- •5. Дәріс кешені тақырып 1. Түрік әдебиеті
- •Ахмед Мидхат (1844-1913), түрік жазушысы
- •Ибрагим Шинаси (1826-1871), түрік ақыны
- •Жәлаләддин Руми
- •Жүніс Емре
- •Ерзурумлы Емрах
- •Рухсаты
- •Теврик Фикрет
- •Мехмет Эмин Йурдакул
- •Женап Шеһабеттин
- •Мехмет Акиф Эрсой
- •Зия Гөкалып
- •Яхия Кемал Бейатлы
- •Ахмет Хашим
- •Орхан Сейфи Орхон
- •Фарук Нафыз Чамлыбел
- •Ашық Вейсел Шатыроғлы
- •Юсуп Зия Ортач
- •Ахмет Хамди Танпынар
- •Ахмет Кутси Тежер
- •Ариф Нихат Азия
- •Нәжіп Фазыл Қысакүрек
- •Һусейін Ниһал Атсыз
- •Назым Хикмет
- •Жахит Сыртқы Таранжы
- •Зия Осман Саба
- •Рифат Ылғаз
- •Октай Рифат
- •Орхан Уәли Канак
- •Фазыл Хұсню Дагларджа
- •Әзиз Несин
- •Мелих Жеудет Андай
- •Бехчет Неджатигиль
- •Жахид Күлеби
- •Фахри Эрдинч
- •Суат Ташер
- •Сабахатдин Құдрет Ақсал
- •Неджети Жұмалы
- •Өздемир Асаф
- •Неузат Үстүн
- •Аттила Илхан
- •Мұстафа Бюлент Эджевит
- •Бәкір Сытқы Ердоған (1926 жылы туған)
- •Ахмет Әріп
- •Осман Түркай
- •Жемал Сүрея
- •Абдуррахым Каракоч
- •Сезан Каракоч (1933 жылы туған)
- •Йавуз Булент Бакилер (1936 жылы туған)
- •Эрдем Бейазит
- •Жахит Зарифоглы
- •Фетһуллах Гүлен (1941 жылы туған)
- •Нуруллах Генч (1960 жылы туған)
- •Сарай шайырларының поэзиясы
- •Орта ғасырлардың алғашқы ширегіндегі әдебиеті
- •Бәдәуи ақындарының лирикасы
- •Орта ғасырлардың алғашқы ширегіндегі проза
- •«Калила мен Димна» аудармасының дүниежүзіне таралу
- •Ежелгі дәстүрге оралу дәуірі
- •Әдеби синтез дәуірі
- •Жат жердегі жаңа әдебиет
- •«Еліктеу» дәуірі
- •Құлдырау дәуірі әдебиеті
- •Иран әдебиеті
- •Қытай әдебиеті
- •Қытай әдебиеті (Чиң дәуірінің әдебиеті)
- •Қытай әдебиет тарихындағы ең алғашқы өлең-жырлар жинағы
- •Жапон әдебиеті
- •Үнді әдебиеті
- •Түркмен әдебиеті
- •Әзірбайжан әдебиеті
- •Өзбек әдебиеті
- •4. Шыңғыс Айтматов
- •Қарақалпақ әдебиеті
Иран әдебиеті
Иран Әдебиеті- Иран тілі тобына жататын парсы, тәжік, ауған, курдтардың және түркі тілдес түрік, түрікмен, өзбек, әзірбайжан халықтарының, Үндістанды мекендейтін кейбір ұлттардың парсы тілінде шығарылған немесе жазылған көркем туындыларының негізінде қалыптасқан. Иран әдебиеті ежелгі дәуірде және орта ғасырларда парсы тілі тобына жататын халықтар (парсы, тәжік, ауған, күрд т.б.) мен түркі тілінде сөйлейтін (өзбек, түрікмен, әзербайжан, түрік) және Үндістанның кейбір халықтарының әдебиеті арқылы қалыптасты. Бұл халықтардың бірнеше рет парсы мемлекетінің құрамына енуіне байланысты, парсы тілі бәріне ортақ тіл болып есептеледі де, олардың әдебиеті, негізінен сол тілде дамыды. Иран әдебиетінің классикалық дәуірін (VII - XVI ғасырлар) парсы не парсы - тәжік әдебиеті деп атанды. Сасанид мемлекетін Араб халифаты басып алған соң (VII ғ.) араб тілі негізгі әдеби тіл болып, парсы тіліндегі құнды шығармалар араб тіліне аударылды ("Калила мен Димна" т.б.). Бұл кезде әл - Хурайми(VIIІ ғ.), Башшар ибн Бурд (783 ж.), Әбу Нувас (762-815) т.б. ақындар өз шығармаларын араб тілінде жазды. ІХ ғасырдан бастап араб тіліндегі әдебиеттермен қатар парсы тілінде де шығармалар туып, ол әсіресе халифаттан бөлініп шыққан, Орта Азия, Хорасан жерінде жедел дамыды. Парсы тіліндегі әдебиет жанрлары (рубаи, ғазел, қасида, маснави, қыта), әсіресе, Рудаки тұсында (860-941) толық қалыптасты. Кейін Фирдауси (940-1020) "Шахнама" эпопеясын жазды. Саманид мемлекеті құлап, Шығыс Иран мен Орта Азияның бір бөлігі Ғазнауи мемлекетінің құрамына енген кезде, Фаррохи (1038 ж. ө.), "Ақындар патшасы" Унсури т.б. ақындар шықты. Эпикалық дастан жазу дәстүрін Асади Туси ("Гершаспнама", 1062-1064), Атаи ("Барзунама") дамытты. Ал Әбу-л - Фаварис Канаризи "Синбаднама" (1050) атты прозалық шығарма жазды. Баба Кухи (1050 ж.ө.) Абдаллах Ансари шығармаларында суфизм берік орын алса, Насир Хосроу (1004-1072) адам баласын қанаушылыққа қарсы шықты. Көрнекті ғалым әрі ақын Омар Һайям (1048 ж. ш.т. - 1122 жылдан кейін) сол заманның әлеуметтік болмысын жырлады. Әзербайжан ақыны Низамидің (1141 - 1209) "Бестік" ("Хамса") атты шығармасы жазылған кезден бастап Иран әдебиетінде адамгершілік тақырыбы өріс алды. Иран әдебиетінің гүлденген кезі - XIII, XIV ғасырлар. Бұл кезеңде Закани, ибн - Ямин, Сағди, Хафиз сияқты атақты ақындар шықты. Ал XV ғасырларда Иран әдебиетінен тәжік әдебиеті бөліне бастады. Бұрын парсы тілінде дамыған әзербайжан, өзбек, түрік әдебиеті енді өз тілдерінде жазылатын болды. ХІХ ғасырдың басында Иран әдебиетінде жолжазбалар және мемуар түрінде жазылған прозалық шығармалар да туындады. Иран революциясы (1905 - 1911) және азаматтық қозғалыс (1918 - 1921) кезінде А. Фарахани, М.Кермани, М.Т.Бехар т.б. ақындар демократия идеясының жаршысы болды. Социолизм идеясын жырлаған Әбілқасым Лахути шығармаларында феодализм мен отаршылдыққа қарсы күрес тақырыбы көтерілді. М.Багердің Ирандағы моңғол үстемдігі туралы "Шамс-о-Тогра" (1910) т.б. тарихи романдары шықты. ХХ ғасырдың бас кезінде, буржуазиялық революция жеңіліп, репрессия күшейген кезде, М.Каземидің (1887 ж. т.) "Алапат Тегеран" (1921-1924) , А.Халилидің "Адам" (1925), "Сұрқай тұрмыс" (1931) т.б. торығушылық сарындағы романдары жарияланды. 1930 жылдары Риза шах үстемдігі тұсында Иран әдебиеті үшін "қаралы дәуір" басталды. Көптеген ақындар шығармаларын жасырын жазды. Риза шах үкіметі құлаған соң (1941 жылы), әдебиет қайта жанданып, әсіресе проза жанры кеңінен өрістеді. Бұл кезде С.Хедаяттың "Қаңғыбас төбет" (1943), "Азғындық" (1944) әңгімелер жинақтары мен "Хаджи ага" (1945) повесі, Б. Алевидің "Елу үш" (1942), "Түрме жазбалары" (1941) сияқты түнек жылдарын суреттеген романдары жарияланды. Бехазиннің әңгімелері, Э. Табаридің прозасы мен поэзиясы, Х.Нушинның Иран жұмысшыларының күресі туралы "Алғашқы әтеш" пьессасы, Ф.Таваллолидің Ленин туралы поэмасы адамгершілікті жырлаған құнды шығармалар болды. 50 жылдардың екінші жартысынан бастап кейбір ақын шығармаларында торығушылық сарын етек алды. Ал 1960 жылдары Ускуидің "Періште жылағанда" (1963), Саркоштың "Көз жасының зары" (1965), А.М. Афғанидың "Аху - ханымның күйеуі" (1962) т.б. роман повестері жарияланды. Иран әдебиетінің біршама шығармалары қазақ тіліне аударылған болатын. Мәселен, оларға "Парсы ертегілері" (1958), Омар Һайямның рубаилары (1965), Сағдидің "Бустанын" (1970) т.б. атап өтуге болады.
Тарихи саяси жағдайға және мемлекеттік билік құрылымына байланысты, ғылыми ортада «Иран әдебиеті» деп ресми түрде аталатын бұл әдебиет - қазіргі Иран, Ауғанстан, Орта Азия елдері орналасқан ұлан-ғайыр аймақта дамыды. Олардың құрамында ондаған ұлттар мен ұлыстар өмір сүрді. Тек 15 ғасырдан бастап әзірбайжан, түрікмен, өзбек, Кабул диалектісіндегі ауған, дари, тәжік әдебиеттері дербес даму жолына түсті. «Қалила мен Димна» сол замандағы иран әдебиетінің ұлы қазынасына жатады.
Сонау көне заманда жазылып, ғасырлар бойы халық қазынасына айналып келе жатқан шығармалар некен-саяқ. Міне, соның бірі де болса бірегейі, осы «Кәлилә мен Димнә» десек қате баспаймыз. Бұл кітаптың алғашқы нұсқасы «Панчатантра» («Бес бәйіт») болып ІІІ ғасырда, үнді тілінде, Кашмирде жазылыпты. Жазған брахманның аты-жөні белгісіз. Мүмкін, үнді елінің ескіден келе жатқан данышпандығын жинап қорытқан болар.Бір жылдың ішінде осынша мол, мәңгі өлмейтін, дүниежүзілік өмір тәжірибесін әр саладан толғап шығу бір адамның қолынан келе қоюы да оңай емес! Осы «Панчатантраны» алтыншы ғасырда парсы тіліне Барзуя деген дәрігер аударыпты, сегізінші ғасырда Әл-Мүкаф ұлы араб тіліне аударады. «Кәлиләні» аудару арқылы оның атағы дүние жүзіне жайылады. Айдай әлемге мәлім «Мың бір түннен» сегіз ғасыр бұрын жазылып, үш ғасыр бұрын араб тілінде жарық көреді. Біздің болжауымызша мұның түпнұсқасы көне санскрит болса керек, бірақ кесіп-пішіп айта алмаймыз, өйткені зерттеген бұрынғы аты шулы ғалымдар: «Әл-Бируни де, Бузурджмихр де, Заху да, академик Карачковский мен Бертельс те анықтап мынандай тілде жазылды деген байлам жасамайды, оның үстіне алғашқы «Панчатантра» да, Барзуяның аудармасы да бізге жеткен жоқ. Кейінгі аудармалардың бәрі де араб тіліндегі «Кәлилә мен Димнәні» тірек етеді. «Панчатантрадағы» екі кейіпкер «Каратака мен Даманака» («Құзғын мен Жуасытқыш») араб тілінде «Кәлилә мен Димнә» (екі шиебөрі) болып шыққан. Осы араб тілінен көне еврей тіліне, грек тіліне аударылады. 1762 жылы ескі латын тілінен орыс тіліне мұны Борис Волков аударады, бірақ бұдан бұрын грек тілінен көне славян тіліне аударылған екен. Ал 1923 жылы академик Крачковский мен Кузьмин екеуі қайта аударып, толықтырып бастырған осы еңбек орыс тіліндегі үшінші нұсқа, 1816 жылы француз тіліне Сильвестр де Саси аударыпты. 1888 жылы өзбек тіліне ташкенттік Фазылұлла Иса аударса, бұдан бір жыл кейін- 1889 жылы татар тіліне Ғабдулғаллам Фаизхан ұлы аударады. «Кәлилә мен Димнә»- дүние жүзіндегі мәдениеті дамыған елдің бәріне әйгілі шығарма. Сондай-ақ қазақ тілінде де біз мұны бірінші рет аударып отырғанымыз жоқ.
«Кәлилә мен Димнә» кітабының кейбір тараулары қазақ тілінде бұрын да болды. Мысалы, Жаһангер ұлы Шады төре жазған «Бәлғұм бағұр» атты қысаның 22 бетінде мынадай сөз бар:
«Ат қойған «Бәһәр дониш» бір кітаптың
Айтқанын білдірейін айлап ызхар».
Аударып отырғанын өзі де жасырмайды. Бұл хисса таза қазақ тілінде жазылмаған, мұнда араб, парсы, түрік сөздері аралас кездесіп отырады.Осы тараудың ішіндегі басты кейіпкер- Бәрхаман. Мұны автор қате түсініп отыр, «брахман дініндегі бір адам» деудің орнына оны кейіпкердің аты деп ұққан.Ал бірнеше тілде жазылса да, қазақ аударып отырғаны айқын сезіледі, өйткені әлгі Бәрхаманның әйелін суреттегенде:
«Бар еді бір қатыны оның және,
Сұлулық суретіне жоқтұр шама,
Жүзі гүл, шәші сүмбіл, лебізі бұлбұл,
Келмеген ондай әйел бұл жәһанға»,-
депті.
Осы хисаның 22-бетінен 46- бетіне дейін, «бес қатынның хикаясы» айтылады.Күйеулерін алдаған бес қатынның мекерлігін «бес бәйіт» деп атайды, онысы «Панчатантраға» («Бес кітап- бес әңгіме») мегзеп отырады, оның үстіне осы «Бес бәйітте» ұшырайтын әңгімелердің көбі «Кәлилә мен Димнәда» кездеседі.
1917 жылы Сәкен Сейфуллин «Қалтасында біреудің» деген өлең жазады, оны «Парсы ақыны Шайх-Сағдиден» деп өзі көрсеткен екен. Сол өлеңінде Сәкен:
«Қалтасында біреудің
Жұпары болса сақтаулы,
Жұпарын ол дауыстап
Көрмейді лайық мақтауды.
Мақтамай-ақ әркімге
Жұпардың өзі-ақ білдірер.
Үндемей-ақ төңірекке
Тәтті иісін жайып сіңдірер!»-
дейді.
Осыны Сәкеннің Сағдиден алуы даусыз, ал «Кәлилә мен Димнәда» бұл сөзді егеуқұйрыққа құзғын айтады.
Өзбек жазушысы Абдулла Каххар «Қыштақ» әңгімесінде «Үлкендігі шынашақтай қыштақ деген торғайды білесіз бе? Аяғы қылдай... Сол торғай «аспан түсіп кетсе тіреп қалайын» деп, ұйықтағанда аяғын көтеріп жатады екен»,- дейді. Осынша күрделі повестке өзек болған мына сюжет «Кәлилә мен Димнәдан» да бар.Қазақ тілінде болып тараған ескі әңгімелердің нұсқасы да осы кітапта айтылған екен.Бір кезде Крылов мысалдарының аудармасы шықты,сонда «көпірден өтіп бара жатқан ит аузындағы еттің көлеңкесін көріп суға түсіп кеткенде еттен де айырылып ,судан да түк таппағанын» оқыдық. Міне, сы әңгіме «Кәлилә мен Димнәда »кездеседі. Баяғыда,Айдаһарлы–Құдайберлі» дейтін нақыл әңгіме болушы еді,сол әңгімеде айдаһар мен Құдайберлі дос болады,ақырында Құдайберлінің жалғыз баласын айдаһар жұтып қояды да ,Құдайберлі айдаһардың құйрығын кесіп тастайды.Сонда «балаң есіңе түскенде сен кешіре алмассың, ал құйрығым есіме түскенде мен кешіре алмаспын», - дейді де айдаһар досынан ажырайды. Осы уақиға мұнда «Патша мен Фанза құс» болып аталады. Екеуінің мағынасы бірдей.Әрине «ақыл-ауыс,ырыс-жұғыс»қой,бірақ осыларға сүйеніп тікелей аударма деген шұғыл байламға әзірше келе қою қиын,зерттеле түсуі керек сияқты.Екінші жағынан алсақ,өмір шындығы туғызған кейбір нақылдар ,әр елде өзінше шешімін табуы да кәдік емес пе? Ал бірінен бірі туды деген пікірді қолдасақ ,онда түп қазығы осы кітап болатыны сөзсіз, өйткені бұл 3 ғасырдың жемісі.
«Кәлилә мен Димнәні» ілгеріректе араб тіліне Сакен Ғылыманов пен Ғұбайдулла Ахметов аударған екен, бұл екі кісінің қолжазбасы қазір Қазақ Ғылым академиясының кітапханасында сақтаулы.
Енді бір айтатынымыз араб тілінен аударылған нұсқа бола тұрып, орыс тілінен неге аударып отырмыз? Міне, бұл сұрауға жауап берелік. Біріншіден –к өркемдік жағына көңіл аудармай, олар жолма–жол, сөзбе-сөз аударуға тырысқан тәрізді. Екіншіден – мұсылман дініне үйлеспейтін жерлерін «жоныңқыраған» немесе бір жола аттап өткен.Үшіншіден араб тілінен аударылған нұсқа көбінесе Крачковский текстіне сәйкеспейді, ал академик Крачковский «Панчатантраны» зерттеген көп материалдарға сүйеніп «Кәлилә мен Димнәні» түзеткенде де, жөндегенде, толықтырған да сияқты. Дін жолына мұқылас бағына қоймаған қазақ жұршылығына шаманизм де маздеизм де, брахманизмде, ислам да- бәрі бір ғой, сондықтан Крачковский пайда болар деген үмітіміз зор
Аудару үстінде қиындықтарда болмай қойған жоқ Мысалы, араб тілін жетік білмеуіміз көп ақсатты. Екіншіден, аңдар мен құстардың, хайуандар мен адамдардың, қалалардың түрлі-түрлі аталуы бір талай қиындық туғызды.Сәкен ен Кәлилә мен Димнәні» ең әуелі екі күзен деп аударып, артынан «түз иті» деп өзгертіпті. Шакал деген сөзді аударып отыр, ал оның аудармасын біз шиебөрі деп алдық. Кітапта кездесетін кісі аттарын біз де Крачковский бағытына сүйеніп өзгерттік. Мысалы:
Кабарионды- Кенан Абизун
Коракнаханы- Курканы
Хаймонды- Гамион
Сенжинді- Сахин
Раһзинді- Раз
Жувираны- Жувейір,-деп алдық. «Байдаба, Бәйдәбә» деген есімді біз БЕЙДАУА деп алдық, осыны дұрыс деп білеміз өйткені, бұл кітапта айтылған аттардың бәрінде де Кәлилә мен Димнәні» белгілі мағына бар, оның айтқан сөзі қате кетпейді, ол даусыз орындалмай қалмайды
2000 жыл бойы дүние жүзілік мәдениеті дамыған елге үлгі өнеге есебінде таралып кеткен Кәлилә мен Димнәні» қазақ ғалымдары қазақ тілінде шығаруға өте ынталанып кірісті. «Кәлилә мен Димнәнің» орыс тілінде 3 аудармасы болса, «Гамлеттің» 30 аудармасы бар.
Аңдар мен құстарды, хайуандарды сөйлете білген «Кәлилә мен Димнә» - адамдар туралы тілі жұтаң талай шығармадан озық өмір сүрері анық. Бұл жөнінде Бертельстің, Крачковскийдің, Бахнудтың, Бузурджмихрдің айтқандары айғақ бола алды. Орта Азияның Х ғасырдағы атақты ғалымы Бируни де өзінің «Үндістан » атты шығармасында: «Ғылымның неше алуан саласы Үндістан елінде екен, онда шыққан кітаптың саны есепсіз көп. Бәрін қамтуға менің, әрине, мұршам келмес, бірақ «Панчатантраны» аударуға өте құмармын ... » деген болатын.
Әбілқасым Лахути (1887-1957) шығармалары көптеген тілдерге аударылып, кең жайылып кеткен. Өлеңдері ТМД елдерінің тілдеріне және шет ел тілдеріне тәржімаланған. Ол Иранда дүниеге келіп, жарты ғұмырын сонда өткізген. Тағдыры қилы ақындар санатына жатады. Ираннан Тәжікстанға келген Лахути өз өмірінің жаңа белесін бастайды. Ол 1887 жылы батыс Иранның Керманшах шаһарында туады. Әкесі жай ғана етікші болғанымен, сопылық өлеңдердің авторы ретінде халыққа мәлім болады. Жастайынан сөз құдіретін әке тәрбиесі арқылы сіңірген Лахути осы өрелі де өрісті өнерге біржола бой ұрады.
Жас кезінен бастап-ақ ол Фирдоуси “Шахнамасының” үзіктерін, әке өлеңдерін жаттап өседі. 1904 ж. Керманшахтың ақсүйек қауымы оған стипендия бекітіп, Тегеранға оқуға жібереді. Бұл 1905-1907 жж. Орыс революциясының жылдары болып, ол Азия елдеріне де әсер еткен еді. Лахути қолына қару алып , Иран революциясына қатысады. Бірақ революцияның мақсатын аяғына дейін түсінбейді. Жиырма жасар жас ақын жалынды өлеңдер жазып, бостандықты уағыздайды, мәжіліс депутаттарын халыққа қызмет етуге шақырады.
Сонымен бірге ол шахтың да кейбір қадамдарын жырға қосады. Өйткені, шах әділетті болса, халық берекелі өмірге жетеді деп ойлайды. Бұның бәрі Лахутидың саяси тәжірибесіздігінен шыққан еді. “Ұлтқа үндеу” (1909) өлеңінде отан-ананың бостандығын, ұлт бірлігін алдыңғы қатарға қояды. Сол жылы жазған “О, еңбекқор” поемасында Иранның ішкі қайшылықтарын , әлеуметтік теңсіздіктің бетін ашады, еңбек адамын мадақтайды.
Сөйтіп халық бірлігін, бостандығын парламентте қорғап шығуға болады деп ойлайды. Десе де, өмір ақынға басқаша сабақ береді, ол өз көзқарастарын жаңа қырынан қарайды. Парламентте, мәжілісте еш нәрсе шеше алмайтынына көзі жетеді. Үкімет пен мәжіліс халық жағында емес екендігін түсінеді. Лахути “Немесе екеуі де...” деген ғазел-памфлей жазып, отанды, халықты тек қана қолға қару алып қорғау керектігін ұқтырады. Мәжіліс халық бостандығын сатады. Ақын осыны ашына жырлайды. Ақырында ақын түрмеге жабылады, бірақ демократиялық күштердің қолдауымен босатылады.
Лахути еңбек адамын жырлауын тоқтатпайды. Нақты уақиғаларға арнап ащы шындығы бар шымыр өлеңдерін жазады. 1911 жылыішкі реакцияның күшімен Иран революциясы тұншықтырылады. Лахути мұңға толы шерлі шығармалар жазып, ойға алынған мақсаттың орындалмағанына өкінеді. Түбінде әділеттің жеңетініне сенім артады, революцияның үстемдік құратынына сенеді. “Революция Шығыста болады,соны, сол күндерді қазір көргім келеді ”,- дейді ақын. “Шах сарайлары құлайды, Шығыстың қызыл жұлдызы көтеріледі”, - дейді ол.
1914 жылы ол Бағдадқа қашып келеді. Себебі Иранда оған өлім үкімі шығарылған еді, өткір, өжет өлеңдері үшін эмиграцияға еріксіз кетуіне тура келеді. Отаны үшін, Иран болашағы үшін өмірін қиятындығын жасырмайды. Ол « Шырақ пен көбелек » деген поэмасында Отанына деген махаббатын, сол үшін көбелектей отқа түсіп, жанып кетуге әзір екенін білдіреді.
1915 жылы ол Иранға қайтып оралады. Ондағы мақсаты-ұлттық қозғалысқа қатысып, өз үлесін қосу еді. «Отанға оралу» өлеңін жазып, өзін құсқа, Отанын ұяға теңеп, азаттықты аңсайды. Халықты –тұтқынға, елді-түрмеге айналдырған озбырлармен аяусыз күреске шақырады. Байларды мінеп-сынап, еңбекші халықтың еңсесін көтеруге тырысады.
Россиядағы орыс революциясының әсерімен ақын халықты ашық революциялық күреске шақырады. 1917 жылы «Байдың сарайы» газелінде бай мен кедейдің тірлігін салыстырып суреттп, екі топтың, екі жақтың тепе-теңдігін көрсетеді. 1917 жылы Түкияға Стамбулға аттанады. Советтік Россияға өтіп кетуіне мүмкіндік болмайды. Лахути Стамбулда көптеген қиындықтарды басынан кешеді. Соңында Стамбулдың парсы мектебіне мұғалім болып орналасады, өлеңдерін тоқтатпай жаза береді. Иранның әйелдері тақырыбында бір топ жырлар жазады. Әйелдерің бет жамылғысына қарсы шығады, олрды білім жолына салу керектігін ескертеді. Жалған лирикаға, жалған жырға жол бермеу керек дейді ол.
Латухи бірте-бірте эзоп тіліне көше бастайды, өйткені ашық пікірді айқын айтуға тыйым салынған жылдар еді, сондықтан ол сопылық поэзияның тәсілдерін қолдана бастайды. Сопылық газел интимдік-лирикалық бағытта жазылып, мистикаға беріліп, құдайға деген махабатты жырлайтын еді. Яғни сопылық газельде екі түрлі, екі қабат ой жататынын Лахути өзінің озық ойларын осындай тәсілмен бүркемелеп бере алды. Ақынның сопылық махаббатының артында үлкен Отаны, халқы тұрды. «Отаныма деген махаббатты ойлап мен де жылаймын, мен де бұлбұлдан кем емеспін, ал Иран гүлзарға ұқсайды» дейді ақын. Лахути таза махаббат жайлы жазып отырып , туған өлкесіне деген ыстық сезімін қосып жібереді. «Түннен таңға дейін» газелінде ақын бүркемелі бәйіттермен айтып келіп, негізгі өзекжарды ойларын жасырмайды.
1926 жылы Лахути Стамбулда «Парсы» журналын шығарады, оған ақын патриоттық өлеңдерін жариялайды. Журналдың небәрі жеті нөмірі шығып, тоқтатылады. Бұл уақытта Иранда ұлтазаттық қозғалысы дами бастаған еді. Журнал жабылғаннан кейін ол жасырын түрде 1921 жылы Иран Азербайжанына оралады. Ақын әскери басшылыққа араласып, жаңа көтерілісті әзірлеуге кіріседі. Автор кейбір шығармаларында ашық күреске шақырып, оның жолдарын көрсетеді.
1922 жылдың 31- қаңтарында Лахути бастаған әскери топ Тавриз көтерілісін бастайды. Тавриз толығымен көтерілісшілердің қолына түседі. Қалада « Таджаддуд» он күнге ғана шыдайды. Лахути совет шекарасына өтіп кетеді. Сонымен ақын Лахути совет азаматына, коммунисіне, совет ақынына айналады.
Лахути бірқатар уақыт Нахичеванда, Тбилисиде, Бакуде тұрады, ақын-революционерге айналып, пролетариатқа арнаған патриоттық өлеңдерін жазады. 1923 жылы Лахути Москваға келіп,СССР халықтары баспасында әріп теруші болып істейді. «Кремль» деп аталатын тұңғыш кітабын өзі тереді. «Кремль» поэмасына Назым Хикмет, Садриддин Айни жоғары баға береді. Демьян Бедный, Безыменский, Инбар, Жаров, Баренц шығармалары Лахутиге қатты әсерін тигізеді. 1924 жылы Лахути компартияның қатарына кіреді. 1925 жылы өз өтініші бойынша Душанбеге келеді. Тәжік ақын, жазушылармен бірлесіп жұмыс істейді, партиялық қызметтерде болады. Шығармашылығында аруз, назира, газель үлгілерін жиі қолданады. Совет тақырыбына ірілі-уақты жырларын жазады. 1933 ж. Лахути творчествосының 30 жылдығы кең түрде атап өтіледі. С.Айни, М.Тұрсынзада, М.Миршакар және т.б. тәжік ақындары Лахутиге өлеңдерін арнайды.
1932-1933 ж.ж. Лахутидің екі кітабы орыс тілінде басылып шығады. М.Горький совет жазушыларының Бірінші Бүкілодақтық съезінде тәжік совет әдебиеті жайында баяндама жасайды. Съезден соң Лахути СССР Жазушылар Одағы хатшыларының бірі болады. 1935 ж. Парижге барып, Халықаралық конгресте мәдениет тағдыры жөнінде сөз сөйлейді. 1936 ж. Лахути Ленин орденімен марапатталады. «Композитор Баласанян Кова темірші» деген музыкалық шығармасын Лахути либреттосының негізінде жазады. Ц. Банумен бірігіп Шекспирдің «Отеллосын», Лопе де Веганың «Қой қайнары» драмаларын ақ өлеңмен аударып шығады. Отан соғысы тақырыбына бірнеше поэзиялық шығармалар жазады. Соғыстан кейін Иран тақырыбын да біраз қамтиды. Ақын ең соңғы «Отанға» деген өлеңін дүниеге әкеледі. 70-ке толған,толысқан шағында дүние салады. Лахути үш әдебиеттің тарихынан- иран, тәжік, совет әдебиетінен өзінің лайықты орнын алған.
Парсы әдебиеті тарихындағы ағарту поэзиясы кезеңінде мәдени, экономика, әлеуметтік салаларда өзгерістер бола бастады. Көркем әдебиет ой мен әдебиеттің айнасы ретінде халықтық бола түсті. Ағарту кезеңі поэзиясын саралағанда;
1) Өнімділігі жағынан бұл дәуірде поэзия жалпыхалықтық мәнге иеленіп, қозғалыстың тілі ретінде баспасөзге, басылымдарға жариялана бастады.
2) Уақыт өзгерісіне қарай жаңа формаға көшті. Ақын-жазушылардың сыртқы дүниеге деген көзқарастары басқа арнаға ауысты, ал көнекөз қалам иелерінің пікірлері бұрынғы қалыпта еді.
3) Техникалық жағынан тіл де, музыка да, ояну дәуірінің поэзиясы да өзгеше бағыт алды. Адиб Таққи Бахар (Ақындар сұлтаны) Иранның бұрынғы ескі әдеби дәстүріне, өткен өткен поэзияның тіліне, жанрларына сүйенді, сөйтіп классикалық әдебиетпен байланыста болды. Қаламгердің екінші тобы: Саид Ашрафуддин, Мирзаде Ишки және Ариф Казвини өткен әдебиеттің көлеңкесінде қалып қоя алмады. Бұлар көше мен базардың тілін қалап алды, осы салада олар шыншылдық көрсетіп, қоғамның ілтипатын иеленді, шебер жазуларымен көзге түсті.
4) Көше мен базар тілінің өзіндік ерекшеліктері болғандықтан, екінші топ өкілдерінің поэзиясына жаңа сөздер, саздар, әуендер енді. Алғашында жаңа нәрсені қабылдау қиынға түсті. Ол топтың өкілдері кейбір еуропалық терминдерді пайдаланды, сол сөздер осы кезеңге дейін сақталып қалды.
5) Поэзияның қиялдау, шарықтау мен түрі ағарту кезеңі тұсында өзгеріссіз күйде қалды. Ойлау, бейнелеу тәсілдерінің нышандарын Мирзаде Ишкидің өлеңдерінен, мысалы, оның «Марьямның үш картинасы» деен шығармасынан байқауға болады. Белгілі дәстүрлі формаларды, стильді Бахардың, Адиб-ул-Мамликтің туындыларынан көруге болады. Ал, Ариф пен Саид Ашрафуддин өлеңдерінен көше мен базар терминдері сирек ұшырайтын еді.
Бірінші топ қасидаға, ғазалға, мәснәуиге ыңғайлы боп келсе, екінші топ мустад, мухаммас, төрттағанға, ән шығаруға, ұйқасқа, арзуға бейімделді. Бұлар поэзияны өз көзқарастарын білдіруге жұмсады.
6) Бұл кезеңдегі поэзияның эволюциясы, өсуі тек форма мен бейнелеу жағынан емес, тақырып пен мазмұн жағынан да көрінді. Сол дәуірде панегрикалық өлеңдер көші аяқталып, шығармалардың мән-мазмұны басқа мағыналарға ауысты.
Әдебиетке жаңа мамұн мен көзқарастар енді, әлеуметтік өсу, табыс конституциялық қозғалыстың сын-салдарынан болып жатты. Поэзияда ағарту дәуірінің негізгі тақырыптары және Батыс мәдениетінің әсер-ықпалдары етек алды.
Ақындар Батыс мәдениетіне еліктеп, үлгілер ала бастады, жаңа сөз тіркестерін, терминдерді пайдаланды. Бұл уақыт поэзиясының бір ерекшелігі сол – мистикалық, метафизикалық сөздердің, ұғымдардың орныны діни емес, реальды ұғымдар алды.
Осы кезеңнің поэзиясы мазмұн, тіл, бейнелеу жағынан халыққа тез жететін, түрді қалады, ақындар соны тапты. Ағарту кезеңіндегі парсы поэзиясының негізгі тақырыбы – еңбекші халықтың жағдайы, құқы еді. Осылай болғандықтан «жұмысшы әдебиеті» деген тіркес пайда болды. «Жұмысшы әдебиеті» халықтың бас бостандығын, болашағын жырлады. Солардың ішінде Фаррухи Язди, Әбілқасым Лахути, Мұхаммад Әли Афраш та ерекше көзге түскен еді.
Хушанг Ибтихадж
Хушанг Ибтихадж 1306 (Хижри шамси) Рашт шаһарында дүниеге келген. Хушанг поэзиясы метофора, аллегория, қызыл тілдің шырайлы шумақтары, ырғақ, әуенге толы болды. Бұл белгілердің барлығы ұлы Хафиз шығармашылығын еске түсірерліктей болатын. Ақынның «Қайта туу шытырмандары», «Жан тозағы», «Түнгі шапқыны», «Қан құны», «Ләйлінің көз жасы», «Басқа ізі» секілді ғазалдары оның қаламынан туған шедеврлердің санатына кіреді. Ал, кейбір ғазалдары, мысалы: «Иалда түнінің шыңыраулары», «Ең ұзақ қысқы түні», «Поэзия храмы», «Әрдайым орталықта» және т.б. Маулави ғазалдарын еске түсіреді.
Хушанг жаңа дәуірдің жаңа стилімен де жазып байқаған. Бұл салада жазған өлеңдерінде де қолданған әдеби әдістері тамаша тілмен сұңғақ стильмен жүзеге асып отырды. Ақынның «Алғашқы әуендер», «Қайнар», «Иалда түнінен алынған бірнеше парақтар», «Елең-алаң», «Залым», «Айнадағы айна», «Кипарис қанын еске алу» поэтикалық шығармалары талантты дарынның қолынан шыққан дүние екендігін дәлелдейді.
Форуг Фаррохзад
Форуг Фаррохзад шығармашылығы Иран әдеби өмірінен ерекше орын алады.Иран ақын әйелдерінің арасында ол батылдығымен,шеберлігімен әрі тентектігімен көзге түсетін.Оны «Күнәһар ойлардың жаршысы» деп те атайтын.Форуг өз туындыларында шыншылдығымен,сезімталдығымен көзге түсті.Оны «Мұңның жаршысы» деп те жариялады.Әсіресе,оның «Күнә» деген өлеңі оқырмандардың арасында әр алуан пікірлер тудырған еді.Бұл өлең парсы поэзиясында жаңашылдығымен оқшаулау тұрған еді.Форуг поэзиядағы алғашқы қадамынан бастап-ақ әйелдер құқын қорғай келді.
Форугтың жеке басының өмірі де кәдімгі бірқалыпқа сыймады,қосылған күйеуінен кетіп қалды.Қысқа ғұмыр кешсе де Иран әдебиетінде әдемі,айшықты іздерін қалдырып кетті.Жәле Исфахани дейтін ақын әйел Форуг дүниеден көшкенде былай деп еді:
Жұлдыз еді қараңғы түнді жап-жарық еткен,
Мыңдаған мұңлы хикаямен жүрек тербеткен.
Көк төсінде жарқ етті кенет жұлдыз сән,
Қараңғылық қабырғасын бұзып нұр еккен.
Поэзияға патшайым болып келді ол,
Қайтадан туып,көкірегін кернеп жыр төккен.
Жәле бұл өлеңде Форуг Фаррохзадтың бейнесін берік әрі дәлме-дәл етіп жасап шықты.Форуг өзін қоршаған қоғамға сыймай кетті,ақсүйектерді ұнатпады,ескі өмірдің қисық та қырсық идеяларына қарсы бас көтерді.Замандастары оның өлеңдерін жылы қарсы алды.
Иран әдебиеттанушылары,сыншылары оны Рудакиге,Мехсетиге теңеді.Бұл биік берілген баға еді.Масуф Фарзад былай деп жазған еді: «Поэзияда қымбат,құнды екі нәрсе жоғалды деуге болады.Бірі Рудакидің «Диваны» болса,Жаңа Рудаки өзінің аққу жырларын тауысып айта алмай дүниеден озды» деген еді.Әлбетте,Форуг поэзиясына баға берушілер сыншылар арасында ашықтан-ашық көре алмаушылық та бар еді,оларға бостандық сүйгіш,еркін поэзия ұнамады.Дегенмен,оның өлеңдерін Иранның озат қауымы жоғары бағалады.
Форугтың «Тұтқын» атты өлеңдер жинағы жарық көргенде доктор Шоджаэддин Шафа былай деді: «Осыдан бір-ер жыл бұрын ханым Форуг Фаррохзадтың өлеңдерін оқығаным бар еді.
Батылдығымен көңіліме қонған еді,жан жылылығы сезіліп қалмай, ашық-жарқын білдіреді екен. Шыншылдығы, маскі-жамылғы кимейтіндігі өлеңіне жарасып тұрды. Форугтың көптеген өлеңдері әр түрлі журналдарда жарияланды. Соның бәріне тән тебіреніс, жылы иірім, қарапайымдылық, турашылық бар еді».
«Иран ақын әйелдерінің Антологиясын» құрастырушы Мошир Салами Форугты «Батыр ақын» деп атады. «Оның өлеңдері әлі де айтулы шыңына жете қоймаса да,ой мен стильдің әдемі айшығы бар еді.Жаңа мазмұн мен пернелерінің құпияларын ашады.Ақынның жүрек сырына таң қалмасқа болмайды»,-деді.Голям Реза Энсафпур айтқандай: «Форуг өлеңдерінде ой нақышы аллегориямен беріледі.Оның еңбегі сонда-ол қазіргі қоғамдағы әйелдер бейнетін жеңілдеткісі келді».
Ақын өмірден озғанда азанамасында былайдеп жазылды. «Сөз жоқ,Форуг біздің заманымыздың талантты ақыны деуге болады.Форуг нысанаға дәл тиетін,логикасы терең,шыншыл,мұңлы жырларымен өз замандастарының жүрегіне жол таба білді.Сөйтіп,көркем сөздің белгілі шебері атанды.Иран әдебиеті және жаңа поэзияның тарихынан Форуг лайықты үлес алып,Иран ақын әйелдерінің тамаша тобынан орын алды да,даңқты Парвин Этесами дәстүрін жалғастырды».
Доктор Нараки Форуг поэзиясы жөнінде айтыпты: «Оның өлеңдерінде шынайылық пен сезім тебіренісі бар. Дәстүрге бағынып, бой ұсынып қалмайды. Форуг қалдырған жер қазынасы зерттеуге тұрарлық дүние, өйткені оның көзқарастарының даму дәрежесін бақылау арқылы біздің қоғамымыздың соңғы кезде бастан кешкен күйін көруге болады. Ақын ескіні, үлгіні қолдамайтын үрдісті алып тастау керек екендігін ескертті».
Қоғам қайраткерлері, әдебиетшілер Форуг шығармашылығының жетістіктерін көре білді, жоғары бағалады. Мехди Ахаван Салес былай деп жазды: «Бұл әйел жан тазалығын көрсетуде үлгі болды. Форуг ең алдымен ақын еді, оның жүрегі өмірге, өнерге берілген еді».
Ақын шығармалары совет ирантануының кезінде ғана қолға алына бастады. Совет әдебиетшілері де Форуг талантына, қойған проблемаларына, өлеңдерінің өміршеңдігіне ден қойды. Иран әйелдерінің хал-ахуалына батыл баруымен назар аудартты.Бірақ,Форуг әйелді еркектің ырқынан,билігінен ғана босату қажет деп тар шеңберге тақалған еді.
Белгілі шығыстанушылар И.С.Брагинский және Д.С.Комисаров Форуг поэзиясын Ирандағы жаңа бағыт ретінде қарап, модернизмге жатқызады. В.Б.Кляшторина кейінгі Иран әдебиетіне мінездеме бере келіп, бір топ ақындарды,солардың ішінде Форуг Фаррохзадты да атап өтіп,олардың поэзиясы субъективтік дүниеге,жеке адамның жан күйіне арналған дейді.В.Б.Кляшторина көрсеткендей: «Форуг поэзиясы интимдік жайға құрылған,дәуір дауылынан тыстау,ақын тек жалғыздығын жырлайды».
Алайда бұл Форуг шығармашылығын бір жақты бағалауға апарып соғады.Ақын өлеңдерінде жеке «Меннің» көбірек кездескенімен,онда фәлсафалық ой,әлеуметтік мән бар.Әрине,Форуг өлеңдерінде үміт пен таза махаббаттың сөнуі,мазасыздық сезімдері бар.Бұл ой,бұндай сезім сол тұстағы Иран қоғамына тән нәрсе еді.Форуг жырларында демократиялық бағыт бар еді,сындарлы жылдарда ол әлеуметтік тақырыпты көтерді.Соғысқа қарсы шықты.
В.Б.Кляшторина «Современная персидская поэзия» және «Новая поэзия в Иране» деген кітаптарында Иранның басқа да талантты ақындарымен бірге Форуг шеберлігіне,шыншылдығына жоғары баға беріп,Иранның жаңа поэзиясын бастаушылардың бірі дейді.Яғни,жаңашыл ақын Нима Юшидж бастаған жаңа толқынның тегеурінді өкілдерінің қатарына қосып қояды.
Форуг Фаррохзад әдебиетке келгенде Иран қоғамында келеңсіз жағдайлар бар еді,прогрессивті әдебиеттің өсуіне тосқауылдар жоқ емес еді.Иран халқын толғандырған жайларды жайыпсала беруге болмайтын.Буржуазиялық қоғамның,буржуазиялық интеллегенцияның арасында қарама-қайшылықтар бар еді.Әрине,осы жағдайлардың бәрі де творчество өкілдеріне әсер етпей қойған жоқ.
Форуг Фаррохзад 1935 жылы Тегеранда шах армиясының офицерінің отбасында дүниеге келеді.Ең алдымен «Хосров және Ховар» дейтін орта мектепте оқиды да, «Камол-ол-Мольк» деп аталатын әйелдерді өнерге оқытатын мектепке ауысады,мұнда жалпы пәндермен бірге тігу,сурет салу өнеріне баулитын.Ол өлеңді он үш жасынан бастап жазады.Он жетіге толғанда тұңғыш жинағы 1955 жылы «Асир» («Тұтқын») деген атпен жарық көреді.
Сол жылы қаржы министрлігінің қызметкері Парвиз Шапурмен некеге отырады,бірақ бұл одақ ұзаққа бармайды.Ажырасады,ұлын әкетіп қалады.1956 жылы екінші өлеңдер кітабы «Дивар» («Қабырға»),ал 1958 ж. «Осьен»(«Көтеріліс»)атты жинақтары басылып шығады.Соңғы екі кітабы жаңалығымен,мазмұнымен көзге түсіп,қызу дискуссиялардың тақырыбына айналады.
Форуг 1958 ж.бастап кино өнерімен айналыса бастайды. Осы өнерді түбегейлі үйренбекке Англияға аттанады.1960 жылғы тақырыбы Ирандағы құда түсу туралы фильм еді, өзі рольде ойнайды. «Су және қапырық» деп аталатын фильмнің үшінші сериясын аяқтап, 1961 ж. Кино қайраткері Ибрагим Голестани екеуі «Толқын, Коралл, Гранит» фильмін дыбыстандырады. 1962 жылы Ф.Фаррохзад Табриздегі қожалақ адамдардың трагедиялық өмірінен «Қара үй» фильмін түсіреді. 1963 жылғы ұлттық кинофестивальде фильм бірінші сыйлық алады.
1963 жылы «Таваллоди дигар» («Екінші рет өмірге келуі») атты жинағы шығады.ЮНЕСКО Форуг еңбегін жоғары бағалап,ол туралы фильм шығарады.1965 жылы итальян режиссері Бернард Ботолоджи Форугтың өмірі мен творчествосы жайында қысқаметражды документті фильм түсіреді.
Алайда,оның өмірі қысқа еді,Варевралда 1967 жылы автомобиль апатына ұшырайды.Бұл Иран әдебиеті үшін орны толмас қаза еді.Оның өмірі жарқ етіп сөнген жұлдыздай әсер етеді.Форуг қайтқаннан кейін Иран өкіметі үздік поэзиялық туындыларға берілетін Форуг атындағы әдеби сыйлық белгілейді. «Поэзия мен үшін мереке емес,өте күрделі іс.Өлең дегеніміз не үшін өмір сүреміз деген сауалға жауап»-депті ол С.М.Азад атты ақынмен әңгімелескенде.Бұл Форугтың эстетикалық кредосы еді. «Тұтқын» жинағының алғы сөзінде автор мақсатым-«Әйелдер жанының құпиясын ашу» деп еді.
Форуг өлеңдері лирикаға тұнып тұратын.Махаббат,ана жайында толғанса, тек шын сезімге жүгінетін,ұзақ эпикалық баяндауға,тарихи әңгімелерге бармайтын.Ол өз замандасының кескін-келбетін түсінбеді,лирикасы азаматтық лирика еді,әлеуметтік теңсіздікпен күресіп,жоғары құлық нормаларын паш етті.Ақынның лирикалық геройы өз уақытының кейіпкері еді.Дәуір қайшылықтарын бойына сіңіріп еді.Иранның 50-60 жылдардағы тарихын,жағдайын,уақыт пернесін дәл баса білді.Өз кейіпкерінің ішкі дүниесін шеберлікпен ашты.Иран буржуазиясы интеллигенциясының рухани дағдарысын,олардың ізденістерін көрсетті.Ең ар жағы интимдік тақырыпқа тартқан өлеңдерінің өзінде қоғамның өткір әлеуметтік пердесін ашып тастады.
Форуг қоршаған айналаны танып-білуде ақылдың орны айрықша екенін айтады.Ақынды адамның ішкі рухани өмірі алаңдатады.Адамның бақыты-махаббатында деп білді. «Мен жүрегімді байлаған шынжырларды лақтырамын.Жанымда не нәрсе болса,соны жайып саламын.Мен барлық адамдар махаббаттың тамаша сезімін тани білсе екен деймін,бағалай білсе екен»-дейді ол.
Ақынның алғашқы лирикасы махаббат тақырыбын қамтыды.Мазмұны мен формасы жағынан жаңалық боп табылатын төрттағандар жазды.Феодалдық кедергілерге,діни наным-сенімдерге қарсы үн тастады.
Құлыптай алмайсың ернімді менің,
Айтылмаған әнім жүрегімде менің.
Аяғыма салмай тұсауыңды тарт,
Құштарлыққа лайық махаббатым менің.
Сөйтіп,Форуг Иранның ақын әйелдерінің арасынан шариғат шарттарына бірінші рет ашық қарсы шыққан әйел еді,оның әлемге көзқарасы адамның ішкі дүниесіне үңілумен шектелген жоқ еді.Ол үнемі ізденісте,ой үстінде болды. «Ақын өмірі бірыңғай,біркелкі болуға тиіс емес,егер менің үлесім,мөлшерім алдын ала белгілі болатын болса,несі өмір.Ақын ойы ешқашан үзілмейді.Менің нағыз өмірім-менің ойларым» деп жазды ол.
«Сондықтан да менің тоқтауым мүмкін бе?! Тоқтау кідіру деген өмір сүрмеу,сезінбеу,түсінбеу.Тоқтау-артқа қарай бір адым кейін шегіну»дейді ақын. «Тұтқын», «Қабырға», «Бунит» жинақтары ақынның қолтаңбасының өзіндік айшықтарын анық таныта білді.Форуг көбінесе төрт жолдан тұратын шумақпен,яғни аруз өлшемінің хазадж,рамол,раджаз,басит түрлерімен жазды.Теңеу,метафораны жиі қолданды.Бұлардың бәрі арқылы автор кейіпкердің ішкі жан дүниесін аша білді.
Ф.Фаррохзад лирикасы иран әйелдерінің мұңын, қайғысын, қуанышын, махаббат-сезімдерін әдемі ашып берді. Ол өз ырғағынан, интонациясынан жаңылған жоқ. Ашық мәнер, айқын үн, әуезділік және қарапайымдылық оның лирикасына тән қасиеттер еді.
О құдай-ай,не тілеймін білмеймін,
Күндіз-түні дұғамен көз ілмеймін.
Нені іздейді жасқа толған жанарым,
Мұң тіледі,жүрегіммен күлмеймін.
Осы жолдардан жырымен оңаша жалғыз қалған адамның жан күйзелісі байқалады.Лирикалық кейіпкер қиналады,қысылады,дос іздейді.Әйел қиялы аласұрып,арманның қанатынан ұстағысы келеді.Сондай сәтте сырлы сезімге толы өлеңдер ақ қағаздың бетіне құйылып жатады.Ф.Фаррохзад парсы лирикасының жаңа беттерін бедерлі де беделді,берік өлеңдерімен ашып,есімін мәңгілікке қалдырып кетті.
Парсы-орыс әдеби байланыстары
Әдебиеттер байланысы қай заманда ,қай ғасырда болмасын үнемі жалғасын тауып отыратын құбылыстар санатына кіреді.Өз алдына өсетін мәдениет,әдебиет болмайды.Тіпті,мысалы,екі ел бір-бірімен соғыс жағдайында болып жатса да,өзара әдебиет әсерлері ұлғайып,өсіп жатады.Өйткені,көркемөнерде,көркемсөзден туған шығармаларда шекара болуы мүмкін емес.
Осы ретте келгенде парсы-орыс әдебиеттерінің арасындағы байланыс өзінің өркенді өрісін тауып келеді.Екі халықтың арасындағы экономикалық және мәдени байланыстар бұрыннан бар.Парсы сөзі,поэзиясы тұйықталып қалған поэзия емес,ол дүние жүзіне кең тараған.Орыс классиктері иранның ұлы шайырларын оқыған,қадір тұтқан,аударған,насихаттаған.
Парсы жағы да озық ойлы орыс мәдениетімен,әдебиетімен еуропа тілдері арқылы немесе Кавказ халықтары жазушыларының еңбектері нәтижесінде танып-біліп,тартып жүрген,тұрмыс жайларының ұқсастығы әдеби жәдігерлерді аударуға септігін тигізген.
Орыс әдебиетінің алыптарын Иранда ХІХ ғ.басында-ақ біле бастаған. А.С.Пушкин, А.С.Грибоедов, Л.Толстой есімдері ежелден Иран оқушыларының құлағына естіле берген.Алғашқы тәржімалар ХХ ғасыр басында көрінген А.С.Грибоедовтың «Ақылдың азабы», Л.Толстой әңгімелері, А.М.Горкий хикаялары, Н.В.Гогольдің «Ревизоры» Иран баспасөзінде жарияланып,,оқырмандардың арасына тарап кеткен.Тегеранда шығып тұратын «Кетабхае Хафте»(«Апта кітаптары») деп аталатын әдеби журналда орыс қаламгерлерінің алты туындысы жарық көрген,онда Л.Тольстой, Л.Андреев, А.П.Чехов, М.Горький әңгімелері жарияланған.
Бірқатар парсы аудармалары алғы сөздермен беріліп отырған.Мәселен, А.Пушкиннің «Капитан қызы» шығармасының алдына Ноузар мақала берген,онда Пушкин есіміне лайықты биік сөздер айтылады.1962 жылы Иранның белгілі жазушы әйелі Симин Данешвар А.П.Чехов әңгімелерін өзі аударып,бастырып шығарады,Чехов жайында Горькийдің естелігін береді.Бұл фактінің өзі орыс классиктеріне Иранда кең жол ашыла бастағанын көрсетеді.Симин Данешвар Чехов шеберлігі,шығармаларының мәні,маңызы жайында өрелі ойлар білдірді.
Иран тәржімалары совет классикасына да ерекше назар аударған.М.А.Шолоховтың «Тынық Донын» парсы тіліне тәржімалаған М.Бехазин Шолохов шығармашылығының дүниежүзілік мәніне тоқталып өтеді.Жер жүзінің жетпістен астам тілдерінде сөйлеп кеткен «Тынық Донның» Фирдоуси еліне кештеу келгеніне, «Адам тағдыры» мен «Тынық Донның» кейбір тарауларының ғана парсы жұртына белгілі болғанына өкінетін сыңай білдірді.
1955 жылы Мехри Ахидың алғы сөзімен И.С.Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романы басылып шығады.Егер «Әкелер мен балалар» Россияда бір заманда үлкен тартысты әңгімелі талқылаулар тудырса,Иранда Базаров бейнесіне басқаша қарап бағалайтындығын білдіреді. Б.Азаров образын Иран жастарына үлгі етіп ұсынады.1965 жылы профессор Сайд Нафиси «Орыс әдебиеті тарихының» І томын бастырып шығарды,екінші томында үлгере алмады.Содан кейін Иранда мұндай кітап қайталанған жоқ.Тегеран университетінде орыс әдебиетінің кешегісі мен бүгінгісі жайлы зерттеу еңбектер,оқулықтардың қажет екені аян.
Бұрынғы КСРО-мен мәдени байланыстар жасайтын иран қоғамының «Пеяме Ноу»(«Жаңа вестник») журналы орыс,совет жазушылары жайында мақалалар,аудармалар беріп,парсы тілді оқушы қауымға жариялап отыратын.Бұның алдында «Пеяма ноу» деген атпен шыққан журналдың сыртқы бетінде Фирдоуси мен Пушкин суреттері қатар беріліп,екі ел әдебиетінің байланысын паш етіп тұрғандай еді.
1973 жылы Тегеранда жасалған «Парсы тілінде басылған кітаптардың библиографиясында» Пушкин,Гоголь,Тургенев,Некрасов,Салтыков-Щедрин,Л.Толстой,Ф.Достоевский есімдері бірнеше мәрте аталды,яғни бұлардың көркем туындылары төрттен бастап,елуге дейін қайталанып басылып шыққан.Рас,соңғы жылдарда орыс әдебиетінің озық үлгілерінің Иранда жариялануы бәсеңсіп кеткен көрінеді.Әрине,мұның әр түрлі себеп,жағдайлары болса керек.
Орыс шығармалары Иран халқына көбінесе француз,неміс тілдері арқылы жеткізілді.Әлбетте,түпнұсқадан тікелей қопарылған соң шығарма бірнеше аралық тілдер арқылы келгенде тоны өзгеріп,кейде ұзарып,кейде қысқарып,кейде көркемдік қуаты азайып келіп жатады.
Пушкиннің «Дубровский», «Қарғаның мәткесі», Толстойдың «Анна қазақ Каренинасы», Тургеневтың «Алғашқы махаббаты», Чеховтың «Мұңы», «Қалыңдығы», Горькийдің «Менің университеттерімі» иран оқырмандарының көңілінен жылы орын алып қалса керек.Достоевскийдің психологизмі,Пушкиннің лирикасы,Гогольдің сатирасы ұнағаны анық.Бұлар түпнұсқадан емес басқа тілдерден алған.Ал,біздің Шәкәрім Құдайбердіұлы «Дубровскийді» керемет қазақ дастанына айналдырып жіберген болатын.Ғасыр басында қазақ тәржімалары орыс классиктерін түпнұсқадан ала бастаған еді.
Иран арасына Лев Толстой туындыларының әсері күшті жайылған, әйел, қоғам, жақсылық, жамандық мәселесі турасында Иран қалам иелері де Толстойға еліктеп шығармалар жазғаны белгілі, мысалы, Жовад Фазел деген ірі жазушы «Махаббат пен көз жасы» атты повесін Толстойдың «Крейсер сонатасына» еліктеп жазғаны көрініп тұр.
Иран зерттеушілерінің арасына Толстой мен Жалаладдин Румиді қатар салыстырып қарау бар. Толстой ұлы прозашы болса, Руми әлемге аян Шығыстың ұлы ақыны, екеуінің психологизмі, дүниеге көзқарастары, адамсүйгіштері,көркемдік құралдары бір жерден тоғысып, табысып жатқанында шек болмаса керек. Жалпы адамзат проблемаларының түйіндерін шешу жолына түскенде екі данышпан да бір-біріне ұқсап кетеді. Екеуі де шындықты шырқырап іздеген халқының нағыз ұлы перзенттері еді.
Ал, Чеховты не үшін Иран жылы қабылдады деп ойлар едіңіз? Чехов ағып тұрған аппақ жылы ағыстай прозаның лиригі ғой, кішкентай, қысқа әңгімесімен зор, терең нұсқаны ұсынады. Өмірдің өзінен ойып алып,оқушысына береді. Қысқа да әсем жазатын Чехов Иран новеллашыларына қатты әсер еткен еді. Осы ойды Саид Нафиси, П.Ханларфи, Бозорг Аляви, Садек Хедаят кезінде үстемелеп айтқан, жазған еді. Парсының кейінгі шағын әңгіме, новелласы, сөз жоқ, Чехов үлгісінен қуат алған еді. Бұл салада, әсіресе, С.Хедаят оза көрініп, Чеховтың бірнеше әңгімелерін аударып, өзі де орыс жазушысының стиліне еліктеп,өміршең жәдігерлер жазды.
Белгілі Иран новеллисі Жамалзаде Чеховтың әсерленіп «Қуырған қаз» деген шығарма жазды. Және бір қаламгер Гүләмхусейін Саэди атты әдебиетші де Чеховқа сүйене отырып, бас-аяғы жұмыр жақсы дүниелер берді, оның «Қолшатыр», «Инспектор», «Шығарып салу» дейтін әңгімелері Чехов стилін еске оралтады. Әсіресе Садек Хедаят Толстойды керемет сүйіп бағалады, оны «ұлы философ» деп атады. Ол Чеховты да Достоевскийді де шын жүрегімен оқып ұнатты.
Сонымен, парсы-орыс әдебиетінің байланысы екі елдің де көркемсөз өнерінің өрісін ұлғайтты, байытты. Орыс прозасы Иран әңгімесінің, новелласының жаңарып, биікке көтеріліп, дүниеге таралуына игі ықпалын тигізді.
Шахрияр- шабытты ақын
Саид Мухамад Хусейн Беһджате Табризи 1285 (шамси) Табриз қаласында туды. Оның әкесі Хаджа Мырза- Аға Хуштанаби Табриз шаһарындағы заң эксперті болып қызмет атқарды. Ол 1313 ж. О дүниеге өтіп кетті. Шаһрияр біріккен медреседен білім алды, политехникалық оқуды тәмәмдады, медициналық медресінің соңғы курсында оқып жүрді. Соңғы кезде ол оқуын тастап кетеді.
Алғашқы өлеңін Беһджай деген жасырын атпен жазды, содан кейін басқа лақап есім таңдаймын деп, екі мәрте Хафиз ғазалдарынан пал ашқанда «Шахрияр» деген сөз түседі де, әрі қарай өлеңдерін Шахрияр атымен жазып кетеді.Жанұясын асырау үшін бірнеше жыл тіркеу басқармасында Нишапур, Мехихео қаласында қызмет жасады. 1315 жылдан бастап Тегеранның ауылшаруашылық банкінде істеді.
Шахрияр поэзияда ерекше талантты қалам иесі еді, оның поэзиясы сезімге, рухқа кенеліп тұрушы еді.Жырлар жинағының тең жарымы ғазалдар болып келсе де, Отан, әлеумет жайы, тарих, дін, мәдениет т.б. оқиғаларға арналған өлең жолдары көптеп саналатын.Шахриардың өлеңдері көпке түсінікті, жүрекке жылдам жетуші еді. «Өмір зынданы» дейтін өлеңінде ол былай деп кетіпті:
Тірі кезде білмейсің ғой кіммін мен,
Мен іздесең таппадым деп түңілмен,
Өмір-зындан, өлім босағасы ғой,
Тірлік еттім дей алам ба үңілсең.
Бір күн күліп, ғұмыр бойы жыладым,
Екі жүз жыл жанбас еді шырағым,
Бақ, күйі жоқ көп өмірден не пайда,
Шахрияр гауһар зергер емес қой,
Не айтады керамика- пырағың.
Мереке қаны
Бостандық деп күресті Отан жасы,
Аянбай ағып жүріп көзден жасы,
Залымдарға еңбегің зия кетсе,
Кит аузынан алғандай маржан нашы
Қыршындар жатқан жерде қызғалдақтар,
Қызыл тудай желбіреп жанар басы.
Жале Исфахани
Ираннан тыс жерлерге де мәлім болған ақын әйел, оның шығармашылығында әр түрлі пернелерді қозғайтын бояулар бар екені анық. Жәле өзінің жалынды жырларында өз тағдырын толғатып қана қоймай, қоршаған ортаны, Отанын, халқын, болашағын жыр тіліне тиек етті. Жәле тумысынан еті тірі алғыр болатын. Табан тіреп алғаннан кейін иран әйелдерінің құқы, келешегі, бақыты үшін күреске кірісті. Баспасөз бетінде мақалалар жарияланды, 1946 жылы Иран жазушыларының бірінші құрылтайына қатысты.
Ол өзінің азаматы,патриоты дәрежесіне көтеріле білді, қоғамдық саяси өмірге араласты,прогресс жағында болды. Жаленің алғашқы өлеңдері лирикадан басталып, бертін келе көтеріңкі, лепті әуенге ұласты. Күрес саздарына толы ұран өлеңдерге барды.Елінің, жерінің, халқының өміріне саяси сипат берді.
Иран коммунистерін соттау, мұнай мәселесі, Кореядағы соғыс, бейбітшілік жолындағы шеру, әйелдер жайы ақын жанын толғандырмай қоймайды. Неміс ақыны Гейне: «егер әлемшарына бір сызат түссе, ол ең алдымен ақын жүрегі арқылы өтеді» демекші, Жале өз Отанының хал-күйін ойлап қана қоймай, бүкіл дүние оқиғаларына құлағын түре жүрді. Өйткені, шын ақынның өлеңі өз ошағының, отының басында қалып қойса, берері, түйері шамалы, түймедей ,ана болар еді.
Жале Иранның атақты шаһары- Исфахан қаласында дүниеге келеді. Парсылардың аузында қашаннан келе жатқан «Исфахан нисб жаһан, агар на Тавриз» дейтін өлең жолдары бар «Егер Тавриз болмаса исфахан дүниенің жартысы» дейді. Исфахан бұрынғы заманда ақындардың, сәулешілердің, кілемшелердің, іскерлердің қаласы еді.
Жале осындай көркем, сұлу, әйгілі қалада дүниеге келеді. Сондағы ағылшын колледжін бітіргеннен кейін банкке қызметке тұрады. Қызмет бабымен Тегеранға жиі барып жүріп, журналистермен, жазушылармен кездеседі. Жале «шық» деген мағынаны береді, шын аты Эмель Солтани еді.Жалпы оның бірнеше есімдері бар-тын. Бірақ, Жале деген қалың оқырманмен қауышады.
Ол 1946 жылы саяси қуғын-сүргін көбейген кезде жанұясымен Бакуге, кейін Мәскеуге көшіп келеді. Аөындардың сұлтаны Малек Ош-Шоара Бахор поэзиясынан кандидаттық дессертация қорғайды. М.Горький атындағы бүкілдүниежүзілік институтта қызмет істейді. Ирандағы жаңа «поэзиясының» проблемаларының айналысады.
Ол өткір өлеңдерін тастамай жаза береді.Жале жылдары көптеген шет ел тілдеріне тәржімаланады. Мәскеуде бірнеше өлең жинақтары жарық көреді. 80-жылдары Иранға келеді, бір жылдан кейін таңдамалы шығармалары «Агар хэзар қалам даштам» («Егер мың қаламым болса») деген атпен баспадан басылып шығады.
Жале 1980 Лонданда тұрады. Осында «Эй баде шарте»(«Ей самал жел») жинағы, ал 1992 жылы Стохкгольмде «Хоруше Хамуши» («Үнсіздік айқайы») кітабы шығады. Жаленің бірінші жыр жинағының аты- «Голхайе ходру»(«Жабайы гүлдер») еді. Бұл жинағында газелдер, қыталар,мәснәуилер, рубаи, таркиббанділер бар еді, ұйқастары әуенді, ырғақты боп келетін. «Барф»(«Қар»), «Кенаре дарйа»(«Өзен жағасында»), «Бйа бе фасле гол» («Гүлдер шешек атқанда кел»), «Айне мохабат»(«Махаббат айнасы»), «Лаззате шаддат»(«Ляззат шаттығы») жырларында ел, жер, кедей өмірін, жастық шақ пернелерін көрсетуге ұмтылды. Иран әйелдері тақырыбын кеңірек қамтуға әрекеттенді. Әлеуметтік әуенге бой ұрды, ағартушылық арнаға бас ұрды.
Жале жырларының жанрлары әр алуан болушы еді, төрттағанды, еркін арузды жиі пайдаланды. Ұйқастары үнді болып өлең жолдарына ерекше ырғақ сеуіп тұратын, романтикалық сарыны басым келетін. Поэзиясына шыншылдық, адалдық, асқақ рух тән еді.
Жале «Азарахш»(«Найзағай») деген өлеңі арқылы Иран халқының аяулы бейнесін жасады. Күн мен дауылға, ызғар мен ыстыққа, нажағайлар отын еміп, аспанға қарап қайқайып қатал өскен дарақ арқылы өз Отанының өжет образын сомдайды. Адам жанында жатқан жанартаулардың аспан көгіне атқылағанын аңсады. Ақын отты, жалынды сүйсініп жырлады.
Гүл боламын оттан шыққан,
Қарпатшайым мен емен.
Қорға мені тыныштықтан,
О тентек жел гулеген.
Жалпы алғанда, Жале жырлары жалынды отқа жақын жүріп жылынады. Оттай өршіл, өрісті, өжет болсам дейді. Ақынның «Парасату» деп аталатын дастанының басты кейіпкері парасату деген қыз сүйіктісі еді, Тазарв деген жұмысшы жақсы өмір үшін ірі шығармасы еді. Сюжеті де өмірдің өзінен алынған қарапайым еді, кейіпкерлерінің әрекеті де оқырманын иландыратын. Бұл поэмада Жале әрі романтик, әрі пубицист ретінде көрінді.
Жале «Мен неден қорқам» деген өлеңінде: ұятын,арын сатқандардан,көрмейтін көздерден, керең жандардан, «Оқыған» хайуандардан, ажырататын жолдардан, қараңғыны паналаған тышқандардан, достарды жоғалтудан қорқатын деді.Жаленің өмірбаяны оның жалынға толы өлеңдеріне жатады. Ол көптеген қалалар мен елдерді аралап, лирикалық репортаждар жазды. Адам баласын жатсынған жоқ.
«Шер-ам-сарневеште манасит»(«Менің өлеңдерім-менің тағдырым») деп, ол бекер жырламаған еді. Ақынның бақыты да, мұңы да, тағдыры да өзек жарған өлеңдерінде тоғысып жататын. Ол биік пафосты, романтикалы, лирикалы поэзияға парсат көзімен қарады. «Сен ақынсың, үміт пен қайғының үнісің.Аспанға қадалған найзасын, теңіздегі толқынның дүбірісін, құпияны ашатын есіксің» деді ол «Сен ақынсың» деген өлеңінде.
Сөйтіп, Жале Иранның жаңа поэзиясына адамды, дүниені жаңаша жырлайтын жаңа беттер қосты. Бұрынғы парсы поэзиясы бұлбұлды көп жырлап келсе, Жале оған қыранды қосты. Бұлбұлша тәтті сайрай берудің уақыты өтті, енді қыранша көкке самғаудың кезеңі туды дейді азамат ақын әйел. «Қыран үні» деген өлеңі соның айтқан айғағы бола алады.
Жале кейбір замандастарындай Батыс поэзиясына босқа еліктеп, модернге еріп, жасандылыққа, құрғақ айғайға ерген жоқ. Ол қандай тақырыпты тербетсе де, табиғи қалпын сақтап қалуға тырысты. «Шере ноуға» («Жаңа жырға») өз әуендерін, саздарын қосты, ешкімді қайталаған жоқ, біреуге еліктеген жоқ. Өз үнін, қолтаңбасын сақтап қалды.
Парвин Этесами
Иранның ең көрнекті әйел ақындарының бірі.ХХ ғасырдың түлегі, Парвин Этесами өлеңдері Иранның пединституттар оқу құралдарына енгізілген. Қоғам қайраткерлері, Саид Нафаси, ақын жазушылары: Малик-Али-Шуара, Алиакбар Дехһода, Мұхаммед Казвини, Парвин Этесами шығармашылығына өте жоғары баға берген. Иранда әйел ақынның шығармаларына бұлай баға беру өте сирек кездесетін болған. «Наме-ие бануване», «Иран», «И.Э.Г», «Олами-Нисбан», «Әйелдер әлемі» осы газеттерде, журналдарда Иран әйелдерінің теңдігі ауыр қасіретті өмірлері әңгіме бола бастаған.
Чехославакияның ірі шығыстанушысы Ян Рипка «Парсы әдебиетінің тарихын» жазған. Осы кісі де Парвин Этесамиге ерекше назар аударған. Парвин Этесами тегін жерден шықпаған ақын әйел.Оның әкесі- Этесам аль-Мальк- ірі аудармашы. Араб, француз, неміс тілдерін жетік меңгерген. Әкесінің қанатының астында өскен. Парвин жеті жасында өлең жазған, өте үлкен кітапхананың ішінде өскен.
1607 ж. Тебриз деген қалада өмірге келген. 1935 ж. «Диван» (диван дегеніміз белгілі бір шығыс ақынының өлеңдерінің жинағы). Қасида, Мәснауи.Қасида- мақтау, мадақтау өлеңдері. Мәснауи- екі жолды өлеңдер болып келеді.
Абуль-Фатх Этесами- ағасы еді, ол қарындасына арнап «Парвин Этесамиге арналған жинақ» шығарады. Алғы сөзін осы кітапқа арнап Малик аш-шуари Бахар жазған. Осы кісі: Парвинде екі стиль бар. Біріншісі- Хорасан стилі, екінші стиль Сағдиге тән болған дейді.
Мұхаммед Казвани Парвиннің әкесіне хат жазыпты. Сонда былай деген сөздер бар: «Бірде-бір Иранның ақын әйелі Парвиннен асып туған емес, ең үздігі, ең биігі сіздің қызыңыз еді».
Парвин Этесамидің ұстаздары- Насыр Хосроу, Сағди, Жалал-аддин Руми, Аттари, Низамиге табынған.
Парвиннің тақырыбы- халық, ел жағдайы, әйелдер өмірі, тарих және революция тақырыбы, адамның адамға деген махаббаты. Соншалықты өткір ойлы өлеңдері үшін Парвинге «Екінші Сағди» деген атақ берген. Бұл өте үлкен зор баға еді. Қысқа ғана өмір сүрген П.Этесамидің өмірі мен шығармашылығы туралы 3 диссертация жазылған. Парсы, орыс, неміс тілдеріне жазылған.
Шахназ Алами 1965 ж. Берлинде парвин туралы диссертациясын неміс тілінде қорғаған. Парвиннің әкесі «Бихар» деген газет шығарған. Ең бірінші рет Тебриз қаласында типография ашқан.
1925 ж. П.Этесами Американың әйел мектебін Тегеранда бітірген. Реза шах П.Этесами өз сарайына, яғни қызына репетитор болуға шақырады, алайда ол шах сарайына бармайды. Тұрмысқа шыққан, бірақ үш айдан кейін ажырасып кеткен. Тегеранға қайтып келіп пединститутта сабақ береді. 1937 ж. Әкесі дүниеден озады. 1941 ж. П.Этесами өзі қайтыс болады.
Муклина- құпия, муназаре- айтыс. П.Этесами құпия және айтыс түрлерін де жазған. 1941-1954 жж. Бір рет кейін төрт рет диваны шығады. Бозорг Аляби пікір айтқан «Ана арманы», «Бұлбұл және құмырсқа», «Тікен жинаушының әні», «жетімнің көз жасы», «Қарт әйелдің арызы» деген жыр жинақтары еді.
Муназаре түрінде «Екі тамшы қан» бір-бірімен айтысуы, «Тәжі бар адам мәнтіке жинаушы адам» айтысы, «Зан дар Иран» «Зин дар тарихы». П.Этесами эзоп тілімен жазған. Эзоп- гректің ақыны, жасырын, құпия тіл деген мән береді.
1970 ж. В.Н.Дворянкова Парвин Этесами туралы диссертация қорғаған.
Бір тамшы жас
Кірпіктен сырғып түсті бір тамшы жас,
Әлемді шарлап кетті құсқа ұқсас.
Жерден жырақ төсінде қара аспанның,
Жұлдызға кетті айналып жан тамшы жас.
Мұхиттың түбінде де жетті нұры,
Бір тамшы қандай еді оның түрі.
Мен егілем. Көзжасым қанға аралас,
Құрмет, даңқ неге керек өлмес тірі.
Бәрінен де бір тамшы қаным қымбат,
Тағдыр мені төмпештеп домбалатты.
Жале Фарахани
Шын аты-жөні Аламтадж Каям Маками да, лақап есімі Жале Фарахани еді. Ол 1883 жылы дүниеге келген. Иран әйелдерінің алғашқы қорғауларының бірі болған. Үлгілі әдеби ортадан өсіп шыққан. Жале жырларының негізгі темір қазығы- тақырыбы әйелдер өмірі еді, әйел бейнесі, ананың қоғамнан алатын орны, балалар тағдыры, махаббат мұңы Жале Фараханиды қатты толғандырады. Автордың «Диван» деп аталатын жыр кітабында осы мәселелер кең ауқымда айтылған.
Жале Фарахани Сағди, Низами, Руми, Әмір Хусрау Дехлеви секілді Шығыстың әйгілі жұлдыздарының жырларын жатқа айта білді. Жале парсы поэзиясындағы «Хорасан стилін» жақсы жалғастырушылардың санатына енді, ішкі монолог пен диалогтің үздік шебері атанды. Сөйтіп, ақын ХХ ғасыр басындағы Ирандағы демократиялық бағыттың дамуына айтулы үлес қосты.
***
Жас жылдарым өтті менің,
Махаббатқа табынып.
Бірақ тағдыр тапты мені,
Бетім тасқа шағылып.
Көп қуанып көре алмадым,
Ақ құшағым ашылып.
Бақыт не ол сезе алмадым,
Қалды тұқым шашылып.
***
Сезімнің сырын анадан сұра,
Пәк таза шексіз махаббаты оның.
Құдай-ау оған көп өмір сыйла,
Аяма одан қамқорлық қолын.
Адиб Нишапури- ақын, суретші
Мырза Абдулджавид Адиб Нишапури хижра жылының 1281 жылында Нишапуридің орташа отбасында туған. Әкесі жермен айналысатын еді, сол харекетімен семьясын асырады. Бала кезінде көз ауруына ұшырап, көзі нашар көретін болды. Он алты жасқа дейін өз білімін өзі көтерді. Содан соң Мешхед қаласына барып, бірнеше жыл медреседе оқиды. Медресенің аты «Хайриятхана» және «Фазитхана» еді. Оқуын тамамдағаннан кейін өмірінің аяғына дейін Мешхедте ұстаздық етеді, 1344 хижра жылында дүниеден өтеді.
Адиб парсы әдебиеті мен өнерінің бастаушыларының білі еді, оның үстіне ол араб әдебиетін де сүйіп оқитын. Өз өлеңдерін Фаррухи иен Манучехри стиліне еліктеп жазатын. Ақыннан қалған жырлар жинағы соған дәлел бола алады. Сонымен бірге ол суфизм мәселелерімен де айналысты. Ақын мистикаға бой ұрып беріліп кеткенде ол Сафаи Исфаханиға жақын келетін, өйткені, екеуінің өмірге келген көзқарастары дөп келетін. Екеуі де көп уақытқа дейін үйленбей жүрді. Екеуі де поэзияда сопылық терминдерді қолданды, өлеңдерін ерекше ырғақпен жазды.
Адиб Иса Арабидің «Фусус-ал-хакам» деген еңбегін зерттеп, содан дәріс берді. Содан да шығар оның поэзиясында ибн Араби қолданған терминдер жиі ұшырасушы еді. Адибтің шеберлігі соншалықты тұрақты хорасан тіліндегі мистикалық ой жүйелерін өз поэзиясында тамаша пайдаланды. Бұның өзі Адибтің өз стилімен үнемі шұғылданғанын дәлелдейді. Адиб жас кезінде Каани Манучехри мен Фаррухи стиліне ауысып кетеді. Өйткені бұл екеуі Хорасан стилін бастаушы ақындар еді. Сонымен қабат оның кейбір өлеңдері Сағди әсерімен жазылған болатын.
Адибтің диваны (жинағы) шамамен алғанда бес мың бәйіттен тұрады, ішінде қасыдалары, ғазалдары, рубаилары бар. Диванның аты «Лейли-Мажнун» деп аталады. Аббас Зарин Қаламның көмегінің арқасында баспадан басылып шығады. Ал, Адибтің басқа туындылары әзір қолда жоқ.(Сабодан Нимбға дейін, ар. 13). Бұдан өзге оның ежелгі арабтардың жеті үлгісі саналатын «Шарх-э муаллақат-ә сабь» деген шығармаға жасаған түсініктемесі бар және Хатиб Табризидің «Аби Таммам» дейтін эпосын және парсы Арузын талдаған бір трактаты бар. Араб арузы Адиб өлеңдерінің сүйіп оқитын шәкіртерінің арасында танымал еді. Әйтсе де Адибтің бұл еңбектері әлі күнге дейін жария етілген жоқ. (Хасан али Мұхаммади. Аз Бахор то Шахрийор, 1/167).
Адиб қазіргі иран әдебиетінде, мәдениетінде көптеген шәкірттер тәрбиелеп қалдырды, ақынның ұстаздық қызметі де кеңінен танымал еді. Оның шәкірттерінің арасында Малик-уш-шуара Бахор, Бадеуззаман, Фурузанфар, Саид Хасан Мушкан табаси, Мухаммад Парвин Гунавади, Мухаммад Таки- Адиб Туси, Мухаммад Али Бамдад және т.б. бар Адибтің екі ғазалы:
Фархадтай қайратымыз тау тесеміз,
Кеудеміз- тау тырнақпен тас кесеміз.
Жарқын жолдар салынар жарқыраған,
Бәріміз Фархад болып баз кешеміз,
Шарап үшін сақиға қарыз болман.
Тірлік үшін бұл ауыр тездетіңіз.
Таң қалу
Қуаныш не, мұңым не мен білмеймін.
Жүзім суы, күнә не мен білмеймін.
Егер софы таныса хақ бірлігін
Құмарлық, аласұру, шақыру не,
Өзіне-өзі емші болса сырқат
Күн-түн азап шегуме мен білмеймін.
Әгерде Бағдат жақтан самал соқса,
Арабтар күнәһар ма мен білмеймін.
Мейірімге толы болса араб жаны,
Қан бекерге төгілер ме мен білмеймін.
Ираж мирза- сатирик, ақын, сыншы
Ираж мырза- атақты Хаканның немересі болып есептелетін Гулям Хусейн мырзаның ұлы. Гулям Хусейннің әкесі «Садр- уш- шуарра» яғни ақындар көсемі аталып, «Бехджат» атты лақап атпен һлең жазып жүрді, сауатты адам еді. Сондай- ақ Ираж Мырзаның атасы, Фатхали шахтың ұлы Мәлік әдебиет пен поэзиямен етене таныс адам еді және «инсаф» атты лақап есіммен еңбектер жазып жүрді.
1921 жылы Иранның Тебриз қаласында туылды. Ол поэзия әлемінде Еаджар династиясындағы барлық патша ұлдарын басып озды, яғни барлық туыстарынан алда жүрді.
Балалық шағы Тебризде өтті, парсы, араб, француз тілдерін сол кездері оқып үйренді. Француз тілінен Ламбар мырзадан дәріс алды, сондай- ақ атақты оқытушылар Бахор Ширвани мен Ариф Исфаханидан дәріс алған еді. Сонымен қатар, риторика, стилистика, логика секілді пәндерден де хабардар еді. Ираж мырза Амир Низам Гаррусидің ұлы Абдул Хусейнмен бір сыныпта оқыды. Поэзиямен оқи бастаған кездерде бастап айналыса бастады.
Амир Низам Гарруси оны мақтап, оның «ақындар мақтанышы» атағына жетуіне үлкен үлесін қосты. Ираж мырза 16 жасында үйленді. Бірақ, бұл неке оған бақыт әкелмеді. Үш жылдан соң әйелі мен әкесі қайтыс болады. Әкесі дүниеден өткен кезде он тоғыз жасқа толған ол Музаффараддин мырза тарапынан той думандарда айтылатын қасидалар айтушы мұрагерлігін алады. Біраз өткен соң Ираж мырза хатшы болып тағайындалады, содан соң барлық Хурасан қазынаның инспекторы болып сайланады. Ираж Хорасанда 1397- 1943 жж., яғни бес жыл сайын уақыт өткізеді. Осы жылдар ол үшін 50 жылдығындағы маңызды да жемісті жылдар болды. Сол кездерде барлық елдерде азаттық талап етуші қозғалыстар, жиналыстар болып жатты. Оның Хорасандағы өмір сүрген жылдары полковник Пасиян көтерілісімен сәйкес келеді. Ол кісіні Ираж өте қадірлейтін және өлімінен кейін Пасиян жайында эллегия жазады. Ираж мырза көптеген ақындармен таныс еді және әрқашан поэзия кештеріне қатысып өз өлеңдерін оқып жүретін. Ираж Адиб Нишапуриге бірнеше рет былай деген еді: «Мен Хорасан ақынымын, мендегі бар нәрсе сіздің арқаңызда»,-деуші еді.
Оның әдемі жырлары соның ішінде «Арифнаме» поэмасы Хорасанда жазылды. Бұл «Джалаирнаме» стилінде жазылған маснави оны үлкен атаққа жеткізді. Тегеранға келген кезінде астана халықтары, ақын, жазушылары оны жылы құшақпен қарсы алады, себебі оның өлеңдері осы халықты қорғауға арналған еді. Сол кездері оның дұрыс жөнді жұмысы болмағандықтан өмірі қиындау болды. Бірақ оның үйі «махфил»- поэзия мен әдебиет сүюшілер үйі болды.
Ираж өмірінің соңғы жылдарын кедейлікте өткізді. Азаттық пен теңдік жағында болды. Өзінің мемлекетке қызмет еткен отыз жылында ешқандай байлық пен пайдаға кенелмеді. Осы бағытта кеткен қайран өміріне өкінді, соңында ешнәрсесіз қалды. Кедейлік оның денсаулығына да әсерін тигізбей қоймады. 22 исфанд 1304 ж. Өмірден өтті, захируд- Доула Тегеран бейітіне жерленді.
Ираждың ойлары мен поэзиясы 4 мың бәйітке жуық өлең болып, Ираж соңында мұра болып қалды. Олардың кейбіреулері қасыда жанрымен жазылса, кейбіреулері элегия, кейбіреулері саяси- әлеуметтік мазмұнда еді, өлеңдерінің басым көпшілігі ақынның алғашқы төл басы жыры қасыда жанрымен жазылған болатын. Оның нақыл, өсиет сөздерінің үлкен мағыналары бар. Иражды әйгілі еткен нақыл сөздер жинағы да бар. Мысалы: Қит`а (өсиет)- «Ананың жүрегі» атты еңбегі оның поэзиясындағы атақты өлең болып саналады. Конституция дәуіріндегі бірден-бір өлең ретінде осы «Ананың жүрегі» саналады.Онда ана махаббатының құдіреті жайлы айтылады. Иражды бедел мен әйгілікке жеткізген осы өлең деп, Гулям Хусейн айтады. Ираж әрқашан поэзияға жүрекпен берілмеген жіне ешқашанда шыққан тегі мен амир Низамның «Фахр-ум-шуара», яғни «ақындардың көсемі» атымен мақтанған емес.
Европаға шыққан жол сапарынан кейін оның көзқарастары мен ой- өрісі өзгерді. Оның поэзия әлеміне де басқа тақырыптар, басқа формалар, мазмұндар келе бастады. Оның өлеңдер жинағындағы жаңа өлеңдер оны үлкен әйгілікке жеткізді, бұл өлеңдер оның өз өмірі жайлы жазылған өлеңдер еді. Өлеңдер жинағынан басқа оның мынадай еңбектері бар:
«Арифнаме»- 1339 жылы жазылды. Сол жылы Хорасан көтерілісінен кейін, Ираж Мешхедте болатын, сол заманның басқа ақыны Ариф Казвини Хорасандағы «Бағ-е хуни» атты жерге келеді, полковник тақи хан Пасийанның қонағы болады. Ираж Арифпен жақсы қарым-қатынаста емес еді, ол оған арнап өткір тілмен түйреп, сынап «Арифнаме» маснавиінжазады. «Арифнаме» басылымы оның достарының көзін ашқандай болады. Кейбіреулері Ираждың өзін сынап, оның артынан қауесет айтады. Осыған қарамастан, «Арифнаме» Иражды үлкен атаққа жеткізеді. Бұл маснави 515 бейттен тұрады.
«Заем» маснавиі, «Зуһра-Манучеһр»- «Ананың жүрегі» қит`асынан кейінгі ең беделді Ираж өлеңдерінің бірі. Бұл ағылшынның атақты ақын драматургі В.Шекспердің «Ванус о Адонис» шығармасынан еркін аударма еді.Бұл еңбекте де «Анта» қит`а-сы секілді Иран рухы және бәрі де иран негізінде жазылған еді. 527 бейттен тұрады, кейбіреулері 356 бейт деп те айтады. Ираждан кейін бірнеше бейт қосылып, 527 бейтке жеткен дейді.
Одан басқа да екі масневи «Енғелобе адаби» және «Шах және Джам» бұлар да мақтаулы туындылары.
Ираждың ой-өрісі мен поэзиясының мазмұнын қысқаша былай алуға болды:
Елдің саяси-әлеуметтік аһуалын сынау;
Жастарды оқу мен жаңа жетістіктерге шақыру;
Бала тәрбиесі мен оқуына назар аудару;
Ирандағы алғашқы үндеу айтушы, тырысушы;
Анаға деген құрмет, алғыс, кейбіреулері оны «Аналар ақыны» деп те жүрді. «Шоэр-эмодар»;
Иранға деген патриоттық сезім, сол кездегі ақын жазушылардың ортақ тақырыбы.
Ираж жалпыға түсінікті қарапайым тілмен жазды. Малик-уш-шуара-Бахор оны «Сағди-е ноу»-«Жаңа Сағди» деп атады.
Жаңа Сағди, әлем Сағдиі секілді,
Ираж мырза жаңа өлең әкелді.
Ол өзін «ғасыр Сағдиі» деді.
Мен «ғасыр Сағдиімін, мынау менің кітабым, менің жинағым» деді ол.
Егер сенбесең, менңғ кітаптарымды, жинағымды қара деді.
Ана
Анам мені өмірге әкелген кезде,
Мені төсінен сүт соруға үйретті.
Әріптерді менің аузыма салып,
Мені сөйлеуге үйретті.
Менің езуіме күлкі келтіріп,
Мені күлуге үйретті.
Менің тірлік етуім анамның арқасы өтеймін
Мен әзірше аман болсам, оны сүйіп өтемін.
Ананың жүрегі
Сүйген қыз сүйгеніне мұң шағады,
Сенің анаң менімен ұрысады.
Қай жерден мені көрмесін,
Бет әлпетін бұзып,жаман қарайды,тырысады...
Егер мен сендік болсын десең,
Қазір ешбір толғанбастан, қорықпай
Бар! Анаңның кеудесінен жүрегін суырып
Әкеліп бер дейді.
Жылыдай, қанмен маған әкеліп бер,
Менің жүрегім тыныш болуы үшін...
Анасын қадірлеуді ұмытқан,
Шараптан мас болған, анашадан басы айналған есуас
Жүгіріп, анасын жерге алып ұрады,
Кеудесін кесіп, жүрегін алды суырып.
Жолда сүрініп, құлап түседі
Сонда жүрек сөйлейді.
Қап, балам қолың сырылды-ау
Қап, балам аяғың тасқа ұрындау.
Бахор- бостандық шайыры
Мұхаммед Таги Бахор 1304 хижрада дүниеге келген. Балалық және жастық жылдары Имам Реза сарайында сегізінші имимның қол астына өтеді. Әкесі Мұхаммед Қази Сабури ақындардың патшасы (Малек-ош-шоара) еді. Қасиетті Реза тұсындағы сарайшықта ол әкесінен өлең мен өнердің сырларын ұғып қалды. Әкесі дүние салғаннан кеәін Мұзафареиддин шахтың қармағында жүріп, ақындардың патшасы атанады. Бахордың әкесінен басқа араб,парсы тілдерін терең оқытқан Шишобури деген ұстазы болады. Бұл саладан жақсы жетістіктерге қол жеткізеді. Ақын олардың саяси міндеттерімен танысады. Жергілікті Хорасан газетінде өзінің бостандық хақындағы пікірлері мен өлеңдерін жариялай бастаған еді.
Езушілік дәуірінде ол «Хорасан» атты газет шығарды. 1328 хижра жылында Мешхедте саяси үстемшілікке қарсы «Навбахор» газетін шығара бастап еді, онысы тәркіленіп қалды. Бірақ, Бахор бұнымен тоқтамай «Таза Бахор» деп аталатын газетін дүниеге әкелді, алайда өкініштісі сол, ол да ұзақ ғұмыр сүре алмады. Ол отызға толмай жатып қуғындалып, Тегеранға келді.
Бір жылдан кейін халық оны мәжіліс депутаты етіп сайлады.
Бахор мәжілістерде және басқа да саяси орталарға «барлығы және бүкілі де бостандық, әлеуметтік әділдік пен жаңару үшін» деген ұранмен шығатын.
Бахор Тегеранда қоғамдық әдебиет ұйымының атымен аталатын «Донешкаде» журналын басып шығарды.
Бахор мен көптеген азаттықты аңсаушылырды үнсіз қалуға мәжбүр еткен түрмелер мен жер аударулар оны ғылыми зерттеулерден шеттеде алмады.
Бұл жұмыстар төңкерістен кейін 1299 (ш) дейін созылды. Осы жылдары ол пехлеви тілін үйренді. Және парсы тілді поэзия мен прозаны зерттей бастады. Тегеран университетінен білім алғаннан кейін, 1320 ж. Газеттерге саясат, азаттық, дөрекілікке қарсы күрес жайлы қайта жаза бастады. 1330 ж. Ордибехешт айында (апрель-май) ауырып, бұл дүниеден қайтты және ақырғы сапарға дейін оның аузынан азаттық жайлы сөз етілді.
Бахордың мұралары мол. Біз айтып өткен газет-журнал баспаларынан басқа Малек-ош-шоара Бахордан парсы әдебиетінде және парсы әдебиетінің проза мен поэзиясын зерттеуде маңызды орын алатын поэтикалық және прозалық шығармалары қалды.
Олар мыналар:
Саяси партиялар тарихы;
Стилистика және парсы прозасының даму тарихы (ІІІ-том).
Парсы поэзиясының даму тарихы.
1.Бахор қайтыс болғаннан соң «Бахор және парсы әдебиеті» деген атпен жинақталып шыққан шығармалары мен мақалалары.
2.Поэзиялар диуаны.
Бахор поэзиясы мен ойлары. Бахордың өлгенге дейінгі басып шығарған Поэзия диванына барлық әдебиет өлеңдері,ғазал, қасида, рубай, маснави, таркибонд, тарджибонд, мустазад т.б. жанрлар кіргізілді. Осы жанрларда саясат, әлеуметтік жағдай, этика, патриотизм, т.б. түрлі тақырыптарды жазды.Өзінің өлеңдерінде ол ұлы ақындарға еліктеді. Оның қасидаларының кереметтілігі сондай, оны Фаррухимен, Манучехримен, Насер Хосраумен, Баттар Марғизимен, Масуд Саадпен, Анваримен салыстыруға болады. Бахор махаббат пен ғазал ақыны емес. Онық қол таңбасын көбінесе қасида поэтикалық жанрынан көруге болады. Оның қасидаларынан қарапайымдылықты,Фаррухи сөздерінің нәзіктігін, Рудаки тілінің өткірлігі мен көңіл көтеретін ойларын байқауға болады. Егер Бахор поэзиясының теңізінен екі бағалы маржан алсақ «Азаттық» пен «Отаннан» лайық ешнәрсе жоқ. Оның махаббаты көне Иранның тарихы мен мәдениетіне бағышталады. Сондай-ақ осы сүйіспеншілік оның барлық поэзиясында кездеседі. Бахор әрқашан отан туралы, отанға деген сүйіспеншілікті жазып жүрді. 1323 ж. Швейцарияның Лузан қаласында ауырып жүрген кезінде жазылған соңғы қасидасы да отанға арналып жазылған еді және оның аты «Сол күні...» деп аталады.
Ариф- ұлттың ақыны
Әбілқасым Ориф Казвани хидраның 1300 жылы Казвани қаласында дүниеге келген. Көркем жазудың шебері еді, музыкамен, ән айтумен әуестенетін. Сондай талантыныңқырларына қарамастан, ғұмыры ащылау, жоспарсыздау болып өтті. Отбасынан ұрыс-керіс арылмайтын. Мұндай көңілсіз, сұрықсыз өмірдің тұщысынан ащылары басым болып жатушы еді.
Ақын Ариф Тегеранда тұрғанда белгілі адамдармен танысып, солармен араласып жүрді. Бірақ ең жақын деген достары өздерін өзі өлтірді, асылып өлді. Әсіресе, Арифке полковник Пасияның ажалы қатты әсер етіп, ол өзіне-өзі көпке дейін келе алмады. Ал, үйленгісі келген қыздарға әр түрлі себептермен қолы жетпей қойды. Әйтеуір өмірі келеңсіз көріністерге толы еді. Жүрегі жылы, жұмсақ мінезді шайыр Ираж мырзамен достасқандай еді, бұл достық та ренішпен, ақыр аяғында Ираждың Арифтің атына сатира жазуымен аяқталды.
Ариф он алты жасынан бастап өлең жаза бастады. Алғашқы жазған өлеңдері діни сарында еді. Роузэхони деп аталатын мәжілісте (шиит имамдарының азаппен аяқталатын өмір тарихы жайлы хикая) Ариф өлеңдері мақаммен айтылатын. Тегеранға келгеннен кейін де сол әдемі, әуезді үнімен тез арада танымал бола бастады. Сөйтіп, мұнда ол Мұзафаруддин шахтың назарына ілікті, сосын оны сарай маңындағы мемлекеттік қайраткерлер қатарына қоспақшы болып еді, өзі бас тартты.
Ақын бостандық сүйгіштердің қатарына қосылды. Сөйтіп, өзінің поэзиясы мен музыкасын революцияға, қарапайым халықтың мұқтаждарына арнады. Түрлі тақырыптарға жырлар жазды, солардың ішінде мемлекет пен халықтың арақатынастарының ала-құласына тоқталды. Сондықтан да ол қуғын-сүргіннің азабын тартып жүрді. Сондай сергелдең кезеңді басынан кешкеннен кейін Хамадан қаласына кетуіне мәжбүр болды және өмірінің ақырына дейін сонда қалды, көп қиыншылықтарды басынан кешірді. Ақын 1352 хижра жылында дүние салды, денесі Әбу Әли ибн Синаның жанына жерленді.
Ариф аса атақты ақын атанбады. Тілді де терең меңгермеген еді. Әйтсе де өлеңдері күрсініске, көз жасына, аласапыранға толы еді, сонысымен оқушының жүрегін тереңнен жаулап алатын. Оған кез болған оқырман оянған ғасырдың ақынымен, қайраткерімен ұшырасқанын түсінетін. Оның сүйкімді, ырғақты дауысы, музыкадағы шеберлігі оның беделін көтеріп тұратын. Ариф өзінен бұрынғы музыкалық әуен-саздарды әдемі пайдаға асыратын. Өзіне дейінгі қолданыстан формаларға баратын Арифтің музыкалық туындылары оның осы саладағы шеберлігін танытатын. Музыканы меңгеру арқылы ол өлең жүйесін де жаңарта, жаңғырта білді. Ариф әрі жазды, әрі өзі мақаммен орындады, сөйтіп әрі музыкант, әрі орындаушы ретінде танылды. Ариф өлеңдері ұлттық нақышпен безендірілген еді. Сол үшін де оның өлеңдері халыққа жақын еді. Мысалға бір- екі өлең жолдарын келтіре кетейік:
Өз мұңымды мастығым ақтамайды,
Дәуір қолы күйімді жақтамайды.
Көзімнен төікеріліп төгілген жас,
Орамалды қан қылып жан талайды.
Немесе:
Мәжіліс ашпайды ғой бізге сырын,
Үйіміздің жатқа өтіп кеткен қырын.
Құлатар елді елдің ұрылары,
Көрмесек өзімізден мұның «жырын»
Саиб Табризи
Саиб Табризи (туған, өлген жылы белгісіз) Ақсақ Темір заманында ғұмыр кешкен еді. Халық мұңына жақын ақындардың бірі болды. Саиб ғасырында Үнді мен Иранның арасында мәдени, әдеби қарым-қатынастар орнай бастаған еді. Сол заманда талантты шайырлардың тобы құрылып, ерекшеленіп шықты. Олар парсы тілін, әдебиетін өз елінде кеңірек пайдаланып, шет елдерге шығаруға тырысты.
Саиб Табризи кезінде ғазал айту рәсімі өріс алып тарай бастаған болатын. Бұл уақыттың шайырлары қарапайым халықтың арасында жүрді, көктем әдебиетті халықтың оң қолына айналдыруға әрекет жасады, парсы тілді әдебиеттің пісіп жетілуіне үлестерін қосты. Қажетті тарихи кітаптар, сөздіктер, жинақтар пайда болып, шайырлардың беделі арта түсті. Сол дәуірде өмір сүрген шайыр Саиб Табризи жігерлі, жалынды ғазалдарымен халық жүрегінде қалып қойды.
***
О Алла, көкірекке ой бере гөр
Кеудемдегі жүректі күйдіре гөр
Жанып өтсін жанбаса неге керек
Мұңналаны ұшқынға сүйдіре гөр.
Түтінге толып кетті көкірегім,
Тілім сөйле отқа оран үйіте гөр.
Керемет көрсет самға дертке толы
Толқын жүрек сыртына тебеді көр.
От берші қаламыма сөйлеп қалсын,
Жанбаса бос төгемін несіне тер
Дақ үйірілген тіліме от бер Құда,
Тіліммен рух қашты мүшкіл халім
Шырақтың раушаны алыспын дер
Үміт жолы бұралаң болып кетті
Маған Рахым о Алла, мейірім бер.
Фаррух-э Язди- ақын, жауынгер
Парсы әдебиетінде өз бекетінде берік тұрып қалған, өз идеясы үшін өзін құрбандыққа жіберетін, қиятын ақындар аз, саусақпен санарлықтай дер едік. Солардың бірегейі Мухаммад Фаррух-э Язди 1306 ж. (хиджра ж.) Язды қаласында туған. Фаррух оқып жүрген кездің өзінде поэтикалық талантын танытып, анау-мынаумен келіспейтін қайсар екендігін байқатып қалған еді. Медреседе дәріс алып жүрген күндерінде бір тентек өлең жазамын деп, оқудан шығып қалады. Оның жастық шақтағы табынған ұстаздары Сағди мен Масъуд Саъд Салман еді.
Жас кезінде Язда қаласындағы демократиялық партияға мүше болып кіреді. Сол уақыттан бостандық туралы өлең жазамын деп, Язда әкімі Зейгамуд Давла Қашқан оның еріндерін тіккізіп, зынданға салып тастайды. Сонда да Фаррухидің беті қайтпай, тігілген аузымен зынданның қабырғасына мынандай жолдарды жазады:
Зынданға ғұмыр бітпейді,
Елім мені жақтайды.
Бостандық менің бақытым,
Ажалдан мені сақтайды.
Конституцияға қол қойылған соң үш-төрт жылдан кейін ол Тегеранға кетеді. Сол кезде «Топан» атты газет жарыққа шыға бастайды. Осы газеттің бетінде ол мемлекетке, кейбір заңсыздыққа қарсы мақалалар бастырды. Меджлистің жетінші шақырысында халық Язданы депутат етіп сайлады, сосын басқа өкілдерімен бірігіп «Туфан» газетін шығара бастады. Тағы да ақынның ізіне қудалау түседі. Ол Иранда тастап, Москва арқылы Берлинге барады.
Фаррухи 1312 ж. (шамси) Тегеранға қайта оралып, бостандық үшін күресушілердің қатарына қосылады. Келісім бойынша 1919 жылы өкіметке қарсы күресі басталады. Ақын саяси өмірінде бір мәрте көре алмаушы кектің найзасынан құтылып кетеді, екінші рет зынданда отырғанда өзін-өзі асып өлтіргісі келгенмен, ол ойы жүзеге аспайды. Ақырында 1318 жылы (шамси) зынданда ол укол арқылы өлтіріледі.
Фаррух мұрасының ішіне өткір тілді саяси мақалалар, жырлар жинағы (ішінде ғазалдары, рубаилары бар) кіреді. Тегеранда бірнеше рет басылып шығады. Хусейн Маккидің алғы сөзімен, редакторлығымен басылады. Ақын поэзиясының негізгі мазмұны әлеуметтік, саяси проблемаларды қамтиды, махаббаты, мистикасы аз келеді.
Фаррух социалшыл еді, ол қарапайым халықтың қамын ойлап күресті. Ол жайында Ариф, Ишәи, Саид Ашрафуддин және Бахор жазды. Фаррухи өз заманының жыршысы еді, дүниеге өзіндік көзқарасы, ұстанымы болды. Өмірін де өз идеясын, көзқарастарын қуаттау, жүзеге асыру жолында құрбан еткен еді. Ақын «Бостандық үшін құрбандық» деген өлеңінде былай депті:
Бостандық аяғына қойдым басты,
Арнадым ғой сол үшін өмір жасты,
Бет-жүзін көрмейінше тыныштық жоқ
Жүгірем жанды салып қарқынды ашты.
Дауылда дірілдемес үлкен қайық,
Құдайсыздық- жауыздық, діншіл- бостан,
Кешірімді кетсең де қанға тайып
Бостандық бастаушысы бола берсең
Жүректі еркіндікке еркін беріп
Жанымды бостандық деп қия білсең.
Сухраб Сипехри
Сухраб Сипехри 1307 жылы (хижра бойынша) Кашан қаласында дүниеге келген. Сурет салу факультетін тамамдаған. Сухраб суреттерінің көрмелері Иранда және шет елдерде көрсетілген. Сипехри табиғатты ерекше жақсы көрді, оның екі жақты мәнісі бар еді. Біріншіден, оның көзқарастарында мистикалық сарындар, бояулар болатын. Содан да болар өз төл туындылырының шапағатына шомылып жүретін, солармен тыныстайтын, шат жүретін, өзін суреттерімен бір санайтын. Екіншіден, махаббаты аз, моральдық күш-қуаты кемшін қала өркениетінен, қасаң дәстүрлерден шаршаған ол табиғатқа бет бұрып, тіршілік тыныстарының күретамыры сәттерін табиғаттан іздеп табатын. Табиғат әлемі игілікке, қиялға бай тірі қозғалыс еді, әр нәрсе өзінің бейнесімен бедерленіп тұратын. Ақын жаны сонда табиғатқа үңілген сайын жаңа ойлардың, ізденістердің соқпағын тапқандай еді. Сондықтан да Сухраб өлеңдері оқушы назарына жаңа көкжиектерді әкелді.
Сухраб лирикасының өзгеге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері бар еді. Бұр жағынан алғанда өз әріптестерінен оқшаулау тұратын. Ол өзіндік қолтаңбасы, әдісі, стилі бар ақын екенін аңғартады. Оны өлеңдерінен байқауға болады. Уақыт өткен сайын ақын көзқарасы қалыптасады, Қиыр Шығыс мистикасымен танысады, әсерлер алады. Суретші ретінде сөздер сарынын байытады, табиғатпен терең үндесу табады.
Сухраб поэзиясының тілі қарапайым оқуға жеңіл, ырғақты, тақырыптары тиянақты, бір өлшемде болып келеді. Сухрабтың «Су» деп аталатын өлеңін мысалға келтірейік:
Су
Бүлдірмеңдер су айдынын,
Шошытпаңдар құс біткенді су ішкен.
Орман жақта бүркіт жуар қанатын,
Көзелерге су толсын деп тілескен
Судың бетін бүлдірмеңдер,
Суға малып нанын жейді дәруіш.
Сұлу әйел келеді өзен жағалап,
Су айдынын сыйлаңдаршы бағалап.
Рахаттанып бет-жүзіңді жуасың,
Қайта оралып, табиғаттан туасың,
Мөлдір өзен жүгіреді жағалап.
Су әуені көше, бақты құлпыртсын,
Су қадірін түсініңдер адамдар,
Толқын туған толқындарға қараңдар!
Пайдаланылған әдебиет: Күмісбаев Ө. «Қазіргі Иран әдебиеті»
