Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
КАЙРЗАДАНОВА АЙГЕРИМ.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
328.72 Кб
Скачать
    1. Сабақтың құрылымы, типтері, сабаққа қойылатын талаптар

Cабақ оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы. Балаға білім беру, оқыту, жалпы білімнің даму тарихы ертеден басталады. Кейінірек ол дидактика ғылымына сүйеніп дамыды. «Дидактика» бұл ежелгі грек сөзі, яғни didasko – оқыту, түсіндіру, дәлелдеу, оқу деген ұғымды білдіреді. Дидактика білім беру мен оқытудың теориялық және әдістемелік негіздерін зерттейтін педагогика ғылымының саласы. Дидактика педагогиканың негізгі бөлімі болып табылады. Оны оқыту және білім беру теориясы деп атайды. Дидактиканың негізгі қарастыратын мәселелері: оқытудың мазмұны,процесі, әдістері, түрлері, заңдылықтары, принциптері, т.б.[40.271–272] Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында: “Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі. Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет” – деген. Яғни болашақтың бүгіннен де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде ғана. Сондықтан да, қазіргі уақыт талабы – оқушылардың білім сапасын көтеру, шығармашылық қабілетін, ақыл – ой белсенділігін дамыту.[6] Сабақтың құрылымы – сабақты үйлестірудің әр түрлі нұсқаларында оның негізгі сипаттамаларының сақталуы мен тұтастығын қамтитын сабақ элементтерінің жиынтығы. Бұл элементтерге мыналар жатады: сабақтың басталуын ұйымдастыру, сабақтың мақсаты мен міндеттерін қою, түсіндіру, бекіту, қайталау, үйге тапсырма беру, сабақтың қорытындысын шығару. Сабақтың типі құрылымдық бөліктерінің бар болуымен және олардың дәйектілігімен белгіленеді.[28.54-55] Президенттің Жолдауында: “Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте білім деңгейімен айқындалады” деген байламы жеке адамның құндылығын арттыру, оны дайындайтын ұстаз нәтиже деген ұғыммен егіз.[8] Жаңа педагогикалық технологиялардың ғылыми – теориялық мазмұны оқушылардың білімдерін жетілдіріп қана қоймайды, оқуға деген қызығушылық белсенділіктерін арттырып, білікті, шығармашыл тұлғаны дайындау.[61.13] Дидактиканың негізгі ұғымдары (категориялары) бар. Олар: оқыту, білім беру, яғни оқыту процесі, оқытудың принципі, білім берудің мазмұны, оқытуды ұйымдастырудың түрі. Сонымен әр ұғымға талдау жасайық: а) Оқыту процесі – ұстаз бен шәкірттің өзара әрекетіне бағытталған, мақсат көрсетілген процесс. Бұл процесс барысында балаларға білім беру, тәрбиелеу және оларды дамыту іске асады. б) Оқытудың принципі – оқыту процесінің тиімділігін арттыруға қажетті ең негізгі дидактикалық талаптар жүйесінен анықталады. Дидактикалық принциптер оқушылардың таным қызметі және оқыту мақсаттарымен тығыз байланыста болады. Оқыту принципі оқу пәндерін оқытудың барлық сатысында қолданылатын жалпы қағидалар болып табылады. в) Білім берудің мазмұны. Жеке адамның жан – жақты дамуы және қалыптасуы үшін меңгеретін білім, іскерлік, дағды жүйесі, білім берудің мазмұны. г) Оқытудың ұйымдастыру түрі (формасы) дегеніміз – ұстаз бен шәкірттердің арнайы ұйымдастырылған, белгіленген тәртіпте жүргізілетін оқу – таным, іс – әрекет процесі. Оқытуды ұйымдастыру оның мазмұны, әдіс – тәсілдері арқылы жүзеге асырылады. Дидактика әрі теориялық, әрі қолданбалы ғылым болғандықтан ғылыми – теориялық қызметі: білім беру мен оқыту процестерінің мәні мен заңдылықтарын, мазмұнын, принциптерін, ұйымдастыру формалары мен әдістерін зерттеу.[12.145–147] Дидактиканың өзінің тарихы бар. Ол чехтің ұлы ұстаз – ғалымы Ян Амос Коменскийден (1592 – 1670 жж.) келеді. Оның «Ұлы дидакика» (1657ж) деген еңбегінде оқыту теориясының түйінді мәселелерін шешіп берді. Мектептерде қолданылып жүрген оқытудың көрнекілік, жүйелілік, бірізділік принциптерін кезінде Я.А.Коменский ұсынған. Я.А.Коменский білім беру мен оқыту шәкірттердің жас және дербес ерекшеліктеріне сәйкес жүруін оқыту мен тәрбиелеу мақсатының тығыз байланыста болуын талап етті, оқытудың сынып – сабақ жүйесін белгіледі. Я.А.Коменскийден басқа дидактикаға өз үлестерін қосқан неміс ғалымы – Вольфганг Ратке (1571 – 1635 жж.). Ол баланың дамуын табиғаттың дамуымен салыстырады, адам – табиғаттың бір бөлігі деп есептейді. Француз ойшылы Ж.Ж.Руссо (1712 – 1778 жж.) В.Раткенің ойын қолдады. Швейцарлық педагог И.Г.Песталоции (1746 – 1827 жж.) баланы оқыту арқылы дамытуды ұсынады. Неміс ұстазы А.В.Дистерверг (1790 – 1866 жж.) баланы тәрбие арқылы оқытуды айтады. Орыс педагогі К.Д.Ушинский (1824 – 1871 жж.) Я.А.Коменскийдің еңбегін Ресейде насихаттап, дамытады. Оның «Балалар әлемі», «Педагогикалық антропология», «Әліппе», т.б. еңбектері бар.[26.176] Ы.Алтынсарин (1841 – 1889жж.) Я.А.Коменскийдің, К.Д.Ушинскийдің ықпалымен қазақ даласына еуропалық білім беру жөніндегі жаңалықтарды әкелді, еуропалық білімді уағыздап таратты, мектептер ашты, қазақ жастарын оқытты. Оның «Қырғыз хрестоматиясы» (1879 ж.) кезінде өте құнды еңбек болып саналған, ол өзінің құндылығын бүгін де жоғалтқан жоқ.

Ахмет Байтұрсынов (1873 – 1937 жж.) – қазақша оқыту әдістемесінің негізін салушы. «Оқу ана тілінде жүргізілсін» деген талапты бастаушы. 1912 жылы тұңғыш рет «Әліппе» жазды, ол халықты сауаттандырудың басты құралы болды. Бұл оқу құралы әрі сауат ашу, әрі ұлттық дүниетанымды іске асыру мақсатын қойды. 1926 жылы бұл «Әліппенің» жете өңделген жаңа түрі жарияланып, қазақ халқының сауат ашу мектебінің басты құралы болды. Жүсіпбек Аймауытов (1890 – 1931жж.) «Тәрбиеге жетекші» деген еңбегінде баланы оқытудың ережелерін, заңдарын баяндайтын, оқытудың дұрыс жүйесін тауып, білім берудің шарттарын көрсететін педагогика бөлімі «дидактика» деп, дидактикаға қазақ тілінде тұңғыш ғылыми анықтама берген Ж.Аймауытов баланың ақылын, сезімін, ерік – жігерін, мінезін тәрбиелеу керектігін атап көрсетті. Мағжан Жұмабаев (1893 – 1938жж.) ол зейінді тәрбиелеу жолдарын көрсетті. Олар:

  • Мұғалімнің атты сөйлеуі;

  • Суреттердің бояуының ашықтығы;

  • Әсердің күштілігі;

  • Затты көрсету, суретін салдыру, балшықтан сол затты жасату.

Әл – Фараби: «Оқыту дегеніміз үйрету, дағдыландыру, әрекеттендіру», - дейді. Оқыту – мұғалім мен оқушылардың белгіленген мақсатқа жетуге бағытталған, реттелген, бірлескен іс - әрекеті, оқушылардың танымдық іс - әрекетін арнайы ұйымдастыру. Оқыту процесі мұғалім мен оқушының бірлескен іс – әрекеті.[39.191-192]

Білім беру деп табиғат және қоғам жайында ғылымда жинақталған білім жүйесін жеке адамның меңгеруін және оны өмірде тиімді етіп қолдана білуін айтады. Дидактиканың міндеті – білім мазмұнын, оқыту әдістерін және оқытуды ұйымдастыруды ғылыми тұрғыдан негіздеу.

Дидактика «Нені оқыту керек?», «Қалай оқыту керек?» деген екі үлкен сұраққа жауап береді. Осы сұрақтардан басқа сұрақтар да туындайды: «Оқыту қалай жүргізіледі, оның заңдылықтары қандай?», «Кімдерді оқыту керек?», «Не үшін оқыту керек?» және «Қайда оқыту керек?». Осы сұрақтарға жауап беру үшін дидактика үздік педагогикалық тәжірибені зерттеп, қорытындылап, мектептің тәжірибесіне енгізумен айналысады. Әрбір мұғалім дидактиканы білу керек, өйткені мектептің алдында тұрған ірі тәжірибелік міндеттерді теориялық білімсіз шешу мүмкін емес.[19.14]

Оқыту процесі – мақсатты процесс. Оқытудың басты мақсаты, әдіс тәсілдері мазмұны мен міндеттері қоғам талабынан туындап, ұдайы өсіп, жаңарады. Оқыту – таным процесі. Танымның ерекшелігі оқушыда білімге деген қызығушылығы ұдайы өсіп арта түседі. Оқытудың міндеті – оқушыны айнала ортамен (табиғат, қоғам) және адам дамуының негізгі заңдылықтарымен қаруландыру. Оқушы дүниені танудан бұрын ғылымда белгілі болған зерттеліп дәлелденген жаңалықтарды, заңдылықтар мен тұжырымдарды әрі қарай дамыта түседі. Оқыту – даму негізі. Педагогикалық процесс өзіне тән негізгі екі белгіні: организмнің өзіндік дамуына жүйелі түрдегі көмек және жеке бастың жан-жақты жетілуін түйістіреді. Оқыту – екі жақты процесс. Оқыту оқушы мен мұғалімнің өзара бірлесіп жасайтын әрекетінен тұратын күрделі процесс. Өйткені, оқыту мұғалімнің білім берудегі негізгі іс әрекеті болса, оқу баланың өзінің танымдық, практикалық әрекеті. Сөйтіп, оқушының таным әрекеті мұғалімнің басшылығы арқасында ғана жүзеге асады.[53.62 – 63]

Оқу үрдісінде кеңінен қолданылатын ойын дидактикалық ойындар. Дидактикалық ойындардың маңыздылығы оқушылардың ынта ықыласын есепке ала отырып, оқуды қызықты етіп, білім, білік, дағдыны қалыптастыру. Дидактика ойындарға қойылатын бірнеше талап оқушының танымдық әрекетін, қызығушылығын дамыту. Бұл талаптар:

А) балаларға өзінің қабілетін көрсете білуге мүмкіндік беру;

Ә) баланы басқалармен жарыса білуге қалыптастыру;

Б) ойын барысында балаға жаңа білім, білік, дағдылардың қайнар көзіне жету;

В) баланың ойын барысында жеткен оның жаңа алған білім, білік, дағдыларымен сәйкес келетіндігі.

Дидактикалық ойындардың ішінде оқушылардың өздері қолдан жасап, құрастырып ойнайтын ойыншықтардың орны ерекше. Өйткені, өздері ойын барысында жаңа білім алып, оларды елестету, есте сақтау, ойлау, сөйлеу тілімен олардың түрлі қабілеттері: конструкциялық, музыкалық, ұйымдастырушылық т.б қасиеттері дамиды. Сабақты бірыңғай әдістермен жүргізе беру оқушыларды жалықтырары сөзсіз. Егер арасында ойын араласып келіп отырса, оқушылар сабақ мазмұнына аса назар аударып, тез қабылдап, ұғып алады.[60.47 – 48]

Сабақты жүйелі түрде жоспарлаумен қатар, оны сол жоспар бойынша дұрыс өткізе де білу қажет. Озат мұғалімдердің тәжірибелеріне қарағанда, оқытуды жүйелі жүргізу үшін, сабақ классификациясын ойдағыдай білу шарт.

Сабақ классификациясы дегеніміз – сабақтарды құрылысы жөнінен топтастыру, түрге бөлу деген сөз. Оқыту теориясында сабақ классификациясын анықтауға айрықша мән беріледі. Бұл туралы озат мұғалімдермен белгілі ғалым педагогтардың пікірлері әр түрлі. Педагогикалық және методикалық әдебиеттерде көптеген сабақ классификациясы кездеседі. Олардың ішінен тек мынау дұрыс деп бірақ сабақ классификациясын ұсыну қиын. Мәселен, қоғам дамыған сайын оқу жүйесінің қайта құрылатындығы және осыған орай оқытудың мазмұнының да, оқытудың методикасының да өзгеретіндегі сөзсіз, олай болса, сол оқыту ісін ұйымдастыру түрлерінің де (сабақтың да) өзгеруі заңды ақиқат. Мысалы, И. Н. Казанцев сабақ классификациясын материалының мазмұны мен дидактикалық мақсатына және өткізу методикасына қарай белгілейді. С. В. Иванов оқыту процестерінің ерекшеліктеріне қарай анықтайды. М. А. Данилов пен Б. П. Есипов сабақтың негізгі принципі әр түрлі болса да, сабақ түрлерінің ішкі мазмұндары біріне – бірі өте жақын деп айтқан.[18.13]

Сабақ классификациясын топтастыру мәселесіне халық демократиялық елдері мен капиталистік елдерде де ерекше көңіл бөледі.Чех және словак тілдерінде 1957 – 58 жылдары шыққан Б. Угераның «Педагогикадан лекция» және В. Вацлавиканың «Сабақ» деген кітаптарында сабақтың түрлі классификациясына өте ұқсас. Ал Америка Құрама Штаттарында оны Гербарттың және Дьюидің схемалары бойынша топтастырады. Бұл схема бойынша оқу жұмысын ұйымдастыру үшін өте күделі тақырып алынады. Ал оны оқушылардың оқып түсінуі үшін бірнеше күн белгілейді.[57.4]

Сабақ классификацияларының түрлеріне 5 – таблица арқылы көз жеткізуге болады. Совет мектептеріндегі педагогикалық процестерді зерттеу жұмысы жақсарған сайын, сабақ классификациялары да ықшамдалып, тұрақты бола бастады. Соңғы жылдары совет ғалымдары педагогика институттарының студенттері үшін педагогика пәнінен бірнеше оқу құралдарын жазды. Осы оқу құралдарының мазмұндарына қарағанда, сабақ классификациясының белгілі бір пікір маңында тұрақталғандығын көреміз. Өйткені бұл еңбектерде сабақ классификациясы әр түрлі аталса да, олардың мазмұнында айырмашылық шамалы.

Мұғалім сабақта оқушылардың қабылданған жаңа білімін іс жүзінде пайдалана білу жолын да қарастырады, оның мұндай дидактикалық мақсатқа байланысты құрған сабақтары « Практикалық сабақ» деп аталады.

Сабақ үстінде оқушылардың материалды қандай дәрежеде түсінгендігін бақылау мақсатын да алға қояды. Осыдан дидактикалық мақсатқа байланысты «Білім сынау – бағалау сабағы» пайда болған.

Мұғалім сабақ процесінде өткен материалдарды оқушылардың есіне салу, қайталау мақсатын да көздейді. Осыдан дидактикалық мақсатқа лайықты «Қайталау – қорыту сабағы» келіп шыққан.

Мұғалім көптеген, сабақта дидактикалық бірнеше мақсаттарды орындауды талап етеді. Демек, бір сабақ бойы оқушыларға жаңа білім береді, оны өмірде қалай пайдаланудың жолын көрсетеді, өткен материалдарды қайталап қорытады, оқушылардың білімін сынап, әрқайсысына баға қояды. Мұндай жағдайда көпшілік сабақ бірнеше сабақ элементтерімен аралас өтеді. Міне, осындай әр түрлі сабақтардың негізгі белгілерінің араласуын «Аралас сабақ» деп атайды.

Сабақтың бұл түрі әсіресе жоғары класстарда жаңа материалды баяндау және үй тапсырмаларын түсіндірумен аяқталады. Бұл сабақта өткен материалды қайталау, пысықтау және оқушылардың білімін сынауға шек қойылады. Көбінесе жаңа ережелер, задылықтар, теоремалар түсіндіріледі. Лекция, кинофильм, эксперименттер қолданылады. Жаңа білімді алғашқы қабылдау сабағында мұғалімнің материалды баяндап түсіндіру оқушылардың сабақ үстіндегі өздігінен істейтін жұмыстарымен ұласып отырады.

Жаңа білімді алғашқы қабылдау сабағының құрылысы төменде көрсетілгендей болуға тиіс.

  1. Мұғалімнің кіріспе сөзі. Мұнда ол өткен материалды оқушылардың есіне салады, оған жаңа материалды байланыстырады.

  2. Жаңа материалдың тақырыбы, мақсаты және жоспары хабарланады.

  3. Жаңа материалдың мазмұнына қарай мұғалім оны ауызша баяндайды. Баяндау барысында кітап, көрнекі құрал, тақта, документтер т.б. қажетті құралдар пайдаланады. Оқушылар жазба немесе графикалық жұмыстарды өздігінен орындайды.

  4. Жаңа материалдың жалғасы ретінде үйге тапсырма беріледі және өткен материалмен үй тапсырмасына түсінбеген оқушылардың сұрақтарына мұғалім жауап қайырады.

  5. Жаңа материалды оқушылардың қандай дәрежеде түсінгендіктерін байқайды. Олардың қабылдаған жаңа білімін пысықтап, мұғалім сабақты қорытады.[23.6]

Жаңа білімді алғашқы өтетін сабақта, материалдың жеңіл немесе өткен сабаққа тығыз байланысты кезеңдерін оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстары арқылы да қабылдауларына болады.

Озат мұғалімдердің тәжірибелеріне қарағанда, жаңа білімді алғашқы қабылдау сабағының бірнеше ерекшеліктері бар.

Біріншіден, программа бойынша мұғалім жаңа материалды түгелдей түсіндіреді, ал оқушылар оны класта және үйде тиянақты пысықтайды. Мұндай сабақты жаңа материалдың мазмұны өте қиын, өткен сабақтардың тақырыбына байланыстылығы аз, оқушылардың өздігінен орындауға күші жетпейтін жағдайда өтеді. Ондай сабақ барысында мұғалімдердің түсіндіру әрекеті жетекші роль атқарады да, оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстары оған қосымша пайдаланылады.

Екіншіден, мұғалім сабақ үстінде негізгі мәселелерді ғана түсіндіреді де қалған материалдың көпшілігін оқушылар өздігінен меңгереді.

Үшіншіден, мұғалім сабақ тақырыбының мазмұны туралы кіріспе сөзінде түсіндіріп, оны қалай орындау керек екендігінің әдістерін көрсетеді. Мұнан кейін оқушылар өздерінше жұмыс істейді.

Төртіншіден, жаңа білімді қабылдау мұғалімнің түсіндіруінен емес, оқушылардың өздерінің хабарлауынан басталады. Сабақтың мұндай түрлері алдын ала өткен экскурсияның, жүргізілген эксперименттік бақылаулардың және күні бұрын берілген тапсырмалардың нәтижесінде ұйымдастырылады. Мысалы, Қазақ тарихынан «XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның мәдениеті» деген тақырыпты өту үшін, мұғалім оқушыларға алдын ала мынандай сұрақтар қоюы мүмкін: А) Халық ауыз әдебиеті. Ә) Орыс жазушалары Қазақстан туралы. Б)Қазақстандағы оқу – ағарту жұмысы. В) Қазақ әдебиеті. Г) Қазақ музыкасы. Бұл сұрақтарға жауап іздестіргенде оқушылар, Қазақ тарихын негізге ала отрырып, музей материалдарын пайдаланады, қосымша әдебиеттер оқиды. Сабақ соңында мұғалім оқушылырдың жауабын талдап, қорытады.

Бесіншіден, мұғалім сабақ барысында жаңа материалдың мазмұнын баяндамастан, оны түсіндіру үшін, оқушылардың өздігінен істейтін жұмысын ұйымдастырады.

Мұндай жағдайда оқушылардың өздігінен ізденіп, білім қабылдауының негізгі үш тірегі бар. Бірінші – оқушылардың өткен материалдардан меңгерген біліміне сүйене отырып, бұрын білмейтін жаңа білімді қабылдауы, екінші – өздерінің білім тәжірибелерін мейілінше пайдалануы, үшінші – олардың оқулық және де басқа да құралдар мен деректер арқылы материалды кеңірек оқып үйренуі.

Бұл сабақты өткізу тәртібі де күні бұрынғы дайындықты және мұғалімнің жинақтап – қорытуын қажет етеді.

Жаңа білімді қабылдау сабақтарының жоғарыда келтірілген бірнеше түрін қолдануда оқушылардың белсенділігін арттыру, ой – қиялын дамыту және олардың білімді өздігінен қабылдау дағдысын тиянақты ету мақсатын көздейді.

Практикалық сабақ алған білім мен дағдыны пысықтау және оны тиянақты түрде меңгеру мақсатын көздейді. Онда өткен материалды екінші рет ойға түсіру арқылы әбден есте қалдыру амалдары қарастырылады. Мұндай сабақтар әсіресе әр пәннің ережелерін, теоремаларын немесе осы сияқты күрделі теориялық мәселелерін іс жүзінде пайдалана білуге байланысты жиі өткізіледі.

Практикалық сабақты жүргізу үшін түрлі жаттығу амалдарын қолдану әр пәннің немесе жеке тақырыптардың ерекшеліктеріне қарай болады. Практикалық сабақта білім, білік және дағдыны пысықтау мақсаты көзделеді. Алдымен әр пәннен өткен ережелер, заңдылықтар теоремалар еске түсіріледі. Оқушылар бұларды ауызша қайталап айтады, жазба түрінде жаттығу жұмыстарын орындайды және тиісті қорытынды жасайды. Сөйтіп, оқып үйренген материалдың теориялық жағын тереңірек меңгеруге мүмкіндік туады.

С.В.Иванов бойынша:

1. Кіріспе сабақтар;

2. Оқу материалымен алғашқы рет танысу сабағы;

3. Жаңа білімді меңгеру сабағы;

4. Меңгерген білімді практикада қолдану сабағы;

5. Дағдылану сабағы;

6. Қайталау, пысықтау және қорыту сабақтары;

7. Бақылау сабағы.

Б.П.Есипов бойынша:

1. Аралас сабақтар;

2. Жаңа оқу материалымен танысу сабағы;

3. Пысықтау сабағы;

4. Қайталап жинақтау, қорыту сабағы;

5. Оқушылардың білімі мен дағдысын жаттықтыру сабағы;

6. Білім сынау сабағы. (Ең көбірек қолдау тапқан – Б.П.Есиповтың ұсынған жіктелімі).

Қазіргі мектеп тәжірибесінде көптеп қолданылатын сабақ түрлеріне мыналарды жатқызуға болады:

1.Кіріспе сабағы;

2.Жаңа білімді хабарлау сабағы;

3.Білімді, іскерлікті және дағдыны бекіту сабағы;

4.Жаттығу және практикалық сабақтар;

5.Зертханалық сабақтар;

6.Қайталау – қорыту сабақтары;

7.Оқушылардың білімдерін, іскерліктері мен дағдыларын тексеру және бақылау сабағы;

8.Аралас сабақ;

9.Өздігінен білім алу сабағы.[56.17 – 18]

Оқытуға қойылатын талаптардың бастапқы белгі жүйесін оқыту процесінің принциптері деп атайды. Сонымен сол принциптерге тоқталайық. Олар: А) Көрнекілік принципі. Көрнекілік принципінде ұстаздың әр түрлі қөрнекті оқу құралдарымен оқытудың аудио – визуалдық техникалық құралдарын – кітаптар, карталар, кестелер және басқа да ашық бояулы, анық та айқын көрнектеліп баспадан шыққан оқу құралдарын пайдалануда өз көрінісін табады. Көрнекілік принципі әрекетінің негізінде бірінші сигнал жүйесінің тітіркендіргіші жататын болса, екінші сигнал жүйесі оның сигналына реттегіш ықпал жасайды. Көрнекті құрал сөзбен қосарлана жүргізіледі. Көрнекілік принципті алғаш ұсынып іске қосқан чехтің ғалымы – Я.А.Коменский. Ә) Саналылық пен белсенділік принципі дегеніміз – зерттелетін құбылыстарды белсене қабылдап алуға бағытталған, оларды зердеге құйып, шығармашылықпен қайта өңдеу және қолдану болып табылады. Ол ең алдымен оқыту процесінің екі жақты сипатымен шарттасқан, онда тек оқушы белсенді де іскер болғанда ғана оқыту ісін жүргізуге болады. Тек сананы меңгеру ғана жаңа білімді бұрынғы білім мен түсініктер қорына қосуға, оларды топтап, реттеуге, пәндер ішіндегі және пәнаралық тұтастай байланыстарды бақылап отыруға мүмкіншілік береді. Бұл принципті ұсынғандар: Я.А.Коменский, И.Г.Песталоции, Ж.Ж.Руссо. Б) Түсініктілік және шамаға лайықтылық принципін дұрыс ұғып, істе қолданудың оқушының ақыл – ойының жетілуі үшін аса үлкен маңызы зор. Бұл принцип оқушылардың жас ерекшеліктерін білумен өте тығыз байланысты және де оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жасаудың негізіне жатады. Оқу жоспарлары, бағдарламалары не қиын, не жеңіл болса екеуі де дұрыс нәтиже бермейді. Біріншісінде түсінбесе, екіншісінде немқұрайлы қарайды. Оқыту мен дамудың арасында тәуелділік болу керек. Осыдан дамытып оқыту пайда болады. Белгілі психолог Л.С.Выготскийдің теориясы бойынша «Жуық арадағы даму аймағына» жатқан жобалауға болатын және жобалаудың қажеттілігі де бар таным мүмкіншілігіне әрқашан да бағдар ұстап отыруға тиіс. В) Жүйелілік және бірізділік принципі оқыту мақсатынан, оқытылатын материалдың ғылыми логикасынан, баланың ойлауының даму заңдылығынан шығады. Жүйелілік принципі оқу пәнінің өзінің логикасында көрсетеді, өйткені әр пәнде бір – бірінен шығатын өзара байланысты ұғым жүйесі бар, бірінің келуі, өтіп кеткен екінші оқиғаның аяқталуымен шарттас белгілі оқиғаны байланыстыратын заңдылықтан туындайды. Г) Беріктік принципі – білімді орнықты меңгеру деген сөз. Білімді оқушылар әрқашан да меңгеріп алуы қажет және оны оқуда пайдаланып, тәжірибеде жүзеге асыруы тиіс. Беріктік принципі дидактиканың басқа барлық принциптерімен тығыз байланысты. Шындығында, оларды қабылдауға әр түрлі сезім мүшелері қатысқан болса, егер оқушы оларды саналы қабылдап, оның ойы белсене қызмет істеген болса, егер білімді ол жүйемен біртіндеп меңгерсе және оның ақыл – ойына белгілі жүйемен орнаса, онда білім біршама берік болады. Ғ)Теорияның тәжірибемен байланысының принципі оқу шеберхананасындағы, тәжірибе алаңдарындағы және басқа да толып жатқан өндірісте немесе ауыл шаруашылығында тікелей жұмыс істеуді енгізетін оқытудың ұйымдық нысанында, жаттығуда көрінеді. Әсіресе қазіргі кезеңде нарықтық экономикаға байланысты бұл принцип айқындалып көрінеді. Д) Ғылыми принцип дегеніміз – жеке пәндер бойынша мектепте оқылатын ғылыми фактілер, ұғым және заңдылық жүйесі ретінде пайдалану болып табылады. Және ең алдымен оқу материалдарын таңдап алу мен оқыту әдістерін қалап алуда көрінеді. Е) Мақсаттылық принцип. Әрбір сабаққа дайындалу үшін ең алдымен оның мақсатын анықтайды. Мақсатсыз сабақ жақсы нәтиже бермейді. Өйткені оқыту әдістері олардың мақсаттарына байланысты. Осыған орай, әрбір баланың және ұжымның ерекшеліктерін ескеріп, мұғалім оқыту жұмыстарының формаларын, мазмұнын, әдістерін іріктеп алады. Оқыту мен тәрбие жұмыстарын осындай мақсатпен ұйымдастыру мұғалім мен оқушылардың іс – әрекетінің үнемі жоспарлы түрде өтуіне игі әсер етеді. Ж) Педагогикалық процестің бағыттылық принципі мақсаттылық принципке жақындау. Педагогикалық процестің бағыттылық принципі жеке адамның әр жақты дамуына, оқыту мен тәрбие үйлесімділігіне ықпал жасайды.[48.87]

Сабаққа қойылатын талаптар:

– Білімділік мақсаттың құрамдық элементтері, олардың дамытушылық және тәрбиелік мақсаттармен байланысын толық және анық нақтылау. Сабақтың жалпы құрылымында орнын анықтау.

– Оқушылардың дайындығын ескерумен қатар, сабақ мазмұнының оқу бағдарламасы мен сабақ мақсатының талаптарына сәйкестігін анықтау.

– Оқушылардың ғылыми білімді меңгеруі, іскерлігі мен дағдысының қалыптасуын сабақта және оның жеке кезеңдерінде бақылау.

– Тиімді методтар, әдістер мен оқу құралдарын таңдау, сабақтың әрбір кезеңінде сенімді әсер ету, оларды қызықтыру және бақылау. Танымдық белсенділікті қамтамасыз ететін таңдау.

– Дидактикалық принциптерді жүзеге асыру.

– Оқушылардың ойдағыдай оқуына жағдай жасау және т.б.[54.20]

Сабақтың тиімділігін арттыру үшін мынадай шараларды жүзеге асыруы керек:

1. Ұйымдастырушылық кезеңге мейлінше аз уақыт жұмсау.

2. Жазбаша үй жұмысын сабақ үстінде тексеруге мейлінше аз уақыт бөлу.

3. Сабақ үстінде жеке оқушыдан ауызша сұрауға барынша аз уақыт жұмсау.

4. Сабаққа оқушының жаңа материалын меңгеруіне ықпал ететіндей өзіндік тапсырмаларды көбірек ендіру.

5. Оқушының өз бетінше меңгеруге қиналатын материалдары бойынша ауызша баяндауды пайдалану.

6. Міндетті түрде оқушыны сабақ үстінде өз бетінше білім алуға қабілетін дағдыға үйрету, кітаппен және т.б. қосымша әдебиеттермен жұмыс істей білуге үйрету.

7. Үй жұмысының сипатын өзгерту.Алған білімін үй тапсырмасын орындауға шығармашылықпен ізденіспен пайдаланатындай оқушыны өз бетінше ойланып, жол табуға итермелейтіндей, сабақта алған білімді практикада қолданатындай тапсырмалар беру.

8.Жаңа оқу материалын сабақ үстінде бекітуге көңіл бөлу.

9.Үйде осы есте бекіту жұмысы онан әрі жалғасын табатындай тапсырмаларды көбірек беру.

10.Үйге практикалық мазмұндағы тапсырмаларды көбірек беру.

11. Үй тапсырмасын сол күні орындауға алғы шарттар жасау.

12. Тапсырманы түрлі бағытта беру.( ауызша немесе жазбаша)

13. Таңдауы мен бірге психологиялық талдау жасайтын тапсырмалар.

14. Топтық жұмыстар.[45.48]

Сабаққа қойылатын талаптар жүйесі

1. Әрбір сабақта білім беру, даму және тәрбиелеу мақсаттарының бірлігі сақталуы керек. Әрбір сабақ оқыту процесінің басты заңдылықтарын жүзеге асыруға ықпал етуі қажет. Сабақта белгілі бір білімді баяндай отырып, оқушылардың  пайымдауын дамыту,  олардың ойлау қабілетінің дамуына ықпал ету және оларды қоршаған дүниеге лайықты қатынасын  қалыптастыру, оларға осы қатынастар  негізінде мінез – құлық дағдысын сіңіру қажет. Тұлғалық қасиет қалыптасуы үшін алған білімнің оқушылардың мінез – құлқын айқындауына, оларда қажетті тұлғалық қасиеттің қалыптастыруына ұмтылу керек (жұмыс орнындағы мәдениеттілік, тапсырманы орындау сапасын жауапкершілікпен қарау, оларды орындаудағы қиындықтарды жеңу).

2. Әрбір сабақ дидактиканың барлық принциптеріне және бәрінен бұрын оқыту мен өмірдің ғылымилығы мен байланысына жауап беруі керек. Кез – келген оқу пәні бойынша кез келген сабақ – ол процестің бір бөлігі, сондықтан да оқып – үйретуді ғылыми танымда нақтылықтың критерийі рөлін атқаратын өмірмен, практикамен байланыстыра білуге, ал оқу процесінде – оқуға деген ынталығын, оған оң көзқарасты, айналадағы ортаның құбылыстарын түсіндіру үшін теориялық білімдерін практикада қолдана білу дағысын қалыптастыруға тиіс.

3. Әрбір сабақ, ең алдымен, сабақтың тақырыбымен жиі ауыстырылатын айқын дидактикалық мақсатпен сипатталуы керек. Әрбір тақырып бойынша бірнеше сабақ өткізілуі мүмкін және олардың әр қайсысының өзінің нақты дидактикалық мақсаты болуы тиіс, оқушыларды ойлау операцияларымен қаруландыру (классификациялау, көшіру, жалпылау, т.б.), білімін практикада қолдануға дағдыландыру, оқуды   тақырып бойынша жекелеген фактілермен таныстыру, теориялық қорытындыларды өз бетінше тұжырымдау дағдысын қалыптастыру және т.б. Мұғалім белгіленген мақсатқа байланысты сабаққа дайындалу процесінде оқушыларға беретін оқу материалының мазмұнын, сабақтың құрылымын, оқыту әдістерін, құралдарын, т.б. анықтау керек. Әрбір сабақтың айқын мақсатының болмауы оларды біржақты болуға, ал бұл оқуға деген қызығушылықтың  жойылуына алып келеді.

4. Сабақтың барлық кезеңдерінде оқушылардың танымдық қызметін жандандыру мақсатында оқытудың әр алуан әдістері мен тәсілдерін пайдалану. Оқушыларға кез – келген бірыңғай ұзақ ықпал ету (мысалы: ұзақ ауызша түсіндіру) олардың ынтасының ыдырауына, енжарлыққа алып келуі мүмкін. Олар сабақта алаңдайды, мұғалімнің ақпаратын қабылдамайды. Сондықтан да әрбір сабақта оның әрбір кезеңдерінде оқушылар қызметінің түрлерін орынды өзгертуге ұмтылу керек. Ол үшін әлсін – әлсін әртүрлі сезім органдарына әсер ететін, тиімдірек танымдық қызметке жағдай туғызатын, оқытудың әр алуан әдістері мен тәсілдерін пайдалану қажет. Сабаққа дайындалғанда, қашан, сабақтың қай бөлімінде қандай әдіс, тәсіл немесе құрал пайдаланылатынын жеткілікті ойластыру қажет. Дегенмен, сабақта қызмет түрлерін ауыстыруда оқушылардың жас ерекшеліктері, сыныптың ерекшеліктері ескерілуі тиіс. Себебі балалардың барлығы барлық уақытта қызметтің бір түрінен екіншісіне ауыса алмайды.

5. Сабаққа қойылатын талаптардың бірі — оның эмоционалдығы. Ол оқушыларды сабақтағы маңызды қызметті – жаңа білімді игеруге  итермелейді. Ол сырттай ғана байқалуы мүмкін (мұғалімнің  қатты дауысы, қол сілтеуі, т.б.) және эмоционалдылық мұғалімнің сабақтағы оқыту процесіне, оқылатын тақырыпқа қатысты байқалуы мүмкін. Оқушылар сергек болуы үшін сабақ эмоционалды  болуы керек, бұл олардың белсенділігін арттыру тәсілдерінің бірі. Сабақта әртүрлі проблемалық ситуацияларды пайдалану да эмоционалдылыққа жағдай жасайды, оқушылардың танымдық қызметін жеделдетеді.

6. Әрбір сабақта оқушылардың білімін үздіксіз есепке алу жургізілуі керек. Оқыту процесі кез – келген сабақта тұрақты кері байланыс болған жағдайда тиімді болады. Сабақтың әрбір кезеңінде мұғалім, оқушының оқу материалын игеру деңгейін біліп отыруы керек, өйткені ол осы деңгейдің үнемі өсіп отыруына жағдай туғызуы керек. Сондықтан да оқушылардың білімін бақылаудың әр алуан түрлерін пайдалану керек. Осы мақсатта әр түрлі компьютерлік бағдарламалар, жазбаша тапсырмалар, сауалнамалар, перфокарталар пайдаланылуы мүмкін, олар білімді тексерудің нәтижесін бірден алуға мүмкіндік береді. Бұл жерде ең бастысы – әрбір мұғалімде оқушының сабақтағы танымдық кызметінің нәтижесін бағалау үшін байқағыштық қасиеті жақсы дамуы керек.

7.  Әрбір сабақ өзінің ұйымдастырушылық заңдылықтарымен, оң нәтижелерді сезінгіштігімен ерекшеленуі керек. Әрбір өткен сабақ мұғалім мен оқушыға алға басушылық сезімін туғызуы керек. Сабақ білім көлемінің елеулі өсуін қамтамасыз етуі немесе сапасын жетілдіруін, немесе осы екеуін де қамтамасыз етуі керек. Білімнің осындай елеулі өсуі (білік пен дағдының) қанағаттану сезімін туғызады, әрине оқушының оқуға деген белсенді көзқарасын туғызады. Әрбір сабақ оқыту процесінің тамандалған бөлігі болуы тиіс.

8.  Әрбір сабақта жүйелі қайталаудың элементтері қатысуы тиіс. Қайталау ешқашан да жаттанды қайта айтуға алып келуі тиіс емес. Әрбір сабақтағы жаңадан оқылатын материал бұрын өтілгеннің тұрғысынан қарастырылуы керек. Мұғалім жаңа материалды баяндағанда мүмкіндігінше оны алдыңғы өткенмен байланыстыруы, оған сүйенуі керек.

9.  Әрбір сабақ техникалық оңтайлы және дидактикалық талаптарға сай болуы керек. Таным сезімдік қабылдаулардан басталады. Әйтсе де, көрнекілік, техникалық құралдарды орынды пайдалану қажет, бәрінің де шегі болуы керек. Мұғалімнің сабаққа дайыңдалуда көрнекі, дидактикалық құралдарды ойлап табуға және дайындауға кеткен уақыты оқытудың нәтежесімен ақталады.

10. Кез – келген пән бойынша әрбір сабақтың өткен және алдағымен байланысы. Кез – келген сабақ басқалардан оқшауланып қарастырылмауы керек, ол сабақтың жалпы жүйесіндегі белгілі бір буын болуы керек. Мұғалім белгілі бір пән бойынша сабаққа дайындалғанда өткен сабақты жақсы елестете білуі керек. Әрбір мұғалім өз мүмкіндігіне қарай сабақтың материалын өткен материалмен байланыстыруға тырысады. Сондай – ақ алдағы сабақтың құрылымы меп мазмұнын да жақсы білуі керек. Бұл бастауыш сынып педагогтары үшін өте маңызды. Мұғалім кез – келген сабақта білімді қалыптастыра отырып, келесі (ертеңгі) сабаққа негіз қалауға міндетті. Оқыту процесін ұйымдастыруда осындай әдістің қажеттілігі теориялық түрде Л. С Выготскийдің зерттеулеріне негізделген. Бұл идеяны сабақта жүзеге асырудың нақты мысалына белгілі жаңашыл – педагог Лысенкованың кызметін жатқызуға болады.

11. Сабақтың барлық уақытын үлкен табыстылықпен пайдалану. Сабаққа дайындалғанда оқушылардың 45 минут бойы жұмысын ұйымдастыруды ойластыру керек. Сынып ешқашанда бүкіл сынып үшін жеткілікті мөлшерде тапсырмалар, сұрақтар жинақтаған мұғалімнің назарынан тыс қалмауға тиіс. Сабақта оларды дайындауға уақыт шығындамау үшін көрнекі құралдар, аспаптар, техникалық құралдар алдын – ала тексерілуі керек. Дәстүрлік құрылымның өзі де (сұрау, түсіндіру, бекіту) қызметтің бір түрінен екіншісіне көшкенде уақыт жоғалтуға алып келеді. Сондықтан да құрылымды көшіру оқушыларға елеусіз болып қалатындай етіп ойластыру керек. Жекелеген оқушылардың сабаққа кешігу, сабақтағы басқа да тәртіп бұзушылық себептерін аңықтауға мүмкіндігінше уакытты шығындамау керек, бұл туралы қоңыраудан кейін әңгімелесуге болады. Көптеген мұғалімдер оқушының орнынан тұрмай ауызша жауап беруін жақтайды, өйткені бұл да уақыт үнемдеуге септігін тигізеді.

12.  Оқушылардың бүкіл сабақ бойы оқу – еңбек тәртібін қамтамасыз ету. Алдыңғы айтылған талаптарды орындау сабақтағы тәртіпті белгілі бір деңгейде қамтамсыз етеді. Әйтсе де, мұғалім тәртіпті ұстау үшін әрбір оқушының жеке басын силай отырып, белгілі бір талап қоя білуі керек. Сынып ұжымы тәртіп бұзушылыққа төзбейтіндей болуға қол жеткізуі керек, өйткені сабақтағы тәртіп – олардың ынтасының орнықты болуына негіз салады. Көптеген мұғалімдер көбіне оқушылардың жалған ынтасымен ғана шектеледі, К. С. Станиславский «ынта объектіге көзін тігу ғана емес» деп атап көрсетті. Оқушылар тек мұғалімге жай қарап және тыңдап қана қоймауы керек, оқылатын материалға қатысты белсенді болуы керек, сабақта тиімді танымдық қызметке септігін тигізетіндей жұмыс жағдайы үстемдік құруы тиіс.

13.  Сабаққа қойылатын талаптардың бірі оның құрылымдық икемділігі болып табылады. Мысалы, мұғалім сабақтың айқын құрылымын, оның нақты мақсатын ойластырды, бірақ кейде сабақ белгіленген жоспар бойынша өтпейді. Бұл жағдайда мұғалім сабақ барысында қажетті түзетулер енгізе, оның құрылымын ауыстыра, қосымша тәсілдерді пайдалана білуі керек, бірақ мақсатқа жету керек. Сабақ – спектакль емес, оған көп дайындалғанмен де, ол ешқашан репетицияланбайды.

14.  Сабақтың кәсіби бағыттылығы. Әрбір сабақтың оқу пәніне тәуелсіз, кәсіби бағыттылығы болуы керек. Мүмкіндігінше әр ретте оқу материалының болашақта қандай да бір мамандықты иемденудегі маңызын, алған білімнің алдағы бүкіл өмірдегі маңызын атап көрсету керек.

15. Үй тапсырмасының тиімділігі және оны міндетті тексеру. Мұғалім, үйге тапсырма бере отырып, оқушылардың барлығы оны орындай алатынына сенімді болуы керек. Кейде өте қиын тапсырма ұсынылады, бірақ кез – келген жағдайда мұғалім үй тапсырмасына, оның мәні неде екенін, мақсаты қандай, оны орындаудың негізгі ережелерін қайдан оқуға болатынын түсіндіре отырып, түсініктеме беруге міндетті. Оқушылар орындаған кез – келген үй тапсырмасы міндетті түрде тексерілуі, талдануы керек, әйтпесе оқушылардың өз бетінше танымдық қызметке деген қызығушылығы жойылады.

16.  Қолайлы моральдық – психологиялық және санитарлық – гигиеналық жағдайлар туғызу. Бұл жағдайлар көпшілігінде сабаққа қойылатын барлық жоғарыда аталған талаптардың орындалуымен анықталады. Әрбір сабақта, бәрінен бұрын, сыныптағы оқушылардың арасында, мұғалім мен оқушылардың арасында қалыпты қатынас орнату керек. Оқушылардың психофизиологиялық ерекшеліктерін де ескеру керек. Жоғарыда сабаққа қойылатын он алты талап қарастырылды, бірақ бұл тізімді жалғастыруға болмайды дегенді  білдірмейді. Әрине, мұғалімнің әрбір сабақта олардың барлығын орындауын талап етуге болмайды. Бірақ оларды білу міндетті, өйткені ол сабақтың жоғары тиімділігіне алып келеді.

Сабаққа қойылатын дидактикалық талаптар:

1. Сабақтың мақсаты айқын, мазмұны, жоспары және оның құрылымы алдын – ала белгілі болуы тиіс.

2. Сабақ оқыту принциптерінің ережелері мен талаптарына сәйкес болуы қажет.

3. Сабақтың ғылыми мазмұны оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сай ұғынымды, түсінікті болуы керек. Сондай – ақ сабақта оқушылардың бойында біліктер мен дағдыларды қалыптастыру міндеті жүзеге асырылуы тиіс.

4. Сабақтың мазмұны оқытатын пәннің бағдарламасына сәйкес болуы және әрбір сабақ басқа сабақтар жүйесінің буыны болуы міндетті нәрсе.

5. Сабақта оқушылардың білімге ынтасы мен қызығуын арттыру үшін сабақтың құрылымы мен әдістерін түрлендіріп, көрнекі және техникалық құралдарды, түрлі ойындарды тиімді қолдану керек. «Баланың ынтасын арттыру үшін оқытылатын нәрседе бір жаңалық болуы керек» деп Ж.Аймауытов жайдан – жай айтпағанын ескеру керек.

6. Сабақта оқушылардың белсенділігін арттыру үшін проблемалық ситуациялар туғызып, проблемалық міндеттер мен тапсырмаларды орындауға басшылық ету қажет.

7. Сабақтың сапасын жақсарту үшін мұғалім оқушылармен қарым – қатынас жасау шеберлігін арттырып отыруы керек. Педагогикалық қарым – қатынас мұғалімге оқушылармен рухани байланыс жасауға мүмкіндік береді. Білім арқылы қарым – қатынас жасау және қарым – қатынас арқылы білім алу керек деген қағиданы іске асыру пайдалы.

8. Сабақта оқушыларға білім берумен қатар оларды өздігінен білім алудың әдіс – тәсілдеріне үйрету міндет.

9. Сабақ оқытудың білім беру, тәрбиелеу және дамыту қызметін біртұтастық принципке сай жүргізуі тиіс.

10. Сабақтың дидактикалық құрылымы немесе кезеңдері бірізділікте, бір – бірімен өзара байланыста, бірін – бірі толықтырып тұрулары қажет.

11. Сабаққа дайындалу және оны өткізу барысында мұғалімнің сыныптағы, мектептегі нақтылы жағдайды (оқу кабинетінің жабдықталуы, оқу – техникалық, көрнекілік құралдарының нақты қолда болуы, тұрғылықты жердегі табиғат, өндіріс ресурстарын пайдалану т.с.с) ескеріп отыруы шарт.[22.30 – 32]