Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Жыраулар тилинин танымдык табигаты.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
177.35 Кб
Скачать

2.3 «Атамекен» концептісі

«Кеңістік» концептісін талдау барысында В. А. Маслова кеңістікті «дүниенің байланыстылығын, үздіксіздігін, құрылымдылығын, үшөлшемдігін (көпөлшемдігін) танытады» деп көрсетеді. Зерттеушінің түсіндіруінде кеңістіктің формасы, ауқымы түрлі халықтарда түрліше ұғынылады. Мәселен орыстың танымында кеңістік горизонталды қозғалысты бейнелейді, бір бағытты шексіздік, болгарлар үшін кеңістік – айнала қоршалған жабық космос. Дүниенің горизонталды бейнесінде кеңістік бірнеше айналымдардан (круг), микрокосмостардан тұрады. Бірінші ең жақын айналым – адам, келесі айналым – адамның үйі (үйдің терезесі, есігі, төбесі, табалдырығы - әрқайсысы өз алдына белгілі бір сакралды түсінікке негіз болады). Адамды өзге космостан (әлемнен) бөліп тұратын шекара бар. Олар мифтік танымда өзен жағасы, орман, ауылдың шеті тәрізді тылсым тудыратын жұмбақ орындар. Ал ең күшті, әрі үрейлі шекара – өлген адамдардың мекені, молалар. Адамның айналасындағы оның өзіндік кеңістігін жат космостан бөліп тұратын шегара – адамның туған жері. «Первоначально это была граница «малой» родины, заданная самой природой. Всякое массовое переселение, смещение с нее воспринималось как трагедия. Лишь после того, как возниклы первые государства, граница стала государственной, а присоединение чужих земель стало интерпретироваться как «освоение» «окультирование» чужого пространства, дикого и еще как бы «нечеловеческого» [2].

Қазақтар үшін кеңістік ұғымы әрі горизонталды (оң, сол, шығыс,батыс, дүниенің төрт бұрышы), әрі вертикалды (жоғары, төмен, аспан, жер, жер асты) формада қабылданатыны оның түрлі мифтерде, ауыз әдебиеті үлгілерінде сақталған тілдік бейнелерінен көрінеді. Кеңістік дегеніміз қазақтар үшін шексіз космос. Осы космоста олардың «өз микрокосмосы» бар, ол – «ата мекен» деп аталатын олардың бүкіл болмысын өзге «ықпал етуші, үйлесімділігін бұзушы» күштерден сақтайтын, ата бабасынан мұраға қалып келе жатқан өздері үшін ерекше «жұмақ, жайлы жер». Ата мекен ұғымы осы тіркестің құрамындағы «ата» және «мекен» сөздерінің ассоциативті мағыналары арқылы да объективтенеді. Ата – «ата-баба» мағынасында әрі «ежелгі» мағынасында алынады, мекен – «тұрақ, өмір сүретін, өсіп-өнетін территория» деп түсінеміз. Сонда ата мекен «ата бабаларынан бері мекен етіп, өркен жайып келе жатқан жер» деген ұғымды береді. Ата мекен атауы кейде ата жұрт, ата қоныс сөздерімен де ауыстырылып қолданылады. Жалпы ұлттық стереотиптік ұғымда ата мекен европалық ғалымдарының түсінгеніндей, «көшпелілердің көшіп-қонып жүретін территориясы, малға жайлы жайылымдық жерлер» емес, ата мекен – біріншіден, ата бабасының (өзінің ғана емес) кіндік қаны тамған жер, екіншіден, ата бабасының бейіті (моласы) жатқан жер, үшіншіден, ата мекен болатын жердің таңдалуы қасиетті әулиелердің, пайғамбарлардың батасымен, Алланың қалауымен жүзеге асырылады (Қасиетті кең дала Атамыз Әнес – Жабалдың, Мұхаммедтен бата алып, Еншілеп алған бел еді. Немесе: Маңғыстаудың Қараойы Баба түкті Шашты Әзіз Қасиет дарып, бақ қонып Ел басқарған жер еді. Қалнияз. «Сахыра қазақ халқыма Мәңгілік мекен болсын» деп, Бәтиха қылған жері еді.), төртіншіден, ата мекен ата бабаның қаны төгіліп, жаудан қорғап алып қалған жер, бесіншіден, атамекен «ағайын-тума ортасы».

«Ата мекен» концептісі қандай ұлттың да менталды дүниетанымында негізгі рол атқаратыны белгілі. Себебі адам баласы үшін тұрақтап, өсіп-өнген, ұрпақ жайған, мекен етіп, бауыр басқан жерінен артық жер болмайды. Соның ішінде қазақ халқы үшін «туған жер» қанша қадірлі, ыстық болса да, «ата мекен» ұғымы одан әлдеқайда қасиетті, жоғары екенін байқаймыз.

Жыраулар поэтикасында «ата мекен» ұғымын сипаттауға қатысатын басты географиялық атаулар: жер атаулары – Маңғыстау, Нарын, Сауран, Түркістан, Қараой, Сарыарқа, Тайсойған, Нарын, Оймауыт, Қызылқұдық, Жұрын, өзен-көл атаулары: Еділ, Жайық, Елек, Қобда, Жем, Сағыз Ойыл мен Қыйыл, Жем, Қайнар т.б. Төбе, тау атаулары: Бозтөбе, Шоқыбоз, Жартышеке, ой, қырат, сай атаулары: Қараой, Бегайдар, Бесқақты.

Жер атаулары жырда «тұлғаның өсіп-өнген, өмірінің қызықты сәттерін өткізген» орта (Атақоныс Нарында, Нарында қоныс барында Жұрт сүйсініп даңқыма Отырдым сыйлы орында. Тайсойған, және ойлаймын Нарынымды, Оймауыт, Қызылқұдық, Жұрынымды. Кешегі сауық етіп жүрген жерлер – Жем, Сағыз, Елек, Қобда, Ойылымды. Қалнияз) ретінде сипатталса, төбе «қадірлі адамының, ата-анасының бейіті жатқан киелі орын» ретінде суреттеледі (Кеттің бе, Балуанияз – есіл ерім, Бозтөбе – мәңгі қоныс қалған жерің. Басында «Жартышеке» әкем қалды. Қалнияз), ал көл, өзен, сай атаулары тұлғаның (жыраудың) «сезіміне қанат бітірген табиғат сұлулығы, көркем үйлесімділігі» (Ұзын аққан екі су Жағасы жеміс малынған; Дүбірлі Жайық, мөлдір су, Жағасы жатқан қалың ну. (Нұрым) Ойыл мен Қыйыл, Жем, Қайнар–Көлденең өтіп ел жайлар. Бетегесі белден шық... Нұрым) ретінде беріледі.

Ата мекен концепті осы ұғымды танытудағы ядролық концепті болса, оны толықтырып, мазмұнын байытатын «толықтырушы» концептілер де бар. Олар: құтты қоныс концептісі, бейбітшілік концептісі, қазақы мінез концептісі.

«Құтты қоныс» концептісі. Қоныс ұғымының қазақтар үшін қаншалықты қасиетті ұғым екендігі «қоныс жайлы болсын», «қоныс құтты болсын» тәрізді тілек түріндегі тіркестердің, «қоныс аудару», «қонысынан айрылу» сияқты қолданыстардың мифтік астарынан аңғаруға болады. Жаңа қонысқа көшіп келгенде, алдымен, ол жерді отпен аластайды. Сол арқылы қонысты осы уақытқа дейін (жаңа иелері келгенше) иеленіп қалған тылсым күш иелерінен (жын, шайтан, пері, яғни өзге космос өкілдері) тазартады. Қоныстың өзі қоныс және ата қоныс деп жіктеледі. Қоныстан көшу, жұрт ауыстыру (жайлаудан күзеу, қыстауларға көшу, малға жайлы жайылымдық жер іздеуге байланысты) көшпелі елдің тұрмыс-тіршілігіне байланысты кездесе беруі мүмкін, ал ата қонысты тастап көшу, жұрт аудару – тек амалсыз, еріксіз жағдайда ғана болатын, кейінгі өкініш, қайғы-қасіретке, мұң мен сағынышқа себеп болатын жағдай. Ата қоныстан көшу мынадай жағдайда болуы мүмкін: өзіңнен күші басым жау келіп, тыным бермегенде:

Асқар да биік тауларым,

Арасы биік қауларым,

Кетемін деген ойда жоқ –

Кетірді дұшпан-жауларым.

Еңіреп жүрген ер едім,

Еңіреумен кетіп барамын. (Қалнияз)

немесе қоныс құтсыз болғанда. Қоныстың құтсыз болуы мал баққан көшпелілер психологиясында жұт, соғыс ұғымымен байланыстырылады. Бесқақ пенен Бегайдар,

Манашы, Бейнеу, Қызылқақ,

Ақтікенді, Қызылжар,

Қараман менен Тасым-ды,

Бекетай мен Бәйнеке,

Есет пенен Күйкеннің

Теріс қараған бауыры—

Ежелден қанды болған жер,

Мың сан елді бүлген жер.

Бүлген жерден шабылған

Азғантай ауыл біздің ел.(Нұрым)

Төремұрат батырдың

Өлген жері сол екен. –

Ойлап тұрсам, бұл қоныс

Құтсыз екен бұрыннан…(Нұрым)

«Жұт жеті ағайынды» деп есептеген қазақ малдың, адамның арасында жұқпалы індеттің көбеюін, жерге шөп шықпай, мал мен адамдардың аштықтан қырылуын кей кездері қоныстың құтсыздығы деген түсінікпен жұрт ауыстырған. Яғни ата қоныстан кету – жаманшылық, жаман ырым.

Ел-жұртқа сәлем айтып қоныстағы,

Қамығып, қартайғанда айтқан сөзім,(Қалнияз)

Бұл күнде жетім біз болдық

Қонысым ауып халқымнан,(Қалнияз)

Қадірі өтті қоныстың –

Елек, Қобда, Жем, Сағыз,

Маңғыстау түбек сай-салаң,

Ошақ қазып, ту тіккен

Атақоныс айналаң.(Қалнияз)

Қайғырып, қара салынып жүре алмадым,

Жиделі, Нұрылдадай төрім қалды,(Түйте)

«Қамығып», «жетім болдық», «қадірі өту», «қайғырып, қара салыну» тіркестерінің мағыналық астарында ата қоныстан кетуге қатысты жыраудың бағалауыштық (жаман) көзқарасы жатыр. Жырау:

Тағдырдың ісі, қайтейін,

Туған елден бөлініп,

Бөліне көшіп бүлініп

Жат жерге ауып келгенім, –

деп өзінің шарасыздан осы қадамға барғанын баяндаса,

Енді маған ел де жоқ,

Атырау, Орал көл де жоқ,

Атамекен кең қоныс

Сағымданған бел де жоқ. (Қалнияз) –

деген жолдар арқылы өзінің ендігі жерде «елсіз, белсіз, көлсіз» қалғанын айтып өкінеді. Яғни қазақтың ата мекені оның өзіндік космосы (кеңістігі) болса, одан (ата мекеннен, ата қоныстан) тыс жер жат, бөтен космос, әлем, кеңістік болып есептеледі. Сонда ата мекеннен басқа жер, басқа көл, басқа бел ол үшін жат, онікі емес.

В. А. Маслова: «Круг дома у кочевых Народов, например, у казахов, – это степь, по которой это племя проходит за одну кочевку» [2] – деп жазады.

Шынымен, қазақ жырауларында «үй концептісі» жоқ, оның орнына атамекен, ата қоныс, құтты қоныс концептілері қолданылады, кейінгі қалалы заманның ақындарында ғана «от басы, туған ошақ» ұғымдары пайда бола бастағанын байқаймыз. Тіпті біз зерттеген жыраулар тілінде үй сөзі де сирек айтылады, ол да кейінгі жыраулар қолданысына тән:

Сайыным сапар шеккелі,

Үйімнен шығып кеткелі (Түмен)

Бұл жерде де «үйден шығып кетудің» коннотациясы «фәниден бақиға аттану», «басқа дүниеге өту» дегенге саяды.

Сондай-ақ қоныстың құттылығы сол жерге келгеннен кейінгі мал жанның көбеюімен, малға жайлылығымен, заманның тыныш, бейбіт болуымен (соғыс, жаугершіліктің болмауы, ел іргесінің аман болуы) өлшенеді:

Желіге бие байланып,

Келелі түйе айдалып,

Мал менен басы молықты.

Тілегі қабыл жас ұлан

Құт қонысқа тап болған.

Қара-орман дәулет орнады.

Ұзын от пен тұнық су –

Сары-Арқаны жайлады.

Қыс қыстауға Қамыттау,

Маңғыстау еді қорғаны.(Жылгелді)

Келгеннен бері тұрыппыз

Сарыарқа мен Құба шың –

Маңғыстауды жерленіп.

Бұл қонысқа келгесін

Мал менен бас тең өсіп,

Бақытымыз кеткен жөнделіп.

Құтты қоныстың сипаты: «сағымданған белестері», «көкорай, көк құрақты көлдері», «бауыры бұйра толқын дөңестері», «баянды, құтты қоныс мекен», «төрт түлік малға жайлы», «ұзын аққан екі су», «жағасы жеміс малынған», «мал көбейіп, бас өсіп», «Бетегесі белден шық», «Жағасы жатқан қалың ну», «Қасиетті кең дала», «Қасиет дарып, бақ қонып» бейнелі схемалары арқылы көрініс тапқан. (Сарыарқа сағымданған белестері, Көңілге оралады елестері. Көкорай, көк құрақты көлдері мен Бауыры бұйра толқын дөңестері. Баянды, құтты қоныс мекен болды, Шалдарым Сауран асып келген жері, Төрт түлік малға жайлы салаларын, Армансыз дер күнімде шамаладым. Жем бойлап, Сағыз жайлап, Нарын қыстап, Атырау көргем көшіп жағаларын. Ақыры қоныс етіп мекендепті Маңғыстау – теңіз қолтық салаларын.)

Сондай-ақ «құтты қоныс» концептісінің когнитивтік құрылымы:

«Ошақ қазып, ту тігу»:

Маңғыстау түбек сай-салаң,

Ошақ қазып, ту тіккен

Атақоныс айналаң.(Қалнияз)

«Ағайын-тума ортасында болу»:

Мынау Еділ менен Жайықтың,

Анау жатқан кең Нарын,

Бұқара-байтақ халқымыз –

Бәрі де менің жақыным.(Шәйтім)

Ішінде аға-жеңге араласып,

Кіші Жүз, көрдім талай жыйыныңды.(Қалнияз)

«Ол күнде ерлердің бүтін болуы»:

Ерлерім түгел еді ол күндері,

Жыйын-той, күнде қызық көргендері,

Сыйластық, бірін-бірі құрмет тұту,

Кішіге ақыл айтып үлкендері (Қалнияз);

түрінде берілген бірнеше когнитивтік модельден тұрады. Бұл модельдердің әрқайсысы өзіндік таным кеңістігін, «аялық білімді» қажет етеді.

Ошақ сөзінің тарихи-этимологиялық түсіндірмесі: 1) Денотативті мағынасында «от жағылатын, үйді жылытатын, тамақ пісіретін орын», 2) коннотативті астары «шаңырақ, үй іші, от басы» (Бұрын да ойнаушы едік құлыншақтай, Байланды басың бүгін басқа ошаққа-ай. Өмір Қараұлы), соған байланысты «ошағыңның оты сөнбесін», «ошағының басын ойран қылды», «түтін түтету (ошаққа жағылатын от, оның түтіні)», «түтіні түзу» т.б. тіркестері бар.

Ту тігу – «жерге толық иелік ету, қожалық ету», жырауларда «ту тіккен жер» тіркесі қолданылады.

Ерлердің бүтін (түгел) болуы ел іргесінің амандығын, төрт құбыланың түгелдігін білдіреді. Елдің ұстыны: елдің рухани қолдаушысы әулие, шайхы, пірлер, олардың насихаттаушысы сопылар, ел, жердің қорғаны – батыр, елдің ерлері, елге дем беруші жыршы-жыраулар, елдің бірлігін, тірлігін ұйыстырушы билер мен бектер. Осылар аман болса, ел де аман, бүтін деп есептеледі:

Ол күнде бүтін елдерім,

Бастары түгел ерлерім,(Қалнияз)

Батырым Балуанияз жол бастаған,

Ерлерім Есен, Сүгір қол бастаған,

Ер Қосай – әруақты аталарың

Сапарын батырлардың оң бастаған.

Ерлерге шаршағанда шабыт беріп,

Мен едім ортасында жыр тастаған.

Соңында Келімберді, Құдайкесі –

Алдында Асар сұпы ту ұстаған,

Оғыланды, Бекет шалдың әруағы

Үстінде бұлт болып құрыстаған. (Қалнияз)

Бұрын да өткен билер бар

Отырушы еді-ау маңқыйып

Тау басында жусаған

Сары қасқа құлжадай (Жылгелді).

«Өткенді аңсау» идеясының негізгі астары көркем поэтикадағы ұлттық идеямен астасып жатыр. Жыраулар поэзиясындағы ұлттық рух, ұлттық идея туралы зерттеуші А. Шәріпов: «...Әлбетте бұл құбылыстың, айталық, тарихи зерттеуде, философиялық зерттеуде, философиялық трактатта немесе саяси туындыда бағамдап-байыпталуы мен поэтикалық дүниеде бейнеленуінің арасында үлкен айырмашылықтар бар; өйткені кейінгісінде сана мен болмыс шындығы міндетті түрде белгілі бір ыңғайдағы эстетикалық шарттылықтарға сүйенген сүзгі сараптан өтеді. Демек, мұнан ұлттық идея көрінісінің тарихи-әдеби дамудың сатыларымен ұштасқан – объективті және жеке-дара шығармашылықпен байланысқан – субъективті қырлары болатыны сөзсіз білінеді»,- деп көрсетеді [23,144]. Қазақ тіліндегі материалдық мәдениет лексикасының қалыптасуындағы ұлттық рухтың орны туралы зерттеуінде Ж. Манкеева ұлттық рух идеясын тілдің мәдениетпен, ұлттық психологиямен қарым-қатынасы негізінде қарастыруды ұсынады. Тілді ұлттық рухпен байланысты зерттеуге қатысты В. Вундтың, В. Гумбольдтың. А. Потебняның концепцияларын басшылыққа ала отырып: «Яғни салт-дәстүрлер жай қолданбалы нәрсе, ия науқандық, мерекелік көрнекі құрал емес. Ол ұлтты рухтандырып, оның ішкі, сыртқы келбетін өрнектеп көрсетіп тұратын сипаттардың бірі. Себебі, дәстүр әркімнің жеке басының жағдайына байланысты емес, ол халықтың әлеуметтік-психологиялық, мәдени, тұрмыстық, дүниетанымдық жағдайына байланысты қалыптасатын жалпыхалықтық құбылыс» [24, 38], - деп баға береді.

Жыраулар поэтикасындағы ұлттық идея – ұлттық болмысты «ата мекен, ата жұрт», «ағайын тума ортасы», «қазақтың жері», «құтты қоныс» ұғымдарымен астарластырып, жалпылама «ата мекен» концептісінің маңына шоғырландырып беруге болады.

Ата мекен ұлттық идеяны, ұлттық мүддені топтастырушы, біріктіруші субстанция болса, ата мекенінен айрылған ұлт өкілі үшін ұлттық идея, сол арқылы ұлттық құндылықтарға (ұлттық мінез, ұлттық өмір сүру салты т.б.) нұқсан келеді, оның өзі белгілі ұлт өкілдерін (ақын-жырауларды) қайғы-қасіретке душар етеді, мұндай қасіретті күй жыр арқылы төгіледі (Қайғы асса қалыбынан, Ұшқындап шығар зыбаннан). А.Шәріповтың: «Идеялық тез-таразыға түскен заматтарда жекеленген топонимиялық атаулардың қайсыбірі ұлттық символға ұласуы ықтимал. Айталық, ақындар «Жиделібайсын» ұғымына жұртты утопиялық немесе антиутопиялық көңіл-күй жайлаған кездерде қайта-қайта орала соғып отырса, «Сарыарқа» сөзінің идеялық-көркемдік эволюциясы тіпті қызық; ол жай мекендік имағынаны білдіруден бастап, жалпықазақтық бүтіндік пен бірлікті айғақтайтын атауға айналып үлгерген, соның сылтау-себебімен кеңес өкіметі кезеңінде белгілі бір уақытқа дейін осы атауды өлеңге кіргізудің өзі ұлтшылдықтың белгісі ретінде бағаланғаны рас» [23,279] – деген пікірін біз зерттеген жыраулардың концептуалдық дүниетанымындағы ұлттық идеяның атамекенді, құтты қонысты, сол жердегі мамыражай қазақы тұрмысты көксеу идеясымен астасуына қатысты айтуға болады.

«Бейбіт, тыныш өмір» ұғымы: Ерлерім түгел еді ол күндері, Жыйын-той, күнде қызық көргендері, Сыйластық, бірін-бірі құрмет тұту, Кішіге ақыл айтып үлкендері (Қалнияз); Бақытым баста тұрғанда, Ақсақалдан би қойып, Шаршы төрде хансыдық. Мырза болып паңсыдық, Жорға мініп жылжытып, Жүйрік мініп шұлғытып Жүретін едік сарсылып. Алтын тоға өткізіп, Ақ үзеңгі тағынып Ақбас ердің үстінде Отыратын едік маңқыйып.(ӨмірҚараұлы) фреймдері арқылы берілсе, «бейбіт тұрмыстың сән-салтанаты, байлығы» ұғымы «Алтын шашбау тағынып», «Алтын сандық, алпыс тең төрге жыйнап», «Түбіршік жалды тор атты жал-құйрығын төгілтіп, Аяғын әсем бүгілтіп, Көшке мінер», «Қатар-қатар қара нар», «Қырғауылдай қызыл нарды қатарлап тіркер», «Қалы кілем жаптырып, Шашағын жерге төгілтіп, Ырғала көшер» тұрмыс-салтты бейнелейтін сценарийлер түрінде сипатталған. Яғни ерлердің бүтіндігі, елдің іргесінің бүтіндігі, елдің аман, жұрттың тыныштығы «бейбітшілік концептісін» бейнелейтін ұғымдар.

Қазақтың ұлттық психологиясын, мәдениетін танытатын қазақы мінез «үлкенге құрмет, кішіге ізет», «үлкеннің сөзін тосып сөйлеу» идеясы «сыйластық» ұғымына сыйдырылып, жырдың когнитивтік құрылымында: «сыйластық, бірін-бірі құрмет тұту», «кішіге ақыл айтып үлкендері», «қабағы жазық бәйбіше», «мырза жігіт сыпайы» түріндегі сценарийлер арқылы көрсетілген.

«Қонақжайлық» ұғымы «Самаурыны быжылдап, Оттан дәйім түспеген», «Аға менен жеңгеге, Қатар-құрбы, ініге Құрмет етіп қолайлап, Аттандырар...» «Бауырсақ, секер, жеміспен, Шәйдан басқа ішпеген», «Қонағы келсе қой сойып, Қазаны орта піспеген» түріндегі сценарийлермен беріледі.