Батыс философиясындағы табиғаттың орны
Адамның өзі де жан (тұр қалыптастыратын принцип) мен дененің қосындысынан пайда болған. Жан «таза форма» ретінде күйреуі, жоғарылауы мүмкін емес. Бірақ ол жерде тіршілік пайда болғанға дейін жеке өмір сүрмеген, оны құдай жаратқан.
Рух пен материяның табиғаты туралы пікірталас жалқылар мен жалпылардың (универсалилер) табиғаты жөніндегі тартысқа айналды. Фома Аквинский Аристотельдің жалпы ұғымдар жалқылардың қалыптастыратын принципі ретінде жеке өмір сүреді деген іліміне сүйене отырып, универсалилер ақыл-ойдың жемісі болғанымен, санадан тыс, құдайдың ойында орын алғандықтан, өз алдына жеке-дара тіршілік етеді дей келіп, ибн-Сина сияқты универсалийлердің үш түрлі өмір сүретіндігін көрсетеді. Олар: 1) зат пайда болғанға дейін – кұдайдың ойында; 2) заттардың өзіңде – олардың мәні ретінде; 3) заттардан кейін, адамдардың ақыл-ойында – сол заттардың ұғымы, абстракциялық ойдың нәтижесі ретінде.
Заттардың мәні олардың түпнегізі – құдайдың бойындағы жалпы идеялар болғандықтан адамдардың мақсаты – соларды діни сенім арқылы білуге ұмтылу. Ал философия болса, ол да діни догмалардың дұрыстығын, ақиқаттығын өзіне тиесілі бар беделімен дәлелдеуі керек.
Аквинскийдің пікірінше, дін құдайдың табиғатын түсіндіретін ілім, сондықтан шіркеу оны уағыздаушы ретінде азаматтың қоғамнан жоғары тұрады. Демек, өкімет билігі құдайдан. Жердегі тіршілік о дүнедегі болашақ рухани өмірге дайындық болғандықтан, патшалық билік рухани (діни) билікке бағынуы керек. Рухани билікті жүргізетін аспанда – Христос, жерде Рим папасы. Аквинскийдің ілімі XIX ғ. аяғында қалыптасқан қазіргі кездегі философияда өзіндік орын алып отырған неотомизмнің теориялық және идеологиялық арқауы болып отыр.
Дунс Скот (1268—1308 жж.) шотлаңд схоласты, Аквинскийдің іліміне қарсы сын айтып, құдайдың да, адамның да ақыл-ойы оның ерік-жігеріне тәуелді, сондықтан да құдайдың жігері не істеймін десе де абсолютті ерікті, ал оның қалағанын істегеннің өзі — игілік, дегенді уағыздады. Құдай жігерінің арқасында әлемдегі жеке заттарды жаратқан. Ол тек жаратушы ғана емес, сонымен бірге сол заттардың рухани түпнегізі. Осындай рух адамда да бар. Адамның рухы (жаны) мәңгі, ал оның денесі кеңістік пен уақытта шектеулі. Рухтың негізгі мақсаты — танып біл. Адамдар сезім түйсіктері арқылы заттардың қасиет сипаттарын таныса, ақыл-ой арқылы осы алынған деректер негізінде жалпылықтың (универсалий) мәнін түсінуге ұмтылады. Жалпы ұғымдар таза ақыл-ойдың туындысы емес, әр заттың мәні, түпнегізі. Олар әр уақытта болған және мәңгі бола береді. Тек адамдар таным процесі кезінде оларды заттардан бөліп алады да, жалпы ұғымын қалыптастырады. Ақыл-ой да, сезімдік түсіністер де өз алдына рухани түпнегізді танып-біле алмайды, еебебі олар сезім мүшесіне әсер етпейді. Олай болса, таным процесіңде белсенділік көрсететін сезім мүшелері де, сана да емес, тек жігер ғана. Себебі, жігердің өзі жалпы рухтарға тән, ал рухтың жігері құдайдың жігерінен нәр алады. Скоттың пікірінше, философия қарастыратын негізгі мәселе болмыс болғандықтан, ол рухани түпнегізді танып біле алмайды, ал діннің пәні – рухани түпнегіз болғанымен де, бірақ оны нақты түрде дәлелдей алмайтынына қарамастан, оның айтқандарына күмәнданбай сену керек.
Дунс Скоттың ілімі скотизм деп аталған өзінің ізбасарлар мектебінің өкілдеріне үлкен әсер етті.
Ортағасырлық философияның көптеген идеяларымен келіспей, өзіндік пікір айтып, таным процесінде тәжірибенің беделін көтерген ойшылдардың бірі Роджер Бэкон (1214—1249 жж.) болды. Ол философияны, табиғаттану ғылымдарын теологиядан болу керектігін уағыздап, ғылымдар ғимаратының іргетасы — тәжірибе, эксперимент және математика деп есептеді. Ол өз қезеңіндегі ғұламаларды схоластикалық беделдің алдында бас июден гөрі тәжірибеге жүгінуге, бос пікірталастықтан — экспериментке, керегі жоқ кітаптардан – табиғатты зерттеуге шақырады. Осы салада өзі де үлкен жетістіктерге жетті.
Білімнің қайнар көзі және негізгі құралы тәжірибе, логикалық пікір және ғылыми бедел. Бірақ осы аталғандардың ішіндегі адамдарды ақиқатқа жеткізетін ғылыми құралдардың ең бастысы — тәжірибе. Себебі, тәжірибе – тәжірибе болғандықтан құндылыққа ие. Ал қалғандары осы тәжірибе арқылы дәлелденуі керек. Кей жағдайда тәжірибе де ақиқатқа жеткізе алмайды, мұндай жағдайда оған философия мен дін көмектеседі. Осыдан келіп, ол философияның міндеті дінді қорғау деген тұжырым жасайды.
