Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
16-дарис.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
41.71 Кб
Скачать

3.Ықшамдалған сөйлемдер.

Сөйлемнің ықшамдала айтылуы жәй әншейін кездейсоқ түрде болмай, белгілі бір қажеттіліктің, заңдылықтың негізінен шығып жатады. Қазақ тілінің заңдылығы бойынша мұндай құбылыс, негізінен алғанда, екі түрлі жолда кездесіп отырады: бірі бағыныңқы сөйлем бастауыштарының ортақтаса сыйыса жұмсалуында, екіншісі басыңқы сөйлем бастауыштарының сыйыса айтылуы не болмаса арнайы айтылмайтын жолында.

Бағыныңқы сөйлем баяндауыштарының ортақтаса, сыйыса жұмсалуы оның бірыңғай түрінде болады. Оның өзінде де бағыныңқы сөйлем баяндауыштары көбінесе бірдей сөзбен беріліп отырады. Бұл жайт баяндауыштардың сыйыса жұмсалуына бірден-бір мүмкіндік туғызады. Мәселен, Материалы бұрынғы, оқиғасы бұрынғы, негізгі кейіпкерлері бұрынғы, олардың өзара драмалық қарым-қатынасы бұрынғы бола тұра, сипаттау жағынан роман бірталай өзгеріп, басынан аяғына дейін қайтадан жазылып шықты (С.Мұқанов).

деген сөйлемдегі бола тұра баяндауышы алдыңғы компоненттерде арнайы айтылмаса да, баяндауыш ретінде қызмет атқарып тұр.

Бірімізден ұл, бірімізден қыз туса, екеуіміз құда болайық....(Б.Майлин). Біреу қағаз жазып, біреу іс тігіп отырса, біреу темір соғып, біреу машина жүргізіп жүр (М.Иманжанов).

Көп бағыныңқылы сабақтас құрмаластың бір сөзбен берілген осындай баяндауыштары сыйыса айтылуы арқылы сөйлем компоненттері арасындағы байланыс өте берік жымдаса түседі де, жалпы сөйлемнің тұтастығы да ықшамдалған бір бүтін болып сомдалып тұрады. Демек, бағыныңқы баяндауыштарының сыйыса жұмсалуы сөйлемдер арасындағы синтаксистік қатынасты да өзара тығыз жақындастырып, бір-бірімен қапсарласа байланыстырады.

Сондай-ақ, сабақтас құрмалас сөйлемнің ықшамдала айтылуы ондағы басыңқы баяндауыштарының өзара сыйыса қолданулары арқылы да болады. Мұнда да сабақтас құрмалас сөйлем көп бағыныңқы болып келіп, басыңқы баяндауыштары да бір сөзбен беріліп отырады. Қараңыз: Сен жиырма болсаң, ол жүз, сен жүз болсаң, ол мың болады (М.Әуезов). Мың жұмысшы сұраса, екі мың жұмысшы, мың тонна көмір сұраса, екі мың тонна береміз де (Ғ.Мұстафин).

Сабақтас құрмаластағы ықшамдалу заңдылығы басыңқы компонент баяндауышының бір сыңары арнайы айтылмай тұруы арқылы даберіледі. Мұндайда ондай айтылмаған баяндауыштың орнына көбінесе бол (ады) көмекші етістігі жүреді. Сөйлемнің осындай құрылысынан да синтаксистік компоненттерінің өзара берік жымдасып, тұжырымдала айтылып тұрғандығын байқаймыз. «Ұтымды төрелік айтсаң, жыққаның, жыққан» деген сөйлем «Ұтымды төрелік айтсаң, жыққаның жыққан болады» түрінде айтылса, ондағы компоненттер арасы бұрынғыдай шегенделіп тұрмай, босаңсып кеткен болар еді. Демек, басыңқыдағы болады етістігінің түсіріліп айтылуы сөйлемдер арасын берік байланысқа түсірудегі бір тәсіл болып саналады.

Ортада көп пайда болса, еңбек күнге тиері де көп....сенің қабағың жабылса, менің көңілім жабырқау, сенің қабағың ашылса, менің көңілім жайлау (Ғ.Мұстафин). көзден ұйқы қашса, көңілге ой үйір (Ә.Кекілбаев).

Басыңқы сөйлем баяндауышының арнайы айтылмауы көбінесе мақал-мәтелдерді осындай сөйлемдер бас-аяғы жинақы, тұжырымдалған болып келсе, сабақтас құрмаластың ықшамдала айтылуы да сол заңдылыққа сай келіп жатады. Жау жағадан алғанда, бөрі-етектен. Кім еңбек етсе, сол тоқ. Абысын тату болса, ас көп.

Сонымен, сабақтас құрмалас сөйлемдегі синтаксистік компоненттерінің өзара сыйыса айтылуы, негізінен алғанда, ондағы баяндауыш ықшамдала жұмсалуы арқылы жүзеге асады. Ондай арнайы айтылмаған баяндауыштар бағыныңқы және басыңқы компоненттің қайсысынан да орын ала береді. Бастауыштардың да сабақтас сөйлемде түсіріліп айтыла беруі мүмкін. Алайда мұны сыйысу заңдылығы деп түсінбеуіміз керек. Өйткені сыйысу заңдылығы бірдей сөздердің түгелінен қайталана бермсей, біреулерінің ғана көрінісіне негізделеді. Ал сабақтас құрмалас сөйлем-компоненттерінің әр басқа грамматикалық бастауыштары арқылы құралады. Әр басқа бастауыш болғаннан кейін, олардың өздеріне тән баяндауыштары да болатыны белгілі. Міне, осындай баяндауыш сөздері сыйыса жұмсала қалса, олардың көрінісі сол өз бастауыштары арқылы белгілі болып тұрады. Сабақтас сөйлем компоненттері әр басқа бастауыштардан болса олар өзара сыйыса жұмсалмайды. Бастауыш сөздерінің сыйыса жұмсалуы ортақ бастауышты түріне ғана тән болып келіп, күрделенген жай сөйлем болады. Олай болса, сабақтас құрмалас сөйлемдегі ықшамдалу бастауыш пен баяндауыш сөздерінің екеуіне де қатысты болса, сыйысу заңдылығын тек баяндауыш сөздерінің табиғатымен байланыстыратын боламыз.

Сабақтас құрмаластың ықшамадала айтылуы кейбір сөздердің (бастауыштың) түсірілу мен сыйыса айтылу (баяндауыш) заңдылықтарын бірдей қамтиды. Сөйлем мүшелерінің өзара сыйыса жұмсалуы жалпы сөйлем құрылысын сығылыстыра түседі. Осыдан келіп сөйлемнің қысқа тұжырымдылығы, жинақылық сипаты келіп шығады. Мұндай жинақылық сөйлемнің құрылысын өзгерте алмайды.

Сабақтас сөйлемнің компоненттері арасында болатын синтаксистік қатынастың түрлері де алуан.

Бір жақты қатынас-сабақтас құрмалас сөйлемдегі ең көп қолданылатын да, ең кең тараған қатынас.

Сабақтас құрмалас сөйлем компоненттеріндегі бір жақты қатынас деп бағыныңқылардың баяндауыш формалары арқылы өз басыңқылармен байланысып, оларды түрлі жақтан айқындайтын жолын айтамыз.

Бір жақты қатынас бағыныңқы сөйлем баяндауышына негізделеді.

Сабақтас құрмаластағы бір жақты қатынас, негізінен алғанда, адвербиалды мәндегі бағыныңқы сөйлемдерден орын алады. Өйткені мұндай сөйлемдерде синтаксистік қатынастың бір жақтылығына сай басыңқы компонент бағыныңқымен әр түрлі мағыналық жақтан айқындалып отырады. Жаңыл иіліп тостағанмен су ұсынғанда, Естеміс тағы да ұзағырақ қарады. (қашан ? сұрағы қойылып, мезгілдік мағына туады.)

Синтаксистік қатынастың бір жақтылығына орай сабақтас сөйлемдердің байланысу амалы синтетикалық және аналитико-синтетикалық жолдармен беріледі. Осыған байланысты бір жақты қатынастағы сабақтас сөйлемдер шартты рай, есімше, көсемше тұлғалары, есімшелердің көмекші сөздермен тіркесе қолданулары арқылы жасалады. Бұл аталған грамматикалық тұлғалар бағыныңқының баяндауышын басыңқы сөйлеммен жалғастырады, басқаша айтқанда, синтаксистік байланыстың түрі бағыныңқыдан басыңқы жаққа қарай болады.

Сабақтас сөйлемнің табиғатына үңіле қарасақ, ондағы бағыныңқы компонент тұлғалық жағынан басыңқыға тәуелді болса, мағыналық жағынан басыңқы бағыныңқы компонентке тәуеді болып отырады, өйткені басыңқы компоненттің мән-мағынасы, мазмұн желісі бағыныңқы бөлшек арқылы ашылады, сол арқылы ғана айқындалып толықтырылады.

Сабақтас сөйлемнің компоненттеріндегі бір жақты қатынас тілімізде шартты, қарсылықты, мезгіл, амал, себеп және мақсат бағыныңқылы сабақтастарды қалыптастырады. Сондықтан да синтаксистік қатынастың бұл түрі сабақтас құрмалас сөйлемнің құрылысында ең шешуші жол болып табылады.

Сабақтас құрмалас сөйлемнің компоненттері арасындағы синтаксистік қатынастың екінші түрі- екі жақты қатынас болады. Синтаксистік қатынастың бұл түрі қатынастық бағыныңқы сөйлемдерден орын алады. Жасалу жолына қарай ол аналитико-синтетикалық тәсілдермен беріліп отырады. Сөйлемде екі жақтылық байланыстың болуы ондағы мүшелік қатынастағы (коррелятивті) сөздердің жұптаса айтылуымен тығыз байланысты келеді. Ондай мүшелік қатынастағы сөздер жіктеу, сілтеу, сұрау есімдіктерімен келіп отырады. Осы түрдегі есімдіктер жұптаса айтылып, (кім-сол, қандай-сондай, неғұрлым-соғұрлым т.б.) олардың қолданылуы бағыныңқы және басыңқы компоненттерде болады.

Күннің ұзақтығы қанша болса, оның еңбек сағаттары соншалық (М.Әуезов).

С өйлемдегі синтаксистік компоненттердің осылайша өзара салыстырыла жұмсалуы ондағы қатыстық сөздердің (қанша-сонша) орын алуымен тығыз байланысты. Мұндай сөздер бағыныңқы компонентті басыңқыға, басыңқыны бағыныңқыға жетектеп тұрады. Осыдан келіп сөйлемдер арасындағы байланыстылық бір ғана бағытта болмай, екі жақты, қарама-қарсы бағытта болып отырады

Сонымен, сабақтас құрмалас сөйлемдегі екі жақты қатынас деп ондағы синтаксистік компоненттердің есімдік сөздерінің жұптаса қолданылуымен тұлғалық, мағыналық жақтарынан бір-біріне тәуелді, матаса байланысқан жолдарын айтамыз.

Екі жақты қатынаста мүшелік қатынастағы (коррелятивті) сөздер шешуші қызметке ие болады. Әрине, мұнда да бағыныңқы баяндауышы жеке сөйлемдерді синтаксистік қатынасқа түсіруде шартты рай тұлғасы қызмет атқарады. Ендеше сабақтас құрмаластағы екі жақты қатынастың синтаксистік байланыстырғыш амалдары жұптаса айтылған есімдіктер (қанша- сонша, кім болса, сол) мен шартты рай тұлғасы болып есептеледі.

Сабақтас құрмаластағы бір сөйлем мүшесінің екіншісін талап етуі тек қана осындай жұптаса айтылған мүшелік қатынастағы сөйлем құралысынан орын алады. Жұптаса айтылған есімдікті сөздер екі қанаттағы синтаксистік компоненттерді бір-біріне тәуелді етіп, оларды өзара бір-біріне кіріктіріп тұрады.

Сабақтас құрмалас сөйлемдегі синтаксистік қатынастың үшінші бір түрі- керісіндік қатынас. Қазақ тілі бағыныңқыларының дені өз басыңқысының мазмұн желісін айқындау барысында бір жақты қатынаста болып, бағыныңқы сөйлемдер басыңқыны түсіндіре айтылады.

Ал керісіндік бағытта бағыныңқы мен басыңқы сөйлемдердің мағыналық қатынасы керісінше болады. Мұнда бағыныңқы компонент басыңқының мазмұнын түсіндіріп, айқындамайды, керісінше басыңқы компонент бағыныңқыда айтылған ойды анықтап, түсіндіріп отырады. Компоненттердің мұндай аралық қатынасы олардың жасалу жолдарымен тығыз байланысты. Бағыныңқы компонент көбінесе шартты рай тұлғалы баяндауыштан, ал басыңқы компонент -ол, бұл сілтеу есімдіктерінің қатысуларымен жасалады. Кейде бағыныңқының баяндауышы есімдік сөздерімен де беріледі.

Сенің малың кетсе, ол-азаматтың құны (М.Әуезов). Атыстың күштілігі сонша - күн күркіреп, жер солқылдағандай болып жатты (М.Ғабдуллин). Өйткені осы есімдіктер арқылы бағыныңқы сөйлемде айтылған хабардың көрінісі басыңқыда қайырылып, түйінделеді де, содан кейін оның мазмұны түсіндірілетін болады. Демек, керісіндік қатынастың мән-мағынасы осылайша бағыныңқы сөйлемдегі желістің сілтеу есімдіктерімен басыңқыда қайталанып, оның айқындалу, анықталу сипатымен байланысты келеді.

Керісіндік қатынастағы сабақтас сөйлемде басыңқы компонент бағыныңқыдағы ой желісін айқындап түсіндіріп отыратындықтан да, құрмаластағы керісіндік қатынас тек қана түсіндірмелі сабақтас сөйлемге тән заңдылық болып есептеледі.

Сабақтас сөйлем компоненттерінің өзаралық байланысына тән тағы бір синтаксистік қатынас-теңдестік қатынас. Теңдестік қатынаста бағыныңқы мен басыңқы компоненттер бірін-бірі айқындап, түсіндіріп жатпайды, әрқайсысы мағыналық жақтан тиянақты, тең түрде аяқталып отырады. Басқаша айтқанда, осындай қатынастағы сөйлемдер – қазақ тіл білімінде мағыналық жағынан салалас, тұлғалық жағынан сабақтас деп танылып жүрген құрмалас сөйлемдер болады.

Осыған орай да теңдестік қатынастағы сабақтас сөйлем деп бағыныңқы мен басыңқы компоненттерінің мағыналық тиянақтылықта болып, өзара теңдік дәрежеде байланысқан түрін айтамыз. Қараңыз: Кәрім кітап оқып, мен жазу жазып отырмын. Мұндағы әрбір синтаксистік компонент мазмұндары жағынан бір-біріне байланысты, өзара жеке дара ыңғайда айтылған. Олар бірін-бірі айқындап, толықтырып жатпайды, әрқайсысындағы қимыл-әрекет өз алдына болып жатады. Алғашқы компоненттің байланысу жолы тұлғалық жағынан ғана тиянақсыз түрде келетіндіктен, оны бағыныңқы деп танитын боламыз.

Теңдік қатынастағы сабақтас сөйлемдердің жасалу жолдары осылайша –п формантты көсемше және шартты рай тұлғасы арқылы синтетикалық амалдармен беріліп отырады. Үй тігіліп жатса, жүк жиналып жатыр (Ғ.Мүсірепов)

Теңдестік қатынастағы сөйлемдер әр уақытта да ыңғайлас сабақтас құрмалас болып келеді.

Сабақтас құрмаластағы теңдестік қатынас ондағы синтаксистік компоненттердің мағыналық жағынан өз алдына тең, тиянақтылығына негізделеді. Компоненттердің синтаксистік байланысы ғана тиянақсыз түрдегі баяндауыш формалары арқылы жүзеге асады.

Сабақтас құрмалас сөйлем компоненттері арасындағы синтаксистік қатынастар оның барлық түрлерін қамтитын болады. Бұл синтаксистік қатынастар бағыныңқы ман басыңқы компоненттердің аралық байланыс желісін көрсетіп, олардың бір-біріне деген өзаралық ыңғайын танытып тұрады. Мұндай ыңғай, жоғарыда сөз болғандай бір жақты, екі жақты, керісіндік және теңдестік қатынастарға келіп отырады. Бұлардың ішінен бір жақты қатынас бағыныңқы сөйлемдердің көпшілік түрін (адвербиалды түрі) қамтыса, өзгелері жекеленген түрлеріне ғана тән болып келеді. Мәселен, екі жақты қатынас қатыстық бағыныңқы сөйлемдердің құрылысында болса, керісіндік қатынас түсіндірмелі сабақтас жасаса, теңдестік қатынас ыңғайлас сабақтаста болады. Синтаксистік қатынас түрлерінің осылайша әр сабақтас түріне икемделе келуі ондағы бағыныңқы және басыңқы компоненттерінің бір-біріне өзаралық қарым-қатынастары негізінен шығып жатады.