- •Дипломдық жұмыс Тақырыбы: Аспан денелері атауларының концептуалды өрісі
- •050117-Мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті
- •Мазмұны
- •1. Когнитивтік лингвистиканың теориялық негізіі...................................6-9
- •Аспан денелері атауларының концептуалды өрістері........................41-43
- •1. Когнитивтік лингвистиканың теориялық негізі
- •Когнитивтік тіл біліміндегі концепт мәселесі
- •1.2 Концептің өзге лингвистикалық категориялардан айырмашылығы
- •1.3 Концептілік талдаудың әдістері мен ұстанымдары
- •1.4 “Концепт өрісі” және “концептілік жұп” ұғымдары
- •Күнді іліп қойғандай.
- •2 Аспан денелері атауларының концептуалды өрістері
- •Аспанда жарық ай
- •2.1 Қазақ халқының танымындағы «Ай» мен «Күн» концептісі
- •2.2 Қазақ танымындағы «Күн» концептісі
- •2.3 Қазақ танымындағы «Жұлдыз» концептісі
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Когнитивтік тіл біліміндегі концепт мәселесі
Когнитивтік лингвистика құрылымдық лингвистикаға жаңаша өзгеріс енгізу негізінде қалыптасты. ХХ ғасырдың соңында бұл ғылым тілдің адамзат танымдық әрекет арқылы қалыптасқан ақпарат адам санасында жан-жақты арналармен толығады. Бірақ когнитивтік лингвистикадағы басты зерттелетін нысан – зат – тілдік формада көрініс табатын сол ақпараттардың тек бір бөлшегі ғана. Көптеген ғалымдар когнитивтік лингвистиканы жаңа ғылыми парадигма деп сипаттайды. Парадигма – тіл ғылымында, әсіресе функционалды грамматикада соңғы кезде жиі қолданылып жүрген ғылыми термин. Ал оның «ғылыми зерттеу әдістемесі» ұғымымен байланысты қолданысы қазақ тіл біліміне де ене бастады.
Жалпы зерттеуші-ғалымдардың пікірінше, когнитивистикалық әдіс тілдік және тілдік емес әрекеттердің барлығын басқарып, кейде жадыда сақтау, қабылдау және эмоциялық құрылымдарда көрініс табады. Сондықтан да, тіл ғылымында когнитивтік әдіс еркін қолданылады. Оның айқын дәлелін мәтінді интерпретациялау барысында, оның дұрыс/бұрыстығын ажыратып, өңдеу барысында байқауға болады. Себебі, когнитивтік лингвистика тілдік санада дүниенің бейнесін тұтас құруға, тілдік сананың құрылымын модельдеуге бағытталады. Соның нәтижесіндегі дүние туралы тұтас (концептуалды) түсініктің қалыптасуы үш деңгейдегі психикалық көріністің өзара қатынасынан туындаған нәтижеге байланысты деп анықталған. Олар – сезімдік қабылдау деңгейі, түсінік қалыптастыру деңгейі, ойдың тілдік көрінісі. Санада жүретін бұл әрекеттердің нәтижесі, белгілі бір ақпараттардың жиынтығын тудырады да, сол ақпараттар концепт жүйесін қалыптастырады.
Санада сыртқы әсердің көмегімен пайда болған ақпараттар адамның эмпирикалық тәжірибесімен толықтырылады, көркемделеді. Мысалы, ойдың метафоралануы, негізінен, ментальді әрекет. Себебі, адамдар ойын метафора арқылы жеткізіп қана қоймайды, метафоралы ойлайды, олар дүниені өзіндік қызығушылығымен таниды (А.А.Потебня).
«Адамның ойлау қабілеті тек тілдік базада көрінеді» деген тұжырым – тілші В. фон Гумбольдттан бастау алған ғалымдар мен философтардың ортақ танымы. Мысалы, Л.С. Выготский тілді зерттеудің бірнеше бағыттарын ұсынады: тіл – феномен ретінде, тіл – мәдениет феномені ретінде, тіл – белгілеу құралы және ақпаратты таратушы ретінде.
Сонымен, тіл мен адамның ойлау сабақтастығы арқылы тану әрекеттерін зерттейтін когнитивтік ғылым негізі, яғни қазіргі тіл ғылымын концептуалды сипатта қарау бағыты тілдің модельденуін, белгілі бір контекстегі ойдың модельденуін көздейді.
Нақтылай айтқанда, когнитивтік тіл білімінің басты мақсаты ойда әмбебеп модель қалыптастыруға, тілдің құрылымында когнитивтік модель тудыруға негізделеді.
Сөйлеу әрекетіндегі когнитивтік модельдердің дамуы мен түрлерін зерттеген Г.Гиздатов өз еңбегінде американ тілші ғалымдары көрсеткен когнитивтік лингвистиканың өзекті мәселелері деп мыналарды атайды: 1. Білім жүйесі дегеніміз не? 2. Тілде, сөйлеушінің санасында нелер сақталады? 3. Білім жүйесі санада қалай сақталады? 4. Бұл білімді сөйлеу барысында қалай қолданады?
Шынында да, когнитивтік ғылымның басты мәселесі – адамның білімін жүйелеу. Сондықтан да, осы мәселені шешетін фактор ретінде ішкі құрылымдарды тереңінен басқаратын ойлау әрекеті негізгі қызмет атқарады. Когнитивтік лингвистикада бұл қызмет «фрейм», «семантикалық өріс», «концептуалдық схема», «когнитивтік модель» сияқты құрылымдар көмегімен жүзеге асатыны анықталған. Бұның ішіндегі концептуалдық схеманы Г.Гиздатов мынадай үлгіде түсіндіреді:
қасиеті
Ұ
ғымның
формасы
үлгісі
фарфор,
электрлі
Ш әйнек ыдыс
мойны бар, құмыра тәріздес
Ғалым когнитивтік модельді бірнеше сатыларға жіктеп танытады: «Когнитивтік модель үш түрлі сатыдан тұрады: біріншісі – ойлау дәрежесі. Онда сана әрекетінің дәрежесі көрініс табады. Екіншісі – алдын-ала ойлау дәрежесі. Мұнда логикалық ойлаудың бастапқы үлгілерін білдіретін сана әрекетінің дәрежесі көрініс табады. Үшіншісі – ойлаудың төменгі дәрежесі. Онда сезім арқылы бейне қалыптастыру әрекетінің дәрежесі көрініс табады Сонда). Ғалымның айтуы бойынша, когнитивтік модель объективтендіруші рефлексиядан және субъективтендіруші рефлексиядан құралады.
Адамның барлық танымдық әрекетіне дүниені тануға бағытталған бір дамушы үрдіс ретінде қарау керек, себебі бұл әрекеттер объектінің ұқсастығы мен айырмашылығын ажыратудан басталады. Бұл әрекеттердің нәтижесінде концепт қалыптасады. Концептіні анықтау үшін дүниенің кейбір аса ерекшеліктері мен заттық құндылықтары, олардың объектілермен қатынасы, олардың қызметі мен оларға берілген ұжымдық сананың сипаты әрі бағасы айқындалуы қажет.
Когнитологтар белгілеген концептіні анықтаудың жолдары мынадай ретте жүргізіледі: концептілер бақыланған, қиялдан туған бейнелерді өзара ұқсастырып, ұқсас дүниелердің ортақ белгілерін бір ортаға жинақтайды. Бұл білім санада сақталып, субъектінің тәжірибесі ретінде оның концептуалдық жүйесінің құрылымдық элементтеріне айналады. Екі не одан да көп әр түрлі объектілердің (бейне, дүние) әрқайсысы бір элемент ретінде категорияның құрамына ене алады. Осы белгі төңірегіне жинақталған дүниелер бір класқа ене алады. Әрбір класс топтаса келіп, категорияны құрайды немесе маңызды концептілер кодталады.
Қазіргі тіл біліміндегі зерттеулер тәжірибесінде өзектеліп, осы саланың ғылыми терминологиясының жүйесі ретінде анықталған, қалыптасқан когнитивтік лингвистиканың тірек терминдері: сана, зерде, ой, білім, концептуалдану, концептуалдық жүйе, когниция, дүниенің тілдік бейнесі, когнитивтік қор, ментальді репрезентация, когнитивтік модель, категориялану, вербалдану, ментальдылық, мәдениеттің тұрақтылығы, концепт, дүние бейнесі, концептосфера, ұлттық мәдени кеңістік, т.б. Көріп отырғанымыздай, олардың бәрі бірдей тың терминдер емес, көбі бұрыннан бар қолданыс негізінде қалыптасқан. Бұл тілді зерттеу тарихындағы ғылымның сабақтастығын көрсетеді. Аталған ұғымдардың әрқайсысы когнитивтік әрекеттер мен адамның білім алу және белгілі бір шешімге келуіне тікелей қызмет етеді. Когнитивтік қызметтер ақпаратты өңдеуші әрекеттерге жатады және бұл әрекет нәтижесі сананың ерекше құрылымында қорытындыланады. Ал тілдік қызмет – когнитивтік қызметтердің бір түрі ғана.
Осы арада жалпы когнитивизмнің адамның сана, зердесін, ойлау қабілетін және ментальді әрекеттері мен оның жай-күйін зерттейтін ғылыми бағыт екеніне, яғни оның адам болмысындағы білімі мен танымы туралы, дүниені қабылдау және тануы туралы ғылым екеніне назар аударылуы қажет. Жалпы таным-білімге, жан-жақты жинақталған ақпараттарға қатысты әрекеттердің барлығы когниция немесе когнитивтік әрекеттер деп аталады. Когнитивтік ілім заңдылығына сәйкес, адам тіл арқылы ақпаратты өңдеуші жүйе ретінде түсініледі, ал адамның әрекеті тіл арқылы оның ішкі жай-күйіндегі дүниелермен анықталады. Олай болса, когнитивизмнің негізгі қағидасын зерттеушілер еңбектеріне сәйкес былайша анықтауға болады:
- адамның ойлау тетігін зерттейтін бағыт;
адам санасындағы ақпараттардың өңделуі;
дүниенің ментальді моделін қалыптастырушы;
тілде берілген адамның ойындағы ұғымның түсінілуі;
ойлауды реттейтін психикалық қасиеттер.
Когнитивтік ғылымда басты зерттеу нысаны – айналасын қоршаған дүние ақпараттарын өңдеуші адамның іс-әрекеттері, яғни когнициясы. Бұларды құрылымдық лингвистика жүйесіндегідей тек сипаттау, байқау және бақылау тәсілінде ғана зерттемей, олардың ментальді репрезентациясын (ішкі рухани танымы мен моделі) тереңінен қарастыру қажет, білімнің негізін қалыптастыратын символдар мен адамның стратегиялық таңбаларын анықтау керек. Демек, адамның когнитивтік әлемі оның ісі мен әрекеті арқылы зерттеледі. Ал, адамның бұл әрекеттерін танытатын алғашқы белгі – оның тілі. Себебі, тіл – адамның қабылдаған ақпаратын өңдеп, санада реттелген нәтижесін көрсететін құрал.
Сонымен, когнитивизм ғылымының маңызды қағидаларына адамның әрекет етуші, қабылдаушы, өңдеуші, ойды жүйелеп басқарушы ретіндегі әрекеттері енеді. Ал когнитивтік ғылымның өзі адам санасындағы ментальді әрекеттерді басқарушы жалпы қағидалар жөніндегі ірі ғылым ретінде танылады.
Когнитивизм қағидасын ғылыми негіздеп, нақты тілдік деректер арқылы дәлелдеуге когнитивтік лингвистика, когнитивтік психология, мәдени антропология, жасанды интеллектінің модельденуі, философия, нейрология салалары негіз бола алады.
Адамзат қоғамы дамып, өндіріс, мәдениет, ғылым өрбіген сайын, адамның танымдық, ұғымдық ой-өрісі арта түсетіні заңды құбылыс.Санада қалыптасқан ұғымды танытудағы шеңбері де кеңейе түсетіні де белгілі. Сондықтан қазіргі тіл біліміндегі когнитивтік бағыттың басты мәселесі санада тілге дейінгі бейнеленген дүниелердің ішкі мәнін түсіндірудің әдіс-тәсілдерін табу. Бұл процесс жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Бұл қызметті жүзеге асыратын когнитивтік бірлік-концепт.
Концепт ұғымы қазіргі тіл білімінде ХХ ғасырдан бастап белсенді қызмет атқара бастады Алғашқыда концепт тілді логикалық талдау тұрғысынан тану бірлігі ретінде анықталып, ұжымның тұлғаның мәдени, рухани ой-санасын, менталитетін тануда қарқынды қызмет атқарады. Сөйтіп рухани мәдениетті танытатын тірек сөздерді (тірек-ұғым) концепт деп атау қарастырылды.(Н.Д.Арутюнова, А.Н.Мороховский, Д.С.Лихачев, В.В.Колесов т.б ). Н.Д.Арутюнова: "Мәдени концептілер – бұл ең алдымен философиялық мәдени терминдердің қарапайым сәйкестігі (үйлесімі). Осы ұғымды білдіретін тіл бірліктері ғылыми философиялық, мәдени ұғымдарды таныта отырып, жалпыға ортақ күнделікті қолданыстағы мағыналардың таңбасы бола алады”,-деп түсіндіреді [12,117 б]. Мысалы, тіл иесі күнделікті қолданыстағы (тағдыр, ақиқат, ар,ождан, еркіндік т.б.) сөздерді нақты дифиниция арқылы таныта алмайды. Сондықтан бұл сөздер ұжымдық санада қалай танылса, қай қырынан басым түссе, сол мәнді танытатын (көбіне әлеуметтік, мәдени мазмұн) тіл бірліктері арқылы ұғынылады. Бұл ұғымдық мән субъектінің жеке өмірлік тәжірбиесі, жинаған ақпараты арқылы бірнеше тіл бірліктері арқылы көрініс табады. А.К.Мороховский зерттеулерінде концепт ұғымы мен оның қалыптасуы тілдің семантикалық мазмұны арқылы анықталады. Ғалым тілді үш түрлі семантикалық топқа ажыратады:
1. Мәдени сөздер;
2. Ғылыми сөздер;
3. Идеологиялық сөздер;
Топтастырудағы басты себеп: біріншіден, олардың мағынасы белгілі бір мақсатқа бағытталады, екіншіден, олардың әрқайсысының қалыптастырушы иелері бар, үшіншіден, олардың қолданылу орны ,аясы бар. Мәселен, ғылыми терминдерді жеке тұлғалар қалыптастырады, мақсаты-жаңа идеялар мен концептілердің атауын береді. Мәдени сөздер-әлеуметтік ортада қалыптасады, мақсаты- социумда мазмұндық сипат алған концептілерді рухани санада тіл арқылы бекіту, нақтылау. Идеологиялық сөздер жеке тұлғалар санасында қалыптасып, социумға қолданысқа ұсынады, мақсаты-үгіт, насихат, нұсқау. Бұл сөздер иллюзорлы (бұлдыр) санадағы бейнелерді танытуда айқын көрінеді.[13,55 б]. Концепт табиғаты жөніндегі ғылыми зерттеулерінде А.Вежбицкая: ”Концепт идеалды дүниенің объектісі ретінде танылып, субъектінің дүние туралы түсінігінде қалыптасады”,- деген тұжырым жасаған [14,79 б]. А.Вежбицкаяның бұл пікірі С.А.Аскольдов-Алексеевтің: ”Концепт санадағы актілердің мазмұны” [15,29 б]- деген пікірімен сабақтас. Демек, концепт тілге дейінгі санадағы ой әрекеті арқылы пайда болып, ондағы мазмұнды танытатын бірлік ретінде ұғыныла бастады.
Бұдан кейін зерттеушілер (В.В.Колесов, Д.С.Лихачев, Е.С.Кубрякова, Р.И.Павиленис т.б.) концептіні ментальды түсінік ретінде тани бастады.
Д.С.Лихачев зерттеулерінде концепт ұғымының тұлғалық санасында шоғырланып, өзара байланыс жасай отырып, концептілік отау (орта) құрайтынын дәлелдейді. Бұл отауды “концептосфера” деп атап көрсетеді [16, 7 б]. Кейінгі зерттеулерде концептосфераның қызметі концептілік жүйеге айналады. Ғалым зерттеулерінде концептосфера концепт-1 (алғашқы ментальды түсінік және концепт-2 (рухани мәдениеттің тірек сөздері) арқылы құралған. Олардың тілдік көрінісі көп жағдайда фразеологизм болып табылады. Н.К.Рябцева концепт қасиеттерін былай айқындайды:
- адам санасындағы ақпарат тұлғаның тәжірибесі, танымы, қабылдауы арқылы толығып, өзгеріп отырады;
- концепт логикалы ұйымдасқан динамикалық құрылымнан тұрады. Оның базистік элементі – негізгі құрылым болып танылса, прототиптік мазмұндары – көмекші элементтер болып саналады;
- көмекші элементтер болып саналады;
- концепт (санадағы ескі және жаңа ақпараттар) уәжделген және өңделіп ұсынылған өнім ретінде танылады [17, 74 б].
Концепт – лигвистикалық категория. Бірақ басқа лингвистикалық терминдермен балама қолдануға болады. Концепт когнитивтік тіл білімінің басты термині ретінде қарала бастағаннан-ақ мағына мен ұғым лингвомәдени бірлік терминдерімен ауыстыра қолдану жағдайы кездесе бастады. Сондықтан зерттеушілер ең алдымен осы ұғымдарды ара жігін ажыратып көрсеткенді жөн көрді. Ю.Степанов “Мағына тек тіл жүйесінде ғана анықталатын тіл білімінің термині, ал ұғым тіл білімі мен логика саласындағы логикалық қатынастар жүйесінде анықталады”, - деп көрсетеді. С.Аскольдов-Алексеев “концепт - лексикалық мағынаға қарағанда ауқымы кең дүние”, - деп таниды.
“Концепт” пен “ұғым” терминдері ішкі формасына қарай бірдей: концепт латынның “conceptus - ұғым” сөзінің калькалық аудармасы [2]. Бірақ қазіргі таңда екі ұғымның да өзіндік ерекшелігі байқалуда. Егер ұғым танылатын обьектінің мәнді , мазмұнды қасиеттерінің жиынтығы болса, ал концепт ұлттық болмысқа негізделген ментальды білім жиынтығы. Оның мазмұн межесі – обьект туралы ұжымдық, тұлғалық санадағы барлық біліми ақпараттар шоғыры болса, тұрпат межесі – тіл бірліктерінің жүйеленген көрінісі (лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық т.б.). Концептіні таныту мақсатында кез-келген тілдік бірлік, лексикалық мағынасы бар сөздер қолданылады. Ал концепт ретінде барлық ұғымды ала алмаймыз, тек белгілі бір мәдениетті тануда қолданылатын және автор үшін маңызы зор деп танылатын күрделі ұғымдарды, ең бастысы жалпы адамзаттық, жалпыхалықтық, жалпыұлттық құндылықты таныта алатын ұғымдарды тани аламыз. Мысалы, қазақ халқы үшін киіз үй, шаңырақ, қамшы, жазық дала, көш, бөрік, бесік, домбыра, тұмар т.б. сөздер лингвомәдени бірлік ретінде ұлттық мәдени концепт деп таныла алады. Ал орыс халқы үшін баспалдақ, қоңырау лингвомәдени бірлік ретінде мәдени концепт деп танылады.
Концепт пен ұғымның басқа да өзгешеліктері бар: ұғым өз бойына мәнді, маңызды белгілерді жинайды, ал концепт – бұнымен қоса, мәнді емес қасиеттерін де қамтиды. Ұғым құрылымына қарағанда концепт құрылымының шеңбері едәуір кең. Концепт пен ұғымды оның құрылымдары арқылы ажыратуға болады. Ұғым құрылымында тек мазмұндық элементтер болады, оған концептілік құрылымдағы барлық компонент ене бермейді. Концептінің әрқашан эмоционалды, экспрессивті, бағалауыш сәулелері көрінеді (В.А.Маслова). Яғни концепт бойынан адамның обьект (дүние) туралы жағымды, жағымсыз бағасы, әсері, эмоциясы, ойы, танымы көрінеді.
А.Б.Бабушкин концепт пен ұғым терминдерін ұқсас деп танып, ғылыми саладан оның бірін, яғни “ұғымды” ығыстырып шығаруды ұсынады. “Қазіргі таңда тілші-ғалымдар “ұғым” терминін классикалық мәнде қолдана бермейді, оның орнына концепт деп аталатын ойлау конструктісін қолданғанды жөн көреді” [18, 14 б]. Н.Н.Болдырев, керісінше екі терминнің де қолданылу аясы бар деп есептеп, оларды былай ажыратады: “Егер ғылыми танымда ұғымның көлемі (берілген дүниені толықтыратын белгілер мен қасиеттерінің жиынтығы) және мазмұны (ондағы бір немесе бірнеше обьекті белгілерінің біріккен жиынтығы) болса, ал концептіде ұғымның мазмұндық бөлігі ғана көрінеді.
Қазіргі тіл білімінде “концепт” ұғымы кең мағынада қолданылады және тілдің семантикасын бейнелеуде немесе тілдің мағынасын айқындауда концептілік құрылымға сүйенеді.
Сонымен концепт пен ұғым ғылымда екі түрлі термин. Ұғым – логика мен философия термині, ал концепт – математикалық логика, мәдениеттану, когнитивтік тіл білімі термині. Концепт пен мағына біржақты ұғымдар емес. Концепт дүние туралы тұрақты мәліметтер жинайды, ал сөз өз мағынасымен концептінің бір элементін ғана танытады. Дегенмен, концептіні анықтауда оны танытып тұрған мағыналар мен сөйлемдерге, дискурсқа сүйенеміз [2]. Концепт обьектінің семасы арқылы да танылады. Бірақ ол мазмұн – жадыда саналы түрде автоматты сақталған форма. Концепт сөзден туындайтын идеялардың санада өңделіп, болжам ұсыну бірлігі. Концепт бұл жалпы мағына емес, ол жалпы түсінік. Концептіні барлық жағдайда бейне деп тани алмаймыз, себебі, ол бірде бейне ретінде, бірде жалпы идея ретінде танылады. Дегенмен, сөздің мағынасы концепт қалыптастырушы материал ретінде қызмет атқарады. Сондықтан да концепт термині түсінік беруде санадағы ментальды бейнелерден бұрын сөздің мағынасы бірден тілге тиек болады. Концепт терминін анықтау сөз мағынасының қалыптасуына үңілуден туындайды. В.Виноградов зерттеулерінде сөз мағынасы ұғым белгілерімен сәйкестендіріліп, “ақиқаттың үзігі формасында танылған” [19, 16 б]. Г.В.Колшанский, Б.А.Серебренниковтардың зерттеулерінде де сөз мағынасын санадағы мазмұнның бейнеленуі мен таныту басым көрінеді [20, 193 б]. Демек, сөз мағынасы санадағы ұғымның мазмұнына қызмет етеді. Сөз мағынасын сана әрекеті арқылы танылатын ойлау субстратының бір элементі деп тануға болады.
Тілдің семантикалық аспектісінде танылатын сема – “денотат” ұғымы когнитивтік аспектіде “обьектінің идеалды бейнесі”, яғни танудың заттық көрінісі ретінде ажыратылады. Демек, тілдің семантикалық деңгейі ақиқат дүние туралы санадағы түсінікпен сәйкес болуы әбден мүмкін. М.В.Никитин концепт терминіне “таңба арқылы танылған ұғым” деп анықтама береді [21, 150 б]. Ғалым тілдің таңбалық сипатының санадағы қызметін айқындау арқылы когнитивтік құрылымдағы ұғымның бейнелену модусын (түрін) ажыратады: интенсионал, импликационал, логикалық ұғым, ұғым-бейне, ұғым-символ, ұғым-стереотип, прототип, ұғымның эмотивті модусы. Концептіні тілдік мағынаның мазмұны ретінде танып, ұғымдық компоненттер: денотат, десегнат, референт, сигнификат, коннотат шеңберінде зерттеу концепт туралы алғашқы, тар түсінік деп танылады. Концептіге осындай түсінік беру ұғымға семантикалық және концептілік талдау нәтижесінде анықталды. Семантикалық талдау зат немесе құбылыс атауының денотаттық, сигнификаттық, конаттатық және түрлі семалық құрылымын түсіндіруді көздесе, концептілік талдау бір таңба аясына жинақталған белгілердің мазмұнын анықтауға бағытталады. Демек, лексемаға - мағына тән болса, концептіге – мазмұн тән.
Когнитивтік ғылым базасында терең зерттеулердің нәтижесінде концептінің санада ойлау әрекеті арқылы қалыптасып, психикалық ментальды қабілеттер негізінде танылатыны айқындалады. Кең ұғымда концепт – санадағы ментальды бірліктер мен психикалық ресурстар қызметі арқылы индивидтің тәжірибесі мен білімін танытатын ақпараттық құрылым [22,90 б]. Концепт ұғымына берілген тұжырымдар мен зерттеулерді сараптау нәтижесі оның қалыптасуы мен танылуының мынандай басты қағидаларын анықтауға негіз болды.
1. Концепт – санада қалыптасатын логикалық болмыс. (С.А.Аскольдов-Алексеев; Чесноков; Е.С.Кубрякова). “Концепт – бұл сөз бен оның ұғымы арасындағы делдал . Ішкі сөйлеу барысында санада қалыптасқан ұғым бірден сөзбен таңбалана алмайды. Сондықтан оның орнына мағына элементі ретінде ойдағы алғашқы түсінік – ментальды сигналдар көмекке келеді. Бұл концепт болып саналады” [15, 28 б]. “Концепт – зат не құбылыстардың өзара қарым-қатынасы қалай, олар қалай топтастырылады, қалай категорияланады деген мәселелерді айқындайтын ментальды репрезентация [23]. “Концепт – бұл өзінше бөлек бүтін мазмұнға ие, әрі ұсақ ойларға бөлінбейтін ойлау бірлігі, яғни ішкі қабаттың үстірт қарапайым көрінісі” [24]. Е.С.Кубрякова: “Концептіні адам санасының және ойының аспектілері ретінде сипатталады”, - деп таниды.
2. Концепт-адамның өмірлік тәжірбиесі мен ұлттық тәжірбиедегі бейнелер (таңбалар) жиынтығы.(Чубраян, Р.И.Павиленнис, А.П.Бабушкин) “Концепт – ұқсас заттар мен құбылыстардың ұқсастық дәрежесі, олардың бойындағы белгілері мен қасиетіне байланысты екі объектінің де ортақ белгісі концепт қалыптастыруға негіз болды”. “Концепт – белгілеуге болатын таңбасы бар ұжымдық сананың дискреттік бірлігі” [18]. “Концепт – бұл белгілі бір сөзді айқындайтын түсінік, білім, ассоциация шоғыры” [19].
3. Концепт – ақиқат дүниенің мәдени бейнесі. Демек, белгілі бір ұлттың не адамның мәдени танымы сол дәуірдің мәдениетін анықтайды [23]. А.Н.Арутюнова, М.М.Копыленко, А.Н.Мороховский пікірінше, мағыналық аясы белгілі бір мәдениеттің белгілерін білдіре алса, әрбір тірек сөз концепт бола алады [13]. Д.С.Лихачев концептосфера ұғымын концепт-1, концепт-2, топтарына сүйену арқылы айқындайды. Концепт-1 – алғашқы ментальды түсінік; концепт-2 – рухани мәдениетті танытатын тірек сөздер [15]. Дегенмен, қазіргі таңда тіл білімінде концепт терминін анықтайтын үш бағыт қалыптасты:
Бірінші бағыт. (Ю.С.Степанов, Н.Телия) Концептіні мәдениеттаным аспектісінде қарастырып, адамның ментальді дүниесіндегі мәдениеттің қайнар көзі деп таниды. “Концептіні танытуда тіл басты қызмет атқармайды, ол тек мәдени концептлердің ең құнды бөлігін таңбалау үшін қажет,” – деп түсінеді.
Екінші бағыт. (Н.Д.Арутюнова, Т.Булыгина, Н.Д.Шмелев) Концептіні тану үшін оның мазмұнын ашатын негізгі құралы – тіл таңбасының семантикасын анықтау керек. Демек, бұл бағыт когнитивтік семантикаға сүйенеді.
Үшінші бағыт. (Д.Лихачев, Е.Кубрякова) Концепт тек сөз мағынасынан тұлғалық тәжірибелер мен аялық білімі, көрген білген ақпараттары, танымдық дүниесі арқылы қалыптасады. Яғни концепт – ақиқат дүние мен сол дүниені таңбалайтын сөз аралығындағы көмекші делдал білімдер жиынтығы. Бұл зерттеулерден шығатын нақты тұжырым: концепт – бұл санадағы білім. Ол ғылыми, мәдени, рухани, көркемдік танымда берілуі мүмкін немесе олардың қосылып, ықшамдалған түрінде көрінуі мүмкін.
Тіл білімінде концепт кешенді қолданыстағы ұғым болғандықтан, әр қырынан қарастырылады.
1. Лингвомәдениеттанымдық аспектіде, концепт – ақиқат дүниенің санадағы мәдени, рухани, этникалық, әлеуметтік танымын айқындайтын бірлік ретінде танылады (Н.Д. Арутюнова, А.М.Мороховский, Д.С.Лихачев т.б.).
2. Психолингвистикалық аспектіде концепт – ақиқат дүние туралы психикалық қабілеттер (қабылдау, жадыда сақтау, көру, есту, ұғыну, сезіну) арқылы қабылданған алғашқы ментальды түсініктер ретінде танылады (Р.И.Павеленис, Дж.Келли, Дж.Каган).
3. Лингвомәдениеттік аспектіде, концепт – ақиқат дүниенің санада жан-жақты жинақталып, тұжырымдалған ақпараттары мен когнитивтік семантикасы арқылы танылған көрінісі (бейнесі). Әрбір концепт тіл арқылы көрініс табады, концептіні танытуда тілдік семалар қызмет атқарады (Е.Н.Кубрякова, А.Вежбицкая) дүниені танытатын әрбір сема санада фрейм, сценарий, ойсурет, схема секілді фонға салынған ситуациялар мен бейнелер арқылы таңбаланады.
Концепт ұғымына берілген тұжырымдарды зерттеу нәтижесі концептіні танытатын критерийлерді ұсынуға негіз болды:
-концепт дүниенің құндылықтарын танытады;
-концепт санадағы дүниенің мәнін бейнелейді;
-тіл арқылы обьективтенеді;
-субьектінің біліми деңгейі мен менталитетін көрсетеді;
-әрбір ұлттың танымдық белгілерінің мазмұнын ажыратады. Мысалы: қазақ халқында танылған “шаңыраққа қара ту тігу” фреймі өлім концептісін танытады.
-тұлғаның өзіндік танымдық стилін айқындайды;
-концепт – адам тәжірибесіндегі идеалды түсініктің ең кішкене бірлігі;
-концепт – білімді тарату, сақтау және оны өңдеудің негізгі бірлігі;
-концепт – белгілі бір мәдени болмыстың негізгі ұясы.
Бүгінгі таңда тұрақты анықтамаға ие бола алмай отырған концептінің негізгі себебі: ол дүниенің әлеуметтік-психомәдени жағын қатар қамти отырып, күрделі көп қырлы құрылымнан қалануда. Бұл құрылым сол тілде сөйлеушінің ойлау, түйсіну әрекеті арқылы жүзеге асып қоймай, мәңгілік толығу, талқылау үстінде жүреді. Дегенмен, “концепт” ұғымын жан-жақты таныту үшін мынадай тұжырымдардың өзі жеткілікті: “Концепт – бұл белгілі бір этномәдениетті сақтаушыларды сипаттайтын немесе ондағы лингвомәдени ерекшеліктерді айқындайтын семантикалық білім. Концепт этникалық дүниетанымды бейнелей отырып, этникалық дүниенің тілдік бейнесін уәждейді. Бұнымен қоса “үй” құруға арналған кірпіш ретінде түсініледі (М.Хайдеггер). Концепт – адам әрекетінің әрбір болмысын, мәнін айқындайтын білім кванты. Ол сөз мағынасынан туындамайды, керісінше, адамның өзіндік жеке және ұжымдық (халықтық) тәжірибесінен туындайды (Д.С.Лихачев бойынша). Концепт бағалауыш, эмоционалды-экспрессивті әсермен толығып отырады (В.А.Маслова).
Концепт ұғымымен байланысты әлем бейнесі және әлемнің тілдік көрінісі қазіргі тіл білімінде өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әлем бейнесін ұлт, әр адам, әр ұжым мүшесі өз дүниетанымына, мәдениетіне ментальдық ерекшелігіне, ұлттық психологиясына, жеке психикасына, т.б. байланысты түрлі қабылдайды.
Әлемнің тұтас бейнесін тілдік бірліктер арқылы танымдық аспектіде айқындауда “концепт” термині маңызды рөл атқарады.
Концепт адам санасындағы ұлттық бірліктерді, психикалық ресурстарды, адам білімі мен тәжірбиесі арқылы жинақталған ақпараттық құрылымды, ментальдық лексиконның, концептуалдық жүйенің, адамзат психикасында бейнеленген барлық әлем бейнесінің оперативті мазмұндық бірліктерін түсіндіреді. Концепт ұғымы адамзат іс-әрекеті нәтижесінің мазмұны бейнелейтін ұғымдар, әлемді тану процессі туралы танымдарға жауап береді. Ол белгілі бір нысандар мен олардың қасиеттері туралы ақпараттардың құрылу процесінде пайда болады.
Тіл қызметінің танымдық (когнитивтік) негізін айқындаудың үш принципін Ж.Манкеева “Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері” атты мақаласында айқындап берді:
1. Қоғамдық тәжірбиеге негізделу, танымның қазыналық сипаты.
2. Таным модельдерінің символдық түрлері, яғни тілдің қызметі –ақпарат беру емес, бейнелеуге мүмкіншілік жасау. Яғни тіл арқылы бейнелілік пен дүниедегі объективті шындықты субъективті түрде символдар арқылы беру.
3. Таным модельдерінің жүйелі сипаты, сабақтастығы. Яғни ол – таным моделінің құрылымдарының тұтасуынан тұратынын сипаттайды [11, 41 б]
Бұл принциптерден әлем бейнесін тану тәжірбиеге, танымға, мәдениетке байланысты екендігін көруге болады. Халық мәдениетінің, салт-дәстүрінің, дүниетанымының тілге тигізетін әсері мол. Жалпы халық мәдениетін шартты түрде екіге бөлуге болады: материалдық және рухани мәдениет. Осы тұрғыда базалық материалдық мәдениетті танытатын атауларды концепт түрінде тануға болады. Әсіресе, ұлттық ерекшелігін, таным-түсінігін, ой-өрісін, яғни бір сөзбен айтқанда мәдени болмысын танытатын лексемаларды(атауларды) “мәдени концепт” ретінде когнитивті тұрғыда қарау қажет [25].
Ұлттық мәдениеттің барлық түрлері тілде өз көрінісін табады. Сол себепті, материалдық, рухани мәдениеттің барлық концептілері тілде жинақталған. Ұлттық мәдениеттің белгісі жеке сөздің семантикасынан, яғни, ұлттың мәдени болмысын танытатын лексикалық бірліктерден, жер-су атауларынан, кісі есімдерінен, фразеологизмдерден, мақал-мәтелдерден анық байқалады.
Мәдени концептілердің беретін ұғымын, семантикалық қырларын талдау арқылы жеке адамнан бастап, қоғамдық топтардың, бүкіл бір ұлттың, халықтың ой-өрісінің, дүниетанымының ерекшеліктерін айқындауға болады. Бұл сөздер рухани мәдениеттің басты-басты ұғымдарын оның элементтері ретінде таңбалай отырып, олардың мән-мағынасын да қамтиды. Рухани мәдени лексемалардың лексикалық, семантикалық қырларын анықтау жаңа үстем мән-мағынаның ашылуына септігін тигізеді. Бұл бұрын жасалған тұжырымдарды, түсіндірмелерді жаңа қырынан бағалауға әкеледі.
Концептілердің санада танылу деңгейіне қарай, ақиқат дүниенің болмысы мен өзіндік ерекшелігіне қарай метафизикалық концептілер деп шартты түрде жіктеуге болады.
Метафизикалық концепт – (жан, өмір, өлім, тағдыр, жалғыздық, махаббат) ақиқат немесе бейақиқат дүниедегі абстракцияның, жоғары дәрежедегі құндылықтарын танытатын ментальді мазмұн [25, 49 б]. Метафизикалық концептілер перцептивтік, сенсорлық қабылдау, яғни сезіну әрекеті арқылы рухани құндылықтарды тану нәтижесінде ғана хабарланады. Адам тәжірбиесі арқылы ғана танып білуге болатын, құбылысты даму барысында ғана түсінуге болатын ұғымдарды нақты тұрақталған дифинициялармен танытуға болмайды. Оны адам қалай сезінеді, қалай басынан өткереді,сол әсері арқылы танытады. Мысалы ұжым не тұлға санасындағы адамзат құндылығын танытатын “өмір” метафизикалық концептісінің қазақ поэзиясында алма кезек жарысып жатқан жақсы мен жаманның, бақыт пен қайғының арпалысқан күшті динамикалық қозғалысы ретінде танылуы басым көрінеді. Өмір солай күйзеліс, жұлқыс көп. Болсын мейлі, дінің түз, тұрмыс тоқ (М.Шаханов);Өмір деген өректіген бір ағын.(М.Шаханов); Өмір-жарыс, жасық жандар ұтар ма? (К.Ахметова); Өмір деген буырқанған дария (Т.Молдағалиев). Қазақ поэзиясында өмір концептісінің қозғалыс, арпалыс ситуациясында таныту үшін бәйге, бәйгеге салынған аттың әрекеті, ағын су, өзен, теңіз дариясы, теңіз толқыны, майдандағы фрагменттер “Өмір “ұғымын танытатын қарапайым түсініктердің көрінісі ретінде алынған.
Ұлттық-мәдени концептілер тек ұлттық танымда ғана жан-жақты ақпаратымен жүйеленіп, сол ұлттың мәдени құндылығын көрсететін концептілер (дала, көш, домбыра, қамшы, тары). Мысалы, “дала” концептісі қазақтың өмірін, жайлауын, мал шаруашылығын, дарқан кеңдікті, жазықтықты объективтендіреді. Автор танымында дала кеңдік эталоны ретінде алынып, қазақтың кең байтақ жеріндегі ұлттық-мәдени өмірді, яғни қазақ даласындағы жырмен оянған еркіндікті сүйетін халықтың болмысын сипаттайды. Мысалы ойсурет құрлымында танылуы: Қазақ жері – алып бір қара қазан, қазанда қайран жұртым қуырылды. Мұндағы лингвомәдени бірлік – қара қазан. Сценарийлік құрылымда танылу: Қашаннан жерік қара Жер, жесірдің қайғы-мұңына. Дала, дала... Сал дала селеулеген, Жырмен ұйықтап оянған өлеңменен. Дала деген күйсандық бұл қазаққа, Абай десе құлағы елеңдеген. Уһ, дала! Дала толған көл-көсір жыр, Дала-қобыз, тұтпайды пернесін кір.
Эмоционалды концептілер. (қуаныш,қайғы,бақыт,мұң). Кейбір ақиқат дүниелер адам санасындағы эмоционалды, аффективті көңіл-күй арқылы, ішкі сезімі арқылы танылады. Мысалы уайым ұғымы жағымсыз мағында танылатыны, оның “сары уайымға салыну, күйзелу, көңіл-күйі болмау” деп объективтенетіні белгілі. Бірақ оны нақты денотатпен көрсете алмаймыз.
Концептілердің әртүрлі ассоциативтік түсінікте танылу деңгейіне қарай контраст концептілер және калейдаскоптық концептілер деп топтастыруға болады.
Контраст концептілер – бірінсіз бірі болмайтын, бірін екіншісі толықтырып отыратын немесе бірінен кейін бірі жүретін, тіпті бір-біріне қарама-қарсы тұратын ақиқат дүниелердің жұптасып қана танылуы.(Өмір/өлім, қала,дала, бақыт/қайғы). Поэтикалық мәтінде Өмір/өлім контраст концептілері “бұл дүниеге кірдім де қайта шықтым” ситуациясы арқылы танытады. Қала/дала контраст концептілері “Мотордың дауысын есіте шаршадым, жамырап жатқан жас төлдің үнін аңсадым” деген денотатты ситуациялар арқылы танылып тұр.
Калейдоскоптық концептілер - бір ғана ақиқат дүниенің санада әралуан концептілік құрылымдарға салынып бірнеше концепт типтерінде (ойсурет,сценарий,схема, фрейм) көрініс табуы. Ақиқат дүниенің әрбір үзігін (фрагментін) қалыптасқан (стереотиптік) таным шеңберінде емес, қалыптаспаған(стереотиптік емес) танымда ұғыну сол дүниені алуан түрлі жағдайда объективтендіруге мүмкіндік береді.
Тұлға не ұжымның концептіні тілдік таңбалармен объективтендіру шеберлігіне қарай эстетикалық-көркем танымда объективтенген концептілер және логикалық-позитивті танымда объективтенген концептілер деп шартты түрде бөлуге болады. Концепт теориясында эстетикалық-көркем танымда объективтенген концептілер маңызды болып саналады. Себебі, оның бойынан ұғым тудыру, атау беру, түсінік қалыптастыру, бейнелеу, ассоциативті, эмотивті модусын анықтау сияқты қасиеттерді көруге болады. Эстетикалық-көркем танымда объективтенген концептілер әрқашан индивидуалды. Мұнда логикалық ойлау заңдылығы мен шектілігі сақталмайды. Логикалық танымда объективтенген концептілерге жалпыадамзаттық, әлеуметтік идеялар тән. Ал эстетикалық-көркем танымда объективтенген концептілерге-жеке тұлғаның фантазиялық немесе қиялдан туған бейнелері тән. Логикалық-позитивтік концептілерде сезімдік, иррационалдық қабылдаулардан бұрын, логикалық ойлау механизмі мен ой модельдерін құру әрекеттері басым. Эстетикалық-көркем концептілерді объективтендіруде сезімдік бейнелеу әрекеттері басым. Эстетикалық көркем концептілерді объективтендіруде сезімдік бейнелеу әрекеттері белсенді қызмет атқарады. Мысалы: “АЙ” – түнде жерге жарық сәуле беріп тұратын планета. (логикалық танымда объективтенген концепт). “Ай”-жарты ай тұр шар аспанда-тозған таға, Үскірік үрлей ме әлде қозғалта ма? (эстетикалық-көркем танымда объективтенген концепт). Логикалық танымдағы концептілер ақиқатқа негізделеді және логика (ойлау) заңдылығына сүйенеді. Ал эстетикалық-көркем танымдағы концептілерде ассоциация, фиксация, жұмбақ, жалған ойлау әрекеттері басым болады. Бірақ мұндай танымда заңдылық болмайды түсінбеу керек. Онда автордың өз заңы мен өз жүйесі болады.
Дегенмен, қай концепт болсын санадағы ақиқат дүниенің бөлшегін танытуға бағытталады.
Концептілер әрқашан идеалды және олар санада әмбебап заттық код (Н.И.Жинкин бойынша) бірлігі арқылы таңбаланады. Әмбебап заттық код бірлігі - бұл адамның тұлғалық сезіну тәжірбиесі негізінде көрінген индивидуалды сезімдік бейнелер. Санада концепт бейне түрінде туындайды, кейін ол абстракция деңгейіне жеткенде сезімдік бейнеден ой бейнеге ауысады. Мәселен “қорқыныш” концептісі тактильді сезіну, яғни дененің мұздауы, қалшылдап дірілдеу сезімдерінен туындайды: “төбемнен су құйғандай”, “денем мұздап кетті”, тұла бойымды қорқыныш биледі”, ”дір-дір ету”, ”тісі-тісіне үйлеспеу” т.б. Осы ойымызды нақтылау үшін Р.И.Павиленистің пікіріне сүйенеміз: ”Әрбір концептіні меңгеру үшін санада қалыптасқан құрлымын анықтау керек. Бұл құрылымда субъектінің байқаған, бақылаған, таныған біліми ақпараттарының шоғыры жүйеленген. Бұл жиынтық концептілік жүйеге ұласады.
Концепт құрылымы жағынан өте күрделі дүние. Бұл құрылымға санадағы ақиқат дүниені танытатын барлық бірліктер мен таңбалар, оқиғалар мен ситуациялар енеді. В..А Маслова концепт құрлымын былай жүйелейді: “Біріншіден, дүниенің мәдени белгілерін танытатын бастапқы көзі, яғни этимологиясы; екіншіден, сол дүниенің тарихи өміріндегі, мағыналық дамуындағы жаңа мәнге ие болған белгілері; үшіншіден, қазіргі сол дүние туралы ассоциациялар мен бағалауыш мәндер, коннотациялар көрінісі жатады” [2, 40 б]. З.Д.Попова мен И.А.Стернин концепт құрылымын адам санасындағы әрекеттердің жүйелі қызмет етуімен байланыстырады. “Концепт адам санасында, біріншіден, сезімдік тәжірбиесі арқылы қалыптасады. Екіншіден, адам өзіндік тұрмыс-тіршілігі, қызметі арқылы таныла түседі, төртіншіден, тілдік таңбасы жиі көріністен өтіп, стереотиптік деңгейге жеткен таңбалармен таныту арқылы анықталады, бесіншіден, тіл бірліктерін саналы түрде сол дүние табиғатын танытуға болады деп тұжырым жасау негізінде қалыптасады. Ю.Степановтың пікірінше, концепт қабатталған құрылымнан құралып, оның әрбір қабаты әр дәуірдегі сол дүние туралы мәдени түсінік, халықтық көзқарас күйінде сақталады. Ғалымның жүйесі бойынша концепт құрылымы мынадай тізбекпен танылған:
-Дүниенің негізгі(маңызды) белгісі;
-Қосымша (пассив,тарихи) белгісі;
Ішкі (әлі сезіліп, таныла қоймаған, жұмбақ) формасы [26, 21 б]
Қазіргі логика ғылымында концептілік жүйе туралы теориялардың негізгісі ретінде Р.И. Павиленнистің тұжырымы басты ұстаным деп танылып отыр. Концептілік жүйе – индивидтің ақиқат, бейақиқат дүние туралы ( ой, пікір, білім) ақпараттарының өзара үздіксіз ұласқан конструктілік жүйесі деп танылды [27, 387 б].
Концептілік жүйенің қызметі – оның құрамындағы компоненттерді бір мазмұнға реттеп топтастыру. Р.И. Павиленнис дүние концептілік бейнесін танытудағы концептілік жүйенің механизмін “сана – тіл – дүние” арақатынасында қалыптастыруды ұсынады [27, 58 б]. Философ Л.Витгенштейн санадағы бейнені “тіл – сана – дүние” үштігінің арақатынасы арқылы танытуды ұсынады. Концептілік бейне қалыптастырудағы бұл схемалық реттіліктердің басты мақсаты санадағы бейнені ұғындыру. Кез келген санадағы дүние бейнесі концептілік жүйеде түсіндіріледі, демек, жүйенің тілдік көрінісі – мазмұндалған дайын өнім. Концептілік жүйеде білімдік ақпараттармен қоса тұлғаның ұғым туралы нақты бейнесін танытуға ұмтылған жеке танымы (пікірі) қатар жүреді. Көп жағдайда бұл тұлғалық таным метафоралық, ассоциативтік формада көрініс табады. Сондықтан концептілік жүйенің тілдік көрінісі ондағы элементтердің танытатын тіл бірліктерінің мағынасына сәйкес келмейтін жағдайлары кездеседі. Концептілік жүйедегі авторлық танымы анықтауда оның таныту үшін қолданған моделінің сол объектінің жақындастыра ұқсатудағы шеберлігін анықтау керек. Концептілік жүйедегі дүние туралы субъективті-индивидуалдық білімнің көрінісін Р.И. Павиленис “білімнің субъективті құрылымы” деп атауды ұсынды [27, 280 б].
Субъектінің санада қалыптасқан ақпараттарының маңыздысы – оның интерсубъективтік білімі. Осы ақпараттар негізінде құралатын концептілік жүйенің реттелуі санада мынадай процестерден өтеді:
қабылданған ақпарат субъект санасында талқыланады.
белгілі бір ұғымға қатысты элементтер топтастырылады.
басқа тұлғалардың ұғым туралы пікірімен салыстырылады.
жинақталған ақпараттар бір жүйеде реттілікпен өңделеді.
– жүйедегі ақпаратардың тілдік көрінісі “код” деп аталады. Тілдік символика концептілік мазмұнның тұрақты көрінісі бола алмайды. Бұдан концептілік жүйенің континуалдылығын, ал тілдің дискреттілік қасиетін танимыз.
Демек, логика ғылымында концептілік жүйе – индивид санасындағы білімі мен пікірінің жүйеленіп, интерсубъективті және субъективті ақпараттарына сәйкестендірілуі. Мұндағы тілдің қызметі – концептілік мазмұнды таңбалық негізде репрезентациялау.
В.К. Нишанов: “Концептілік жүйе ұғынуды жеңілдетеді, – дей келе – ұғыну дегеніміз – ақиқат немесе бейақиқат дүниенің жеке фрагментерінен ой моделін құру әрекеті” [20] – деген тұжырым ұсынады. Когнитивтік аспектіде дүниенің мазмұны субъектінің жан-жақты білімінен туындайтын дүние туралы бейнесі мен оның нормативті-құндылықтар жүйесі арқылы қалыптасқан операциялар көмегімен танылады. Демек, бұл операция арқылы дүниенің идеалды ой моделі құралады, ал ондағы ақпараттар (субъектінің дүние туралы бейнесі мен нормативті-құндылықтар жүйесі) концептілік жүйені құрайды.
Субъектінің дүниені тану әрекеті – бұл сол дүние туралы ой конструкциясын қалыптастыру. Ой конструкциясының элементтері ретінде білімдік ақпаттар (тілдік, тілден тыс) мен сезімдік бейнелер танылады.
Демек, концептілік жүйе арқылы ұғыну – субъектінің дүние туралы ішкі бейнесін таныту деп түсініледі. Концептілік жүйе санадағы ой механизмдері, әмбебаптық көрініс (интерсубъективті білім), тұлғаның когнитивтік стилі, индивидуалды когнитивтік ақпарат (субъективті білім) арқылы құралады.
Қорыта айтқанда, тұлғаның ойлау жүйесін лингвокогнитивтік тұрғыдан зерттеу: біріншіден, ой жүйесінің құрлымын танытады; екіншіден, белгілі бір жүйеде реттелген ақиқат немесе бейақиқат дүниенің ұғымдық мәнін(бейнелерін) анықтайды; үшіншіден, жүйе элементтерінің ақпараттық мазмұнын; тілдік көрінісін айқындайды; төртіншіден, ақпараттар шоғырланған жүйенің континуалдық қызметіне, концептілердің реттелу деңгейіне, ондағы динамикалық, статикалық белгілерге сипаттама береді. Психология ғылымында концептілік жүйе арқылы ақиқат дүниені ұғыну әрекеті қабылдау және тану қабілеттері арқылы жүзеге асады. В.Знаковтың пікірінше, тану (ұғыну) әрекеті –индивидтің бұрын қабылдаған және жаңадан таныған ақпараттары арқылы дүниенің мәнін түсіну [28, 22 б]. В.А. Пищальникова концептілік жүйе теориясын анықтай отырып, мынадай тұжырым ұсынады: “Субъектінің тілден ұғынған мазмұны концептілік жүйенің бір элементі болып саналады және одан туындайтын ұқсас мағыналы тармақтар концептіні бүтіндей тануға септігін тигізеді. Сондықтан тілдік таңбадан қабылданған мағыналар концептінің бейнелі, мазмұндық, эмоционалды ақпараттарын актуалдайды немесе бұл ақпараттардың әрқайсысы таңба арқылы ассоциацияланады” [29].
Психологияда концептілік жүйенің әрбір компоненті перцептивтік, сенсорлық (визуалдық, тактильдік, дыбыстық, дәмдік) белгілері арқылы танылуы басым түседі. А.Ш.Шварконың зерттеуінде концепт құрылымындағы мазмұндық, заттық, ассоциативтік, эмоционалды-бағалауыш фоносемантикалық белгілер вербалды мазмұнда танылады, ал оның заттық бейнесі тек санада мазмұндалады [30, 57 б]. Демек, концептілік жүйе құрамындағы дүние туралы ақпараттар тізбегі индивидтің актуалды және потенциалды тану шеберлігіне қатысты. Ал тіл – конвенционалды-таңбалық жүйе ретінде концептілік құрылымды танытатын интегративті компонент. Аспан денелері атауларының концептілерді танытуда тілдің интегративті қызметі ерекше көрінеді. Себебі аспан денелері атауларындағы концептілік мазмұн түрлі формада танылады. Мысалы мәтіндегі доминантты концепт санадағы ұғымдық эмоционалды репрезентациясын өзгертпей-ақ мазмұны үйлеспейтін тіл бірліктері арқылы танылады. Сондықтан интегративті тілдік таңба санадағы дүние бейнесінің символикалық репрезентанты ретінде түсініледі.
Қорыта айтсақ, лингвокогнитивтік аспектіде концептілік жүйенің қызметі мынандай көрініс табады:
санадағы ақпараттар мен олардың бейнесінің интегративті қалыптасуын реттейді;
ақиқат дүниенің санадағы моделін, бейнесін танытады;
субъектінің дүние туралы жалпы түсінігін байқатады;
концептінің мазмұндық, ассоциативтік, схемалық, құрылымдық, динамикалық, статикалық қасиеттерін танытады.
Логикалық аспектіде, концептілік жүйе континуалдық және бірізділік тәртіппен концептілерді жинақтау қабілетімен танылады.
Психологиялық аспектіде концептілік жүйенің әрбір эквиваленті перцептивтік, сенсорлық қабылдау негізінде туындаған дүниені концептілік бейнелері деп саналады. Концептілік жүйе дүниенің концептілік бейнесін айқындап көрсететін негіз (тірек) туралы біршама болжам, ұсыныстар қалыптасқаны белгілі:
бірінші болжам дүниенің концептілік бейнесі санадағы мазмұнымен негізделеді;
екінші болжам дүниенің концептілік бейнесі субъектінің дүние туралы ақпаратымен негізделеді;
үшінші болжам дүниенің концептілік бейнесі тілдік мағыналар арқылы негізделеді;
Бұл зерттеулердің барлығы концептілік жүйенің қызметі деп саналады. Біздің пікірімізше, дүниенің концептілік бейнесін көрсететін негізгі тірек – концептілік жүйе. Концептілік жүйе ішкі және сыртқы құрылымдардан тұрады. Ішкі құрылымы концептіні танытуға бағытталған құрылымдар: фрейм, сценарий, ойсурет, схема; ал сыртқы құрылымы – сөз, фразеологизм,метафора, сөйлем,тіркес, метонимия т.б. Концептілік жүйе қалыптастыруда санадағы ішкі құрылымдар белгілі-бір когнитивтік модельге салынып жинақталады. Когнитивтік модель автор танымындағы символ, бейне, прототип, этикет, эталон, ассоциативтік, стереотиптік бірліктер мен инсайт таңбалар арқылы қалыптасады.
Жоғарыда көрсетілген зерттеулер нәтижесінде аспан денелері атауларындағы концептілік жүйенің қалыптасуын мынадай перифериялық құрылымға салып тануды ұсынамыз.
-
Дүние
Дүниенің тілдік бейнесі
Концепт типтері
Когнитивтік модель
Мәтін
Фрейм
Бейне
Сөйлем
Схема
Эталон
Фразеологизм
Скрипт
Этикет
Сөз тіркесі
Ойсурет
Стереотип
Метафора
Сценарий
Символ
Осы модельге салып “Күн” концептісінің құрылымдарын анықтап көрейік. Ақиқат дүние – күн. Оның жарық, жылу беретін қасиеті көру, терімен сезу ассоциациалары негізінде санада стереотипті түрде сақталады. Поэтикалық мәтінде Күн күлді, ай ұялып бетін басты немесе Қызарып соңғы сәуле шашырады, күн түйе алмай барады шашын әлі немесе қып-қызыл сыр төгілген тауға барып, қызыл өзен жатқандай қардан ағып, есімде қызыл-жасыл қырғауыл күн көтерілген қанатын қанға малып! Деп ойсурет типінде объективтенген. (негізгі мәні күннің жарық беру қасиеті). Бұл жерде ақиқат дүниенің тілдік бейнесі метафоралы тіркестер арқылы беріліп тұрады. Күн – уақыт эталоны. Сенделіп сендегі өткен күндерімді теңеймін өмірімнің асқарына (фрейм) немесе күміс жалды күн дейтін көлікпенен көріп келем өмірді, көріп келем (ойсурет).
Концептілік жүйе – ақиқат дүние туралы субъектінің білімі [9, 128 б]. Концептілік жүйе – санадағы ойдың мазмұнын жоспарлау қызметін реттейді [31]. Демек, концептілік жүйе субъектінің аялық білімін, этномәдени ортасын, ондағы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болған мәдени құндылықтары мен ұлттық ерекшеліктерін танытады.
Концептілік құрылымдардың санада бейнеленуі әртүрлі формада көрініс табады. Олар:
Қарапайым форма (фрейм)
Күрделі форма(скрипт)
Оқиғалы форма (сценарий)
Сызбалы форма (схема)
Бейнелі форма(ойсурет)
Адам санасында қалыптасатын бұл формалардың басты қызметі:
-концептілік құрылымдарды санада бейнелеу;
-құрылым элементтерін (ақпараттарды) өңдеу;
Фрейм – бұл концептілік жүйенің құрылымдық элементтерін танытатын қарапайым формасы. Ол концептінің ең жақын семаларынан құралады және ең жақын ассоциативтік, стереотиптік таңбалар арқылы көрініс табады.
Фрейм білім қалыптастырудағы басты операциялардың бірі. М.Минский адамның көргеннен алған ақпараты мен есінде сақталған ақпаратын модельдеу тәсілін зерттеу арқылы фрейм ұғымын танытты. Ғалым фрейм туралы зерттеуін былай дәлелдейді: “...Мәселен, бөлмеге кірген адамның ондағы заттар мен құбылыстардың қандай екенін, қалай орналасқанын, санада сақталған осы ақпараттардың қаншалықтысы ақиқатқа сәйкес келетінін анықтау адам жадындағы модельдерді көрсетеді. Бұл модельдер – Фрейм деп аталады. Бұл құбылыс фильмнің әрбір кадры секілді санадағы дүниелерді визуалды, стереотиптік жағдайда тану әрекетіне келеді. Фрейм – жадыда сақталған білім мен ақпараттың бір дүние шеңберіне ұйымдасқан, адам тәжірибесіндегі дүние туралы нақты фрагменттерден құралған ақпарат.Фрейм көп жағдайда дүниенің лексикалық мағынасы, ол туралы тұлғаның энциклопедиялық және экстралингвистикалық білімі негізінде санада көрініс табады. Негізінен фрейм концепт ядросының төңірегіне ұйымдасатын құрылымдық элементтерді ассоциаландыра отырып ақпарат жинайды” [32]. Демек, санада сақталған әрбір ақиқат фрейм бола алады. Олар белгілі бір ұғым мазмұнына сай шоғырланса, концептілік жүйе құрайды. М.М.Минский пікірінше, фрейм құрылымы екі деңгейден тұрады:
жоғары деңгейге оқиға не жағдаятты талдауға қатысатын нақты мәліметтер жатқызылады;
төменгі деңгей нақты мәліметтерді толықтыратын қосымша деректерден құралады. Минский мұны “бос тізбектер” деп атайды.
Тілдегі фрейм – бұл элементтері ұғымдық құрылымның жеке бөлігі (сөз, тіркес, сөйлем) болып табылатын лексикалық қатар. Қарапайым фреймдер бір ғана лексемамен берілуі мүмкін, ал күрделі фреймдер тіркестер немесе сөйлем арқылы танылуы мүмкін. Әрине бұл тек шартты түрдегі тілдік көрінісі. Тіл білімінде фрейм – әрбір сөзі белгілі бір бөлшекті (мағынаны) немесе кейбір концептілік немесе акционалды бүтіндікті айқындайтын сөздер жинағы [33, 78 б.] ретінде танылады.
Е.С.Беляевтің пікірінше: “фрейм сөзден емес, көргеннен алған әсер, бірақ ол объектіні стереотипі немесе әрекеті ретінде жадыда сақталады”. Кейінгі зерттеулерде фрейм екіжақты сипатымен танылып, былай дәлелденеді: бір жағынан фрейм лексикалық жүйе ішінде танылады [34, 199 б], екінші жағынан когнитивтік ақпараттарды ұйымдастырушы ретінде танылады [35, 109 б]. Осыған орай, фреймді концепт түзуші бірлік деп тануға негіз туындайды. Фрейм санада концепт түзуші оқиға (жағдаят) бірліктерінің бірінен кейін бірінің жүйелі тәртіпке сай өтілуін қадағалайтын ақпараттар жинағы деп түсініледі. Бір жағынан фрейм оқиға барысында кездесетін жағдаяттардың жүйелі қалыптасуына базалық қызмет етеді. Екінші жағынан, түсіндіру, интерпретациялау шеңберін қалыптастырады.
Фрейм – прессупозициялық модель. Егер адамның тілде таңбаланған заттар мен құбылыстар туралы білімі жеткілікті болса, егер оған белгілі бір оқиға шеңберіндегі жағдаяттардың өту кезең белгілі болса, онда ол адам сол тілдік құрылымды фрейм ретінде қабылдай алады.
Қорыта келе, фреймдік құрылымды тануда мынадай қағидаларды ұстануға болады:
- фрейм белгілі бір концепт төңірегінде ұйымдасқан санадағы ақпараттар бірлігі;
- ол ассоциациялық қор арқылы танылады;
- стереотиптік белгілер арқылы жинақталады;
- концепт төңірегінде ең жақын белгілері мен қасиеттер арқылы модельденеді;
- ұғым туралы нақты мәліметтерді танытады;
- когнитивтік санадағы белгілі бір ұғым туралы ақпараттарды рет-ретімен жинақтайды.
Схема-когнитивтік санада сыртқы сигналдар мен ішкі сезімдер көмегі арқылы жинақталған ақпараттарды бір құрылымда таныту тәсілі. Бұл тәсіл- концептіні құрайтын ақпараттардың ұқсас жақтарын ұқсас емес бөліктерден ажыратып, сұрыптау операциясын атқарады. Әрбір схема танылатын ұғымның заттық деталін жасауға ұмтылады. Концептіні көзбен көріп, қолмен ұстауға болатындай формада түсіндіретін таңбаларды құрайды. Схема – бейнелі репрезентацияның ең күрделі түрі деп танылып, когнитивтік операцияның логикалық (ментальды) бірлігі ретінде басқа құрылымдардан ажыратылады. Стиллинг, Файнштейн пікірінше: “Схема – бұл әрбір жағдаяттың нақты мазмұнын толықтыратын және сол мазмұнның объектісі мен құбылыстарын жалпы категорияға топтастыратын механизм көрінісі. А.Величковский пікірінше: “Схема – бұл білім репрезентациясының үнемі толықтырылып отыратын фрагменті. Бұл фрагменттердің төменгі көрінісі – сенсорлық ақпараттар, оның толықтырылған көрінісі – концептілік білім” [35]. В.А.Маслова: “Егер сөздіктегі анықтамалар шеңбер, сызық, шекара шарттарымен түсіндірілсе, концептінің бұл анықталу типі схема болып саналады”,-деп көрсетеді.
Схема ұғымның категориялануынан, сол категорияға негізделген ақпараттардың қалыптасуын көрсететін детальдар арқылы объективтенеді. Дүниені тануда таңбаларды, бейне мен символдар жүйесін қолданамыз. Сондықтан когнитивтік санада тану операциялары– сигналдар мен таңбалар үйлесуі схема құрлымын құрайды.
Қорыта келгенде, дүниені схемалық құрылымда тану механизмі мынадай қағидаларға негізделеді:
– танудағы сенсорлық, перцептивтік ақпараттар жинақталады;
– ақпараттарды детальдау операциясы қалыптасады;
детальданған ақпараттар арқылы концептінің кеңістіктегі формасы объективтенеді.
Ассоциация – бұл адамның бұрынғы тәжірбиесі негізінде пайда болып объект төңірегіндегі тұжырымдамалары мен сипаттамасы, бейнеленуі. Ұғымды тануда адам санасындағы алғаш пайда болатын ментальды сигналдар – ассоциациялар. Ассоциативтік элементтер арқылы бейнеленген модельдер концептілік құрылымға ұласады. Ассоциация – бұл білім алудың бір тәсілі. Ассоциация арқылы тану – бұрынғы тәжірбиелер мен жаңадан қабылданған түсініктер арасындағы байланыс.
Сценарий. Концепт қалыптастырудағы оның қарапайым танымдық элементтері фрейм болса, әрбір фрейм тармақтарының төңірегінен оқиғалар мен жағдаяттар жүйесін жинақтауға болады. Бұл жүйені құрайтын бөлшектер - сценарийлер мен скрипттер. Сценарий белгілі бір фреймнен туындайтын эпизод фрагменттерінен құралады. Бірақ ол фреймнен уақыт өлшемін шешетін факторлар арқылы ажыратылады. Сценарий концептінің идеясын танытатын сюжеттерден құрылады. Сценариялық құрылымның деңгейі төрт түрлі формада танылады.
1.Үстірт – синтаксистік фрейм. Тілдік құрылымда предикаттық байланыс формасында танылады (атау+предикат).
2.Үстірт – семантикалық форма. Оқиғадан алған әсер фрейм тармақтарынан құралған фрагменттер.
3. Тақырыптық фрейм- сценарийлер.
4. Баяндау фреймі. Тақырыптың мазмұнын ашатын түсініктеме.
Демек, сценарий оқиғаға, жағдаятқа құрылған фреймдерден құралады
Скрипт - концептілік құрылымның бір типі. Скрипт қалыптастыратын басты элемент фрейм. Скрипттің санадағы көрінісі – сценарий құрлымының кеңейтілген формасы. Скрипт көзбен көрген нақты тәжірибеден өткен оқиғалар арқылы, балалық шақтан келе жатқан стереотиптік ақпараттары арқылы немесе басқа адамдардың әрекеттерін есте сақтау арқылы жинақталған ақпараттардан құралады. Яғни тануға дайын сценарийлер мен фреймдерді топтастырып ұғыну. Скрипт концептіні тануда басқа бір оқиғаларды ой елегінен өткізіп, одан концептінің бір қырын танытатын фрагменттерді автоматты түрде салыстырып, не ұқсатып ойша табу шеберлігімен ерекшеленеді. Алғашқыда скрипт тек белгілі бір оқиғаны (концептіні) қортындылауды жеңілдететін тәсіл ретінде қолданылады. Скрипт көмегі арқылы санадағы бүтін концептіні модельдеуге болатыны айқындалады. Скриптке тән қасиет – мәтінге енетін фреймдер мен сценарийлердің қайталануы. Скрипт қалыптастыратын оқиға фрагменттері мынадай мақсатта қолданылады: локациялық (уақыт пен кеңістіктегі оқиғаны бейнелеу); логикалық (ойлау әрекетін тану); процедуралық (оқиғаның өтілу тәртібі); насихаттау, үгіттеу, иландыру түрінде қолданылады.
Ойсурет – концепт қалыптастыру операциясының ең күрделі формасы. Концепт құрайтын элементтерді санада метафоралау, яғни суреттеу тәсілі. Терминді енгізген ғалым Н. Уәлиұлы. Ойсурет санада бейне символ, метафора, аллегория көмегімен танылады. Концептінің ойсурет құрылымда танылған формасы аспан денелері атаулары арқылы да жиі көрініс табады. Ойсурет суреткердің қиялдау, суреттеу, ұқсату шеберлігінен туындайды. Санадағы фантазиялау таланты басым болса, концептіні ойсурет құрылымында таныту деңгейі жоғары болады. Мысалы, Күні біту – фрейм. Санада ассоциативті таңба арқылы қалыптасқан.
Жұлдызы сөну – ойсурет. Ұлттық –мифологиялық танымы арқылы қалыптасқан. Мысалы, бір адам өлсе, бір жұлдыз қоса сөнеді.
Күні бату – фрейм. Санада стереотипті таным арқылы қалыптасқан. Мысалы, жалғаннан жылжып өтермін. Күнім батар менің де.
