Даосизмнің моральдық, әлеуметтік-саяси көзқарастары.
Даосизмнің моральдық ілімі Кон-фу-Цзы іліміне қарама-қарсы. Кон-фу-Цидің адамдарың бір-біріне жақсылық жасау керектігі қағидасын сынға алып, олар оны “мен – саған, сен – мағанға² теңеп, оның ешқандай моральдық мәні жоқ, тек қана пайда табушылыққа итереді,- деген ойды айтады.
Даосизмнің этикалық идеалы – жақсылық жасауға ұмтылмау. Сондықтан ондай адам – ізгі адам. Мұндай идеяға оларды итерген өмірде көп кездесетін жақсылықтың жамандық болып оралуы болса керек. Сондықтан, даостардың ізгі адамы ешнәрсе жасамай жеңіске жетеді. “Күреспей-ақ жеңіске жетеді² – дейді даостар.
Даосизмнің әлеуметтік-саяси көзқарастарына келетін болсақ, қоғам өмірінде адамдардың тәтті тамағы, жылы киімі, тұрақты үйі болса, онда олардың өмірі қуанышты. Сонда ғана көрші мемлекеттер бір-біріне алыстан қарап, бір-бірінің әтештерінің шақыруын, иттерінің үруін тыңдап өздерінің кәртайып өлгендеріне шейін бір-біріне тимейтіндігін айтады.
Даосизм ілімі адамдарға білім беруге, оларды ағартуға қарсы, ал білімді адамдардың өзін іс-әрекет жасауға жібермеу керек,- деген пікір айтады. Өйткені, әрекет жасамау, барлық заттардың өзінің мақсатына лайықты өзгеруіне, өзіне-өзі жеткілікті болуына әкеледі.
Ал енді басқару мәселесіне келетін болсақ, онда олардың пікірінше “ең жақсы ел басын тек оның бар екенін ғана халық біледі. Ал халық сүйетін және көтеретін ел басы – екінші дәрежеде. Содан кейін халықты қорқытып ұстайтын ел басы келеді. Егер халық ел басынан жиіркенсе – онда ол ең жаманы².
Даосизм ел әділеттік арқылы басқарылады, соғыс қулық арқылы жүреді,- дейді. Елді басқару дәрежесіне көтерілу ешнәрсе жасамау арқылы болмақ. (У-.Вей – заттың табиғи қалыптасуына тежеу жасамау)
Кон-фу-цзы ілімі - қытайдың моральдық философиясы.
Кон-фу-цзы (551-479 б.ғ.д.) - Қытай халқының ұлы ойшысы, саяси қайраткері, тәрбиешісі, осы уақытқа дейін өзінің ықпалын тигізіп келе жатқан философиялық ағымның негізін қалаушы. Негізігі еңбегі “Лунь-уй² (әңгімелер мен пікірлер).
Кон-фу-цзы философиясында қойылған онтологиялық (болмыс) мәселелерге келер болсақ, ойшы өзінің болмысқа, дүниеге деген жалпы көзқарасында сол кездегі қалыптасқан ой-өрісінің шеңберінде болған. Аспандағы дао заңдылықтарына табынып, тағдырға сенген. Мысалы, Лунь-уй кітабында ол кісі былай дейді: “Аспан жөнінде не айтуға болады? Жылдың төрт маусымының ауысуы, болмыстың дүниеге келуі. Басқа не айтуға болады Егер кімде-кім тағдырды мойындамаса, оны нағыз ерге жатқызуға болмайды, - дейді ұлы ойшыл.
Моральдық мәселелер.
Кон-фу-цзыдың адамзат тарихында ұлы ойшыл ретінде осы күнге дейін сақталуы – оның моральдық-этикалық көзқарастарында. Оның әлеуметтік-саяси көзқарастарының өзі осы моральдың тиістілік шеңберінде қаралады.
Кон-фу-цзы еңбектерінен біз “бес тұрақтылықты² (у-чан) табамыз. Олар адамгершілік, адамды сүю (жень), әділеттілік (и), әдеттілік (ли), даналық, ақыл-оймен тоқулық (чжи), сенімділік (сань). Осы бес тұрақтылық арқылы адам дао жолына шыға алады.
Кон-фу-цзы моральдың “алтын ережесін² алғаш көрсеткен деген пікір әдебиетте бар. Оқушы бұл кісіге: “Бір сөйлеммен сіздің моральдық ілміңізді бізге жеткізе аласыз ба , - деген сұрақ қойыпты. Оған ол “Өзіңе тілемейтінді басқаға да жасама²,- деген екен.
Кон-фу-цзы өзінің моральдық ілімінде “адамдардың өзаралықтығына² “алтын ортаңғылыққа², әке-шеше мен аға-апаны сыйлауға, адамдарды сүюге шақырады. Ол кісі жақсылықтың жақсылық болып қайта оралуына сенген.
Біздің баса көрсеткіміз келетін “тұрақтылық² – ол ²ли² (әдеттілік). Кон-фу-цзыдың айтуына қарағанда, халық өзінің ғасырлар тарихында қалыптасқан әдет-ғұрыптарын сақтап, сыйлау керек. Әдет-ғұрпынан айырылған халық тарап кетеді,- деген ой айтады.
Фа-Цзя мектебі – Көне Қытайдың әлеуметтік-саяси философиясы.
Көне қытай философиясының тағы да бір ерекше ағымы,- ол Фа-цзя мектебі (“фа²- заң). Бұл ағым, негізінен алғанда, Конфуциандық ілімге қарсы бағытталған (әсіресе, оның адам, мораль мәселелеріне) - ілім.
Фа-Цзя мектебінің негізін қалаушы Хань-Фэй-Цзы (280-233 б.ғ.д.). Ол өзінің болмыс ілімінде Даоны бүкіл дүниедегі барлық нәрселердің табиғи заңы ретінде қарады. “Әрбір зат пен істің өзінің заңдары бар. Аспанның өз заңдылықтығы, ал адамдарды алатын болсақ, олардың өздерінің орнатқан заңдары бар².
Дао – жалғыз және бөлінбейді,- деген пікір айтып, Хань-Фэй-Цзы сондықтан елбасы да тек өзіне ғана сенуі керек. Даоның өзіне ұқсас басқа ештеңе болмағаннан кейін, оны жалғыз дейміз. Сондықтан ақылды елбасы Даоның іске асқанын бағалайды. Әрі қарай ел басын Даоның қасиеттерімен салыстыра келе, оның қандай болу керектігін көрсетеді.
“Дао бос, қозғалмайды және жалғыздықта, сондықтан ел басы да бәрін өзінің ішінде терең сақтауы керек, адамдардың алдында ашылмағаны жөн. Ел басы даосын ешкім көрмеуі керек, ал оны қолдануды басқалар түсінбеуі керек², - деген пікір айтады.
“Фа-цзя² мектебінің ел басқару мәселелеріне келетін болсақ, олар адамның табиғатының өзімшілдігіне негіздеп, оны шешті. Мысалы, Хань-Фэй-Цзы, халық тек қана пайда мен жалақыны жақсы көреді де, жаза мен дарға асуды жек көреді. Ал оның бәрі ел басының қолында. Сондықтан, ел басы қоғамда тәртіп орнатуы үшін бәрін заң арқылы ретке келтіруі керек. Заң қысқа, әрбір адамға түсінікті болуы керек. Қоғамда жаза көп, құрметтеу аз болса – жақсы. Қайсыбір заңды бұзушылық қатты жазалануы керек. Бірақ, кімнің заңды орындамағаны, бұзғанын қалай білуге болады?, - деген сұраққа, фа-цзя мектебі өз айлаларын алға салады. Ол үшін адамдар өзара бір-бірін бақылап жүрулері керек. Оны қалай істеуге болады? Ол үшін адамдардың жүрегіне қорқыныш сезім кіргізу керек. Заң бұзған адамды жазалағанда, оны халық алдында жасау керек. Сондай жағдайда адамдардың өздері-ақ бір-бірін көрсете бастайды.
