Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
КАЙРЗАДАНОВА АЙГЕРИМ.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
328.72 Кб
Скачать

Мазмұны

Кіріспе..........................................................................................................3

1 Бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттерін дамытудың теориялық негіздері................................................................................5

    1. Оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы – сабақ……………......5

    2. Сабақтың құрылымы, типтері, сабаққа қойылатын талаптар.........10

1.3 Бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылығын арттыру мәселелері..............................................................................................................24

2 Бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттерін дамытудың әдіснамалық негіздері...........................................................................32

2.1 Бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттерін дамытудың жолдары, әдіс – тәсілдері ....................................................................32

2.2 Бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттерін дамытудың қазіргі негізгі бағыттары.....................................................................36

3 Тәжірибелік – эксперименттік бөлім……………………………………..42

Қорытынды.......................................................................................................62

Пайдаланған әдебиеттер тізімі.......................................................................66

Кіріспе

Зерттеудің өзектілігі. Мектептегі оқу үрдісі бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттерін дамыта отырып, олардың белсенділігін, шығармашылық әрекетін дамыта білу бүгінгі күннің өзекті мәселесінің біріне айналып отыр. 

ХХІ ғасырға аяқ басқан Қазақстан күрделі тарихи бетбұрыстар мен қоғамдық жаңартулар тұсында дамып келеді. 1999 жылы маусымда ҚР – ң Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптері айқындалды. Бұл принциптерде барлық азаматтардың тең құқылығы айқындалған. Халықтың барлығы бірдей білім алу мүмкіндігі, жеке тұлғаның білім алуын ынталандыру және дарындылықты дамытуды қарастырады.[4]

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың “Қазақстан – 2030” бағдарламасында “Барлық Қазақстандықтардың өсіп – өркендеуі, қауіпсіздігі және әл – ауқатының артуы туралы” Қазақстан халқына жолдауында айқындалған негізгі басым бағыттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін білім мазмұнын жаңартумен қатар оқытудың әдіс – тәсілдерін қолданудың тиімділігін дамытуға ерекше көңіл бөлген. Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті, саналы ұлттың ойлау қабілеті мен біліміне, іскерлігіне байланысты. Осы орайда егеменді еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасаланып жатқан талпыныстар оқытудың әр түрлі әдіс – тәсілдерін қолдана отырып, терең білімді ізденімпаз, барлық іс – әрекетінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлға тәрбиелеу ісіне ерекше мән берілуде.[7] ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қызығушылық теориясын дамытуға үлес қосқан педагогтар мен халық ағарту қайраткерлерінің тобы қалыптасты. Олар – А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсыновтың ағартушылық педагогикалық мұралары. Ал қазіргі таңда қызығу теориясын зерттеуді жалғастырушылар Т.Тәжібаев, Қ.Б.Жарықбаев сияқты психологтар.  Ж.Б.Қоянбаев, Р.М.Қоянбаев, О.Байқуатова сияқты педагогтар оқушылардың оқу танымдық қызығушылықтары шын мәнісінде оларда саналы оқу мотивтерінің қалыптасуында екенін дәлелдеді. Бастауыш сынып оқушыларының оқу танымдық қызығушылығын дамыту мәселелерін шешуде Р.Жолдашқызы, Т.Жұрынова сияқты педагогтар бірнеше әдіс тәсілдер ұсынды.  Қазіргі кезде дамыта оқытудың Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов жасаған жүйесі оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын дамытуда алатын орны ерекше. Дегенмен де, бұл мәселе әліде болса, оқушылардың танымдық қызығушылығын арттырудың жолдарын зертеуді қажет етеді.[14.61–63]

Зерттеудің мақсаты – Бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттерін дамытуды теориялық тұрғыда зерттеу, тәжірибеде жүзеге асыру

Зерттеу жұмысының объектісі: бастауыш сыныптағы оқу – тәрбие үрдісі

Зерттеу жұмысының пәні: Бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттерін дамыту үрдісі

Зерттеудің ғылыми болжамы: егер, бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттерін дамытудың теориялық негіздері анықталса, бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттерін дамытудың жолдары, әдіс – тәсілдері, бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттерін дамытудың қазіргі негізгі бағыттары сараланса, іріктелсе, онда бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттері артар еді

Зерттеудің міндеттері:

  1. Бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттерін дамытудың теориялық негіздерін анықтау;

2. Бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттерін дамытудың әдіснамалық негіздерін саралау;

3. Бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттерін дамытудың жолдарын, әдіс – тәсілдерін айқындау;

4. Бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттерін дамытудың қазіргі негізгі бағыттарын анықтау.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері: Бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттерін дамыту жайлы зерттеген ағартушы, көрнекті педагогтардың, ғалымдардың еңбектері, философтардың, психологтар мен педагогтардың зерттеулері бойынша тұжырымдамалар құрайды.

Зерттеудің практикалық мәнділігі: Теориялық материалдармен жасалған қорытындылар жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне қолдануға болады.

Зерттеудің әдістері:

– анкеталық сұрақ – жауап;

– педагогикалық бақылау;

– педагогикалық эксперимент;

– сауалнамалар;

Зерттеу жұмысының құрылымы: дипломдық жұмыс кіріспеден, негізгі бөлімнен, зерттеу бөлімінен және қорытынды, әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады.

Зерттеудің базасы: Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, №4 жалпы орта білім беретін мектеп.

  1. Бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қызығушылық қабілеттерін дамытудың теориялық негіздері

    1. Оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы – сабақ

Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңында» білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шындауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделеді.[2.26.] Оқушылардың оқу танымдық жан – қуаттарының оянуына ықпал етіп ізденісін, талабын ұштауға білім деңгейін жетілдірудің маңызы ерекше. Оқу үрдісі оқушылардың оқу – танымдық әрекеті негізінде жүзеге асады, ал оқу – танымдық әрекеті негізінде оқушылардың танымдық белсенділігі қалыптасады. Белсенділіктің ең жоғарғы көрінісі оқушылардың алған білімдерін өмірде пайдалану, білуі болып табылады. Оқу – танымдық іс – әрекет күрделі үрдіс болғандықтан, мұғалім мен оқушының бірлесіп жасайтын тиімді, сапалы әрекетін керек етеді. Оқу – танымдық белсенділік оқушының оқуға, білуге деген ынта – ықыласының құштарлығының ерекше көрінісі.[25.24] Сабақ барысында оқушының бойында танымдық белсенділік пайда болса, сонда оқушыларда ақыл – ой қабілеттерінің мынандай элементтерді дамиды:

Зеректік,

Зейінділік,

Байқағыштық,

Ойлау және сөйлеу.

Оқушының пәнге қызығушылығын арттыру мақсатында сабақта проблемалы жағдай туғызып отыру да маңызды. Мәселенің шешімін табу арқылы оқушының ойлау қабілеті нығайып кез келген проблеманы шешуге үйренеді. Дамыта оқытудың Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов жасаған жүйесі 3 негізгі құраушыдан:

– Оқу мақсаттарының қойылуы

– Оны шешудің жолын бірлесе қарастыруы

– Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу тұрады.

Сабақта жақсы оқитын оқушылармен ғана белсене жұмыс істеп қоймай, барлық баланың дамуы үшін қолайлы жағдай туғызып, қабілеті жеткен жерге дейін еңбек етуі ойластырылса,әр оқушының оқуға деген қызушылығы артады. Бастауыш мектеп – оқушы тұлғасымен санасының дамуы қуатты жүретін, ерекше құнды қайталанбайтын кезең. Сондықтан бастауыш білім – үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы, қиында жауапты жұмыс. Бастауыш мектеп балаға білім беріп қана қоймай, оны жалпы дамыту, яғни сөйлеу, қоршаған орта жөнінде дұрыс көзқарас қалыптастыру, талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс айтуға, салыстыра білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне үйретеді.[20.21-22.]

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» делінген. Қазіргі мектеп жағдайындағы білім берудің ұлттық моделіне оқыту мен тәрбие берудің соңғы әдіс – тәсілдерін, инновациялық технологияны игерген, психологиялық, педагогикалық жұмыста қалыптасқан, ескі сүрлеуден тез арада арылуға қабілетті және нақты тәжірибелік іс – әрекет үстінде өзіндік даңғыл жолын салуға икемді, шығармашылық педагогикалық зерттеуші болуды талап етеді.[5]

Бастауыш сынып оқушыларының қабілеттері екі түрлі әрекетте дамиды. Біріншіден, кез – келген бала адамзат баласының осы кезге дейінгі жинақтаған тәжірибиесін меңгеруге бағытталған оқу әрекеті арқылы дамиды, білім білік дағдыны қабылдайды.

Екіншіден, кез – келген оқушы шығармашылық әрекеттер орындау арқылы өзінің мүмкіндіктерін дамытады. Проблеманы өзінше жаңаша шешуге талпыныс жасайды. Мысалы: оқу әрекетінде белгілі дағдыны қалыптастырған белгілі бір ережені, меңгеретін жаттығулар орындалса, шығармашылық әрекеттерде баланың іздену жұмысы басты нысана болады. Бастауыш сынып оқушыларының ой – өрісін дамытуда ойын әрекетінің маңызы зор. Ойын – балалардың негізгі іс – әрекеті болып табылады. Балалар білімді ойын арқылы да ала алады. Сабақтағы ойын арқылы білімін шыңдап, ой – өрісін кеңейте алады. Ал ойынның өз мақсаты, жоспары, тәрбиелік мәні, қажетті заттары, ерекшеліктері болады. Баланың жас ерекшелігіне сай ұйымдастырылған ойындар баланың ақылын, дүниетанымын кеңейтеді, мінез – құлқын қалыптастырады және сабаққа деген қызығушылығын арттырады.[15.155]

Оқушылардың сабақтағы қызығушылығы мен белсенділігін қалыптастырудың жолдары сан алуан. Бұл пікір педагогикалық әдебиеттерде көрсетіліп, нақтыланған, әрі бірнеше ғалымдар пікіріне үндесіп отырады. Сондықтан, қандайда бір пән болмасын, сол пәнге оқушының қызығушылығын, нақтыланған әрі бірнеше шарттары мен қолданылатын жұмыс түрлеріне сәйкестігі мынандай:

  1. Берілген білім мен мазмұнымен оқушының жас ерекшелік ақыл – ой даму деңгейінің сәйкестігі.

  2. Берілетін білім мазмұнының қызықты болуы.

  3. Оқу әрекеті мотивінің, міндет, мақсатының айқындылығы.

  4. Мұғалімнің кәсіби және мәдени құзырлығының жоғары деңгейлігі.

  5. Оқушылардың мінез – құлық, қабілет ерекшелігінің ескерілуі.

  6. Оқушылардың өз бетінше және шығармашылық жұмысының тиімді ұйымдастырылуы.

  7. Оқытудың көрнекілікке, бақылау әрекетіне негізделе жүргізілуі.

  8. Проблемалық ситуация тудыра оқыту тиімділігі.

  9. Ерік – жігері, жауапкершілік, борыштық сезімін тәрбиелеу.[30.7-8.]

Сабақта берілетін оқу материалдарын оқушыларға жеткізу үшін, әртүрлі оқыту әдістерін қолдануға болады. Мектептегі ең тараған оқыту әдіс – мұғалімнің ауызша баяндауы. Бұл әдіс оқу процесінде жетекші рөл атқарады, барлық пәндерді оқытуда және сабақтың түрлі кезеңдеріне әсіресе жаңа материалды түсіндіруде кеңінен орын алады. Мұғалім өзінің сөзін көрнекі бейнелермен байланыстырады. Мұғалімнің ауызша баяндауы, сұрақтарын анық және түсінікті етіп қою, проблемалық ситуация тудыратындай етіп қоюы, баяндалатын материалдық ең маңызды жерлерін айырып беруі, хабарлаудың жүйелі және дәлелді болуы керек. Мұғалімнің сөзі әсерлі, сенімді, тартымды, сонымен қатар дауыс ырғағымен мимикасы мәнерлі және бай болғаны жөн.[11.63]

Жас бала не нәрсеге болса да құмар қызыққыш қолымен ұстап, көзбен көргенді жақсы көреді. Оқушылардың қызығушылығын арттыру жақсы ұйымдастырылған сабаққа байланысты. Сондықтан әрбір сабақтан бұрыннан белгілі мәліметтерді қайталай бермей, оқытудың жаңа әдіс тәсілдерін іздестіру қажет.[9.17]

Оқушылар іс – әрекеттерінің ең басты жетекші түрі – оқу. Ол алдын ала жасалған жоспар мен бағдарлама бойынша мұғалімнің басшылығымен жүйелі түрде іске асырылып отырады. Сондықтан оқу басқа іс – әрекеттеріне қарағанда оқушылардың таным қабілетін дамытады, дүниеге адамгершілік көзқарасын бірте – бірте қалыптастырады.[33.15–16]

А.С.Макаренко оқушыларды сабаққа тарта білу, олардың оқуға қызығушылығын арттырып, білімге құмартуына аса көңіл бөледі. Оның пайымдауынша, қызығушылық сапалы оқудың негізгі жолы, ешбір қызығусыз тек қана зорлық күшімен жүргізілген оқу оқушы бойындағы білім алуға деген құштарлықты жояды.[37.20–21]

Қоғамының даму тарихында жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу әрбір үстем таптың мақсатына бағындырылып отырды. Қоғамдық – экономикалық формациялардың ауысуымен оқыту мен тәрбиенің мақсатымен мазмұны да өзгерді. Мұнымен бірге оқытудың ұйымдастыру түрлері де жаңарды. Көне Афин елінде жекелеп оқыту жүйесі пайдаланылған. Мұғалім жеке оқушының орындаған жаттығу жұмыстарын тексеретін, тексті оқытып тыңдайтын, қалай оқу керек екенін көрсететін, үй тапсырмаларын орындау амалдарын түсіндіретін, музыкалық құралдармен пайдалануды үйрететін. Дене шынықтыру тәрбиесінен жарыс және бәсеке жұмыстарын ұйымдастыратын және жеке не бірнеше оқушымен әңгіме жүргізу әдістерін де қолданатын. Орта ғасырда оқу ісін дін қызметкерлері шіркеуде ұйымдастырды. Мұғалім оқушылардың аз ғана тобына оқу материалының мазмұнын қысқаша баяндайтын немесе кітаптан оқып беретін. Ал оқушылар материалдың мазмұнын түсінбей, тек шіркеулік уағыздарды жаттайтын. Күнделікті өтетін сабақты қашан бастап, қай уақытта аяқтайтын мерзімі көрсетілмейтін, ол мұғалімнің өз еркінде болатын. Сөйтіп, оқу ісінде белгілі бір жүйелілік болмады. Оны ұйымдастыруда оқушылардың жас ерекшеліктері мен зейінділігі ескерілмеді.[41.265 – 266]

Революциядан бұрын қазақ еліндегі молдалардың балаларды оқытуы да осы орта ғасырлық оқу жүйесіне өте ұқсас еді. Әр жастағы балалар молданың алдында жүгініп отырып, әр кітаптан оқитын. Кітаптары – мұқтасар, құран, әптиек деп аталатын діни әдебиеттер болатын. Бұл кітаптар араб әрпімен араб тілінде жазылған еді. Осыған текстерінің мазмұнын шәкірттер де, молданың өзі де түсінбейтін. Европа мен Россиядағы жоғары дәрежелі мектептерде лекция оқылды, диспуттар жүргізілді. Бұлардың өзі шіркеу догматтарының уағыздарына сүйенген, өмір тәжірибелерінен аулақ схоластика болды. Кейін сауда мен өнеркәсіптің дамуына байланысты ғылым алға басты. Сондықтан да мектепте оқытудың сапасы жақсарды. Осыған орай чех халқының белгілі педагогы Ян Амос Коменский мектептерде оқыту жұмысын ұйымдастырудың ең негізгі түрі – класс – сабақ жүйесін ұсынды.[13.205 – 207]

Ян Амос Коменский мұндай пікірді ұсыну үшін алдыңғы қатардағы педагогикалық тәжірибелерді зерттеді. Әсіресе Россия мектептерінен көптеген педагогикалық тәлім – тәжірибелер алды. Сөйтіп, ол – оқу ісін жүйелі түрде ұйымдастыру үшін, оқушыларды кластарға лайықтап топтастыру қажет деп тапты. Топтастырылған оқушылардың жасы мен білімі біркелкі болуын талап етті. Күнбе – күн әр пәннен өтетін сабақтың тұрақты оқу кестесі жасалсын, жеке пәндердің оқу материалдары сабаққа жіктелсін және олардың өзіндік дидактикалық мақсаты болсын деді. Ян Амос Коменский сабақ үстінде мұғалімнің материалдың мазмұнын түсіндіруін талап етті. Сөйтіп, ұстаздың сабақтағы белсенділік рөлін көтерді. Ол – сабақта оқушылардың тапсырманы орындауларын бақылап, оған басшылық ететін болсын және материалдың мазмұнын түсіндіруге өте қолайлы әңгіме методын қолдансын деді. Ян Амос Коменский оқу ісін мұндай жүйемен ұйымдастыру туралы пікірі қоғам талабына сай келді.[35.384]

Класс – сабақ жүйесі бойынша кластағы оқушылар саны 50 – 60 баламен шектелді. Мұнан былай жүйелі білім алу талабы кең етек алды. Оқуға балаларды көбірек тарту мақсаты көзделді. Алайда Ян Амос Коменский ұсынған дидактикалық бағалы пікірлер бірден жүзеге асты деуге болмайды. Бұл кезде мұғалімнің материалдық мазмұнын класта түсіндіруге уақыт аз бөлінді. Уақыттың көбі шәкірттерден сұрауға кетті. XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында Англияда Белль – Ланкастер оқу жүйесі тарады. Бұның негізін салушылар дін қызметкері – А.Белль және мұғалім Д.Ланкастер еді. Белль – Ланкастер оқу жүйесі бойынша бір оқу залында 600 – ден астам оқушылар оқыды. Жасы кіші оқушыларды мұғалімнің жәрдемшісі ретінде жақсы оқитын жоғары кластағы ересек оқушылар оқытты. Ал ұстаздар ересек оқушылардың жүргізген оқу ісін оқу залында жүріп бақылады. Ересек оқушылардың жүргізген жұмысынан нәтиже шықпады. Өйткені олардың білім көлемі өте төмен болды. Енді мұндай оқу жүйесі ұзақ өріс ала алмады. [29.56 – 57]

XIX ғасырдың бірінші жартысында немістің мэтафизикалық көзқарастағы педагогы И. Ф. Гербарт класс – сабақ жүйесін қайта құру мәселесімен шұғылданды. Ол сабақтың негізгі төрт кезеңін көрсетті. Мұғалімнің оқу материалын мазмұндау кезеңі, жаңа материалды өткен материалмен байланыстыру кезеңі, сабақты жаттығу методымен жүргізу кезеңі, қысқаша қорытынды жасау кезеңі.

И. Ф. Гербарттың және оны жақтаушылардың айтуы бойынша, сабақ бірізділікпен құрылды, материал жүйелі баяндалды және материалдардың өзара байланысы болды.

Бірақ бұл жүйеде сабақты творчестволық жолмен құру болмады. Оқу ісін ұйымдастыруда өзгермейтін бірақ схеманы ұсынды. Мұның өзі оқу ісін ұйымдастыруда формализмді туғызды және ұстаздың сабақты творчестволық жолмен құруына нұсқан келтірді.

Сабақты И. Ф. Гербарт пікірі бойынша ұйымдастыру жүйесі Европа елдеріне және патшалық Россияға тарады. Революцияға дейінгі гимназияларда Гербарт жүйесі қолданылды. Негізінен алғанда, И. Ф. Гербарт ұсынған класс –сабақ жүйесі консервативтік сипатта болды. [36.267] Неміс мектептерінде оқу ісін демократиялық жолмен дамытуда неміс халқының атақты педагогы А. Дистервег бағалы пікірлер ұсынды. Ол оқытудың үдетпелі жолын ұсынып, білімнің дер кезінде берілуін қолдап, оқушының белсенділігін көтере отырып, оқу процесін жақсарту қажет деп тапты. Неміс мұғалімдеріне арнап жазған басшылық құралында сабақ үстінде оқушылардың ойлау қабілетін дамытуды талап етті. Ол өзінің мұғалімдік еңбегіне сүйене отырып, сабақ үстінде балалардың ойлау белсенділігін көтеру арқылы олардың білім сапасын арттыру туралы тәжірибелер жасады.

Оқу ісін жүйелі ұйымдастырудың бағалы жолдарын зерттеуде орыс халқының ұлы педагогы К. Д. Ушинский көп еңбек сіңірді. Ол И. Ф. Гербарттың консервативтік көзқарасына қарсы күрес жүргізді. К. Д. Ушинский оқушыларды біліммен қаруландырумен қатар, оларды жан – жақты дамыту амалдарын қарастырды. Оқу ісін жақсартудың ең негізгі шарты мұғалімнің өзінің педагогикалық шеберлігін арттыра білуде деп түсінді. Сабақ үстінде оқушыларды оқыта білуді үйрену қажет екендігін талап етті. Олардың сабаққа енжар қараушылығын жою жақтарымен шұғылданды және материалдың мазмұның өздігінен шеше білу жолын іздестірді. Мұғалім материалды баяндаумен қатар, оны оқушылардың үй тапсырмасымен және өткен материалдарды тұтастай қайталау процестерімен байланыстыра білу шараларын көздеді.[51.15]

Оқушыларға шамасы келмейтін тым ауыр материалдарды оқыту олардың ақыл – ой белсенділігінің дамуында өте зиянды деп есептеді. Материалдың оқушылардың шамасына лайық болуына үлкен мән берді. К.Д. Ушинский өз заманындағы озат педагогикалық тәжірибелерге сүйене отырып, оқу ісін ұйымдастыру үшін аса қажетті дидактикалық және психологиялық принциптерді ұсынды.

Кең байтақ Россияның мұндай прогрестік педагогикалық идеялары басқа да ұлт аймақтарына тарады, оның ішінде қазақ сахарасына да келіп жетті. Қазақ даласында Россияның прогрестік педагогикалық идеясын жалғастырушылардың бірі Ыбырай Алтынсарин болды. Ол – К.Д. Ушинскийдің, Л.Н. Толстойдың И. И. Паульсонның педагогикалық көзқарастарын зерттеді.

Қазақ жастарына орыс тілін оқытқанда дыбыс методымен сабақты қалайша ұйымдастыру керек екендігі туралы Ы. Алтынсаринның өте бағалы пікірлері осы күнге дейін құнын жойған жоқ. Оқу ісін ұйымдастырудың ең негізгі түрі класс – сабақ жүйесін дамытуда алдыңғы қатардағы ғалым – педагогтар өте бағалы пікірлер айтса да, революцияға дейін, қанаушы таптардың дәуірлеп тұрған кезінде, бұл прогрестік педагогикалық ойларды жүзеге асыруға мүмкіндік болмады. [55.5 – 7]

Білім беру – оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үрдісі. Қазіргі кездегі білім берудегі мақсат – жан – жақты, білімді, өмір сүруге бейім, өзіндік ой – толғамы бар, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру, мұғалімнің оқыту кезінде билік жүргізу әдісінен арылуы, оқыту кезінде білім беретін мұғалім емес, осы білімді қызыға қабылдауға дайын оқушының оқуға деген ынтасын күшейту, өз дербестігін дамыту. Қазір білім саласында оқытудың жаңа технологиясы кеңінен қолданылуда. «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай жаңа білім беру өте қажет» деп ел Президенті атап көрсеткендей, электрондық оқыту әдіс – тәсілдерін мектеп өміріне енгізу – жаңа білім берудің бірден – бір шарты.[42.33]

Баланы қабылдай алуға үйретуде мұғалім негізгі рөл атқарады. Мұғалім жаңа мағлұматты сабақта балаларға бергенде, соның нендей қасиеттеріне мән беруді айтып, қандай нәрсеге назар аударуды ескертіп отырады. Егер қабылдау кезінде ойланып, ненің негізгі, ненің екінші дәрежедегі қасиет екенін ажырататын болады.[43.18]

Қазақстан Республикасының “Білім туралы” заңының 8 – бап, 7 – тармағында: “Оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу” міндеті қойылған.[3.9] Халқымыздың рухани көсемі А.Байтұрсынов “Мұғалім әдісті көп білуге тырысу керек. Оларды өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек” деп айтқанындай, ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттар ағыны күшейген заманда ақыл – ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту мектептің басты міндеті болып тұр. Бүгінгі білім кеңістігінде мұғалімнің қажымас ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы қажет. Өйткені, мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны енгізуді міндеттейді.[59.37]