын ондай сөздіктер нақтылы ұқтырар еді.

Мақтымқұлы Фраги (1733-1772) – халқының озық ойлы данышпан ақыны, түрікмен әдебиетінің классигі.

Мақтымқұлы Фраги – түркмен классикалық әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, тамаша лирик ақын, қайраткер. Ол 1733 жылы дүниеге келіп 1772 жылы қайтыс болған. Алғашқы білімді ауыл мектебінен алып, соңынан Хиуадағы Шерғазы, Бұхарадағы Көкелташ медреселеріне барып, білімін толықтырады. Болашақ ақын сөз қадірін білетін өз дәуірінің білімді адамдары ортасында тәрбиеленеді. Әкесі Дәулетмамед ел арасында атақты ақын адам болған. Ақын жырларының ең өзекті тақырыбы – адамгершілік, гуманистік идеяны ту етіп көтеру.

Мақтымқұлы өз жырларында түрікмен халқын бірлікке, ынтымақ пен татулыққа, түрлі ру-тайпалар арасындағы алауыздықты жоюға шақырды. Ең бастысы – ақын Иран шахы мен Хиуа ханы, Бұхара әмірі сияқты сырт ел басқыншыларына қарсы ерлік күреске үндейді. Бұған оның«Керекті», «Ер», «Бақыт құсы» т.б. өлеңдері дәлел.

Мақтымқұлы өлеңдеріне қарағанда, Хиуа мен Бұқарада, Әзірбайжанда, Иранда, Ауғанстанда болғаны байқалады. Ақын медресені бітірген соң көп елді аралаған, білімін жетілдірген.

Ақынның жеке басының тағдыры да сәтсіз болғанға ұқсайды. Жігіт шағында Меңді деген сұлуға ғашық болып, бірақ Меңді басқа адамға ұзатылып кетеді. Ақынның махаббат қайғысын жеткізетін «Жар сенен» өлеңі осы сезіміне орай туған.

Шарап ішіп, шартарапты шарласам,

Ет жүрегім тілім-тілім зарласам

Көгершіндей таудан тауға самғасам

Бәлкім хабар алар ма екем, жар сенен! – деп қасірет шегеді ақын.

Мақтымқұлы кейін Аққыз есімді қызға үйленеді. Одан екі ұлды болып, оның екеуі де көз жұмады. Мұндай ауыр қайғыға шыдамаған ақын:

О, достарым, қайтейін,

Басымды зар қатырды

Сүйген ұлдан айырылып,

Көкірегім аһ ұрды, - дейді.

Осылай өз бойының қайғысы халық қайғысымен араласа келіп, ақын 1772 жылы қайтыс болады. Сүйегі Атрек пен Соқты-Дагтың аралығындағы мазарда жерленген әкесінің қасына қойылады.

Мақтымқұлының өмірі екі жақты қанауды басынан кешіріп тұрған кезеңге тап болады. Елінің қаналуы, тұрмысының нашарлауы, оған қарсы ұйымдастырылған күрестердің сәтсіздікпен аяқтала беруі халық қамқоршысы болған ақынның шығармашылығына да өз әсерін тигізді. Оны ақын өлеңдерінен байқауға болады.

Мақтымқұлының соңына қалдырған әдеби мұрасы мол. Ақын көбінесе Шығыстың классикалық поэзиясының негізінде жазды. Ақын мұрасының көлемі шамамен 16-18 мың жолдың мөлшерінде. Өлеңдерін көбіне өз атымен, ал кейде «Фраги» деген бүркеме атпен жазған.

Мақтымқұлы – еліне, халқына сенген ақын дедік. Барлық тірлік, өмір елмен, халықпен деген ұғымды мықтап ұстанған. Осындай рухта жазылған «Еліменен», «Жасымыз», «Санар» деген өлеңдері оның патриоттық, отаншылдық сезімін паш етеді. Ақынның бірігіп бас көтеру идеясы «Бақыт құсы» атты өлеңінде айқын көрінеді.

Ол елін тәуелсіз ету үшін халқына жанашыр азаматтар керектігін армандайды, жастарды ерлікке, батырлыққа шақырады. Елі үшін жанын қиятын ерлерді дәріптеп, мадақтайды, өмірде шыңдалған ер жүрек батырлардың образын жасайды.

Ақын шығармаларында әлеуметтік теңсіздікті, қоғамдағы әділетсіздікті де сынға алады.

Мақтымқұлы шығармашылығы түркмен халқының ХХ ғасырға дейінгі әдебиетінің озық үлгісінен саналады. Ол түркмен әдебиетіне өзіндік жаңалығымен келді.

Түркменнің кейінгі ХIХ ғасырдағы атақты ақындары Кемине, Молла Непес, отаншылдық жырлардың авторы Зелили мен Сеидидің шығармашылығына да Мақтымқұлының тигізген әсері-ықпалы ерекше. Оларға ақын өз заманының шындығын бейнелеудің жарқын үлгісін көрсетті.

Мақтымқұлы шығармашылығының мол зерттелген кезеңі – ХХ ғасыр. Бұрын түркмен халқының өз арасында да ауыздан ауызға ғана тарап жүрген өлеңдері қазір бүкіл дүние жүзі елдерінің тілдеріне аударылып, данышпан ақынның аты әлемге әйгілі болды.

Ақын туралы жазылған Б.Кербабаевтың «Мақтымқұлы» трагедиясы, П.Карягиннің «Мақтымқұлы» атты романы бар. 1996 жылы Түркменстанда ұлы ақынның туғанына 225 жыл толу мерекесі өткізілді.Мақтымқұлының сандаған шығармалары қазақ тіліне аударылды. Мысалы, Ғ.Ормановтың аударуымен «Ат керек», «Бастады», «Боларсың», «Сен» өлеңдері қазақ арасына кең тараған.

Мақтымқұлы – халқының азаттығын аңсаған патриоты. Өз заманының озық ойлы, гуманист ақыны. Ол қазақтың Абайымен үндес, пікірлес

Мақтымқұлы шығармалары қазақ тілінде («Таңдамалы өлеңдер», 1947; «Таңдамалы өлеңдер», 1959; «Өлеңдер», 1968) бірнеше рет жеке жинақ болып жарық көрді. Мақтымқұлы мен Абай поэзияларында біріне-бірі етене жақын сарындар мен әуендер жиі көздесіп отырады. Екеуі де ел бірлігін, адамдар арасындағы татулықты, ынтымақты айрықша қастерлеген.

Мақтымқұлыда:

«Дос келетін болса достың қасына, Тебіренеді топырағы, тасы да Жұрт жиналып бір дастарқан басына, Бағы жанып, тасар журты тұрікменнің».

Абайда:

«Біріңді, қазақ, біріңдос Көрмесең, істің бәрі бос. Малыңды жауға, Басыңды дауға Қор қылма, қорға, татулас».

Екі ақында да адамгершілікті ардақтайтын өлең- дер мол кездеседі. Мақтымқұлыда:

«Адам болып адам қадірін білмесе, Одандағы жайылып жүрген мал жақсы. Сөйлегеңде сөз мәнісін білмесе, Ондадағы аузы берік дал жақсы...»

Абайда:

«Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім тұртпек? Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек...»

Екі ақынның заман, қоғам, өмір жайындағы тебірен істерінде сабақтастық сарындары бірден байқалып тұрады.

Мысалы, дүниенің алдамшылығы тұралы олар мынадай тұйін жасайды: Мақтымқұлыда:

«Қулығыңдыы ішке бүгіп алдайсың, Ақыл-ойды шырмайсың оны, дүние-ай! Білгізбейлеп бір сыр бермей кетесің, Бірде жақсы, бірде жаман етесің, Асымызға алдап түрып, көрсетпей, Бал орнына у саласың, дүние-ай!..»

Абайда:

«Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма? Баяғы күш, баяғы түсің бар ма? Алды - ұміт, арты - өкініш алдамшы өмір, Желігін жерге тықпас кісің бар ма?..»

Мақтымұлының туындылары жаһан әдебиетінің дүр – даналары қатарынан орын алады. Ақынның қандай жаратындысында да өмірдің өзекті мәселелеріне жауап айтылады. Ол байлық пен кедейлік, ерлік пен ездік, сақилық пен сараңдық, білімділік пен жәһіл – надандық, әдептілік пен тәлімсіздік, әділдік пен арамдық парқын ғибрат етеді. Ойшыл философ ақынның биік парасатын әрбір өлеңінен – ақ аңғарамыз. Соның біреуінен («Қонақ») үзінді мысал келтірсек те, бұған көзіміз жеткендей:

Қара тастан қына айырған қара көз,

Қабағыңды жаутаңдаған қонағың.

Келсе біреу аш екен деп ойлама еш,

Әңгімеңді аңсап келген қонағың.

Өтер заман ауыр жүгін көтеріп,

Жақсы әңгіме ер жолында бір серік.

Жайнаған жаз жер бетіне гүл төгіліп,

Қонып ұшар о да сенің қонағың.

Сырлы дүние сарай екен кең іші,

Әсем бақтар көңілдің бір қонысы:

Алпыс алуан, жетпіс қилы жемісі,

О да ағаштың аз күн көрік қонағы ...

Мақтымқұлы заманында және оған жалғас жасаған ақындар қатарынан «Ләйлі – Мәжнүн», «Жүсіп – Зылиха», «Оғызнаме» секілді ірі шығармалар авторы Андалиб, «Гүл мен Бұлбұл», «Шабаһрам» сынды тартымды туындылар қалдырған Шабенде есімдері аталады. Түркменнің классикалық әдебиетінің көрнекті өкілдері Кемине мен Молла Непес шығармалары да халық арасында зор даңққа бөленген. Молла Непес шығыс шаирлары көп жырлаған фабуланы өңдеп, «Тайыр мен Зуһра» атты тамаша дастан қалдырған. Мұнда шын ғашықтардың кіршіксіз махаббаты аса көркем суреттеген.

Түркменнің классикалық әдебиетінде ұлы есімдер мол. Сол шоғырдың бел ортасында шаир Сеидидің аты аталады. Оның шығармаларында үш тақырып: ерлік, бірлік, іңкәрлік күшті жырланғанын көреміз. Ал солардың ішіндегі басым сарын ерлік пен отаншылдық десек қателеспейміз. Бұл реттен алғанда қазақ ақындарынан Сеидиге үндес тұрған Махамбет. Сеиди де Махамбет секілді елінің намысы мен бақыты үшін өмірін сарп еткен, ерлік пен өжеттікті ту қып ұстаған, жалынды жырларымен халық жадынан мәңгілік орын алған ақын. Оның көп өлеңдерінен туған жерден айрылу өкініші естіледі. Сеиди өмір кешкен өлке Бұқар әмірі мен Хиуа ханының қыспағына кезек түсіп, көп зорлық көрген еді. Бірсыпыра туындыларынан оның жау езгісіне төзбей, күреске бел буған қайсарлығы елес береді. («Лебап, қош енді», «Баралық, беглер», тағы басқа). Ақынның үлгі тұтар ерлері аты аңызға айналған Көрұғлы, Рүстем сынды ертеде өткен қаһармандар. Сонымен қатар ол ерліктің өнегесі ретінде Ерсары руы жігіттерінің дәстүрін мадақтайды.

Жер жаһанға даңқы жеткен ежелден,

Құрметіне елдің де ерте бөленген.

Жауға шапса, ең алдымен жөнелген.

Кім білмейді Ерсарының жігітін?

Өз үйінде ұстайды өзін жайдары,

Ұрысқа енсе, қалың қолдан толмайды.

Сейілханда арыстандай айбары,

Кім сүймейді Ерсарының жігітін?

Ғасырлар бойында ер жігіттің арманы болып келген жүйрік ат Сеиди өлеңдерінде асқақ бейнеленеді. Түрік – монғол халықтарының ауыз әдебиетінде қалыптасқан арғымақты ардақтау салты ақын жырларынан айрықша жалғастық тапқандай. Қаһарман атсыз болса, қанатсыз құспен бірдей. Сол үшін де көшпенді ел адамы жүйрік атқа дүниенің ең асыл теңеулерін аямайды. Мұны Сеиди былайша толғайды:

Атың болса, жоқтың дәмін татпайсың,

Көлік іздеп, керуен тосып жатпайсың.

Алты ай жолды алты – ақ қарғып аттайсың,

Бақыт деп біл – болса атың ерттеулі.

Сеидидің «Ерлерімі» мен Мақамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай» деген өлеңдерінің ырғақ, ұйқасындағы өзгелігі болмаса, рухында үлкен үндестік сезіледі. Бұл өлеңдердің екеуінде де ерлікті дәріптеу, жауынгер жігіттерді жорыққа жігерлендіру, қайрау бар.

Тайсалмаған, жауған бұлттай түнерген,

Қаймықпаған, күнде ұрысқа жүз енген.

Сан асудан өткен отты жігермен,

Қиындық жоқ сен көрмеген, ерлерім.

Босамаған қолы құрыш қылыштан,

Бақыт тапқан кескілескен ұрыстан,

Бойын баққан ұйқы, күлкі, тыныстан,

Көп күн бойы көз ілмеген ерлерім ... .

Шаир кейбір өлеңдерінде көрші жатқан қазақ, қара – қалпақ, өзбек халықтары туралы жылы, туыстық лебіз білдіреді, бұлардың доспейіл, ағайын, тілектес ел екенін ескертеді. Бұл реттен алып қарағанда ол халықтар достығының да жаршысы деуге келеді. Ақын шығарған қоштасу, естірту, жоқтау өлеңдердің қазақ ауыз әдебиетінің осы тектес туындыларымен үндестігі айқын аңғарылады.

Келтірілген мысалдар мен салыстырулар түркмен және қазақ көркемдік мәдениетінің бір–біріне өте жақын екендігін көрсетеді.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Шығыс әдебиетінің тарихы. Қобыланов Ж.Т., Қарасаева Х.О.-Астана, 2001

2.Байқалдан Балқанға дейін. Бердібай Р -А.,1996

3.Келімбетов Н. Шығыстың классикалық поэзиясы және қазақ әдебиеті А., 1989